Сәкен Сейфуллиннің идеясымен салынған қазақ поселкелері

  • 20.10.2015
  • 536 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қайролла Мұқанов, 
Халық ағарту ісінің ардагері, өлкетанушы

Атақты ақын, жазушы, көсемсөзші (публицист) Сәкен Сейфуллин сонымен қатар аса көрнекті ірі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ ұлтының нағыз жанашыр патриоты еді. 1922 жылдың  жазында Сәкен «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы және оқу-ағарту ха­лық комиссарының орынбасары болып тағайындалды. Бұларға қоса ол сол кезде КирЦИК-тің мүшесі де болатын. 1922 жылдың 4-ші тамызында Киробком мен КирЦИК Сәкенді Ақмола губерниясына губерниялық партия конференциясын дайындап өткізуге және Губерниялық советтің сайлауын басқарып өткізу үшін арнайы өкіл ретінде жіберді. Губерниялық партия конференциясы 7-10 қыркүйекте Сәкеннің ұйымдастыруымен өтті. Одан кейін Ақмола губерниялық советтер съезі өткізілді. Съезде КирЦИК-тің өкілі Сәкен Сейфуллин қазақ тілінде сөз сөйледі. Съезд губисполкомның председателі (төр­ағасы) етіп губернияның хал-жайын жақ­сы білетін белгілі жазушы Сабыр Шә­ріповты сайлады, оның орынбасары болып Сәкеннің байырғы досы Захар Катченко сайланды. 


Съезд аяқталғаннан кейін бұл екеуі Сәкенді вокзалға апарып жолға (Орын­борға) шығарып салды. Вокзал басында Сәкен оларға өзінің көптен ойында жүрген елде көшпенді кедейлерге арнап поселке салу идеясын білдірді. Бұл тәжірибені Ақмола губерниясынан бас­тау керектігін, өйткені, мұнда үйренетін де, үлгі алатын да, көмек беретін де мүм­кіндік бар. Шаруашылық жағында жүрсем ойланбас ем. Алайда сендер бастап көріңдер-деп бергенде, Сабыр: Бұған шамамыз жете ме? Басқалар көне қоя ма? – деп ойланып қалды. Түп-тамырымен бір-ақ қопармай, әзірге аздап бастаған жөн. Әр уезде бір-бір поселке орнатып алсақ тақиямызға тар бола қоймас. Ойланыңдар, Партия конференциясы мен Советтердің съезіне келгенде осыны өздерің іштей пісіріп алып келіңдер. КирЦИК пен Совнарком тарапынан қолдаушыларды мен іздеп көрейін, – деп қош айтысып Сәкен жүріп кетті.
1922 жылғы қазанда (октябрьде) Советтердің ІІІ-съезінде Сәкен КирЦИК-тің мүшелігіне қайта сайланды және Совнаркомның председателі болып та­ғайын­далды. Сәкенге үкімет билігімен қоса «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторлығы да жүктелді. Осы съезге делегат болып Сабыр Шәріпов те келді. Ол жай келген жоқ, әнеугі айтылған идеяны іске асырмақ болып нақты жоба жасап әкеп Сәкенге тапсырды да сөйлеп кетті: «Әнеу күні өзіңмен қазақтарды отырықшыландыру үшін поселке салу жайын сөйлестік емес пе? Совнарком болған соң ұмытып қалсаң өзің білесің. Мен сол идеяны жүзеге асырмақ боп Ақмола губерниясының әр уезінде бір-бір опорно-показательный поселок салу жөніндегі қаулыны атқару комитетінде бекіттіріп алдым. Енді осыған қаражат керек. Оны сен тауып беруге тиіссің, – деп Сәкенге қарады.
– Сабыр әбзи, ақша жағын қоя тұры­ңызшы, Сізге жоба айқын бол­ғанмен маған әлі түсініксіздеу.
– Ә, солай ма, онда Ақмола губер­ниялық атқару комитеті прези­диу­мының 11-ші қарашада шығарған қаулысын оқып шық – деп 3 тарақ қа­ғазды Сәкенге ұсынды. Сәкен оқып шықты. Онда былай делініпті: 
«Қазақ халқын отырықшылыққа бастайтын 4 үлгілі поселке салу туралы Ақмола губерниясы атқару ко­ми­тетінің президиумы: Губатком пред­седателі Сабыр Шариповтың баяндамасын тыңдап, онда атап көрсетілген шаралардың орынды, дәлелді екенін, саяси жағынан да, экономикалық жа­ғынан да бұл поселкелерді құру қажет екенін ескере келіп, президиум қаулы етеді:
Петропавл, Көкшетау, Ақмола мен Атбасар уездерінде аштыққа шал­дыққан қазақ кедейлерінен 1923 жылы төрт үлгілі поселке құрылсын, оның әрқайсысы 100 түтіннен аспасын. 
Губерниялық жер басқар­масы­на құнарлы, жайлы суы мол участоктарды дереу тауып беру тапсырылсын. 
ГЗУ  қолда бар ауыл шаруа­шылық құрал-саймандарын берсін, жет­пегендерін жер-су халық комис­сариа­ты арқылы тауып алу тапсырылсын. 
ГЗУ смета бойынша құрылысқа қажет ағаш материалын бөлсін.
Аштарға жәрдем көрсету коми­теті жинаған малдарын үлгілі посел­келердің фондына түгелдей өткізсін. Егіс егу, өнім жинау және поселкелерді салу кезінде қоғамдық негізде жұмыстар ұйымдастыру және ақша қаражатын жинау көзделсін. 
Әр поселкеге бір болыстың ең­бек салығынан алынатын табысы бері­летін болсын. 
Осы қаулыны жүзеге асыру және оның нақты жоспарын жасау президиум мүшесі Шәріпов жолдасқа жүктелсін». (Бұл құжат табылған жері – Қазақстан Компартиясы Солтүстік Қазақстан облыстық Комитетінің архиві, фонд 55, опись 3, 48 дело / «іс»/, 23 лист / бет/.)
– Сабыр әбзи, мыналарыныз нағыз революциялық шара ғой. Жарадың, әбзи, жарадың! – деп қуанған Сәкеннің осы бір шағын пайдаланып қалмақ болып Сабыр:
– Мынаған қол қойып жібере қойшы, – деді.
– Е, мұның не?
– Әзірге 5 мың пұт астық. Құрал-саймандарды жинап, күш-көлікті тауып қойдық. Енді, астық керек. Астықсыз ешкім де поселкеге барар емес. 
– Поселкелердің қай жерде болары белгілі ме?
– Шамалап отырмыз. Петропавл уезінде Баженовка деген заимкені бөліп отырмыз. Оның күйі жақсы. «Өрнек» деп атамақпыз. Көкшетау уезінде Жокей көлі маңына орналасқаны жөн сияқты. Оны Казгородок деп атаса жақсы болар деймін. Ақмола уезінде бұл поселкені шымқай қазақтардың ортасына апарып орнатқан дұрыс. Оған қолайлы жер – Қорғалжын. Атбасар уезіндегі поселкенің қай өңірде болары әлі белгісіз. Осы төрт поселке үшін арнаулы бөлім ашып, оған Захар Катченконы бастық етіп тағайындадым. Ал енді қол қоямысың мына қағазыма? – деп Сабыр Шәріпов Сәкенге қарап жымиды.
– Бұл игілікті істен ешкім айнып қалмас. Екі рет рұқсат сұрағанша, бір ретте бітіріп кетіңіз, – деді де Сәкен 10 мың пұт астық босату жөнінде бұрыш­тама жазып қолын қойды.
– Ал ақша ше?
– Оны Москвадан келгесін шешемін. Қазір еш мүмкіндік жоқ. Декабрьдің аяқ шенінде Сәкен Советтердің Бүкіл­ресейлік Х-съезіне барып қаты­сып қайтты.
Москвадан келген Сәкенге Сабыр Шәріпов бір жапырақ қағазды ұсына қойды.
– Мұныңыз не, Сабыр әбзи?
– Былтыр КирЦИК қызметкерлерін қымызбен емдейміз деп бірнеше бие сатып алыпты. Қазір 17 құлыны бар 21 бие тектен текке бағылып жатыр. Соны Баженовкадағы қазақ поселкесі «Өрнекке» берсек деп ем. Сәкен бір жапырақ қағаздың шетіне «Қазақтың үлгі-өнеге поселкасына берілсін. Кирсовнарком председателі С. Сейфуллин. 2.01.23» деп бұрыштама соқты.
Сәкен қиялымен әлемді шарлайды. Бір кезде Сабыр Шәріповтың қол қойдырып алып кеткен қағазы есіне түсті де, «Осы да бір игі жұмыстың басы. Соны жұртқа өнеге ету қажет деп іштен күбірледі де қолына қалам алды. 
«Қазақ қаласы» деп үлкен әріппен қағазға жазды да, астын екі рет сызды да одан әрі былай деп жазды: «Ақмоланың губерниялық советтер комитетінің төр­ағасы (председателі) жолдас Сабыр Шә­ріп­ұлы губерниясының төрт жерінен төрт қала салуға жоба кіргізген. 
Жолдас Шәріпұлының бұл ұсынған жобасын   губерниялық советтер коми­теті кеңеске салып, биыл 1923 жылы Ақмола губерниясының бір-ақ жерінен қазақ қаласын салуға қаулы қылған. Бұл Қазақстанның ең бірінші қазаққа арналып салынбақ болып отырған тұңғыш қаласы. Қазақ халқы орын теуіп отырмай өнер-білім, мәдениетті алдағы халықтардың қатарына кіре алмайды. Қазақ өнерлі халықтардың қатарына шын кірсін деген адамдар құр көкиюді тастап, қазақты тез ірге бекітіп отырту ісіне кірісулері керек. Бұл қазақ тұрмысындағы зор тарихи іске жолдас Сабыр Шәріпұлы мұрындық болды. Қазақстанның басқа аймақтары да Ақмоладан қалмай қала салып, қазақ жарлыларын оқыту ісіне кірісер. Қазақстан үкіметі бұл іске шамасы келген жәрдемін алмас. Істің тез жемісті болуына шын көңілмен тілектеспіз».
Сәкеннің идеясымен және тікелей көмегімен біраз аймақты жергілікті халық­ты отырықшылыққа көшіру ниетімен сәнді агроқалашықтар салынды. Кезінде Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ қаласы» деп аталған мақаласы «Еңбекші қазақ» газетіне 1923 ж. жарияланды. Жұрт оны қазақтар үшін әдейі тұрғызылған қала есебінде «Казгородок» деп атады. Солардың бірі біздің облысымызда (Солтүстік Қазақ­станда) салынған «Өрнек» поселкесі. Бұл туралы жазушы жерлесіміз Сәбит Мұ­қанов Орынбор рабфагінің І-ші курсын бітіріп, демалысқа елге келгенде губатком председателі Сабыр Шәріпұлымен еріп барып «Өрнек» поселкесін көргенін былай баяндайды:
«Қызылжар уезінің Қызыләскер болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Приишим ауданы) 1922 жыл­дың күзінде «Өрнек» атты коммуна құрылыпты (кейін «Өрнек» колхозы болған). Коммунаға жиналғандардың 95 проценті қазақтар, өзгелері орыстар мен татарлар. Бәрі кедей, батырақтар. Оларға Баженов дейтін помещиктің кең участігі және өзі Колчакқа еріп қашқанда қалып қойған үйлері, малдары, соқа-саймандары беріліпті. Үл­­гілі коммуна жасау мақсатымен губерниялық басқарушы орындар жауап­кер қызметкерлерден бастықтар жібе­ріпті. Былтыр ғана жалаңаш-жалпы келген кедей батырақтар биыл адам қатарына қосылып, «Тамақ тоқ, көйлек көк» деген халге келіпті. 
Бұрын Баженовтың заимкесінде тұратын азғана үйлер мен сарайлардың төңірегіне қала өсіп, көше-көше боп үйлер салыныпты. Мемлекет қара­жатына мектеп, аурухана үйлері салына бастапты. Сол өркендеудің үстіне биыл егіні де, шабындық шөбі де мол шығып, «Өрнек» коммунасының адамдары аса көңілді екен. Шаруашылық жағынан да, мәдениет жағынан да «Өрнек» төңіректегі ауылдарға үлгі бола бастаған екен» (Сәбит Мұқанов. Өмір мектебі. 2-ші кітап, Алматы, 1953, 349-350 беттер).
Ғасырлар бойы көшпелі өмірге бауыр басқан қазақ қауымына отырықшылық тұрмыстың артықшылығын Сәкен біртін­деп шешіп көрсетуді мақсат тұтты. Малды молайтып, егінді көбейтіп, елдің тұрмысын жақсартуды армандады. Қолында билік бар кезінде мұны сөзбен емес, іспен көрсетті. 
Сәкеннің әр жерде «Казгородок» құ­ры­­­лысын қолға алуы да осы мақсаттан туындаған. Сол кезде өнірге келіп үлгерген кей­бір мекендер осы заманға да жетті. 
Ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт патриоты Сәкен Сейфуллиннің бұл еңбегі ұмытылмайды деген ойдамыз.

Алдыңғы «
Келесі »