БАЙЛЫҚТЫҢ КӨЗІ АҚШАДА ЕМЕС, ИДЕЯДА!

  • 20.10.2015
  • 818 рет оқылды
  • 4

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
халықаралық журналист

Ел экономикасының гүлденіп дамуына халық та, билік те мүдделі. Сон­дықтан да, сыбайлас-жемқорлық деректерінің көптігі, экономикадағы алаяқ­тықтың белең алғандығы, әділет­сіздік пен ұрлық-қарлықтың асқынып бара жатқандығы ешкімді бей-жай қалдырмаса керек. Шын мәнінде, ел­дің тағдырына іс жүзінде заңды-заңсыз жолмен байлыққа кенелген оли­гархтардың ықпалы зор. Мұндай жағдайда әлеуметтік саясатты қалай бел­гілемек керек. Экономиканы қандай күш алға сүйремек? 
Әлеуметтік жағдайдың төмендеп, қымбатшылықтың қысып бара жат­қанын бәріміз сезінсек те, одан шығу­дың жолдарын ешкім нақты көрсетіп беріп отырған жоқ. Әрине, жасалып жатқан бағдарламаны санап бітпейсің. Бірақ, нәтижесіне келгенде күмілжіп қаламыз. Оны өз кезегінде Елбасы да сан рет өткір сынға алды. Әкім-қаралар немесе министрлер бір орыннан келесіге ауысқанда «өз командасымен» барып, бұрынғыларды ығыстыратындығының себебін ана жолы Парламент алдында мемлекеттік қызмет саласына жауап­ты агенттік төрағасы  Қайрат Қожам­жаров шынайы болмысымен дәл си­пат­тап бергендей болды. Ол мұндай «командалық» тәсілдің астарында жемқорлықтың ізі жатқанын ашық айтты. Расында, қазір жоғары лауа­зымдық қызметте жүргендердің арасы­нан жемқорлықтан аулақ, ары таза жан­дарды табу қиынға соғатын болды. 


Мемлекет сеніп тапсырған қызметті асыра пайдаланып, қазына тонап, қаржы ұрлаушылардың қатары артқан сайын шынымен де Елбасы өзі айтқандай «шетінен бір-бірлеп қолынан жетектеп сотқа апара беруге» болатын сияқты. Жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, тауар өндіру, қызмет көрсету, әлеуметтік қорғау секілді елдің ең бір өзекті мәселелерін қағаз жүзінде ғана керемет көрсеткіштермен алаулатқанымыз болмаса, іс жүзінде сын көтермейтін халдеміз. Жағдайлары бізден көш ілгері жұрт дабыл қағып жатса, өзімізді әлемдегі ең бай елдер қатарына қосып «бізде бәрі бар» деп мақтанудан алдымызға жан салар түріміз жоқ. Тіпті, онымыз аз болғандай, депутаттар алдына барған бір министріміз шетелдік мамандарды салықтан босату, оларға бюджеттен арнайы жеңілдік жасалуы керектігін айтып жомартсыды. Соған қарағанда, «біздің бюджетте ақша тым көптік етіп, бұлар тауыса алмай отыр ма» деп ойлап қала жаздайсың. Олай дейін десең, олигархтардың ұрлап апарып, шетелге тыққан лас капиталдарын жуған ақшадан салыққа пәлен қаржы түскенін айтып қуанып жатады. Болашақ ұрпақтың қамы үшін деп сақтаған «Ұлттық қорға» қол салдық. Ол аз болғандай, енді, қартайғанда қамсыз отырудың қамын ойлап, халықтан жинақтаған зейнетақы қорынан қаржы алып жатыр. Мұнысы енді, ортақ қазанның ортайып, тиын-тебен таппай қысылып отырған елдің тірлігін аңғартады. Бәрі шым-шытырық, ештеңесін түсініп болмайсың.   Бір анығы, қазіргі жағдайда ортақ қазаннан қаншалықты мол қар­пып жеп қалсаң, соншалықты әл-ауқатың көтеріліп, қазынадан ұрлаудың арқасында баюға болатындай ұғымның қалыптасқаны рас. Керісінше, «ұрлық түбі қорлық» дегенді ұғатын күн туса игі еді. Майлы жіліктің басын ұстап отырғандардың көбінің қандай жолмен байығанын бүгінгі күні еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бес сау­сағындай білетін жағдайға жеттік. 
Халықтың жайбарақаттығы мен жайба­сарлығының салдарынан бүгінге дейін бай мен кедейдің аражігі барған сайын алшақтап барады. Бұл әрине, бүкіләлемге тән үрдіс болғанымен халқы аз, жерінің асты мен үсті байлыққа толы,  біз секілді мұнайлы елдер үшін кедейшілікке жол бермеуге мүмкіндік зор. Алайда, қазіргі кең өріс алған жұмыссыздық, қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас-жемқорлық пен асқынған парақорлық, әлеуметтік теңсіздік халықтың отаншылдық сезіміне селкеу түсіріп, ұлттық қауіпсіздікке нұқ­сан келтіретіндігімен қа­тер­лі. Ең келеңсізі, ғылым саласын дамытуға бөлінеген қыруар қаржының желге ұшып жатқаны болашақ үшін аса қатерлі жағдай. Магистрлік, докторлық дәрежелі мамандар дайындауға арнап, жыл сайын біршама қомақты қаржы бөлінеді. Қазір кейбір ұлттық делінетін университеттерге бөлінген мемлекеттік гранттық орындарды саудалайтын жағдайға жетіппіз. Ресми дәйектелмеген дерек көздерінің мәлімдеуіне қарағанда, белгілі бір салаға мамандануға тиіс бөлінген гранттық орындардың бірін магис­транттыққа талапкерге 4000 АҚШ доллардан, PhD грантын 10 мың доллар­дан саудалауға астыртын кірісіп, соның арқасында қалтасын қалыңдатып алған бір декансымақ  бой көрсетіпті. Оны ұстаздар ұжымы білгенімен, әлгі декан тапқан «олжасын» проректормен бөлісіп отыратындықтан ешқайсы ауыз аша ал­майды-мыс. Оны аз десең, жемқорлық дерегі бойынша құқық қорғаушылардың қармағына ілігіп, қамауда болған бір доцент әйелдің бүтін бір оқу жылындағы өтпеген сабағы үшін жалған табель толтырып, үкімет бюджетінен алатын еңбекақысын мұртын бұзбай сақтаған.  Бір ұжымды дүрліктіріп жүрген мұндай келеңсіздікті құқық қорғау органдары біреуден шағым түсуін күтпей-ақ ар-ұяттан безгендердің көлденең та­быстарына түгендеу жүргізіп, құрықтау жағын ойластырғандары абзал. 
Кедейшіліктің тағы бір негізгі кілті – барған сайын өршіп бара жат­қан инфляция мен коммерциялық банктердің ақылға сыймайтын пайыз­дық өсімдерінде болып тұр. Осының бәрі қазақ халқының тәуелсіздік жылдарындағы үкіметке деген сенімі мен үмітіне қаяу түсіріп отыр.  Барша қазақ ел тәуелсіздігіне барынша сенген, одан жақсылық күткен. Енді, қайда кетіп бара жатқандығын бажайлайтын, ойланатын жағдайға жетті. Тәуелсіздікті нығайту, оны баянды етіп ұстап тұрудың маңыздылығы барған сайын өткір сезіліп отыр. Ол үшін ең алдымен, әлеуметтік теңдікті, әділдікті қалыптастыруға тиіспіз. Кез келген мем­лекет өз азаматтарының қарны тоқ, иығы бүтін, қолайлы баспаналы болуын қамтамасыз етуге міндетті. Егер, оны жасай алмаса, несіне халықтың төлеген салығы есебінен жалақы алып, несіне өзгеден көп артықшылықтарды иеленіп, не үшін абажадай аппаратта шіреніп, жан-жағын қорғаушылармен қоршап, қымбат көлікте шалқайып отыр?! Біз демократиялық зайырлы қоғам құруды Конституция арқылы бекіткен елміз. Мұндай қоғамда мемлекет өз тұр­ғын­дарының ішер асы мен киім-кеше­гін, баспанасын сатып алуына қолайлы жағдай тудыратын жұмыс орнымен қамтуға тиіс болса керек. Осы мәселені шеш­кеннен кейін барып, саясат, экономика, геосаяси мәселелер жөнінде әңгіме айтып, халықаралық іс шаралар ұйымдастыруға болатын шығар. Демократиялық зайырлы қоғам туралы қағидаларға зер салсақ, онда «халықты алда, қазынадан қаржы ұрла, мемлекеттің бөлген білім грантын саудала, еліңді тона, алаяқтық жолмен олигарх бол» деген сөз жоқ. Қазір жұрттың кейбір бөлігі осындай әділетсіздіктің бәрін демократиядан көріп, сталинизм мен оның қанды қырғынын аңсайтын ностальгияға бой ұра бастады. Шын мәнінде, демократия дегеніміз адамгершілік пен әділдікті, тең­дік пен бостандықты ту ететін адами құндылық. 
Қоғамды қатыгездік жайлап бара жатқандығы да алаңдаушылық ту­ды­рады. Есірткіге еліргендер мен маскүнемдерді айтпағанның өзінде, білім ор­дасында сыныптасын қолындағы қаламымен аяусыз шаншып о дүниеге аттандырған келеңсіздік те кездесті. Кәме­летке толмаған жасөспірімдер арасындағы мұндай келеңсіздікке мектеп ұжымы, сыныптас достары қалай жол беріп отыр? Балалар арасындағы дау-дамайға, келіспеушілікке басу айтатын бір саналы азаматтың сол ортадан табылмағаны ма? Қоғамдағы немқұрайдылық пен безбүйректіктің салдары ақыр аяғында онекі мүшесі сау жас балғынның қыршыннан қиылуына дейін әкеліп соқтырып жатыр. Қазір балаларын таңертең сабаққа жіберген әрбір ата-ана үрей құшағында күн кешетін болды. Ондай жағдайда жұмыста да береке бола ма? Жұмыс демекші, қазір астық еккенімізбен ғана мақтанбасақ, өзге не қалды бізде? 
Жер қойнауын ақтарып қазба байлықты түгесуге жақындадық. Мұнайымыздың да мұңы көбейіп тұр. Үміт артқан кен орындарымыздың біразы қаңтарылып тұр. Үш күндік ғұмыры бар кәсіпорынды ашуымыздан жабуымыз жылдам. Халық­тың күнкөрісінің көзі болып отырған қара базар өртенсе, қарапайым саудагерге соқыр тиын өтейтін тірі жан табылмайды. Сөйте тұра Астанадағы мега ойын-сауық орталығының мұртын балта шаппаса да мемлекет бюджетінен қаржы бөліп, орынсыз жарылқап тастамаққа  тыраштанамыз. Тоқсаныншы жылдардың басында кеңшар­ларды таратқанда ата кәсібіміз төрт түлік малдың құнын бір қойды бірлі жарым сабын мен бір қап ұнның деңгейіне дейін түсіріп ауылдың тоз-тозын шығарған едік. Енді, жер қойнауын ақтарып, өзен-суларымызды ластап, құрғатып бітіретін түріміз бар.  1990-жылдары қаңырап бос қалған өндіріс­тердің орнына ештеңе салынбады. Қазір салынды делініп жүргендердің не өндіріп, кімді жарылқап жатқанын түсі­нуден де қалдық. Әлем елдерінің көбі өздерінің стратегиялық маңызды нысандарын жекеменшіктің қолына беталды ұста­та салмайды. Ал, біз көбін жекеге беріп қойдық. Енді, оның бағасын білген­дерінше өсіріп, жұрттың қалтасын қа­ғып жатса, қоғамдағы тұрақтылыққа кепілдік бере аламыз ба? Арақ пен темекіден басқа ауыз толтырып ай­тар­лықтай өнімі жоқ елді бәсекеге ба­рынша қабілетті деп қашанғы өзімізді алдарқатамыз.  Шетел компаниясында жұмыс істейтін өз отандастарымыздың алатын еңбекақылары сол ұжымның жат жұрттық жұмысшылары алатын жалақысымен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылығы туралы өкпе наз айтыла-айтыла жауыр болды. Біздің қазіргі экономикалық саясатымызда ұлттық мүдде ең алдыңғы қатарға қойылуға тиіс. Ал, шикізатқа ғана негіз­делген, мұнайға бай бола тұра жанар­майға мұқтаж, енгізіліп жатқан өндірістік технологиясы шамалы ел дамудың қай шетінде жүргені айтпаса да түсінікті шығар.  Ел экономикасының дамуына құрғақ уәделер мен орындалмай­тын түрлі бағдарламалардан гөрі нақты із қызмет, жұмыс орындары, білімді де білікті азаматтар ғана керек.    
Әрбір    ұлттың экономикасы тек феода­лизм дәуірінде ғана шенді-шекпенділердің мүд­десіне қызмет етеді дегенді бір жерден оқығаным бар. Экономикалық барлық қа­тынасты  ат төбеліндей ғана топ үйлестіріп, барлық мүлікті еншісіне алып, тонап жатса, әрине, ондай жерде ар-ұят туралы айтудың өзі артық. Егер, өздері ештеңе тындырмай, өзгенің тапқанын немесе жалпыға ортақ байлықты сүліктей сорып, онысымен қой­май шетел асырып, ұрлап әкетсе, ал, ең­бекақысын талап еткендерді атып тастаса ше?! Мұндай жағдайды өркениеттің қай түріне жатқызуға болады?! 
Расында, феодалдық экономикада еш­бір реформа, даму атаулы болмайды, тек әркім өз шаруашылығы мен жұмысын күнкөрістің қамымен ілдебайлап жүргізеді. Ондай экономика өз бойына технологияны, білім-білікті, қосымша құнды сіңірмейді. Осы сипатымен ол экономикалық арт­та қалушылықты ғана соңынан ер­теді. Экономикада ілгерілеу болмаған соң, әлеуметтік мәселелер ойдағыдай шешіл­мейді. Кедейшілік, жұмыссыздық дегендер қа­рапайым көрініске айналады. Ешкім оларды жұмыспен қамтуға тырыспайды, бі­реудің кедейшілігіне бас қатырып, оны обалсынатын жанашыр тұлғаны табудың өзі мұң.  Біреуге жалданып, өлместің күні­мен ғана тіршілігін күйттемек. Кейін бала-шағасы да сол тірлікті қайталайды, ешбір болашақ жоқ. Ал, байлар мен дәулеттілер отаншылдық тәрбие атаулыдан жұр­дай болмақ, бар білетіндері қарақан бастарының қамын күйттеу ғана. Алтын-жамбыға, байлық пен олжаға отанын да, ұлтын да сатып жіберуге бар. Оның өрмекшінің торы секілді жүйесі әлеуметтік барлық саланы қулық-сұмдығымен, алдау-арбауымен, дү­ниеқоңыздығымен, парақорлығымен, жем­қорлығымен ірітіп-шірітеді. Феодал­дық экономика үшін білім мен біліктің құны көк тиын. Ешкімнің еңбегі лайықты бағаланбайды, жасаған жетістігің, тап­қан жаңалығың әлдебір тоғышардың олжасына айналып, ай далаға кетеді. Қазір айналаға қарасақ, осыған ұқсас жайларды көзбен көргендей боламыз. Банк және қаржы, салық саясатының өзі қарапайым халықтың қалтасын қағуға, зорға күн көріп отырған жандарды одан ары титықтатуға бағытталатын сияқты сезіле береді. Жа­райды, өзімізді қоя тұрып, алдымен фео­да­лизмді жетік танып алайықшы. Сонда көп нәрсенің басы ашылатын сияқты. Айталық, феодалдық экономиканың құнды­лықтары – шен-шекпен, ақша-пұл, сыйлық-марапат, той-томалақ екен. Енді аталмыш құндылықтарына жеке-жеке тоқталайық.
Шен-шекпен: қоғам жаппай лауазымды қызмет үшін жанталасады, соның салда­рынан білімсіз надан, залым-зұлымдар көбеймек. Шенге жеткісі келгендер билік иелеріне жағымпазданып жалбақтайды, оның жолында біреулерге қастандық жасайды, алдап-арбаудың неше түрлісін қолданады. Қалай да биліктегі сырмақтың шетіне ілігуге тырысады. Оған жетіп алған соң, білім атаулыдан құралақан пенде не істемейді, пасық қулықпен, залымдықпен айналасындағының бәрін сатады, отанына опасыздық жасайды, сөйтіп мемлекетті банкротқа отырғызады. Ақша-пұл: олар өз лауазымын пайдаланып, қандай жолмен болса да ақша-пұл жинауды мұрат етеді. Себебі, өздерінің былық-шылықтарының ізін өшіруге ақша керек және онымен қалаған лауазымын сатып алуға болады. Ақшадан ақша тудыратындар көбейеді. Халыққа үстемелеп, өсімдік пайызбен ақ­ша таратады. Төлем қабілеті жоқтардың үй-жайлары мен мал-мүлкін сыпырып алып, тентіретіп жібереді. (Бұл енді біздегі екінші деңгейдегі банктер ғой). Сыйлық-марапат: жұрттың ашу-ызасын басу, алдап қою үшін сый-марапаттар таратылады. Отаншылдарды, қатардағы азаматтарды, мем­лекет, қоғам қайраткерлерін орден, медальдармен ауыздарын ұрып, абырой­ларын сол кішкентай темірдің құнынан да төмендетіп жібереді. Оны кеудеге таққандар билікке кіріптар болып, жағымпаздыққа көшеді. (Оны бүгін де көріп жүрміз). Той-томалақ: түрлі тойлар мен мереке-думанды қаптату феодалдар үшін өздерін қорғаудың, қылмыстарын бүркемелеудің таңдаулы тәсілі. Халықты бірер сәт ішкізіп-жегізіп, мәз ғып қояды да, өз ұпайларын түгендеп алады.  Осындай қоғам білім, экономика, технология, әлеуметтік, этикалық, эстети­калық жағынан артта қалып, елдің дамуын кері тартады және келешегін тығырыққа тірейді екен. Оның бейнесін біз бүгінгі өмірімізден көретін сияқтымыз.
Қазіргі шенеуніктеріміз жекешелен­діру атты «прихватизациядан» кейін нарықтық еркін экономика (free market economy) атты білімнен гөрі, жеке­леген олигархтардың амбициясына не­гізделген құрылым жасап алған жоқ па?! Соның салдарынан біз бүгінгі таңда жоғары білімі бар қос дип­ломды жұмыссыздарға, таксистерге, сатушыларға, жайылымсыз әрі малсыз малшыларға, алаяқ саясаткерлерге әбден «тойдық». Халықтың ауыздан жырып өтеген салықтары, өзге де түрлі төлемдері, сақтандырулары әлдебір биік мәртебелі «елеулі-қалаулылардың» қалтасына түсіп кетіп, қымбат пент-хаусқа, бағалы темір тұлпарға және шетелдегі әсем виллаға айналып шыға келеді. Олигархтарымыздың да жа­сайтын сұмдықтары жоғарыдағы фео­далдардан артық болмаса, кем түспейді. 
Негізі экономикалық құрылым дегеніміз – өзгенің көз жасы мен көрген азабының арқасында ғана сән-салтанатты өмір сүру болмаса керек-ті. Алайда, қазіргі билікте лауазымды қызмет атқарғандардың ара­сы­нан жемқорлардың да, шетелге ел байлығын ұшақпен тасып әкететіндердің де қарасы көбейіп келе жатқандығы бәрімізді алаңдата бастады. Жемқор қай кезеңде де болған шығар. Дегенмен, дәл қазіргідей халық мүддесін белден басқан, ұлттық байлықты аяусыз ұрлаған, түк бітірмей отырып-ақ өзгенің жасағанын тартып алған сорақылық болмаған секілді. Олар халықтың болашағы, келер ұрпақтың қамы, ұлт мүддесі дегендерге пысқырмайды. Ел байлығын жат жұрттықтармен бірігіп тонайды да, тапқанын шетел банктеріне тыға салады. Нобель сыйлығының иегері Ф. Хайки деген атақты экономист бар. Соның ұстазы, ғалым Людвиг ван Мисестің жазған «Инфляция дегеніміз алаяқтық» атты кітабында моральдан жұрдай, әбден бетімен кеткен мемлекет пен үкімет халықтың адал еңбегімен жасалған байлық пен мүлікті «үстемелік өсім саясаты» деген желеумен инфляцияны пайдалана отырып ұрлайтынын әшкерелеген. 
Бізде банктер инфляция жоғары болғандықтан өсімді қосамыз деп мәлімдеп жатса, оның мәнін түсінбейміз де, мән де бермей, қоя саламыз. Шын мәнінде, пайыздық өсімді жоғарылату арқылы инфляцияны төмендету тетігін Людвиг ван Мисес көзбояушылыққа балап отыр. Инфляция дегеннің екінші аты ұрлық-тонау екен және халық оны жетік түсінбегендіктен оп-оңай жем болады. Қысқасы, сіздің еңбекақыңызды, күнделікті тұтынатын тамағыңыздың өзін инфляция деген жалмауыз жалмап отырады деген сөз. Ендеше, біздің үкімет 20 жыл бойы халықты қанаған болып шыққалы тұр. Инфляция деген сөзбен өз қателіктерін бүркемелейді, еркін нарықтық экономикалық қаты­насқа көшкендіктен, оған мемлекет араласпайды деп жұртты алдап қояды да, олигархтар жеке бизнесімен халықты қанайды. Әлемнің жоғары дамыған елдерінің бәрі мемлекеттен үйлестірілетін ұжымдық нарықтық экономикалық саясат­ты жүзеге асыру арқылы табысқа жетіп отыр. Сонда бетімен кеткендерді қолдайтын еркін нарықты ұстанып біз ғана жұртта қалуымызға болмайтын шығар.
Ел азаматтарын екінші деңгейлі банктердің құлақ кесті құлдарына айналдырдық. Олар ақылға қонбайтын пайыздық өсімдерімен жұрттың табан ет, маңдай терін сыпырып алып, шетел банктеріне өткізе салады. Қазақстанда экономикалық өсім бар. Сөйте тұра халықтың жағдайы жақсармайды, әлі кедейміз. Оның себебі – еліміз экономикасы өсімінің жемісін бізден гөрі шетел инвесторлары мен ат төбеліндей алаяқтар көбірек көріп отыр. Қазақстан 1000 долларлық пайда тапса, оның   900-і балалардың игілігіне, еліміздің дамуына, еңбекақы мен зейнетақыға жұмсалуы керек. Олай болмаған соң шетке ағылып кете бермек. Айталық, шетелдік банкке бір пайыздық өсіммен ақша салып қойып, ел ішінде жылдық 24% өсіммен несие таратудың қандай қисыны бар?! Осындай қаржылық қитұрқылықтардың салдарынан экономикалық өсім өз азаматтарының игілігінен гөрі олигархтардың, жат жұрт­тықтардың әмияндарын толтыруға бағытталмақ. Олай болса, мына «еркін нарықтық экономика» деген құрылымның не керегі бар? Ақыры, біз еркін нарықтық экономикамен елді дамыта алмайтын болсақ, ұжымдық нарық экономикасы үлгісін таңдайық. Оған Дүниежүзілік екінші соғыстан кейінгі Батыс Гер­манияның тәжірибесін қолданайық. Не­містер осы үлгіні қолдануларының арқа­сында айналасы он-ақ жылдың ішінде (1945-1955) соғыста қираған елден Еуропа экономикасында №1-ге суырылып шыққан. Ұжымдық нарық экономикасы – жеке меншік мүдде мен мемлекеттік үйлестіруді қосарланған түрде қолданады, әділ бәсекені талап етеді, экономикалық өсімді қамтамасыз етеді, төмен инфляцияны, еңбекпен қамтудың тепе-теңдік деңгейін, жұмыс орнының жеткіліктігін, әлеуметтік қызметтің тұрақ­тылығын кепілдендіреді. Жал­пы, барлық миссияны жеке мен­шікке жүктемейді, экономиканы белгілі дәрежеде мемлекет үйлестіреді. Стратегиялық маңызды нысандарды, тұрғындардың басты қажеттіліктерін бақылайды. Сол арқылы халық тіршілігін азғана жеке компанияның құр­бандығына шалынып кетуінен қор­ғайды. Сонымен қатар, ол бірер ком­пания немесе жеке тұлғаға емес, ұлттық корпорациялардың деңгейінде жұмыс жүргізеді. Себебі, бізде бәзбіреулердің сай­рап жүргеніндей шағын және орта кәсіп­орын­дар ұлттық экономиканы көтереді деу бос әурешілік. Керісінше, ұлттық деңгейдегі ірі корпорациялар ғана ел көлемінде жұмыс орындарын көбейтуге, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қомақты үлес қоса алады. Оны әлем елдерінен Оңтүстік Корея (Samsung, Hyundai, Kia), Германия (Siemens, Bosch, Mercedes-Benz) мысалдарынан анық аңғаруға болады. Әлемдік нарықта өз ор­нын табуды, бәсекелестікке қабілеттілікті арттыруды нақты істерімен дәлелдеу деген, міне, осы!
Дамудың ұжымдық нарық эконо­микасын таңдаған елдерде барлық қоғам­дық қа­тынас білім мен ар-ұятқа, этикаға негіз­делетіндіктен, сыбайлас-жемқорлық, көз­бояу­шылық секілді ұғым жоқ. Экономи­калық өсімнің игілігін жалпы ұлт болып, барша жұрт көретіндіктен, қоғамда өмірлік кепілдіктері сенімді орта тап пайда болады. ХХІ ғасыр – білім мен біліктілік дәуірі. Қазір бүкіл әлемде нанотехнология, биотех­нология, ақпараттық техно­логия, ғарыштық сала бойынша сапалы маман даярлаған елдер ғана ұтады десек, онда біз алдымен еліміз экономикасын аймақтық дамудың ерекшеліктеріне негізделген өндіріс парктерін құрудан бастауға тиіспіз. Жалпы, біз секілді дамушы елдердің бір қатарында айналымға түспеген қаражат көп мөлшерде бар көрінеді. Бұл туралы әлемге әйгілі ірі экономистердің бірегейі саналатын Эрнардо дэ Сото дағ­дарыс басталғалы жағы талмай жар са­лып келеді. Ол бірнеше постсоциалистік елдер­дің ішкі экономикасымен танысқаннан кейін кәдімгідей дабыл қаққан көрінеді. Айналымға түспеген болса, оның өлі қаражат екендігіне еш шүбә жоқ. Қаржы-қаражатты айналымға енгізудің негізгі тетігі – есепке алу жүйесі екендігін әркім біледі. Сіз қымбат әрі аса құнды ғимаратты қыруар қаржы жұмсап салып қойдыңыз. Салған зәулім сарайыңыз көздің жауын алады, тіпті, кірсе шыққысыз тамаша. Алайда, оныңыз есепке алынбаған, яғни, оны мемлекеттік, қоғамдық, банк қаржы, сақтандыру ұйымдары мойындамаған болса онда қанша жерден жайнап тұрса да өлі капитал. Капитализм жүйесіндегі нарықтық экономикада  материалдық және рухани барлық қаржы-қаражат, дүние атаулы айналымға түсіп, иелері оның игілігін көріп, жемісін жейді. Ал, дамушы елдер олай жасай алмайды екен. Біршама өлі капиталды жинап алып, сақтап қана отырғандықтан онда капиталистік қатынас дамымай жатыр – дейді, әлгі экономика саласының білгірі Эрнандо дэ Сото. Сото мырзаның бұл тұжырымын ғылыми жаңа­лық деуге тұрарлықтай. Себебі, әлемнің әр тарабындағы оншақты елге жүргізген зерттеулері арқылы ол өзара өте ұқсас нәтижеге қол жеткізіп отыр. Айталық, Мысыр, Филиппин, Гаити үшеуі діни сенім, салт-дәстүр, тарихи болмыстары мен халқының менталитеттері мүлде басқаша бола тұра олардың құрып жатқан «капитализмдері» өте ұқсас көрінеді. Ұқсас болғанда да, баяғы сол тау-төбе етіп үйіп қойылған өлі капитал.  Сотоның зерттеуін Ұлан-Батырда жүргізгенде Перумен ұқсас қорытынды шыққан. Ел астанасының шетінде салынған ықшам аудандардың өзінен айналымға түспеген жеті миллиард доллардың мүлкі шыға келген.  Ал, біздің Астана мен Алматыда сол зерттеуді жүргізіп көрсек қандай нәтиже көрсетерін, қай елмен «мұңдас» екендігімізді болжауға болатын да сияқты. Бірақ, бұның өзі жеке бір әңгімеге арқау болатын мәселе.
Есепке алынып, мойындалған айна­лымдағы қаражат пен ешкімге беймәлім иегері де танылмаған өлі капиталдың арасында қандай айырма­шылық бар дегенге бір қарапайым мысалды алайық. Сізде тайдың тұяғындай алтыныңыз болсын делік. Оны сіз кепілдікке қойып, ақша аласыз да сол қаражатыңызды тағы бір биржаға ма, құнды қағаздар нарығына ма айналымға саласыз. Егер, жоғалып кетсе, сақтандыру ком­па­ниялары шығыныңызды өтеп беретіндіктен ештеңеден қорықпайсыз. Қыс­қасы, сол жұдырықтай алтыннан күнде сауын сиырыңыз сияқты ақша сауасыз да отырасыз. Ал, сол алтынды үйіңізге тығып қойсаңыз ол бір тас қана. Сізде ондай алтын барын кім біледі, білсе де алтын екендігіне сенуінің өзі екіталай. Өзіңіздің тайтұяқ алтыны бар әжептәуір бай екендігіңізді кімге барып қалай дәлелдейсіз.

Алдыңғы «
Келесі »

4 Пікір бар

  1. Мақаланы ден қойып мұқият оқып шықсаңыз еріксіз ойланап қаларыңыз сөзсіз автордың ой тұжырымдары керемет. Біз әдетте Қазақстан алтынның үстінде отырған ел деп мақтанамыз. Шынында солай Қазақстанда байлық, ақша жетеді. Бірақ қазақстандықтарды бай, бақуатты халық деп ешкім айта ала ма, жоқ әрине. Бірақ оның есесіне қазақ қоғамында тамаша идеялар баршылық. Өкініштісі оларды кәдеге жарата алмай отырмыз. Өйткені қазаннан қақпақ кеткен,ит түгілі адамнан ұят кеткен, ел мүддесі үшін жаны ашитын, білім мен керемет идеяларды барынша қолдап, іс болдыратын қолында билігі бар, қалтасында ақшасы бар адал, таза адамдар жоқтың қасы. Ар, ұят, ождан салтанат құрмаған ел, жерге байлық қонбайды. Қоғамдағы көптеген келеңсіздіктердің сыры осында жатыр.

  2. Ұлттық компаниялар жайлы аздаған дауым бар.Өйткені бізде ондай компанияларда тек блат арқылы ғана жұмысқа тұра аласыз. Сондықтан қарапайым отбасынан шыққандарға онда тұру мүмкін емес. Сондықтан порочный круг. Орта, және ұсақ бизнеске пайызы 1- ден аспайтын несие беріп,лизингті пайызсыз жасаса,5 не 7 жылға дейін салықтан/табыс салығынан басқа/ босатса- даму деген осы болады, деп ойлаймын

  3. Осындай өткір, әділ сөз айтқан мақаланы жариялаған “Ақиқат” журналына рақымет!

  4. Мен де келісемін жақсы жазылған!Авторға рахмет!

Пікірлерге тыйым салынады.