• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Тағдыр
  • >
  • ЖҰМАГҮЛДІҢ ЖЕРДЕГІ ІЗІ Сыр елінің қайсар қызы, тағдыр тауқыметінің зардабын тартып, құрбаны болған Жұмагүл Дүйсебекова жайлы бір үзік сыр

ЖҰМАГҮЛДІҢ ЖЕРДЕГІ ІЗІ Сыр елінің қайсар қызы, тағдыр тауқыметінің зардабын тартып, құрбаны болған Жұмагүл Дүйсебекова жайлы бір үзік сыр

  • 20.10.2015
  • 414 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кешегі алпысыншы-жетпісінші жылдар күллі республика жастарының тың және тыңайған жерлерді игеруден кейін тағы да дүр сілкініп, батыл бастамалармен, жасампаздық істермен дархан даламызды дүбірге бөлеген нағыз ерлік еңбек шежіресіне толы ғажайып кезең болғанын бүгінгі ұрпақтың, әсіресе, алпыстың асуынан әрі аттаған ағалары мен апалары, мына біздер жақсы білеміз. Қазақ жастарының, соның ішінде қазіргі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының кезінде өзі де білек түре белсеніп шығып мыңдықтар сапына қосылып, өндірісті өз қолымызға аламыз деген патриоттық ұранмен Қазақстан Магниткасына – Теміртауға лап қойғаны да, әйгілі механизаторлар Камшат Дөненбаева мен Наталья Геллерттердің тың тарландарына айналғаны да, Сыр өңірінде күріш өсіруге жаппай бетбұрыс жасалып, Балдырған Мұстафаева мен Шәркүл Мүсілімова сынды диқан қыздарымыздың жақаевшылар қозғалысының көшін бастағаны да, жарымжан аяғымен қазақтың Маресьеві атанып, темір тұлпарды тізгіндеген Жадыра Таспамбетованың жалпақ жұртқа танылғаны да осы кезең. 


Міне, осы алпысыншы жылдардың екінші жартысы мен жетпісінші жылдардың басында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының механизатор қызы Жұмагүл Дүйсебекованың есімін де республика жұртшылығы жадында тоқи бастаған. Себебі, сол қарсаңда Жұмагүл Сыр өңіріне кеңінен танымал болып, ол жөніндегі мақалалар мен суреттері республикалық басылым беттерінде жиі жарық көріп, ерен еңбек, жалын жігерімен жастардың нағыз көшбасшысына айналып үлгеріп, атағы дүрілдеп келе жатқан. Сөйтіп, енді-енді ел құрметіне бөленіп, жұлдыздай жарқырап, жасындай жарқылдаған  дер шағында орны толмас өкінішке тап болған. Әттең, сол бір қарғыс атқан күндегі  Жұмагүлдің ой-арманын ойрандап, жігерін құм еткен оқыс оқиға өмірін өксітіп, тағдырының түбіне жетпегенде, кім білсін, ол да өңірі орден-медальдарға малынып, тәуелсіз еліміздің мәртебелі жиындарының төрінен ойып тұрып орын алып жүрер ме еді?! Бірақ, оған тағдыр жазбаса не дерсің. Әйтпесе, Жұмагүлдің өмір жолы да әп-әдемі өріліп-ақ келе жатыр еді… 
Ең алғаш бухгалтерлік курсты бітіріп, өзінің Алғабас ауылындағы сол кездегі колхоз басқармасының төрағасы Әзімхан Ысмайыловтың кабинетіне жұмыс сұрай келген қаршадай қағылез қыз Жұмагүлге Әзекең: 
– Жұмагүл қалқам, байқаймын, сенен бірдеңе шығады, қолыңнан бәрі де келетін сияқты. Нақ қазіргі кезде мына шаруашылықтың жұмыстарына да жігіт­тер­дің намысына қамшы салар тап өзіңдей еті тірі, қайратты қыздар керек болып тұр. Сондықтан, мүмкін колхоздың есебін емес, техникасын жүргізерсің, қалай қарайсың? – деп бірауық ағынан ақтарылып, сөз арасында ағалық ақыл-кеңестерін де айта келіп, не керек, ертеңіне колхозға келген су жаңа, қызыл «ЮМЗ-6» «Беларусь» тракторына көпшіліктің көз алдында салтанатты түрде отырғызған. Сол жолы Әзекең жиналған жұрттың алдында тұрып: «Қызыл тракторға қыздар мінеді. Ал, Бегайдар, – деген механизатор Бурахановқа қарап, – саған тапсырма: мына Жұма­гүл қарындасыңды үш күн ішінде трактордың ұңғыл-шұңғылын үйретіп, маңдайалды маман етіп шығарасың, – деп салмақ артқан. Шынында, Жұмагүл үш күн өтпей жатып-ақ тракторды шыркөбелек айналдыратын болып алған. Міне, содан бастап шаруашылықтың қай саласында болсын Жұмагүлдің жүріп өткен жолдары, оның тракторының іздері сайрап жататын. Көктем келді дегенше, таңның атысы, күннің батысы бір тынбай соқамен жер жыртып, дән сеуіп, жаздай мал азығын дайындауға қатысып, күзде комбайннан қырманға дән тасып, қыс түскеннен алыс қыстаулардағы шопандарға тіркемесін тіркеп алып, отын-суын, жемшөбін жеткізіп берумен екі ортаны жол қылатын. Әсіресе, мал төлдету науқанында шопандар колхоз басшысы Әзекеңнен қой көшіруге көбіне өздеріне Жұмагүлді жіберуді өтініп, кейде ол үшін өзара таласып та қалатынын бүгінде жігіт ағасы жасқа жеткен сол кездегі механизатор, шофер әріптестері де ара-тұра еске алып қояды. Жұмагүл болса жоқ дегенді білмейтін. Қайда жұмсаса да тракторын тарылдатып алып тартып бара жатқанын көретін жұрт. Тіпті, таудан тас тасытқанда да тепсе темір үзетін жігіттер күніне бір рет қатынағанын місе тұтқанда, таңалагеуімнен тұрып, елден бұрын жолға шыққан Жұмагүлдің екінші рейсінен түнделетіп оралып келе жатқанын бірнеше рет байқаған Әзекең:
– Әй, жігіттер, бұларың қалай?! Сен­дерді де ер-азамат дейді-ау. Қыз құрлы қауқарларың жоқ болғаны ма?! Оны айдалада түнделетіп жалғыз жүргізгенге  қызармайсыңдар ма?! – деп дүрсе қоя бер­гені бар.
Жұмагүл онымен де тынбай, ауылдан жырақтағы сол Қаратаудың «Таушұқырой» сілемінен канал тоғаны үшін тас тасып жүрген шақтарында майданда атышулы мерген болып, елге аман-есен оралған әкесі Жәлиге бірде шай үстінде отырып: 
– Көке, «Таушұқыройдың» бер жағын­дағы каналдың жағасына ағаш отырғызсам деп едім. Маған тал кесіп беріңізші. Ертең жайқалып өсіп тұрса, күрішшілер де, оны жинауға көмекке барғандар да күнге қақталмай, саясында рахаттанып демалмай ма? – дегенде ол қызының уәжді сөзіне риза болып, екі күннен кейін ерінбей барып екі құшақ тал кесінділерін қиып әкеліп берген-ді. Міне, сол жолы, бұдан 40 жыл бұрын шалғайдағы тоған басына Жұмагүл еккен ағаштар бүгінде жайқалып өсіп, қырымнан көз жауын алар, әрлі-берлі өткен жұрт саясында тынығып, бой сергітер үлкен баққа айналып, «Жұмагүл бауы» атанған. Әйтсе де, бұ пендешілікті қойсаңшы, енді Жұмагүлдің өмірде жоқтығын пайдаланып, ел ішінен «сол ағаштарды кезінде мен отырғызып едім» деушілердің шыға бастағанын мәселенің мән-жайын жақсы білетін көзі тірі куәгерлер қынжыла айтады. Бірақ, кімнің аузына қақпақ боларсың?! Егер, Жұмагүлдің өзі тірі болса: «Мейлі, айта берсін. Мен атақ үшін емес, адам үшін ектім», деп бұған қарсы дау соғып, аса мән беріп жатпасы да кәміл еді-ау деп ойлаймын. Өйткені, ол өзінің жасаған ісін ешкімге міндетсінбейтін, ол үшін біреуден жақсылық та, жылы сөз де күтпейтін. Ол не істесе де өз жүрегінің қалауымен, бар ынта-ықыласымен беріле жасайтын, сонысынан өзі ләззат алатын. Мөлдіреген жанарынан арының адалдығы мен жанының тазалығын жазбай тануға болушы еді. Жаратылысы нәзік болғанымен, бойындағы буырқанған қайрат-күші көзге ұрып тұратындай көрінетін. Осы болмыс-бітімі мен ерен ерік-жігері үшін де оны барша ауылдастары қадір тұтатын.
Жұмагүл сол қарсаңдағы қоғамымызда орныққан, трактор-комбайн руліне отыр­ған қыз-келіншектерге деген айрықша көзқарас  пен құрметтің игілігіне бөленуді де мақсат тұтпай, марапат пен мансапты мансұқ етпегенімен, ауылдық, аудандық кеңестердегі халықтың қалаулысына айналып, абыройдың биігіне енді-енді құлаш сермей бастаған-ды. Бірақ, тағдырдың жазуы басқаша болар деп кім ойлаған?! Әйтпесе, сол бір қырсық шалған күні: «Ойбай, қойдың қарны бүрісіп, қабысып тұр», – деп екі кештің арасында ұйтқытып жетіп келген жас шопанның сөзіне тракторларын үйлеріне қаңтарып үлгірген ауылдың апайтөс жігіттері: «Құдайдың күні құтырынып тұрғанда далада қалар жайымыз жоқ. Ертең де күн бар. Қойға керек тамақ бізге де керек. Біздің де күні бойы қақаған кабинада қаңсып, келіп тұрғанымыз осы» – деп,  сонсоң: «Күндіз келіншегіңнің қасынан шықпай, қойыңның қамы енді есіңе түскеніне жол болсынды» желеу етіп, онымен бірге келген ферма басқарушысының батыра  айтқан уәжін де елең қылмаған. Ақыры  олардың бұл жолғы «қиянқылығына» қарсы дау айта алмаған екеуі салып ұрып Жұмагүлге келген. Сөйтіп, «жоқ» дегенді білмейтін Жұмагүл «Іргеқұм» қыстауындағы бір отар қойға шөп жеткізіп беруге жолға шыққанда шопан екеуіне көмектесу үшін әрі қызын беймезгіл уақытта жалғыз жібергісі  келмеген әкесі Жәли де бірге ілесіп, үйленісімен көп ұзамай, бұдан үш ай бұрын ғана әскерге кеткен жары Сенбектің ағасы Аман Алшынбаев қайнағасын да бұларға қосып берген. Әрине, күн кіреукелене шөп базасына жеткен Жұмагүл осы жолғы сапары өзінің трактор руліне соңғы рет отыруы екенін білген жоқ. Сөз жоқ, егер ол да өзге механизаторлар немесе шоферлар тәрізді  тек техникасын жүргізгенін ғана біліп, кабинадан шықпай орнында тапжылмай отырғанында бұл сапары қасіретпен аяқталмасы кәміл еді. Бірақ, ол шопан жігіт пен Аманның айырмен лақтырған шөбін жайғастырып тұрған әкесіне көмектесу үшін кабинасынан шығып, тіркеменің төбесіне көтерілген. Бұрын әкесінің орнында басқа біреу болғанда да кейде осылай жасайтын. Бәлкім, олай етпесе, ол Жұмагүл болар ма еді.
Әкесінің: «Қызым, әуре болма, өзім-ақ…» – дегеніне де қарамай төбеге шыққаны сол, артынша тіркемені таудай боп үйілген шөп маясына онан сайын жақындата түскісі келген Аман қайнағасы әй-шәй жоқ рульге отырып алып, ешкімге ескертпес­тен жылдамдығын қосып, оталып тұрған тракторды оқыстан солқ еткізіп орнынан қозғап кеп қалған. Сол бір қас-қағым сәтте Жәли ақсақал шалқалап құлап бара жатқан Жұмагүлді көзі шалып үлгірмей, өзі де тепе-теңдігін сақтай алмай жерге ұшып түседі. Қанша дегенмен алапат соғысты да бастан өткерген өмір тәжірибесі бар Жәкең құлап бара жатып, жерге оңтайымен түсіп үлгергенімен, денесін қатты ауырсынады. Сонысына да қарамай көкпеңбек көк мұзға арқасымен оңбай құлап, қимылсыз жатқан қызына жанұшыра ұмтылған. Бірақ, бәрі де кеш еді… Бел омыртқасының жұлынына зақым келген Жұмагүл сол жатқаннан ауруханадан бір-ақ шыққан. Әйткенмен, Жұмагүлді төсектен тұрғызып, қатарға қосуға аудан, облыс  түгіл, Алматы клиникаларының да шамалары жет­педі. Сонда да жақсылықтан үмітін үзбей, тағдырымен тайталасқан Жұмагүл өмір үшін күресін жалғастыра берген. Дегенмен, қатал тағдырдың тартар «сыйы» мұнымен ғана тынбай, үмітімді жалғар деп сенім артқан Сенбегі бұл жайды әскерде жүріп естіп, одан қайтқанда жарына келіп, жағдайын біліп кетуге де жарамай, сол бетімен Жезқазған асып, сырт айналғаны да жанын жаралап, намысына жығылған үстіне жұдырық болып тиген. Бірақ, мұның бірі де Жұмагүлдің жігерін жасыта алмады. Ол сонда да сыр алдырмай: «Мейлі ғой, Алла алдынан жарылқасын. Тек оның «қалайсың?» деуге де азаматтығы жетпей, безе жөнелгені ғана жанға батады. Онсыз да мен оның аяғына тұсау болмас едім ғой» дегеннен әрі аспай, көңіл түкпіріндегі өкпе-назын сыртқа сездірмеуге тырысып, іште бүгіп қалған.
Көп ұзамай Жұмагүлдің осындай жағ­дайға тап болуына себепкер болған ожар мінезді қайнағасы Аман да елге қарар беті қалмай, ауылдан үй-орманымен басқа жаққа қоныс аударған. Олар кеткенмен, дос-құрбы, сыйлас ағайын Жұмагүлден теріс айналған жоқ. Бірге өскен құрбысы, ауыл жастарының сол кездегі жетекшісі Рая Мұх­тарова мен оның жолдасы, ауылдағы мәдениет үйінің меңгерушісі Ағайдар екеуі әсіресе күн құрғатпай келіп, көңілін аулап кететін. Обалы нешік, шаруашылық басшылары да өз тараптарынан қолдан келгендерін жасап, көмектесіп-ақ бақты. Емі табылар деп қасына анасы Күлзайраны қосып, шахтерлер жиі ұшырайтын бұл сырқат жөнінен тәжірибесі мол саналатын Қарағандының әйгілі клиникасына да, Қырым жағалауы курорттарына да жолдамамен жіберген. Бірақ бел сонда да беки қоймады. Сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің  тілшісі Жақыпжан Нұрғожаевтың 1975 жылы сәуірдегі «Мезгілсіз солғым келмейді» атты мақаласындағы: «Ағалардың аялы алақаны, құрбы-құрдастардың сергек сезімталдығы Жұмагүлді әлі-ақ өмірдің қайнаған ортасына оралтар, өйткені адамның құдіреті бәрінен де күшті ғой…» – деген үміті де ақталмады. Қайсар қыз сонда да күресін тоқтатпаған. Енді, төсекте таңылып жата бергеннен қайран болмасына көзі жеткен ол өмірін өнерімен өрнектеуді қолға алып, бауырымен жылжи жүріп, тоқымамен шұғылдануға кіріскен. Анасы Күлзайраның кішкентайында  үйреткені осы жолы кәдеге асып, неше түрлі ою-өрнек салынған орамал мен қолғап тоқудан басталған қадамы құтты болып, бұл ермегі бара-бара өмірлік кәсібі мен тіршілік көзіне айналып, тоқыма көйлек, қамзол, кеудеше кигісі келген күллі ауыл тұрғындары Жұмагүлге келетін болған. Тіпті, ауылдың «Балауса» ансамблі әншілерінің тамаша ою-өрнектермен безен­дірілген ұлттық киімдерін де Жұмагүл тоқып беретін. Өйткені, неше түрлі сән журналдарында берілетін, кейде телеарналардан көрсетілетін тоқыма киімдердің соңғы үлгілерін жадында жаттап, қағазға түсіріп үлгіретін қағылез Жұмагүл өзінің шебер қолдарымен оларды екі-үш күн өтпей-ақ айнытпай, фабрика конвейерінен өткендей, қылаусыз өнер туындысындай етіп шығаратын. Сонысы үшін де, ерік пен жігердің ерен үлгісін соңғы демі біткенше паш етіп, қамшы сабындай ғұмырын өнерімен өрнектеп  өткен Жұмагүлді жерлестері «қазақтың Островскийі» деп атап кеткен-ді. Кезінде мұны Жұмагүлдің өзі де естіп, іштей риза болғандай езу тартқаны бар. Дегенмен, он сегіз жыл бойы төсекке таңылу ет пен сүйектен жаралған пендеге қайдан оңай болсын. Өмір үшін қайсарлықпен күресіп, жанкештілікпен жанталасып баққанымен, ақыры сол төсектен ойылған жамбасының жарасы айықпас дертке ұласып, қатерлі ауруға қарсы тұрар амал таппаған Жұмагүл қырықтың қырқасына шығар-шық­пастан бақи дүниеге аттанып кете барды. Ақтық демі үзілер сәттің өзінде әлсірей бастаған отты жанарын жалт еткізіп, мынау жарық дүниеге соңғы рет қадала қараған Жұмагүл жанында отырған анасына: «Апа, сүйінішің болам ба деп ем, күйінішің болдым ғой, кешір… Қайран, дүние-ай!..» дегеннен өзге тілге де келмей, әйелдік әлсіздікке де ерік бермей көзін жұмған екен. Содан бері де  жиырма үш жыл өтіпті.
Бүгінде жалындаған жігері мен асқақ рухын айғақтап өткен Жұмагүл де, әкесі Жәли мен анасы Күлзайра да, қимас құрбысы Рая да, кейін ауыл асып, ауатком төрағасы болған Әзекең де бұл өмірде жоқ. Осыдан екі-үш жыл бұрын елде болғанымда кезінде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, абыройлы мекемелерде қызмет атқарған, мамандығы агроном Бегайдар Жүсіпов деген досым:
– Осы сен баяғы Жұмагүлді, алға­бастық Дүйсебекованы айтам, білесің ғой. Еңбектің нағыз ерен үлгісін көрсетіп, жалындап тұрған шағында өмірден өтті. Науқан кездерінде менмін деп кеудесін ұрған небір «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттеріңнің өзі оның жанында жібін де есе алмайтын. «Өлдің  – өштің» деген рас екен, бүгінде сол Жұмагүлді де бәрі ұмытты ғой. Әйтпесе, атына көше беріліп, мына «Даңқты азаматтар аллеясындағы» билбордтардың қатарында оның да суреті жарқырап тұрса, ел риза болмас па еді, – деп бір күрсініп қойып еді. Бірақ, Бегайдар досымның уәжі дұрыс екенін, бізде адамды ерлік ісі мен сіңірген еңбегіне қарап емес, омырауындағы ордені мен медаліне, лауазымына қарап бағалайтынымызды ескермей тұрғанын білсем де, әңгімені одан әрі өрбітпей, өзімше ой түйіп қайтқанмын. Осы әңгіменің шет жағасы кейінірек Астанада зиялы қауымның біршама өкілдері бас қосқан бір қонақта болғанымызда тағы да қылаң беріп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жауапты қызмет атқаратын Зейнұр Дүйсенбаева қарындасымыз да: 
– Бақ дегеніміз елдің бәрінің бірдей басына қона бермейді ғой. Әйтпесе, Жұмагүлдей еңбек еткен қайратты қыздар кемде-кем. Бір бойыңда мұ­қал­мас жігер де, қайсарлық та, турасын айтып, тіліп түсер өткірлік те бар. Еңбек Ері де, қазіргі кез болса халық қаһарманы да болуға әбден лайық, ажары да айдай арудың өзі еді. Әттең, сол өзінің тиісті бағасын ала алмай өмірден өткені қандай өкінішті, – деп тебіреніп тұрып еске алып еді.
Жұмагүл жайындағы мені де талайдан бері толғандырып жүрген осы бір жайларды қазақтың Маресьеві атанған Еңбек Ері қарындасымыз Жадыра Таспамбетованың үш жыл бұрын Шиеліде өткен жылдық асына барғанымда қозғауыма тура келді. Жиналған қауым да қол соғып, қолдап әкеткен. Жастығына қарамай елді көркейту мен халықтың жағдайын жақсартуға байланысты қыруар іс тындырған сол кездегі аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мырза да бұл ұсынысты қолдап, менің көз алдымда  орынбасарларына тапсырма беріп жатты. Мұның бәрін мен жақсылыққа жорыдым. Әйткенмен, көңілге қаяу түсірген мына бір жайтты да айта кетуді жөн көрдім. Ол не десеңіз, аудандық мәдениет үйінде өткен осы ас жиынына келе жатып жол-жөнекей Орталық базар басындағы автостанцияға соққанмын. Сөйтіп, Жұмагүлдің туған ауылы Алғабасқа баратын газельді тауып, онда  отырған 7-8 кісіден «Жұмагүл Дүйсебекованы білесіздер ме?» – деп сұрадым. Сонда кілең жастар арасындағы ересектеуі, қырықтар  шамасындағы бір келіншек қана: «Иә, ертеректе қайтыс болды емес пе?», – деп дүдәмалдау жауап берсе, сол шамалас ер-азамат: «Білемін, қазір оның бір сіңлісі мен бір інісі сол Алғабаста тұрады», – деді. Мейлі, бірлі-жарым болса да араларынан, әйтеуір, оны білетіндердің табылғанына шүкіршілік етіп, әлгі азамат­тың қолына телефон нөмірімді беріп, мүмкін болса олардың бірі менімен жедел түрде хабарласуына көмектесуін өтіндім. Содан бері шыға бергенім сол, базардан осы микроавтобусқа қарай қолына екі-үш пакет ұстаған, елуді еңсеріп қалған толықша, ашаң жүзді әйел асыға басып келеді екен. Ақыры «шешінген судан тайынбас» дегендей, оны да тоқтатып сұрадым. Сол-ақ екен:
– Оны қайтейін деп едіңіз?! Ол әлдеқашан өліп қалған, – деді де маған көзін алайта бір қарап, кідірместен машинаға қарай беттеген.
Оған не жазғанымды қайдам, түкке түсінбеген күйі біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей аңырайып тұрып қалыппын. Ой, Алла-ай, бұ дүние не болып барады. Күні кеше арамызда күллі аудан жастарының айбыны болып, жалындап жүрген Жұмагүлді қалай тез ұмыттық?! Әсіресе, жастар жағының оны білмейтіні мені қайран қалдырған. Нарық, нарық деп жүріп, парықты ұмытқанымыз ба, бұл қалай болғаны?! Бәлкім, әлгі әйелдің «Жұмагүлді іздесең баяғыдан бері қайда қалдың?! Сол Жұмагүлді ұмытуға жеткізген мына сендейлер, енді не бетіңмен сұрап тұрсың?! Сендерден не үміт, не қайыр…», – деп бар ашуын менен алған түрі ме екен деген ой санамды осып өткен. Содан дереу онымен қайта тілдескім келіп автобусқа бұрыла бергенімде көліктің есігі тарс жабылып, орнынан жылжи жөнелген. Енді, оны не деп жазғырарсың. Ас жиынында осы жайтты да айтпай тұра алмадым. Жадыраның асы үстінде Жұмагүл жайлы сөз қозғағаныма ешкім де кінәрат таққан жоқ. Себебі, бірі қазақтың Маресьеві, екіншісі Островскийі атанған Шиелінің Мәншүгі мен Әлиясын бір-бірінен айыруға болмайтын еді.
Сол күні маған Жұмагүлдің сіңлісі Фаридахан хабарласып, қас қарая оның «Алғабастағы»  отының басында жүз­дес­тік. Фаридахан менің сәлемімді ауылдасы Мақсұт Шөменовтің арнайы келіп жет­кізгенін айтып, іле Жұмагүлдің соңғы демі үзілгенше ең жақын жанашыр құрбысы болып, өзі де көп ұзамай одан бір жылдан соң бақиға аттанған марқұм Раяның  күйеуі  Ағайдарды шақырып, біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Фаридахан Жұмагүлдің қолынан шыққан, әлі күнге дейін көздің қарашығындай сақтап келе жатқан тоқыма көйлектер мен кеудешелерді көрсетті. Шынында, ғажап екен! Қарабазардан емес, элиталы сауда орталықтарының көр­некті жерлерінен іздеп жүріп сатып алатындай, ең таңдаулы деген импорттық тауарларыңыздан бір де кем емес, өте сапалы тоқылған бұйымдар нағыз өнер туындылары деуге әбден лайық. 
– Е-е-ей, енді несін айтарсың, жанып тұрған от еді ғой. Жұмыс дегенде ешкімге дес бермейтін. Ол түгілі, жігіттер оның жүзіне тура қараудан да жасқанатын. Рая екеуміз кешке қалт етіп үйіне келгенде денсаулығын сұрамайтынбыз, назарын бірден басқа жаққа аударып, көпке дейін қайдағы-жайдағыны айтып, түн ауа қайтатынбыз. Оның өзі де осыны қалайтын. Жамбасы төсектен тесіліп, ауруы асқынып жатқанда да жасымады. Сондай күйдің өзінде ауылдың жағдайын ойлап, алаңдап жататын…
– Мынау соның бір куәсі, – деді  Ағай­дардың сөзін жалғастырып әкеткен Фаридахан Жұмагүлдің 1987 жылдың 25 сәуірінде сол кездегі аупарткомның бірінші хатшысы Сейілбек Шаухамановқа ауыл жастарының проблемасы жайында жазған хатының көшірмесін ұсынып жатып. – Ауылдың бар жаңалығын сұрап-біліп, газет-журналдарды жібермей оқып, теледидар арқылы бәрінен хабардар болып  отыратын. Тоқсаныншы жылға қарай елдің шаруасы шатқаяқтай бастағаны да жанына бататын. Бұрынғы республикалардың бірінен соң бірі Одақтан бөлініп кетіп жатқанын көріп отырып, Қазақстанның бұл күнге жетуін де тағатсыздана күтті. Кім білсін, өзінің де уақыты таяп келе жатқанын сезді ме екен, әйтеуір, сол күнге жетуге соншалықты асыққанына таң қалатынмын. Бірақ, сол Елінің тәуелсіздігіне төрт ай ғана жетпеді…
Фаридахан жанары жасаурап, бірауық үнсіз қалды.
Түн қараңғылығы тұмшалай түскенде Фаридаханмен қоштасып, Ағайдар екеуміз көшеге шығып, мен жол-жөнекей жолыққан көлікпен Шиеліге тарттым. «Алғабастан» шыға жол жиегіндегі ауданның орталық зиратына жақындай бергенімізде менің қарсы алдымнан Жадыра мен Жұмагүлдің тірі бейнелері көлбеңдеп шыға келгендей тұлабойым біртүрлі дір ете қалған. Машинаны тоқтатып, мұнда жатқан әке-шешем, ата-баба, туыс-бауырлардың және Жадыра мен Жұмагүлдің де әруақтарына дұға бағыштадым. Анда-санда ат ізін бір салып тұрып, әруақтарды қалай аттап кетерсің.
Иә, Сыр бойының кешегі жетпісінші жылдары темір тұлпарды қатар тізгін­де­ген қос қарлығашының бірінің даң­қы елге тағдыр  тәлкегіне ұшыра­ған­нан кейін жайыл­са, екіншісінің ата­ғы өкінішті оқиғаға тап болғанға дейін дүрілдеп тұрып кілт үзілген. Бірақ, екеуіне де тән ортақ қасиет ол – бойларындағы темірдей төзім, жасымас жігер, қажымас қайрат, өмірге құштарлық пен ерлік еңбекке деген құлшыныс еді!
***
Міне, сол жүздесуден бері де үш жылдан аса уақыт өтті. Сол жолы Жұма­гүлдің есімін есте қалдыруға байланысты бар ұйымдастыру шараларының жауапкершілігін көмекшісіне жүктеген әкім Нұрлыбек мырза да жұмыс басты болып, тапсырмасының орындалуын талап етуге уақыт таппады ма, әйтеуір, араға екі жыл салып мәртебесі жоғарылап, қаладан бір-ақ шықса, сенім артқан орынбасары Бекжан бауырым да бұрылуға мұршасы келмеген күйі үн-түнсіз өз жөніне тартты. Мен мұнымен тынбай өз тарапымнан сол жылы «Егемен Қазақстан» газетіне «Жүрегі жалын еді Жұмагүлдің» (2011 жыл, 13 шілде) деген, ал, бір жылдан соң «Айқын» газетіне Жадыра екеуі туралы «Жадыра мен Жұмагүл» (2012 жыл, 19 сәуір) атты көлемді-көлемді екі мақала жазып, елдегі азаматтарға қозғау болар деп үміттенген едім. Кезінде бұл мақалаларды облыстық, аудандық газеттер де көшіріп басып, олардағы журналист әріптестерім де солай үміттенсе керек. Бірақ, сонда да селт етер жан табылмаса не уәж айтарсың.
Былтыр күз айында Шиеліге жол түсе барғанымда жолыққан бір ағам: «Әй қайдам, осы сен жоғарыда жоқтаушысы, қасыңда қолдаушысы жоқ Жұмагүлді жарыққа шығарам деп текке арамтер болып жүрсің бе деймін. Әйтпесе екі жылдан бері бір әрекет болар еді ғой. Бүгінде «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заман емес пе?!», – деп көңілдегі күдігін де жасырмай, бірақ, өзің білесің ғой дегендей екіұшты сыңай танытқан. Сол сәт менің жадыма Бегайдар досымның: «Өлдің – өштің» деген рас екен…» – деп ол жайында күйініп тұрып айтқаны  мен Зейнұр қарындасымның тебірене сөйлеген сөздері түсіп, дегенмен халықтың ішінде оның есімі ескерілмей келе жатқанына өкініш білдіріп, Жұмагүлді әлі күнге ұмытпай, сағына еске алатындардың аз емес екеніне кейін де көз жеткізіп, мұның өзіне де тәуба еттім. 
Қайран, өмір-ай десеңші! Осыдан кейін аққан жұлдыздай болып өмірден жо­лын жарқыратып өткен жалын жүректі Жұмагүлді қалайша өлді деуге аузың барар. Иә, мемлекеттің марапатына бөленіп үлгірмесе де артында ерлік өнегесімен өшпес із қалдырған Жұмагүл өлген жоқ! Оның жердегі ізі жоғалмақ емес. Ал, жа­зираның Жұмагүлдей жауһарының рухын тірілту – тірілерге аманат! 

Мұрат КҮЛІМБЕТ.
Қызылорда облысы, 
Шиелі ауданы.

Алдыңғы «
Келесі »