РЕСЕЙДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ МӘСЕЛЕСІНЕ ОРАЙ

  • 20.10.2015
  • 387 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мұстафа ШОҚАЙ

«Кеңестер Одағындағы ұлттық мем­лекет мәселесі» жөнінде Славинский жа­саған баяндамаға орай жазған мақа­ламызда («Яш Түркістанның» 91-санында) осы баяндамадан соң Керенский ортаға қойған бір мәселе бойынша сөз болып отырған тақырыпқа қайта оралатынымызды ескерт­кен едік. Керенский осы тақырыпқа жаз­ған мақаласында «Кеңестер Одағы ау­ма­ғында өмір сүріп жатқан ұлттарды тең құқықты ету үшін өткізілетін келіс­сөздердің негізгі шарттары» деп төмен­дегі екі мәселе төңірегінде ойлануға ша­қырады:

1. Келісімге қатысушы тараптар өздерінің көзқарастарын негіздеген дә­лелдер мен дәйектер арасынан қару қолдануды шығарып тастауға тиіс. 2. Ке­лісімге қатысушылардың бәрі де ұлт­тық мемлекетін, саяси тәуелсіздігін қорғауда тең жағдайда болуы, бірінің ұлттық мүд­десіне дұшпан болып отырған әрқалай күшпен екіншісі келісім жасамауы шарт етілуі лазым. Керенский осы ұсынысында одан әрі «орыстар, орыс еместер, тіпті, ста­линшілдер де (сол кезде) Лондонда жиналатын Британия халықтар одағы империумы конференциясынан ғибрат алуы керек» деп есептейді және оларды соған үндейді.
Керенский мен біз бір-біріне қарама-қарсы екі майданда тұрмыз. Біздің ата­мекеніміз Керенскийдің ұлты тарапынан бодандыққа түсіріліп, қазір соның тепкісінде жатыр. Егер бүгін Ресей өз атымен аталмай, Кеңестер Одағы деп аталып отырған болса, бұл істің мәнін өзгерте алмайды. Біздің еліміз қазір де бұрынғы патшалық Ресей шекарасының ішіне алынғаны сияқты, сол Ресей патшасы құрған мемлекеттің езгісінде қалып отыр.  Басқаның желкесінде отырған адам астындағы адамның азабын түсіне бер­мейді. Сол тәрізді халықтарымыз бастан кешіріп жатқан қасіреттерді Керенский де жете сезінбеуі әбден табиғи. «Тең құқықты ұлттар» туралы айтылған талай сөздердің желге ұшып кеткені және бұдан соң да солай бола беретіні, міне, осыдан. Қашан біздің мойнымыздан орыс империализмінің жүгі лақтырылып тасталғанша, басқаша айтқанда, біздің еңсемізді езіп, бойымызды жаздырмай келе жатқан орыс үстемдігі жоғалғанға дейін бұл жағдай осы күйінде қала беретін болады. Керенскийдің «кеңестер Одағы шекарасы ішіндегі тең құқықты ұлттар» деп отыруының өзі бұл тақырыпта онымен пікір сайысын жасауға ешқандай бір орын қалдырмайды. Біздің халықтарымыз Ке­ңестер Одағының болсын немесе бұрынғы Ресейдің болсын шекараларына қатысты мұндай әңгімелерге әсте құлақ аспайды. Кеңестер Одағының шекарасы туралы айтқан пайымдауымен Керенский өзінің басқа бір жағдайлар астында кейбір өткір мәселелерді негіздеуге мүмкін болатын, әр түрлі талқылауларда басшылыққа алынуы тиіс деп есептеген «негізгі шарттарының» да құнын жойып жіберді.
Біздің қарсы алдымызда тұрған орыс­тар, бүгін ол большевик болғанымен де, бәрібір орыс. Қызыл диктатор Сталин, орыс­тың  мұғажырияттағы   көр­некті өкілі Ми­люковтар өз тұжы­рымдамаларында Россияның «тарихи жеңістері һәм мемлекет шекаралары» қару күшімен құрылды және қару күшімен сақталды деп отырған жағдайда, Керенскийдің біздің өз дәлелдеріміз бен дәйектерімізден қару күші мәселесін шығарып тас­тауды талап етуі ақылға сия қояр ма екен?! Айталық, Керенский біздің ата­ме­кеніміздегі халықтарымызға кеңестік Ресей билеушілері тарапынан ешқандай қару қолданылмайтыны жөнінде кепілдік бере алар ма? Мұндай сұрақтың жауабы ешқашан екі ұшты болуы мүмкін емес.
Бұл күнде орыстардың бұғауында отырған біздің халықтарымыз орайы келген тұстарда қолына қару алатыны шүбәсіз. Егер орыстарға құдай ынсап беріп, біздің атамекенімізден өз еркімен шығып кетсе, онда әңгіме басқа. Амал қанша, ондай күнді қиялдау қиын. Демек, қару   күші мәселесі өз күшінде қала беретін болады. Біздің атамекеніміз Ресей­дің қол астына қару күшімен енгізілді. Және де оларды Ресей қару күшімен ұстап отыр. Ендеше оған қайтарылатын жауап сол қару күшімен берілуі әбден табиғи. Енді Керенскийдің ұсыныстарындағы екінші мәселеге – саяси құқық, ұлттық тәуелсіз елдердің мүдделерін тең тұрғыдан құру және біреуінің өмірлік мүддесіне жау күштермен екінші біреуі келісім жасамау жөніндегі тұжырымдамасына келейік.
Тарихи дамуымыздың қазіргі кезе­ңінде орыс емес халықтардың мем­лекеттігі мен тәуелсіздігіне жау жалғыз ғана ел – Кеңестер Одағы. Ендеше біз онымен ешқандай келісімге келе ал­май­тынымыз өз-өзінен түсінікті. Ол – ол ма, біз Кеңестер Одағының жыртысын жыртып, оның шекараларының мызғымастығы жөнінде сәуегейсіп жүр­ген кез келген елмен, мейлі ол батыстық болсын, мейлі ол шығыстық болсын, келісе алмаймыз. Бұл күндері біздің мемлекеттерімізде ұлттық тәуел­сіздік мәселесі былай тұрсын, саяси және ұлт­тық бостандықтың ең қарапайым нышандары туралы сөз болуы мүмкін емес. Біз бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алуға мәжбүр болып отырмыз. Содан соң біз ұлттық тәуелсіздігімізді құрметтеп қана қоймай, бізбен тең тұрғысы келетін күштермен ғана келісім жасау жөнінде пікір алысулар өткізуге әзір екенімізді мәлімдейміз.
Өз ұсынысында Керенский біздің ал­дымызға көлденең тартқан «Британия халықтар одағы» түрінде бірдеңе құру мүмкіндігі болғанда, ол туралы әңгіме қозғауға тұрар еді. Ресей шекарасы ішінде Ресейдің өзімен бірлесе отырып, Британия одағы тәрізді одақ құру, сірә, мүмкін бола қояр ма екен?!
Біз оны мүмкін емес деп үзілді-кесілді теріске шығарамыз. Біздің халықтарымыз орыс   отаршылдарының езгісінде отыр­ған және оған қарсы күрес жүргізіп жатқан кезде мұндай қиялдарға берілу орынсыз болып қана қоймай, аса залалды да. Егер Ресейде шынымен Британия халықтар одағы тәрізді бірдеңе құру мүмкін болса, онда кейбір халықтар үшін ұлт-азаттық күресі күн тәртібінен түсіп қалған болар еді. Өйткені, Британия империуміндегі Канаданың жағдайын алсақ, бұл ел қай жағынан алғанда да, Еуропа мен Аме­рикадағы шағын мемлекеттерді бы­лай қойып, Австрия мен Чехослова­кия тәрізді іргелі мемлекеттерден де әлдеқайда жоғары. Ресеймен Британия халықтар одағы тәрізді құрылым жасау мүлде мүмкін емес. Мұндай қиялға берілгендер Британия халықтар одағына біріккен елдердің бәрі дерлік англо-саксон нәсілінен екенін естерінен шығарып алады. Канада, Австралия, Оңтүстік Африка, Жаңа Зеландия – олардың бәрі де англо-саксон нәсілі мәдениетінің ошағына айналып гүлденген жерлер. Британия халықтар одағы – Британияның мемлекеттік және саяси мәдениетін таратады. Ал мұндай мәдениет орыс халқында жоқ.
Ағылшындар мен орыстардың ұлт­тық мемлекеттігінің мәнінде, мента­литетінде, құрылымында өзгешеліктер көп. Ағылшындар, ең алдымен, саны онша көп болмаған саудагер халық. Олар өздері бодандыққа айналдырған халықтарының жерлеріне көшіп барып, ол жерлерді біржола қосып алуға ұрынбайды. Ағылшындарда мил­лион­даған жұмыссыздар барын білеміз. Ағылшын үкіметі осы жұмыссыз жүрген тұрғындарының бірде-бірін өз отарларына еріксіз апарып қоныстандырған жоқ.
Ресей – мүлде басқа. Орыс халқының басым көпшілігі шаруалар. Орыстардың саны да көп. Олар көшуден де жалық­пайтын көшпенді – мұғажыр отаршылдар. Қашан да орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң-ақ, пүшәйман халықтың жері тартып алына басталады.
Британия халықтар одағы құрылы­мындағы басты фактордың бірі – еркін сауда байланысы болса, орыс халқының әдеті – басқалардың жерін басып алумен қоймай, оны орыстың жеріне айналдырып жіберуді көздейді. Сол себепті осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлттардың ерікті түрдегі тең құқықты одағын кұруға ешқандай орын қалмайды.
1937 ж.

 

Алдыңғы «
Келесі »