Көзбояуы жоқ көріністер

  • 20.10.2015
  • 502 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуандық Түменбай,
жазушы

31-телеарнадан тосын хабар көрдік. «Естімеген елде көп» десек те, естіп жатырмыз ғой. Бірақ, бұны тәуелсіз елде естігеніміз ыңғайсыз екен. Міне, былай…


Ақтолқын деген жас қыз облыстық ішкі істер департаментіне шағымданыпты. Онда Қостанай облыстық ішкі істер бөлімінің көлікті қадағалайтын тәртіп сақшысы құжатты орыс тілінде толтырыпты. Оған қаршадай қыз көнбепті. Қазақ тілін менсінбеген сақшы жігіт көгілдір экранда да көлбеңдеп, бәрін өз айтқанына көндіргісі кеп тепсініп тұр. Ұлты қазақ. Ақыры, соның айтқаны болды. Облыстық сот төрағасы төрт жағын түгендеп соның айтқанын істеді, арызданушының тілегі қанағаттанбады.
Бірақ, алға талпынған Ақтолқында бір арман тепсініп жатыр. Ол – елінің арманы.
Десе де, 31-арнаны бір желпінтіп тастады. Артында отырған біз де бір қопаңдап қалдық.

***
Бір жарым миллион халқы бар Алматыда бір жарнама көрдім. «Кептелісте тұрғанша велосипедке ауыс» деген сөзді қазақша оқығанда көз жанарың жарқ ете қалады екен. Дәл қасынан «Не стой в пробках, пересаживайся на велосипед» деген аудармасын көріп, «Бәсе, осылай болу керек қой» дегенде, бір белесепед мінген жігіт жүргінші жолында бәрімізді басып кете жаздап, зу ете қалды.
Не де болса түтінсіз көліктің көбей­геніне риза болады екенсің. Айналама қарасам, ағылшынша сөз жоқ. Үш тіл – үрдісіміз, белесепед айдайтын ағылшын да әлі келмеген сияқты. 
Жарнама көбейсін. Талтақ аяқ қазақтар белесепед теуіп жатса қандай жарасымды. Қытай мен Жапон белесепедпен-ақ «өз елі – өлең төсегінің» сәні боп жүр ғой.
Көне астананың көркі – түтінсіз қала болу. Бұл – бәріміздің арманымыз.

***
Алматыдағы барлық дүңгіршектердің маңдайшасында OPEN деген сөз жарқырап жанып тұр. Бұны осынау елдің ілімінен хабары барлар болмаса, басқалар «мынау не сөз?» деп сұрау сап, аң-таң қалары сөзсіз. Елдің бәрі еуропалық емес қой, Мәскеуде немесе Парижде дәріс алған біртуар болса бұрылып, бірден бас сұға салар еді. Ауылдан қыдырып кеп, көне астананың көркіне қызығып, қазақы өмірге бір сәт бой жүгіртіп, ел-жұрттан хабар алмақшы боп емексіп келгендер қаншама. Қысқасы, OPEN-нің аудармасын АШЫҚ деген қазақша сөз іздеп тұр. Ортада ОТКРЫТО-ның қалып қойғанына қайранбыз.
АШЫҚ деп ашық айтатын кез келген жоқ па? Неге OPEN деп ай мен күннің аманында айдалаға ат шаптыра береміз. 42 әріп аздық ете ме? Жалы күжірейіп, жетім баладай боп дәметіп олар тұр. Өкпелі бейнесі өң-жүзіңнен өтіп кеткендей.
Ауылдан келген момын қазақ дүңгіршек ашық па, жабық па деп, сөзге түсіне алмай жалтақтап ол жүр.
OPEN жарқырап жанып тұр.
АШЫҚ деген төрт әріп тайталасқысы-ақ келеді.
Қырық әріп қолтықтан демері сөзсіз.
Ь мен ъ қалыс қала берсін.

***
67-арнада «Әңгіменің ашығы» хабары жүріп жатыр. Бүгінгі тақырып – жұмысқа орналасу жайы. Бір колледж директоры түлектерінің түгел жұмысқа орналасу мүмкіндігінің барлығын айтты. «Бұған 100 пайыз мүмкіндік бар»,– деді сеніммен сөйлеп.
Хабар соңында жүргізуші: «Орна­лас­­­­­­­қан­дар оң жаққа, орналаспағандар сол жақ­қа шығыңдар», – деп еді, сол жақ босап қалды. 
Директор: «Мен тек өз колледжімді айтып отырмын»,– деді сәл босаңсып.
Бір келіншектің: «Барахолкада арба сүйреткен тек қазақтарды көреміз. Неге олай?» деген тосын сауалы көкірекке дік ете қалды.
Иә, бәрі өзімізге кеп тіреліп тұрғаны бетегеден белгілі.
Бұл сауалдың да астары көк аспан емес, қара жерде.

***
Осы қазақ қазаққа неге өш? Әсіресе, Алматыда. Газет-журнал сататын дүңгір­шектегі кексе әйелден:
– «Қазақ әдебиеті» бар ма?– десем:
– Ондай бізде болмайды,– дейді шатынай қарап.
– Сонда қайда болады?
– Орталықта.
– Қай орталық?..
– Орталықты білмейсің бе?– дейді қарсы сұрақ қойып.Өшпенділігі өршіп-ақ тұр. – Коммунистический – Шевченко…(Алғашқысы Абылай, соңғысы сол күйі қалған). Хохол ақыны қазақ жерінен айдау­дан кетерде «Прощай, проклятая страна» деп қоштасыпты. Осының бәрін кексе апамыз бір өшпенділікпен еске салды. 
Неге «Қазақ әдебиеті» ең болмаса бір-бір данадан көне астананың дүңгір­шек­терін сәнге бөлеп тұрмайды? Біз сияқты пақырлар алақанын бүгіп, теңгесін төлеп алар еді ғой.
«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, біз де айтудан жалық­паймыз.
Дүңгіршек жабылмаса болғаны.
Аузымыз ашық…

***
1987 жылдың шілдесінде СОКП Орта­лық Комитеті біздің өміріміздегі боя­ма тәрбиені «қазақ ұлтшылдығының көрі­нісі» деп бағалап, «Қазақ респуб­ликалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәр­бие берудегі жұмысы туралы» арнайы қаулы қабылдады. Осы қаулы қазақы тілмен айтқанда, нағыз көзбояуы жоқ көріністің «көкесі» дер едім. Әшірбек Аманкелдінің «Көзқарас» кітабында бұл қаулы бақайшағына дейін жіліктеліп, «саны сан, бұты бұт» боп салаланып көр­сетіледі. Қысқа да нұсқа, талапшыл да әділетке бейім журналист қиянаттың қысқа жолында көп нәрсеге көз жеткізеді. 1937-ден бері қайырып, 86-ға дейін сөздің түйінін, жіптің күрмеуін шиыршықтап түйіп әкелгеніне көңілің көншіп, риза боласың. Бұл – біздің жолымыз, Сәкен Сейфуллин мен Қайрат Рысқұлбековтің жүрген жолы.
Өмірдің әділеттілігін әйтеуір біреу айтары кәміл.
Әшірбекке дән ризамын.

***
«Қазақ әдебиетінің» «Қобыз сарынынан» Әбіш Кекілбайұлы ағамыздың мұңлы сөзін оқып, шәкірттің ұстазға деген сағынышын, таза көңілін көргендей болдық. Академик Зейнолла Қабдоловтың жары Сәуле апамыздың өмірден озғанын біліп, Зейнолла ұстазымызды да еске алдық. Қабдолов қағидаларымен қоса ол кісінің әдебиеттегі алғыр тұжырымдарын, шәкірт алдындағы терең толғамын абзал бейнесін тағы бір көз алдымызға көлеңдеттік. Қараңызшы, «Талайымыз бұл босағадан ұяла аттағанбыз. Та­лайы­мыз­­дың осы арада аптығымыз басылып, қанатымызды қомдағанбыз. Талайы­мыз­дың өрге ұмтылған талабымыз осы арадан қолдау тауып, ешкімге айтпай, ішке бүгіп келген армандарымыздың зеңгір көгіне көтерілгенбіз. Талайымыз мұқалған жігерімізді, сетінеген сенімдерімізді, ыды­раған ынтамызды осы босағадан түген­деп, қайтадан сап түзейтінбіз. Қос шырақ қатар маздаған осынау төр жан-жағына шапағат шұғыласын шашқандай еді» деп ақ жүрек сөзін жайып салады.
Иә, қобыз сарыны көп нәрсені еске түсіреді. «Аға» деп алдын кесіп өтпей, керекті жерде қаламақысына дейін қол қойып алып беріп, әдебиеттің киелі өткелінде қуанып, аға боп қол көтерудің орнына жолыңды кесіп, аяқтан шалған ағаларымыздың «қамқорлығына» да кейін­нен көз жеткіздік. Ал, Кекілбайұлы сияқты кең маңдай, дархан жүрек ағаларымыздың жақсылығын аз көрген жоқпыз. Осы кісі «Үркер» ашылғанда да әдебиеттің болашағы үшін көсіле сөйлеп, кеңінен жайылған еді. Ашығын айтқанда былай деді: «Үркер – уақыт пен табиғаттың ең саф сипаттарын алдын-ала айқын аңғара алатын ең елгезек және елеулі самалалар шоғыры. Жаңа басылым оқырман қауым жүрегіне жаңа шайқалған майдай шық ете қалар ой мен сезім дарыта алатын даусыз дарындарға ғана ықылас танытқандай!» Мұнан артық не керек. Тәуба дейміз. 
Қара жер хабар бермесін, кішілігімізді сақтап, алдында өлгенше қызмет еткен, бір топырақта туған ағамыздың сол жаққа кеткенше аяқтан шалып, інісіне «адал қызмет еткенін» кейін білдік. Бір күні жеті түнде «Ағалы-інілі боп сөйлесейікші. Ертең мына жерге келші» деп өтініш айтқандай болды.
Мен үнсіз қалдым.
Қайтып сол кісіні көрген жоқпын.
Қобыз сарыны ызыңдап басылар емес.
Бұл дүниенікі о дүниеге кетпейді деген осы екен ғой.

***
Өмірде өзімді біртүрлі тұтқын сезінемін. Әсіресе, есік алдына шыққанда қос қолымды артыма ұстап, арлы-берлі ойға батып жүремін. Әйтеуір, өн бойымда бір әділет іздеген адамзаттың аңсары бар секілді. Есіме бір орысты өлтіріп, ату жазасын алып, сосын 15 жылға кешірім жасалып, 12 жылда қайтып келген жақын ағам Жұмабайдың айтқандары оралады. 
– Неге өлтірдіңіз?– деп қызыға сұрадым жігітшілікке бой ұрған кезімде.
– Өзі ғой… Ленинградтан Шиеліге қыдырып келген орыс… Біз асты-үстіне түсіп жалпақтап жүрміз. Сыра құйып беруден аянбаймыз. Кәдімгі қазаққа тән қонақ­жайлылықпен. «Мен сендей қазақ­тың екі аяғын бір етікке тығамын» дегені бетіме тура қарап. «Ал, мен Ленинградты қорғадым» деп алқымынан орып жі­беріппін. Сөйтіп, сылти басып, мілитсаға өзім бардым. ІІ-ші топтағы мүгедектігімді, Берлинге дейін арпалысып барғанымды ескерді-ау деймін, жоғары сот кешірім жасады. «Өлім мен өмірдің арасы үш-ақ жыл екен ғой» деп ағам мырс етті.
15 жылдан 12 жылда қайтып келді… 
Сыртқа шықсам, қос қолымды артыма ұстап жүргеннен бір ләззат аламын. Ойлап отырсам, үйсіз-күйсіз өмірден баз кешіп өткен сол кісінің бойында бір бекзаттық бар екен. Ал, сол кісі бостандықтан гөрі тұтқын өмірден көп ләззат алатын секілді. Өлімнен кейін де екі рет темір торға барып келді. Артынан бұрқырап хат келіп жатады, қара киінген тағдырластары да сан рет іздеп келді. Бұл кісі сол жақтағы әділдіктің де сарапшысы болса керек.
Ленинградтан Шиеліге кеп жан тапсырған өркөкірек орыс әділеттің не екенін түкпірдегі ауданнан көріп, жақын-жұрағаттарының да көздері жеткен сияқты.
Туыстары осы жерге жерлепті.
Ильичтің өзі Мәскеуде әрі-сәрі боп жатқанда…

***
Айтсын, айтпасын демейміз. Бірақ, өнер – халықтікі. Халық өнер ордасына ән тыңдау үшін барады, құлақ құрышын қандырып, өзі сүйетін әншінің болмысына бастан-аяқ тәнті болсам деп барады. Ал, олар, аттарын атап айтпай-ақ қояйын, қыза-қыза келіп, кең залға өзінің жан-жарын жетелеп шығарып, қосылып ән айтып, ақырында, өбісіп, қарапайым жұрт отырған кең залға қайта шығарып салады.
Көңілшек халық қоймай қол соғып, жастар жағы қос саусақты ерінге салып ысқырып, зал азан-қазан бір қызық думанға бөленді.
Немересін сахнаға шығарып, қосылып ән айтқандар да бар.
Күләшті көрген жоқпыз. Көргенмен ол кездің эстетикалық заңы өнерге келгенде өте қатал еді. Олар социализмнің шапағатына да, тәуелсіздіктің таңға­жайып­­тарына да толық көз жүгіртіп үл­гере алмады. Ал, Роза мен Бибігүл апаларымыз «үй ішілік өнерге» бойұсынған жоқ. Олардың табиғаты да бөлек үйде жиналған жиһаз­дай.
Өнер көбейе берсін, көркейе берсін. Бірақ, бұлай көркейтуге болмайды ғой. Музыканың мәні мен сәні өзгеше. Оның ешкімге бағынбайтын өзіндігі бар. 
Нота өзіндік әлем ғой. Ол – мәде­ниеттілік әлемі.
Ол – Бетховен мен Моцарт мәдениеті.
Ол – Ақан сері мен Біржан сал парасаты, біздің сал-серілеріміздің басқаға бас имейтін маңғаздығы.
Ғасырлар бір-біріне бағынбайды деуі мүмкін.
Тазалық – өнердің анасы.
Өнер – халықтікі. 

***
Кім екеніңді білгің келсе, еңбек ететін есіктің алдында тұру керек сияқты. Есіктің алдында жарты сағат көлік күтіп тұрып қап едім, өз қадірімді өзім білгендей болдым. Анау сәлем беріп, «Менің мына дүниемді оқыдыңыз ба?» дейді. Мынау: «Іздеп барсам, жоқсыз, жұмыста көп бола бермейсіз-ау деймін» деп наз айтады. Енді біреу: «Алты томдығың шығыпты, қайдан алуға болады» деп әдебиетті салмақтап сөз қозғайды. Өң-жүзі таныс тағы біреу: «Осы сен қай жүзге жатасың, бет-бейнең ешкімге ұқсамайды» деп, Шоқан Уәлихановтан туыстық іздеп, түбімді тексереді.
Есіктің алды ел-жұртты табыстыратын жайлы орын екен. Мекемелердің басына күн түсіп тұрған заманда, мынау бір өң-жүзі суық адамдарды бір сәт болса да жылылыққа бөлейтін жайлы мекен сияқты.
Анадай жерде жазда киетін қара көзілдіріктер сатылып жатыр. Жанарды жасқайтын уақытша көзілдірікті әркім бір киіп көріп, өмірге қабақ түйіп көз салып қарап, сатушының қолына қайта ұстатып кетуде. 
Есіктің алды асығыс адам.
Аптап ыстықта елдің егіні не боп жатыр екен? Қаламмен күн көрсем де, қара кетпен ұстап, ділдалдалаған диқанның баласымыз ғой.
Мен де бір қара көзілдірікті киіп көр­дім де, қарап тұрмай қайдан әкелгенін сұрадым. «Ой, аға, қайдан болушы еді, бәрі де Қытайдан ғой» деп, аңқылдақ қазақ жігіт сырын жайып салды.
Дәл сол сәтте доллар көтерілгенін естідім. Оны да мына жігіт әсіре көңілмен бақайшағына дейін бажайлап талдап берді. Өзі жоғары білімді экономист, ар жағында аспан тауды төңкеріп тастайтындай қауқары бар.
– Ертең тағы да өсуі мүмкін. 300-ге жетпей тоқтамайды ғой. Ертеңгі күннен үміт мол, – деді ызалы көңілмен шетел темекісін тұтатып. 
Есіктің алдына ертең тағы да келсем бе екен…

***
Дәл алпысқа толған күнімде бір сары жапырақ балконымнан қалықтап ұшып, шағын кітапханамның тұсына кел­ді. Таңертең желкем еді. Қарасам, жел ай­даған жапырақ ашық есіктен ішке еніп, кітаптардың тұсына келіп, қонақтап қа­лыпты.
Әдетте, ерте тұрамын. Жапыраққа көз алмай қарадым. Өмірден 37-сінде өткен әкемді, 95-тегі елдегі анамды, жел суырған Байқоңыр көз алдыма келді. Ресейдің Әнұранын айтып оянған ауылдағы мектеп оқушылары, Сыр жеріндегі мұнай мен уранды игерген қытайлықтардың айтқанына бағынып, асын істеп, суын тасыған көкөрім қыздардың бейнесі де жүрегімді шіміріктіреді. Осының бәріне жалғыз сары жапырақ себепші. Оны да жел айдап менің тереземе жіберген шығар.
Алақаныммен әлдилеп, жоғары шыға­рып қойдым.
Күз де келіп қалыпты.
Кітапхананың да шаңын сүрту керек сияқты.
Қасында маңқиып компьютер тұр.
Оған да көз салмасаң болмайды.
Тізіліп тұра қалғанын қарашы.
Асығып келген немерем компьютерді іске қосты.
Сары жапырақ желп етіп ұшып кетті…
Асығыс дүние…
***
Айта-айта Алтайды,
Жамал апай қартайды…
Тағы да сол тіл мәселесі.
Қазақ теледидарының 31-арнасы орыс тілді «Информбюросында» осы мәселені айтып та, жазып та жатыр. Қарағым-ау, тәуелсіздігімізге бақандай ширек ғасыр. Мемлекеттік тілді қабылдағанымызға 20 жыл. Әлі сол бұрынғы күйі, еш өзгеріс жоқ.
Неге Өскеменді ең болмаса Оскемен деп жазбасқа? Әлі сол Уст-Каменогорск күйінде. Осыны қадағалайтын «қой дейтін қожа» жоқ. Сонан нан жеп, су ішіп отырған мекемелер бар емес пе?
Айтқанда бармыз да, атқарғанда жоқ­пыз. Бұрынғы күйімізге жете алмай қалған жайымыз бар сияқты.
Өз тілін өзекке тепкен қазақтай ха­лықты кім құрметтейді. Өзбек пен қырғыз әжуалап тура сауал қойғанда, бетіңнен отың шығып, жерге кіріп кете жаздайсың. 
Жамал апайдың даусын да күйтабақтан тыңдап, көңілің бәсең тартады.
Мемлекеттік тіл неге іске аспайды?
Өскемен, саған зар болдық қой.
Ширек ғасыр жігіт жасы емес пе?
Уст-Каменогорск те мұрт қойып, сақал шығып, немере сүйетін жасқа жетті.
Мешітке барып, намазға жығылса да артық емес.
***
56-шы автобуста келе жатып, бір аялдамада тосын хабарландыру-жарнамаға тап болдым. Әрине, Алматыда бәрі екі тілде ғой. 
«Не бросай меня мама.
Анашым мені тастама», – дейді.
«Мама» мен «анашымның» алдына үтір, екеуінің ең соңына леп белгісі керек еді. Мемлекеттік тіл ретінде «анашым» алға шықса болмай ма? Бұл да біздің тілдік қателігіміз.
Жалпы, осы жарнама керек пе?
Бұл не, жетімдерді жебегеніміз бе?
Түсініксіз нәрселер жетерлік.
Көне астанада көңілді босатар нәрселер аз емес.
***
Дәл осы автобуста басына сәлде тартқан кейуана:
– Қарағым, Абаяға тоқтай ма?– деп билет кесушіге сауал қойды.
– Тоқтайды.
– Апа, неге Абай демейсіз,– дедім мен де қарап тұрмай.
– Қарағым, тіліміз әбден бұралып бітті ғой. Бала-шағаға айта-айта өзіміз де сондай боп кеттік қой…
Кейуана шынын айтып тұр.
56-ның үстінде талай шындыққа қа­нық­тық.
Өмір шындығы.
***
Чеховты оқиық. Иә, Чеховты оқи берсек, ешқашан ұтылмаймыз, әрі біздің жас қаламгерлер үшін бұл – өмірлік тәлім.
«Литературная газетаны» ашып қал­сам, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімдері үшін Ресейде бүкілодақтық жазғы ғылыми-тәжірибелік «Чеховты оқиық» оқу­лары өтіпті.
Иә, жас кезімізде түсінбесек те Чеховты оқыдық. Қайталап, үсті-үстіне оқыдық. Қалың қара 3-томдықты басымызға жас­тап қойып, қайта-қайта шұқшидық. М. Әуезов аударған «Аққасқа», А. Нұрпейісов аударған «Алтыншы палата» мен «Қанден ерткен келіншек», Ж. Исмағұлов аударған «Жұртта», т.б. әңгімелерге енді ғана түсі­ніп, жанымыз рахатқа кенелгендей жайымыз бар. Қол тигенде тағы да оқып, айна­ламызға рахаттана көз салып қоямыз.
«Чеховты оқиық» деп әдебиетті алға сүйреген орыс халқының сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі шексіз.
Біз де Мұхтар мен Ғабитті ұлықтаймыз, ұмытпаймыз.
Проза жазып жүргендер көзілдірік киіп, дәрігерлік білім алғанмен адамды қаламмен емдеген осы бір жазушыны оқи берері сөзсіз. Өйткені, бұл кісінің «Құндақтаулы адамының» өзі екі аяқты пенденің бары мен жоғын әшкерелеп тұрған жоқ па?
Жас қаламгерлерге Чеховты оқыңдар дер едім.

Редакциядан: Бұл заманның көңілге қонбай көзге ұратын көріністі өз көркімен қағаз бетіне түсіре алатын бір жазушы болса – ол күллі қазақ оқырмандарына танымал қарымды қаламгер Қуандық Түменбай дер едік. Оған автордың жоғарыда беріліп отырған «Көзбояуы жоқ көріністер» деген мақаласы айқын дәлел. Осы орайда бүгін мерейлі – 60 жасқа толып отырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, оннан астам кітаптың авторы Қуандық Түменбайды журнал оқырмандары атынан мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз.

Алдыңғы «
Келесі »