Өмір жыры немесе қазақ әдебиеті ХХІ ғасыр парадигмасында Эссе

  • 20.10.2015
  • 10104 рет оқылды
  • 1

Бақыт Кәрібаева,
жазушы,  филология ғылымдарының докторы

Екі нұсқа арасы жермен көктей. Неге? Әңгіме білімде. Әйтпесе, Шөмішбай Зекеңнен бір елі де кем емес. Ол ауыл арасы ақыны ғана емес, өз сөзімен айтқанда (әрине те­ле­ар­на­дан), дүниежүзі ақындары бас қос­қан небір құрылтайдың «королі», сонда, Әбілақаттай ұлт мақтаныштарын осы өреде таныстырмақ па?! Ол – қажеттілігі болмаса да, тоқсаныншы жылдары қазақ лирикасы бойынша жарыса диссертация қорғалу үстінде диплом алған ғалым. Айтпағымыз – бұл саладағы бүгінгі ортақ жәйт. Ел атынан сөйлеп жүрген шешендеріміздің Шөмішбай секілді, көпшілігінде қарапайым филологиялық білім жоқ. Бұл –  «жаман бала жақсы әкенің (қазақтың асыл сөзі) төрдегі басын есікке сүреу» болмас па?! Телеарнада – өз үйінде хабарлы – лепті сөйлемді ажыратпағандар «кісі үйінде сызу сыза ма?!» 


Мен Әбілақат жәйлі екінші бір әңгімені академик З.Қабдоловтың жары Сәуле апайдан есіттім: «… Үйге жиі келетін Әбілақатқа қайсы бір күні есік ашпадым. Зекеңді де осыған көндіріп, тым-тырыс отыра қойдық. Терезе көзінен ерсілі-қарсылы жүргіштеді де, кетіп қалды. Ертеңіне есік көзінен тілдей қағаз тауып алдым. «Зейнолла – Сәуле! Сендерге не болған?!» деп жазыпты. Апай рахаттана күледі. Әрине, бұл күлкінің жөні бөлек – эстетикалық күлкі. Ал, сөз – сахнада Шекспир айтатын сөз. Мен оның талант қырларына тәнті боламын. Трагедиялы тарихын удай өкінішпен еске аламын. Мәскеулік әріптестері шетел асып, талантына тең қалам ақысын алды: өмір сүрді. Ал, Әбілақат болса, Мәскеуден алған телегей-теңіз кәсіби мол білімін, туа бітті талантын қорлыққа көне жүріп халқына бағыштады. Қиын кезеңде отандастарының жанын жадыратты. Қысқасы, адамға қызмет қылды. «Лай суға май бітпесін» ол елемеді – есептеспеді. Мұндай жан дархандығы – дара туған – ұлтына тартып туғандар үлесі. Сондықтан, ол тұтас замана кезеңіне сәулесін түсіреді. Мұны бірегей музыка мамандары жақсы біледі. Бірде қала сыртында – табиғат аясында бір музыканттың репродуктордан Еспаев әнін ұзақ тыңдап, соңынан үнсіз егіліп жылағанын көзім көрді. Осындай қиялға беріле қапаланып  төбеге қарап жатыр едім, «Бірінші канал Евразия» телеарнасы «ұрлығымның» үстінен түскендей, жылан жылдың – 2014, 2 қаңтар күні екі сағаттан артық Еспаевтың заманы – замандасы Александра Пахмутова мен Добронравов туралы бүгінгі ұрпақ үнінде ғажайып хабар таратты. Сол бір кезеңнің телеэпопеясы дерсің. Алқалы отырыста актер Лановой Пушкиннен ұзақ үзінді оқыды: еш кідіріс-мүдіріссіз. Өз жанынан Пахмутова жүрегіне өз мүлкіндей етіп жеткізіп отыр. Дарынды композитор бүгінгі жасамыс қалпынан балғын жас шағына қайта оралғандай күй кешті. Оның ән құдіретінің кілтін тауып, өнер құпиясын ашып бергендей болды. Көрер көзге де, естір құлаққа да ескі – жаңа сөз жаңғырығы айықпас әсерге бөледі.  
Тіпті,бүтін қоғамға тіл – өнер сабағын жүргізіп жан байлығын үш сағатқа жуық суарған салауатты мәдени шараға айналды. Қайтып қана алғысыңды айтпассың. 
Әдебиет неге бүгін бұлайша балаң ойдың балдыр-батпағына айналып бара жатыр? Бұл – көп көкейін тескен мәселе. Дәл осы сауалдың жауабын да мен осы қарсаңда, дәл 14.01.2014 күні түн ортасы ауа қызыр атадай жалт етіп келіп, жоқ болып кеткен Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин сынды абыздан есіттім. Ол әлгі «дерттен» арылудың емін айтты. Ол: «Бізге бүгін ғылым-білім керек. Ол Абайда бар. Дүниежүзі философиясын ақтарып-теңкеріп түгескенімде Абай данышпандығына таңқалдым» – деді. «Ал, оны жүзеге асыру үшін кісілік керек, әйтпесе, бәрі бекер» – дейді ғұлама. Терең сөз – иланымды қарапайым ұғым. Ж. Әбділдин – қазақстандық философияның атасы. Ғы­лымдар атасы философия болса, бұл түйін сөз әрмән қарай сана – саналылықпен тар­қатыла түсуі ләзім. Алайда, бұл сөздің уы­ты жайылып, ізі суымай «Қазақстан» телеарнасы келесі хабары (18.01.2014) Абай жайлы екінші бір түсінік таратты. Философ Жабайхан немересі мектеп қабырғасында Абай қарасөздерін жаттап, халықаралық Олимпиадада бірінші орын алса, филолог Сұлтан Оразалин университет қабырғасында оқып жүрген немересіне «Абайды» оқыта алмай қор болып жүргенін хабарлады. Бұл кісі жоғарыдағы филология профессоры секілді «әдебиет жоғалып барады» тенденциясының туын көтерді. Абайды бүгін француз оқып, қазақ оқымаса бізге емес, қазақ қоғамына қара тастай салмақ. Абай суретін туалеттің қасында іліп қойып, өзіміз шетел асып – шетелдік атанып кеуде қақсақ, сол шетел университеттері өздері-ақ бізге руханият көзін іздеп келе бастады емес пе? Бұл ойланарлық жәйт. Абай әдебиет қана ма?! Осы хабар үстінде-ақ Абай – актуальды. 
Сабырсыз, арсыз, еріншек
Көрсе қызар жалмауыз
Сорлы қазақ сол үшін
Алтыбақан алауыз. 
Әрине, жанға батымды сөз бас көтертпей қоймайды. Мұны біз емес замана қожасы Оразбай – Жиреншелер қайтып кешірсін. Дегенмен, әр заманның өз құндылығы өз орнында тұрғаны абзал. Бұларды бүгін тартыстырудың еш қажеттілігі жоқ. Мұның аражігін тарқатып-тану үшін әлгі Жабайхан айтқан ғылым-білім керек. Ал, сыныққа сылтау, өткен-кеткеннен желеу іздеп ғылым-білімнен бой тасалау – басқа мәселе. Абай – өмір, тарихтың нақты көрінісі. Абай – катализатор, сондықтан. Парқын ғана емес, әр нәрсенің нарқын шығарады. Оның еш өлмеуінің мәнісі осында. Абайдың бұл қасиет-бағасын түсінген тұстары феодал Оразбайлармен қатар өмір сүрді. Абай – диалектика, ендеше. Мәселен, Сұлтан Оразалиннің атасы Айтқазы Семейден Петерборға барып ондағы ығай мен сығай өнер адамдары – ұлы держава көсемдерімен табақтас болып Жидебайға оралғанда: «Бәрін де көрдім – сөздерін тындадым, бірақ, өзіміздің Абайдан артығын көре алмадым» – депті, Жабайхан сөзін қайталап. Ендеше, қазақ ақылы – бүтін. «Су ағады – тас қалады» – біздің Абайға, Абайдың қазақы ақыл-санаға кіндігінен байлануы осыдан. «Ешбір дауыл құлата алмайтын шынарға айналды» деген Әуезов образы Абайдың – тарихи шындық. Ал, қазақ қара қазанына қайдан құлақ шығарсақ «еркіндегі қазаншылар» мұны білуі тиіс. Егер, «қазаншының» еркімен Абай тілі – ғылым тілі қырқылса, кешегі ақнайзалы батырды, ортағасырлық Оразбайды қайдан аламыз? Бұл мүмкін бе?! Міне, «Абайды» оқымау салдары бізді қай қиырға жетелемекші! Ендігі жерде Абайды ғана емес, оған жалғас ұлттық бренд Байтұрсыновты Америкаға берсек, түркі дүниесіне ортақ – Шоқайды Германия ғылыми ортасында талқылап, диссертацияны сонда қорғасақ, Батысқа салған бұл соқпақ өз жалғасын таба бермек пе? Тәуелсіздікті таяқтың бұл екі ұшының қайсысы қорғамақ.
Абай жолының ежелден ауыр жолы екенін білеміз. Осыдан бес-алты жыл бұрын «Мегаполис» газетінің орыс тілді журналисі маған: «Сіз қалай ойлайсыз, Абайға өз отанында неге жиі-жиі шабуыл жасалады?» деген сауал тастаған еді. Мәселенің психология-этикалық жағына бармай таза теориялық – «пролеткультшылдық» тарихи кезеңімен орайластыра түсінік берген едім. Ал, шындығында бұл – тым ауқымды, қазақ өресінен асып жығылатын сауал. Қазір ойласам, орыстілді журналист өзінің ойлау деңгейімен алдымызды орай тұспалдаған екен. Абай – қазақ қоғамы үшін күрделі құбылыс, тым шамшыл «процесс». Бұған Әуезовтен басқа ешкімнің шақ келмеуі содан. Абайтанушылар жоқтықтан емес, талай абайшылдар шыққан – бар. Бірақ, бәрінің мүйізі сынған – сындырылған. Орынына жалған абайшыл – ойбайшылдар толтырылған. Жүз бір шайлықса, енді, қайтып беттей қою психологиялық даярлықты керек етеді. Бұл – ұзақтау процесс. Берік тап басқан «рухани тоқырау» мәселесіне осы «үнсіздіктің» салқыны жоқ па екен. Әуезов ортамыздан кеткелі – 50 жыл. 50 жылда ел жаңарды. Қалай жаңарды? Бұл – әдебиеттің ғана емес, философияның объектісі. Журналистиканың бүгіндік өткір мәселесі. 
Абаймен өркениет арасына Әуезов орнатқан көпір бүгінде жаңаланды. Дер кезінде Әуезов «қызуы» басылмай тұрып Айманов әзірлеген 6-сериалы «Абай» фильмі Аймановпен бірге келмеске кетті. Абай әні айдынының аққуы Жәнібек Кәрменов те Айманов жолын құшты. Абай әнімен дүниені дүр сілкіндірген Шахмардан үні бүгін қазақ нәсілі құлағына жетпейді. Ақыл кені – білім көзі Абайдан көз жазсақ, тәрбие құралынан да ол ығыса бермекші ғой. Бұған қарама-қарсы жақтан Абайдың халықаралық сұранысы артып келеді. Мұны мен ҚазМУ-ға француз профессорының Абай жәйлі дәріс оқығанына қарап айтып отырғаным жоқ. Бұл – тек нышан ғана. Өсер елдің өскелең ұландары Абайын іздей бастаған рухани сұранысын көріп болжам жасаймын. Филолог емес суретші-мүсінші, дәрігер, экономист т.б. шетел өнегесінде жүрген өркендер өздерін Абай арқылы тани бастағаны қуантады. Күннен түскен рентіген сәулесі көп дертке дәру екені белгілі. Мәселен, жуырда ғана Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің: «Әдебиетке қалай қарайсыз?» – деген жалпы сауалына экономист министр Ерболат Досаев: «Төрімде Абай тұр» деп нақты жауап берді. Бұл сөздің Парламент қабырғасынан естілуі – уақыт дүмпуі – тарихтың қоңыр желі болып естілді маған. Әрине, әр нәрседен «ырым» көріп, болжам айтумен қазақ руханиятының Берік айтқан қиын түйіні шешіле қоймасы белгілі. Бұл салмаққа Әуезов қана шақ келіп еді. Ал, Әуезовсіз өткен елу жылда не өзгерді, шауып шық­қан шыңымыз қайсы?! 
Абайға ревизия Әуезовтен соң басталды. Сол тұста жұпыны бір ғылыми қызметкердің: «Сенің академиктігін Абайға жүрмейді!» деп, жағадан алғандай жағаласа түсіп Көкпайша тоталитарлық жүйеге жон арқасын тосқаны есімде. Сөйтіп, Абайды «жөндеу» арқылы бүтін қазақ әдебиетіне көзқарас өзгерді. Мәселен, Абайдың: 
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Құтылам деме езбеден – жолдарындағы «езбеден» сөзі «құтылам деме азаптан» болып өзгертілген. Бұл – кезеңдік принципті мәселе. Осы сөз арқылы Абай таптық көзқарастағы пролеткульт өкілі болып шықпақшы. Сөйтіп, образ орнын төңкеріспен келген таптық санаға алмастырдық. Бұлардың қайсысы – әдебиет? Қазақ тілінің мүдіруіне бұл «ревизияның» қатынасы қаншалық? Бұл – ғылым. Егер, бастама сол ғылымның өз үйінен – Әуезов атындағы жалғыз әдебиет зерттеу институты ішінен бой көтерсе ше?! Әуезовсіз елу жылда Абайды төңкерістен кейінгі «таз қалпына» қайта түсірмекпіз бе? Кешегі «Кеңес кезіндегі оқу – оқулыққа зар болып қалдық» деп, депутаттарымыз текке дабыл қақпағаны ғой… Шы­ғармашылық шаңырағы шайқалып, дәстүрлі ғылым арқауы ауыстырылып жатса, мұнда белгілі бір себеп-салдар бол­мауы мүмкін емес қой. 
Кеңестік әдебиет ұстанымына жалғыз тамшы болса да, үн қату мақсатында мен «Простор» журналына «Жумекен снами» атты шағын мақала ұсынған едім. Мақала бір жыл кешігіп шықты. Есесіне, М.Әуезов атындағы Әдебиет институтының барша тынысын танытатын «Созидательных 20 лет!» атты Институт директоры С.А.Қасқабасов мырзаның 50-беттік «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына» тарту еткен мақаласы қатар жарияланды. Бұл шолу мақала ғылым жетістігінен гөрі атауы – форматы ғана емес, мазмұн-мәнімен де Орталық комитеттің кезекті есебін еске салады. Жеке ғалым – жауапты кісіден гөрі ұжымдық еңбек интерпре­тацияланады. Күні бүгінге дейін советтік иде­о­логиямен Әуезовтің ара-қатынасы жабық тақырып болып келеді. Сондықтан, оның атын жамылған ғылыми-зерттеу орталығы да бұл мәселені айналып өтеді немесе бұра тартады. Нәтижесінде әдебиеттану ғылымы уақытпен келген ғылыми концепцияға емес, көше демократиясына сүйеніп советтік қиырдан хандық қиырға оңай ойысады. Ғылымның бұл принципті мәселесі – советтік кезеңнің де қайшылықты – әдеби сындағы айтыс-тартысты туғызған мәселесі бо­ла­тын. Бүгін әдебиет тарихын қайта жа­сап-жазу үстінде бұл мәселе өз шешімі табылмағандықтан, еріксіз «өткенді» қайталайды. Ал, қоғам – уақыт дәстүрлі ғылым тарихын іздейді. Мәселен, әлгі халықаралық тілде жазылған көлемді «есептегі» мына жолдар бізге осыны хабарлайды: «… Объектом изучения четвертого тома является литература первой половины 19 века. Литература этого периода по своему идейному содержанию и по тематике резко отличается от предыдущей, и это вызвано условием процесса колонизации казахской земли царской России и ликвидацией ханской власти, что привело к потере казахами своей государственности, и вспышке антиколониальных выступлений, ставших одной из основных тем литературы, которая уже профессиональными акынами и ставится более демократичной и реалистичному по сравнению с предшествующей поэзией жырау» («Простор» 2014, 88 с.). Міне, бұл – советтік кезеңде де мұншалықты бұрмаланбаған әдебиеттану ғылымының өзекті мәселесі. Яғни, бүгінгі «ауызша әдебиет – ауызша тарих» Жобасының жаңа методологиясы болса керек. Бұл методологиядан ұққанымыз өнер тудырушы «сөз» емес, тарих болып шығады. Бұл жалпы филология іліміне жат – қайшы тұжырым. Екіншіден, әдебиетті тақырып – идеяға жіктеу немесе таптық – отарлау саясатын көлденең тарту кешегі кеңестік әдебиет – пролеткультшылдық, қолтаңбаны еске салады. Ал, қазақ ақыл-ойындағы сөз талғамы ғылымнан тыс қалады. Сөйтіп, ой-сезім қоймасы «жыраулық поэзиясы» «зар-заман» – тарихи классификациясына қарсы қарастырылады. Яғни, Махамбет жыраулық поэзиясынан емес, «зар-заманнан» туыпты. Шортанбай-Дулаттар азаттық идея­сы­ның жыршысы ретінде поэзиядан биік қойы­лады. 
«…В этом томе литература первой половины 19 века рассматривается в единстве с общим процессом духовного развития казахского общества и показывается ее роль в подготовке почвы и основ новой письменной литературы, сформировавшейся во второй половине 19-го столетия». Көріп отырғандай, Махамбеттен кейін кезек – Абайдыкі. 19 ғасырдың бірінші жартысындағы тарихи хронология – зар-заман тарихи кезеңі жаңа жазба әдебиетті негіздепті. Абайды қалып­тастырыпты. Бұл Абайды ревизиялау – жазба әдебиетті маңсұқтау методологиясы болып шықпай ма?! Ал, жыраулық поэзиямен бірге жыраулық поэзия шыңы – Махамбет, Шортанбай, Дулаттан дәл осы методология бойынша кейінгі қатарға ығыстырылады. Бұл ғылымға ғана емес, қоғамға сепаратистік салқынын тигізбес пе екен?! Филологияның қарапайым заңдылығында бұлардың бәрі сөз контекстінде – поэзия концепциясында тексерілгені ләзім еді ғой. «Абайды таз қал­пына түсірдік пе?» деуіміз осыдан. Өйт­кені,  абайтанудағы Әуезов концепция­сы жоққа шығады. Әуезов концепциясы ғана емес, советтік кезең білікті ғалымдар методологиясы еш болмағандай күй кешеміз. Мәселен, әдебиет тарихының терең білгірі Әбсәттар Дербісәлі қажы: «Әдебиет тарихын ғасырларға бөліп қарау – шартты принцип. Өйткені әдебиеттің сапалық өзгерістері мен жалпы өсуі әрбір жаңа ғасырға байланысты емес, халықтың рухани өмірімен, қоғамдық даму жолдарымен байланысты» деп, советтік кезең социалистік идея органы «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде соқырға таяқ ұстатқандай ашық жазған еді («Социалистік Қазақстан» 14 февраль 1979 жыл). Әуезовтер осы жолда тер төкті, Абай жолын негіздеді. Ал, бұл бүгінгі Әдебиет та­рихы – қоғам оқулығы. Ол жолдан бүгін Абай­ды ығыстырсақ, бұған Қасқабасов емес, ұжымдық әдебиеттану кінәлі демекпіз бе? Өнер хронологиядан емес дара тұлға – дара стильден туатынын сол совет кезеңінің сұңғыла суреткерлері де анық ажыратқан еді. Жекенің орнын коллектив баса алмайтынын «Жазушылар өмірден неге артта қалады?» атты фельетонында Бердібек Соқпақбаев былай бейнелейді: «… Бір романды жиырма жыл жазғанша, жиырма жыл ішінде жиырма-отыз роман неге жазбасқа?! …Біреу «Сауыншы қыз» деген өлең жазыпты. Бірақ, жолдастар! Колхозда тек сиыр ғана өсіріле ме? Қой-ешкі қайда? Жылқы қайда? Шошқа қайда? Мал тақырыбына жазылған екен бәрін қамтып жаз. Жылқышы қыз, сиыршы қыз деп бөлектеудің, бірінен-бірін артық-кем санаудың не қажеті бар?! Олардың бәрі еңбек адамдары» – дейді («Қазақ әдебиеті» 4.03.1960). Міне, бұл «әдебиет» – бүгінгі Европа танымымен тең түсетін әдебиет. Мәселен, мәскеулік жазушы Андрей Воронцов «Огни в степи» атты романында советтік коллективизацияны осы Соқпақбаев танымы тұрғысынан тарқатады. Сол үшін ол бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болды. Ал, қазақ әдебиеті ше?! «Абай жолы» әлемге жол тартқан кезеңді ілгері емес, кейін тартып отырғанымыз жоқ па? Өнер Абайдан емес хронологиядан тамыр тартса бүгінгі қоғамдық ой-сана тұйықталып қалмас па?! Кеңестік шындық тұсындағы бұл кереғарлық орыс әдебиетінде бүгін толықтай демократия­ланды. Көркем өнерді – тарихты ой елегінен қайта өткізу процесі бүкіл әлемдік зертханаларда жүргізіліп жатыр, өйткені. Кезінде «ақ-қызыл» болып қырылған халық трагедиясы шынайы шығармашылық арқауына айналуда. Мәселен, Андрей Воронцов кейіпкері: 
– Почему в России большинство населения к нам враждебно? 
– Коммунизм – идея новая, привлекательная для простых людей, а большевики ведут хорошую пропаганду. Пропаганда базируется на глупости и невежестве людей. Но не нужно забывать, что глупость самая большая сила в мире. Массы глупы и поддаются пропаганде. Вовсе не следует говорить правду, а повтори десять тысяч раз ложь, и массы примут ложь за правду. Это сказал Ленин. Он специалист по лжи, – дейді («Простор», 2011, 11). Ленин солай айтты ма, айтпады ма кепіл­дік бере алмаймын, ал, Абай «көпте ақыл жоқ» дегенді айтқаны – анық. 
Сол сияқты, дәл осы ақиқат үшін Берді­бек Соқпақбаевтардың жолы жабылып, сынар соқпақтанғаны жасырын емес. Себебі, ол коллективтің жырын жырламады. Халық қарабайырлыққа қамалатынына зор сеніммен қарсылық білдірді. Бұл тікелей бүгінгі қазақ әдебиеттануының ғылыми көкжиегін кеңітіп тұр емес пе? Таланттарды баудай түсірген тенгермешілдік зардабын суреткер Соқпақбаев өзгеден тереңірек сезінсе керек. Ал, Мұхаң Абайды «төңкерісшіл» еткісі келген кезеңдік танымға – зерттеушілерге жан ұшыра қарсы шығып қорғаштауында да көрегендік жатыр екен-ау. Осы коллектившілдік санаға бола емес пе еді, біздің 20-шы ғасыр басындағы арыстардың қуғын-сүргін құрбанына айналғаны? Демократиялық дәстүрдегі орыс әдебиеті бұл мәселені бүгін шығармашылық тұрғыда дамытып ілгерілеткенін көріп отырмыз. Осы орайда, Погодиннің сол советтік кезде «Әуезов Шығыстың Шолоховы» дегенді дер кезінде дөп басып айтқаны таң қалдырады. Әлгі «Огни в степи» атты роман сол Шолоховтың «Менің өмірім – күрес жолы» афоризмін тарқата жалғай түскен бүгіндік шығарма болып отыр. Погодиннің Әуезов пен Шолоховты дәл осы болашағы зор ыстық нүктеде көріп салыстыруы бүгінгі бізге көп нәрсе айтса керек. Ендеше, бүгінгі орыс әдебиеті Шолохов арқылы сол бір трагедиялы тарихи кезеңнің шындығын айқара ашып отыр. Абай арқылы бүтін 19 ғасырға сәуле түсірген Әуезовтің де дәл осы методологияда тарихи көркем полотно түзгенін білеміз. 21-ші ғасыр кеңістігі советтік кезең шырмауында шырмауықша шырмалса, тереңге түскен «рухани тоқырау» (Берік Әбдіғали) төркіні бәлкім, осында жатқан болар. 
Абайдан қол аудармаған Қасым ақын жәйлы сол сұңғыла Соқпақпаевтың замандасы Мұқан Иманжанов ақын қайтыс болған азалы күні: «Бүгін қазақ поэзиясының сағы сынды. Қаралы ту жамылды. Қасым өлді! Қайран ақын. Сені ешқайсымыз тірінде бағалай алмадық, сені өлтірмеуге де болар еді… Өлеңді Қасымдай жазған ақын әзірде қазақта жоқ. Мұндай музыкалы сазды өлең оңай туа қоярма екен», – деп түсірді өзінің күнделік дәптеріне (Бақыт Кәрібаева. «Бауырмал жүрек». Алматы: «Жалын». 1984 ж., 23 бет.) Қасымға берілген бұл тұңғыш тарихи баға да гүлденген социализм тұсындағы әдеби таным. Авторы – орталық комитет органы «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі. Дәл сол тұста болатын: «Кел, Қасымды ортаға ап қидалайық, сыншы болып бітіргенің осы болса, біз сені сыншы бол деп қинамайық», ауызша эпиграмманың таралғаны. Сол Иманжановтың әлгіндей «заты түгілі» аты өшіп кетті. Біз Маршакты жоғалттық. Сезім тереңі – биік парасат, эстетикалық мұрат бізге жетсе, әдеби қымбат қазына – рухани мұра тарихымыздың да алтын арқауына айналмас па еді?! Оның орнына советтік – әдебиеттік «тізімді» енді тәуелсіздік «тізіміне» алмастырғаннан қосынды өзгермейді, қағидасына да қарамай, даяр советтік әдіс-тәсілін мұрағаттандық. Сондықтан сол Қасым әлі қидалануда. Мәселен, «Қасым жылы төрге шық!» атты көлдей мақала қасымтану үшін емес, Қасымның 100 жылдығын тойлау үшін ғана, советтік-үгіттік әдісте жүзеге асқан. Қасым: «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде» десе, мақала: «Сайраған жолым жатыр жер бетінде» болып өзгертілген. «Сайраған жол» – советтік әдебиет стилі – үгіттік әдебиет лебі есетін үлгі. Ал, үгіт емес, өзін іздеп шарқ ұрған ақын «жолынан» тауқымет көлеңкесін – шалдыққан жүдеу Қасымды көреміз, сайраған, «семіз» Қасым «жолын» емес. 
Мен бірде Төреғали Тәшеновтың «Өрт ішінен аман қалған гүлдеймін» өлеңін оқып жүрегім су етті: Қасымның жалынды жанары жалт еткендей болды. 
Өртенген үй жұртында,
Қып-қызыл боп желбіреп,
Қалай өстің сен мұнда,
Нендей сыр бар, нендей кеп?! – сауалын мен бүгін Төреғалиға тастағандаймын. «Ой түбінде жатқан сөзді жел толқытпай тұра алмайтынына куә болғандаймын. Есіме совет заманында өмір сүрген Дағыстанның дана ұлы Расұл Ғамзатовтың «жазған ақыннан жазбаған ақын мықтырақ» сөзі түсіп отыр. Бұл сөз жоғарыдағы Асан қайғы айтты деген: «нағыз мінсіз асыл тас су түбінде жатады» сөзімен тең түсіп жатқан жоқ па? Ал, хронологиядан туған (Ә. Дербісәлі), ұжымдық ұйым Қасымдай асқақ ақынның арынын басып, көркем бейнесін көмескілеген таным үстінде «Төреғали Қасымның жалғасы» десек, бұған «көпті» иландыра алар ма едік. Өйткені, Қасымды Төреғалимен байланыстыратын интеллектуалдық өнер критерийі – бейнелі тіл, өлең өрнегі жадыдан шығып, ұмытыла бастады. Қасым Рүстем ерлігін қайталаса да «Шахнама» жазбады ғой. Лирика аңыз емес, шындық (реализм) туғызды. Оның советтік шындықтан соққы көруі – коллектившілдік таным құрбанына айналуы да осыдан. Тарихты образбен сөйлету Төреғали табиғатын осы дара стильді ақындармен етене етеді. Ойын біздегі бүгінгі «ғылымнан» озық етеді. 
Қасымның «музыкалық саздылығы» (М. Иманжанов) Фарабидің 9-шекті домбырасымен үндеседі: ол ойнаған аспап саны бізге осыны айтады. Бұл – ғылым ізі, бақсы-шаман емес. Абайдың қалам ізін бағуы да Қасымның осыдан, әйтпесе, оның бойын билеген алып күш қуаты Ер Тонадан кем емес. Романтика қуса, қазақтың Байронына айналар еді.                       Олай болса, Қасымды Қасым еткен образ оңай туған жоқ – тумайды. Егер, ол «Шах­намамен» шақ келетін ерлік тарихын алты-ақ жол «Қызғалдаққа» сиғызып бізге «баян» емес, бейне-философия ұсынса, бұл – Абай биігі. Түркі сөзінің тамырдан көктеуі. Бұған бүгін бой ұру, қол созу – сол «ер дана» дәстүрдің өлмегені. Бүгінгі интеллектуал ақын: 
Ауған бұлттай, 
бұзылған кесенедей, 
Бұра мезгіл бізден де өтеді ме, ей!
Кешегі бүгінгідей болғанымен
Бүгінгі бола қоймас кешегідей, – деп, ақылмен базына айтып, баз кешеді. Жаңа­лығы – бүгінгі ақиқатымен өмір сүру. Ұлттық тіл – өнер постмодернистік сипат алады. Сондықтан, тарихи Түркістанға ол балаң емес, бұла сезім, дана көңілмен қарайды. Қасаң трафарет трактаттан қажыған жанынды өмір-тарихпен тыныстатады. Көзден кетіп көңілден тая бастаған Мағжан, Қасым поэзия отын көсеп жүректі жылытады. Яғни, ол бүгінгі «шен-шекпен» шеңберінен шығып, өзінің адамзаттық тек-тегін тауып руханият кенішіне кеңелтсе, бүгінгі туған тіл – әдебиеттің өлмегені. Тарихпен тыныстату хронологиясы емес екеніне көз жетеді. Салауатты қоғам салтанаты Пушкиннен соң Некрасовқа ауысып орыс поэзиясы рухы сақталған еді. Сондықтан, бұлар тоқыраған қоғам шаңырағын шайқалтпады. Сол бір лейтмотив басымдық алып кетті. Ал, бізде бұл үрдіс әзір су түбінде «мінсіз асыл тас» күйінде тұр. Мәселен, Астана, Есіл өзеңі туралы туған барша өлең-өнер кешегі декларация арнасынан аса алмай қалғанда, Төреғали: 
Шағаласы Есілдің, емексумен есіл күн,
Еңкіш тартып барады, таңым – тұйық, кешім – мұң, – деді. Жалған мадақ (ода), мезі еткен сәтте бұл қарапайым жолдар се­нің сырласыңа айналса, бұл – шынайылық. Әлемдік үрдісте жоқ әдебиет пен идеология одағынан жаңа белеске бет бұру. Сондықтан, бұған әлемдік өреде сұраныс бар. Әдебиетті бір түске бояп тастауға құқымыз жоқ. Өлең – өзінді тану алдымен.    
Шағаласы Есілдің, 
Күйі болмай көшімнің. 
Күні тумай шешімнің, 
Шаршап тұрмын кешіргін, – жолдары менің-сенің және қоғамның шындығы. Та­нымға керегі дәл осы «таныс-бейтаныс» емес пе? Ал, әдеби танымды бұзу не үшін, кім үшін керек?! Қазақ әдебиетін осы тұрғыда ғасыр парадигмасынан – рентіген сәулесінен өткізу – уақыт талабы. 
Табиғатпен тілдесу – адамзаттық мәңгілік тақырып ақын үшін, күрделі процесс. Бұл әлемдік көркем ізденіске Төреғали қаймықпай араласады, алайда үлгіні туған әдебиеттен алады. «Шетелшіл» емес. 
Қарсаңында ертең ерте көктемнің, 
Қайталайды қателігін өткеннің,
Алданудан ауызы қайтып күймейтін,
Сарсаңынан сабақ алмас неткен гүл!
«Наурыз гүл» өлеңі сегіз шумақ бойы осылайша табиғат сырына үңіледі. Абайдағы психологиялық параллелизм – ұлттық классика үлгісі бүгіндік поэзияда өзінің көркем шешімін табады. Қайталанған ақын – өмір шындығы өлең өзегіне айналып тарихи сипат алады. Мәселен, өмір құдіретін Қасым «Қызғалдақ», Төреғали «Наурыз гүл» арқылы паш етеді. Мәселе сонда, «өмірді – татқан біледі» – ақындықтың басты шарты. 
Табандары тілініп, 
Жүрмей қалды арықтар.
Көлеңкеге тығылып,
Бүлкілдейді лақтар.
Шегірткілер ыршып,
Тынбайды ызың-әуресі,
Түңіліктен тік түсіп,
Сынбайды күн сәулесі.
Бұл сөйлеп тұрған сурет – таза Төреғали табысы, бүгінгі қазақ поэзия жетістігі. Ия, бүгіндік поэзия әлемдік тенденцияда осылайша ауыз екі тілмен кіріге жымдасып кетуі керек. Баршаға айқын түсінікті тілге көшуі тиіс. Сөйте тұра, қазақ ақыны өзінің ұлттық байлығы – образ мұратын жанды кейіпке аса шебер, Абайша енгізеді, өзінше өтейді. «Жаз», «Жазғытұры» Ыбырайдан да бұрын, Бұхардан бастау алған. Табиғатпен тіршілік тұтастығы бүгін Төреғали арқылы тіріліп әлгі суреттегі түстіктің тал түсі бүгіндік поэзияға айналып отыр. Бұл – үндестік пе, әлде жалғастық па?! Рухани тоқырауды (Берік Әбдіғали) ұлттық тіл қайта өрлеу кезеңі ғана осылайша жаңалай алады. Өз басым оңтүстік аптабын Мұхаң қолтаңбасынан сезінгендей едім: сол бір сурет – мөлдір сағым бүгін ақын тілінен балы тама өлең-өнер полотносын ұсынып отыр. «Кестенің бізі, өткірдің жүзі өрнегін сендей сала алмасына» (Абай) көз жеткізеді. Сурет көрмесі бар, сөз көрмесі жоғы бізде өкінішті-ақ. Бұл – тілді қолдау-қорғау ма?! Тірі тарихи – өмірдің қозғаушы күші. 
Саздағы шынар,
Секілді саяқтау біткен,
Тағдырдың бұл да маңдайға,
Жазғаны шығар! 
Тұзағы мықты, 
Жетті ақыр аяндап маған,
Абайдан қалған баяғы ызалы күлкі.
Стиль бүгінгі, ал, мазмұн тереңдігі шы­­ңы­раудан сыр тартады. Басты жетістігі – поэзияны демагогиядан тазартады. Қазақ өлеңінің қоңыр желі еседі: советтік шындық шеңберінен шығып бүгінгі өмір аңсарына түседі. Советтік сын тезінде бұл жолдар «өткенді аңсағыш» – кертартпа сапына қосылар еді. Қазақ әдебиетінің өскелең бұл бір бұтағы ескеру-елеусіз жұтылар еді. Сурет, тіл, қиял тек әдебиет арқылы жетіп-жетілетінін ескерсек, Төреғали өлең өрнегі – архитектоникасын Абай-Ахмет-Мағжандармен тұтастыратын да осы таным тереңдігі, әдеби білімділігі. 
Толқын көк ала, 
Соғар жағаға.
Ұшар айналып,
Жалғыз шағала. 
Суды сабалап,
Жетті жағаға.
Өтті бір толқын
Өксіп арада.
Құс па шарқ ұрған,
Су ма алқынған?!
Көл ме, кеудем бе,
Көкке талпынған?
Жалғыз шағала,
Айдын көк ала.
Жабырқап тұрмын,
Жалғыз «Жағада»…
Жеткізе жырлау – жете сүю арқасында қазіргі қазақ ақыны мұхит толқынынан муза тауып, океанда өмірін өткізген. Ақындықтың ұлы тұлғасы Бальмонт еске түседі… Шөл-шөлейт, полигонға айналған аймақ – қа­зақ жері, Сәкен жырларымен аққулар мекеніне айналғанындай, Төреғалидың әлгі жолдардағы жан құбылысы паспорттық өлең емес. Төреғали туған табиғаттың көшірмесінен бөлек қазақ поэзиясы арсеналын – поэтикасын жалғастырады. Дала төсін мұхит жағалауындай сезінсе поэзия көкжиегінің кеңеюі. Ең бастысы, Төреғали канонға қамалмайды, дәстүрден қол үзбейді. Қалам мәдениеті жалпы адамзаттық әдеби тілмен иықтас отырады. 
Менің ожар ашуымды,
Сенің аяр күлкің көмді.
Аштық қысқан бүркітімді,
Қашып пысқан түлкің жеңді.
Қазақ поэзиясында бұл сурет Абайдың «қар – әппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл» деген атақты шеңдестіру тәсілі арқылы келгенін білеміз. Әңгіме Төреғалидың бұл трафареттен шығып бұл түрді трафаретке айналдырмай тың өнер тудыруында. Классикамен тереңнен табысқанымен сөз – сезім шынайылығында даралана алуында. Халықтық мән-мазмұнға ие болуында. Қазақ сөз өнерінің қуаты мен табиғатын сақтап қалуында. Мағжандық мұң бүгінге жат па?! Жүз – мыңжылдықтарды болжайтын қазақ ақыны табиғаты болар. Бізге бүгін баға жетпес байлық саналуы тиісті. Осыны тереңнен ұғынған ақын: 
Байлап батқан сор ұшына,
Қайра алмай бағымды енді,
Айдан аттар арман жастық,
Жайдақ аттың жалында өлді, – десе, элегия өресін үзіп, жоқтау жанрын жаң­ғыртқандай екен. Абыздар орнын жоқтатпаған Мағжан «… Қорқытқа ерсем, Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем» образын абыз ақынмен қоса аттық. Бүгіннің саналы ақыны осы түйсікті тірілткендей. 
Жүректе шер қала ма,
Осынау сары далаға,
Сағынбай көр сен!
Сәл шықсам,  
Іздейді далам,
О далам, сенен,
Үміт үзбейді балаң.
Осы «сары дала» образы еді ғой қазақ жаны – Мағжан поэзиясының арқауы. Советтік кезең бөлшектеген бүтін қазақ поэзиясын бүгін әлгі жолдар бүтіндеп отырғандай. Төреғалиға дейінгі Жұмекен («қоңыр»), Қадыр («боз») эпитеттерімен алмасса, Төреғали сол Мағжан қолданған «сары дала» – трагедиялық халде жасқанбай бейнелейді. Сондықтан ол: 
Бетке алдым,
Қағбасын өлеңнің!
«Жеткізер деме – бұл жүріс қалай?!»
Жете алмасам, жолда өлермін, – дейді. Өнер – құрбандық. Әлде бұл – ақжарма арман! Міне, ақын – өлең «енесін» осылай қапысыз табады. 
Жалғыздың мұңы – байғыздың үні,
Жанынды бір сәт қалтыратқандай, – бү­гін­нің – тарихтың тылсымына енгі­зеді.       
Бұл жазбалар өйткені, жазба дәстүрдің тарамыстай тартылған берік арқауы. Алайда, Абайдан бергі қазақ жазба өнері ауыр тағдыры бүгін сын-сынақ үстінде тұр. Кезінде көп елдерге бұйырмаған өзінің өрелі биігі мен кең өрісін екі том «Абай» арқылы әлем әдебиеті таныған тұғырынан түсіп қалмас па?! Мұның үлкен саясатқа да мол әсері тиюі әбден мүмкін. Мәселен, Ресей телеарнасынан қазақ ұлттық бет-бейнесін жоғалтқан бурятпен салыстырған хабар таратылды (2014). Бұл жалпы халықтық руханият – әдебиет мәселесіне толымды-танымды жауап қайтаратын кім? Әдебиет-өнер «тарихының» соңғы ширек ғасыры кіндік шешесі С. Қасқабасов – Әуезов атындағы зерттеу орталығы директоры қызметінен өз миссиясын «мүлтіксіз» атқарған соң ізін суытты. Ал, «тарих-әдебиет одағы», жоғарыдағы бұл мәселені бір ізді – бір сөзді сол ауызша нұсқада танып насихаттауда. Сөйтіп, кезінде советтік саясат құрбаны болған жазба өнер енді тәуелсіздік тұсында да «жапалақпен тасты, таспен жапалақты ұрса да жапалақ өледі» күйін кешпек пе?! Екі ғасыр бұрын қолы жеткен образды бүгін мифпен алмастырған таным етек алып – «ұлттық бренд – ауыз әдебиеті» (С.Әбдрахманов, «Қазақстан» телеарнасы, 2015) деп, қоғамдық қолдау көрсетсек орыс сыны қазақ қоғамына қарата: «… На уровне этносов происходит как бы социальное «обнюхивание» и груминг, объединение в волчьи стаи и песьи сообщества, для которых «чужая душа – потемки, где таится волк». … Время инициации – это «поход» в хроническую зону, где индивидуальность приносится в жертву консолидации социума, главная задача которого – выжить. Во главу угла ставится «стайный принцип», являющийся точкой отсчета  в полярности соперничающих цивилизаций и культур» («Простор», 2011, 11, 187 бет) десе, сырт көз – сыншыға қолайлы жағдай жасап бергендік болмас па?! Ал, Абай қоғамға дәл осылайша өркениет көзімен қарап: «көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек» – дейді. Бүгінгі орыс сыны мен ХІХ ғасыр қазақ сыны-шыны неге бүтін шығып отыр? Абайдан бастап құрбандыққа шалынғандар – «индивидуальность приносится в жертву» – «көк ит», «көп ит» – «стайный прин­­цип» болып, ойыма-ой, сөзбе-сөз дәл түсіп отыр емес пе! Бұл кездейсоқтық емес. Абай Пушкин-Лермонтовты аударған ақын ғана емес, Белинскийді – қоғамды терең таныған сыншы. Оның бүгінгі орыс сынымен қойындаса кету сыры осында. Ендеше, бұл бүгіндік әдебиет – жалпы халықтық мәні бар мәселеге Абай ғана толымды жауап бере алады. Орыс сыны ғана емес, әлемдік ақыл-ой иелері бүгін қазақ әдебиеті – Абаймен дәл осылайша тілдесіп-түсіністік табатыны кәміл. Бұған да біз бүгін әдебиетте адасып жүрген теріс тенденция бой көтергенде: «қазақтық рейтингті көтеру мақсатында «эротиканы» алға тартқан орыс тілді әдебиетшіге орыс сыны уәж айтады: «шығыстық тәрбиедегі қазақ қауымы мұны қалай қабылдайды?» – дейді. Қазақ әдебиетшісі эротиканы бүгінгі өмірден емес алғашқы қауымдық құрылыстан іздеп-табады. Яғни, бұл әдебиет емес, дерек-дәйектемесіз – тарихилығы күмәнді мифтік бейнеге барып тіреледі. Екі қиырға тартқан қазақ – орыс бұл дилеммаға да Абай адамзаттық негізде, «жан-тән» философиялық өреде жауап береді. «Ақылдың жетпегені арман емес, құмарсыз құр мүлгуге қана алмаймын» – дейді. Мұнда біз жіктеп-жіліктеп  отырған Батыс-Шығыс жоқ. Адамзаттық мұрат – тілек бар. «Құмарсыз құр мүлгу» – догма, жанды алдау, ал, тән рахатын эротика-порнографиямен алмастыру – азғындық. Бұл – аса маңызды бүгіндік – қоғамдық мәселе. Қазіргі әдебиеттен шешім таба алмаған соң Абайдың жүйелі ілімінен сабақ тартуға тура келеді. Өйткені, ол адамзаттық ақыл-ойдан қанып ішкен – дәмін татқан білімпаз. Сондықтан, ХІХ ғасыр қазақ сөзі ХХІ ғасырмен тең түседі. Бүгіндік әдебиетке ұстаздық етеді. Орыс әдебиеті бізді тағылық-тайпалыққа балап отырған «мифтік деңгей» Абайдан тыс – түр-тұрпаты көркем өнерді алмастыра алмайтын, тек қазақ халқын «кемсіту» кәдесіне ғана жарайтын көрініс. Ал, Абайды білмей, қазақ жазба әдебиетінен хабарсыз отырып үкім айтылуы – өкінішті-ақ. Бүгінгі қоғамда орын алған ұлтаралық, руаралық, дінаралық қайшылықтардың өршуіне дәл осы – қазақ руханиятын терең білмей-танымай пікір айтып, билік құрған арандатушылар кінәлі болмақшы. 
Бұл ауыр нотаны жеңілдеткен қашаннан ежелгі театр саңлақтары еді. 
– Асеке, көп білесің. Бірақ, жазбайтын жалқаусың – деген тұстастарына даңқты қазақ режиссері Асқар Тоқпанов миығынан күліп: 
– Абайды оқымайтын қазақ Асқар «бірдеңе» жазды екен деп, оқи қояр ма екен?! Не үшін әуреге түсуім керек – деп жауап қататын еді. 
Жұрт бұған мәз боп күлетін.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Абай – диалектика дейсіңдерме алжасқан екенсіңдер… Жабайхан Әбділдин өтірік айтады кезінде айтса қайда қалды Гегель, Кант деп пір тұтып өмірден өтіп барады. Жабайхан өркендеткен истмат (иторический материализм) диамат (диалектикалық материализм) Гегельдің ми ашытқан диалектикалық жалған ілімі қазақтың Абайға жақындай түсуіне бөгет болды емес пе?! Тәуелсіздік алған соң Абайшыл бола қалғанын бәрінің…. Кезінде Зейнолла Қабдоловтың Жабайхан Әбділдинге “Әй Жабайхан сен не бізді Гегельге апара алмадың, не Гегельді бізге әкеле алмадың” дегені бар еді. Осы астарлы сөзде терең мағына жатқанын біреу түсінсе, біреу түсіне бермейді…
    Ал мақала авторының өз қызы қазақша білмейді. Абай десе шәші тік тұрады (философиямен айналысып жүр). )))))
    Шегімді қатырдыңдарғой))))))))))))

Пікірлерге тыйым салынады.