ЗЕКЕҢНІҢ ЕУРОПАҒА САПАРЫ

  • 21.05.2012
  • 362 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серікқали ХАСАН
«Ақиқат»

Еуропа сапарынан кейін де арада біраз уақыт өткен. Зекең сол бір ұзақ са­пар­дан елге оралғалы бері, көпке дейін өз-өзіне келе алмай, біраз уақыт бойына көп ешкіммен ашылып сөйлеспей, үнсіз жүрді. Өзінің шығармашылық жоспарлары бойынша, ақырындап бір нәрселерді жазуға отырайын десе, қаламы тағы жү­рер емес. Жоқ, ақ қағазға көсілтіп, бір­де­­ңелерді жазғандай да болады. Бірақ, онысы да алдамшы ғана дүниелер екен. Көп кешікпей, қаралай кідіріп, кілт тоқтап қалады. Ал, енді көптен бергі өзінің ойында жүрген тәуір кітаптарының бірін қолына алып, оқи қояйыншы десе, оған да біртүрлі зауқы соғар емес; әйтеуір, көңілі әлденеге алаң болады да тұрады. Кейде кешкілік таудан төмен түсіп, жұмысынан үйге қайтып келе жатқанда, не жатар алдында таза ауа жұтпақ болып, балконға шыққанда да, сол жағдай. «Соңыра адамдармен жүздескенде, олар өзімнен кеше ғана Еуропа сапарынан не көріп, нендей ой түйіп қайтқандығымды сұрайды-ау. Шынында да, бұл сапар маған не берді? Өзімді қалайша толқытты?», – деп, сол әлгі бір айға дейінгі созылған сапарлары кезіндегі бастан кешкен жәйттерді қайтара бір есіне де түсіре бастағандай болады… Кемедегі көп күндер… Тұманды Альбион елі мен Сенаның жағалауына дейін жеткенше асығу… Алып теңіздерді көріп, өз туған жеріндегі көрік-келбеті олардан бір де кем емес атақты Каспий теңізін көз алдына дейін елестету… Сағыныш деген де осындайдан басталмай ма? Жоқ, Зекең бұрын бұндай алыс сапарға шығып көрмеген еді ғой. Шықса да, бұрынғы Кеңестер Одағындағы республикалардың астаналық қалаларындағы ғылыми ке­ңес­тер, мәдени күндер, тағы басқа деле­гациялардың құрамында барып, елге де солармен бірге кейін қайтып жүретін. Жоқ, айтпақшы, бұның алысты-жақынды шет елдерге шыққан да кездері болған. Бірақ, онда да, елден тек ресми делегация құрамында шығып, бас-айналасы бір-ер, кейде екі-үш тәуліктің ішінде-ақ алып әуе лайнерімен сау етіп, қайтадан өзінің Алма­тысына қарай келе қалатын. Жоқ, қазіргі бұл жердегі әңгіме онда да емес-ті.
Зекең, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов жасы жетпіске толып жатқан шағында, енді анау-мынау емес, тура кәрі құрылық Еуропаны шыр айналып, ұзақ мерзімдік сапарға аттанбақ. Жолдамасы да даяр тұр. Оның үстіне, Зекең бұл жолы өзінің қасына жұбайы, осы кезге дейінгі барлық шығармашылық қызықтары мен азаптарының бәр-бәрін өзімен бірге көріп, бірге татып келе жатқан Сәуле апайды да ертіп алмақ. Ал, Сәуле апай болса, бұл ұсынысқа тіпті де қарсы емес. «Зеке-ау, соңыра сенің өзіңе қиын болып, шаршап қалып жүрмесең, мен бұл ұзақ жолға ептеп шыдармын-ау. Мейлі, соған, тіпті, барсақ барып-ақ келейік. Және де, осы биыл сенің өзің де бұрын-соңды болып көрмегендей еш демалмастан, ұзақ, әрі қауырт та жұмыс істедің. Дегеніңе жеттің, өмірдегі тағы бір арманың орындалды. Ұзақ уақыттан бергі өзіңнің ойға алып, бір ретін шығара алмай жүрген атақты «Менің Әуезовымды» жазып бітірдің. Баяғыдағы ұлы ұстазың Мұхтар Омарханұлы секілді, сен де оны алдымен үзіп-үзіп, әдеби журналға жарияладың. «Жалын», менің баяғыдағы «Жалын» романыммен аттас журнал ғой. Өзі маған ұнайтын да басылым. Бас редакторы Мереке де күнде: «Зеке, романыңызды болдыңыз ба? Болсаңыз, алдымен, бізге әкеліңіз. Сіздің шығармаларыңызға сусап отырмыз», – деп телефон шалады. Апыр-ай, «Жалын» бұл қомақты дүниені өзінің қанша нөміріне берер екен?» – деп жүріп, ізінше роман-эссеңді сол журналға апарып беріп, жариялаттың да. Көп кешікпей, бұл шығармаң баспадан өз алдына бір жеке кітап болып та жарық көрді. Шүкір, жеміссіз емессің. Кеше ғана, сол кітабыңа Алматыдағы халықаралық «Пэн-клуб» өзінің басты жүлдесін берді. Енді, саған қалай да жақсылап бір демалу керек. Алматыдан алысырақ, оңашарақ бір жер болса, тіптен-ақ дұрыс болар еді. Меніңше, осы сапар дұрыс сапар секілді. Шықсақ бірге шығайық», – деп, өзі бұның жанына жылы тиетіндей біраз тәуір сөздер айтты.
Неге екендігі қайдан, сол алыс сапар­ға шығардың алдында Зекең өзінің ұлы ұстазы Мұхтар Омарханұлын зор сағы­нышпен есіне алды. Бұл ол кезде Мұ­қаңның қарауындағы кафедрада қызмет жасайтын еді. «Мұқаң Мәскеуге кетіпті», «Мұқаң әлдебір республиканың астаналық қаласына біреудің докторлығын қорғатуға бара жатыр», «Мұқаң осы Алматыға келген шетелдік жазушылармен бірге сапар шегіп, ел ішін, одан айналып келіп, Іле Алатауының баурайындағы көрікті жерлерді аралатып жүр екен» дегендерге де құлақтары әбден-ақ үйреншікті болып алған. Ал, бірде бұл ертеңгілік лекциясына келіп, түске жақын кафедраластарымен жүздесіп, әңгіме шертісіп отырса, қабылдау бөлмесіндегі қызар айтады: «Ағайлар, естідіңіздер ме? Мұқаң кеше Үндістанға ұшып кетті ғой», – дейді. Үндістан елі туралы Мұқаң бұрын да жиі айтып жүретін. Үнді елінің әдебиеті мен мәдениетіне қа­тысты да біраз сөз еткені бар. Ал, енді ол елге сапарға шығамын дегенді айтып көрмеп еді. Бәрі де аяқ астынан болыпты. Өзгелерін қайдан, ал, Зекең Мұхтар Омарханұлын осы сапардан тағатсыздана күтті. Қандай олжамен оралады, нендей қызық әңгімелер айтып келеді? Қасында өзге де жазушылар болып па? Соның бәрін де өзгелерінен бұрын білгісі-ақ келеді. Бір күні лекциясынан шығып, кафедраға келсе, Мұқаң өзінде дейді. Үндістаннан кеше түнде ғана келіпті. Ал, бүгін жұмысқа да шығып отыр. Көп адамдар манадан бері келіп-кетіп, сәлемдесіп жатқан көрінеді. Ал, Зекең өзінің сәл кешіккендігіне біртүрлі жүрексінгендей болып, ішке аяғын ақырын ғана басып кірді. Мұқаң төрде отыр екен. Шәкіртінің өзіне осыншама еміреніп, құшағын ашып ұмтылғандығын көріп, Мұқаң да еңгезердей денесімен асығыстау орнынан көретілді. Шәкіртінің әлгіндей сағынышы мен ыстық ілтипатына өзі де ерекше бір ілтипатын білдіріп, ыстық құшағына тартты. Қызық-ау, тегі, Зекең сонда қалбалақтап жүріп, ұлы ұстазынан:
– Мұқа, қалайсыз? Алыс жолдан шаршаңқырап қалған жоқсыз ба? – деп сұрап қалды.
Мұқаң өзінің шәкіртінен басқалай сауалды күтсе де, тап бұлай дерін ойламаса керек. Шыны керек, ол кісі сонда сәл сасқалақтап, бұған өзінің қалың қасты қабағымен қиыла бір қарады. Ұстазының сол ыңғайын байқап, Зекең де біртүрлі ыңғайсызданғандай болып: «Мен жаңа Мұқаңа әлгіндей деп дұрыс айттым ба? Осыншама алқынып-жұлқынып, алдына дейін жетіп келгенде, сонау алыс жолдан шаршап келген ұстазымның көңілінен шыға алдым ба?» – деп, оқыс ойланып та қалғандай болды. Мұхтар Омарханұлы, сонда, Зекеңнің өзінің алдында өзін әлі де бала секілді сезініп тұрғандығын байқап, сосын, ақырын іштей мырс етіп күліп жіберді. Қашанғы әдеті ғой, адамды сөйтіп тартатын еді ғой, әңгімеге. Ол кісі осындайда сені ойландырып, толғандырып та сөйлейтін. Сол баяғы мәрт мінез. Ұзақ сапардан кеше ғана келсе де, көңілінде бір қылау жоқ. Бейнебір Мұхтар Омарханұлы алыстағы Үнді елінде емес, күншілік жердегі өзінің Шыңғыстауының баурайында болып, жата-жастанып жүріп, қымыз ішіп, сондағы көптен бергі көріспеген ағайын-туыстарының арасында көңілін әбден марқайтып та келгендей-ақ.
Одан бері арада тағы ұзақ жылдар өтіп, Зекең енді Еуропа сапарына шығардың алдында, сондағы сол жәйттер тағы де есіне түсті. Мұқаң туралы кезінде бұның өзі де көп естіді ғой. Сонда бәз біреулері Мұқаң, мүмкіндігі болса, осы Алматыда, кейде ұзақ уақытқа іссапарға кеткен болып, Мәскеуде жатып, не біраз күнге демалыс алып, Шыңғыстаудың баурайындағы тыныштығы ұйыған шағын ауылдардың біріне барып, сондағы өзіне деп алдын-ала даярланған орындардың бірінде асықпай отырып, жазу жазады екен дейтін. Тіпті, бірде бір әдебиеттанушы, яғни, көпті біледі-ау деген бір замандасының өзі қатарлас қаламдастар арасында әңгімеден әңгіме шығарып отырып: «Өй, біздің осы ұлы Мұқаң жазудың машығын әбден-ақ бүге-шігесіне дейін меңгеріп алған адам ғой. Ол кісі сонау қарт Шыңғыстаудың баурайына дейін барып, сондағы өзіне дана Абай туралы тебіреніп, толқып отырып, әңгіме айтқан адамдардың әңгімелерін дәл сол күйінде, олардың сондағы әсер-толғаныстарымен бірге, жалма-жан қыс­қаша қағазға түсіріп алып, дәл сол күн­нің кешінде, сондағы бір тыныш жерде отырып, манағы күндізгі естіген әңгімелерін өзінің ыңғай-ретімен бірінші жақтан қайта қағазға түсіріп шыққанда, шыны керек, ол кісінің әлгі жазғандары болашақ үлкен шығармасының әжептәуір бір тарауы болып та шығады екен. Ал, оны Мұқаң Алматыға өзімен бірге әкеліп, қайта өңдеген кезде, бәрі де Мұқаңның өзінің әу бастағы жоспарлағанындағыдай қалыбына келе қалады», – деп гөйіткенде, манадан бері соны естіп отырған бұның беті қатты қызарып, одан әріге шыдап отыра алмай, сыртқа қарай асығыс шығып кеткені бар еді. Соны сезді ме, қайдан, кейінгі бір кездескенінде, жаңағы Әуезовтың жазу машығын бір кісідей-ақ жетік білемін деген жігіт бұның бетіне тіктеп қарай алмай, бұдан ылғи да қашқақтайтын болды. Өйткені, ол да сонда өзінің буынсыз жерге пышақ ұрғанын, яғни, ұлы Әуезовтың әдетте жазуға қалайша даярланып, жазу столына қалайша отыратындығын бір кісідей-ақ білетін бұның алдында әлгіндей деп, үлкен қателік жібергендігін жақсы түсінсе керек. Алайда, бертінде бұл Мұ­қаң­ның қатарластары саналатын алып­тардың ауыздарынан: «Жоқ, Мұқаң жазуға келгенде, бірден жазу столына отыра қалмайды, иә, әсіресе, үлкен шығармаға кірісіп, алдағы ұзақ уақытқа созылатын жазуға отырарда, ол кісі кәдімгідей бір ұзақ қашықтықтағы аламан бәйгесіне түсетін жарау аттар құсап, ұзақ даярланады. Пәлі-і, шын жүйрік солай-ақ шапса керек. Біздің Мұқаң да солай, ол, әсіресе, қарт Шыңғыстаудың баурайындағы өзінің туған жеріне барып, біраз уақыт бойына демалып қайтқанда, өзін әман да бабында тұрғандай-ақ сезінетін», – дегенді де жиі естіп жүрді. Соның бәрі есіне түскенде, осы сәт Зекең де ақырын жымиып күліп жіберді. Бейнебір соңыра осынау Еуропа сапарынан елге аман-есен оралғанда, осындағы Жанғара, Зейнол-Ғабиден, Бақытжан да алдынан шығып, не олар бұның кафедрадағы кабинетіне сәлем бере келіп:
– Зеке, қалайсыз? Еуропа сапарынан шаршаған жоқсыз ба? – деп сұрап қалатын секілді. Кім білген, бәлкім, сол кезде, бұл да бір кездегі ұлы Мұқаң секілді оларға:
– Өй, сендер одан да менен: «Зеке, сіз сол ұзақ та, алыс сапардан бойыңызға қаншалықты күш-қуат жинап қайттыңыз? Алыс жердің әсері қандай болады екен? Тағы қаншаға дейін шабатын мүмкіндігіңіз бар? Таяуда тағы бір үлкен дүниені бастап, еңсеріп тастауға дейін жете ме?» – деп сұрасаңыздар етті, – дегенді де аңғартып жүрер ме екен, тәйірі?!.
Тәмам қаладан шығар кезде, Зекең осыны айтқанда, бұлар Сәуле апай екеуі де әбден-ақ мәз болып, күлісіп алды. Бірақ, Зекең сол жолы қаладан ұзап бара жатып, тағы да өзінің ұлы ұстазын сағына есіне алды. Ұлы Мұқаң сол Үнді сапарынан кейін де біраз алыс сапарларға шығып еді ғой. Әсіресе, соңғы жылдарда ол кісінің жаңа бір шығармаларына кірісер алдында, осылайша алыс сапарларға шығуы тым жиілеңкіреп те кеткен еді. Соның бәрі есіне түскенде, ұлы Зекеңнің өзі де: «Қай­ран асыл аға!.. Қайран ұлы ұстазым-ай!.. Кезінде сіз де сол алыс сапарларға шыққанда, тек бірыңғай көңіл сергітіп, таза ауа жұту үшін ғана шыққан жоқ екенсіз ғой!.. Әр сапардың да өзіндік бір несібесі болады екен ғой!..» – деді іштей қатты толқып отырып. Содан былай, сапар жолы да басталып кеткен.
Саяхат деген де қызық-ау, тегі! Зекең бұрын қаншама алыс сапарларға шығып жүрсе де, бір жаққа саяхаттап бара жатыр­­мын-ау деп еш ойламайтын. Оны айтасың, Зекең осы жолы да ешкімге мен сонау Еуропаға саяхаттап кетіп бара жатырмын дегенді айтқан емес. Саяхат деген сөз бұлар тек алып әуе лайнерімен Алматы әуежайынан шығып, Санкт-Петербургті бағытқа алған кезде ғана естілді. Алматыдан бұлармен бірге шыққан саяхатшылар да аз емес екен. Іштерінде орта жастардағы адамдар мен бұлар құралпылас жандар да баршылық. Енді солардың бәрі де алып әуе лайнерінің бортында келе жатып, алдағы ұзақ уақытқа созылатын саяхаттың әу-жәйін сөз қылады. Қолдарына шағындау «Әлем картасын» ұстап алып, алдағы өздері болатын елдер мен қалалардың бағдарын болжап, әртүрлі көңілді әңгімелер айтып отырғандар мен: «Апыр-ай, соңыра Санкт-Петербург пен Лондондағы ауа райы қалай болар екен? Париж бізді қалай қарсы алмақ? Шіркін, соңыра ана Испания мен Партугалияның көне шаһарларында болғанда, сол елдің көне жұрағаттарынан оңды бірдеңе алып қайтсақ жарар еді», – десіп, іштей арман етіп жатқандары да аз емес. Соған қарағанда, солардың бірқатары бұндай ұзақ сапарға бұрын да талай рет шығып жүргендерге көбірек ұқсайды. Оны айтасың-ау, ендігі бірқатар адамдардың бұрын шыққан бұл саяхатқа енді өздерінің қастарына балаларын, немерелерін ертіп, қайта бара жатқандықтарын қайтерсің?!. Сондықтан да, ондай адамдар өздерінің қастарында отырғандармен әңгіме шертіскенді, алдағы сапар бағыты, өздері болатын қалалар мен сол қалалардың өмірі, жергілікті тұрғындарына қатысты таңсық бірдеңелерді де сөз еткісі-ақ келеді. Сенің де сөйлегендігіңді қалайды. Сол таңсық әңгімелердің көбісін де сенен күтетін секілді ме, қалай?!. Жоқ, әлде өзінің қасында отырған сапарластарының бірқатары бұны түр-келбетінен танып, қазақтың бір белгілі жазушысы, академик-ғалымы, ел зиялысы ғой деп, алып әуе лайнерінің ішінде де бұның сөздеріне қонақ бергілері келе ме?!. Бірақ, Зекең ондай әңгімелерге беталды араласқан жоқ. Ұзақты жолда тек өзінің жанында отырған жұбайы Сәуле апайға қарағыштап: «Шаршаған жоқсың ба? Көңіл күйің қалай?» – деп те сұрап қояды. Ал, ғұмыр бойына ұстаздық етіп, бала оқытудан жалықпаған Сәуле апай болса, осынау ұзақты жолда өзгелері құсап, көздерін жұмып, қалғуды да білмей, өте сергек отырды. Ара-арасында: «Зеке, сен қалай ойлайсың? Осындай ұзақ сапарға бұрын екеуіміз бірдей шығып көрмеп едік қой!.. Балалар, немерелер де бұндайға үйренбеген. Солар соңыра бізді сағынып қалып жүрмес пе екен?» – дейді. Ана деген сол ғой, балалары бүгінде ер жетіп, үбірлі-шүбірлі болып отырса да, Сәуле апай әлі де тек бір соларды және солардан өрбіген немерелерін ойлап, қам жейді. Зекең Сәуле апайға жауабы ретінде жүзін сәл бері бұрып, жымия күлді де: «Балалар сағынбасын десек, не сол балаларды са­ғынып, біз де уәйімдеп жүрмес үшін соңыра жақсы саяхаттап, жақсы демалып, Еуропаның талайғы жаңалықтары мен қызықтарын да көріп қайтуымыз керек», – деді.
Сонымен, не керек, Зекеңдер сол жо­лы ақбас шыңды асқар Алатаудың үстімен қырандай болып қалқып ұшқан алып әуе лайнерімен әуелі сонау Санкт-Петербургке дейін де барған еді. Сол жерден бұлар сондағы алып кемелердің біріне отырып, Скандинавия елдерінен бастап, сонау көз жетпес Лондон, Париж, Испания, Португалияға дейін де ұзақ сапар шекті. Шынында да, бұрын-соңды көрмегендей, ұзақ бір сапар болды. Сонда бұлар теплоходпен бұрын тек аттарын ғана білетін алып мұхиттар мен толқыған қарт теңіздердің үстінде ай бойына да сапарлап жүрген еді. Алғашқы бір аялдама Санкт-Петербург қаласы болатын. Бірақ, оған да бұлар тек алдағы ұзақ жолдың ыңғайына қарай ғана аялдаған еді, шындап келгенде, Еуропаға сапар дәл осы қаладан басталмақ.
Санкт-Петербургте ауа райы жақсы, адамдары көңілге жылы ұшырайды. Зекең айтады: «Па, шіркін, саяхаттың кө­кесін осы қаладан бастап, осындағы атақты мұражайларды бір армансыз аралап көрер ме еді?!.» – дейді. Неваның жағалауындағы бұл алып қала Зекеңнің бірде жазушылармен, бірде ғалымдармен бұрын да талай мәрте болып жүрген қаласы ғой, дегенмен, Алматыдан шыққан алып әуе лайнері алғаш осы қалаға келіп, қашан өздері Еуропаны бағытқа алатын кемеге отырғанша, Зекең тарихи Санкт-Петербургтің өзінің туған еліне, әсіресе, кезінде өз өмірлерінің ұзақ жылдарын қасиетті қазақ жерінде өткізген атақты ақын Тарас Шевченко мен орыстың ұлы жазушысы Федор Михайлович Дос­тоевскийге, қазақтың ұлы перзенті, ғұлама ғалым Шоқан мен Мұхамед-Салыққа, әрісін айтпағанда, күні кешегі ұлы Сәбең мен Мұқаңның өмірлеріне қатысты болғандығы мен солардың кейінгі тағдырларына қатты әсер етіп, өзіндік бір ізін қалдырған жәйттерін де сағынышпен есіне алды.
Ар-арасында қасындағы жұбайына көз салып қойып:
– Сәулеш-ау, мен өз басым күні осы уақытқа дейін қаншама көркем аудармалар жасасам да, ұлы Достоевскийге жақындап көргенім жоқ қой, –дейді.
Зекең шығармашылығының ұңғыл-шұңғылына дейін жетік білетін Сәуле апай да оқыс ойланып қалғандай болып:
– Иә, сен оның шығармаларын қашан да сүйсіне оқып, психологиясы, философиясы және суреткерлігі де мықты жазушы дейтін Достоевскийден аударма жасап көрмепсің ғой, – дейді сосын онымен келіскендей болып.
Неге екендігі қайдан, әйтеуір, бұл осы кезге дейін Достоевскийден ешқандай көркем аударма жасап көрмепті. Бәлкім, оның шығармаларының қиындығынан, не соны ойласа да, бір реті келмей қой­ған­дығынан да шығар, бірақ, дәл қазір Неваның жағалауында жүргенде, есіне түсіп отырғаны, сол атақты Федор Ми­хайловичтің заманында Санкт-Петер­бургте атақты жазушылар әдеби кештерді жиі ұйымдастырып, сонда олар өздерінің әлі баспа бетін көріп, жұртшылық на­за­­рына ұсынылып үлгермеген жаңа бір шығармаларынан үзінділер оқып, ас­таналық қаладағы әдеби орта мен әде­биет сүйер қауымның ой-пікірлерін де біліп жүреді екен. Сірә, бұл Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтарды» жазып жүр­ген кезі болса керек, бірде ол астаналық қаладағы Әдеби қор ұйымдастырған сондай кеште өзінің классикалық туындыларынан емес, орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің «Пайғамбар» де­ген өлеңін оқыпты. Соны, тіпті, Федор Михай­ловичтің осыншама жанын салып, әсемдеп, бүтіндей жан-дүниесімен тебірене оқығандығы соншалық, соңынан кең залда сықап отырған тыңдаушылар соның әсерінен көпке дейін арыла алмай, кейін Достоевскийді подьезге дейін де қол шапалақтап шығарып салыпты. Және де, оның сол жолғы Пушкиннің “Пайғамбарын” оқығандағы табысы бүтіндей Петербургке аңыз болып тарап, атақты жазушы бертінде осы қаладағы әдеби қайырымдылық шара ретінде ұйымдастырылған тағы бірнеше әдеби кештерде де сол “Пайғамбарды” мәнерлеп оқып, ақыры патшайым Мария Федоровнаның қабылдауында болып, ол кісінің ыстық ілипаты мен алғысына да бөленіпті.
Осы жәйттерді марқұм Мұхтар Омар­­­­ханұлы да жақсы білетін. Ілуде бір соны сөз етіп отырып, өзі сондай әде­би кештерге қатты қызығатын да еді. Сон­дай әдеби кештердің қандай құдіреті мен құпия сырлары барын білгісі келіп, талай рет Пушкинді де, Достоевскийді де, Неваның жағалауындағы алып қалада өткен студенттік жылдарында естігендерін де сағынышпен еске алған. Бірақ, атақты Мұқаң қашан да терең ойлайтын, қай нәрсенің де әбден байыбына дейін жетіп, ақиқатын тура айта алатын дана кісі еді ғой. Сонда Мұқаң тереңнен толғай келіп, былай дейтін: «Қанша дегенмен де, патшалық Ресейдің кезінде орыс әдебиеті қай жағынан да жақсы дамыды. Ол кезде оған онда небір қолайлы мүмкіндіктер де болды. Тағы бір ескеретін жәйт, елдің, жұрттың тыныш заманында, адамдардың көркем әдебиетке деген құштарлығы да күшті болыпты. Жоқ, біз ондағы әлгіндей әдеби кештерге тек бірыңғай әдебиетшілер мен жазушылар ғана қатысады екен десек, онда мүлдем қателесер едік. Жоқ, сонда оған Санкт-Петербургтің қарапайым әдебиетсүйер қауымы мен астаналық қалада тұратын барша зиялылары да көптеп жиналатын болыпты. Орыс әдебиетіндегі кейбір деректерге жүгінсек, әлгіндей әдеби кештерде жоғары лауазым иелері де талай рет болып, өздерінің әсерлерін шығармашылық иелерімен бірге бөлісіпті. Иә-иә, сол күнгі кеште кімнің қандай шығармасы, не соның әлдебір үзіндісі көпшілікке қалайша әсер етті, кімге жұртшылық көбірек дуылдата қол соқты, кімнің шығармасы мен шығармашылығына қатысты тағы қандай жақсы пікірлер ай­тылды, кейін соның бәрі де далада қалмайтын. Соның артынша-ақ әлгі үздік деген шығармалардың баспалардан кітап болып шығуға дейінгі жолдары ашылып, авторларының рухтарына рух та қосылып жататын. Ол замандағы әдеби орта, әдеби кеш деген де сондай бір қызу өмір еді ғой». Осы бір тұста ақырын «уһ» деп қойып, бұның ұлы ұстазы тағы да былай дейтін: «Ал, біздің ұлттық жазба әдебиетіміз жақсы дамыған осы ғасырдың басында, сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдары біздің ондай әдеби кештер ұйымдастырып, ұзақ уақытқа дейін созылатын шығармалар оқып жататын уақытымыз да болмады. Заманымыз басқаша болатын. Сондықтан, біздегі әдебиет те басқаша дамыды. Әртүрлі әдеби байқаулар, жабық бәйгелер ұйымдастырылды. Оны еліміздегі бірқатар танымал баспалар мықтап қолға алды. Сол жылдары менің де алғашқы біраз шығармаларым солайша жарық көрген. Сол кезде «Қилы заманым» да дүниеге келген. Құдайға шүкір, менің сол дүниелерім кейін де еш ғұмырсыз болған жоқ қой», – дейтін.
Ол кісі әңгімені қашан да осылай бас­тағанмен, ақыры өзіміздің ұлттық әдебиетіміздің жәй-күйіне келіп, бір тірейтін еді-ау. Бірақ, бұл білетін кемеңгер Әуезовтың өзіндік шығармашылық құпиялары да көп еді. Қайсыбір оңаша кездесе қалғаныңда, не әдеби ортадағы әңгіме-дүкеннің арасында отырған кезде де, Мұқаң әріден толғай отырып, шығармашылыққа қатысты талайғы қызық-қызық әңгімелерді де айтатын. Ұстазы емес пе? Сондықтан да, бұл ол кісінің ыңғайын жақсы білетін. Мұқаң аса көп шалқып-тасымай, сабырлы қалпында ғана сөйлейтін. Көбінесе өмірдегі әртүрлі мәселелерге байланысты сөз ете келіп, соңын сонау өткен дәуірлердегі ұлы Абайларға қарай ұзатып жіберетін. Қазір де кезінде Мұқаң жүрген, ұлы Мұқаң ауасын жұтып, еліме, халқыма өзімнің шығармашылығыммен бір пайдамды тигізсем, халқымның рухани өмірінің ұйытқысы бола алсам-ау деп арман еткен Неваның жағалауында жүргенде, есіне түсіп отыр, ойпыр-ау, кезінде сол ұлы Мұқаңның өзге ешкімге ұқсамайтын әңгімешілдігін, оның кәдімгідей тереңнен арындап естілетін тың дүниелерінің танымдық-тағлымдық мәнінің ерекшелігіне тәнті болған талай жұрт ол кісіні кейін өздерінің үйлеріне әдейі қонаққа шақырып, не мерекелік жиындардың кездерінде арнайы төрге отырғызып қойып, қашан да ғұлама-жазушының әңгімесіне кезек беруге құмар еді-ау!.. Ал, ұлы Мұқаң сондағы шақырған жерлердің бәріне бірдей талғаусыз бара бермегенмен, қолайы келген, өзінің көңілінен шыққандай жерлер болса, ондай мүмкіндіктерді де қалыс қалдырмайтын. Егер, сондағы тыңдаушылары әңгіме тыңдай білетін аңсарлы, зиялы тұлғалар болса, атақты Мұқаң да дәл сол бір сәттердегі өзінің жүрегін толқытқан небір қызықты, әсіресе, елдің атақты тарихи тұлғаларының арғы-бергі өткендеріне қатысты әңгімелерін тереңнен толғап айтудан еш жалықпайтын. Содан бері арада қаншама ұзақ жылдар өтсе де, әлі есінде, мәселен, сондағы Мұ­қаңды қаумалай отырған қалың жұрттың естігісі келетіндігі тағы да ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты әңгімелер еді ғой. Ие, енді ше? Кезінде ұлы Мұқаң дана Абайды көрген, сол кісінің ауылында болған, Абайдың өзімен әртүрлі дәрежеде қарым-қатынас жасаған, сол дәуірдің тынысын, Абайдың айналасындағы оқиғалардың бүге-шігесіне дейін жетік білетін адамдармен талай рет бетпе-бет кездесіп, талай рет солардың әңгімелерін өзінің қойын дәптерлеріне осыншама төгілдірте жазып, кейін өзінің сол дәптерлері жұмыс столындағы та­лай том-том еңбектеріне де нәр болып оралмады ма?!.
Зекеңдер әлі кемеге отырмаған, өзгелері өзге жағдайларының қамымен жүрсе, Зекең мен Сәуле апай әлі де Неваның жағалауында серуендеп жүр. Зекең өзінің әйгілі «Менің Әуезовым» роман-эссесінде ұлы ұстазы туралы талай дүниелерді айтып, тағы талайын жазу столында жарым-жартылай болашақ кітапқа даярлап отырса да, ғұлама-жазушының өміріне қатысты өзі білетін жәйттер әлі де аз емес екен ғой. Осындай бір толқыған сәттерінде Сәуле апай да Зекеңді үнсіз тыңдай бергісі-ақ келеді. Бұндайда тағы көп жәйттердің өз-өзінен еске түсе қалатындығы да бар емес пе?!. Бұлардың сол жастау кездерінің бірі еді. Бірде Мұқаңды әлдебір сапардан қарсы алып, тағы бірде шығарып салып жүріп, Зекең де ұдайы ол кісінің қасында болатын. Қастарында Зекеңнен басқа да талай адамдар бар. Көбісі тағы да жазушы, ғылым адамдар болып келетін. Солардың да Мұқаңды сөйлеткісі, оның талайғы танымдық-тағлымдық мәні зор әңгімелерін құныға тыңдағысы-ақ келетін. Мұқаң да әңгімені өзінің отырған ортасына, тыңдаушыларының ыңғайына, талғамына қарай, ақырын айта бастайтын. Иә, бұл тек сонда ғана байқады, сондағы ұлы Мұқаңның талайғы әңгімелері бұларға мүлдем тосын, әрі тың, бұрын ешқашан, еш жерде айтылмаған, естілмеген, әрі ешбір жерде жазылмаған, тіпті, баяғыдан бергі Мұқаңның жазсам деп жүрген дүниелерінің ешбіріне де жуымайтын сом дүниелер болып келетін. Бірақ енді арада ұзақ жылдар өткен соң, Мұқаңның кезінде тиіп-қашты қылып айтылған сол дүниелері кейін өзінің үлкен бір шығармаларының, әсіресе, сахнадан түсіп көрмеген «Еңлік – Кебек», «Қарагөз», «Түнгі сарын» сынды драмалық, трагедиялық туындыларының кейбір жекелеген тараулары мен естен кетпес көріністері болып шыққандығын көргенде, оны сол кезде біреулері аңғарды, не аңғармай да қалды, ал, бұл өзінің ұлы ұстазының өмірінде ешқашан бос уақыты, не босқа айтылған әңгімелері мен сөздері болмағандығын да бірден түсініп, өзінің санасына мықтап түйе бастады. Иә, «жақсыны үйрен де, жирен» деген емес пе?!. Мұқаңның шығармашылық өміріндегі сол әдісін бертінде бұның өзі де біршама қолданып көрді. Сол Алматыда, сондағы шығармашылық ортада бұның да талайғы достары, оңашада сыр бөлісер қаламдастары да болды. Сонда өзінің алдағы жазбақ болып жүрген дүниелерінің кейбір тарауларын, соның кейбір жекелеген қызықты детальдарын бертінде сол әдебиетші, жазушы достарының арасында отырғанда, бұның өзі де талай рет жүйелеп, мәнерлеп айтып еді. «Тәжірибесі» жаман да шыққан жоқ, сондағы сол ортаның назары баяғыдағы Мұқаң сынды, бұған да ауды да тұрды. Әлі есінде, сондағы кейбір мықты деген жігіттердің өздері де: “Өй, біздің мына Зейнолла ағып тұрған суреткер, нағыз сұңғыланың өзі екен ғой, ойпыр-ай, бұның қасында соңыра біз шіркін жіп есе алмай қалып жүрмейік”, – деп, содан былай, әлгілердің өздері де бір тыншымай, шығармашылықтың терең өрісіне қарай ұмтылатын болды. Түптеп келгенде, кезінде бұның әдеби ортада біраз әңгіменің өзегіне айналып, өзіне атақ-даңқ, абырой әперген “Жалын” және “Ұшқын” атты романдарындағы бірқатар сәтті тараулары мен жекелеген суреткерлік шеберлікпен орындалған тұстары да алғаш осылайша дүниеге келген еді ғой. Бейнебір баяғыдағы осылайша Неваның жағалауында серуендеп жүріп, талайғы жаңа тарауларына сюжеттер құрап қайтатын ұлы Достоевскийлердің әрекетіндей әркет пе, қалай? Жо-жоқ, бұл ол жағын қайдан білсін, енді?!. Бұған үлгі, бұл үшін анық-айқын соқпақ қашан да ұлы Мұқаң емес пе?!. Бұл сол ұлы Мұқаңның көрсеткен жолы, өнегесі арқасында, әрі Мұқаңның шәкірті бола жүріп, жа­сында Алматыда, жақсы әдеби ортаға тап болғандығының әсер-ықпалының нәтижесінде, өз шығармашылығында біршама сәтті дүниелер жазып, біршама биікке де көтерілді емес пе?!. Бұл соның бәрін «Менің Әуезовымда» да біршама сыр ғып айтып, жеткізгендей болып еді.
Кейде өзінің сол үшін де едәуір көңілі марқаятын. Сол үшін де осыншама уақыт тер төгіп, босқа еңбектенген жоқ екенмін ғой деп, өзіне-өзі басу айтатын. Дегенмен, бұл шығармашылық өмір, шығармашылық тірліктер деген ешқашан сырын алдырмас құпия дүние екен-ау, тегі!.. Мәселен, бұның осындай шығармашылық өмірі, жасы жетпіске келгенше, таусылмайтын осындай бір шығармашылық тірліктері болмаса, дәл қазір баяғыдағы ұлы Мұқаңдар мен Сәбеңдер құсап, өзінің асыл жарын қасына ертіп, түу Еуропаға қарай ұзақ мерзімдік сапарға шыға алар ма еді?!.

Алдыңғы «
Келесі »