Қазақ тілі ақпараттық технология саласына қаншалықты бейімделген?

  • 03.08.2015
  • 425 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (КИСИ) ғимаратында «Ақпараттық-коммуникациялық технология және мемлекеттік тіл» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетімен бірлесе ұйымдастырған болатын.

Дөңгелек үстелде мемлекеттік тілдің ақпараттық-комуникациялық технологияға бейімділігі талқыланды. Сонымен қатар, қазақ тілін дамытуға үлес қосып жатқан әртүрлі жобаларға талдау жасалып, Қазақстанның интернет кеңістігінде жұмыс істейтін сайттардың санына, сапасына, контентіне мониторинг жасалды. Олардың қаншасы қазақ тілінде ақпарат тарататынына және сайттардың мазмұндарына талдау жүргізілді.

Шараға Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төраға орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып тіл жанашырларының және ҮЕҰ өкілдерінің мемлекеттік тілді дамытуға байланысты ұсыныстарын тыңдады.
«Қазконтент» АҚ Интернет жобалары бойынша басқарушы директоры Жандос Шолақов қазіргі кезде «Қазконтент» АҚ қазақ тілін дамытуға, қазақ тілді контентті молайтуға байланысты жобаларымен бөлісті. Оның айтуынша Baq.kz ақпарат агенттігі Қазақстанда тек қазақ тілінде ақпарат тарататын агенттік ретінде танылған. Әрі Baq.kz болашақта қазақ тілді контентті көбейтуге байланысты мүмкіндіктері зор екендігін айтып өтті.

Сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамыту қорының өкілдері Қордың жұмыстарымен таныстырды. Олардың айтуынша, қазақ тілін үйрену үшін www.soyle.kz порталына 25 мыңға жуық адам кіреді. Осы күнге дейін 400 мыңға жуық адам порталдың қызметін пайдаланған.

«Мінбер» журналистерді қолдау қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы да дөңгелек үстелде арнайы презентация жасап, бүгінгі интернет саласындағы басты проблема – қазақ тілді сайттардың копи-паст тәсілін көп қолданатындығында екендігін айтты. Екіншіден, қазақ сайттары көбінесе ақпарат бергенде әлеуметтік желідегі мәліметтерге сүйенеді, бірақ олардың шынайылығына мән бермейді. Үшіншіден, қазақ сайттары өздеріндегі мәліметтің сапасына емес, санының көп болғанын, мүмкін болса арзан материалдармен аудитория жинауды мақсат ететінін де назардан тыс қалдырмады.

Бұдан бөлек шараға, белгілі тіл жанашырлары Серік Ерғали мен медицина ғылымдарының докторы, профессор Мұхамбедия Ахметов, Арғымақ.кз сайтының редакторы Ержан Жаубай қатысты. Олар Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төраға орынбасары Е.Нұрғалиевке өзекті ұсыныстарын жеткізді.

«Дегдар» қоғамдық келесімді қолдау қоры Қазақстандағы интернет-ресурстарды талдау және мониторингілеу нәтижесі бойынша жұмыстарын баяндады.

Отырыс соңында «Тіл-аудит» сайтының таныстырылымы болды. Шараға жиналған барлық министрліктердің өкілдеріне сайттың мақсаты мен міндетін түсіндірді. Ендігі жерде мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар сайттарындағы қазақ тілді контенттің жұмысын қадағалауға алу керектігі жөнінде келісім жасап тарасты.

Алдыңғы «
Келесі »