Шамамыз келгенше, бұл майданда жеңілмеуіміз керек…

  • 20.10.2015
  • 5698 рет оқылды
  • 12

Айнұр ТӨЛЕУ,
журналист

Адамзаттың өмір сүру салты да ғаламданып бара жатыр. Қолданбалы ғылымның дамуы өз кезегінде адамдардың бұрынғы тұрмыстық салттан ажырауына алып келеді. Мұндай өзгерісті бірден қабылдап уақыттың ырғағына қарай ілесе алатын адам бар да, жаңалықты қабылдай алмайтын адамдардың тобы тағы бар. Екі топтың бар екенін айту осыншалықты оңай ғана болғанымен, шындап келгенде жаңалық пен есікіліктің тартысы деген мәселе күн тәртібінен түспек емес. Адамзат жаңарудың қаншалықты биік дәрежесіне жеткенімен, кейбір тұста бұрынғы таным-түсініктерге иек артып отырады. Бірақ, адамдар арасын­дағы таным мен түсінік қақтығысы жалғаса беретін секілді. Кейбір жаңалықтар бізді бұрынғы болмысымыздан алшақтауды талап етуі мүмкін. Ал, болмыс – адам үшін ең негізгі тірек болып қала бермек. 


Бір адамның болмысының өзгеруіне соншалықты қынжыла қоймасымыз анық. Ал, ұлттың болмысына тұтастай өзгеріс ене бастағанда біз дабыл қағамыз. Егер, адамның, анығын айтқанда ұлттың болмысының өзгеріп бара жатқанына  шынында да дабыл қағылатын болса, онда біздің құлағымыз ештеңені ести алмайтындай тынып қалған болар еді. Себебі, әлемде адамдардың жасанды тамақтанып,  жасанды киім киюіне, әу бастағы болмысынан алшақтауына ар­нал­ған  бағдарлама әлдеқашан даярланып, ол іске асып жатыр. Бір кезде табиғат берген нәр арқылы тамақтанатын адамдар қазір қолдан жасалған биохимиялық жолмен даярланған астарды тұтынатын болған. Күннің шуағынан нәр алып, ақ жауынның астында  қалған қияр мен қызанақ жемегенімізге қанша жыл болды?  Көкөніс пен жеміс-жидекті былай ысырып қойып, қазақ екенімізді бір сәт еске алайықшы. Сіз тұрып жатқан алып шаһарларға келгенге дейін біздің жемесек тісіміз сырқырайтын еттің нендей күй кешетінін білемісіз? Дайын, мүшеленген етті алмаймын деген күннің өзінде, малды бордақылау тәсілінің өзі заманауиланып кеткенін білемісіз? Мамандар қолдан бордақыланып, арнайы дәрі-дәрмектер ар­қылы семіртілген малдың етінің зиян екенін айтып-ақ жүр. Оның үстіне адамдарды жайлап бара жатқан «май басу» мәселесінің өзі, майлы ет тұтынудың салдары дегенді айтып жатыр. Адамның жеген асы оның болмысына әсер ететіні есті адамға түсінікті. Тіпті,  стомотолог мамандардың өзі бабалары бақуатты, үнемі етпен қоректенген ұрпақтардың тістерінің мықты болатынын алдыға тартады. Тіс демекші, заманауи адамдардың жақ сүйектері 4 мм кішірейген екен. 4 мм көз үшін соншалықты кішкентай өл­шем болғанымен, ауыз қуысы үшін ай­тарлықтай өзгеріс. Демек,  жақ сүйекке бұ­рын­ғыға қарағанда бір тіс симайды деген сөз. Әлбетте, ақыл тіс (ғылым тілінде сегізінші тіс деп аталады) өсіп шығатын орын қазіргі адамдардың көбінде жоқ деген сөз. Сондықтан, ақыл тіс жоғары көтеріле алмай, қызыл иегіңіз іріңдеп тіс дәрігеріне барсаңыз, ол соншалықты таңқалмайды. Адамдар физиономиясындағы мұндай өзгеріске олардың еті үйреніп келеді.  Үйрену дегеннен шығады. Адамдардың бұлайша өзгере беруі қай межеге дейін бармақ. Алда қандай қауіп бар?  Жаңашылдықты алдымен үрке қабылдап, кейін етімізді үйрететін адамдық мінезіміз бар емес пе? Десе де, алдағы уақытта медицина ғылымдарының  дамуы адамдарға мол мүмкіндік ашатыны сөзсіз. Бедеулікке қатысты материалға ізденіп отырып медицина ғалымдарының болжамдарына көз тастадым. Онда адамды қолдан ұрықтандыру мәселесінің қарқынды дами­тыны жақсы талқыланыпты. Осы уақытқа дейін жануарларды қолдан ұрықтандыру жүйесі жолға әбден қойылып болған екен. 100 пайыз мүмкіндіктің 99 пайызында жануарларды қолдан ұрықтандыру жұмысы өзінің жемісін беріп жатқан көрінеді.  Ал, 2020 жылға қарай адамдарды қолдан ұрықтандыру 50 пайыздық межеге жетеді екен. Бұл ілімнің дамитыны соншалық, алдағы уақытта әйел заты бала туу «қасіретінен» құтылады. Ал, уақыт өте келе аналық  жатырдың қажеті де болмай қалады. Бұл өз кезегінде  қабылдауды былай қойғанда елестетудің өзі қиындау болжам екен. Ана мен баланың арасындағы баланс жоғалса, онда жер бетіндегі мейірім деген ұғым да жоғалып кетпей ме? Біздің өмірге келіп, жетілуіміз соншалықты күрделі процесс болмаса, біз кімді құрметтеп, кімді идеал тұтамыз. Ол рас, бұл адамзатқа төніп келе жатқан мүмкіндік әрі қасірет. Ал, ғылыми жетістіктердің нәтижесінде ұлттың болмысын жоюға арналған  гендік қарулар-бүгін талқыламасақ, ертең кеш қалатын мәселе болмақ. Ең алдымен адамды топырақтан жаратты дегенге көп қазақ нанады. Тіпті, тілдік қолданыста «қай топырақтан жаралдың» деген поэтикалық сауал да бар. Соңғы кезде «топырақтан жаралу» деген  тіркес мені қатты ойландырып жүр. Көп қа­зақтың бірі ретінде мен де топырақтан жаралғаныма сенімдімін. Бірақ, біздің келешек қай топырақтан жаралып жатыр? Тарқатып айтар болсақ, топырақтан жаралу дегенді былай түсінуге болады: Жаратынды ретінде біз де жерге тәуелдіміз. Жерден өніп шыққан өсімдіктерді азық етеміз. Азық асқазанға түседі, сарапталады, дәруменге айналады. Демек, біз­дің әрбір жасушамыздың қалыптасуы осы топырақтан шыққан азық пен суға байланысты. Өсуіміз бен өнуіміз, қала берді өлуіміз де топыраққа байланысты делік. Бірақ, бүгінгі қазақтың тұтынып отырған азықтарының қанша пайызы өз топырағымыздан өніп шығып жатыр? Көкөніс Өзбекстаннан алып келінеді. Етті Ресейден тасимыз. Сүт тағамдары  Қытайдан келетін ұнтақтар арқылы жасалынады. Жұмыртқаны да көршіден тасимыз. Тауық еті тіпті  мұхит асып келіп жатыр. Демек, бұл бүгінгі қазақ құрсақта жатқан сәттен бастап-ақ қазақ жерінің топырағынан жаралып жатқан жоқ деген сөз. Бойыңа өз топырағыңның құнарын дарытпай, осы елдің отаншыл азаматы бола алатыныңызға сенесіз бе? Біз жаралсақ, осы елдің суын ішіп жаралып жатқан болармыз, бірақ, туған еліміздің топырағының құнары бойымызда жоқ. Бұл ойлануға тиіс жағдай. Ол рас, азықты тыстан сатып алуға болады. Бірақ туған елге деген сүйіспеншілікті сатып ала алмайсыз.  Ал, сүйіспеншілік сол жеген асымыздан даруға тиіс болатын.Талай алмағайып заманда батырлардың тұлпарының тұяғына жаншылып, ананың көз жасы мен бабаның қаны сіңген топырақтан біз міндетті түрде құнар алуға міндетті едік қой. 
Жасанды жеміс шырыны мен ұнтақтан жасалған сүтті ішіп жүрген баланы көргенде жүрегім сыздап қоя береді. Тапқан амалым-оларды ауылға алып бару. Солай ғана мен үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып шығарып салатын ұрпақ өсіре аламын деп ойладым. Солай ғана «ақ мол болсын» деген тілектің мәнін түсінетін болашақ қалыптастыруға болатын шығар. Құрт жеп, айранға аузы былғанбаған бала қазақшыл бола ала ма? Құлағына жылқының кісінегені кірмеген бала «Ұйықтап кетсе, түсінде арғымақ көрмейді». Қысқасы қазақ қазақ болуы үшін Қазақияның топырағында өсіп-өнген өнімді тұтынуы тиіс. Адамның тұтынған асы оның болмыс бітіміне әсер ететіндігін генетиктер жоққа шығармайды. Асыл дінімізде де адамдардың адал ас пен арам асты парықтауына бекерден бекер талап қойылмаған. Ал, бізде барлығы керісінше. Тамақтанудың да өзіндік «модасы» қалыптасқан. Былтыр американдық Сандерс деген шалдың тамағын жеу сәнге айналған. Алдыңғы жылы түріктің асын тұтыну сән еді. Биыл суши туралы көбірек айтып жүрміз. Сән қуып жүріп, ұлттық мінезімізді жоғалтып алғанымызды байқамай  қалмасақ болғаны. Хайуанаттар бағындағы аңдарға зер салыңызшы. Маймылға өзінің бананын береді. Ол біздің жерде өсетін жемісті аш өзегіне түскенде ғана жеуі мүмкін. Ал, біз тоқшылықтан, италияндықтардың пи­цасын, жапонның сушиін қымбат бағаға сатып алғанымызды мақтаныш көреміз. Бұл не сонда ғаламдану ма? Біздің отандастарымыздың көбісі жазғы демалысын әмірліктерде өткізіп жүр ғой. Ал, сондағы арабтар тек қана теңіз бен биік ғимаратты емес, өзінің сахарадағы түйесін көрсетіп, дүниетанымын да таныстырып өтеді. Кез келген ел өзінің мәдениетімен мақтанып қалғысы келеді. Сырттан келетін турист те бөгде болмыс иесінің өміртанымымен танысқысы келеді. Біз керісінше. Бүгінгі таңда сүт тағамдарын тоңазытқышсыз-ақ салқын жерде ұстап тұруға мүмкіндік беретін торсықтың  жасалу жолдарын білетін адамдар тым азайып кетті. Торсық десе, біздің ойымызға қатты жиһаздың қақ төріне қойылатын кә­десый (сувенир) елестейді. Эстрада деген тер­миннің мәнін түсініп,  өмір салтымызға енгізгелі тойымызда домбыраға орын қалмады. Өзінің ұлттық құндылығын айдың-күннің аманында, еліктегіштік қана қасиеті үшін айырылып қалатын ұлт біз ғана шығармыз. Алдымен әр қазақ өзін сыйлауды үйренуі керек қой. Күллі бір ұлтты сыйламау – өзімізді сыйламаудан басталады. Біреу көшеге түкіре қалса, қазақтар осындай ғой дейміз. Сәл нәрседен  кідіре қалып, күмілжіп жауап қайырсақ, қазақтар ынжық дейміз. Бір сөйлем жазып, арасында екі әріптің орны ауыса кетсе, қазақтар сауатсыз дейміз. Ал, арамыздан бір көрікті адам табыла қалса, сенің қаныңда басқа ұлт бар ма, қазаққа ұқсамайсың деп шыға келеміз. Неге жер бетіндегі жамандықтың барлығы қазақтікі де, сұлулық пен сырбаздық басқа ұлтқа тән болуы тиіс? Біріміз сүріне қалсақ, дереу сүйеу болудың орнына, сол керек көзіңе қарауың  керек еді деп қарап тұрамыз. Расында, бала кезден-ақ бізді осылай тәрбиелейді. Байқамай  шалынып түссең, «балам-ау құлап қалдың ба?..» деп маңдайдан сипайтын үлкендерге қарағанда, «көзіңе қарамайсың ба? Маңдайыңдағы көз бе шұңқыр ма?» деген сыңайдағы зеку айтатын үлкендер көп қой. Сонда деймін де, бізді тамақтану әдісімен арнайы бір қалыптағы адам жасау процесі басталып кетті делік. Сол процесті жылдамдату үшін біріміздің-біріміз аяғымыздан шалып, жағамыздан алудың қаншалықты қажеті бар? Адамның болмысын табиғат үнемі қимылдап оты­руға негіздеп жаратқан. Техниканың кө­бейіп, жұмысымыздың азаюы бізді қи­мылдау мүмкіндігінен айырып барады. Есе­сіне аурудың да түрі көбейді. Адамдық болмыстың да өзгеріп бара жатқанын анық аңғарамыз. Шамамыз келгенше, бұл майданда жеңілмеуге тырысқан абзал. Заманға сай қазақ болып қалсақ та, ұлтқа тән мінезімізді сақтап қалуға тиіспіз.

 

 

Алдыңғы «
Келесі »

12 Пікір бар

  1. Сіздің материалдырыңызды сағынып қалдық Бас редактор жастарды тани биледи. Жастар қажет осындай

  2. Айнұржан, сенің әрбір жазғаныңды шама келгенше қалт жібермей оқып жүремін. Мынай ойларың да өте керемет екен. Осыны оқып ойланатын, титтей де болса кәдесіне асыратын оқырмандар көбейе берсін. Қашанда сәттілік тілеймін.

  3. Айнур жарайсын.Сенин акыл усынысынды мемлекеттик денгейде таратып миндеттесе болар еди.Керемет соз жок, керемет .Жаза тус.Денин сау болсын!

  4. Айнұржан, өте өзекті толғаныс! Мақалаңды оқып шықтым. Жазар көбейсін деп тілегім келеді, алайда басымыздағы осыншалықты жағдайды емес, болашақта мақтанып айтарлық дүниеміз көп болғай! Жарайсың!

  5. Айнұр, таққа, қызметке қызықпашы!Сен елдің мұңын айтуға тиіссің.

  6. Қарындас, өлтіріпсің енді!

  7. Бұ баланың ойы расымен оқшау

  8. Қалқам, абайлап сөйлеші.Мен сенің жазбаларыңнан қорқып кетемін осы

  9. Ой сау бол!

  10. Шынымен сұлу қазақ көрсек, Барлығымыз солай айтамыз.

  11. Қысқасы қазақ қазақ болуы үшін Қазақияның топырағында өсіп-өнген өнімді тұтынуы тиіс. Адамның тұтынған асы оның болмыс бітіміне әсер ететіндігін генетиктер жоққа шығармайды. Асыл дінімізде де адамдардың адал ас пен арам асты парықтауына бекерден бекер талап қойылмаған. Ал, бізде барлығы керісінше. Тамақтанудың да өзіндік «модасы» қалыптасқан.

  12. Құрметті редакция осы қыздың данныйын қайдан алуға болады?

Пікірлерге тыйым салынады.