МӘҢГІЛІК МАЙДАН ӨТІНДЕСІҢ, ҚАЗАҚ!

  • 20.10.2015
  • 415 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аманхан ӘЛ1МҰЛЫ,
«Ақиқат» журналының
Бас редакторы

И вечный бой!

Покой нам только снится.

БЛОК

Халық – жалпы, ұлт – жалқы есім. Бұдан туатын қорытынды қашанда да, қай кезеңде де ұлттың тобырдан сана-сезімі әлдеқайда биік болуы керек. Онсыз мынау аласапыран, құйындай шыр айналған уақытта қазақ дәстүрлі қазіргі заманға бейімделген тыныс-тіршілігінен айырылып қалуы бек мүмкін. Мүмкін емес-ау, мықты болмаса солай болады да. Өйткені, бүгінде Кеңестер Одағы кезіндегі «қырғи-қабақ соғыс» басқа порым-пошым, түр-түс, айла-әдісте жүріп жатыр. Сондықтан, қазақ мәңгілік майдан өтінде тұр. Бұлай дейтініміз, соғыста тек қана бомба жарылып, оқ атылып қана қоймайды, оның одан да қатерлі алуан-алуан су асты ағыстарындай «қырғи-қабақтығы» тағы бар. Ендеше, біз ұлт ретінде солардың кез келгеніне қарсы тұра алатындай білімді де білікті болуға тиіспіз.

Қазір қазақ ұлт ретінде бөле-жара қарайтын екі майдан өтінде тұр. Оның біріншісі – демографиялық ахуал да, екіншісі – ақпараттық кеңістік. Оның ең қатерлісі ақпараттық-интернеттік, сосын, кәдімгі жөнге қойылған басылым саласы. Бұны айтып отырған себебім, XIX ғасырдың 90 жылдарында Ресей басылымдарынан тиіп-қашып, үзік-үзік жарияланып жүретін «План Даллеса» деген материалды оқып жүретінмін. Кейін, Мәскеуде білім соңында жүргенде де аталған материалмен жиі ұшырасып тұрдым. Оны біреулер жалған десе, енді біреулер оған кәдімгі дін кітабындай сенетін. Бұл тұста айтайын деп отырғаным, мәселе оның жалған, не растығында емес. Аталған еңбектің кейбір тұс­тарындағы ұлтты жарық дүниеден жойып жіберетін іс-әрекетке бас­тайтын мазмұнында. Мұны қадау-қадау, қайта-қайта тілге тиек етуімнің сыры, казақтың ұлт ретінде Құдайдан үміті болып, болашақта ғаламдастырудың жой­қын топаны астында жойылып кеткісі келмесе, аталған материалдағы фак­тілерге өте мұқият қарап, сана-сезі­міне түйіп алғаны жөн.

Сонымен, аталған материалда: «Человеческий мозг, сознание людей способны к изменению. Посеяв хаос, мы незаметно подменим их ценности на фальшивые и заставим их в эти фальшивые ценности верит» деген сөздер бар. Міне, осы бір адам жанын шошындыратын принципке назар аударыңыздаршы. Мұны ғылымда сана шаю дейді. Санасы шайылған ұлт – мәңгүрт. Құдай содан сақтасын! Шынында да, адам миы мен санасын өзгертудегі идея және идеологиялық құндылықтардың қаншалықты мықты екендігін Батыс пен Америка жақсы біліп отырғандығын осыдан-ақ сезуге болады емес пе? Қазіргі біздің баспасөз бен телерадио арналарындағы дәстүрден тыс жалған құндылықтар соның айғағы. Бір ғана мысал, КТК телеарнасындағы «Окно» хабарының өзі неге тұрады. Ал, ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондай-ақ, «Литература, театры, кино – все будет изображать и прославлять самые низменные человеческие чувства. Мы будем всячески поддерживать и поднимать так называемых художников, которые станут насаждать с вдалбливать в человеческое сознание культ секса, насилия, садизма, предательства – словом всякой безнравственности» деп түйген толғамға не айтасыздар. Сол Қазақстандағы КТК-дан бастап, басқа да телеарналарымыздағы кинофильмдер мен кейбір хабарларды көріп отырып жоғарыдағы сөздердің орын­далып жатқанына шек келтірмейміз. Өйткені, үйіңізде тұрған ана бір телевизор дейтін «көгілдір жәшік» бүгінде сол садизм, қан төгу, зорлық-зомбылық, ар-ожданнан тыс іс-әрекеттердің көзі болып отырғаны да өтірік емес. Ендеше, біз шын мағынасындағы ұлт болып қалғымыз келсе, әрі жоғары жақтағы шенеуніктер ұлт болып қалуымызды қаласа, алдымен соларға тыйым салуы керек. Болашақта қайта қаралғалы отырган БАҚ туралы заң оны реттейтін құралға айналмаса тағы болмайды.

Соңғы кездері еліміздегі бейберекеттік пен жең астынан қол жалғаған тамыр-таныстық, сыбайлас жемқорлықтың кең етек алуына жол беру де аталған материалда ерекше аталып өткен. Шенеуніктердің принциптен ада кейбір іс-әрекеттері де онда көрініс береді. Қараңыз, «Мы будем незаметно, но активно и постоянно способствовать самодурству чиновников, взяточников, беспринципности. Бюрократизм и волокита будут возводиться в добродетель» деген тұс соны аңғартып тұр емес пе. Бұл бір ұлтты жойып жіберуге негізделген бағыт-бағдарлар екендігінде ешқандай күмән жоқ. Бұлардың кай-қайсысы да ұлт соры. Мұны ескермеген ұлттың алдағы ғасырларда өмір сүруі еш мүмкін емес. Енді «Хамство и наглость, ложь и обман, пьянство и наркомания, животный страх друг перед другом и беззастенчивость, предательство, национализм и вражду народов… – все это мы будем ловко и незаметно культивировать, все это расцветет махровым цветом» дегенге бір сәт те болса ойлана қарайықшы. Бүгінгі кезеңдегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы қақтығыстар, міне, осындай бағыт-бағдарлардың себе­бінен болып жатқан жоқ па. Мұның ар жағында қандай күш тұр? Егер ұлтаралық қатынастар нашарлап, әлемде тыныштық жойылса, онда ол біреулерге керек. Яғни, бүкіләлемдік әлдеқандай бір күштердің мүддесі халықтар қақтығысынан тірек тауып жатса, онда осынау беймаза тіршіліктегі қазақтың алатын орны қандай?

Тағы бір үзіндіге жүгінелік. Онда «Будем вырывать духовные корни, опошлять и уничтожать основы народной нравственности. Мы будем расшатывать таким образом поколение за поколением. Будем браться за людей с детских, юношеских лет, главную ставку всегда будем делать на молодежь, станем разлагать, развращать, растлевать ее. Мы сделаем из них циников, пошляков, космополитов» делінген. Әнеукүнгі бір мақаламызда біз «Қазақстанды космополитизм елесі кезіп жүр» деп жазып, оның түпкі сырын іздеген едік. Жоғарыдағы жолдарды оқып отырып гәптің қайда жатқанына көз жеткізгендейміз. Шынында да, топырақтан қол үзген адам космополит болмағанда кім болады. Бүгінде телерадиодан, мерзімді басылымдардан көрсетіліп беріліп жатқан жастар санасын улайтын хабарлар, стадиондарда өткізілетін әр түрлі ток-шоулар келтірген жоспардың орындалып жатқаны емес пе?

Міне, құрметті оқырман, біз шын мәніндегі ұлт болып қалып, болашақта өзімізге өзіміз сенімді болып қалғымыз келсе, жоғарыдағы материалдағы үзінділерге баса назар аударғанымыз жөн. Және соларға қарсы ұлттық идея мен идеология қалыптастырып, болашақ ұрпағымызды дәстүрлі қазақ қалпындағы жаңа кезең-кездің үрдісінде тәрбиелеуге тиіспіз. Ол үшін, алдымен бізге білім, денсаулық, уақыт кажет. Міне, осы үшеуіне баса назар аударған мемлекет, ұлт, қоғам еш қор болмайды.

Енді, аталған жоспарды жазған не жазбаған деген күдік-күмәнға ие Даллес кім? 1953-1961 жылдар аралығында Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры болған ол, сол орталықтың негізін қалаушылардың бірі. Сондай-ақ, Аллен Даллес «қырғи-қабақ соғыс» идеологиясын қалыптастырушылардың қатарында да саналады. Ал, аталған материалдың оған қаншалықты қатысы барлығына сенім білдіретіндер мен күдік келтіретіндердің арасындағы талас-тартыс бүгінгі күнге дейін тоқталмай келе жатқандығы тарихтан белгілі. Бұл тартыс бұдан әрі де созыла беретін шығар… Бірақ, бізге керегі олардын талас-тартыстары емес, ондағы (материалдағы) жазылған бағыт-бағдарламаның орындалмауы. Яғни, оның орындалуына біртұтас, дәстүрлі ұлт ретінде жол бермеуіміз керек!

«Заң газеті», №56(576), 16 шілде

2004 жыл

Сөз   бостандығының  құны  қанша?

 

Сонымен Данияның «Юлландс постен» газеті Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) келеке етіп бір емес бақандай сайқымазаққа келетін 12 карикатура жариялап, бүкіл әлемді, әсіресе, оның ішінде мұсылман дүниесін қантөгіске апарған дүрбелеңге түсіріп қойды. Ол әлі басылған жоқ, жақын арада басылатын сыңайы да байқалмайды. Оны айтасыз, араға аз уақыт салмай аталған келемеж суреттерді өзін өркениетті де мәдениетті санайтын сөз бостандығы және ой еркіндігінің шарықтау шыңына шығып, олардың шеті мен шегіне жеттік деп санайтын Франция, Германия, Италия, Испания, Норвегияның белгілі де беделді «Франс суар», «Вельт», «Стампа», «Периодико» газеттері көшіріп басты. Сөйтіп, әлем дүрбелеңге түсіп, тағы да бір рет атақты жазушы Киплингтің «Запад есть Запад, Восток есть Восток…» деген өлең жолдарының дұрыс екенін көрсетіп, біздің Олжекең, Олжас Сүлейменовтің атеистік, коммунистік-нигилистік идея мен идеологияға суарылған «Адамға табын, жер, енді» поэмасындағы

Нет Востока,

И Запада нет,

Нет у неба конца – дегенін уақыттың өзі жоққа шығарды. Яғни, уақыт Батыс пен Шығыс арасындағы әлімсақтан басталған қайшылық бүгінгі күнге дейін әлі бір тынбағандығын осыдан-ақ байқатты емес пе? Олардың арасын күштеп қосамыз деген ұғым-түсініктер сол коммунистік-нигилистік идея мен идеологиядан өрген жалаң да болашағы жоқ түсініктер екенін де сол уақыт тағы бір дәлелдеді.

Оны айтасыз жақында «Деловая неделя» газетінің №6 санында жарияланған бір мақала дат басылымындағы карикатура туралы айта келіп, «При чем, спросите, здесь свобода слова?» деген сауалды алға тартып, батыстық материализм негізінде өмірге келген сөз бостандығы мен ой еркіндігін тікелей болмаса да астарлай әрі тігісін жатқызған мән-мағынада ақтағысы келеді. Иә, сол Батыстың да, Шығыстың да тіл тигізіп, ғайбаттауға келмейтін құндылықтары бар. Олардың қай-қайсысын да аяқасты етіп, сайқымазақ етуге ешқашан да, ешқандай да нағыз мәдениет пен өрке­ниетке ден қойып, шынайы да шыншыл сөз бостандығы мен ой еркіндігіне қол жеткізген ел-жұрт жол бермейді, берген де емес. Ал, даттықтардың іс-әре­кеті, жазып-жариялап отырғаны өмір­лері мен ғұмырларын материалдық құндылықтарға бағыштаған жеке адам­дардың мақсат-мүддесіндегі жағдай­лар. Олар үшін әлем тыныштығы емес, дүние дүрбелеңі керек. Әйтпесе қайталап айтамыз, шын мағынасындағы сөз бостандығы мен ой еркіндігінде адами-моральдық, адамзаттың қандай да болмасын рухани және материалдық (жер, су) құндылықтарына соқтығуға жол бермейтін ар-ождан қасиеті бар. Дүниеде шетсіз де шексіздік тек Алланың ғана құзырында. Соны түсінсе тәуелсіздік те­рісін жамылып, әлдебіреулерге тәу­ел­ді болып жүрген батыстық басы­лымдардың сөз бостандығы мен ой еркіндігін шексіз әрі шетсіз пайда­лануының салдарынан қазір әлем беймаза күйге түсіп, дүрбелеңге ай­налмас еді ғой. Бұл еш уақытта ақтауға келмейтін құбылыс.

Сонымен бірге әлгі газет даттықтардың келеңсіз іс-әрекетін «тиражи», «прибыли» деген материалдық ұғым-түсінікпен арашалағысы келеді. Жоқ, журналист мыр­залар, дәл осы тұста мәселе «тиражда» да, «прибыльда» да емес, мәселе күйретуші күшке ие әлдебіреулердің астам пиғыл, арам ниетінде. Әйтпесе, на­ғыз шын мағы­насындағы мәдениет пен өркениетке қол жеткізген мемлекеттің аза­маттары мұндай келеңсіздікке жол бермейді. Материалдық құндылықты қан­төгіс арқылы жасау ол жауыздықпен пара-пар қасиет. Сосын, тағы бір журналист мұны «Өркениеттер қақтығысы» дегеніміз осы шығар деп жазды. Жоқ, бұл өркениеттер қақтығысы емес, мәдениеттер қақтығысы. Өйткені, кез келген рухани құндылықтар мәде­ниет­ке жатады. Яғни, осы арқылы Батыс кезекті рет өзінің іріп-шіріп бара жатқан мәдениетінің материалдық құндылықтарға негізделгенін дәлелдеді. Түсіне білгенге мә­дениет пен өркениет бір-біріне кереғар ұғым түсініктер. Өркениет басталған жерден мәдениет шегінеді. Өйткені, мәдениет діни-табиғи қасиеттерден өр­ген киелі ұғым да, ал, өркениет болса адамзаттың бірте-бірте қол жет­кізген ақыл-ойдан бастау алған іс-әрекеттерінің көрінісі. Өркениет адамзат қа­сиетті санайтын Қабірстанды тегістеп жіберіп орнына қала немесе көше салуы мүмкін, ал, мәдениет болса оған еш уақытта жол бермейді. Мәдениеттің киелілігі сонда. Жалпы, мәдениет киелі рухтар, оның ішінде әруақтар жиынтығы. Жанның – көрінісі. Жаратылыстың – жемісі. Олардың бәріне Жаратқан ие. Ендеше сондай қасиетті ұғымдарға тіл тигізген батыстық басылымдардың мәдениеті материалдық негізден өрген әрі күйретуші күшке ие өркениеттің көрсеткіші.

Жалпы, егер демократия, оның ішін­де содан өретін сөз бостандығы мен ой еркіндігі бүгінгі батыстың кейбір елдеріндегі басылымдардағыдай түсінікте болса, әрі ол қан төгуге себепкер болатын жағдайда өрбісе, онда олардың құны көк тиын. Содан соң даттық басылым мен басқа да соны көшіріп басқан батыстық газет-журналдардың іс-әрекетіне қарап отырып әлемдік этика мен эстетиканың қаншалықты дәрежеде дамып жатқандығының куәсі боламыз. Бұл ең жағымсыз қадір-қасиет. Ал, жамандық қашанда да жұқпалы болады. Біздің қазіргі Қазақстандағы кейбір өзін тәуел­сіз санап, әлдебіреулерге тәуелді болып жүрген басылымдардың ұстанымы да сондай. Олар үшін талай рет қасиетті тілге тиісіп, киелі дәстүр-салттар, әдет-ғұрыптарды жоққа шығаруы со­ның куәсі. Біздің сөз басындағы «сөз бос­тандығы мен ой еркіндігінің құны қан­ша?» деп сұрауымыздың сыры сонда.

 

«Заң газеті», №31(837), 22 ақпан

2006 жыл

РЕСЕЙЛІК ОРЫС ОЙЫ

немесе Тәуелсіздігіміз  бен  егемендігімізге  келер қауіп қай тұста?

 

Бұл мақала жазылар ма еді, жазылмас па еді, қайдам. Оған түрткі болған Ресейден алып, шама-шарқымызша егжей-тегжейлі оқып тұратын салиқалы да, салмақты «Наш Современник» журналындағы басылым қызметкері Александр Казинцевтің Молдова Республикасындағы Приднестровск президенті Игорь Смирновпен сұхбаты. Онда президент мырза: «Разрушение СССР – это преступление со стороны тогдашней партийно-советской элиты. Преступление, аналогов которому – ни по масштабам, ни по быстроте осуществления -– не знает история» дейді. Осы бір тілші сұрағына берілген жауапты оқып отырып, «Апыр-ай, бұрынғы КСРО құрамындағы ТМД елдерінің тәуелсіздік алғандарына он жеті жыл толғанына қарамай әлі де болса сол бір өткен кезеңді аңсайтын адамдар бар екен-ау!» деген ойға келдік. Бұл қашанда өзге аз ұлт өкілдерін езіп, еңсесін басып жүрген отарлау саясатының салқыны әлі де болса арыла қоймағандығының белгісі емес пе? Сондықтан да, өзін тәуелсіз де егемен ел санайтын мемлекеттің әрбір саясаткері мен қоғам қайраткерлері, сонымен бірге билік басындағылар, айта берді кез-келген азамат жоғарыдағы сөздерді оқып білгеннен соң қашанда өз республикасынын қадір-қасиетін арттыруға тырысуы тиіс. Онсыз тәуелсіздік пен егемендік тұғыры берік болмайды.

Мұны айтып отырған себебіміз сол «Наш Современник» журналының тағы бір санында экономика ғылымының докторы Михаил Делягин дегеннің кең де көлемді мақаласы жарық көріп, онда ол әлемге кең етек жайып келе жатқан ғаламдастыруда Ресейдің ішкі-сыртқы саясатының алатын орны туралы әңгіме қозғайды. Шынымды айтсам, бүгінгі күнгі дүниені дүр сілкіндіріп тұрған осынау мәселенің орыс ғалымының назарынан тыс қалмай, ол жайында өзінің ойын батыл да ашық білдірген мұндай мақаланы көптен бері оқыған жоқ едім. Орыс патриоты өзінің тілге тиек еткен «Основы внешней политики России» атты мақаласында өз ұлтының тағдырына немқұрайлы қарамайтынын шын жүрегімен жан-жақты айта білген. Ол мақала ұлттық тұрғыдан толғайтын «Наш Современник» журналында жарық көрген соңғы жылдардағы ең озық мақалалардың қатарына жатады. Осыдан соң біздің өзін зиялы санайтын әрбір ғалымдарымыз неге осындай емес деген ойға қалады екенсің.

Біз әзірше аталған мақалаға жан-жақты тоқталудан бұрын, алдымен ондағы Қазақ­станға қатысты жерін ғана тілге тиек етсек дейміз. Онда автор алдымен «Стратегической целью является воссоединение в рамках единого государства России, Белоруссии и Казахстана, а затем и Украины (за исключением, вероятно, Западной)…» деп алады да мақаласын одан әрі «Принципиальной задачей России является сохранение своего доминирования в Средней Азии, и особенно в Казахстане…» деп жалғастырады. Осындағы ғалымның қарамен теріп айдарландыра көрсеткен белгілеріне назар аударыңызшы. Міне, осының өзінен-ақ орыс саясаткерлері әлі де болса Қазақстанға барынша көзін тігіп отырғандығы көрінеді емес пе? Олар баяғы КСРО кезіндегідей, тіпті, одан ары айтқанда патшалық Ресей заманыңдағыдай Қазақстанды уысынан шығарғысы келмейді. Әсіресе, Михаил Делягиннің Орта Азияға қарағанда Қазақстанға ерекше назар аударуының өзінде де үлкен сыр бар емес пе? Тіпті, оны айтасыз о мырза Қазақстанның байлы­ғын сырт көзден қызғанып қана қоймай, оны өздері, яғни, Ресей толық меңгеруі керектігін жасырмайды. Әсіресе, мұнай мәселесіне келгенде олардың көзі қарақты, көңілі ұшқыр. Оның біздің мемлекетіміздің ішкі саясаты мен қоғамдық, экономикалық тыныс-тіршілігіне деген ниетінің келеңсіздігі соншалықты ол тіпті сол мақаласында: «В частности, нельзя допустить реализации ни одного проекта стройтельства газопровода из Казахстана в обход территорий России …» деген де пікірлерге барады.

Бұл деген сөз Қазақстанның дүние­жүзімен байланысу саясатына сыртта жатып қысым көрсету емес пе? Тіпті, оны одан да ары кетсек қорқытып қоқан-лоқы­лық таныту деуге келетін ұстаным десек те қателеспейтін сияқтымыз. Өйткені, кез келген тәуелсіз де егемен мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына мерзімді бас­пасөз арқылы араласып, сол арқылы қо­ғам­дық пікір қалыптастыру адамды еріксіз сондай ойға жетелейді. Біз осының бәрін мысалға келтіріп, оқырман алдына тартқандағы ойымыз әлі де болса егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің толыққанды еместігін ескерту. Ал, ол егемендік пен тәуелсіздіктің тұғыры мықты болуы үшін жоғарыдағыдай саясаткерлердің әрбір сөзі мен іс- әрекеттерінің ар жағында белгілі мақсат-мүдде, жағымсыз ойлар тұрғандығын бір сәтке естен шығармауға тиіспіз. Ол өзін қазақ, содан соң қазақстандықпын деген әрбір азаматтың көкірегіне ұялап, санасында жаңғырып отыруы керек. Яғни, бұл Құдайдың «Сақтансаң сақтаймын» деген қанатты қағидасы өміріміздің күнделікті тыныс-тіршілігі болуы тиіс деген сөз.

«Заң» газеті, №49(1275), 3 сәуір,

2008 жыл

АУЫЛ – МӘДЕНИЕТТІҢ НЕГІЗІ,  ҚАЛА – ӨРКЕНИЕТТІҢ ЖЕМІСІ

 

 

Рахаттың әкесі – еңбек.

Ф. ВОЛЬТЕР

«Ауыл дегеніміз – сайып келгенде, халықтың тұрмыс-салты, мәдение­ті­міздің, дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыз бен рухани тіршілігіміздің қайнары. Осынау саяси-моральдық және әлеуметтік факторлардың өзі-ақ бізден ауылға ба­рын­ша байсалды қарауымызды талап етеді». Бұл Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауынан алынған сөз. Осыдан кейін, бұ Құданың құдіретін қойсаңызшы, есіңізге қай-жайдағы түсіп, жадыңыздың жықпыл-жықпылынан неше түрлі нәрсе­лер көтеріледі екен. Әйтпесе, сонау жыл­дар­дағы Қажыгелдиннің Парламент мін­бесінен «Ауыл өлмейді…» деп шіреніп, сол ауылды бордай тоздырып, тақырға отырғызып кетуге белсене атсалысқаны есімізге түсіп, көз алдымызға неге келеді? Одан әрі Президентіміз: «…Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз» десе, өзін тарихшы санап, со салада ғалым аталып жүргендердің бірі, яғни, тарих ғылымдарының докторы Ж. Әбілғожин: «Мы не ушли из сельской субкультуры» дей келіп, «отношения строятся по прин­ципу «я – тебе, ты – мне» дейді. Оның сондағы айтпағы, ауылда сыбайлас жемқорлық та, бармақ басты көз қысты әрекет те кең етек алған деген сөз ғой. Жоқ, ғалым мырза, керісінше ауылда бауырмалдық, мейірімділік, ізгілік, ізеттілік басым. Ал, оны «ты – мне, я – тебе» деп түсіну мещандық. Одан ары доктор «Кроме того, процесс урбанизации, исторически длительный, у нас происходит сегодня в форме обвала. Город топится потоком сельских жителей и сам начинает жить по нормам аграрного общества «ты – мне, я – тебе». Стереотипы поведения и общения на селе, перенесенные массово в город, могут стать тормозом в развитии» дейді. Құрметті доктор осы тұста үлкен бір жағдайды ескермейтін сияқты, немесе, тіпті, одан хабары да жоқ болса керек. Біздің оқып білуімізше, мәдениет алдымен киелі үштік: адам, табиғат және Тәңір арасындағы қатынас арқылы қалыптаса келіп, ауылдан өрген, ал, қала ақыл-ойдың жемісі ғана. Сосын, «субкультуры» дегеннен шығады, о кісі білсе мәдениеттің «субы» немесе «кубы» болмайды. Әр халықтың өзіне тән мәдениеті болады. Ол сонысымен құнды. Тағы қайталаймыз, орыс философы Николай Бердяев: «Культура родилась из культа. Истоки ее – сакральные» дей келіп, «Цивилизация футуристична. В цивилизации есть хамизм зазнавшегося parvenu (выскочка – елірме – А.Ә.)» дейді. Мұндағы жағдайдың ең қауіптісі, ғалым мырзаның өз ата-бабасының (тегінің) қайдан шыққанын білмей, өзінің қайда баратындығын білмей­тіндігі… Ал, о кісі тарихшы болса, онда ол одан да қатерлі…

Міне, көрдіңіздер ме, өздерін білімді де сауатты әрі интеллигент санайтын екі адамның пікірі жоғарыдағы келті­рілген­дегідей. Бұлардың трагедиясы сол, ауылға шекесінен қарайтындықтары. Біле білгенге, ауыл қаланың анасы да, әкесі де. Өйткені, одан ол барын, бәрін алды, әлі алып та жатыр. Алғашқы адамдар қалада емес, ауылда (тарих тілінде мұны қауымдастық дейді – А.Ә.) тұрып, содан соң өздерінің ақыл-ойларының арқасында өркениетке, яки, урбанизацияға қол жеткізген.

Кейбір деректерге жүгінсек, Қазақ­стандағы 40 миллионға жуық қойдың 9-ақ миллионы қалыпты, ал, қасиеті қашып, көрінгеннің аузы не кім көрін­геннің жайдақ тақымында кеткен жануар жылқының тағдыры өзінше бір әңгіме. Ауызды аққа тигізіп, бала-шағаға нәпақа болып отырған момын түйе жарықтықтан бастап, әукесі жер сызатын сиыр әулиенің сирек тартқаны да көңіл қаузайды. Бір кезде сүттей ұйып, қазіргі мейманасы асқан қаланы ақ-көкпен қамтамасыз етіп, етке қарық қылатын ауылдан да ырыс қашқалы қашан. Ондағы шаруашылықтар талан-таражға түсіп, оның өндірістік базасы талқандалды. Осындай ауыр күйді кешіп жатқан кезімізде Президентіміздің: «Он жыл ішінде біз экономикадағы тұғыры тұрлаулы мемлекет ретінде аяғымызға нық тұрдық. Ендеше, жеткен биігіміз бен жинақтаған тәжірибемізге сүйеніп, ауылдағы ағайы­нымызға өмірдің жаңа сапасына жетуіне қол ұшын беретін уақыт туды» деуі тағы бір көңіл демеді. Бүгінгі кезенде Қазақстан халқының 57 пайызы қалада, 43 пайызы ауылда тұрады екен. Ендеше, әуелі Құдай, сосын әлеуметтік-тұрмыстық жағдай мен уақыт себеп болып, еңді аграрлық этностан урбанизацияға ден алдырған елге айналуымыздың нышаны шығар, бұл. Тарих ғылымының докторы, саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Қазақ қалаға келмей, Казақстан қазақтанбайды» дейді. Дұрыс пікір. Жаны бар сөз. Бірақ, соған қарап бәріміз ауылды тастап, қала жаға­лап кетпейтін шығармыз, сірә. Оқып-білуімізше белгілі экономист А.Чаянов ауылды Атлантқа ұқсаттырған. Расы солай, ауыл қалаға кітапшылдықтан ада дәстүрлі, космополитизмнің шалығы шалмаған эко­но­мистер мен саясаткерлер, мәдениет пен өнер иелері, ақын-жазушылар және қоғам қайраткерлері болатын адамдарды қалыптастырып беретін көз. Сосын, ауыл тіл, ұлттық салт-дәстүр мен рәсімнің қайнары. Яғни, Ұлттық идеямыз ауыл­дағы қаймағы бұзылмаған ұлттық кадір-қасиет, дәстүрлі құндылықтардан өріп-өрсе, оған еш таңкалуға болмайды. Ауылдың еңбек және мәдени дәстүрінің қаладан ерекшелігі де сонда. Сондықтан, оған шекеден қарайтын, әлдебір газеттің бас мақаласындағы: «Вернемся к нашим баранам» деген сияқты пікірге жол бермеуіміз керек. Бұны Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында: «бюрократиялық бейбастық…» дейді. Бұдан артық біз не дейміз. Жеме-жемге келгенде ауыл – мем­лекеттің бары. Мысалы, Американы ал­саңыз, ондағы ұлттық кірістің көпшілігін ауыл шаруашылығы береді екен. Біз де қазір ауыл­ды сол дәрежеге көтеруге тиіспіз.

Біздің, журналист ретінде іс-сапарда жүріп көп аңғаратынымыз жол мәселесі. Ауыл мен қала, ауыл мен ауыл ара­сындағы жол қатынасы реттеліп, со жол­дар жөнделмесе болмайды. Ол жер-жердегі әлеуметтік-тұрмыстық күн­де­­лікті қарым-қатынасты реттейді. Сосын рухани-білім жағынан ауыл мен қаланы салыстыру ұят. Бүгіндегі білім министрінің осы бір назардан тыс қалып бара жатқан жайды қолға батыл алуы бізді қуантады.

Жолдаудағы ендігі бір сөзінде Прези­дентіміз: «…бізге таяу және шалғай жат­қан рыноктардың бәрі де астық пен етке зәру» дейді. Ендеше, ауылдағы ағайын­­дар бұрыннан ата кәсібіміз болып келе жатқан, яғни, менталитетімізге тән мал шаруашылығын дамытып, мал санын арттыруы тиіс. Ал, ауыл басшылары тарапынан оларға жасалатын жағдай, яки, мал жайылымдарын нарық-базар кезіндегі сауда-саттыққа араластырмай, табыс көзі ретінде сақтауы керек.

Білсеңіздер, әлемдік әдеби-мәдени айналымда «Возвращение блудного сына» деген қасиетті ұғым бар, міне, біз де дәл солай ауылға қайтып оралып жатырмыз. Ұзағынан сүйіндіргей. Қайдан шыққанын ұмытпаған ел-жұрт, қайда баратынын да біледі…

«Заң газеті», №26(410), 26 маусым,

2002 жыл

«Ветхий завет», «Новый завет» ешқандай да «Көне өсиет» те, «Жаңа өсиет» те емес

 

Осы бір мәселенің көңілімді қаузап, көкейімде жүргеніне көп уақыт болған еді. Әне, айтамын, міне, айтамын деп жүріп едәуір мезгіл де өткізіп алған сыңайлымын. Көптің аузында жүріп, өзін білгір санайтындардың санатында есептейтін Дидар Амантай деген азаматтың «Акжол» газетіндегі «Гүлдер мен кітаптар» атты романынан үзіндіні оқып отырып әлгі мәселе қайта бой көтерді. Онда: «- «Көне өсиет» барда «Жаңа өсиет» дүниеге келді, сонда Құран Кәрім неге қажет болды?» деген сөйлем бар. Осындағы «Көне өсиет» пен «Жаңа өсиет» аттар «Ветхий завет» және «Новый завет» деп аталатын киелі кітаптардың аты, аты болғанда тікелей сауатсыз аударылған «калька». Өйткені, автор мырза бұл аталған діни кітаптардың ешқандай да өсиет еместігін білмейді. Сондықтан да, үлкен қателікке ұрынған.

Сосын, өсиеттің көнесі, жаңасы болмайды. Автор соны да ескермеген. Логика жоқ. Енді, оның сырын біз айтайық. Біріншіден «Завет» сөзі көне славян тілінде «договор», яғни, «шарт» деген сөз. Одан да әрі таратып айтсақ, Синай тауындағы Құдай мен Израиль халқының арасындағы жасалынған «шарт», тарихи акт. Яғни, оны «Ветхий завет» десе, одан кейінгі Исустың өмірі, өлімі және қайта тірілуіне байланысты христиандардың Құдаймен жаңа «шартқа»  отыруын «Новый завет» дейді. Кітап тілімен айтқанда ол: «В последствии слова «Новый завет» стали обозначать собрание священных книг собственно христианской Церкви, а слова «Ветхий завет» собрание священных книг, унаследованных христианами от иудеев» деген үғым болып шығады.

Сондықтан да, біз қандай да бір орыс сөздері мен сөйлемдерін немесе басқа да бір дүниелерін аударған кезде тікелей «калька» жасамай, олардың түп-төркіні мен астарына үңілуіміз керек. Бұл келтіріп отырған қателік Дидар Амантайға ғана тән емес, сол біз тілге тиек етіп отырған киелі кітаптарды аударып пайдаланатын әрбір адамға тән қасиеттер. Ендеше, аталған киелі кітап «Көне өсиет» те, «Жаңа өсиет» те емес, «Көне шарт» және «Жаңа шарт» болып шығуы тиіс. Зерттеп-зерделегенге аталған киелі кітап­тың аты жалпы «Библия» деп аталып, ал, жеке-жеке мағынасында «шарт» деген анықтама береді. Ол аз болса сол киелі кітаптағы «Второзаконие 5» бөлімі: «2. Господь, Бог наш, поставил с нами завет на Хориве; 3. Не с отцами нашими поставил Господь завет сей, но с нами… 4. Лицом к лицу говорил Господь с вами на горе из среды огня» деп жоғарыдағы біз айтқан «шарт» жөніндегі пікірімізді нықтай түссе, ал, орыс тілі сөздігіндегі «Ветхозаветный – Старинный, вышедший из обихода» деген түсініктеме де сол тұжырымымызды одан әрі бекіте түседі. Ал, «Новый» сөзін аударып жатудың қажеті жоқ деп білемін.

Ендеше, құрметті оқырман, қандай да бір болмасын мәселені көтергенде оның түп-төркініне әрі мән-мағынасына көз жеткізбесек біз жалғыз көпшілікті алдамаймыз, сонымен бірге, болашақ ұрпақты да жаңылыстырамыз.

«Заң газеті», №11(532), 11 ақпан

2004 жыл

Эльдар РЯЗАНОВ, Арманжан БАЙ­ТАСОВ және  «Мегаполис» газеті

тек­сіздікті насихаттап, соған баратын жолды көрсетеді

Национальность, как здоровье: их на­чинаешь действительно ценить толь­ко, когда потеряешь.

(Латын мақалы)

Жақында «Мегаполис» газеті Арманжан Байтасовтың ресейлік кинорежиссер Эльдар Рязановпен сұхбатын жариялады. Біз оның жариялануына, тіпті, аты «Адам аңызға» айналған о кісі туралы қандай мақтауға да қарсы емеспіз. Бірақ, мәселе со құрметті азаматтың «…для меня национальность не имеет никакого значения. Есть замечательное выражение по этому поводу: это все равно что гордиться тем, что ты родился во вторник или в четверг. Национальность – это не беда и не заслуга» деген ой-пікіріндегі тексіздікке таң қаласың. Оны айтасыз, сол бір табан тірері жоқ, топыраққа негізделмеген тұжырымды «Мегаполис» газетінің бәріміз сондай болуымыз керек дегендей айдарлатып жалаулата тақырыпқа шығарғанын қайтесіз.

Біздерде  ондай да адамдар болған.  Мысалы, бір кездері Қозыкөрпеш Есенберлин бастаған бір топ «ақшалы қалталылар» паспортқа ұлтымыз жазылмасын десе, одан кейін оны жалғастырушы, о бас­тан сондай Масанов мырза қазақ деген ұлт жоқ, біз қазақстандық ұлт болып аталуымыз керек десе, оны одан әрі дамытып, жария етушілердің қатарында Олжас Сүлейменов те бар. Осындай бір пікірдегі адамдардың топтасып, ұлт арасына іріткі салушылығы, осынау, Рязанов секілділердің ой-пікірлерінен шықкан. Ал, енді, «Мегаполистегі» сұхбатты оқыған жастар ата-тегін білмейтін мәң­гүрт болса оған таң калуға бола ма? Орыстың өзінде «Иван, не помнящий родства» деген қасаң қағида бар. Бұ сөз өздерінің қайдан шығып, қайда баратынын білмейтін, мәңгүрттерден де өткен көзқамандарға (ұлтын сатып кете­тіндерді солай атайды – А.Ә.), өз ана тілінен қол үзіп, туған жер деген ұғымды жадынан шығар­ғандарға арналған. Міне, Рязанов, Байтасов, сосын «Мегаполис» газеті со бір қасиетсіздікті насихаттайтын сияқты. Өз тегі мен ел-жерін ұмытқандар кім-кімді болса да сатып кетуден, не артынан пышақ ұрудан еш тайынбайтындығы тарихтан белгілі. Сақ болайық, ағайын!

 

«Заң газеті», №4-5(388-389), 30 қаңтар, 2002 жыл

 

Алдыңғы «
Келесі »