ЗАҢ АУДАРМАЛАРЫНДАҒЫ КЕЙБІР ТҮЙТКІЛДЕР

  • 20.10.2015
  • 448 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кәкен Сейітов,
Шығыс Қазақстан облыстық
сотының судьясы

Кодекстерде кездесетін кейбір ұғым­дарды талдау кезінде аса зер салып, тоқталатын тұстар көп екендігі үнемі айтылып келеді. Осы мақала да сол ұғымдардың бір-екеуін талқылауға арналады.
 Азаматтық кодексте  «Талап мерзімі»  деген тарау бар. Бұл тарау 177-ші бабтан басталады, баб «Талап қою ұғымы» деп аталады. Осы баптың бірінші бөлігі «Талаптың ескіруі – адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденің бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкін болатын уақыт кезеңі» деп келтірілген. Бұдан біз аталған тарау талап қою мерзімі туралы сөз қылады деп түсінеміз де, ал, ол тарауды бастайтын бап,  талаптың ескіруімен байланыстырылып тұрғанын көреміз. Ескіру ұғымы мерзім ұғымымен тығыз байланыста болғандықтан, бірінші қөзқараста, бұл жерде бір мәселе көтере қоятындай ештеме жоқ деген ойға қалуға болады. Алайда аталған тараудың орыс тіліндегі мәтінін ашсаңыз, тарау «Исковая давность» деп белгіленіп, тарауды бастайтын баб «Понятие исковой давности» деп аталады, ал, баптың өзінің бірінші бөлігі «Исковая давность – это период времени, в течение которого может быть удовлетворено исковое требование, возникающее из нарушений права или охраняемого законом интереса» деп келтірілген. Осы екі тілде келтірілген бір мәтіннен, біз орыс тіліндегісі тиісті мәселені дөп басып, шешілетін шаруаның тақырыбын да, мазмұнын да дәл келтіріп тұрғанын көреміз. Ары қарай Кодекстің 178-ші бабына көшсек, қазақ тілінде ол бап «Талап қою мерзімдері» деп белгіленген, орыс тілінде осы бап «Сроки исковой давности» деп аталады.

Осы жерде ғана, біз қазақ тілінде «давность» деген сөзді «ескіру» деп бір рет қана ең басында ұяла аударып, басқа жерлерде бұл сөзді мерзім сөзімен біржолата ауыстырып қолдану үдерісін байқаймыз. Аталған тараудағы орыс тіліндегі «течение срока исковой давности», «исполнение обязанности по истечении срока исковой давности», «требования, на которые исковая давность не распространяется» деп аталатын баптардың қазақ тіліндегі атауларымен танысып көріңіз, біреуінде «давность» деген сөз ескіру деп көрсетілмеген. Барлық жерде мерзім сөзі қолданылған. «Требования, на которые исковая давность не распространяется» деген бап «Талап қою қолданылмайтын талаптар» деп аталғанын оқығанда, еріксіз іштей күйінесің. Азаматтық істер жүргізу кодексін ашып «Исковое производство» деген бөлімшені тауып қарасаңыз, бөлімше «Предъявление иска» деген тараудан басталып, «форма и содержание искового заявления» деген 150-ші баппен ашылатынын көресіз. Осы көрсетілгендер қазақ тілінде қалай жазылды екен деп, қазақ тіліндегі Кодекспен салыстырсаңыз, бөлімшенің аты «Талап қою бойынша іс жүргізу» деп, тараудың аты «Талап қою» деп, 150-ші бап «Талап арыздың нысаны мен мазмұны» деп аударылғанын оқисыз. Сонда қалай болғаны, «понятие исковой давности» дегеніміз талап қою ұғымы болып аударылса, «предъявление иска» дегеніміз де қалайша талап қою болып аударыла беруі тиіс, «форма» дегеніміз қазақ тіліне «нысан»  болып аударылғаны дұрыс па? – деген сияқты сұрақтар бірден туындайды.
Бұл жерде біздің қиыншылықтарымыз «давно» сөзінің ұғымын, «ескі,  ескіру» деп қана түсінгендіктен туындап отыр. «Ескі, ескіру» дегеніміз орыс тіліндегі «старый», «старение» деген ұғымдармен теңдес түсініктер екенін ескерсек, «давно» сөзі қазақ тіліне дұрыс аударылмай тұрғандығын көреміз. Оның үстіне қылмыспен күрес және әкімшілік қатынастар туралы заңдарда да «давность» ұғымы бар. Ол заңдарда да ескіру сөзі қолданылып, онсыз да кебі кетіп тұрған жағдайдың, одан ары ұшықтырылған түрі бар. Сонымен қоса, «давность» сөзі заңды тікелей қолдану кезінде де жиі кездеседі, мысалы, сарапшы арқылы адам денесіне келтірілген жарақаттың уақытын анықтау керек болғанда. Жаңа ғана өтіп кеткен оқиғаны біз «әлгінде ғана немесе жаңа ғана» деп оқиғаның болған мерзімін белгілей аламыз. Оқиға болған кезден сәл ұзақ уақыт өтіп кетсе, біз «манада» деп немесе «бағана» деп мерзім ағымының уақытын анықтай аламыз. Уақыт ағымын осылай белгілеу орыс тілінде де бар, мысалы, «только что», «намедни», «не давно». Осы айтылғаннан біз «давность» ұғымын маналық ұғымымен ұштастыруға болатынын көреміз. Дегенменде, «мана» ұғымы осыдан біраз «бұрын» деген түсінік беретінін ескерсек, бізге керегі баяғыда, қырық жылғы секілді ұғымдар қажет сияқты. Біз «давность» ұғымын баяғылық, көнетоздік деп түсінетін болсақ, мәселенің басының біразын шешіп алушы едік. Алайда, бұл сөздер де ескілік ұғымын белгілейді. Қазақта «көбең» деген сөз бар екен, бір мағынасының астары  «жас, жаңа, жетіле қоймаған» деген ұғымдарды қамтиды деп сөздіктерде түсіндіріледі. Осы сөзді «көбеңірек» деп пайдаланса «ескіре» қоймаған деген мағына береді екен. Бізге керегі де осындай ұғым болуы тиіс, себебі тым ескіріп кеткен оқиғаға заң жүргізу де оңайға соқпайды, ал, «көбеңірек» деген ұғымның ескіру «процесінің» немесе жаңа ғана болған нәрсенің уақыт ағымымен алыстау барысын көрсетіп тұрғаны түсінікті, яғни, заң жүзінде уақыт ағымын өлшеуге арналған ұғымның дәлме-дәл баламасы бола алады деген сөз. Алайда, мәселені түпкілікті шешу үшін «иск» сөзін де қазақ тіліне «талап» деп ғана аудармау керек деп санаймын. Біз орыс тіліндегі азаматтық кодексте кездесетін «денежное требование» деген ұғымды ақшалай талап деп аударамыз, сөйтіп сот арқылы жүзеге асырылатын «искіні» де талап деп, жай «требованиені» де талап деп аударамыз. Сондай-ақ, азаматтық заңда  «требования товаровладельца к товарному складу» деген бап бар, біз осы «требованиені» де талап деп аударамыз. Бұйрық арқылы іс жүргізу заңында «бесспорные требования» деген ұғым бар, ол ұғым қазақ тілінде даусыз талап деп аталады, бұдан біз «иск» дегеніміз өз астарында дау мүмкіндігін қарастыратынын көреміз, сондықтан, азаматтық заңда кейбірде істі сот өндірісіне қабылдау үшін тараптар алдымен бір біріне талаптар қояды, олар бір-бірінің талаптарын мойындаса, сотқа жүгініспей-ақ мәселені өзара шешіп алады. Міне, осындай әр түрлі жағдайлар негізінде «иск» сөзін талап деп ғана аудармау қажеттілігі туындайды. Осы «иск» сөзінен азаматтық заңдағы орыс тіліндегі «истец», «исковое заявление», «исковое производство», «основание и предмет иска», «неосновательный иск» (112 бап Азаматтық істер жүргізу кодексі), «встречный иск», «обеспечение иска», «отказ от иска», «особое исковое производство» деген ұғымдар өрбиді, қылмыспен күрес заңында «гражданский иск», «розыск», «обыск», «поиск» деген ұғымдар осы сөзбен байланысты. Тіпті, орыс тілінде «исковое требование» деген ұғым бар. «Иск» сөзін талап деп ғана аударсақ, сонда, бізге «исковое требование» деген сөзді қазақ тіліне талапты талап деп аудармауымызға тура келеді.
Біз «иск» сөзінің орнына әлгінде келтірілген «жүгіну» сөзін қолданатын болсақ, өз ата түсініктеріміздің бірін жандандырып, заң термині ретінде толыққанды қолдануға қол жеткізуші едік. Себебі, жүгініс сөзі қазақта әділдік іздеу деген мағына береді, яғни, бұл сөз теориядағы орыс тіліндегі «требовать правосудия» деген ұғыммен терезесі тең ұғым. Қазіргі кезде жүгіну сөзі қазақ тілінде әр жағдайда орыс тіліндегі «обращение» сөзінің баламасы ретінде пайдаланылып жүр. Ол дұрыс та, бірақ, жүгіну сөзі ертеректе қазақтардың өз билеріне дауласқан екі жақтың әрқайсысын қанағаттандыратын әділ шешімін  тауып беру үшін қатынасқанда пайдаланылған сөз. «Иск» сөзі орыс тілінде «искать» деген етістіктен қысқартылып алынған қазақ тіліндегі ізденіс ұғымын беретін бастауыш сөз болса, жүгініс сөзі де осы ізденістің бір түрі болып қолданылғаны анық. Жүгініс дегеніміз, бір жағынан адам өзі шешімін таба алмаған ауыртпашылықты биге, яғни, сотқа жүк қылып артып, жүктеп тұрғанын көрсетсе, екінші жағынан ол мәселені екінші жаққа жеткізе отырып, тигізе отырып, демек, ол жақтың қорғану құқығын сақтай отырып, сот арқылы іс жүргізу барысын өзі таңдап алғанын айқындайтын ұғым,  сондықтан, «иск» ұғымының қазақ тіліндегі қырлары мен сырларын толық қамтитын ұғым. Сонда «исковая давность» дегеніміз, мысал үшін, жүгіністің көнетоздануы немесе жүгіністің көбеңректенуі болып аударылып, «Предъявление иска» дегеніміз жүгініс жариялау болып шығушы еді. Сонымен қоса сөздіктерден қазақтың «мұрнағы» деген сөзін тауып алдым. Мағынасы үш жыл (күн) бұрынғы, одан арғы, бұрнағы, арғы деген ұғымдарды береді екен, баяғы, ескі уақыттағы деп түсініледі екен. Заң бойынша жүгінудің жалпы мерзімі үш жыл екендігін ескерсек, «жүгініс мұрнағылығы» деген ұғым исковая давность ұғымының қазақ тіліндегі бірден бір баламасы бола алатыны да анық.
Біздің, қазақтардың, бұрынғы әйгілі адамдарымыздың бәрі, кілең неге би-шешендер деп аталғандығының себебін ойлап көрелік. Біз, біріншіден, олар билік, яғни, сот ісін жүргізген, екіншіден, сөзге шебер, яғни, шешен болған деп жауап береміз. Алайда, би дегеніміз ертеректе жалпы билікті, яғни, орыс тіліндегі «власть» ұғымын бергенін еске алсақ, сөздің сот деген ұғымын беретін бөлігі шешен сөзі болуы тиіс. Себебі, даулы іс бойынша шешім қабылдайтын адам осылай аталуы қисынды. Шешімді істі шешетін шешен шығаруы тиіс, яғни қазақтың шешен деген сөзі орыстың «судья» деген сөзімен тең ұғым беретін сөз. Қазақтың үкім, өкім, әкім деген сөздерінің түп-тамырын қуалап қарастырса, үкімді шешен қабылдайтын болып, өкімді өкімет қабылдайтын болып шығады. Әкім болса өкіметке тәуелді лауазым болып анықталады.
«Исковое заявление» деген ұғымға келсек, мен «заявление» деген сөзді өтініш деп аудару керек деп санаймын. Заңда «заявление» деген ұғымнан бөлек «ходатайство», «жалоба» деген түсініктер бар, қазақ тіліне «жалобаны» біресе шағым, біресе арыз деп аударамыз, «ходатайство» дегеніміз өтінішхат болып аударылыпты. Мен сот шешімдеріне келтірілген арызды шағым деп аудару дұрыс болады деп санаймын, ондай арыз заңда қазақ тілінде кейбір сәттерде дұрыс аталып та жүр, мысал үшін, апелляциялық шағым. Сондай-ақ, тергеушінің, прокурордың қызметтік қарекеттеріне келтірілген арыздарды да қылмыстық істер жүргізу кодексінде шағым деп аталғаны дұрыс болған. Жалпы, адамға көрсетілген қызмет немесе орындалған жұмыс ұнамаса, ондай қызмет, жұмыс шағымдалынуға жатуы тиіс. Алайда, соттың, прокурордың, тергеушінің жеке бастарын жамандап жазған арыз, арыз болып қала беруі тиіс. Сондай-ақ, қылмыстық іс жүргізу мақсатымен жазылған өтініш, арыз болып табылуға жатуы керек. Осылай, әр құжатты өз атымен атап үйрену, өтінішті арыздан, арызды шағымнан айыра білу жолына әкеліп өзі түсіреді, заң қолдану мәдениетін өсіреді. Мысал үшін, адам бір жерге жұмысқа тұру үшін өтініш жазады, алайда, сол адам жұмысқа қабылданбай қалса, ондай адамның қабылданған шешімге шағым келтіру құқығы болуы керек. Үстіңгі жақпен ол шағым бойынша адамды жұмысқа қабылдамау туралы шешім дұрыс деп табылуы да мүмкін немесе ол шешім бұзылуы да мүмкін. Яғни, өтініш сөзімен мәселенің заңды бұзбайтын, оңды бөлігін белгілеу қажет. Ал, осы адам жаңағы өзін жұмысқа қабылдамай қойған адамды заңды бұзды деп санап, яғни, мәселенің тәртіпті бұзатын, солақай бөлігін белгілеп, тиісті жауаптылыққа тарту керек деп тапса, ол тиісті мекемеге өтініш немесе шағым емес, арыз жазуы тиіс.  Ол адам мекеменің арыз бойынша қабылдаған шешіміне наразы болса, шағымдану құқығы туындауы керек. Өкінішке орай, қылмыстық істер жүргізу Кодексінің жекеше айыптау істерін жүргізу тәртібін анықтау тарауында, істі адамнан сотқа шағым беруден бастауды талап етіпті. Осындай істі шағым беруден емес, арыз беруден бастау керек, себебі, бұл жерде сот кәдімгі құқық қорғау органының қызметін атқаратын болып табылып отыр. Бірінші сатыдағы сот арыз бойынша қабылдаған шешім арызданушыға немесе қарсы жаққа ұнамай қалса, келесі шағымдану кезеңі басталады. Осындай терминдер мәні дұрыс анықталмаған жағдайлар қазақ заңының теориясы дамымаған бір көрінісі болып саналуы тиіс. Сонымен қатар, орыс ті­лінде арыз бен шағым ұғымдары бір-бі­рі­нен ажыратыл­май пайдаланатынын айта кеткен жөн, себебі, бұл жерде, қазақ тілі өзінің бай­лы­ғымен ерек­шеленетіндігі айқын көрі­ніс беріп тұр.
Қазіргі кезде қолданыста 2007 жылы қабылданған «Жеке және заңды тұлға­лардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заң бар. Осы заң бойынша орыс тіліндегі «обращение» сөзі қазақ тіліне өтініш болып пайдаланылған. Арыз «заявление» болып, «ұсыныс» предложение болып, шағым «жалоба» болып қазақ тіліне аударылған. Бұл жердегі қиындық «обращение» сөзінің қазақ тіліндегі баламасын дұрыс таппағандықта тұр ма деп ойлаймын. Қазақ тілінде «үзір» деген сөз бар, бір жақтың екінші жаққа білдірген тілегі деп ұғылады. Міне, осы сөзді «обращение» сөзінің баламасы ретінде алсақ, барлық мәселе орын орнына келеме деп ойлаймын. Сонда, өтініш «заявление» болып, арыз «жалоба» болып, шағым сөзі «аппелляция» ұғымының қазақ тіліндегі баламасы екендігі айқындала түсуші еді. Әр шағым «аппелляция» болып табылады, сот жүйесінде ғана олар бірнеше сатыға бөлінетін болғандықтан, олардың «аппелляциялық», «кассациялық», «қадағалау» түрлері ажыратылады, сот­тан басқа жүйелерде шағым түрінде қала береді, тек шағымның шығу тегі тиісті органның немесе лауазым иесінің қабылданып қойған шешіміне келтірілген наразылық екендігін назарда ұстаса болғаны. Бұл орайда шағым сөзінің өзі шақ сөзінен өрбіп, әр бөлек кезеңді меңзеп тұрғандай әсер қалдырады. Ал, «ходатайствоны» қазақ тіліне «өтінішхат» деп аудару дұрыс емес, себебі, «өтініш хат» дегеніміз ол тек хатталған өтініш, яғни, жазбаша немесе хаттамаға түсірілген өтініш. «Ходатайство» дегенді «сұраным» деп аударса, қате болмаушы еді, «спрос» деген не дегендерге, ол сұраныс деп жауап беруге болады.
Осы мақаланы оқығанда, мұның бәрі кімге керек деген сауал туындауы да мүмкін, ондай адамдарға жаңа аталған «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңды оқып шығуға кеңес беруші едім. Осы заңның орыс тіліндегі мәтінінде «ходатайство» дегеніміздің өзі «заявлениенің» бір түрі екендігі анық көрсетілген. Алайда, заңның қазақ тіліндегі мәтінінде «заявление» сөзінің орнына «арыз» сөзі пайдаланылып,  «өтінішхат» дегеніміз сол арыздың бір түрі болып көрсетіліп кеткен. Менің айтайын дегенім, «өтінішхат» ол арыздың емес, өтініштің бір түрі екендігі. Аталған заңда орыс тілінде «обращение» дегеніміздің кейбір түрлері болып «заявление» мен «жалоба» табылатындығы көрсетілген. Қазақ тілінде «обращение» сөзі өтініш болып көрсетіліп, «заявление» мен «жалоба» сол өтініштің түрлері ретінде арыз және шағым деп келтірілген. Дұрысы «обращение» сөзі қазақ тіліне үзір деп аударылса, өтініш те, өтініштің бір түрі өтініш хатта, екінші түрі сұраным да, арыз да, шағым да сол үзірдің кейбір түрлері болып табылатындығында. Себебі, орыс тіліндегі «обращение» деген сөз бір мәнісінде аппелляция, шағым деген мағыналарды да бере алады, бұдан біз аталған заңның жай ғана азаматтар мен заңды тұлғалардың арыздарын ғана емес олардың ұсыныстарын, талаптарын іске асыру жолын реттеуге арналғанын көреміз. Сондықтан, өтініш, тілек деген ұғымдардың мағынасын толығымен қамтитын қазақтың үзір деген төл сөзі осы заңның атауына «обращение» сөзінің баламасы болып кіруге барлық мүмкіндіктері бар.
Жалпы бұл жердегі қиындық өтініш сөзінің өзі қатынастық ұғымының бір түрін мағыналайтындығында, сон­дықтан, өтініш жүгініс те болып, арыз да, шағым да болып түсінілетіні ғажап емес, алайда біз заңгер ретінде әр сөзге тиянақты бір ғана мән беруге тырысуымыз керек. Сондықтан, мәселе жай ғана сөзде емес, мәселе терминде. Былайша алғанда «аппелляция» да, «кассация» да өтініш. Бір классик «аппелляция» деген не деп қойған сауалға, ол адамның бір соттан екінші сотты сыйламай қоюды өтінуі деп жауап беріпті. Қалжың қалжыңмен, алайда «кассация» сөзінің мағынасы бұзу, жою деген мағына береді деп түсіндіріледі. Мен болсам, олай емес «кассация» да жүгіну сөзінің бір баламасы деп жауап беруші едім. Қараңыз, орыс тілінде «касательно» деген сөз бар, арғы тегін қуып келсеңіз «коснутся» деген сөзге тірелесіз. «Коснутся» ұғымын кеңістікте елестетіп көрсеңіз, қазақтың қосылу сөзіне келіп тоқталасыз. Латын тілінің тұтас белгілі бір деңгейі түрік тілінен құралады деген ілімді еске алсаңыз, «кассация» мен «касательноеның» арғы атасы көрініп-ақ қалады. Менің пайымдауымша, жүгініс сөзінің бір астары орыс тіліндегі «касательное» деген түсінікті де қамтиды. Осыдан кейін мақалада қайта-қайта айтылған түр сөзіне тоқталу үшін, алдында аталған форма ұғымының қазақ тіліндегі баламасына зер салуға тура келеді. Бұл өте күрделі мәселе. Форма сөзін нысан деп аудару, философияның объект пен субъект деген ең іргелі категорияларының, сонымен қоса заң теориясының субъект пен объект деген ұғымдарының қағидаларын бұзуға әкеліп соғады, себебі, осы ілімдердің объект деген ұғымы қазақ тілінде нысан болып түсініледі. Жалпы алғанда, форма дегеніміз қазақ тіліне жаңа ғана айтылған түр сөзімен оп-оңай аударылады. Орыс тіліне де бұл сөз сол түр күйінде «вид» деп жеңіл аударылады. Алайда, орыстың ғылыми тілінде «форма» мен «вид» жасанды түрде ажыратылады, себебі, ондай ажырату өте қажет. Мысал үшін, қылмыспен күрес заңында «соучастие» деген ұғым бар. Осы ұғым біздің жаңа Қылмыстық кодексімізге қазақ тілінде сыбайлас қатысу  деп аударылып енгізіліпті, бұрынғы кодексте бұл ұғым қатысушылық болатұғын. Қалай да болмасын, заң теориясында орыс тіліндегі «соучастие» ұғымы «вид» пен «формаға» бөлінеді. «Видтары» «простое» және «сложное» болып бөлінсе, «формалары» – «соучастие с предварительным соглашением» және «соучастие без предварительного соглашения» деп бөлінеді. «Соучастиенің», яғни, сыбай­ластықтың «простое» немесе жай түрі, ол  қылмысты бірнеше адам тікелей бірлесіп жасағанда пайда болатын түрі, «сложное» немесе күрделі түрі, ол бір адам ешкім көріп қоймасын деп аңдып тұр­ғанда, екіншісі сол кезде көзделген қылмысты жалғыз өзі орындағанда жүзеге асырылатын қылмыс түрі болып табылады. Сыбайластықтың «формалары» осы айтылған қылмысты әлгі екі адам алдын ала келісіп жасады ма, әлде келіспей-ақ, бір-бірін түсінісіп жасағаннан туындайды. Осылай бір нәрсені «форма» мен түрге бөлгенде, бірі неге түр деп аталғанын, екіншісі неге «форма» деп аталғанын түсіндіру оңай шаруа емес. Алайда, бір ұғымды осылай   бөліп, оның түрлерін, түршелерін ажырата білу өте пайдалы нәрсе. Қазақ тілінде де солай сыбайлас қатысудың  жай немесе күрделі түрлерін, әрекет алдын ала келісу арқылы жасалған ба, әлде келіспей-ақ, ұғыса отырып жасалғандық түрлерін (формаларын) ажырата білу керек.
Біз іздеп отырған «форма и содержание» дегендегі «формасы» жүгініс өтінішіне байланысты болып тұр. Бұл жердегі «форма» сөзі түрге байланысты. Себебі, аталған бабты ашсаңыз, талап арыз сотқа жазбаша нысанда беріледі дегенді оқисыз. Яғни, аталған бапта арыздың ауызша және жазбаша түрлерінің сотқа жүгіну үшін, жазбашасы керек екендігі айтылып тұр. Демек, бұл жерде «форманы» нысан демей-ақ түрі деп аударуға болатын еді. Ал, енді, сыбайлас қатысудың орыс тілінде бір түрі ретінде пайдаланған «форма» сөзінің қазақ тіліндегі аудармасына келсек, бұл сөз ешқандай нысан болмауы керек екендігі түсінікті болды, алайда оны да түр деп дәл осы жерде белгілей салуға болмайды. Себебі  сыбайластықтың бір астарын жәй және қүрделі түрлерге бөліп қойдық. Сондықтан, екінші астарын да, бұл жерде алдын ала келісіп жасалған немесе келіспей жасалған түрлерін де түрлер деп атау дұрыс болмайды. Яғни, түр сөзінің қазақ тіліндегі синонимдарын іздеуге тура келеді. Шын мәнінде, түр сөзінің қазақ тіліндегі баламалары сан алуан болғандықтан, осы мақалада ол балама сөздерді атай бастамай-ақ, сыңай немесе нысай сөздері осы жерде түр сөзінінің «форма» ұғымдық мағынасын толық бере алатындығын айтқым келеді. Себебі, бұл сөздер адамның ішкі ойын, оның дәмесін белгілейді. Сонда сыбайластықтың екі түрі мен екі сыңайы (нысайы) бар деп тауып, біз қазақ заңын қазақ тілінде сөйлету жолында адасып кетпеудің және бір кепілдігін қолданатын боламыз. Сөзім дәлелді болу үшін тағы бір мысал келтірейін. Қылмыстық кодекстің 22 бабын ашсаңыз, кінәнің екі нысанымен жасалуы туралы оқисыз да, кінәнің екі нысаны дегеніміз екі қылмыс жасауға оқталып тұрған ой екен деп қаласыз. Осы баптың орыс тіліндегі мәтінін ашсаңыз, әңгіме кінәнің екі «формасы» туралы екендігін ұғасыз. Кодекстің бұл жерінде де кінәнің екі түрі деп жаза салуға болатын еді. Алайда, кінә дегеніміздің өзінің қасақана және абайсызда пайда болатұғын екі түрінің өздері жеке түршелерге  бөлінетінін ескерсек, түр немесе түрше сөздерін аталған жерде қолдану орынсыз болады.  Мысал үшін, кінәнің қасақана түрі тікелей және жанама түршелеріне, абайсыз түрі менмендік және немқұрайлы түршелеріне бөлінеді. Ал, аталған бапта әңгіме қылмыстық құқық бұзушылық әрекетін жасауға оқталған ойдың тікелей болғандығы, алайда ол әрекеттің салдарына дәл сол ойдың абайсыз болғандығы туралы екендігін ескерсек, бұл жерде кінәнің екі түрінің өздері екі-екіге бөлінген түршелерінің сыңарлары қосылып тұрғандықтан, мысалы, қасақана түрінің тікелей түршесі, абайсыз түрінің немқұрайлық түршесі, осындай қосынды кінәні де түр немесе түрше деп атамау керектігі түсінікті болады.  Сондықтан, аталған бапта келтірілген сөздерді кінәнің екі сыңаймен (нысаймен) жасалуы деп жазсақ, көңіліміз көп-көрім көңшіп қалушы еді. Сөйтіп, біз нысан мен нысай ұғымдарын да бір-бірінен заң жүзінде ажырата білетін болушы едік.
Осы айтылғандардың бәрін түйіндей келсек, Азаматтық кодекстегі «Талап мерзімі» деген тарау «Жүгініс мұрнағылықтығы» деп жазылушы еді. Кодекстің 177 бабы «Талап қою ұғымы» емес, «Жүгіністің мұрнағылығы туралы ұғым» деп аталып, «Жүгіністің мұрнағылығы– құқықтың немесе заңмен қорғалған мүдденің бұзылуынан туындайтын жүгіну талабының қанағаттандырылуы мүмкін болатын уақыт кезеңі» деп жазылушы еді. Сөйтіп, біз «исковое требование» деген сөйлемді жай ғана талап деп аудара салмай, жүгіну талабы деп қазақ тілінде толық келтіретін болушы едік. Кодекстің 178 бабы «Талап қою мерзімдері» емес «Жүгіністің мұрнағылық мерзімдері» болып жазылушы еді. Сонда, біз талап мерзімі мен талап қою мерзімі деген нәрселерді шын мәнінде айыра білетін дәрежеге жетуші едік. Біріншісі жүгінуге рұқсат етілген жалпы уақытты белгілеп, жүгініс мұрнағылығы деп аталып тұрса, екіншісі сол мұрнағылық уақытының мерзімдерін жекелеп атап тұрғандығын айқын көруші едік. Осы жерде Кодекстегі «течение исковой давности» деген ұғымды қазақ тіліне талап қою мерзімінің өтуі деп аударылғаны да қате екендігін айта кету керек. Мен бұл сөйлемді «Жүгіністің мұрнағылық мерзімінің ағымы» деп жазушы едім, себебі, «течение» дегенімізді қазақ тіліне ағын деп ғана аудару дұрыс болмайды. Қазақта ұзын және ұзақ деген ұғымдар бар, осылардың ұзақ деген сөзі уақыт өлшеміне де пайдаланылады, сол сияқты ағын сөзі сұйықтың жылжу «процесін» меңзесе, ағым деп уақыт өту «процесі» аталады. Ал, бұл жердегі өтуі деген сөз орыс тіліндегі «истечение» деген ұғымды беріп тұр, яғни, тиісті мерзімнің өтіп болғанын айтып тұр. Тиісті мерзім өтіп кетсе, жүгінуге де құқық жоғалады деп есептелінеді. Кодексте тиісті мерзім өтіп кеткендігіне мән берілмей,  байқаусызда орындалып қойған талаптар бойынша қандай салдарлар туындайтыны орыс тілінде «исполнение обязанности по истечении срока исковой давности» деп келтірілген. Қазақ тіліне ол бап талап қою мерзімі біткеннен кейін міндеттерді атқару деп аударылған. Бұл аударма да дұрыс емес, мен бұл сөйлемді жүгіністің мұрнағылық мерзімі аяқталған соң орындалған міндет деп аударушы едім. «Требования, на которые исковая давность не распространяется» деген бапты жүгініс мұрнағылығы қолданылмайтын талаптар деп аудару қажет деп санаймын.
Мақала соңында орыс тіліндегі «дав­ность» ұғымының қазақ тіліндегі бала­масының керектігі туралы және бір мысал келтірейін. Заңда қейбір қылмыстарға ескіру мерзімі қолданылмайтындығы туралы қағида бар. Бұл қағида кейбір қылмыстардың ескірмейтіндігін көрсетеді. Яғни, ондай қылмыстар көбең күйінде, демек, жаңа түрінде, қала береді, ал, бізге керегі қалған қылмыстардың сол көбең кезеңі, ескірмеген жас, орыс тілімен айтқанда «свежий», кезі. Ал, ондай кезеңнің уақыт мерзімі қылмыстардың ауырлығына байланысты әр қалай. Сондықтан біз алдымен жалпы кезеңге атау беруіміз керек, сосын барып ол кезеңді тиісті мерзімдерге бөлуге болады, сонда тиісті мерзім өтіп кеткенде ғана кезең ескіреді. Тиісті мерзімі өтіп кетпей тұрған кезең заң бойынша өз атауын табуы тиіс. Мұндай кезеңді көбеңірек немесе мұрнағылық кезеңі демей, басқалай қалай атауға болатыны туралы сөз қозғау, осы мақаланың өздеріңіздің талқылауларыңыз үшін ашқан мәселесі деп санауға әбден болады.

Алдыңғы «
Келесі »