Моноқалаларды дамыту қайткенде тиімді?

  • 21.05.2012
  • 702 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жаңаөзен оқиғасы елдегі саясатты ширықтырып қана қойған жоқ, экономикалық басымдықтарды қайта қарауға мәжбүр етті. Тіпті, елдің саяси сөздік қорында «моноқала» термині пайда болды. Нәтижесінде Елбасы үкіметке моноқалаларды дамыту жөнінде арнайы бағдарлама түзуді тапсырды. Шын мәнінде, бұл жағдай саяси элитаның «өрт сөндіру» синдромы бойынша ел басқару дәстүрін жалғастырып отырғанын көрсетеді. Бұған дейін Қызылағашты сел баспағанда, ел аумағындағы су айдыны мемлекеттік бақылауға көшпес еді. Демек, 20 жыл ішінде мемлекетті тұрақты тактикалық тетіктермен басқарудың қалыптаспағандығы және мемлекеттік мәселелерді алдын ала айқындауға «бас­қарылмалы демократияға» негізделген мемлекеттік құрылымның қауқарсыздығы күннен күнге байқалып отыр деген сөз.
Жуырда, моноқалалар мәселесі бойынша баян­дама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі, осы жөнінде бағ­дарлама әзірленіп жатқандығын жет­кізді. Бұл бағдарламаның басты мақсаты, моноқалалардың тұрақты әлеуметтік-экономи­ка­лық даму жолдарын анықтау және соған сәйкес тиісті шараларды ай­қын­дау болып табылады. Баяндамада көрсетілгендей, елімізде 1,5 миллион ха­лық белгілі бір саладағы жеке кәсіпорынның арқасында өмір сүретін шағын қалаларда тұрады екен. Бұл Қазақстандағы қала халқының 16 пайызын құрайды. Баяндамашы әзірлену үстін­дегі бағдарламаға 27 қаланың іріктелгенін тілге тиек етті. Бұл қалалардың барлығы­ның ортақ проблемасы – олардың тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі көбінесе бір кәсіпорынның жағ­дайына тәуелді екендігі. Яғни, моноқалалар экономикасы әр­та­рап­тандырылмаған, тірлігі алуан шаруашылық пен өндіріске негізделмеген. Болашақ моноқалаларды дамыту бағ­дар­ламасы, негізінен осы қала­лар­дағы шағын және орта биз­несті дамытуға назар аудартпақ. Бұл қалалардағы кәсіп­керлікті қол­дауға «Бизнестің жол картасы- 2020», «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламаларының бар­лық те­тік­те­рі пайдаланылмақ. Сонымен қа­тар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарла­масының шең­берінде қа­ла­лардағы кәсіп­кер­лікті дамыту­дың қосымша ша­ра­ларын әзірлеу ұсынылмақ. Моно­қа­ла­лар­да­ғы кә­сіпкерлік субъек­тілер үшін салық көлемін және несиелердің сыйақы ставкаларын төмендету, бұлардағы жаңа өндіріс­терді құру үшін ондағы тұрғындарға 1,5-3 миллион теңге көлемінде арнаулы гранттар беру секілді мәселелер бар. Министрдің айтуынша, қазір­гі күні елімізде қолға алын­ған индус­триялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасының және «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағ­дар­лама­сы­ның аясында 20 моно­қала бойынша 114 жоба іске асырылуда екен. Ал, Үкімет басшысының мәлімдеуінше, үстіміз­де­гі жылы моноқалаларды қол­дау­ға 20 миллиард теңге бөлінбек.
Бір қарағанда, бұл елдегі мемлекеттік күрделі мәселелердің бірі болып көрін­генімен және оны шешуге кіріскен үкіметті қолдамау жөнсіз секілді болғанымен, аталмыш жайт – елдегі кешенді және бір­тұтас шешілуге тиіс қомақты мәселенің бір бөлшегі ғана. Дәлірегі, мемлекеттің аумақтық-әкімшілік бөлінісі мен ел­дің ішкі саяси-қоғамдық-әлеуметтік ахуа­лы­ның бір біріне сәйкеспегендігінен туын­даған мәселе болып отыр. Мұндай мәсе­лені үкіметтің қабылдай салатын көп бағдарламаларының көлемінде, оған қаржы салып, әкімшілік ресурс­ты қолданып шеше қою неғайбыл. Моно­қалалар мәселесі елдегі аса күрделі әлеу­меттік ахуалдың бір бөлігі, оны жалпы мәселеден ажырата қарап, оған арнайы бағдарламамен жауап беру тиімді бола қояр ма екен?!
Шындығында, моноқалаларды, олар­дың маңындағы аумағы кемінде 100 ша­қы­рымда орналасқан ауылдар мен кенттердің мәселесімен бірге қарастырмау – елдің аумақтық-әлеуметтік сипаты мен мемлекеттік мәселені тар ауқымда қарау­дың мысалы болып табылады. Шын мәнінде, елдің 16 пайызын қамтыйтын моноқалалар тұрғындарын, оның маңындағы 9 пайыз (шартты түрде алынып отыр) шағын ауыл тұрғындарынан бөлек қарау әлеуметтік жауапсыздық болмақ. Егер де, моноқалалардың маңайындағы әлгі ауылдықтардың мәселесін қоса қарастырсақ, халықтың төрттен бірінің мәселесін де, әрі шағын қалалықтар мен сол маңдағы ауылдықтардың мәселесін өзара шаруашылық және әлеуметтік кіріктіру арқылы бірден шешуге болар еді. Бірақ, бұған елдің аумақтық-әкімшілік бөлінісінің мемлекеттің жаңаша дамуына сәйкеспейтінін көруге болады,яғни, моноқалалардың экономикасын әртараптандыру үшін, олардың маңайындағы аумақтарды қосып, оларға аудан орталықтары ретінде болмаса арнайы даму аймағы есебінде мәртебе беріп, моноқалаларды, сол аумақты ДА­МЫ­ТУ КІНДІГІ еткен әлдеқайда тиімді болар еді. Шынтуайтында, бұған дейін қабылданған қыруар салалық бағдар­ламалар тиімділігін ойдағыдай көрсеткен емес, олар бар болғаны салалық менменсу мен өзімшілдікпен шектелетін және қаржыны нәтижесіз шығындаудың бір түрі ғана әрі коррупцияның «тиімді» көзі екені белгілі. Себебі, ол қаржыны бақылайтын қоғамдық не халықтық та­рап жоқ, шенділер мен лауазымдылардан құралған формальдық комиссиялар «үлгілі» хаттама толтырғаннан басқа жемқорлықтың қылын да қыйсайта алмады. Осыдан үш жылдай бұрын қысқаруға түскен сол үкіметтік және мемлекеттік бағдарламалар тағы да елдің мәселесін желеу етіп, қайта балалай бастағанына назар аударған мақұл. Міне,соның бірі – моноқалаларды дамыту бағдарламасы болып отыр. Бір қызығы, бір мемлекеттің ақшасы бір аумақта тұратын моноқала тұрғыны мен содан 1 шақырым қашықтағы екі сиыры мен бес ешкісі бар қыстақтың тұрғынына екі түрлі қарайтын болады. Бұл – біздің елдегі жергілікті жұртты жіктеудің тағы бір үлгісі болмаса, қауқарлы да қарымды шешім дей алмаймыз. Ал, егер біз айтқандай бағдарламаны кеңірек әрі мәндірек еткенде, әлгі моноқалалардың айналасында қаншама жылыжайлар мен бау-бақша жайқалып, нешеме қасапханалар мен түрлі ұсақ ауыл шаруашылық,тіпті, туристік кәсіпкерліктерге жол ашылар еді де, соның есебінен азық өндіру мен қызмет ету түрлері арзандап, дамудың даңғылына түсер еді.
Қарастырылып отырған мәселенің маңызы зор болғанмен, оны тиімді ­ше­шудің жолы бұрынғы тиімсіз соқпаққа түсіп, шетелдегі нәтижелі бағытты сарапсыз, жергілікті жағдайға икемдейтіндей талдамасыз іске кірісу көзге түсіп отыр.Өз мемлекетінің сипатын танымайтын шенділер Америка мен Еуропадағы моно­қалаларды дамыту құжатын бас салып көшіруге асығуы – олардың елге жаны ашымайтынын немесе елін қалай тиімді дамыту жолын білмейтінін көрсетеді. Біздің бұл пікіріміз үстірт дегеннің өзін­де, әлгі елдердегі қабылданған құжат­тардың қоғамдық ойталастың негізінде қабылданатынын ескермейтін асығыс әлеуметтік шешімдер елді де, оның мемле­кеттік бюджетін де титықтатып отыр.
Үкіметтің алдына қойылып отырған моноқалаларды дамыту мәселесі – шын­­­туатына келгенде, дамытудан емес, әлеуметтік-шаруашылық инфра­құрылымды қалыптастырудан басталуы немесе сонымен тығыз байланыста бо­луы керек.Тіпті, бұл мәселенің саяси жа­ғы да бар және соған барынша тәуелді, ол – Жергілікті Өзін өзі меңгеру (ЖӨМ) институтын қалыптастыру. Бұл институт қалыптасып, дамымай, ауылдық және моноқалалық мәселелер ешқашан да тиімді нәтижеге жеткізбейтініне көз жететін уақыт болды. Себебі, ЖӨМ әкім­­шілік ресурсқа бұқаралық ресурсты қосу арқылы мәселеге қажетті ресурсты еселеуге мүмкіндік береді және соның қозғаушысы! Моноқалалар мәселесі тек қана экономикалық ырғауышты (рычаг) ала жүгірумен шешілетін нәрсе емес, оған әкімшілік-жемқорлық емес, саяси үрдістер шаңырақ («крыша») болғанда ғана үлкен үдерістерге жол ашатынындай төбемізден «нұр жаумақ».
Махан БЕТ
Астана

Алдыңғы «
Келесі »