БӘРІМІЗ БІЛЕ БЕРМЕЙТІН БЕРДИЯРОВ Тылсым Тоқаш туралы толғаныс

  • 20.10.2015
  • 1337 рет оқылды
  • 1

Бала, бозбала  Бердияров

Биыл  арда азамат, ақиық  ақын, жау­­жүрек жауынгер Тоқаш Бердия­ров­тың туғанына 90 жыл толып  отыр. Ол 1925 жылы 19 қыркүйекте қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы,  Сарыағаш ауданының Келес өңіріндегі Ұшқын елді мекенінде  кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған аты Торқысбек. Кішкентайынан қиын­шылықты көп көрген Тоқаш бес жасынан Ташкенттегі №6 балалар қабылдау үйінде және №23 қазақ балалар үйінде  тәрбиеленеді. «Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарының басында ауы­лымыздың қасындағы Ташкент қала­сын паналадық. Сеңдей соғылысқан  жетімектермен бірге  мен де  детдомдық «про­пискаға» іліктім. Ақ көйлек, ақ кереует, ақ бөлке нан…», – деп толғана  еске алады, оның өзі. Сонда жүргенде тәтті бауырсақты ерекше сүйсініп жейтін баланы маңайындағы қыздар Тоқаш деп атап кеткен көрінеді. Осылайша бұл есім оның ғұмыр  бойғы бойтұмар серігіне айналған. 


Туған еліне қайта оралған ол  13 жасынан ұжымдық шаруашылық жұ­мыс­­тарына белсене араласып, мақта алқабы  мен қырманда тәбілші   болып істейді. Кейіннен Бесқұбыр ауылдық кеңесінің (қазіргі — Қошқарата ауылдық әкімдігінің) хатшысы  қызметін атқарған. «Жетімдікті мендей көрген бала ілуде біреу болар. Алты жасымда  мектепке бардым. Есеп шығаруда, өлең жаттауда  ешкімге дес бермедім. Үшінші сыныпты аттап өтіп,  13 жасымда  ауылдағы орталау мектепті үздік бағамен бітіріп шықтым. Іле-шала ұжымшардың есепшотына,  ауылдық кеңестің хатшылық жұмысына  араласып кеттім…», – деп айтатын Тоқаштың өзі.  
           Жаужүрек жауынгер

Ел басына ауыр күн туған сол бір сұрапыл соғыс  жылдары, дәлірегі 1942 жылғы сегізінші қыркүйекте  17 жасқа то­лар-толмас  бозбала өзі сұранып май­дан­ға аттанады. Оң мен солын енді ғана ажыратып үлгерген кезі. «Құлыным-ау, аман-сау еліңе, туған жеріңе оралар ма екенсің?!» – деп құбылаға қарап әскердегі баласының   тілеуін тілеп отырған әке-шеше 1945 жылы уайым-қайғы мен  са­ғы­ныштан  сарғая-сарғая бірінен соң бірі көз жұмғанда атқыштар полкінің жиырма жасар жаужүрек жауынгері  Тоқаш Бердияров бұлардың бәрінен бейхабар еді. Бұл кезде ол Румыния, Венгрия, Аустрия, Чехословакия (қазіргі – Чехия мен Словакия), Болгария, ең соңында Германияның жерін басып, суын ішіп, сол елдерді фашизм құлдығынан азат етуші қатардағы қаһармандардың  бірі болатын. Қан майданда көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Батылдығы үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Сол бір отты жылдарда, дәлірегі  1945 жылы оның кеңес жауынгерлерінің ерен ерлігін шабыттана жырлаған өлеңдері алғаш рет облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарық көрген екен. Ол өлең:
Оңтүстіктен «ақ алтын»,
Солтүстіктен «сары алтын»,
Ағылып жатты алып күш,
Жау жүрегін жаратын! – деп басталатын. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында қалып, бес жыл Қызыл Тулы Балтық әскери-теңіз флотында теңізші болып қызмет еткен. «…Егер, мен соғыс кезіндегі және Ұлы Жеңістен кейінгі жү­ріп өткен жауынгерлік жолдарымды қағаз бетіне түсіретін болсам, жарты Еуропаның топографиялық картасы сызылған болар еді», – деп жазады ол  өзі­нің бір естелігінде. Тағы бір  елең еткізер қызғылықты дерек. Соғыс біткен кезде не­­містің Ильменау қаласының гауптвах­тасына түскен Тоқаш Бердияровты сол қала­ның әскери коменданты, кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі  болған  Қалмұқан Исабай шығарып алған екен. 
                                   
Жауһар жырдың  жолы 
осылай басталған
 
 «1950 жылдың бас кезі. Кронштадт­тан оралған бетім. Басымнан бескозырка, үстімнен қара бушлат түсе қоймаған кез. Төрт жылға созылған қиян-кескін ұрыс пен төрт жылдық әскери-теңіз өмірі поэзия әлеміне біржола бетбұрыс жасауға мұрша бермеді», – деп мұңая  жазады Тоқаш өзінің ақындық жолбасы жайында. Алдымен,  ол әскери-теңіз  флотында өзімен  қызметтес болған жорықтас досы Шыңғыс Кенжебаевпен бірге Алматыдағы көркемсурет училищесінде оқиды. Алайда, оқуын аяқ­тамастан ақындық жолға түскен. Сөйтіп, баспасөз беттерінде өлеңдері жиі жариялана бастайды. Әдебиет әлеміне Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Шәміл Мұхамеджановтармен бірге келген Тоқаш Бердияровтың «Шалқы  теңіз» атты тұңғыш жыр жинағы 1952 жылы жарық көрген. Дәл  сол жылы қазақ поэзиясының  нарқасқасы Қасым Аманжолов құрастырған «Жастық жыры» деп аталған ұжымдық жинаққа енген  23 ақынның арасында Тоқаш Бердияровтың өлеңдері де бар болатын. 
1958-1962 жылдары республикалық «Ле­­нин­шіл жас» (қазіргі – «Жас Алаш») және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет істейді. Сол бір кезеңді   жазушы Дүкенбай Досжан: «Қазақ әдебиетінің» поэзия, проза бөлімдерін жалғыз өзі басқарып отырған Тоқаш Бердияров түсін суыққа салып, апарған шатпағымызды үстелінің пәлен қатпар  суырмасына жытырып, «кезек күтесіңмен» діңкелетіп бітіреді», – деп еске алады. Қадыр Мырза Әли өзінің «Иірім»  атты естелік  кітабында: «…Бір жылдары (1961 жылы) өзі ақын, өзі қайсар партизан, ешқашанда ешкімнен қаймықпаған  Жұмағали Саин «Қазақ әдебиеті» газетіне  бас редактор болып келді. Келген бойда қызметкерлерін шақырып, жиналыс өткізеді.
– Сен кімсің? – дейді Жұмекең бі­реуіне.
– Мен пәленшемін! — дейді ол байғұс. 
– Ондай ақынды не жазушыны білмеймін! Ертеңнен бастап боссың! Ары­зыңды жаза бер! — дейді.
– Сен кімсің?
–  Мен  пәленшемін!..
– Ондай ақын, ондай жазушыны естігем жоқ! Сен де боссың! Арызыңды жаза бер!
Жиналыс бітеді. Бүкіл аппараттан Жұмекеңнің білетіні, ұнатқаны жалғыз ғана Тоқаш Бердияров болып шығады. 
Көп кешікпей Жұмағали аға­мыз  қайтыс болды. Сондағы То­қаш Бер­дия­ровтың жылағанын көр­сеңіздер!..» деп жазады. Сол Қадыр Мырза Әли ағамыз айтқан мына бір хикая да жадымызда. «Өт­кен ғасырдың сексенінші жылдары.  Курс­тастарым – Есенғали Раушанов, Жұ­мабек Мұқанов, Көсемәлі Сәттібайұлы,  Үсен Өмірзақов және мен, бәріміздің Ал­матыдағы Сергей Миронович Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ мемлекеттік университетінің журналис­тика факультетінде оқып жүрген студент  кезіміз. Сонда бізге «Әдебиет теориясы» пәні­нен дәріс  беретін  қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлидің  аузынан мына төмендегі хикаяны естіген едік:
– Қазақстан Жазушылар одағының ғи­­маратына орналасқан «Жұлдыз» жур­налының редакциясында қызмет істей­тінмін. Бір күні қасиетті қараша­ңыраққа арқалы ақын Тоқаш Бердияров масаңдау болып келді. Онысын сездіргісі келмегендей оң аяғын көтеріп жарты сағаттай, сол аяғын көтеріп жарты сағаттай түрегеп тұрды. Кейіннен үстел үстінен  сақал қыратын алмас (лезвие) алып, оны алақанына салып мыжып, қанын сорғалатты кеп. Сөйткен күйде ол:
– Сендер мені тәртіпсіз, мас деп ойлап тұрсыңдар ғой, ал, мен мас емеспін! – деген екен».
Сөз орайы келгенде, Қазақстан қаламгер­лерінің басты басылымының бүгінгі бас редакторы, жазушы-журналист Жұмабай Шаштайұлы бәріміз біле бермейтін Бердияров, тылсым Тоқаң туралы: «Ағамыздың орыс қауымы қаптаған, анда-санда қазақ  көрінетін Алматы қаласында көшені қақ жарып кетіп бара жатқаны  көз алдымнан кетпейді. Өнер адамының қолынан ғана келетін әрекет еді бұл», – деп әлі  күнге дейін таңдай қағып тамсанатынын тілге тиек ете кетейік. Тоқаң кейіннен  еркін шығармашылық жұмыспен айналысқан. 
                    
Кемеңгер классиктің
 керемет көрегендігі

Оқырман қауымға енді ғана таныла бастаған жас ақынның «Мен өмір сүремін» атты поэмасы кезінде сын тезіне ұшырайды. Белгілі ғалым, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин баспасөз бетінде  Әбділда Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Тайыр Жароков, Диқан Әбілев, Жұмағали Саин секілді ақындардың шығармашылығын сөз ете келе Тоқаш Бердияровтың аталмыш поэмасын сынаған «Мұхтар Әуезовке хат» атты мақала («Қазақ әдебиеті» газеті,  28 қыркүйек 1955 жыл) жазады:
«… Енді, соңғы кездегі қазақ поэзиясына енген жаңалықтар жөнінде бір-екі сөз айта кетейін. Қазақтың өлең құрылысына, түріне, сөз образына енген жаңалықтар көп-ақ. Соның бірқатары орынды, оқырман жұртшылыққа ұнам­ды түрде енгізілгенін байқау қиын емес. Сонымен қатар «бүйректен си­рақ шығарып» деген секілді ретпен келген жаңалықтар да бар. Өлеңнің ұйқасы, ырғағы, екпіні, буыны дегендер мұндай «жаңалықтарда» ескерілмейтін секілді. Сондықтан да ондай өлеңдерді қарапайым адамның түсініп оқуы өте қиынға соғады. Мысалы, Тоқаш Бердияровтың «Мен өмір сүремін» деген поэмасын алайық («Әдебиет және искусство»  (қазіргі – «Жұлдыз») журналы, 1955 жылғы тамыз айы, №8).
Тоқаштың газет-журналдарға шық­қан талай өлеңін оқығаным бар еді.  Одан көп үміт күтетін, жақсы жазылған өлеңдеріне қуанатын едім. Ал, жоғарыда аталған поэмасын оқығанымда оған қарным ашып сала берді. Біріншіден, бұл поэмада желілі сюжет, тартымды оқиға жоқ. Екіншіден, ақындық алғыр шабытпен берілген сурет жоқ, көркемдігі күңгірт, бояуының реңі жоқ. Осы поэмадан:
Нажағаймен қамшылап қуып еді,
Жіберді бұлт көз жасын                        сорғалатып.
Немесе:
Америка банкирі кебін киген
Дей қалса егер: «Солдат бол!»
Тоқта, саспа,
Ойла, фриц, біз құйған темір мимен»,  дегендерді алайық.
Бұлт жайын сөз еткенде мынадай бір нәрсе еске түседі. Осыдан жиырмашақты жыл бұрын жазылған бір роман «Бұлт бошалап аспанға шықты…» деп басталатын еді. Кейіннен жазушының осы сөздері күлкіге, анекдотқа айналып кетіп еді.  Мұны еске салып отырған себебім, Тоқаштың да бұлт жөніндегі теңеуі, жасаған метафорасы көңілге қонбайтын, нашар сияқты. Ал, ақынның «біз құйған темір мимен» дегенін тіпті түсінбедім».
Өзінің шығармалары жөніндегі осындай әділетсіз көзқарастарға төзбеген Тоқаш Бердияров Мұхтар Әуезовке хат жазуға мәжбүр болған (589 папка). Бұл хатқа түсіністікпен қараған заңғар жазушы оны орынсыз дау-дамайдан арашалап қалады. Мұхаңның «Мәлік Ғабдуллинге жауап хат» атты ма­қаласы 1955 жылдың  11 қараша күнгі  «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көреді.  Онда қазақ поэзиясының жай-күйі мен өсу өресі, ақындардың шығармашылық ерекшеліктері туралы теориялық ой-толғамдар талғампаз сыншы-ғалым­ның көзімен сараланып, ақындар ізде­ніс­терінде жаңалықты өрнектер әлі де жетіспей, кемшін түсіп отырғаны айтылады. Мұхтар Әуезовтің «Мәлік Ғабдуллинге жауап хатының» мәтіні кейін­нен жазушының «Қазақ әдебиетінің кей­бір мәселелері» (59-71 беттер, Алматы қаласы, 1957 жыл), «Әр жылдар ойлары» (371-381 беттер, Алматы қаласы, 1959 жыл) атты кітаптарда,  12 томдық (12 том, 137-150 беттер, Алматы қаласы, 1969 жыл), 20 томдық (18 том, 382-396 беттер, Алматы қаласы, 1985 жыл), 50 томдық (33 том, 70-84 беттер, Алматы қаласы, «Жібек жолы» бас­пасы, 2008 жыл) шығармаларының толық жинақтарында жарияланды. Онда: 
«…Және Мәлік, Сіз жеке жолдарын сынағанмен, әңгіме желісін де қабыл­дамағаныңызбен, мен өзім тың табыс деп жас Тоқаштың жаңа поэмасы — «Мен өмір сүремінді» айтар ем. Ол поэманың Сіз сынаған кейбір теңеуінің жайында кейін тоқтаймыз.
Жаңағы аталып өткен ақындардың (бұл жерде Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Мол­дағалиев, Аманжол Шамкенов туралы сөз болып отыр — Ә.Ә.) бәрінің де поэзияға келісінде өте шыншыл, анық өз тағдыр талайынан туған жыр баса бар. Көбінің жаныңды шарпыр жан сырлары болған-ды. Жетім тайлақтың табаны құмға мөрдей басылып, алдағы күніне алабұртып келе жатқан Тайыр үні сондай-ды. Арық байталын иыққа қағып, алдағы күнге ол да бет бағып келе жатқан бала Ғали бастауы қандай еді? Жетімдіктің жыртық тонын тастап, Кеңес — Ана бауырына келе жатқан Қасым сыры қаншалық еді. Осылар да, осылардан басқалар да поэзияға барынша шынымен, анық жан тебірентер оттай ыстық өксігімен келген-ді. Тек қана шыны мен сырын бала өнерінің қанаты етіп әдебиетімізге әкелген-ді. Бұлар да, осыларға ұқсаған өзгелер де осындай шымырлаған шынайы өлеңдерімен бағзы заманнан бері қазақ поэзиясы айтып, тыңдап көрмеген сипатта келді. 
Олар бейнебір өз анасынан ажырап, ел енесінің бауырына келе жатқан құлыншақтай. Әлі өнер шыңын, сырын аңдап көрмеген жас жеткіншектер өздеріне жарастықты күйлі, мұңды  шындықтарымен келген.
Жас ақындар өзгеше шыншыл  бала тілімен балдыраса да ақын бала жанын аңғартқан. Тамылжыған тәтті күймен келісті. Ақындықтың болайын деп тұрған бал-бөпесі. Осы күнге шейін сол өлеңдерін оқысаң көзіңе жас оралғандай бой балқытады. Шыншыл демдері жа­ның­ды жалындай шарпиды. 
…Образ іздену жөнінде батылдық керек. Жолдас Мәлік, бұл жөнінде Сіздің Тоқаш Бердияровтың поэмасына жалпы берген бағаңыз мен үшін түгелімен даулы. Сіздің сыныңыз бұл жөнінде әділ емес.  Федор Михайлович Достоевский прозасының өзінде «Карамазовтың ары­ның маңдайы жез еді» дейді. Ардың маң­дайы боп, оның жез болғанын неше атадан көріп ек? Образ жөніндегі және түр тұсындағы ізденулерге соққанда тегі біздің сыншылар, әсіресе, әдебиет сабағын жүргізетін оқытушыларымыз үй­реншіктіден басқаны жатырқағыш мі­незді аз қолдану керек.  Орыс әдебиет сыны  кө­лемінде ондайды «академизм» деп атайды…», – деп жазған екен жа­рықтық Мұқаң. Осылайша кезінде кемең­гер классик керемет көрегендік танытқаны қандай ғанибет. Оның осындай ізгі ниетті сөзінен қанаттанған  ақын бұдан кейін көптеген жыр жинағын шығарғаны мәлім. Иә, шынтуайтында қазақ поэзиясына тыңнан түрен салған Тоқаш Бердияров шайыр­лықтың шыңына шыға білді. Сөйтіп, кешегі жаужүрек жауынгерден  ақиық  ақынға ай­налған. 1986 жылы 27 тамызда «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде жарияланған «Мұхтар Әуезов ескерткіші, балалар және мен» атты өлеңінде ұлы жазушының бейнесін шынайы сүйіспеншілік сезімімен жырлайды. 
Ақын көрген қиянат  бұл ғана емес.Сөз орайы келгенде, қаламдас әріптесі  Тұр­сынхан Әбдірахманованың да солақай сыны Тоқаңа кезінде ауыр тигенін де тілге тиек ете кетейік.
                   
Өмірі  де, өлеңі де,  өлімі  де өзгеше  ақын
                     
Тоқаш Бердияров ойлы оқырмандарына  «Портрет мира», «Я буду жить», «Утренный луч», «Бейбітшілік көшесі»,  «Тораң­ғыл»,  «Оқ пен гүл», «Дауылдан кейінгі тыныштық», «Бар ондай партия», «Көгілдір ымырт», «Бозторғай», «Күндер, күндер, күндерім» (таңдамалы), «Раскинсь море», «Ескі паровоз», «Жан дала», «Сөнбейтін оттар»,  «Көгілдір планета», «Есіктің алды  – көк терек», «Сумкада не  бар?», «Шынар», «Жебе мен ракета» атты тамаша поэзиялық және «Фарида», «Жастық кешуі», «Солдат сыры» атты прозалық туындыларын, ұзын саны отызшақты кітабын ұсынды. Тоқаштың әдеби көркем туындылары  қалың жұртшылыққа кеңінен танылды.  Оның есімі төл әдебиетіміздің бай тарихы мен алтын қорына еніп, халқымыздың мәдени мұрасын молықтыра түскен. Көптеген шығармалары КСРО халықтарының тілде­ріне аударылған. 
1974 жылы режиссер Райымбек Сейітмет  ақынның «Оқ пен гүл» поэмасының негізінде  Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер  театрында спектакль сахналаған жағдайы бар. Оны қалың жұртшылықпен бірге тамашалаған Тоқаңның сыралғы досы Мұқағали Мақатаев жоғары бағалаған. Ақын сол пьесасының қаламақысына қызы Эльмираға «Элегия» пианиносын  сатып әперген екен. Оның әрбір дастан, поэ­ма, баллада, өлең, өсиет терме, мысал, егіз шумақ, төрттағанын тебіренбей оқу мүмкін емес. Тоқаш өз туындыларына Абай Құнанбаев, Біржан сал, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы,   Ғабдол Сланов, Мұқағали Мақатаев, Жұбан Молдағалиев, Әбділда Тәжібаев, Шәмші Қалдаяқов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Мән­шүк Мәметова  сынды халқымыздың асыл перзенттерін арқау еткен. Өлең арқылы олардың біреуінің портретін сомдаса, екіншісімен сырласып, мұңдасады. Ақын шығармашылығында соғыс және бейбітшілік, өмір мен махаббат, Отан мен туған жер, адамгершілік пен достық, әдебиет, мәдениет пен өнер адамдары жайлы тақырыптар жиі көтеріледі.  Әсіресе, оның туған жері  – Келеске деген от жалындай ыстық махаббаты мен сағынышын айрықша сезе аламыз. 
Тоқаш Бердияровтың ақындық талантын кезінде Мұхтар Әуезов,  Қасым Аманжолов,  Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин сынды іргелі ақын-жазушылар аса жоғары бағалаған.  Мәселен,  академик жазушы Ғабит Мүсірепов   Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезінде Тоқаш Бердияров поэзиясына  ерекше тоқталып, оның көркемдік ізденістеріне  тәнті болған. Қарды басып бара жатқан  танктердің  іздерін нотаға ұқсатқанына ерекше сүйсінген. «Бұл  қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған теңеу және соғысты көзімен көрген, қан майданның ішінде болып шыққан адамның көзімен жазылған шынайы туынды», – десе,  ал, Сәбит Мұқанов: «Шынында да Тоқаш  Бердияров бәрімізден бөлек тұлға, өте дарынды ақын», – деп дәріптеген. Өз кезегінде Қадыр Мырза Әли: «…Заманға лайық жаңалық әкелген өзіндік беті бар ақындар – Мұзафар Әлімбаев пен Тоқаш Бердияров еді»,  – деп жазады.  Қарулас қаламдастары – Жұбан Мол­дағалиев,  Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайыр­беков оны майдангер ақын ретінде  аса қатты құрметтейтін. 
Қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайыр­беков өзінің «Тоқаш туралы сөзінде»: «…Оның соншама ерекше, соншама мол нәрлі шығармашылығын дер кезінде талдап, бағасын айтуға қырсығы тиді. Ұзақ жыл бойында оған дұрыстап тоқтаған, не жақсы, не жаман деген сынды көргеміз жоқ. Ақынға, әсіресе, Тоқаш секілді ақынға бұдан артық қиянат болмаса керек. «Сен маған, мен сағанның» дәуренінде жалғыз ауыз жақсы сөз үшін ақы сұрайтын күндерде Тоқаңда бере қоятын ақы болмайтын, ал, құрғақ рахмет іске асыңқырамайтын… Өйткені, жасыратын ештеңесі жоқ, оқта-текте жекелеген өлеңдерін айтушылар болмаса, осы отыз жыл бойында оның шығармасы жайлы арнаулы мақаланы не шолуды өз басым көргенім жоқ», – деуі ащы болса да ақиқат. Тоқаштанушы ретінде айтарым, Әбділда Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев, Ғафу Қайырбеков, Садықбек Адамбеков, Аян Нысаналин, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлімұлы  жаужүрек жауынгер, ақиық ақынға өлең-жыр арнаған. Өз кезегінде  Исраил Сапарбай, Темірхан Медетбек, Сейфолла Оспан, Сағат Әшімбаев, Серік Қирабаев, Әбділхамит Нарымбетов, Асқар Егеубай, Бақыт Сарбалаұлы, Оразақын Асқар, Құныпия Алпысбаев, Ертай Ашықбаев, Құлбек Ергөбек  сынды қаламдас әріптестері Тоқаштың   туындыларына хал-қадерінше талдау жасап, табысы мен кейбір кемшін тұстарын саралап өткен.  
Тоқаш Бердияров кіммен араласуды жақсы білген. Шын дарын иелерінің қай заманда да жолы бола бермейтінін де  терең сезінген көрінеді. Оның ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен айырылмас­тай айнымас дос болғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Сол Мұқағали Мақатаев, Төле­ген Айбергенов, Өтежан Нұрғали – Тоқаш Бердияровтың «шекпенінен шыққан» шәкірт­тер. Олардың өлеңдерін оқысаңыздар,  мұны өздеріңіз де айқын аңғарасыздар. Шәміл Мұхамеджанов, Құдаш Мұқашев, Нұрсұлтан Әлімқұлов,  Төлеужан Ысмайылов, Әбілахат Еспаев, Фатих Дінисламовтың аты-жөні туындыларында жиі айтылады. Шайырдың шәкірттері Есенғали Раушанов  пен Аманхан Әлімұлы  өздерінің төл көкелерінен  өлең өнерінің көп қыр-сырын үйренгені тағы бар. Есенғалидың еске алып жазуынша, майдангер ақындардың арасынан Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Тоқаш Бердияров соғыс тақырыбының өзін шырайын шығарып жырлаған. Сол Есенғали тағы бірде: «Ол (Тоқаш) суретке түскенді жақтырмайтын («рәсімге тартылу» («суретке түсу» дегені), теледидарға түсу, аң ату, мәшине жүргізу – көкең мұның бәрі­нен мақрұм қаған (қалған емес, «қаған» дейтін), шырақ», – деп ақынның  онша ұнатпайтын нәрселерін тізіп шыққан.  
Өмірі де, өлеңі де өзгеше ақынның өлімі де өзгеше еді. Пайғамбар жасына жетер-жетпес тұста бұл жарық дүниемен қош айтысқан. Алматыдағы демалыс үйлерінің бірінде жазатайым аяғы тайып сүрінген оның қарақұсы тасқа тиіп кетеді. Осылайша 1988 жылғы  29 шілде күні арда азамат, жаужүрек жауынгер, арқалы ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер  кенеттен қайтыс болған. Тоқаш өзінің туып-өскен көркем Келесінде мәңгілікке қоныс тепті.  Оны ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысқан  қарымды қаламгерлер – Қалаубек Тұр­сынқұлов, Мұхтар Шаханов, Мархабат Байғұт  өз сөздерінде Тоқаңның бар  саналы ғұмырын қазақ поэзиясының көсегесін көгертуге жұмсағанын баса айтқан. 
Ақын Тоқаш Бердияров дүниеден өт­кен­де сайыпқыран сатирик жазушы Садық­бек Адамбеков:
Дауылдатып, селдетіп,
Борандатып, желдетіп,
Тоқаш өтті дүниеден
Көзінің жасын көлдетіп.
Босағада тұрып қалмастан,
Өлең жасап кейде гүлден,
Кейде алмастан, –
Шықты төрге түйіліп,
Жақсы ақынға сүйініп,
Жаман жырға шүйіліп,
Шараппен жуып тастайтын, –
Қасірет шексе күйініп.
Өзінің сүңгуір қайығындай, –
Жау кемесін жаратын,
Тоқаш өтті дүниеден 
Тойға да жалғыз баратын,
Дауға да жалғыз баратын… 
Қысқанда талант – әруақ
Отты өлеңді төгіп-төгіп алатын,
Моласында шырақ болып жанатын,
Жанпида еткен халқына
Мұра болып қалатын.
Тоқаш өтті дүниеден
Бір уыс қара шал болып,
Ізінде өлең толқыны 
Бұйра-бұйра жал болып… –
деп қатты қайғырған екен. 
                   
Тоқаштың екінші – 
мәңгілік өмірі

Өкінбеймін өмірге келгеніме,
Рахмет – адамға, жерге, күнге.
Топырақ боп адам үшін дән өсірем,
Жатсам да Жер-Ананың жөргөгінде, – деп ақиық ақынның өзі жырлағандай, тасқайрақтай Тоқаңның екінші өмірі бас­талғанына да 27 жылдың жүзі болыпты. Алайда ойлы оқырмандарына  мол  рухани мұра қалдырған оның есімі мәңгілік жасай бермек. 
Реті келгенде, ақынның отбасы жайлы аз-кем әңгіме  өрбітіп көрейік. Бер­дияровтың бәйбішесі, Көкшетаудың көріктісі Үміт Таласбаева 1934 жылы туған. Ұзақ жылдар бедерінде халық ағарту саласында жемісті қызмет еткен. 1967 жылы туған қызы Эльмира Бердиярова Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеуде стоматолог болып істеген. Кейіннен шарап ісі (сумилие) мамандығын игерген. Астанада өтетін Халықаралық ЭКСПО – 2017  көрмесінің кеңесшісі. Жұбайы – итальяндық жігіт Лесли – ірі қаржыгер. 18 жасар Жак  – Ескендір есімді ұлдары Швейцарияда колледж бітірген. Қазір Америка Құрама Штаттарындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқиды.
Тоқанның тоқалы, Алматы облы­сының тумасы, 1940 жылы жарық дүние­ге келген Клара Құдайбергенованың мамандығы — филолог. Шәкірттерге қа­зақ  тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Сонымен қатар, автотранспорт саласында жұмыс істеген. 1983 жылы туған қызы Зухра Құдайбергеновадан бес жасар Жанбота және төрт жасар Ерназар есімді немерелері бар.  
 «Менің тойым болған жоқ», – деп өкінген ақынның  50, 60, 70 жылдық мерей­тойлары кеңінен атап өтілді. Қазақ КСР  Жоғарғы Кеңесінің  Төралқасы ақын Тоқаш Бердияровты кеңес әдебиеті саласында сіңірген еңбегі үшін және алпыс жасқа толуына байланысты республика Жоғарғы Кеңесінің  Құрмет Грамотасымен марапаттады. Келестік  жерлестері шат-шадыман салтанат сәтінде оған аса зор құрметпен ақбоз ат мінгізіп, иығына мақпал шапан жапқан болатын.  Бұл тойға Тоқаш ақын майдандас және қаламдас досы Ғафу Қайырбековпен бірге келген-тін. Ақынның 70 жылдығы төрт күн бойы тойланды. Алматы мен Шымкенттен келген қаламгерлер мен өзге де сала өкілдері көсіле сөйлеп, естеліктер айтты. Тоқашқа ескерткіш, кеудемүсіндер (бюсттар) орнатылды. Орта мектеп пен ауылдық мәдениет үйіне есімі берілді. Жыр жарысы – мүшәйра және Шығыс жекпе-жегі – каратэ-до-шотаканнан Халықаралық сайыс өтті.   Ал, керісінше 80 жылдық мерейтойы аталмай қалды. Енді, биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келген 90 жылдық мерейтойы республикалық көлемінде атап өтілсе екен деген ізгі үміт бар. Тоқаштың тоқсан жылдық торқалы тойы биылғы 12 қыркүйек күні өзі туып-өскен – Келес өңірінде бастау алмақ. Таңертеңнен Бердияров бейітінің басына гүл шоқтары қойылып, рухына Құран бағышталады. Ұшқын ауылдық округіндегі № 127 жалпы орта мектебінде ақын мұражайы ашылып, ашық тәрбие сағаттары өтеді. Кейіннен Қошқарата ауылдық округінің орталығы – Бесқұбыр ауылындағы ақын есімін иеленген мә­дениет үйінде алыс-жақыннан келген қа­дірменді қонақтардың қатысуымен әдеби-танымдық конференция  ұйымдас­ты­рылады. Соңынан Біртілек ауылдық округіндегі  «Сая»  салтанат сарайында мерекелік дастарқан жайылады. То­­қаш­тың тойы мұнымен шектеліп қалмастан Шымкент, Алматы, Астана қалалары мен егемен еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын тапса игі… Құдай қаласа, алдағы жүз жылдық мерейтойын ЮНЕС­КО деңгейінде төрткүл әлем болып тойласақ, қанекей!
Өкінішке орай, бүгінде арқалы ақын Тоқаш Бердияровтың есімін мәңгі есте қалдыру шаралары ұмыт қалып баратын сыңайлы. Ару Астананы  айтпай-ақ қоялық. Бірен-саран кішігірім  еске алу кештері болмаса, жарты өмірі өткен Алматы да оны тым сирек іздейді. Шырайлы Шымкент те үнсіз отыр. Өзі туып-өскен – Келес өңіріндегі (қазіргі – Сарыағаш ауданындағы) елеусіз ескерткіш пен ақын есімін иеленген №127  жалпы орта мектепті айтпағанда, оны ойға алатындай дерлік ештеңе жоқ секілді. Осы орайда Астана, Алматы, Шымкент, Сарыағаш  қалаларында ақынға мектеп, кітапхана мен  көше атауларын беру, Оңтүстік астанадағы өзі тұрған Жароков көшесі, №199 үй, 20 пәтерге немесе Гоголь көшесі,    № 69  үй,  15 пәтерге мемориалдық ескерткіш тақта орнату, өзінің кітаптарымен қоса ол жайлы естеліктер мен эсселер  жинағын шығару – өскелең уақыт талабы болуы тиіс дер едік. Поэзиялық және прозалық  туындыларын мектеп, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізу де уақыт талабына айналуы тиіс. Жыл сайын қоңыр күзде Тоқаш айлығын өткізіп, соның аясында мүшәйра, диспут, оқырмандар конференциясын, тағы басқа да сан алуан шығармашылық кештер  ұйымдастырғанымыз мақұл. Тоқаш Бердияров атындағы әдеби сыйлық тағайындасақ, нұр үстіне нұр болар еді! Мұндай  игілікті іс-шарадан Қазақстан Жазушылар одағы (Нұрлан Оразалин), Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі (Бейбіт Атамқұлов), Астана қаласының әкімдігі (Әділбек Жақ­сы­беков), Алматы қаласының әкімдігі (Бауыржан Байбек), Шымкент қаласының әкімдігі (Ғабидолла Әбдірахымов), Сары­ағаш ауданының әкімдігі (Бұқарбай Парманов), барша зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары, кәсіпкерлер, қала берді  қара­пайым жұртшылық шет қалмайды деген ойдамыз.
Әбдісаттар ӘЛІП,
тоқаштанушы,  Қазақстан 
Журналистер және Халықаралық 
Жазушылар  одақтарының мүшесі

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Жақсы, тұшымды дүние екен. рахмет!

Пікірлерге тыйым салынады.