• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Жанайқай
  • >
  • ЕКІ ТҮЙЕ СҮЙЕНСЕ, ОРТАСЫНДА ШЫБЫН ӨЛЕДІ немесе ұлттық сана-сезім дағдарысына ең бірінші ұлттық тәрбие арқылы төтеп берілуі керек

ЕКІ ТҮЙЕ СҮЙЕНСЕ, ОРТАСЫНДА ШЫБЫН ӨЛЕДІ немесе ұлттық сана-сезім дағдарысына ең бірінші ұлттық тәрбие арқылы төтеп берілуі керек

  • 20.10.2015
  • 662 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кәусария Сәулехан,
мектеп оқушысы

«…Ал, ұлттық сана-сезім дағдарысы болса, қазақты біртіндеп меңдеп, оның НАМЫС атты аң құдіретті қасиетін аяққа таптатып, ұлттық немқұрайлылыққа бой алдыруына ықпал етіп жатыр», – дейді Аманхан Әлімұлы «Рухани иммунитет» дейтін ма­қаласында. Сонымен қатар, сол мақалада Ұлт­тық сана-сезім дағдарысының өзге дағ­да­­рыстардан (әлеуметтік-экономикалық, т.б) қауіп­тірек екенін тілге тиек етеді. Ал, ме­ніңше, оның қауіптілігі сол – тілсіз жау іспеттестігі.

Олай дейтінім, ол көзге көрін­бей-ақ ұлтты жаулап алады. Ол біз тілсіз жау деп атайтын су мен оттан неше есе қауіпті, көзге көрініп, адамды елең еткізе қоятын қасиеті жоқ жау. Оның өзінде, ол адамның ең басты ерекшелігі (өзге жан-жануарлардан) сана-сезімді жаулайтын дағдарыс. Сонымен қатар, мені қатты қынжылтатыны – осы үлкен кеселге төтеп беруге немқұрайлы қарауымыз, одан қалды дәрменсіздігіміз. Бірақ, сіз сіздің аулыңызды су басып жатса да, өрт алып жатса да, күнделікті күйбеңмен жүре бермейсіз ғой? Ең бірінші үйіңізді, сонан соң ауылыңызды аталған «жаулардан» құтқаруға әрекет етесіз. Әйтпесе, су астында қаласыз немесе күліңіз көкке ұшып, өртенесіз. Бірақ, біздің бір осал тұсымыз – «тамақ тоқ болса, болды» деумен ғана өмір сүріп келеміз. Меңдеп келе жатқан ҰЛТТЫҚ САНА-СЕЗІМ ДАҒДАРЫСЫНА қарсы тұру міндетіміз екенін білеміз ғой. Соған қарамай, осындай немқұрайлығымыз жалғасын тауып, ұл мен қыз «ұят боладыны» білмейтін құрықсыз ұрпаққа айналса, «Ұлт» деп аталар қасиетті ұғымымыз, қазақтың қазақтығының, ұлттың сана-сезімінің күлі көкке ұшпасына кім кепіл??? Жоқ, бұлай болмайды! Бізге шұғыл түрде, көзге көрінбейтін, ұлтын сүйетін намысшыл жүректерге ғана сезілетін «жаумен» күресудің тәсілдерін, шешімін табу керек. Қазағым, НАМЫСЫМЫЗДЫ оятайықшы! 
Шерхан Мұртаза айтты ғой: «Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел», – деп.  Ең бірінші, менің қолымнан не келетінін сараладым. Қолымнан келері – өзімді тәрбиелеу. Салт-дәстүрге байланысты кітаптарды, тарихымызды, әдебиетімізді оқу, одан асса, достарымды қазақилыққа үгіттеу… Бірақ, мәселе жалғыз менде емес, менің қатарымда, менен кейін өсіп келе жатқан сіңілі-бауырларымда. Көпшілігі қазақ әндеріне мұрын шүйіре қарап(!),  шетелдің түрлі әндерін тыңдайды, қазақша кітап оқығаннан гөрі орыс, кәріс, жапон, ағылшындардың киноларын көруге әуес, кейбірі өздерінің қазақ болып дүниеге келгеніне ұялатын да шығар… Неге? Маған айтыңыздаршы? Оларды осылай жүруге, қазақтың төл туындыларына мұрын шүйіре қарауына біреу мәжбүрледі ме? Жоқ, әлде, қазақтан өзге ұлт өкілі болып жаратыла қалды ма екен? Жоқ, әрине. Бар гәп баланың өзінде ғана емес, ортасында, берілген тәлім-тәрбиеде де екен.  Егер, ұлттық тәрбие негізі болмаса, кез-келген тәрбиеленуші бала өзге ұлттың салт-санасына, әдеп-әдетіне иілгіш, еліктегіш келеді. Ата-анасының өзі орысша сөйлеп тұрса, балаға қалайша қазақи тәлім-тәрбие бермек? Өзі орыстанып кеткен ата-ана балаға ұлттық тәрбие береді дейсіз бе? Жоқ, әрине! Ондайлар ұлттық тәлім-тәрбие бермек түгілі, баласын нағыз қазақ балаларының маңына да жолатқысы келмейді. Ал, өздері жұмыста. Балаларының балабақшадан немесе мектептен кейінгі тәрбиешісі – телевизор, компьютер, телефон… Ал, аталған жаңа заман технологияларында, біреу балаға «ҚАЗАҚ! ҚАЗАҚ! ҚАЗАҚ!» деп қақсап тұр ма? Жоқ. Керісінше, шетелдің адам түршігерлік видеолары, суреттері, ойындары өріп жүр. Ал, ендеше! Жоғарыда аталған бала қазақ болады ма? Жоқ! Міне, мені қынжылтары! Қазақтың қаны, шетелдің жаны бар бала өстіп тәрбиеленеді… 
 Енді, қарапайым қазақ ауылдарына келелік. Әйтеуір, шүкір, біраз отбасыларда ата-әжелер бар. Солар «Ұят боладыны» айтып отырмаса, кім айтады? Қайта, тіршілігі қайнап жатқан қаладан гөрі, ауылда ҰЛТТЫҚ САНА-СЕЗІМ бар. Барлық бала бірдей болмаса да, біраз балалар ата-әжесінің әңгімесін құлағына құйып, тіл қадірін біліп өседі. Ең бастысы – еркін ойнап-күліп, нағыз қазақ болудың қандай екеніне көз жеткізіп өседі. Әрине, бәрі емес. Әйтсе де, «жоқтан бар жақсы» ғой. Бірақ, алтын бесік ауылдар да жан-жаққа шашылып, бытырап жатыр. Мектептер жабылып, «Ауылдың болашағы жоқ» деген жастар қалаға көшіп, әйтеуір, «балам елден қалмасын» деп,  бар тапқан-таянғанын баласының аузына тосып отыр. Ал баланың ортасы қандай болатыны белгісіз… Балаларын интернаттан оқытып отырған талай ата-аналар бар. Олар балаларының онда не істеп, не қойып жүргенінен бейхабар. Осындайда еріксіз Абайдың өлеңі тілге оралады:
«Интернатта оқып жүр,
Талай қазақ баласы.
Жасөспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы.
Олардың жоқ ойында
Шариғатқа шаласы.
…Орыс тілі, жазуы 
Білсем деген таласы…»
Қалай дөп айтқан, ә? Ата-ананың ойы – «Балам білімді болып, өз тамағын өзі тауып жейтіндей болса екен…» ғана. Ал, баласы болса, қалада жүріп-ақ неше түрлі ағымдарға, шетелге еліктеуге мүмкіндік алады. Енді, оның қанаты қатпаған бала екендігі рас қой… Жоғары жақтағылар алтын бесік ауылды «балталау» Ұлттық сана-сезім ошағын балталап тастаумен бірдей екенін түсінсе екен. Әйтпесе, ауылдың мемлекет қар­жысынан алып отырған үлесі Ұлттық сана-сезім дағдарысынан келетін рухани зардаптан көп пе еді? Немесе ауылдағы ата-әжесінің, әке-шешесінің қасында мектеп бітіріп, қалада оқу оқып келіп, ауылға еңбек сіңірсем екен деп армандайтын балада арман бар ма, шіркін! Интернатты өзім де көріп жүрмін ғой… Қаланың жайы анау болса, даланың жайы мынау болса, баланың жайына назар салар біреу бар ма екен? Мен ғой, бесінші сыныпты тамамдағанша ауылда оқыдым, «Балдырған» журналынан да біраз нәрсе үйреніп, ой тоқтаттым. Басқа балалар ше? Олардың санасына кім ұлттық тәрбиені құйып жатыр? Өкінішті-ақ, біреулерінің ата-анасы орыстанып кеткен, біреулерінің ата-анасы балаларын аш қалдырмай, ел қатарлы жүруіне күні-түні еңбектенеді, тәрбие турасында ойлануға мұршасы да жоқ, біреулерінің ата-анасы бай, балаларының санасына ұлттық тәлім-тәрбиені құю ойында да жоқ, себебі, материалдық байлық баласының бар қа­жеттіліктерін өтейді деп ойлайды. Хош, бірді-екілі ауыл ата-әжелері болмаса, әке-шешенің Ұлттық сана-сезім дағдарысы туралы ойлауға уақыты да, ниеті де жоқ.Әрине, бәрі бірдей деуден немесе жастар жаман деуден аулақпын. Себебі, елдің бәрінің балаға ұлттық тәрбие беруге уақыты жете бермейді ғой. Сол үшін жас отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау керек. Баспанасын салып бер, балаларын өсіруге жағдай жасап бер. Бальзак айтқан ғой: «Болашақ ананың қолында» деп. Егер, мемлекет тарапынан аналарға жақсы жағдай жасалса, біріншіден, «ел боламын десең бесігіңді түзе» деген халық өсиетін орындауға мүмкіндік болар еді, екіншіден, саны аз қазағым көбейер еді, үшіншіден, балаға ұлттық тәрбие беруге уақыт та мүмкіндік те болар еді. Ал, енді осы тұста жапондардың үлгі тұтарлық бір заңын қарап көрейік: «Анаға баласы 13 жасқа толғанға шейін баласының тәрбиесімен ғана отыруға болады.» Бақандай 13 жас! Менен бар болғаны 1-2 жас кіші балаға анасы тәрбие беріп, ұлттың азаматы қылып шығарады! Міне, үлгі тұтатын нәрсе. Біз өзге ұлттардан тек жақсы дүниелерді алуымыз керек қой. Сөйтіп, жапон балаларында тәрбие де, ана мейірімі де, тілі де болып, есті жасөспірім болып шығады. Ал, бізде ананың мойнына бәрі жүктелген: бала тәрбиесі, үй шаруасы, отбасы, отбасы бюджеті, келеңсізі сол – кейбіреулеріне күйеулері де жүк. Не істемек керек енді? Баласын бір жасқа жетер-жетпестен үйіндегілерге тапсырып, білек сыбана жұмыс істеу керек. Әйтпесе, отбасы аш қалуы мүмкін… Бір қарағанда, қазақ әйелдері неткен шыдамды еді, жеті қырлы бір сырлы еді деп таңдай қағарлық-ақ. Бірақ! Бір үлкен БІРАҚ бар. Баласына аса қажетті уақытта ана баласының қасында отырудың орнына еріксіз түрде жұмыс істеп жүреді. Сөйтіп, ұлттық тәлім-тәрбие шикілеу қалады! Әрине, уақыт жоқ қой!!!
 Екі ортада бала қалады…
Жарайды, ата-ана мен баланың жайын аздап қарастырдық қой. Енді, баланың жалпы қалыптасатын жері мектепке келейік. 
Бала мектепке бара салысымен үш тілді меңгереді…
Пән бағдарламалары ұлтқа, өмірге байланыссыз өткізіледі. 
ҰБТ – Ұлттық Бағындырылмас Тау.
 Осы аталғандардан-ақ мектептің жайын түсінуге болады. Тілі енді ғана шығып келе жатқан бала 3 тіл меңгеру керек! Сонда қалай, өз тілін әлі жөні дұрыс білмейтін бала қосымша орыс және ағылшын тілдерінде сайрап тұру керек пе? Бұл – Ұлттық сана-сезім дағдарысын одан әрі ушықтырудың тәсілі ғана. Міне, гәп қайда?! Бала он жасқа жетпей жатып-ақ, 3 тіл меңгереді, тілмен қоса келетін мәдениеттерді де бойына сіңіреді. Қазақ балалары ұғымпаз келеді. Үш тілді бірден-ақ меңгеріп кете алады. Бірақ! Үлкен БІРАҚ бар. Миында кішкене кезінен бар 3 тіл, 3 мәдениет, 3 «әлем» аталған баладан қазақ шығара алады ма? Ай, қайдам. Баланың санасына көп әсерін тигізетін осы мектеп болғандықтан, ол тәрбиеленетін орта болып та саналады. Мұндай жағдайда есіңізге Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөзі түсері анық: «Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды». Осы күні қазақтың азабын көтергісі келмей, шетелді сүйіп тұратын балалардың біразы өсіп келе жатыр ғой…  Жарайды, бұл біраздан келе жатқан мәселе… Кей құлақтарға әлі жетпей жатқан шығар. Бірақ, бұл – мемлекетімізде өзге халықтардың мәдениеті мен әдебиеті өсіп, кеңінен таралып келе жатқанының дәлелі…
Ендігі бір мәселе – мектеп бағдар­ламаларындағы үлкен қате­ліктер. Білім тек теория түрінде беріліп, практикалық тұрғыдан ол білімнің не үшін керектігі, қалай қолданылатыны түсіндірілмейді. Қазақ тарихы «Қазақстан тарихы» деген атпен оқытылып, бірінші жақтан емес, үшінші жақтан баяндалады. Тура бір біз қазақ еместей. Сонда қалайша қазақ тарихы баланың патриоттық сезімін оятпақшы? Ең бастысы – ол қазір ҰЛТТЫҚ САНА-СЕЗІМ ДАҒДАРЫСЫНА төтеп беруге қауқарсыз болып тұр. Бала «менің тарихым» деп емес, «оның тарихы» деп білім алады, «өткенімді білуім керек» деп емес, ҰБТ-да жақсы бал алуым керек деп оқиды. Шатасқан даталар, шатасқан ойлар және ҰБТ балаға ұлттық патриоттық сана-сезім бере алмай, ҰЛТТЫҚ САНА-СЕЗІМ ДАҒДАРЫСЫМЕН күресуде том-том тарихымызды дәрменсіз қып тұр. Тағы бір жағдай – қазіргі уақытта жаратылыстану бағытындағы пәндердің салмағы гуманитарлық пәндердікінен ауырлау. Себеп – «Қазір технология заманы, тілмен ешқайда бармайсың, ешкім болмайсың» деген желеу. Сонда қалай, қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тарихы «жай» пәндер ме? Ал, бұл пікірді көбіне ата-ана қалыптастырады: «ауызша сабақтар маңызсыз» деген. Негізгі екпін математикалық пәндерге түсірілген соң, кім әдебиетін бар ынтасымен оқиды? Әр сыныптан бір-екі бала болса, жақсы… Сөйтіп, «ақынбыз» дейтін халықтың баласы өз тілі мен әдебиетіне  мұрын шүйіре қарап, қажеттілігін сезінбейді де, өлең шығармақ түгілі қазақша екі сөздің басын қосып сөйлей алмайтындай болып өседі! Бұл да бір өз-өзімізге жасап отырған қастығымыз. Қазақ үшін тіл қай уақытта маңызсыз болып еді? Керісінше, қазақ бір ауыз сөзден-ақ ой түйетін, шешім шығаратын халық емес пе еді?
Енді бала ҰБТ-ға дайындалады, көп уақыты үстел үстінде өтеді, 5 кітапты күні-түні оқып, тесттерге жауап беріп, шпор жаттайды. Ең болмаса, осы сәтте баланың ойлаған арманы орындалсашы! Жо-оқ, ҰБТ-дан бақандай 39 бала «Алтын белгі» алып тұрып, оқуға түсе алмаған. Осыдан соң, жаңағы балалар Қазақстанда оқимын деп, не болмаса, қазағыма еңбек етемін деп ойлайды ма? Жоқ! Олар шетелге оқуға кетеді… Ол жақ ұнайды… Сосын, ҰБТ-да бетінен шапалақпен ұрған мемлекетіне қайтып оралуға ниетті болады ма? Жоқ! Міне, сөйтіп, жаңа мемлекеттерінде «бақытты» өмір бастайды. Беті қайтқан бала Отанына еңбек етуге ниетті болады дейсіздер ме? Қайдам… Онсыз да Ұлттық сана-сезім дағдарысы меңдеп бара жатқан мемлекетке бұл «жығылған үстіне жұдырықпен» бірдей емес пе? Егер, «жанам деген жүрекке от беретін» мемлекет болса, ұлттық тәрбие негізі бар бала болса, біз бұл жайға тап болмас та едік… Сөйтіп, өмірді көре салысымен үштілді болған, ұлттық сана-сезімі қалыптаспаған, шетелге еліктегіш баланы қанша жерден тәрбиелесеңіз де, ол қанша жерден білімді болса да, Ұлттық сана-сезім дағдарысына қарсы тұрарлықтай қазақ қылып шығара алмайсыз, ол тек қарақан басының қамын ойлайтын тексіз болып шықпақ…
«Тәрбие ал бесіктен» деп қазағым бекер айтпаған. Көптеген наным-сенімге, салт-санаға иілгіш әрі бейім келетін балаға ата-аналар бір мезгіл назар аударса екен. Баласының материалдық қажеттіліктерін өтегені жеткіліксіз екенін түсінсе… Әйтпесе, өзінің тексіз ұрпақ тәрбиелеп жат­қанын сезіп, баласының тез қабылдағыш санасына ұлттық тәрбиені аз да болса, берсе… Бұлай болмаған жағдайда, «Қазағым» деп өсіп келе жатқан бірді-екілі бала мыңмен жалғыз қалай алысады? 
Ұстаздар бала құлағына «Сен – қазақсың! Қазақтың болашағысың!» дегенді құйса екен. Математика болсын, биология болсын, «қазақтың болашағы үшін оқып жатырсыңдар» деп оқытылса екен. Білім саласына үлкен өзгерістер енгізілмесе, мектеп тек компьютер дайындап шығаратын орын болып қала бермек. Компьютерге неше жерден «Қазақ!» деп қақсасаң да, ол өзіне керекпен ғана айналысып жүре береді. Билік мынаны ұғынса екен: Бала болашағына немқұрайлы қарау – ұлт болашағына немқұрайлы қарау. Әркім қоғамдағы, отбасындағы орнын біліп, өзінің қолынан келерін істеу керек. 
Қазағым! Оян! Намыстан! Ұлың мен қызың әр елдің жетегінде, намысың әр елдің табанының астында қалмасын! Қазағым! Нешеме жылдар бойы аңсаған тәуелсіздік қолда тұрғанда, ұлың мен қызың салт дәстүрді білмейтін, Ұлттық сана-сезімнен ада бала болғаны ашындырмайды ма? Шетелдің басынып, бала­ларыңды «тәрбиелеп» жатқаны қын­жылтпайды ма? 
Қазағым! «Қазағым» деп жүрегі дүрс-дүрс соғып тұрған балалардың кеудесінен итеріп, жігерін жасытпа! Елдің ертеңі компьютер бастылар емес, солар… Сөйтіп, өз обалыңа өзің қалып жүрме, Қазағым! 
Қазағым! Ел, ұлт дегенде жүрегі елжірейтін балалардың көз жасына қалып жүрме. Ол үшін Ұлттық сана-сезім дағдарысымен күресті әуелі өзіңнен, екінші – балаңнан баста. 
Қазағым! Сен мына теңеу бізге қа­ратып айтылғанын қаламайтын шы­ғар­сың: «Народ не имеющий национального самосознание, есть навоз, на которой произрастают другие народы».
Мен өзімнің және мен қатарлы, менен үлкен, не болмаса кіші балалардың билік пен халықтың, мектеп пен ата-ананың ортасында қалғанын, Ұлттық сана-сезіміміз жоқ ел болғанымызды қаламаймын. 

Алдыңғы «
Келесі »