ФИЗИКА ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚША ТЕРМИНДЕРДІҢ ЖАСАЛУЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

  • 09.11.2015
  • 2469 рет оқылды
  • Пікір жоқ

1999 жылы  «Рауан» баспасынан 31 томдық қазақша-орысша және орысша-қазақша тер­мино­логиялық сөздіктердің 1-томы жарық көрді. Бірінші бөлімде барлығы 5115 сөз қамтылған. Сол  сөздердің 2703-і – орысша да, 2412-і  қазақша терминдер. Қазақша  термин­дердің  50 шақтысы  ғана  жаңадан жасалған. Олардың басым көпшілігі – физика тер­миндері. Бұл жерде сөз етпекші нысанамыз жай­лы аздаған мәлімет бере кету үшін, сол жаңа тер­миндердің кейбіреулерін мысал ре­тінде келтіріп өтелік: айырғыш-сеператор, бейім­деуіш- адаптер, жарық жетекші-световод, иілім-изгиб, көздеуіш-визир, қарқындатқыш-ин­тен­сификатор, тоғыс-фокус, үйек-полюс, шала өтімділік-полупроницаемость, шуыл­өл­шер-шумо­мер, іріктеуіш-селектор т.б. Осы  мәсе­леге  қатысты негізгі  қарастыры­латыны:  
1) «жаңа терминдер» деп нені  айтып отырамыз? 


2) оның  «қазақша» жасалуы қалай?  
Біріншіден, қазақ ғылымдары қазақша тер­миндерді  егемендік алғалы бері ғана  жасай бастады. Оған дейін олар ғылымның қай саласының терминдері болса да, оларды сол орысша күйінде ала салатын. Екіншіден, тақырыбымыздың құрамындағы «жаңа терминдер» деген тіркес физика ғылымындағы жаңалықтарға  байланысты айтылған сөз емес, ол бұрын орысша қолданылып, келген ескі терминдердің орнына  қазақша жаңа балама ұсынуға байланысты қолданылып отырған тіркес. 
Сөзжасам тәсіліне  назар аударсақ, 50 шақ­ты жаңа терминдердің үйек, шарғы дегендер болмаса, басқаларының барлығы не түбір сөзге қосымша қосылу арқылы, не екі сөзді  біріктіру арқылы жасалған. Айталық, айырғыш  (айыр+ғыш), бейім­деуіш (бейім+де+у+іш),  иілім (и+іл+ім), көз­деуіш (көз+де+у+іш), қарқындатқыш (қарқын+да+т+қыш), ірік­теуіш (ірі+к­+те+у­+іш) деген сияқты терминдер түбірге түрлі қосымшалар қосылу  арқылы жасалса, жақын әрекет (близкодействие), жар­тыен (полуширина), жарықжетекші (световод), қосайна (бизеркала), шуылөлшер (шу­момер) деген сияқты терминдер екі сөздің  бірігуі­нен жасалғандар /1:52/. Сөздікте  жоғарыда аталған екі тәсілдің,  яғни, түбірге қосымша қосу мен  екі түбірді  біріктіру тәсілдерінің  араласып келуінен  жасалған терминдер де жоқ емес.  Мысалы, ақаукөргіш  (ақау+көр+гіш) – дефектоскоп, екісынушылық, (екі+сын+у+шы+лық)-двупреломление, тең­қа­шықтық (тең+қашық+тық)-эквидистат­ность, түссезгіштік (түс+сез+гіш+тік) – цве­­­­точувствительность, шала-өтімділік  (шала+өт+ім+ді+лік)-полупроницаемость, ірік­­­телгіштік (ірік+те+л+гіш+тік) селективность т.б.
Жаңа термин жасаудың төртінші тәсілі ретінде орысша терминдерді сөзбе-сөз аудару тәсілін айтуға болады. Мысалы: екі-сынушылық – двупреломление, жақынәрекет – близкодействие,  жаңғырықөлшеуіш – эхоизмеритель, қарсыдәлдесу – анти-совпадение, ұшпалық – летучесть шуылөлшер – шумомер, ылғал өлшеуіш – влагомер т.б. Жаңа сөздікте мейлі  түбірге қосымша  қосу арқылы жасалсын, мейлі, екі сөзді біріктіру арқылы жасалсын, тіпті сөзбе-сөз аудару тәсілі  (калькалау) арқылы жасалсын, бәрібір – жаңадан жасалған терминдердің  арасында  бір-бірімен байланыс, жүйе, жүйелілік бар. Мысал үшін  «діріл»  түбірінен  жасалған терминдерді  алып көрелік: дірілдеу-вибрация, дірілдеткіш-вибратор, діріл­жаз­ғыш-виброграф, дірілкөргіш-вибро­скоп, ді­ріл­өлшеуіш- виброметр т.б. Термин  жасаушылар көрсетілген мысал­дардағы «діріл» сөзін «вибрацияның» баламасы етіп алады да, одан кейінгі атор- қосым­шасын-кіш қосымшасымен, «граф» сөзін жаз­ғыш, «скоп» сөзін – көргіш, «метр» сөзін – өлшеуіш, сөздерімен береді. Бір сөзбен айт­қанда,  сөз­дікшілер әрбір тілдік морфемаға  жеке-жеке  балама ұсынады. Мұндай мысалдар  сөздікте аз кездеспейді.  Соның дәлелі ретінде  жаңа терминдердің  тағы бір тобын келтірелік. Мысалы: үйек-полюс, үйек өлшейіш-полярметр, үйексіздегіш-де­по­­ля­ризатор, үйексіздеу-деполяризация, үйек­­тегіш-поляризатор, үйек­­телімділік-поля­­ризуе­мость, үйектеу-поля­ризация, үйек­­тік- по­ляр­ность т.б. Бұл жаңа термин­дерде де  жүйелік ұста­нымы  сақталған. Ай­талық, көрсетілген термин сөздерде жоғарғы  мысалдардағыдай «метр» сөзі-өлшеуіш, «атор» қосымшасы гіш, «ость» қосымшасы  -дік/тік қосымшаларымен берілген. 
Жоғарыда айтылғандардан  физика ғылы­мындағы  жаңа терминдердің  жасалуында еш­қандай  кемшілік жоқ деген сөз  тумақ емес. Жаңа терминдер  жасауда кемшіліктер де кездеседі. Мәселен,  1-ші томда «экран» термині  қалқа сөзімен, «экранирование»-қалқалау сөзімен берілген.  «Пакет»  сөзі – түйдек, «катушка» сөзі – шарғы деп алынған. Әрине, қалқа, қалқалау, түйдек, шарғы сөз­дерінің қазақ тілінде  бұлар­дан басқа да  өз мағыналарыда бар. Олар экран, экранирование, пакет, катушка  сөздерінің  мағыналарын дәл бере алмайды.  Сондықтан бұл сөздерге басқа баламалар  іздеген мақұл еді. Айталық, қазақ тілінің  ауызекі  сөйлеу тілінде «катушка»  сөзін «шарық» деп атайды. Біздіңше оны «шарғы» дегеннен гөрі «шарық» деген әлдеқайда  дұрыс  болатын сияқты. Сондай-ақ, «экран» дегенді «қалқа» дегенше, «шарайна» десек, ұғымды  дәлірек  берген болар еді. Ойымызды  дәлелдей түсу үшін,  жаңа термин  жасаудағы өлше сөзінің  қызметіне  кеңірек тоқталалық.  
Жаңа  сөздікте  өлше  түбірі арқылы жасал­ған физика  терминдерінің  саны біршама. Мы­салы: өлшем-мера, өлшеу-измерение, өл­­­шемдеу-градуирование, өлшемдессіздік- несо­­из­меримость, өлшемділік-размерность, өл­­шем­сіздік-безразмерность, өлшеуіш немесе  өлшегіш-из­меритель, биіктік өлшеуіш-поляриметр, шуыл­өлшер-шумомер, ылғал- өлшеуіш влагомер, электрөлшеу-элек­тро­из­мерение т.б. Ескертпе ретінде  айтарымыз: сөздікте бір мағынадағы өлшер, өлшеу, өл­шегіш, өлшеуіш сөздері бірде алдыңғы  сөз­дерге қосылып, бірігіп жазылған (мысалы, бұрышөлшер, жерөлшеуіш, деген сияқты),  бірде олардан бөлек жазылған (Мысалы: биіктік өлшеуіш, жиілік өлшеуіш, үйек өлшеуіш т.б.). Термин жасауда,  әрине,  бұлай етуге болмайды. Бірізді болу үшін олардың бәріне  бірге,  не бөлек жазылуы керек еді. Термин теориясы бізден соны талап етеді.
Жоғарыда  жаңа жасалған  терминдерде  өлшеуіш сөзі  бірде  «мер» (высотомер,  влагомер) бірде «метр»  (ветрометр, виброметр, поляметр), бірде «измеритель» (эхоизмеритель) сөздерінің орнына балама ретінде алынған. Бұған керісінше, орыс тіліндегі «мер» сөзі бірде өлшегіш, бірде өлшер, бірде өлшеуіш сөздерімен берілген. «Метр» сөзі де солай.  Ол бірде – өлшеуіш  (желөлшеуіш-ветрометр), бірде өлшегіш  (жиілік, өлшегіш- частометр) сөз­де­рінің баламасы. Кейде  орыс тіліндегі «метр» сөзі қазақшаға да метр күйінде алынған (мысалы, гравиметр-гравиметр, динамометр-динамометр т.б.). Бұлай еткеннен гөрі терминдерді,  тер­миндік элементтерді өздері ұстанып отыр­ғандай саралау принципіне сүйеніп, «мер», «мера»  дегендерді – өлшем немесе өлшер, «измерение» дегенді – өлшеу, «измеритель» дегенді  өлшеуіш немесе өлшегіш деп, таңдап-талғап алғанда терминдер әлдеқайда  дұрыс жа­салған болар еді. Ал, «метр» дегенді сол бойдан қалдырып, тек орысша «метр» деп емес, қазақша дыбысталуы бойынша метр деп жазса, тіптен, жөн болған болар еді. Егер, өлше түбірінен жасалған физика  терминдері осылай бірсыдырғы жүйе­лен­ген болса, онда орысша «градуирование» терминінің сөздікте өлшемдеу болып қазақ­ша­лануының  өзі жүйеден тыс болып шығып, оған бұдан басқа қазақша балама табу мәсе­лесі өзінен өзі  күн тәртібіне  қойылар еді де, ол мәселе ендігіге дейін  өз шешімін тапқан болар еді. Сонымен, әрбір ғылым саласы бойынша қазақша термин жасай алады екенбіз. Оған «Рауан» баспасынан шыққан терминологиялық сөздіктер сериясының 1-ші томындағы бір топ физика терминдері дәлел бола алады. Зерттеу  барысы  көрсеткендей, онда біраз тер­миндер қазақша жап-жақсы жасалған және осы мақсатта термин жасаудың әр түр­лі тәсілдері қолданылған. Ол тәсілдердің біразы өз жемісін берген. Әрине, жаңа терминдердің ішінде сәт­сіздері де кездеседі. Оған дәлел: «Ана тілі» га­зе­тінде (2002ж. 12 қыркүйек) басылған Ә. Фай­зуллаевтың «Тоғызымыз жабылып» атты  мақаласы. Онда автор,  біз осы жерде  сөз етіп отырған  «Рауан» баспасынан шыққан 31-томдық терминологиялық сөздіктің «Физика және астрономия тер­миндері» деп аталатын 1-томында кеткен олқылықтарды тілге тиек етеді. Мақала  авторының  айтуынша,  сөздікте, физика тер­миндерінің біразы  аударылмай қалған (мысалы: блок, вакум, виртуальный (ая,-ое), импульс, радиация т.б.) және көптеген терминдер дәл аударылмай қалған. Айталық, сөздікте «аварийная остановка» – апаттық тоқтау деп аударылыпты. Оның қауіп­тік  немесе зақымдық тоқтау деп аударылуы қажет еді. Өйткені, авария италян тілінде «повреждение» – зақым келу, ал, апат – «катастрофа».  Сондай-ақ, автор фон-ая, восприимчи­вость – алғырлық,  запирающий – тежегіш, кру­тизна-еңкеулік деп аударылғаны жөн еді дейді. Дегенмен, қазақша  термин жасауға  деген  ниет пен талпыныс болса, ол кемшіліктердің  жүре келе түзеліп, қалыптасып кететіндігін, тілдік, танымдық негіздер бар екенін осы  тектес әр  салаға  байланысты терминдердің  табиғатын зерттеуге арналған жұмыстар дәлел­дейді. 

С. Сарсенова,           
Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және 
инжиниринг университетінің оқытушысы
Ақтау қаласы

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қазақша-орысша, орысша-қазақша терми­но­логиялық сөздік. 1 том. Физика және астрономия. Алматы: Рауан, 1999.-293б.

Алдыңғы «
Келесі »