ТАЛАНТ ТОПЫРАҒЫНАН

  • 20.10.2015
  • 471 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдуали  Қайдар,
академик

Болат Шарахымбайдың ақындығына менің таласым жоқ. Әсіресе, оның образ арқылы суреттеу ерекшелігі көп ақындарға ұқсай бермейді. Ал, ойды образ арқылы беру – нағыз көркемдіктің белгісі емес пе. Көркем кісі ғана көркем дүние тудыра алса керек. Өз басым Болатты осындай көркем ақындардың санатына қосар едім. Жалпы, өлең құрылымы, формалары мен сипаттары, қазіргі жай-күйі, келешектегі бағыт-бағдары туралы соңғы сөз айтуды осы іспен айналысатын әдебиетшілер мен сыншы-ғалымдардың құзырына қалдырайын. Оған менің «әдеби білімім» жетпеуі мүмкін. Себебі, мен әдебиетші емес, тіл саласының маманымын ғой. Барлық саналы ғұмырымды қазақ тілінің өркендеуі мен дамуына арнаған адаммын, этнолингвистпін.

Сондықтан, әдеби мәселеге әлдеқандай бір пікір айту тіл институтының маманынан гөрі, әдебиет институтының маманына оңайырақ. Мен жалпы біреудің бағына түскенді ұнатпайтын адаммын. Дегенмен, жас кезімде ақын болуды армандағаным рас. Сурет салумен айналыстым, өлең де жазып көрдік. Мұның бәрі бала қызығу­шылы­ғынан туған дүниелер ғой. Ал, Бо­лат­қа келетін болсақ, нәзік жырларымен жаныңды  тербететін лирик ақын. Яғни, жан лиризмі мектебінің көрнекті өкілі. Ақын туралы жазған қазақтың ұлы шайыры Қадыр Мырза Әлидің өзі «Болат жырларының кейбір нұсқаларын классикалық үлгідегі өлеңдерге жатқызуға әбден болады» деген пікір айтқан екен. Оған менің алып қосарым жоқ. Қалай дегенде, Қадыр өлең танитын кемел дарын иесі еді ғой.
Болат ақын таяуда маған «Қазығұрт ғазалдары» және «Сұңқартас пен ақын­тас» атты қос бірдей жыр кітаптарын сыйлады. Сыйлап тұрып: «Оқып көріңізші, менде ақындықтан бірдеме бар ма екен?» – деді. Шынымды айтсам, мен үшін біреуге сын айту қиын. Ақынға «сен ақынсың, не болмаса сен ақын емессің» деп қалай айтасың. «Өлең жайшылықта тумайды, қайшылықта туады» демекші өлеңді әр ақын өзі үшін жазады. Өзін саралап, іштей бағалап, интеллектуалдық өрісін байқап көру үшін жазады. Ондай адамдарға сын айтқаннан гөрі, қолдау көрсет­кен әлдеқайда пайдалы.
Мен өмірімде талантты ғалымдармен, ақын-жазушыларды көп кездестірдім. Көпшілігімен істес, қызметтес, пікірлес те болып көргемін. Бұл  қауым өкілдерінің мінез жағынан бір-біріне ұқсамайтыны, керек десеңіз біріне-бірі саналы түрде ұқсағысы келмейтіні маған әуелден таныс. Меніңше, таланттардың біреуге ұқсағысы келмеу әрекеті – жақсы қасиет. Шын таланттар осы ұқсағысы келмеуден шығады. Бір талант екінші бір таланттың көшірмесі болып өмір сүре алмайтыны белгілі ғой. Егер, көшірмесі болып жатса, ол талант емес, бейталант немесе кемталант. Айтпағым, мен Болатты өткен ғасырдың 90-жылдарынан, өзім ұйымдастырған «Ана тілі» газетінде істеп жүрген кезінен білемін. Белсенді, білімпаз, ізденімпаз, өз айтары бар азамат. Бір-екі рет сапарлас, сұхбаттас болған жағдайымыз да бар. Оның кішіпейіл, елгезек, өзіне лайықты кісілігін де сол кезде көріп, таныдым. Болаттың бойындағы талант табиғатынан, тегінен, топырағынан тамыр тартатындай. Әрине, сөз оның үйрену үстінде жазған өлеңдері туралы болып отырған жоқ, сөз – шын талант қаламынан туған жырлары туралы болып отыр. Айтқанымыз әділетті болу үшін Болаттың «Сұңқартасын» оқып көрейік:
Қаз-бұлттар қалың қонған қайран маң,
Сеңгір-сеңгір Сеңгіртауға байланған,
Көкжиекке тік қадалып селт етпей,
Сұңқарымсың Сұңқартасқа айналған.
Аспан жақтан сорғалайды таң сынып,
Тырс –тырс тамған аппақ нұрға 
               малшынып.
Көз ұшына іліп қойып әлемді,
Көк сүңгідей тұрғаның-ай шаншылып.
Керемет сурет емес пе. Сұңқартастың көркем образын дәл осылай бейнелеу тек қас таланттардың қолынан келеді. «Көкжиекке тік қадалып селт етпей», немесе «Әлемді көз ұшына іліп қойып, көк сүңгідей шаншылып тұрған» Сұңқартасты бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші?.. 
Болаттың «Қазақ драмасы» деген өлеңі қаны сорғалаған шындық. «Өз көзімді өзім шұқып жылаттым, Өз кеудемді өзім улап құлаттым; Өз бетімді өзім тырнап қанаттым, Өз етімді өзім итке талаттым; Өз арымды өзім төгіп жат қылдым, өз тілімді өзім кесіп лақтырдым; Өз мұрнымды өзім тесіп құл қылдым, Өз сағымды өзім өстіп сындырдым; Өз тауымды өзім шағып күйреттім, Өз досымды өзім жау қып үйреттім, Өз көрімді өзім қазып қас болдым, өз сорымды өзім кешіп нас болдым; Өз ішімді өзім былғап іріттім, Өз түбімді өзім улап шіріттім; Өз өзіме өстіп қанша мұң арттым, өз өзіме өкпе артуға құмарттым», ең соңында «Маңдайының соры қалың елімнің, Тақсіретін түсінеді бірақ кім? Қасіретін түсінеді бірақ кім?» деп бітіреді. Болат,  осы шағын өлеңінде қазақтың бүкіл мінез-құлқын сыйғызып жіберген. Әрине, қазақтың жауы – қазақ деуге дәтіміз бармайды, алайда қазақтың құлдық санаға бет алып, бейшара халге түсіп, одан өзін өзі алып шыға алмай жатқан себебі қазақтың өзінен екені ып-рас. Мен «Қазақ қандай халық?» деген іргелі кітап жазған адаммын. Сондықтан, бұл мәселеде біраз тәжірибе жинақтағанмын. Болат ақын қазақ үшін осы бір күрделі мәселені 63 жолға сыйғызып жіберіпті. Бұл да ақынның шеберлігі болса керек. Шындығы сол, адамдардың сыртқы өміріндегі өзгерістер, оның ішкі дүниесіне де әсер ететінін мойындамай болмайды. Бұл тұрғыда ақындардың жөні тіпті бөлек. Өйткені, олар өте нәзік, сезімтал жандар. Сол секілді ақынның «Түркия дәптері» топтамасындағы нәзік иірімдерге толы көңіл толқындары маған қатты ұнады.    
Тұп – тұнық. Жып – жылыс.
Құшадас аралы.
Алланың нұрына шарпылған алауы.
Теңіздің үстінде адасқан толқындар,
Жағадан үн-түнсіз шегініп барады, – дейді «Құшадасы. Таңғы реквием» атты өлеңінде. Жанды сурет. Немесе мынадай жолдарға назар аударайықшы: «Еш сазгердің нотасына түспеген, мың миллион құстар сайрай жөнелді», «Су ойнайды сыңғырлағы сыңғырлап, көк аспанда асылып тұр саз бен ай», «Менің жаным сан ғұсылдан жамалған, құсқа айналып кетер ме екем бір күні…», «Құстарым, құлашы келіскен керім, теңіздің исі сіңген періштелерім»… Бұл «Құстар әні», «Құс­тармен қоштасу» атты өлеңдерінен алын­ған жеке тармақтар. Сұлу, әрі көркем кесте­ленген керім өлеңдер демеске лаж жоқ.
Болат ақын – жай ақын емес, қоғамға, айналасында болып жатқан өзгерістерге сын көзбен қарап, оны жүректен өткізе білетін ақын. Мінезді ақын. Меніңше, ол көптеген көркем мінезді ақындардан гөрі күрделірек. Ондай ақындарды қалың жұрт түсіне бермеуі мүмкін, бұл «неге түңіле береді, неге қара бояуға әуес» деп кінә артудан да кет әрі емес. Ал, мен оны түсінемін. Сондықтан, оның өзіне өзі көңілі толмай, әлемге сыймай жүрген мінезіне түсіністікпен қараймын. Ақында мінез болуы шарт. Мінезсіз ақын қалай өлең жазады? Мінезсіз ұлт қалай елін, отанын қорғайды?! Құдай мінезсіздіктен сақтасын.
Қазір мақтау керек болған соң мақ­талып жүрген ақындар көбейді. Кейде «қолда тұрғанда қоныштан басуды» әдетке айналдырғанымыз сонша, біреуді мақтаймыз деп «мақтамен бауыздап» жатқанымызды аңғармай қалып жатқан жайымыз бар. Менің білуімше, Болат ақын мұндай «мақтаулы» ақындардың санатына кірмейді. Мақтауы кем, насихаты аз, өз сыншысын күтіп жүрген ақынға ұқсайды.  Маған тағы мынадай бір ой келіп тұр. Талантты адамдарды құр тамсанумен, бос мақтаумен тойдыра алмайсың, оған ықыласыңды төгіп отыруың керек. Талантқа ықыласыңды төгіп отырмасаң, ол пілтесі таусыла бастаған шам сияқты бірте-бірте көмескілене береді, ақырында өшеді. Одан талантқа да, халыққа да пайда жоқ.
Айтпақшы, дарын кейде дарақы болуы мүмкін. Қанша жүйрік болсаң да, дарақылықпен алысқа шаба алмайсың. Шабан ат сияқты шорқақтап қаласың. Болат ақын туралы тағы да кең көсіліп айтуға болар еді, тоқсанға келген академиктің оған қауқары жете бере ме?!. Біздің қазақта «ақын болу – өз ісің, азамат болу – міндетің» деген керемет сөз бар ғой. Болат бауырымның бойында ақындық дарын да, азаматтық қасиет те бар екені даусыз. Сондықтан, оған қанатың талмасын, шабытың ортаймасын, айналайын дегім келеді. Болатқа берер менің аталық батам – осы!

Алдыңғы «
Келесі »