ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСІ

  • 20.10.2015
  • 1070 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жания Әбдібек,
журналист

Қазір әлемде экономикалық, саяси, мәдени текетірестер мен өркениеттер қақтығысы жүріп жатыр. Дүниежүзін ғаламдастыру салқыны шарпуда. Осы тұста қазіргі қазақ мәселесін жан-жақты талдап-талқыламау мүмкін емес. Оны алдымен үш бағыт-бағдарда алып қараған жөн.Біріншіден, ұлтымыздың мем­лекеттік (саяси), екінші, қоғамдық (әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени),
үшін­­­ші, қазақ ұлтының мемлекеттің иесі ретіндегі алатын орнын елеп-екшеу әрі са­­ра­лау. Осы  тұрғыдан алып қарағанда ұлтымыздың бүгіні мен болашағы қандай?


Бұл мәселелер  журналымыздың редакциясында өткен «Келелі кеңес» барысында талқыланған еді. Кеңеске  белгілі саясаттанушы  Расул Жұмалы, Абай атындағы ҚазМҰУ оқытушысы, саясаттанушыӘзімбай Ғали,  философ Әбдірашит Бәкірұлы, әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ доценті, психология ғылымдарының кандидаты Жарас Сейтнұр және kazgazeta.kz ақпараттық-танымдық порталының бас редакторы, саясаттанушы Сұлтан Тайғарин қатысып, ой-тұжырымдарын ортаға салды. 
– Қазіргі Қазақстан қандай кескін-келбеттегі, түр-түстегі, мазмұн-мән­дегі мемлекет? Ондағы қазақтың алатын орны қандай? Әрине, Қазақстан – қазақ мемлекеті. Шамамен республика халқының 75% қазақтар. Дей тұрғанмен, кейде біз республикамызды көпұлтты, көпдінді мемлекет шең­берінде алып қарайтынымыз бар. Қазіргі кезде біраз қазақ еуропаланып, енді, бір жартымыз Таяу Шығыс, яғ­ни, Араб, Иран, Ирак мәдениетіне тән киімдер киіп, тіліміз де, дініміз де, діліміз де ала-құлаланып бара жатқан сияқты.  Сіздер осы мәселелерге қалай қарайсыздар?
АбдрашитӘбдірашит Бә­кірұлы: – Қазіргі әлем экономикалық қа­на емес, саяси дағ­­дарысқа ұшы­ра­ды. Әлем екіге жарылды. Ресей мен Украи­на арасындағы текетірес соған алып келді. Сондықтан,  қазір көптеген елдер алдында «санкцияның қай жағында қалу» мәселесі пайда болды. Әсіресе, оның ауыртпалығы Ресей мен Еуразиялық Эко­номикалық Одақ құру шартына қол қойған Қазақстан мен Белорусь мем­лекеттерінің иығына түсті. Мұндағы әлемдік масштабты қамтитын саяси ойындарда «ұлттық мәселелерге» орын жоқ. Ол «ойындар» ұлттық мүдделерден жоғары  тұрады. Сондықтан, біз де ұлт­тық мүддеміздің «алыптар соғысы» табанында тапталып қалмауы үшін алаң­дауға мәжбүрміз.  Өкінішке қарай, осыған дейінгі жайбарақат кезеңдерде қазақтар өз мәдениеті мен тілінің, дәстүрі мен салтының нығая түсуіне жеткілікті мән бермей келді. Соған сай ішкі саясатта қазақ ұлтының «мемлекет құраушы» статусы анықталмаған күйде болды. Ал, ондай талап қойған зиялы азаматтар астыртын қысымға алынып, көбі басылып қалды. Ендеше, қазір ұлттық мүддеге байланысты қандай да бір шиеленісті жағдай туындап жатса, оны − қазақ билігінің саяси қателігіне жатқызуға болады. Өйткені, әуел бастан, тарихи әділеттілік негізінде қазақ халқының мақсат-мүддесі ашық қорғалғанда – бүгінде алдан шыққан «қазақ мәселелерінің» көбі осыған дейін-ақ оң шешімін тауып үлгерген болар еді деп ойлаймын. 
Мен енді «қазақ мәселесінің» кейбір теориялық жағына тоқталып өтейін. Кейінгі кезде «ұлттық бірегейлілік» туралы көп айтылатын болды. Әсіресе, философтар осы терминді универсалды тұрғыда қолдануды сәнге айналдырып жіберді. Бірақ, мен ол термин «қазақ мәселесін» толық ашпайды деп санаймын. Сондықтан, оны «бірігу философиясы» деп өзгерттім. Неге? Меніңше, қазіргі жағдайымызда Қазақ­стан халқының алдында тұрған ең өзекті мәселе «бірегейлену» емес, «бірі­гу» мәселесі сияқты. Себебі, зерттеу методикасы дұрыс қолданылған жағ­дайда, «бірегейлілік» ұғымы мемлекет пен қоғамдағы болып жатқан құбылыстарды толық бейнелей алмайтыны байқалады. Ол кейбір жағдайда өзінің қарама-қарсы мағынасына ие болуы мүмкін.  Мысалы, мемлекет үшін әр өңірдің экономикалық тұрғыда қарқынды дамуы аса маңызды. Осыған дейін Қазақстанда осы бағытта «экономикалық еркін аймақтарды құру», «кластерлік жүйені қалыптастыру», «ауылды дамыту», «дипломмен ауылға», «агро­өндірістік кешендерді дамыту» сияқты көптеген реформалар жасауға әрекеттенді. Шын мәнісінде, мұның бәрі ел экономикасын «бірегейлендіру» мақсатында қолға алынған еді. Себебі, экономиканы «бірегейлену» ретсіздікке ұшыраған ішкі миграцияға тосқауыл болып, ел­дің демографиялық және әлеуметтік жағ­дайын тұрақтандырады. Өз кезегінде, осы­ның нәтижесінде әр өңірдің қарқынды дамуы қамтамасыз етіліп, шағын және орта бизнес өркендейді. Одан әрі, кәсіп­керлік дамыған ортада ғылым мен білімге деген сұраныс артады. Сөйтіп, бұл шаралар қоғамның интеллектуалды потенциалын еселей түсер еді… Мықты «адами капиталдың» негізін қалауға түрткі болар еді. Өкінішке қарай, ол жобаларды іске асыру тиянақты болмады, көбі аяқталмаған күйде қалды. Себебі, қоғам мен мемлекеттік басқару жүйесін тұтас шарпыған коррупция оны жөргегінде тұншықтырып жіберді. Көп қаржы желге ұшты. Бұл мысалдан біз «бірегейлендіру» қоғамның экономикалық, онымен қоса, әлеуметтік қатынасын бейнелеуде қол­данысқа ие болатынын көреміз. Сон­дықтан, ғылымда термин ретінде оны осы мағынада қолдануға еш қарсылық жоқ.
Алайда, енді біз енді осы терминді «ұлтаралық қатынаста» қолданып көрейік. Онда қандай нәтиже шығады?  Енді, соған тоқталайық.  Ұлттық мәселеде «идентификация» деген термин бар. Мазмұны жағынан «идентификация деп адамның, ұлттың өзін-өзі тануы барысында өмір сүру ортасымен тұтастыққа жетуін» айтады. Міне осы тұтастықты біздің ғалымдар төте аудармамен «бірегейлену» дей салған. Бірақ, көпұлтты Қазақстан жағдайында мұндай «бірегейлену» қан­дай нәтижеге әкелуі мүмкін – бірігуге ме, әлде, дүрлігуге ме? Бұл мәселені ешкім де қозғағысы келмейді. Себебі, егер, мемлекет табанды түрде «қазақ ұлты − мемлекет құраушы ұлт» екен­дігіне назар аударып, «бірегейлену қазақ мәдениеті мен дәстүр-салты, тілі төңірегінде өрбиді» деген идеологияны алға шығарып, барлығына бірдей оны толығымен мойындатқанда − ешбір қайшылық болмас еді. Бірақ, біз­дегі өмір шындығы одан алшақ. Бізде, жоғарыда айтқан мағынадағы «бірегейленудің» алғы шарты саналатын «мемлекет құ­раушы ұлт» статусы анықталмаған. Сондықтан, нақты өмірде «көпұлтты» Қа­зақстанда тұратын әр ұлт тек өз мәдениеті аясында ғана «бірегейленуі» мүмкін болатын ахуал қа­лыптасты. Өз­геде «бірегейленуге» заң бойынша рұқ­сат жоқ – сондықтан, «қазақ ұлты төңі­регінде топтасу» дегенді мойындау міндетті емес. Яғни, біз осы мәселеде әлі күнге дейін кеңестік идеология шырмауынан шыға алмай, «Қазақстан – халықтар достығы лабораториясы» деген дәстүрді бұлжытпай сақтап отыр­мыз. Бірақ, ащы да болса айтайық, КСРО мемлекеті «бірегейленуді» жал­тақ­тамай, ашық түрде жүргізді. Дәл мағынасында ол «слияния нации» деп аталып, әр ұлттың қай ұлтқа барып құйылуы тиіс екендігі анық болды. Нәти­жесінде, ұлттық  мектептер жаппай қыс­қартылды. Аз уақытта барлық ұлт­тарды «бірегейлендіруші»  тіл мен мәдениет қанына сіңірген тұтас ұрпақ өсіп шықты. Сөйтіп, өз ұлтының мә­дениеті емес, орыс мәдениетін қол­­дай­тындар, оны өзінен жоғары қоя­тындар саны  еселеп артты. Міне, соның әсерінен, біз 25 жыл өтсе де әлі күнге дейін «мемлекет», «қазақ ұлты», «тәуелсіздік» ұғымдарының арасын біріктіре алмай келеміз. Соның әсерінен бүгінгі Қазақстан мемлекетінің пайда болуындағы қазақ ұлтының тарихи рөлін әділетті бағалауға қол жеткізе алмаудамыз.
Шынында да, біз қазір «бірегейлену» үшін қай ұлттың құндылықтарына арқа сүйеуіміз керек? Мемлекетке атын беріп отырған «қазақ ұлты құндылықтары» төңірегінде дейін десек, ұлтымыздың өзі де саны жағынан басым демесең − қатардағы көп ұлттың бірі ғана саналады. Олай болса, мұндай жағдайда ғылыми айналыста «бірегейлену» емес, жәй ғана «бірігу» терминін қолдансақ жетіп жатыр емес пе? Бұл терминді қазақ ұлтшылдары жиі қолданады. Бірақ, олар ешқашан да оның мазмұнына «бірегейлену» мағы­насын қос­пайды. Олай болса, ұлтаралық қа­ты­наста  ресми түрде  ғылыми айналымға енген «бірегейленуге» қарағанда, ұлт­шыл­дар қолданатын «бірі­гу» өзінің ма­ғы­насы жағынан Елбасы үздіксіз айтатын «азаматтық қоғам құру» талабына біршама жақын емес пе?!. 
Кезінде, бүгінгі «Келелі кеңесте»  қар­сы алдымда отырған белгілі ғалым Әзімбай Ғали «Қазақ ұлты өзге ұлт­тарды сіңіруші (ассимиляциялау) әлеуе­тіне қол жеткізуі тиіс» деген сөзді жиі қайталайтын, «ұлттық біре­гейлену» қажет дейтін.  Қазір айтпайтын болды. Неге? Себебі, ондай − «өзіне сіңіру» деңгейіне қазақ ұлтының әлі де дайын емес екендігіне оның көзі жетті. Ал, ондай деңгейге ұлттар қалай жете алады? Ол – ұлттың өз мемлекетін толық сезінгенінде ғана мүмкін болмақ.  Яғни, ұлттық санада «мемлекеттік мүдде» пайда болса ғана. Ол бізде жоқ. Біз тәуелсіздікпен бірге келген мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмадық. Тәуелсіздікті аңсаған қазақ ұлтының ұлттық амбициясын оята алмадық. Сондықтан, қазір Әзімбай аға­мыз үндемейтін болды.
Қазіргі кезде ұлтаралық мәселелер бір ғана мемлекет шеңберінен шығып, халықаралық шиеленісті жағдайға ие болып бара жатыр. Мысалы, Украинадағы жағдайдың осы мәселемен тығыз байланыста екенін бәріміз жақсы білеміз. Ендеше, біз де ондай жағдайды Қазақстанға келтірмеудің жолын іздеуіміз керек.  Олай болса, әр сөзімізді осы бағытта айтайық. Мысалы, кеше интернеттен Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиеваның «Бүгінгі күні қазақстандық қоғамда еліміздің болашағы – біртұтас ұлтты нығайту жолы екені туралы бірыңғай пікір басым болып табылатыны аса маңызды», – деген өте қызықты сөзін оқыдым. Сен­сациялық жаңалық десе болады! Бірақ, ол осыны айта отырып,  «біртұтас ұлт» дегеннің мағынасын анықтамаған. Ал, табиғатта ондай ұлт бар ма? Жоқ. Олай болса, «біртұтас ұлтты құру» дегенді басқаша түсінгендер тез арада оған қарсы шара ретінде «орыс әлемін қорғау» әрекетін бастап жібермесіне кім кепілдік бере алады? Ендеше, солай деу арқылы, біз «алып екі мемлекет арасында тепе-теңдікті сақтасам, қалайда осы қиын кезде халқымды қақтығыстардан аман алып өтсем» деген Елбасы саясатына өзіміздің білместігімізбен «аяққа тұсау» салып отырған жоқпыз ба? Мінеки, қазақ айтатын «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледінің» кері осындай болса керек!  
Расул ЖумадилРасул Жұмалы: – Қазіргі қазақ мәселесін талдап, бүгін және ертең қазақ ұлты не істеу керек деген сұраққа жауап беру үшін ең алды­мен, біздің қазір қан­дай жағдайда тұрғанымызды сара­лап алуымыз керек. Ең бірінші мәсе­лесі, қазіргі қалыптасқан геосаяси жағдай. Қазақстан өтпелі кезеңді әлі өткере алмай келеді. Қазақстанмен қатар тәуелсіздік алған ТМД-ның өзге мем­лекеттері саяси-экономикалық даму, ұлтты біріктіру, ұлттық идеология мен демократиялық құндылықтарды қалыптастыру тұрғысынан алғанда, біршама жетістіктерге жетті. Мысал ретінде Өзбекстан, Грузия, Балтық жағалауы елдерін атауға болады. Қазіргі туындап отырған геосаяси жағдай мен экономикалық дағдарыс кезеңінде, қазақтың болашағы, егемендігі, баянды өмір сүруі қазақтың өзінен басқа ешкімге керегі жоқ. Тиісінше, біздің ең басты мәселеміз Қазақ ұлтының бәсекеге қабілеттілігін барлық салада арттыру керек. Саясатта, қарулы күштерде, экономика, идеология, технология, өзге де қоғамға қажетті салаларда қазақ ұлтының азаматтары жұмыс істеп, дамытушы күшке айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алып қарағанда, өкінішке орай қазір өтпелі кезеңнің көріністері ушығып, күрделеніп келеді. Біз тәуелсіздік алған жылдары қазаққа қатысты көп мәсе­ленің басын ашып ала алмадық. Қазір осының салдарын тартып келеміз. Эко­но­ми­камыз шикізат арқылы 70-80%-ға сыртқы конъюктураға тәуелді. Сырт­қы сауданың 90% шикізат арқылы жүр­гі­зіледі. Ақпараттық экспансия еркін жү­ріп жатыр. Тізімді жалғастыра беруге болады. Осылайша, біз қазақты ұлт ре­тінде нығайтатын механизмдерді жасай алмадық. Басқа этностарды бы­лай қойғанда, қазақтың өзінің басы бірікпей отыр. Әлі күнге дейін қала-ауыл, орыстілді-қазақтілді, бай-кедей, ру­шылдық, жершілдік секілді бөліну үрдістері де қазақтың ұлт ретінде бірегейленуіне үлкен кедергі келтіруде. Оның үстіне, қазақ басы бірігетін шаралар қолға алына бастаса, тез ыдыратып жіберуге тырысатын күштер бар. Ең өкініштісі, тәуелсіздік жылдары ер жеткен жастарды уысымыздан жіберіп алдық. Жастардың басым бөлігі ұлтқа, адамзатқа қажет құндылықтарды емес, керісінше, керексіз қасиеттерді бойына сіңіріп өсіп келеді. Ақшаға құ­мар­лық, өзінің қарақан басының қамын ұлттың, мемлекеттің мүддесінен жоғары қою, өздерін толыққанды азамат ретінде сезінбеуі секілді қасиеттер белең алып барады. Статистикаға сүйенсек, сауалнамаға қатысқан жастардың 1/3 өздерінің бола­шақ­тарын Қазақстанда елестетпейді. Бо­лашақ үшін өте алаңдататын жағдай. Біз өзіміз бірегейленбей тұрып, өзге ұлт­тарды өзімізге қоса алмай жатырмыз. Бірақ, мәселе санда емес, сапада! Бізде сапа жағынан әлі де ақсап келеміз. Біз дамушы мемлекетпіз, әлеуметтік және экономикалық жағдайымыз мәз емес, Ресей және Қытай секілді алып көршілеріміз бар. Біз аз халық болғандықтан, көршіле­рімізден қорқақтауымыз жақсылықтың бел­гісі емес. Сондықтан, ұлт ретінде бірі­гіп, мықты болуға ұмтылуымыз керек. 
Жарас СейтнурЖарас Сейтнұр: – Қазақ мәселесі зия­лы қауым тарапынан аз айтылып жат­қан жоқ. Бірақ, қан­ша айтқанмен, мар­дым­­ды іс жүргізіл­мей­ді. Кейде бұл жайт маған грек ми­фо­­ло­­­гиясындағы Сизифті еске тү­сіреді. Осы келелі кеңеске де біраз таныс­тарымды шақырып едім, алайда ешкім қызығушылық та­ныта қой­мады. Бұл әлеу­меттік, эконо­ми­ка­лық  мәселелерден кейін халық сана­сындағы қалыптасқан пес­симизм бе, әлде  рухани мәселе халыққа қы­зық емес пе, белгісіз. Менің ойымша, біз­дің елде халық бір бөлек, билік бө­лек әрекет етіп, екеуі қабыспайтын сияқты. Өйткені, би­лік трансұлттық мүддені көп ойлайды. Ал, қазақтың жанайқайына құлақ асып жатқан еш­кім жоқ.  Осы орайда, Қазақстандағы сая­си шешім қабылдау кімнің қолында деген сұрақ туындайды. Билікте формальді түрде қазақтар отырса да, халықтық мүд­делер қорғалмайды. Биліктің басында отырғандар мүмкіндігінше мемлекет­тен жымқырып қалудың қамын ойлайды. Біздегі Қазақстанды біріктіру үр­дісі мен қазақты біріктіру үрдісі екі түрлі құбылыс ретінде жүргізілуде. Сон­дық­тан, бұл үрдістерді зерттеп алған дұрыс. Қоғамның діни радикализмге ұры­нып жатқаны да сол ұлттық тұрғыда біре­гейліктің жоқтығынан деп ойлаймын. 
Әзімбай Ғали: – Қа­­зақстанда 90 жыл­дары елімізде оңшыл ли­бералдық керемет ре­форма жасалды. Сол кезде бізді асы­ра­­ған мұнай емес, эко­но­микалық рефор­малар болатын. Алай­­­­да, бұл реформаның тізгінін жі­бе­­­ріп алдық. Әрнәрсенің өзінің жұмыс жағ­дайы болу үшін оны ұдайы тексеріп отыру керек. Бірақ, жағдай басқаша болды. Экономикалық-әлеуметтік және зей­нетақы реформасы құнсызданып кетті. Яғни, біз реформаның блюстерінен айырылып барамыз. Бұл үлкен минус. Енді, соның зауалын біз қазір көріп отырмыз. Тек қана диверсификация жасамағаннан емес, біз нарықтық принциптерден бас тарттық.  Енді қайтып келе ме, келмей ме білмеймін. Әрине, қазақ мәселесінде жетістіктер бар. Орта тап басым бола бастады, қазақтар үлесі артты, оралмандар елге келді. Соңғы 10 жылда қазақтың саны 26,3 пайызға өсті. Екіншіден, мемлекеттік үрдістер туралы «бізде демократиялық қоғам, аза­­маттық қоғам қалыптаспаған» де­лі­неді. Сондықтан, қоғамды концеп­туал­дық жағынан жаңарту керек.  Осы тұста қандай концепция жасау керек деген сұрақ тауындайды. Біз әлі ке­ңестік патриотизмнен, интернационализмнен шыққан жоқпыз. Мультикультурализмге әлі жеткен жоқпыз. Ал, қазір бізге, әсіресе, дағдарыс жағдайында ұлттық ұйытқылар керек. Тұрмысым керемет болмаса да, ұлтым марқайып келе жатыр деген идеялар керек. Мәселен, орыстар: «Хуже живем. За то, Крым наш» деген идеяны алға тартады.  Ал, біздегі қалыптасып қалған идеялардың бірі қазақ тілін алға жылжыту. Мысалы, бізге енді Батыста сәнге айналған «муль­тикультурализмді» енгізуге болады. Үшіншіден, кейбір мемлекеттік қыз­­меттегі қазақша білмейтіндерді шеттету керек деген идеяны Консти­туциялық кеңес шала айтты. Бірақ, мұны батылырақ айтып, жүзеге асыру керек еді. Егер де мемлекеттік тілді білмейтін, шала сөйлейтін немесе білсе де, сөйлегісі келмейтін де қазақтарды шеттетсе, мемлекеттік тілде даму болар еді. «Позитивті дискриминация» деген осы болар. АҚШ-та позитивті дискриминация саясатын Конституцияға өзгертулер енгізбей-ақ, Жоғарғы сот арқылы жүзеге асырып жатыр.
Қазіргі кезде елімізде жаңа саяси ре­форма жасалады делінеді. Мысалы, Пар­ламенттің құзырын арттырып, жергі­лікті биліктің өрісін кеңейтіп, сот билігіне өз­­герістер енгізілуі мүмкін. Сондықтан, ме­нің ойымша  осы реформадан кейін аз болса да ілгерілеу болады.  
Сұлтан Тайғарин: – Жалпы, қазақ мә­се­лесі Алаш зиялылары өткен ға­сырдан бас­тап көтерген үлкен та­қырып еді. Жүз жыл­­­дың ішінде қайта ай­­­тып, қазақ мәселесін қайта қозғауымыз бізде бел­­гілі деңгейде өзгерістің болмағанын да көрсетеді. Қазіргі әлемдік біртұтастық барысында қазақ мәселесі жан-жақты сараланды. Біріншіден, Қазақ мәселесінде күн тәртібінде тұрғаны тіл проблемасы. Екінші, қазақтың ділдік мәселелері: тарих, руханияты. Үшінші, жалпы қазақтың ұлт есебіндегі дін мәселесі. Егер, таразының екі жағын алып қарайтын болсақ, тілдік бағытта біз қандай жетістіктерге жете алдық, қандай жағдайда кешеуілдеп жатырмыз деген сұрақ туындайды. Күні кеше Білім министрінің үш пәнді:қазақ тілі, Қазақстан тарихы, әдебиеті, география гуманитарлық пәндерді барлық мектептерде қазақ тілінде оқытамыз деуі қазақ тілінің болашағына үлкен үлес қосар еді.  Және оны  жүзеге асыру тілдік мәселеде белгілі бір деңгейде жетістік деп бағалауға болады. Екінші, техникалық мамандықтарды ағылшын тілінде оқыту туралы идеялар жиі айтылып жүр. Мен жас азамат есебінде қолдаймын! Қазақ бәсекелестікке төтеп бере алмаса, жалғыз қазақ тілімен үнін шығара алмайды. Сол себепті қазір тіл мәселесінде 50/50 үлесімен жетістікке жеттік. Қазақтар саны қазір ресми ста­тистикадан тыс 70%-ға жетіп отыр. Тіл мәселесін күн тәртібінен алып тас­тауға да болады. Екіншіден, қазақ тарихы әлі күнге дейін жүйеленбей, тарихи сана қалыптастыра алмай келеміз. Ғалымдардың екіұдай пікірлері қоғамды шатастыруда. Мүмкін бұл тарихи мәсе­лелерді  тұтас  тарихи  оқулықтар  жаза ал­мауы­мыздан деген пессимистік көзқарастар бар.Үшіншіден, қазақ мәселе­сіне билік тарапынан көңіл бөлінеді. Прези­дент Қазақтың мәселесін айтып отырады. ҚР Халықтар Ассамблеясының 20 жыл­ды­ғында айтқан сөзінде: «Біз сіздерді осында отырған өзге ұлт өкілдері мұнда отырған қазақтарға рахмет айтуларың керек», – деді. Бұл сөздің өзі көп нәрсені аңғартады. Яғни, шаңырақ біздікі деген сөз. Екіншіден, былтыр Путин «Қазақта мемлекет болған жоқ, ұлт болған жоқ» деп қазақтың мемлекеттілігі жайлы теріс пікір айтқан еді. Соған Елбасы сауатты жауап қатты. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтейік деген бастама көтеріп, соңы үлкен тойға ұласып жатыр. Ал,  енді оны атап өту мәселесі өз алдына бөлек тақырып. Оны ұлт есебінде, ел есебінде қалай атап өтеміз, қазақтың айбынын көрсететін сол болмақ.
Жақында ғана Ұлытауда Қазақ хан­дығының үлкен тойы болды. Ұлы­тау халқы намысшыл екен. Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын Рес­публикалық бюджеттен тыс, облыстық бюджеттен тыс, бір ауданның өзі іске асыруы, Ұлытау ауданының және оны Рес­публикалық деңгейде атап өтуі, біздің де былай ел бола алатын жағдайымызды көрсетті. Неге біз өзіміздің тарихымызды осылай ұлықтамасқа? Ол Президент айтқаннан кейін ары қарайда бүкіл облыс деңгейінде, әр түрлі форматта өткізуге болады. Батыс Қазақстанда жастар 550 жылдыққа орай автошерулер ұйымдастырды. Бұл да қуанатын жағдай. Естеріңізде болса, Батыс Қазақ­станда Ресейдің туын іліп алып жүрген азаматтар төбе көрсетті. Автошеру өт­кізу арқылы жастар осыған сауатты жауап қатты десек  те болады. Үшінші мәселе қазақтың дін мәселесі, бүгінгі мемле­кетіміздегі дін мәселесі. Біз, қазір осы жерде, кішкене діни платформаларды айтып беруіміз керек секілді. Қазіргі соңғы үрдіске қарасаңыз, қазақтың жастары мешіттерге көп барады делінеді. 
Әзімбай Ғали: – Шынымен, қазір таң қаласың. Мешіттерде жастардың саны 80 пайызды құрайды. Қаланың барлық мешіттерінде жастар толып жүр. 
СултанСұлтан Тайғарин: – Дұрыс айтасыз. 80 пайыз деген қуанарлық жағдай.Алайда, сол жердегі идеологияны алып қарайықшы? Онда айтылатын әңгі­мелер мен уағыздар  қазақтың рухани құндылықтарына негізделген әңгімелер айтылып жатыр ма? Әлде сыртқы бір діни платформалардың ұстанымын насихаттап,  қой терісін жамылған  қасқыр болып отыр ма, соның аражігін ажыратып алуымыз керек. Мемлекет тарапынан мешіттерде мониторинг жүргізілуі керек.Үшінші, қорыта келе айтатын мәселе, демографияның жағдайы десе де болады. Биыл 1-сыныпқа 300 мыңнан астам оқушы мектеп табал­дырығын аттаған екен. Оның өзі осыдан 10 жылғы статистикамен салыс­тырғанда, екі есе өскен. Осыдан 10 жыл бұрын бар-жоғы 150 мың оқушы 1-сы­ныпқа қадам жасады. Демек, екі есеге көбейгенбіз және оның басым көпшілігі қазақтар. 
Әзімбай Ғали: – 100 пайыз қазақтың 12 пайызы ғана орысша оқиды. Біздің кезімізде  50% орысша оқитын. 
Сұлтан Тайғарин: – Біз Тәуелсіздік жылдары қоғамдық сана­ның деколонизациясын әлі де бұқаралық түрде жүргізе алмай келе жатқан ұлт­тың біріміз. Бір таң қалатыным, біз қа­пас­тағы үндістер секілдіміз. Әлі сол өзі­міздің мәселемізді қаужаймыз… Біз же­дел түрде деколонизация процесін бас­тап жіберетін болсақ жақсы болар еді. Бұл да біздің мәселеміз. Сонымен қатар, қазақ мәселесі дегенде БАҚ-дағы ұлттық мәселеге тоқталмай кете алмаймыз. Біздің ақпараттық кеңістік «Үй менікі деме, үй артында кісі отыр» кейпіне келеді. Біздің ақпараттық кеңістік қазір екіге жарылды. Ешкімге ұқсай бер­мейтін орыс кеңістігі бар. Қазіргі қазақ баспасөзінің халі өте аянышты. Өйткені, үкіметтен де қаржы ала алмайды. Мысалы, «Казахстанская правда» басылымымен «Егемен Қазақстан» газетін салыстырып көріңізші. Не болмаса, бізде «Ана тілі» мен «Казахстанская правда» газеттерінің бюджеті жер мен көктей. Әлбетте, орыс тіліндегі басылымдарға қаржы көп бөлінеді. Осыдан кейін біздің ақпарат кеңістігіміздің жағдайы мүшкіл деуге болады. Соны ескеруіміз керек деп ойлаймын. Егер, осы мәселелер күн тәртібіне шығып, жедел түрде жүзеге асатын болса, көп жетістіктерге жететін едік. 
Ендігі үлкен бір мәселе, үкіметтің күн тәртібінде қазақ мәселесі тұр  ма деген сұрақтың төңірегінде туындайды.  Қазіргі саяси дағдарыс жағдайында қазақ мәселесі Үкіметтің назарынан тыс қалып қойды. Оны батыл ай­туға болады. Тек  оқта-текте қазақ мәселесінің шеті шығарылып, «Қазақ Хан­дығы», «Ұлы Дала ұрпағымыз», тілге қатысты қазақтың мәселелері айтылып қалады. Бірақ, 100%-ға қазақ мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Енді, 50 жыл бойы осы идеологиямен кететін болса,  болашақта қандай ұлт болатынымыз белгісіз.
– Қазақстандағы титулдық ұлт,  яғни, қазақ ұлты өзінің кіндік ұлты ретіндегі мақсат-мүдделері қорғалған ба? Әлде, полиэтникалық Қазақстандағы көп ұлттардың бірі ғана болып отыр ма? 
Расул Жұмалы: – Қазір әлемде 200-ге тарта мемлекет бар және олардың көпшілігі ұлттық нақыштағы мемлекеттер болып табылады.  Ұлттық нақышта болу дегенде ең алдымен, ұлттық мүдде, ұлттық руханиятқа негізделген ұлттық сана-сезім болуы керек. Ұлттық сана-сезімнің ең негізгі құраушылары:  мәдениет, әдебиет, тарих, руханият, дәстүр. Осы тұрғыдан алып қарағанда, тәуелсіздік алған 24 жыл уақыт босқа кетті. Біз ұлттық сана-сезімді қалыптастыра алмадық. Және ең өкініштісі, қазақ мәселесін жер-жерден түрлі қоғамдық ұйымдардан, қоғам белсенділері көтерсе де, бұл мәсе­лені ылғи тежеп отырушы күш бар. Расын айту керек, қазақ мәселесі ара-кідік айтылып қалатыны болмаса, жалпы үкіметтің күн тәртібінде тұрған жоқ. Мысалы, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау идеясы Қазақстанның сыртқы күшке қарсы реакциясынан туындап еді. Нақтырақ айтқанда, 550 жылдық Путин айтқаннан кейін еске түсті. Ал, Байқоңырдағы 6 мектепті қазақстандық білім жүйесіне көшіру «Антигиптил» қоз­ғалысының бастамасынан кейін көте­ріле бастады. Бірақ, бұның басы-қасында тұрған Үкімет те, билік те емес, көбіне азаматтардың талаптары. Осылайша ұлт, қоғамдық белсенділер осындай істерге бастамашысы болу керек. Сонда ғана билік сәйкесінше әрекет ететін болады. Осыдан 4 жыл бұрын К. Мәсімов «Бұдан былай мен мәжілістердің бәрін қазақ тілінде өткізем» деген еді. Алайда, оның бұл «жоспары» орта жолда қалды. Бұдан бұлай заңнамалардың жобасы қазақ тілінде дайындалады деген сөз де айтылды.  2020 жылға дейін Қазақстан тұрғындарының 95%-ы қа­зақша сөйлейді деген болатын. Қазір 2015 жыл,  ал, үкіметтің жартысы қа­зақша білмейді, межелі уақытқа дейін  қалай іске асатыны белгісіз. Сондағысы, меніңше, біздің бұл мәселені шеше алмай келе жатқанымыздың себебі, өтпелі кезеңнің тәлкегі. Өтпелі кезеңде біз әлі күнге шейін өзімізді толыққанды тәуелсіз мемлекет ретінде ұғына алмай келе жатырмыз. Бізде көп­ұлт­тылықты «интернационализм» дей­міз. Бірақ, бүгінгі Қазақстандағы ұлт саясатының интернационализмге еш­қандай қатысы жоқ. Орыс қазақпен орысша сөйлессе, бұл – интернацио­нализм, қазақ орыспен қазақша сөй­лессе, бұл – ұлтшылдық. Дәл Кеңес ода­ғындағыдай жағдай.  Халықаралық тә­­жірибеде азаматтардың тұрғылық­ты елінің тілін білу – сол елді сый­лағаны. Заңға сәйкес жүретініңнің көр­сеткіші, өзіңнің азаматтығыңды та­нытудың белгісі. Белгілі бір дәрежеде ол сенің мәдениеттілігіңнің белгісі. Біз­де қалай? Бізде республикамыздың 70 пайы­зын құрайтын қазақ 20 пайызды құрай­тын орыспен орысша сөйлеседі. Орыс тілін және орыстарды  сыйлайды. 20 пайыз орыс қазақпен қазақша сөйлеспейді. Демек, қазақты сыйламайды, қазақ тілін – мемлекеттік тілді құрметтемейді. Қалғанының бәрі бос әңгіме. Биліктің қатынасы қандай? Қазір 80-90-жылдардағыдай үкіметтік отырыстардың бәрі орысша өтеді, Парламент жиындарының 90 пайызы орысша, Елбасы Қазақстанда, мейлі шетелде орысша сөйлейді. Енді, билік өкілдерінен осындай әрекеттерді көрген  орыстілділер не істемейді? Билік дәл осы саясатын жүргізе беретін болса, осындай ұлтынан безу саясатынан, меніңше қазірдің өзінде жағдай оңып тұрғаны шамалы. Түрлі түйткілдер, түсініспеушілік, сенімсіздік бар. Осындай нәзік ұлттық мәселеге келгенде, меніңше осындай ара-жігі көбейеді. Енді, «қазақстандық ұлт» мәселесіне келгенде, барлығы жабулы күйінде  қалған жай әңгіме ғана. Себебі, мұнымен ештеңе де шешілмейді. «Қа­зақстандық ұлт» ақиқатқа жанас­пайды. Себебі, ұлт болу үшін тілі, тарихы, дәстүрі, мәдениеті болу керек. «Қазақстандық ұлт» мұндай ерек­ше­ліктері жоқ. Тағы бір кері тренд «қазақ» пен «қазақстандық» деген ұғымдарды біріне-бірін қарсы қоюы. Сайып келгенде, «Қазақстан», «қазақ», «қазақстандық» дегендердің барлығы синоним сөздер. Бірақ, дәл сол орыстар қазақстандық деген сөзбен қаруланып, қазаққа қарсы шығып отыр. «Қазақстан» деген атаудан біз бас тартуымыз керек. Елімізді «Қазақ елі», «Қазақстан Республикасы» деген атау  бастамалары бар. Меніңше, әр­кім өзінен бастау керек. Біз де соны дәріптеуіміз керек. Мысалы, ресми емес құжаттарда өзіміз «Қазақ елі», «Қазақия» деп жазуымыз керек. «Қазақ Эйр», «Қазақ Банкі» деген компаниялар бар. Және оның бәрі латынша Q деген әріппен жазылады.  Өкініштісі, біздің азаматтарымыздың  пас­портында «Казакстан», жартысында «К­а­захстан» деп жазылған. Паспорт­та­ры­мыздың өзі өзгеше. Өйткені, ең алғаш рет республика атауын ағылшын тіліне ауыстырғанда  қазақ әріптерінің дыбысталуымен емес, орыс әріптерінің дыбысталуымен аударылып кетті.
Әбдірашит Бәкірұлы: – Мен «бірігу философиясына» қайта оралайын. Жал­­пы «бірігу» өте терең мағыналы фило­­софиялық категория. Диалектикада ол «Қарама-қайшылықтардың күресі және бірлігі» заңы арқылы жүзеге асады. Біздің жағдайда бұл – Қазақстанның барлық азаматтарының ортақ «Ота­нын сезінуден» көрініс табады. «Көп­ұлттылық» астыртын түрде қарама-қайшылық барына меңзесе, бәрімізге ортақ «Отанын сезінуі» − бірлік бас­тауы болып табылады. Ал, бұл – нағыз мем­лекеттік идеология мәселесі! Осыдан біраз жылдар бұрын Елбасы зиялы қауымға өтініш білдірген еді. Онда ол зиялы қауымнан «қазақстандықтарды жұ­­­дырықтай жұмылдыратын идеология өзегін табыңыздаршы» деп сұрады. Бірақ, ол өтініші әлі де орындалған жоқ. Ха­лықты жұмылдырып әкететін Ұлттық, Мемлекеттік идеология әлі де өмірге келе алмауда. Осы олқылықтың орнын толтыруды Елбасы өзі қолына алмақ болды. Ол ФИИР, яғни, кәсіпкерлікті идея өзегі етуге шақырды. Әри­не, бұл мүмкін емес нәрсе еді. Сосын, ол Атырау сапарында алғаш рет «Мәңгілік ел» идеясын ортаға тастады… 
Иә, кім өз елінің мәңгілігін қаламайды дейсіз – бәрі қалайды. Айналып келгенде, бұл көкейкесті арман! Ендеше, «Мәңгілік ел» идеясы орынды көтерілген шығар? Сұрақ көп, бірақ біз бас шұлғудан өзге дұрыс жауап таба алмадық… Шындық қандай? Енді, осыны сарапқа салып көрейік: Біріншіден, әлемде жаңа си­паттағы геосаяси үрдістер дүниеге келуде. Алпауыт елдер арасында нарық, энергетикалық, табиғи ресурстар үшін аяусыз күрес жүріп жатыр. Мысалы, халық саны жағынан алда тұрған Қытай бүкіл әлем нарығын жаулап алды. Үлкен жетістік! Бірақ, қытайлар сонда да өзін «Мәңгілік ел» деп айтқан емес. Төтесінен төндірмейді. Неге? Себебі, «мәңгілік» сөзі оларға әлем нарығын жаулап алуға кедергі! Кімнің өз еркімен «мәңгі елдің» ыстық құшағына кіргісі келеді? Есесіне, олар өтпелі дүние қызығымен арбау арқылы өз мақсаттарына мысықтабандап жетуде! Екіншіден, терістігіміздегі Ресей де ұйқыдан кеш оянған аюдай басын көтеріп, осыған дейін жіберген қателігін түзеуге кірісті. Енді, оқыс оқиға, форс-мажорлық жағдай туа қалса не болмақ? Біздің елдің өзін-өзі сақтап қалуға қауқары жете ме? Бұл жағынан өзімізге толық сенімді емеспіз. Сондықтан, «мәңгілік» туралы айту, одан «ұлттық идеология» жасау әзірге ерте десе болады. Бізден жүздеген есе қуатты Ресей де «мәңгілік Ресей» идеясын ашық айтуға тартынып тұрғанда, біздікі − көзсіз батырлық болуы мүмкін… Үшіншіден,  бізді осы идеяның моральдік-психологиялық жағы да тол­ғандыруы тиіс. Мәселен, өмірде мынадай жағдай жиі кездеседі: орындалуы мүмкін және мүмкін емес арман деген… Біз қазір дәл сол жағдайда тұрғандаймыз: халықтың кәсіпкерлігін жаппай оятуға қауқарсыз оралымсыз басқару жүйесі, коррупцияланған паразиттік ахуал, эконо­миканың приоритетті бағыттарының сөз жүзінде болып, іс жүзін­де анық­тал­­­мауы, кландар арасындағы теке­тірес, кедейшілік пен байлар арасының ал­шақтауы, ауылдың кенжелеуі, азық-тү­лік қауіпсіздігінің төмендігі, жоғары білім алу­дың қиындығы, баспана, жұ­мыс­сыздық және т.с.с. көптеген ауыр жағдайлар меңдеп тұрғанда – «мәңгілік» сөзі біздің рухымызды көтеріп, алға жетелей ме, елді тұтас біріктіре ме, болмаса, кері әсер ете ме? Бұл туралы «идеология» мамандары терең ойлануы қажет еді. Неге ойланбаған? Төртіншіден, кезінде Черчиллдің ағылшындардың «мәң­­гілік ел» емес, «мәңгілік  мүддесі» туралы ғана айтуға жүрегі дауалаған еді… Одан бөлек бұл сөзді ежелгі Түрік Қағанатының билеушілері айтқан деседі… Келісуге де болар, өйткені, ол заманның дүниетанымында «Көкте бір Тәңір, жерде – Қаған» деген түсінік болды. Бірақ, замандар өте діни ұғымдар жетіліп, «мәңгілік» тек қана Құ­дайдың еншісіне айналды. Ал, оның бү­кіл жаратылысы − «өтпелі дүние» деп аталды. Осыдан кейін «мәңгілікті» иемдену – «мәңгі Құдай» алдындағы кү­нә деген идея орнықты. Ендеше, біздің идея басқаша болуы керек сияқты… Біз қа­зір «Халық пен Биліктің бірлігін мәңгілікке орнатып, билігі халқына қыз­мет етеді, халқымен бірі­ге отырып, тәуелсіздігімізді көздің қа­ра­шығындай қорғаймыз!» деуіміз қажет. Сонда ғана «мәңгілік» сөзі қазіргі жағ­дайымызбен адекваттанады, яғни, біре­гейленеді десек болады… Бірақ, біз әлі де ұлттық-мемлекеттік идеологиямызды құра алмай отырғанымызды ашық түрде айтуымыз қажет… Соның арқасында  қазақтардың бәсекелестікке қабілетті ұлт ретінде осы уақытқа дейін толыққанды қалыптаса алмай отырғанын да мойындауымыз керек. Ал, оның басты себебі – мемлекетімізді жайлаған жемқорлық пен биліктің бизнес көзіне айналуы. Мәселен, билікке келген кез-келген шенеуніктің өз бизнесі бар, болмаса, ол билікке соның арқасында қол жеткізген. Яғни, олар бір жағынан «мемлекетшіл азамат» болуы тиіс болса, екінші, жағынан − жеке пайдасын ойлайтын кәсіпкер болуы тиіс. Ал, нақты өмірде адам қақ жарылып, екіге бөлініп өмір сүре ала ма? Алмайды. Ендеше, бұдан «бізде жеке бастың мүддесі мемлекетшілдік мүддеден жоғары тұрады» деген тұ­жырым жасауға болады. Оны жою үшін біз «мемлекетшілдікті» билік басына күш­пен қалыптастыруымыз керек. Оларды үгіт-насихат арқылы мемлекетшіл ету жүзеге аспады. Идеология болмаған жерде «үгіт-насихат» қауқарсыз екенін көрсетті. Үміт ақталмады. Енді, қазіргі қиын жағдайда  бізге «мемлекетшілдікті»,  яғни, басқаша айтқанда «бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігін» мемлекеттің ық­палымен, заңдық тетіктерді қолдана отырып, тек қана күшпен қалыптастыру керек. Оған мемлекеттің әлеуеті жеткілікті. Тек саяси жігер қажет. Уақыттан ұтылып жатқанымызға қарамастан, жағдайды әлі де түбегейлі өзгерту − кеш емес!  
Сұлтан Тайғарин: – Елбасы Жолдауда жүктеген міндеттерге сәйкес Қа­зақстан халқы Ассамблеясы өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және ел бір­лігін нығайтуға күш салуы тиіс. Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз­дің азаматтарымыздың көпшілігі – қа­зақтар. Тиісінше, жалпықазақстандық бір­­лік дегеніміз – ең алдымен, қазақтың өзі­­нің бірлігі. Елдің тағдыры мен бола­шағы – мемлекет құраушы ұлт ретін­де қазақтың қолында. Халықты ұлы істерге ұйыстыруда басты жауапкершілік қа­заққа жүктеледі. Осыны әрдайым есте тұтайық» деп атап көрсетті. Бұл дегеніміз, біздің тағдырымыз өзге ұлттың емес, өз халқымыздың қолында екенін білдіреді.

Алдыңғы «
Келесі »