Біз – Ұлы Дала ұрпақтарымыз

  • 20.10.2015
  • 443 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Үстіміздегі жылдың 11 қыркүйек күні Астана қаласында Елбасы Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғына арналған салтанатты жиынға қатысты. Салтанатты жиынға Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз  Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спорт, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Салтанатты жиынға қаты­сушылар алдында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. 

Құрметті ханымдар мен мырзалар! 
Мәртебелі меймандар! 
Қазақ хандығының 550 жылдығына жи­налған барша қауымды бүгінгі торқалы  тоймен шын жүректен құт­тықтаймын! Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күй­зеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар. Бүгінгі той, ең алдымен, батыр баба­ларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр. Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Бас­қаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп ашына жазған болатын. Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын. Тәуелсіздік қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі ханда­ры­мыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұр­пағына ұлан-ғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақ­тардың, әсіресе, жаңа буынның арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты. Қазақ, Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» халық. Бірлігі жарасқанда даңқы асып, билікке таласқанда берекесі қашқан. Баршаға белгілі, байырғы бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, Байкалдан Балқанға дейінгі алқапты еркін жайлаған. Көгімізде желбіреген алтын Күн астында қыраны қалықтаған Туымыз мемлекет­тілігіміздің үзілмей жалғасып жатқан­дығының айғағы. Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекет­терінің, бергі замандағы Ұлы түрік қаған­дығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұ­рагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан VI ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке-дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас басталғанда, әуелі Батыс және Шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды. VIII ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуында: «Алдау мен арбауға арандаған түркі халқы бірлігінен айырылды. Табғаштарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды», – деп жазылған. Қай заманда болса да, барлық жеңістеріміздің бастауы береке-бірлік екенін жас ұрпақ ешқашан ұмытпай, өткеннен сабақ алуы үшін Күлтегін жазуы­ның көшірмесін жасатып, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің атриумына қойғыздым. Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері – Түркия, Қазақстан, Өзбек­стан, Әзербайжан, Түрік­менстан мен Қыр­ғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов «берік», яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады.  Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік – біздің барлық жеңіс­теріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түркі халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпал­дастық пен байланыстарды күшейте беруі­міз керек. Ата тарихы бізді осыған шақы­рады. Бүгінгі той – ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұлан-ғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан ел шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолын­дағы күресте қолбасшы­лығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбін­дегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жар­ғыны» енгізді. Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Ел билеген хандардың өмірі майдан шебінде өтті. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты. Осынау ұлы бабалар­дың биік рухына барлық ұрпақ айрықша  құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді.  Олардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталады. Қазақтардың талай буыны қой үстіне бозторғай жұмырт­қа­лаған мамыражай заман орнатқан хан ретінде қа­дірлейтін Әз Тәуке биліктен кеткен соң хал­қымыздың береке-бірлігі әлсіреп, жүзге және руға бөлінушілік белең алды. Орталық Азиядағы аса қуатты әскери мемлекет саналатын Қазақ хандығының осы осалдығын оңтайлы  пайдаланған жоңғарлар тұтқиыл­дан соғыс ашып, ел тарихына «Ақ­табан шұ­бырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енген трагедияға ұшыратты. Дәл осы тұста тарих сахнасына қол бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары сияқты  батырлар, сөз бастаған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билер, ел бастаған Абылай, Әбілқайырдай хандар шықты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлігі асқан қазақ қолы 1730 жылы Аңырақай түбінде жоңғарларға күйрете соққы беріп, ата қонысын жаудан біржолата азат етті. Қаз дауысты Қазыбек би: Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, Елімізден құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, Басымыздан сөз асырмаған елміз. Достықты сақтай білген елміз, Дәм-тұзды ақтай білген елміз, – деген  екен. Бірліктің қадірін біліп, білекке білек қосқанда атамекенді жаудан азат етті. Алайда, ағайынның араздығынан, ынты­мақтың аздығынан көп ұзамай хандық жойылды. Данышпан Абай айтқандай, «Бас-басына би болған өңкей қиқым» елдің сиқын кетірді. Сол кезде бүкіл дүниежүзін жай­лаған, «бөліп ал да, билей бер» деген отар­шыл­дыққа негізделген сұрқия саясат Қазақ елін біржолата Ресей патшалығының отарына айналдырды. Бұдан кейінгі Қазан төңке­рісінен, Азамат соғысынан, халқымыз­дың тең жартысын жалмаған отыз екінші жылғы ашаршылықтан ер азаматқа да, елге де сын болған Ұлы Отан соғысынан қазақ қаншама қансырап шықса да, азаттық аңса­ған өршіл рухы мен ұлттық келбетін жоғалтқан емес. Ел арасында айтылатын тәмсіл бар. Абылай хан: «Үш арманым бар еді. Біріншісі – елімді бейбіт өмірге жет­кізсем деп едім, қан көп төгілді. Екіншісі – халқым қала, кент сала алмады. Үшіншісі – елдің басын біріктіре алмадым», – деген екен. Абылайдың асыл армандары тәуел­сіздік тұсында түгелдей орындалды. Қазақ­станның қай түкпіріне барсақ та, қала­ларымыз бен ауылдарымыз жарқырап, жайнап тұр. Даламыз жайқалған егінге толып, еліміз жасыл баққа айналды. Алтын Күн шуағын шашқан Көк байрағымыздың астын­да қазақ қана емес, 130 ұлттың өкіл­дері береке-бірлікпен тату-тәтті өмір сүру­де. Мен бұдан бұрынырақ «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген едім. Бүгін сол сөзімнің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар  тұлпарларының тұяғымен жазыл­ған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады», дегім келеді. Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние­жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде, тәуелсіз Қазақ­станның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз. Ең алдымен, бабаларымыз егемен еліміз тәуелсіздік алғанда еншімізде ұлан-байтақ жер қалды. Бірақ әлемдегі тоғы­зыншы территория саналатын қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен ресім­делмей, ашық-шашық жатқан еді. Біз осы бір аса күрделі әрі шетін мәселені сәтімен шешіп, Ресей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен арадағы жалпы ұзындығы 14 мың шақы­рымнан асатын шекарамызды халық­аралық құжаттармен рәсімдеп, бола­шақ ұрпақтың алаң­сыз  болуы үшін бір­жолата әрі мәңгі­лікке шегендедік. Екін­шіден, бізге мұраға қалған ата қоны­сымыз  жылдар бойы хал­қымызға қасірет әкелген ажал полигондары мен жаппай қырып-жоюға арналған ядролық оқтұм­сықтарға то­лы болды. Біз соның бәрінен елімізді де, жерімізді де азат етіп, әлемдік ядролық қарусыздану көшін баста­дық. Ақыл мен парасаттың кез келген қарудан қуат­тырақ болатынын дәлелдеп, жаһан­дық қауіп­сіз­дікке зор үлесімізді қостық. Үшін­шіден, екі жарым ғасыр пат­шалық Ресей мен 70 жылдан астам Кеңес Одағы құра­мында болғанда қазақ халқы өз жерінде отырып-ақ азшы­лыққа, ал Қазақ­стан өз еркінен тыс 130 ұлт пен ұлыстың мекеніне айналды. Әлем тарихына көз тігер болсақ, соғыс атаулы не жер дауы, не ұлт артықшылығы, не дін үстемдігі үшін болатынын байқау қиын емес. Біз елімізді мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыс, дін өкілдерін Көк тудың астына жинап, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақтадық. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі талай мем­лекетке үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін зор табыспен өткіздік. Бабаларымыз мирас еткен «Кең болсаң – кем  болмайсың» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, әлі талай биіктерге жетеріміз анық. Төртіншіден, біз іргемізді бекітіп, бірлігімізді бекемдеген соң әлемдегі ең дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, дамудың өзіміз жасаған жаңа моделі – «Қа­зақстан жолын» ұсындық. Дамудың ең жар­қын болашағын айқындаған «Қазақстан-2050» Стратегиясын түздік. Дәл осы құжат­тың негізінде алға қойған мақсат­тарымызды рет-ретімен жүзеге асырып, қуатты да табыс­ты мемлекет орнаттық. Соның нәти­жесінде экономикамыз аз ғана жылда еш­қашан, ешкімде болмаған қарқынмен алға басты. 2014 жылы еліміздің ішкі жалпы өнімі 1993 жыл­ғы көрсеткіштен 19 есеге көбейді. Ол жан басына шаққанда 696 доллардан 13 мың долларға, яғни 18 есеге артты. 1993-2013 жылдар аралығында 200 миллиард доллардан астам тікелей шетел ин­вестициясын тарттық. Елдің әл-ауқатын барынша жақсартып, өркениетті елдердің деңгейіне жеткіздік. Бесіншіден, бабалар мирас еткен жеріміз қаншалықты кең болса да, бізде ұлы мұхитқа шығатын жол болған емес. Темір­жол атаулы Қазақстанның бай­лығын тасу үшін тек солтүстікке қарай салынды. Тәуелсіздік жылдары біз жалпы ұзындығы 2500 шақырымдық теміржол салып, еліміздің барлық облыстарын бір-бірімен жалғастырдық. Нәтижесінде Қазақ­станның болат жолдары Қытай арқылы Тынық мұхитқа, түрікмен жері, Парсы шы­ғанағы арқылы Үнді мұхитына, Ресей арқылы Батыс Еуропаға, одан әрі Атлант мұхи­тына жететін болды. Бұған қосымша, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» еуразиялық авто­магистралі де пайдалануға берілді. Ал «Нұрлы Жол» бағдарламасымен елімізде жаңа 7 мың километрден астам автокөлік жолы салынып, барлық өңірлермен байланыс екі есеге жақын болады.  ХХІ ғасырдың нағыз Жібек жолы деп осыны айтуымыз керек. Алтыншыдан, қазақты өзге ұлттан даралайтын оның тілі мен мәдениеті, руханияты. Еліміз егемендігін алғаннан кейін, жағдайдың қиындығына қарамастан, тағ­дыр­дың жазуымен дүниенің төрт бұры­шына тарыдай шашылып кеткен миллионнан астам қандасымызды атамекенге қайтарып алып келдік. Бабалар тарихына қатысты дүниежүзінің архивтерінде шаң басқан тарихи құжаттарды алдырып, том-том кітаптар мен оқулықтар шығарып, ата тарихтың ақиқатын түгендедік. Тәуелсіздік жылдарында 1300-ге жуық мектеп, 1250-ге жуық денсаулық сақтау нысанын, тағы 4 мыңнан астам балабақша салдық. Халықтың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жетті. Азат­тықтың алғашқы жылдарында «Бола­шақ» бағдарламасын әзірлеп, он мыңнан астам талантты жастарымызды шетелдердің ең беделді университеттерінде оқыттық. Қазір «Болашақ» түлектері басқару ісіне араласып, өздері ел болашағына қызмет істеуде. Кемелімізге келген соң еліміздегі барша орта білім ошақтарына үлгі болсын деп, республикамыздың әрбір өңірінде дүние­жүзіндегі ең биік талаптарға сай «Зияткерлік мектептерді» аштық. Ал, күллі жоғары білім ордалары биыл алғашқы түлектерін ұшы­рып, әлемдік деңгейде танылып үлгер­ген «Назарбаев Университетке» қарап бой тү­зейді. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ата-бабамыздың асыл мұрасын жинақ­таған соң әлемдегі ең жаңашыл өнер ор­да­лары саналатын Бейбітшілік және келісім сарайы, Орталық концерт залы, Ас­тана опера және балет театры, Ұлттық музей ғимараттарын салып, ұлт мәдениетінің әлемдік өркениет биігінде дамуы үшін барлық жағдайды жасадық. Мұндай мә­дениет ошақтары еліміздің әр өңірінде бой көтерді. Жас ұрпақтың жаны сұлу, дені сау болуымен қатар, күш-қайраты мол болуы үшін зәулім спорт сарайларын тұрғызып, қысқы Азия ойындарын зор табыспен өткіздік. Лондон Олимпиадасында ұлы жеңіске ие болдық, отандық спортшылар жарқын жетістіктерімен ел мерейін өсірді. Жетіншіден, іргесі берік үйдің шаңырағы шайқалмайды. Жақында ғана біз Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өттік. Біздің Конституциямыз ұлттық заңнама жүйесіне берік іргетас болып қаланды. Заң шығарушы, атқарушы билік пен тәуелсіз сот жүйесінің негізін құрды. Қазақстан Парламенті ең жоғары өкілетті орган ретінде өз міндетін абыроймен атқаруда. Сегізін­шіден, бабалар даңқына мақтанумен шектелмей, үздіксіз алға жылжыған ел ғана озады. Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана әлем картасында болмаған Қазақстан дүние­жүзінің 56 елінің басын қосатын Еу­ропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, 57 мемлекетті біріктіретін Ислам ынтымақтастығы ұйымына абыроймен төра­ғалық етіп, ұлтымыздың рухын көтеріп, жұртымыздың еңсесін биіктеттік. Қазақстан алып құрлықтағы ең түйінді мәселелерді шешетін 30-ға жуық мемлекеттің басын қосып, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құрып, оны әлемдегі беделді ұйымдардың қатарына қосты. Әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне айналған Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрудың басты бас­тамашыларының бірі болып, бірнеше рет биік деңгейдегі саммит өткіздік. Біздің бабаларымыз – ғұндар да, түркілер де, қыпшақтар да өткен замандарда Еуразиядай алып материктің басты интеграторы болған. Олар Ұлы Даладағы алуан тайпалардың басын талай мәрте қосып, берекесі қашқан кезде сан рет жауларына жем болған. Біз де 20 жылдан астам уақыт бойы Еуразиялық одақ құру туралы бастаманы табандылықпен ілгері жылжытып, оны бүгінде бес мемле­кеттің басын қосатын посткеңестік елдер ішіндегі ең үлкен экономикалық ұйым­ға айналдырдық. Тоғызыншыдан, Аста­наның төрінде тұрып, бүгінде бар қа­зақтың ортақ мақтанышына айналған елордамыз туралы айтпау мүмкін емес. Астанамыз – жаһанға танылған жұрты­мыздың жарқыраған жа­құты, Азаттығы­мыздың алтын қыраны! Елорданы салу тәуелсіз Қазақстанның өте күрделі мақсат қойып, оны табандылықпен орындай алатынын күллі әлемге айқын дәлелдеп берді. Бас қаламыз қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытты. Еңселі елордаға айналды. Астанамен бірге қалың қазақтың да даңқы артты. Еліміздің әр өңіріндегі басқа қалалар мен елді мекендер де елордаға қарап бой түзеп, жарқырай бастады. Бүгінгі торқалы тойымыз өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайы және жаңа салынған Спорт кешені де  осындай еңселі ғимарат­тардың бірі болмақ. Оныншыдан, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан берік орын алып, әлемдегі үздік отыздықтың қатарына кіруді басты стратегиялық мақсат етіп қойдық. Алда Астанада әлемдегі ғылым мен техниканың, өнеркәсіптің, жаңалық атаулының жетістіктерін насихаттайтын ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу міндеті тұр. Қазір адамзат қоғамы жаңа индустриялық революциямен бетпе-бет келіп отыр. Оған Қазақстанның экономикасы мен өнеркәсібі дайын болуы үшін біз «Үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдар­лама­сын» әзірлеп, жүзеге асырудамыз. Дү­ние­жү­зілік сауда ұйымына кірдік. Баршаға бірдей кәсіби, осы заманғы мемлекетіміз одан әрі табысты болуы үшін бес инсти­туттық реформа жүргізуді қолға ал­дық. Тиісті мемлекеттік органдар оны рет-реті­мен жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Бұл реформа бізді жаңа биіктерге бастайды. «Егемен болмай ел болмас» дегендей, біз азаттық жылдарында шын мәнінде ұлы жолдан өттік. Тәуелсіздік кезеңі – біз үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат кезең. Кезінде Керей мен Жәнібекке ілесіп шыққан халықтың ұзын саны 200 мың шамасында екен. Бүгінгі күні сол қазақтың қатары жер жүзінде 15 миллионнан асып жығылды. Ал егер қазақ өткен ғасырдың ашаршылығына ұшырамаса, өткен соғыста қырылмаса қанша болар еді? Қазақтың өз ішіндегі береке-бірлігі күшті болуы керек. Данышпан Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», деген өсиетін әрдайым естен шығармайық, ардақты ағайын. Алда қандай сын-қатерлер күтіп тұрса да бірлігіміздің арқасында біздің болашағымыз бүгінгіден де жарқын деп кәміл сеніммен айта аламын. Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол – қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағы­мыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қа­сиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы, барша қазақстан­дық­тар. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың аруағы жар болсын! 
Қымбатты қазақстандықтар! 
2 мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Таразда бір айдан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына арнал­ған монумент салтанатты түрде ашылатын болады. Біз өзіміздің қасиетті жері­міздің тарихы бір­неше мың­даған жылдарға кете­тінін есте сақтай отырып, өз бабала­рымыз­дың есте­ліктері мен істеріне тиісті баға бе­реміз. Ол Еуразияның өткен және қа­зіргі өркение­тінің өсіп-өркендеуінде өзі­нің ай­рық­ша ою-өрнегімен шебер өрілген. Хро­ностың көзге көрінбейтін ар­қауы бізді Қытайдың мың­жылдық тарихымен және қазіргі кезі­мен, Таяу және Орта Шығыс, Азия құрлы­ғының басқа да бөліктерінің өткенімен және бүгі­німен байланыстырады. Тілдік және мә­дени байланыстар мириадасы арқылы біз өз бауырларымызбен – бүгінде Мұзды мұхит жаға­лауларынан Жерорта теңізіне дейін­гі жерді мекендейтін түркі халықтарымен байланысамыз. Ұлы Түркі елі – ол біздің ор­тақ бабаларымыз бен батырларымыз, ор­тақ рухани байлық­тарымыз бар ортақ арғы Отанымыз. Ол біздің бірлескен ұлы мұрамыз. Біздің Ресей халықтарымен, бірін­ші кезекте, орыс халқымен жүздеген жыл­дарға созы­латын бірлескен тарихи жолымыз бар. Тәуелсіздік жылдары ішінде біз Еуро­палық одақ, Америка, Ислам әлемі елдерімен тари­хымыздың бірлескен парақ­тарына ие бол­дық. Олар жаңа заман уақы­тының көптеген халықаралық оқиғалары, оның ішінде, біз­дің елімізде болған оқиғалар туралы баяндайды. Қазақстан әрқашанда өз көрші­лері­мен арадағы достықты және сенімді көздің қарашығындай сақтап, одан әрі дамыта береді, әлемнің бүкіл елдерімен ізгі­лікті қарым-қатынастар орнатады. ХХІ ғасыр­да да біздің жаһандық дамуға қосар үлесі­міздің тек қана арта беретініне және әлем­нің оны лайықты бағалайтынына се­ні­мім мол. Біздің жеріміздің жүріп өткен және алда тұрған тарихи жолын ой елегінен өткізе отырып, бізге Қазақстанның жаһан­дық қоғамдас­тықта танымалдығы мен мәш­һүрлігін кеңейе түсетіндей етудің маңы­­зы зор. Әлем­де қандай да бір халық­тың өз мемле­кетінің ресми атауымен бірге айрықша бейресми ұғымды пайдаланатын мысалдары көп. Біздің қасиетті жерімізді ежелден Ұлы Дала, ал біздерді – Ұлы Дала ұрпағы деп атады. Оны сонау ерте замандардан бері туған жерге деген халықтық махаббатты домбыраның, қобыз бен жеті­геннің жүректі арбайтын әуеніне айналдыра отырып ақындар жырға қосты. Біз бабаларымызда ешқашан бол­маған адам айт­қысыз жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар бар жаңа Қазақстанды құрудамыз. Біздің көптеген мың­жылдық тарихы бар жеріміз көз алдымызда өзгеруде. Қазіргі заманғы Қазақ­станның әр ауылы мен қаласында болып жатқан өзгерістерге көк аспан куә. Дала көгіндегі Күн біздің ізгі істерімізге нұрын шашуда. Аспан мен Күн – біздің Туымыздың түсі. ХХІ ғасырда далалық Еуразияның құшақ жетпес кеңістігі қайтадан түлеп, өркен­деуде. Біз өз Тарихы­мыздың жаңа Шамшы­рағын жақтық. Сондықтан да бүгін­де және әр кезде де біз­дің Қазақстан – ол Ұлы Дала Елі! Ол – түлеген Ұлы Дала Елі. Біздің сүйікті Отаны­мыздың халықтық аты да дәл осы. Ол біздің Отанымыздың өткенін де, қазіргісін де, болашағын да бейнелейді. Онда қазақ­стандық мінез бен оның негізгі сипаттары көрініс тапқан. Олар – біздің жан-дүние­міздің ашықтығы мен кеңдігі, біздің жүрек­теріміздің жылуы, қонақ­жайлылық пен бейбітсүйгіштік, ке­мең­герлік пен ойшыл­дық, еңбексүйгіштік пен іскерлік. Ол – сүйікті жеріміздің өркен­деуіне осы уақытқа дейін болмаған қол жеткізудегі өзіміздің күшіміз бен мүмкін­діктерімізге деген сенім. Мен біздің жаңа Қазақстанның осындай бейнесінің әрбір қазақстандықтың ой-санасы мен жан дү­ние­сінен орын табатынына, бүкіл әлем­де мойындалатынына се­нім­дімін. Тағы да қайталап айтайын, біз­дің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Да­ланың ұрпақтары деп атаған. Біз – со­лардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұра­герлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы Дала­ның көгінде хал­қы­мыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қа­зақстан дүниеге келді. Біздің Қазақ­станы­мыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таң­дауымыз! Мәңгілік Елімізде бей­бітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын!

Алдыңғы «
Келесі »