АЙЫРЫЛМАСТАЙ ҚОС АҚЫН – ДОС АҚЫН Тоқаш пен Мұқағали жайлы мұң шағу

  • 20.10.2015
  • 786 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақ әдебиетінің тарихында ақи­ық ақындар – Тоқаш Бердияров пен Мұқағали Мақатаевтың  аяулы есім­­­дері қашанда үлкен ілтипатпен еске алынады. Олардың ұлттық поэ­зиямызға  өзіндік тың өрнек салғаны даусыз. Екеуі де қазақ өлеңінің қадір-қасиетін, көркемдік дәрежесін асқан зор шеберлікпен, қайталанбас даралықпен шырқау биікке көтерген ұлы суреткерлер, халықтық ақынға айналған абзал тұлғалар. Тағдырлары да тым ұқсас. Тоқаш  Ташкенттегі балалар үйлерінде тәрбиеленсе, Мұ­қағали Нарынқолдағы  мектеп-ин­тер­натта оқыды. Екеуі де ауылдық кеңестің хатшысы болып істеді.  Қара жұмыспен шыңдалды.  Кез келген шаруаны атқарып кете беретін. Алдыңғысы сұрапыл соғыстың бел ортасында жүрумен қатар кейіннен теңізші болды, екіншісі  тылдағы ауыр еңбекпен ерте есейді. Газет-журнал редакцияларында қызмет атқарды. 


Сол кездегі астана –  Алматыға  келгеннен кейін де олардың  жағдайлары  онша мәз бола қойған жоқ.  Әсіресе,  баспана мәселесінде көп қиналыс көрді.   Алайда, үйсіз-күйсіз күн кешкен көше ақындарының ерік-жігері мен талант-талабы тым асқақ болатын. Өкінішке орай, оқуларын жалғастыруға мүмкіндіктері бола бермеді. Тоқаш Ал­матыдағы көркемсурет училищесін,  ал, Мұқағали Қазақ мемлекеттік университетінің филология факуль­тетін, Шет тілдері институтын, тіпті, сол кездегі Отанымыздың жүрегі – Мәскеудегі Алексей  Максимович Горький атындағы Бүкілодақтық әде­биет институтын сан түрлі себептермен  тастап кетуге мәжбүр болды. Өлең жазбай жүре алмайтындықтан,  онысын кез келген жерде жаза берді. Тоқаш  өлеңдерін  вокзал, монша, сквер­де  жазса, Мұқағалидың   аурухана, кітапхана, пойыз купесінде де жаза беруіне тура келді. Екеуі де мансап пен байлық қумады. Қолдарында барды қанағат етті.  Бойларын қызғаныштың қызыл оты шарпығандар олардың өлеңдерін өздерінше күзеп-түзеді, орынсыз  қысқартуларға ұшы­рат­ты.  Кітаптары баспалардан ке­шік­тіріліп шығып жүрді. Олар жайлы қаншама   ғайбат сөздер мен өсек-аяңдар  тарады. Ішкіштер деп кінәлады. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының, Бүкілодақтық кәсіп­одақтың,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшеліктерінен шығаруға бар күштерін жұмсады. Қызметтен шеттеткілері келді.  Ұзын сөздің қысқасы, екеуі де қиянатты көп көрді.  Неміс ақыны  Иоганн Вольфганг Гетенің: «Талант тыныштықта пісіп-жетіледі, мінез өмір дауылдарында шыңдалады» деген   даналық сөзі бар екен.  Сол айтқандай, ер мінезді, өр мі­незді қос ақын – дос ақын  еш мойыған жоқ,   солардың бәріне шыдас беріп,  бұл өмірден  өздерінің мықтылығын дәлелдеп өтті.  Көзі тірісінде майдангер ақын Тоқаштың отызшақты поэзиялық және прозалық кітаптары жарық көрсе, Мұқағалидың оншақты кітабы шықты. Мұқағали балаларға арналған өлеңдері мен ән мәтіндерін қоспағанда, барлығы 971 өлең мен 14 поэма жазған екен. Соның ішінде жадағай публицистикаға толысы – 49 өлең, өлең туралы жазылған өлеңдері – 36, тікелей арнау өлеңдері –15, ақынның  өз бетін, өз қолтаңбасын көрсететін негізгі өлеңдері – 51, ал қалған 820-дай өлеңі табиғат, қоғам, адамгершілік, достық, жолдастық, сүйіспеншілік, тағы басқалар туралы жалпылама түрдегі  дүниелер. Тоқаштың туындылары одан асып түспесе, кем емес. Әрине олардың санынан сапасы жоғары екенін бәріңіз жақсы біле­сіздер. Екеуі де ептеп Сергей Есенинге еліктеген. Бұған қоса Мұқағали Владимир ­Маяковскийге қарай да бірауық мойын бұрған көрінеді.  Қос ақын – дос ақынның  бір-біріне арна­ған өлеңдері де баршылық. Мысалы, Тоқаш «Қымыз құйған қызында» досы жайлы естелік сыр шертсе, «Тау ұлы едіңде» қимас досының ес­керткіші жанында  мұң шағады. Өз кезе­гінде Мұқағали «Адасқанда», «Адасқанда – 2» және «Тауда, түнде»  атты өлеңдерінде  Тоқаш екеуінің қою қараң­ғылықта  жүрер жол таба алмас­тан қатты қиналғанын жазады.  
Өле-өлгенше бірге жүріп, бірге тұрған Мұқағали ақын өмірден өткенде  қаламдас Тоқаш досы:
Сен жоқсың!
Жан табылмас енді сендей,
Мен жүрмін бірде сеніп, бірде 
                сенбей.
Таусылған ішіндегі сыбағасы
Жатырсың төңкеріліп дәу кеседей, деп көз жасын көлдеткен екен. 
Екеуіне де көзі тірісінде де, бұл жал­­ған дүниемен қоштасқаннан кейін де  Мемлекеттік немесе әдеби сыйлық беріл­ген жоқ. Бүгінде  Қазақстан Жазушылар одағының  Мұқағали Мақатаев атындағы  әдеби сыйлығының бар екенін көңілге медеу тұтамыз. «Мұқағали» журналы жарық көреді. Кітаптары жыл аралатып шығуда. Өкінішке орай, Тоқаш ақын  еленбей жүр. Туған жері – Келес өңірін (қазіргі – Сарыағаш ауданын) айтпағанда,  Астана,  Алматы,  Шымкент  шаһарларында оның есімін еске түсіретін мектеп, кітапхана, көше атауларын кезіктіре алмайсыздар. Ал­матыдағы тұрған үйлеріне ескерткіш мемориалдық тақта орнатылмаған. Соңғы 28 жылда бірде-бір кітабы жарық көрмепті. Бұрын шыққандарын кітапханалардан табу қиын. Соған қарамастан халық ақындарына ай­нал­ған   олардың  әзіз есімдері  ойлы оқырмандарының жадында, қалың жұртшылықтың  жүрегінде жатталып,  сақталып  қалды. Екінші – мәңгілік өмірлері басталған ақиық ақындар жайлы 1995 жылы «Мұқағали» және  2014 жылы  «Хантәңірінің мұзбалағы» атты естеліктер жинағы жарық көрсе, Тоқаш туралы  толғаныстар топтамасын шығару ісі енді ғана қолға алынған көрінеді. Бұған да шүкіршілік етеміз. 
Таулардың  алыстаған сайын асқақтай, биіктей түсері анық. Елдің еркесі саналатын ақындар да сол іспеттес. Өздерінен кейінгі ұрпақтарына баға жетпес  мол рухани қазына қалдырған қазақтың ақиық  ақындарының аяулы есімдері мен  мол ғибрат,  таусылмас  тәлім-тәрбие алар­лық туындылары қазақ  халқымен бірге  мәңгі жасай бермек. Сүйікті жазушымыз Мархабат Байғұттың: «Кітаптан алыс­таған халықтың болашағы бұлың­ғыр, келешегі күңгірт», – деп қатты алаңдайтыны бар. Қаламгер ағамыз қадап айтқандай,  бүгінгі студент,  болашақ туған   тіліміздің  мамандары төл әдебиетіміздің алтын қазынасынан  жалықпай сусындауды – өзіміздің  басты мақсатымыз деп санаймыз.

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА, 
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан  мемлекеттік университеті филология факультетінің  IV  курс студенті, «Отансүйгіштік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады» атты шығармашылық конкурстың жүлдегері

Алдыңғы «
Келесі »