ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫН ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТУ – ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫҢ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРУІ

  • 20.10.2015
  • 532 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Тыныштық Қалдыбаева, 
социология ғылымдарының
 докторы          

Түбегейлі өзгеру тек қазіргі барды одан әрі жетілдіру емес, сондықтан сол түбегейлі өзгертуші адамның, алдымен өзінің санасын, ойы мен ақылын, қоғамдық істің мәніне, мазмұнына кәсіби қатынасын түбірлі өзгерту қажет болып тұр. Барлық мәселе аталған түбегейлі өзгеріске қатынасы бар тұлғалардың әлеуметтік санасына, ой-өрісі мен іс-әрекет шеберлігіне келіп тіреліп тұр.


Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында, ғылыми еңбектерінде қоғамның дамуы­ның болашағы және халықаралық қауымдастықпен үйлесу мәселесін жан-жақты қарастырып келеді. Соның ішінде  жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген  оты­рысында    мемлекет алдына қойыл­ған Бес реформа мен оны іске асырудың нақтыланған 100 қадамы ерекшеленіп тұр. Бұл, біріншіден, қазіргі глобальдық қатынастардың сынына төтеп берудің жауабы болса, екіншіден, елді уақыт талабына сай дамыта отырып, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылудың нақтыланған шаралары. Оның бәрі Қазақстан мемлекетінің бұған дейінгі стра­тегиялық міндеттерінің заңды жал­ғасы, «Қазақстан-2050» бағдар­лама­сының нақты және заман талабына сай тезірек іске асырылуының тактикалық бағамдалуы.    Алайда, бүгінгі ұсынылып отыр­ған ұлттық міндеттердің мәні тек елді қар­қынды дамытуда болып отырған жоқ, қоғам мен оның мемлекетін түбегейлі өзгертуде болып тұр. Айталық, кәсіби жинақы мемлекеттік апаратты құру бүкіл басқару жүйесін қағазбастылықтан, көп­теген қайталанулардан, жеке мүддені протекциялаудан бас тартуды талап етеді. Санада қалыптасып қалған дағды мен тәжірибеден бас тарту оңай емес.
Қазақстан азаматтарының басымы мем­лекеттік заң нормаларын оқып-таныса да бермейді, бірталайы оны білгенімен ай­налып өту жолдарының молдығына сенім артады. Ал, заңның үстемдігін қам­тамасыз ету дегеніміз – тек қатар­дағы азаматтардың құқықтық сауатты­лығы мен мәдениеті емес, ең алдымен заңды біле тұра оны бұрмалауға мүмкіндігі барлардың әлеуметтік, қо­ғам­дық санасының түбегейлі өзгеруі. Бұл да оңайшылықпен орнына келе қой­майтын іс және тікелей ой-сана, ақыл, ар-ұят мәселесі. Парламенттің заң шығару мәдениеті мен ой-өрісі. Ал, индустрияландыру мен экономикалық өсім мәселесіне келетін болсақ, ең алдымен отандық іскер ортаның аса зор қоғамдық сын алдында тұрғанын байқаймыз. Тәуелсіз мемлекеттің рыноктық қатынас пен капиталистік өн­діріске бет бұруымен байланысты бой көтер­ген отандық бизнес пен іскерлік біртіндеп қалыптасып қана қоймай, есейді, кейбірі шетелдік трансұлттық компаниялармен қатарласа бастады. Бірақ, елінің мол шикізатын жоғары технологиялар мен білікті кадрларды тарту арқылы әлем­дік рынокқа сапалы тауармен шығу ісінде әлі де әлсіздік танытуда. Отандық іскер ортада туып, дамып, озық өндіргіш күшке айналып жатқан озық ойлы идеялар жеткіліксіз. Бұл орта өндірістік пайданың басты көзі білім мен ғылымда екенін түсінуде  де баяулық байқатуда. Ал, уақыт бол­са күтіп тұрмайды. Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында мемлекет тек ауыр өнеркәсіп саласына ғана емес,  жеңіл және тамақ өнеркәсібі сала­сына да шетелдік стратегиялық маңызды іскер ортаны шақыруға мәжбүр. Қа­лып­тасқан жағдай отандық іскер ортаның қоғамдық санасын, әлеуметтік мәдениетін, инвестициялық мүмкіндігін ел мүддесіне жоғары мәдениеттілікпен бағ­дарлау тәжіри­бесін қалыптастыруға зор мән беруді қажет етеді. Бұл бағытта қоғамтанушы ғылымдар да өз үлесін қоса алады.
Аталған 5 реформаның үшіншісінің – «Индустрияландыру және экономи­калық өсім» мәселесінің қойнауында мектеп пен жоғары білім мәселесінің қойылуы заңды құбылыс. Бүкіл білім, ғылымның, мәдениеттің, әлеуметтік қатынастардың басты іргетасы – мектеп, мектептегі адами қатынастар, азаматтық белсенді қатынастардың негі­зінің қалануы. Байқағанымыздай, жоғары сыныпқа жанбасылық қар­жы­ландырды енгізу бұл салаға да жеке меншік субъектілерінің қызығу­шылығын арттырар. Алайда, барлық мәселе оқу қалыптарының (стандарт­тарының) негізділігіне, соған сай оқу құралдарының даярлануына және мұғалімдердің кәсіби шеберлігіне, мек­тептердің ғылыми-техникалық жаб­дық­талуына келіп тіреледі. Дәл осы тұста білім қалыптары (стандарттары) мен оқулықтарды даярлайтын ғалымдардың қоғам, ұрпақ, ел болашағы алдындағы жауаптылығы еселеп артады. Мектеп тіршілігінен өте алыс тұрған ғалымдардың стандарттар мен оқулық жазуға тартылуын тоқтату,  шынайы білікті, әлеуметтік-қоғамдық ой-өрісі толысқан мамандардың интеллектуалдық еңбегін ұйымдастыру, мем­лекеттің  мектепке бөлген қаржы­сының орынды жұмсалуы – бірінші ке­зектегі әлеуметтік, қоғамдық сана мен мәдениет, ар-ұят мәселесі.
Әлемдік бәсекелестікке апарар жол­дың бірі ретінде еуразиялық кеңістік жаңғыртылуда. Ол халықаралық тілдің бірі ретінде орыс тілінің ролін арттырады. Білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру мақсатында жоғары сынып пен жоғары оқу орындарында ағыл­шын тілінде оқыту жолға қойылады. Осының бәрі жастар үшін игілік. Дегенмен, Қазақстанның мемлекеттік тілі үшін бәсекелесу аясының артып және тереңдеп келе жатқанын аңғару қиын емес. Тарихи тұрғыда жақында ғана жаңғырып, аяғына тұрған қазақ тілін ендігі жерде ел аумағында қуатты, ықпалды, тартымды тіл етіп бекіте түсу мемлекет үшін де, ұлт зиялылары үшін де жауапты іс. Басты міндет, біздіңше, осы тілде жазылған әрбір мемлекеттік құжаттың, әрбір оқулықтың, әрбір аударманың, әрбір шығармашылық еңбектің сапасын қадағалау, білікті сараптамадан өткізіп отыру, ел аумағындағы қолданысының сапасын қадағалау. Тілді дамыту ғы­лымымен шұғылданатын орта ха­лық­аралық ортадағы айналыстағы терминдерді аударуды тиімділік тұрғы­сынан қарап, қазақ тілінің өзінің та­биғатын, табиғатындағы болмысын сақтап, нығайтуға баса назар аударса.  Тәуелсіз елдің 25 жылында ғылыми орта мектеп оқушылары мен кәсіби мек­тептердің,  жоғары оқу орындарының студенттері үшін қазақ тілінде (әрине, бәрін ешкім жоққа шығара алмайды) сапалы оқулық жазып бере алмай келсе кімге өкпе арта аламыз? Қазақ мектептерінің, қазақ тілінде оқытатын жоғары оқу орындарының тартымды болып қала беруі оқытушылардың жоғары біліктілігі мен мәдениетіне де тікелей байланысты. Байқап қарасаңыз бұл саладағы бар мәселелер тағы да ой-өріс, сана мәдениетімен тікелей байланысты.
Бес реформаның төртінші бөлімі «Бірегейлік пен бірлік» тұтасымен алғанда қоғамдық сана мен мәдениет мәселесі, өскелең ұрпақ пен аға ұрпақ арақатынасы мәселесі. Алайда, ұлттық, мәдени, рухани бірегейлік пен бірлік  тек осы деңгейлер теңелген жағдайда, теңдікке негізделген өзара сенім жағдайында ғана мүмкін болады. Физикалық бірегейлік рухани-мәдени санаға негізделген бірегей­лікті бере алмайды.
Әңгімені, еріксіз, келеңсіз көрініс­терден бастауға тура келеді. Айталық, Қа­зақстан елі Конституциясы бойынша зайырлы мемлекет болғанымен, өмір шын­дығында бұл тұрғыдан жыл сайын алыстап барады. Діни сенім еркіндігін пайдалану өлшемі бұқара арасында, әсіресе, жастар арасында шегінен тыс асып кетті. Қаптап кеткен мис­сионерлік пен   халқымызға    жат  ді­ни бірлестіктердің алысқа тартқан саяси-идеологиялық стратегиясының мә­ніне көпшілік үңіле бермейді. Айна­ласындағы адами ортадан адам­гер­шілікке сусыны қанбаған жастар оны басқа жақтан, мистикадан, алдамшы болжамдардан іздеуді дағдыға айналдырып алды. Бірқатар діни ұйым­дар мен оқу мекемелерінің о дү­ниенің жақсылығын насихаттауы, жердегі өмірдің мәнін екінші дүниедегі өмірдің мақсаттарына бағындыра ма­дақ­тауы әлі буыны қатпаған жүз­деген жас­тардың өзінің жер бетіндегі өмі­рінің мәнін жоғалтып алуына алып келуде. Осыдан келіп, бұл күнахар өмірден өз еркімен тезірек кетіп қалуға асығушылар қатары өсіп келеді. Жалпы алғанда, әртүрлі діни насихаттың күшімен көптеген ел азаматтарының санасында екі түрлі танымдық қалып (стандарт) қалыптасты.  Басқа ірі саяси ойыншыларды қойып, жақын көрші ел шіркеудің көмегімен Қазақстандағы өзінің әлеуметтік базасын күшейту сая­сатын ұстанады. Ал, қарапайым ха­лық болса, саяси ойыншылардың елді іштей әлсірету үшін жаппай пси­хо­логияландыруға зор үміт артып отырғанын аңғара бермейді. Халықтың көзін ашуға тиісті зиялылардың елеулі бөлігі өзі адасып жүр. Сол себепті, діни сенімнің қай аспектісі бірлікке қызмет етеді, ал, қай аспектісі халықты, соның ішінде мемлекетқұрушы ұлтты іштей ыдыратуға қызмет ететінінің басын ашып алатын уақыт келген сияқты. Жалпы алғанда, бұқараның діни сенім мәдениетін тәрбиелеп қалыптастыру елімізді Мәңгілік етудің аса маңызды алғышартының бірі.
«Менің мекен-жайым Кеңес одағы» деп тіршілік еткен халықтардың 1991 жылы бір түнде 15 бөлек мемлекет пайда болған сәтте әбден абыржып қалғаны белгілі. Өткен жылдар бәрін де орнына қойған сияқты. Ересек ұрпақ өткен қоғамның санадағы таңбасынан әлі біржола айыға қоймағанымен, тәуелсіз Қазақстанда тәрбиеленген көпэтносты және интеллектуалдық қабілетті жастар бү­гін «Мен Қазақстан азаматымын!», «Қазақстан – менің елім!» деп кеуде қағып айта алады. Бұл үлкен рухани, мәдени жеңіс. Бұл дегеніміз жалпыға бірдей еңбек қоғамына енудің шешуші факторы. Алайда осы өсіп келе жатқан әлеуметтік әлеуетті шашыратып алмау, өзіне қызығушылық тудырып отырған алыс шетелдер жетегіне жіберіп қоймау мемлекет пен қоғам алдына бірқатар жауаптылықтар жүктейді. Ол дегеніміз – білім алушы және білімді жас­тардың тұрмыстық мәселесінің шешілуі, қабілетіне сай еңбекпен қамтамасыз етілуі, еңбегіне қарай өсу жолын қамтамасыз ету. Бұл дегеніміз жастардың өз өмірін және қоршаған орта өмірін ұйымдастыруға, басқаруға кең мүмкіндік ашып, сенім білдіру. Жастардың азаматтық көзқарасы мен әлеуметтік мәнді істерге  шеберлігін өз ісі тәжірибесінде қалыптастырып есеюіне кең жол ашу.
Қоғамдық түбегейлі реформаның төртінші саласы тұтастай алғанда зиялы ортаның интеллектуалдық күш-қуатына, танымдық және шығар­ма­шылық өрісіне, шынайы патриоттық сезіміне, өрелі санасына есептелген.  Бұл салада жаттандылыққа, нем­құрайдылыққа, енжарлыққа  орын жоқ. Елбасы «Мәңгілік ел», «Менің елім», «Нұрлы болашақ» бағдарламасын жа­сауды, оның құндылық негіздерін, идеологиялық арқауын негізді анық­тай отырып, іске асырудың нақты тетіктерін қамтамасыз етуді ғылыми және шығармашылық интеллигенция алдына қойып отыр. Кезінде Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов ту­ған елін өрге сүйреу үшін қаншалықты қоғамдық сана мен саяси мәдениетке мән берсе, дәл қазір,  Қазақстан Респуб­лика­сының мемлекет басшысының алдында дәл сондай жағдай туып тұр.
Кәсіби мемлекеттік аппарат құру және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру міндеттері ел әлеуметі алдындағы мемле­кет­­тік биліктің атқаратын ролін және оның әлеуметтік қуаттылығын нығайта түседі. Мемлекеттік жоспарлаудың ық­шамдалуы бүкіл әлеуметтік-эко­но­ми­калық қозғалыстардың мақ­сат­тылығын, оңтайлығын, нақ­ты­лығын қамтамасыз етпек. Бүкіл бас­қару тетіктері осы принциптерге көше­тін болады. «Ашық үкіметтің» ен­гізілуі ашықтықтың тетіктерін жетіл­діртеді. Соның бірі – жергілікті қауымдастықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік шешім қа­был­дауға және оның орындалуын қадағалауға кеңінен қатынасуына жол ашады. Аудиттің және аппарат жұмысын бағалаудың жаңа жүйесі енгізілмекші. Бұл бағытта да ғылыми ортаның қосатын үлесі мол болады ғой деп сенемін. Мысалы, мен қызмет істейтін саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасында «Әлеуметтік аудиттің» ғылымы мен оны нақты істерде қолдану технологиясы жасалуда. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президентінің қолдауымен  отандық іскер ортаның әлеуметтік бағдар­лануы мен мәдениетіне және өңірлік әлеуметтік-экономикалық, білімдік-мә­дени бағдарламаға, мектеп өміріне әлеуметтік аудит жасау практикасы тәжірибеленген. Бұл бағытта кафедра ізденісін жалғастырады. Мәселе мемлекеттік жүйе жұмысының әлеу­мет тарапынан, азаматтық және ғылыми орта тарапынан біліктілікпен бақы­лануында болып отыр.
Мемлекет басшысы ұсынған 5 ре­формалық бағыт пен оны іске асырудың айқындалған  100 қа­дамы Астанада өткен 8-ші халықаралық экономикалық форумда тағы бір эксперттік сараптамадан өтті, мақұлданды, жарияланған күннен бастап әр қазақстандықтың жүрегіне жол тартты. Себебі, бұл ре­формалардың орындалуымен Қа­зақ­­станның саяси, экономикалық әрі рухани тәуелсіздігін сақтап қалу, қазақ­стандық мемлекеттілікті нығайту ті­келей байланысты. Нұрсұлтан Назар­баевтың  осы 100 қадамы іске асырылса халқымыздың, еліміздің алдыңғы 30 елдің қатарына көтерілетіні сөзсіз. Бұл – еліміздің дамуының нақтыланған даңғыл жолы. 
Сондықтан, ел азаматтарының бас­ты міндеті – жариялаған бағдарламаны бас шұлғып мақұлдау емес, санаға салып ойлану, ең алдымен өзінің осы ұлы іске, елдіктің тағдырын шешетін іске қосатын үлесін айқындау деп білеміз.

Алдыңғы «
Келесі »