• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ашық әңгіме
  • >
  • ҰЛТ – МЕМЛЕКЕТ САҚТАЛУЫНЫҢ АЛҒЫШАРТЫ немесе нарықтық экономика мен ұлттық мемлекетті жекелей емес, біртұтас құбылыс ретінде қарастыру қажет

ҰЛТ – МЕМЛЕКЕТ САҚТАЛУЫНЫҢ АЛҒЫШАРТЫ немесе нарықтық экономика мен ұлттық мемлекетті жекелей емес, біртұтас құбылыс ретінде қарастыру қажет

  • 20.10.2015
  • 522 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дина Тазабекқызы,
әлеуметтанушы

Биылғы жылдың тамыз айындағы қазақстандық ұлттық валюта бағамының құлдырауы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың шынайы көрінісін ашып берді және  экономика кез-келген ұлттық мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы орны мен келешегін айқындайтын бірден бір басты фактор екенін есімізге салды. Жекелеген  жетістіктерін (тұрғындардың әл-ауқаты артты, материалдық тұрмыс деңгейі көтерілді және т.с.с.) жоққа шығармасақ та, егемендіктің осы жиырма төрт жылында біржақты жүргізілген, тұтастай дерлік шикізат бағдарлы экономикалық саясат салдарынан қазақтың ұлттық мемлекеті дәл бүгінгі сын сәтіне келіп тірелді. Осыған байланысты алдағы уақытта қазақ елін аса күрделі этнотрансформациялық үдеріс күтіп тұр және оның екі жолы бар:  қазақтың ұлттық мемлекеті болып сақталып қалу немесе сепарацияға ұшырау – екі немесе бірнеше мемлекеттің бөлшектеп алуы. Елдегі бүкіл үдерістер қоғамдағы басты сала – ұлттық экономика кері кете ме, жоқ әлде өзгеше серпінмен дағдарыстан шыға ала ма – осыған тығыз байланысты. 


Ұлттық мемлекетте барлық сала ұлттық мүддеге негізделіп, соған сәйкес бағытта дамуы заңды құбылыс. Жалпы «ұлт» ұғымы тарихи  қалыптасқан территориясы бар, ұрпақтар сабақтастығымен біріккен, мінез-құлқы, психикасы ұқсас, мәдениеті мен тілі бір, өзіндік атауы бар  адамдардың жиынтығын құрайды.  Ал, индустриалды дәуірде ұлт дегеніміз ең алдымен әлеуметтік-эко­номикалық, мәдени-саяси және рухани қауым. Біркелкі мәдениет үлгілерін тұтынатын, өзара экономикалық байланыспен біріккен мұндай қауымның тіршілігінде экономикалық факторлар үлкен рөл атқарады.  Қоғам  дамуының қозғаушы, шешуші күші ретінде елдегі экономикалық жүйенің сипаты барлық саладағы (саясаттан бастап, әлеуметтік ахуал, тұрмыс-тіршілік, дүниетаным және т.б.) өзгерістерді айқындайды. Халықтың әлеуметтік топтарға, жіктерге бөлінуінің негізі де осында жатыр. Қоғам біртұтас әлеуметтік жүйе болғандықтан, бір саладағы өзгеріс, жағымды әлде жағымсыз болсын, басқа саладағы өзгеріске міндетті түрде алып келеді. Еліміздегі экономикалық жүйенің әлсіздігін дәлелдейтін бір факті, – таяуда ғаламторда Қазақстан әлемдегі кедейшілік жайлаған елдер қатарына кіретіні жайлы ақпарат тарады. Шет елдермен салыстыратын болсақ,  кедейлік шегі дамушы елдер үшін – күніне бір адамға 1 $, Шығыс Еуропа  – 4 $, дамыған нарықтық елдерде – 14,4 АҚШ доллары. Дамушы елдер қатарындағы Қазақстанда ресми статистика бойынша жарты миллион тұрғын кедейшілікте өмір сүруде. Ал, қазақстандықтардың 44%-ы ең қажетті заттарды ғана сатып алумен шектеледі. Ел тұрғындарының денсаулық жағдайын, сатып алу қабілетін, әлеуметтік жағдайын, тұрмысы мен өмір сапасын қамтитын бұл деректер мемлекеттің әлемдік беделін, мәртебесін қалыптастыруға тікелей әсер етеді.  
Осы іспетті кереғар көріністердің се­беп­терін  іздеуден туған саналуан сұрақ­тар әрбір қазақстандықты мазалайтынына күмән жоқ. Дамыған озық елдер тәжірибесіне зер салсақ, олардың бәрі ең алдымен осы дәрежеге ғылыми білім мен өндіріс арасындағы байланысты жолға қоюдың арқасында жеткенін байқаймыз. Бұл негізінен басқаруды, ұйымдастыруды жетілдірудің нәтижесі. Қазіргі таңда әлемдік экономикалық державалар мен үшінші әлем елдерінің даму деңгейі тым алшақ: батыс елдері постиндустриалдық қоғамда, нанотехнологиялар дәуірінде өмір сүріп жатса, Қазақстан деңгейлес дамушы елдер индустриалдық қоғамды енді құру үстінде.  Еліміз нарықтық қатынастарға қадам басқалы жиырма жылдан асса да осы жүйеге сай келетін шаруашылықты жүргізу тәсілдері, басқару, тұрғындардың өмір салты мен мінез-құлқы, іс-әрекеті, қысқасы, рационалдық қасиеттер басымдық ала алмай отыр. Әсіресе, еркін нарықтың басты жетістігі – өнеркәсіп өнімдерін еркін алмасуға қол жеткізе алмай келеміз. Сонау ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов «Өнеркәсіп мәселесі – қазақ кедейінің тағдыры» деп, қазақ елінің экономикасын шикізатқа байлап қойғысы келген Ф.Голощекинге қарсы шыққан еді. Бұл мәселе әлі күнге өзінің өзектілігін жоймапты. Дүниежүзіндегі отын-шикізат нарығындағы құбылмалы ахуал экономикасы шикізат құнына тәуелді Қазақстан тәрізді елдерге жақсылық әкелмейтініне көзіміз жетіп болды. Жүргізіліп отырған реформаларға қарамастан, Қазақстан әлі де шикізаттық бағыттан арыла алмай-ақ келеді. Көптеген  салаларды жем­қорлық жайлауы себепті білікті кадр­лар шеттетіліп, оның орнына кездейсоқ адамдардың еніп кетуі де дамуды тежеп отыр. Индустрияландыру,  экономиканы әртараптандыру бағдарламалары толыққанды іске қосылмай, өндіріс деңгейінің артта қалуы қауіпті үрдіс алды. Әлі күнге сөз жүзінде қалып келе жатқан ғылыми қамтымды экономика құру –  өндіріс пен ғылымды тығыз ұштастыру үрдісі білім мен ғылымның басты өндіргіш күш  ретіндегі қызметінің алдыңғы орынға шығуына негізделетіні ескерілмей келеді. Әлем елдерінің орны мен беделі, орнықты дамуы заманауи технологияларды енгізуіне, қолдануына келіп тірелетініне дамыған елдер тәжірибесі дәлел. Ал, бұл үдерістен тыс қалғандар дамудан  да тыс қалады. Тиісінше, ең озық ғылыми-техникалық жетістіктерге сүйен­ген өнеркәсіп пен экономика қоғамның әлеуметтік прогресін қамтамасыз етеді. «Даму тоқтаған бойда бәсекелестер отте­гіні тоқтатады – мемлекет артқа кетеді» деп, Президент Н.Назарбаев Астанада өткен инновациялық форумда атап айтқан болатын. Сол себепті, бұл үдерістерді қоғам өмірінің барлық саласымен тығыз байланыс­та қарастыра отырып жүзеге асыру оның теріс салдарының алдын алуда аса маңызды орын алады.
Жалпы, индустриалдық қоғам бірлікке, жетістіктерді ынталандыруға және қоғам мүшелерінің ұйымшылдығы мен ерікті кооперациясына негізделуі тиіс. Мұндай қоғам ерікті келісімді қатынастармен және жалпыға ортақ  моральмен бірігеді. Үкіметтің рөлі шектеулі. Жаңа дәуірде «ең мықты қоғамдар озып шығады, ал, әлсіз қоғамға жойылу қаупі тән. Бұл процестің нәтижесі – қоғамның тұтастай биік деңгейге бейімделуі» (Г.Спенсер). Алайда, қазақстандық экономикалық саясаттың бұл ережелерді ескермеуі, ықтимал қай­шылықтар мен қиыншылықтарды бол­жауға қабілетсіздігі тұтас бір әлеуметтік-экономикалық жүйенің дағдарысқа ұшырауына әкеп соқты. Бүгінгі қоғамда шешімін таппай отырған түрлі саладағы мәселелердің  көптігі де дәл осы жүйе ішіндегі кемшіліктерден пайда болғаны анық. Сан-салалы бағдарламалар ар­қылы өндірісті дамытуға көп көңіл бөлінгенмен де, оның барлығы соңына дейін жеткізілмеуі, нәтижесіздігі осы реформалардың тиімділігіне деген ха­лықтың сеніміне селкеу түсірді. 
Қазақстандағы экономикалық дағдарыс мәселесі бүгінгі таңда қоғамның барлық деңгейінде, түрлі сахналарда, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, лауазымды тұлғалардың отырыстарында талқылануда, – бұл оның мойындалғанын білдіреді. Енді, бұл түйін­ді мәселені жабулы қазан күйінде қал­дырмай,  тағдырын оң шешу маңызды. Керісінше жағдайда, яғни, бұл мәселенің легитимділікке ие болмауы, ресми түрде назар аударылмауы балама ұсыныстардың тууына, қайшылықтарға, әлеуметтік шиеленіске итермелеуі әбден мүмкін. Дағ­дарыс кезінде күнкөріс шегінде өмір сүріп жатқан тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мүлдем құлдырап, нашарлауға бет алады. Ал, әлеуметтік шыңыраудағы немесе перифериядағы  топтардың үнемі шиеленіс пен қайшылық көзін құрайтыны белгілі.  Ел үшін маңызды стратегиялық міндеттердің орындалмауы,  ресурстардың көлеңкелі экономикада шоғырлануы, биліктің әртүрлі деңгейінде кездесетін жемқорлық көріністерінің жойылмауы,  әлеуметтік теңсіздіктен туған түпсіз терең шыңырау ішкі тыныштықты бұзып, наразылықтарды өршіте келе, әлеуметтік шиеленістің күшейе түсуіне, радикалдық көңіл күйдің, ақыр аяғында неше түрлі экстремистік ұйымдардың пайда болып, бас көтеруіне қолайлы жағдай туғызады, – мұны  әртүрлі ішкі және сыртқы теріс күштердің пайдалануы ұлттық мемлекеттіліктің тамырына балта шабуы ықтимал. Керісінше, – қоғам мүшелерінің әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі жоғары болған сайын, әлеуметтік тұрақтылық, тыныштыққа да сенім мол, – бұл саладағы бүкіл мәселелердің осыншама бір-бірімен өзектес болып келуі де бұған жіті көңіл аударуды қалайды. Осылайша, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қайшылықтардың қаншалықты терең екенін біз дәл осы сәтте, қазақстандық қоғам мен ұлттық мем­лекеттің маңызды құндылықтарына қауіп төнген кезде ғана айқын ұғынып отырмыз. «Не істеу керек?» деген сұрақ басқару деңгейінде талқыланып, халық соның шешімін күтеді.  Дәл қазір мемлекеттік деңгейде шұғыл реформалар  қабылдау арқылы қалыптасқан жүйені емдейтін, алға жетелейтін шаралар жүргізуге бүкіл қоғам  сұранып тұр (қатардағы тұрғын да, кәсіпкер де, қоғамдық институттар да). Осыны дұрыс аңғарып, дер кезінде тиісті шешімдер қабылдау және іске асыру қазақстандық саяси биліктің алғырлығы мен халық тағдырына алаң­даушылығының айқын дәлелі болмақ. 
Ғалымдар  әрбір елдің экономикалық жүйесінің сипаты, даму деңгейі мен сол елдегі басқару типі өзара тығыз байланысты деп есептейді. Осыған орай әлем елдеріндегі демократия деңгейін білдіретін индекс (The Democracy Index) бойынша Қазақстан авторитарлық режиммен басқарылатын елдердің қатарына кіреді, бұл рейтингте еліміз 142-орында тұр (айталық, Қырғызстан 106-орында, аралас режим). Мысалы, демократия қағидаларын қатаң ұстанатын елдер жаңа ғасырда нанотехнологияларға негізделген 6-укладта өмір сүрсе, Қазақстан өнеркәсіптік өндірістегі 4-укладқа жаңа келіп кірді. Мұның өзі бүкіл қоғамның түбегейлі өзгеретін кезі келгенінің белгісі. Бұл үшін қазақстандық экономиканың даму әлеуеті шикізаттық парадигмадан бас тартып, зияткерлік экономикаға бағыт алуы,  нарықтық жүйені  жағымды күшке –  қоғам үйлесімі мен бірігуінің, тәртіптің көзіне айналдыруы оң нәтижелерге жет­кізетін бірден бір жол. Бірігуге қатысты бірер сөз: қазіргі заманғы өркениеттік парадигма тұрғысынан қарағанда ұлт ұғымы тіл, мәдениет, территория, салт-дәстүр бірлігімен қоса ғылым мен білім дең­гейі, елдің техникалық даму дәрежесін қамтиды. Ұлт ұғымы ХІХ ғасырдан, индустриалды қоғамның пайда болуымен қатар қолданылып келе жатқанын ескерсек, қоғамның нығаюы, гүлденуі – ұлт-мемлекеттің сақталуының алғышарты. Ұлттық мемлекеттің дамуының әрбір кезе­ңінде белгілі бір факторлар жетекші рөл ойнайды, – бұл бүгінгі қазақ қоғамы үшін қазіргі шынайы экономикалық жағдайды дұрыс қабылдап, соған сәйкес әрекет етуден көрініс тауып отыр. Осы тұрғыда америкалық экономистер К.Макконелл мен С. Брю экономикалық саясат ұғымына «проблеманы түзету немесе оның пайда болуының алдын алуды мақсат тұтатын іс-әрекеттер бағыты» деген анықтама беріпті. Қазақстандық экономиканың алдында да қазіргі кезеңде дағдарыстан шығудың амалдарын іске асыру, еркін нарық құру арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, халықтың әл-ауқатын көтеру міндеттері тұр. Немістің белгілі экономисі Ф.Ноймарк та мемлекеттік бюджеттің атқаратын функцияларының арасында қаржылық-саяси, саяси, экономикалық-саяси міндеттерін айрықша атап өтеді. Бюджеттің саяси функциясының көмегімен мемлекет әлеуметтік-таптық жанжалдардың, шиеленістердің өршуін тоқтата алады, ымыраға жол ашады,  әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізеді. 
Тағы бір көрнекті социолог-экономист Карл Поланьи өзінің тарихи-экономикалық «Ұлы трансформация» зерттеуінде саяси-әлеуметтік үдерістерге сипаттама бере отырып, «нарықтық экономика мен ұлттық мемлекетті жекелей емес, керісінше біртұтас құбылыс ретінде қарастыру қажет» деп тұжырымдайды.  Мемлекет дамыған сайын экономикалық үдерістер де қоғамның басқа салаларынан оқшауланбай, олармен тығыз байланыста дамуы тиіс.  Нарықты өз еркіне жібере салуға болмайды, бұл апаттарға алып келеді. Мемлекет қоғамды бағаның құлдырауы жағдайында нарықтан қорғау тетіктерін құруы тиіс, оның ішінде әлеуметтік жәрдемақылар төлеу және т.с.с. Тамыздағы жағдайдан кейін ҚР Президенті Н.Назарбаевтың әлеуметтік мұқтаж топтарға көмек көрсету жөнінде тапсырма беруі де шиеленістерді болдырмаудан туған шешім. 
Даму жөніндегі халықаралық институттар әлемнің түрлі елдерінің экономикасын қалыптастыруда «жергілікті ерекшеліктерді» қолдануды ұсынады, – өзінің даму ерекшелігін қатаң басшылыққа алмаған ұлт-мемлекет ұзақ өмір сүре алмайды. Осы ретте бүкіл экономикалық іс-шаралардың ұлттық, мемлекеттік, әлеуметтік астары бар екендігін қаперде ұстау біз үшін аса қажет. Мұндағы басты идея экономикалық саясатты жүзеге асыруда басқа бір елде табыспен жүзеге асқан дайын реформаларды көшіріп алу үнемі оңтайлы бола бермейтініне келіп тіреледі. Ал, дербес даму бағытын таңдау үшін қабылданған ұзақ мерзімдік стратегия сол елдің тереңде жатқан артықшылықтарына, оның тарихы мен мәдениетіне негізделуі тиіс. Оған қоса бұл стратегия халықаралық нарықтарға шыға алатындай тәсілді іздестіруі және талантты адамдарды, яғни адам капиталын тиімді қолдана білуі міндетті.  Мұны Қазақстан міндетті түрде ескеруі тиіс. 
Тарихтың жазуымен өткен жүз­жылдықта елімізге түрлі ұлт өкілдері ке­ліп қоныстанды, Қазақстан көпұлтты мемлекет деп санаймыз. Дегенмен, бұл дәуірде оқшау өмір сүретін, бір ғана ұлттан құралған мемлекет жоққа тән. Сондықтан, өз болашағын қамтамасыз еткісі келген әрбір ұлттық мемлекет ел құрамындағы диаспора өкілдеріне мәдени-тілдік мүм­кіншіліктер берумен қатар, оларды мем­лекетқұрушы ұлт төңірегіне топтастыру, сіңіріп алу (ассимиляция) үдерісін үздіксіз жүргізе беруі міндетті. Бұл үдерістің тағы бір қыры бар, –  қазіргі дағдарыс ке­зеңінде қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағы шын мәнінде сынаққа түскелі тұр, өйткені кез-келген қоғамдық мәселе оқшау шешілмейді, ол ұжымдық әрекет етудің нәтижесі болып табылады. Мәдениеті мен құндылықтары ортақ, тілі бір, мүддесі бір, консолидацияланған қауым кез-келген қиындықты еңсеруге қабілетті. Осы тұста экономикалық дағдарысты пайдаланып, одан шығудың жолдарын қазақстандық қоғамды біртұтастандырудың  әдісі ретінде қолдану, ұлттың ұйытқысы етуге тырысу, топтасуға жетелеу ел мүддесінен туған қажеттілік. Ұлт ісінде ұсақ-түйек жоқ. Экономикалық фактор ұлттық сана-сезімнің нығаюына идеологиялық фактордан кем емес ықпал ете алатын құбылыс. Бұл мәселе бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған Ұлт Жоспарындағы қазақстандық біртектілік идеяларына сәйкес келеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта «100 қадам» Ұлт Жоспарының 89-қадамы бойынша мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына «Мәң­гілік ел» құндылықтары енгізілетін бол­ды. Осы орайда бүгінгі жас ұрпақ заманауи білімдерді игерумен қатар өзінің де, елінің де келешегі кемел, тұғырлы болуы ұлттық мемлекеттің нығаюымен, экономиканың гүлденуімен тығыз байланысты екенін терең ұғынуы тиіс.
Мәдениет пен тіл бірлігі арқылы біртектіленген қоғам мүшелері өз мүд­десін ұлт-мемлекеттің болашағымен ұштастыруға ұмтылуы үшін осы территорияда өмір сүріп жатқан әрбір тұрғын өзінің, бала-шағасының, ұр­пақ­тарының әл-ауқаты, игілігі осы мем­лекеттің гүлденуімен, нығаюымен ғана қамтамасыз етілетінін сезінуден туады. Ұлттық мемлекетсіз ұлт та өмір сүре алмайтыны айдан анық. Ұлт-мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюы, ұлт құрылысы үздіксіз жүре беретін, ешқашан тоқтамайтын үдеріс, – ұлт та өзіндік төлтума бейнесін жоғалтпай сақтауы үшін өз мемлекетімен бірге жасасып, дамып, ортаға бейімделіп отырады. Ал, осы жолда кездескен қиындықтар мен кедергілерді жойып отырмаса, ұлт-мемлекет ыдырайды. Сөйтіп, рухы әлсіреген, бірлігі, ынтымағы нашар, жасампаздығы (креа­тивтілігі) жоқ халық өзге озық жұрттар пайдаланатын этнографиялық материал есебінде болады. Экономиканың дамуы мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы бәсекеге қабілеттілігі деңгейін ғана емес, әсіресе, оның ұлт-мемлекет ретіндегі тұрақты дамуын айқындайды. Бұл қазіргі таңда  Қазақстанның мемлекет ретінде сақталып қалуының басты шарттарының бірі. Тәуелсіз ұлттың экономикасы да тәуелсіз болуы міндетті. 

Алдыңғы «
Келесі »