Қос батыр – дос батыр (Баукең мен Мәкеңнің достығы жайлы ой-толғам)

  • 04.09.2015
  • 5485 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақтияр Сманов,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,  педагогика ғылымдарының докторы, 
профессор

2015 жыл Қазақстан үшін тарихы аса маңызды, елге белгілі оқиғаларға толы ерекше жыл болып отыр. Бұл – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және көрнекті қазақ ғалымы Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығы. Бұл күндерге 2015 жылы көптеген мәдени іс-шаралар арналып, айрықша аталып өтуде.


Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы алапат қанды қыр­ғын болғаны белгілі. Сондықтан, ол жайлы  ой жүгіртудің өзі қазіргі күнге дейін қорқынышты. Алайда, жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, Отан соғысында кеуделерін оққа төсеп, бүгінгі бейбіт те бақытты өмірді бізге сыйлаған майдангерлер ерлігі де, олардың тарих бетіне қанмен жазылған мәңгі өшпес ұлағатты есімдері де ешқашан ұмытылмайтыны анық. Қан майданда №37 гвардиялық атқыштар дивизиясын басқарған, кейін­нен әйелі Құралай апайдың табандап жария етуінің арқасында ұлты белгілі болған, әйгілі қазақ генералы Сабыр Рақымов, Төлеген Тоқтаров пен Рамазан Елебаев, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, Қасым Қайсенов пен Рахымжан Қошқарбаев, тау тұлғалы батыр Бауыржан Момышұлы, әскери ұшқыштар Талғат Бигелдинов пен Нұркен Әбдіров секілді халқымыздың көптеген қаһарман ұл-қыздарының ерен ерліктері ел есінде. Осындай қастерлі есімдердің бірі – Кеңес Одағының Батыры, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, аса көрнекті педагог, жазушы, қоғам қайраткері, 1951-63 жылдар аралығындағы қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры болған Мәлік Ғабдуллин есімі болатын. 
Теңіз толқынындай тулаған замана көші әр кезеңде әрбір ұлттың маңдайына даңқты перзенттерін сыйлап, тарту етіп отырған. Шығыс халықтары арасынан кешегі Кеңес үкіметінің ерекше назарын аудартып, өлердей зәресін ұшырған ұлт – қазақ елі өзінің ешкімге ұқсамайтын ұлттық танымы мен елдік болмысы арқылы өркениетке ерте жеттік деген жұрттардың бәрінен ұдайы басым түсіп отырған. 
Сол кезде «ұлтшыл» деп танылған қазақ оқымысты   зиялыларының танымдық   дең­­гейі «менмін» деп тайталаспақ бол­ған отаршыл елдердің деңгейінен басым болғандығының көрінісі сол – алып империялық мемлекеттің күн көсемі болған В.И. Лениннің өзі қазақ қайраткерлерімен тең дәрежеде санаса отырып, әрбір іс-әрекетін абайлап, есеппен ойланып жасаған. Ал, қаһарынан әлем тітіркенген И.В. Сталин қазақтардың ерекше ұлт екендігін әбден терең, жан-жақты зерделеген. Соғыс жылдарында да осы ұлт Сталиннің санасынан да, назарынан да тыс қалмаған. Ол Мәскеу түбіндегі қазақстандықтардың ерлігіне ерекше ден қойған. Бұл ретте аңызға айналған осындай ерекше тұлғалардың бірі – Бауыржан Момышұлының Мәлік Ғаб­­дуллинмен ерекше достық қарым-қа­тынасы туралы аз-кем айтып өткенді орынды санаймыз. 
Адам өз өмірінде біреумен жақын араласа келе, мінез-құлықтары үйлессе, ой-өрісі, ақыл-парасаты, пайым-психологиясы ұқсас, бітім-болмысы, таным-түсінігі орайлас болса, сол адаммен көбіне достасып кететіні жасырын емес. Баукең де дәл солай тек өзінің танымдық деңгейімен тең келетін және өзіне тең көретін санаулы ғана азаматтармен араласып-құраласқан. Ол кісі бір-бірінен бес жас айырмашылықтарына қарамай Мәлікпен қимас дос болған. Соған қарағанда «Ақыл ауыс, ырыс жұғыс» демекші, даңқты қолбасшы, әскери ілімнің білгірі Баукеңнің мінез құлқындағы кейбір игілікті ерекшеліктер – уытты әрі орынды әзіл-қалжың, тапқырлық пен шешендік, ұлтжандылық пен ойшылдық, турашылдық пен әділдік сынды асыл қасиеттер оның іні-досы Мәкеңнің бойына да жұғысты болған секілді. Баукең мен Мәкеңнің араларынан қыл өтпейтін жора-жолдастығы сонау қан майданда шыңдалған, бауыр­малдықпен суарылған болаттай берік, құрыштай мықты достыққа айналған. Екеуін табыстырып, ажырамастай жақындастырған қазақ елінің мүддесі, ұлттық идея, отаншылдық рух болғаны сөзсіз. Мұны М.Ғабдуллиннің ұстазы, көрнекті жазушымыз Сәбит Мұқановтың 1943 жылғы «Мәлікпен кездескенде» атты естелігіндегі [21.15] «…Сөйлеген сөзінде Мәліктің ерекше тоқталып, аузын толтыра ардақтаған адамының бірі гвардия полковнигі – Бауыржан Момышұлы. Мәліктің Момышұлы туралы ұзақ сөзін тыңдаған жұрттың ұққаны – батырдың полковникке деген өлшеусіз махаббаты. Оның сөздерін тыңдағанда келетін ой «Адам адамды осыдан да артық сүйе ме екен…» болды» деген сөздерінен байқаймыз.
1946 жылы Мәлік әскери қызметінен босап, елге оралғанда өз орнына Бауыржанды КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат етіп ұсынуы екеуінің арасында «ағаның жолын іні кесіп өтпегендей» жайтты аңғартса керек. Олар туралы айтылып, жазылып, зерттеліп жатыр. Баукең туралы Мәлік, Мәлік туралы Баукең де көп айтты, біршама жазды да. Айталық, Мәкең туралы Б.Момышұлы: «…ұлы Абайдың «Ойыңа ой қосады ақылдассаң» деген сөзі бар ғой. Мәлік майданда ақылдассам, ойыма ой қосатын інім еді. Менің командир болғаным рас. Бірақ, Мәлік ақылдассам, ойыма ой қосатын офицер еді… «Әкең өлсе де әкеңді көргендер өлмесін» деген қазақта мақал бар. Кешелі бері газеттерді оқып, радиодан тыңдап, жиналыста болып, «ініңді көргендер өлмесін» деген ойға келіп отырмын», – дейді еске алу кешінде. Біз олардың қарым-қатынасына қарап отырып, қос батыр бөлініп-жарылмайтын егіз құбылыс, бір болмыс болғандай әсер аламыз. 1995 жылғы 25 қазанда Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 80 жыл толуына байланысты Ижан Қарашиннің жазған «Қазақтың қос батыры» атты естелігінде де осы ой сабақтасады. Ол: «…Бауыржан мен Мәлікті бір-бірінен айырып айтудың жөні келмейтін сияқты. Оның өзіндік сыры бар. Бірі әскери адам болса, екіншісі қыз мінезді, ұяң, ағайынға бауырмал, досқа да, қасқа да ойлана қимыл жасап, саралап барып шешім қолданатын ойшыл ғалым болған», – дейді. «Біздер байқамаған, хатқа түсірілмеген тағы нендей жақындық болуы мүмкін? Соншалықты іңкәр қарым-қатынастың астарында тағы нендей құпия болды?» деген сұрақтың жауабын іздеу үшін қос қаһарман тұлғаның өздеріне ғана тән ерекше «көкірек көзі» қажет болады. Сондықтан, осы екі батыр – екі тұлғаның қарым-қатынасын әр кезде, әркім, әр ұрпақ әрқалай талдай бермек. 
Тарихта Коммунистік партия өздерінің қателіктерін үнемі халық алдында жариялап, үздіксіз «есеп» беріп отырғаны мәлім. Ол үшін бір көсемнің қателіктерін екінші көсем әшкерелеп, жіберілген кемшіліктерімен қоса, сіңірген еңбегін де жоққа шығарып отырды. И.В.Сталин, Н.С.Хрущев, Л. И. Брежнев, М. С. Горбачев секілді т.б. қызыл им­перия басшылары арасындағы қарама-қайшылық Қазақстанның қоғамдық-саяси, рухани-экономикалық ахуалына да ық­палын тигізіп отырғаны белгілі. И. В. Сталин қайтыс болған соң оның орнына келген Н.С. Хрущев айтарлықтай «реформа» жасауға талпынды. Осындай өліара шақта «Біз жанымызды салып түзетуге тырысып жатқан КСРО-ны кімдер, қалай және не үшін аман сақтап қалды?» деген ой да ұмыт бола бастады. Сталинизм құрбандығына қазақ­стандықтар да кінәлы болып шықты, олардың тек Орталық Комитеттің, Мәскеудің бұйрығын орындаушы екен­діктерін ешкім есепке алмады. Үдере көшкен саясат дүрбелеңі өзі сүліктей сорып, сойылын соққызып, өлекседей титықтатып, әбден ерікті-еріксіз пайда­ланған кадр­ларын «шіріген жұмырт­қа» іспетті сыртқа лақтырып тастап отырды. Сон­дай сұрқия саясаттың салқыны соғыс кезіндегі аса қысылтаяң кезеңде Қазақстанды басқарған бірінші басшы Ж.Шаяхметовке де тиді. «Аласталғандар» арасында ел қорғаған батырлар да, қоғам қайраткерлері де, аса талантты оқымыстылар да, қанша адал болса да бір ауыз сөзге бола жала жабылған қарапайым халық та болды. Мұндай зауалға төтеп беру еш мүмкін емес еді. Сондықтан да, бұл идеологияның ғұмыры қысқа болды. 
Сол тұста «Батырымыз» деп дуылдатқан Мәлікті де кеңестік саясат бір сәт назардан тыс қалдырған кезеңдер де болды. Тіпті, тірі кезінде дос болып, құшақтасып, көп ісін тындыртып жүрген кей жолдастарының біразы сырт айналды. Батырдың «жетім қыздың тойындай» болған алпыс жылдық еске алу кешінде әйелі Нәзия апай шыдай алмай, Баукеңді құшақтап жылап жібереді… Басшылардың өзінен қаймығып, сол кешті «өткізбесек бір бәлеге қалармыз» дегендей сыңайларын Баукең жақсы сезеді. Әйтсе де, артында арыстандай айбатты Бауыржандай іздеушісі бар Мәлікті ол саясат шырғалаңының уақытша додасынан аман-есен алып өтеді. Өйткені, қандай саясат алқымынан алса да, Мәліктің бар болмысын о бастан-ақ танып-білген қалпында қалған, оны терең түсіне білген және пікірін еш өзгертпеген «некен-саяқтың» бірі – хас батыр Бауыржан Момышұлы болғанын бүгінгі күндері артында қалған естеліктерден көреміз.
Ұлы Отан соғысының қатпарларына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына көзіміз анық жетеді. Оған дәлел орыстың белгілі әскери жазушысы Илья Эренбургтың «Қазақтар» атты мақаласында: «Тұтқынға түскен бір фриц айтып еді: «Бізге қарсы қорқынышты солдаттарды жіберді. Оларды ешқандай оқ тоқтата алмайтын еді. Себебі, олар тура бізге қарай жүгірді. Олардың қазақтар екенін маған кейін айтты. Мен бұрын мұндай халықтың бар екенін білмейтін едім… Жігіттер осылай шайқасты. Иә, фрицтер қазақтардың кім екенін енді білді», – деп жазыпты «За Родину» (Отан үшін) газетінде 1942 жылғы 22 қазан күні.     Бірін-бірі өле-өлгенше мойындап өткен қос батырдың ұқсастығы осындай көзсіз ерен батырлықтарында ғана ма? Жоқ, одан да басқа ағалы-інілідей болған жан жақындығы, әлде қан жақындығы, әлде жүрек жылуы, әлде қатал-қайсарлығы, әлде әлсіз-дәрменсіздігі, әлде даналығы, әлде балалығы, әлде суреткерлігі тағы-тағы қандай ұқсастықтары болуы мүмкін деп ойланасың. Баукеңнің «Қанмен жазылған кітабындағы» мына жазылған жайттар да оқырманға көп ой салады. 
«…Жеңістің түбірінде жеңіліс бұғып жатады» деп Панфилов айтқандай, әрбір командир қадамын есептеуге тиіс. Мен ұрыс идеалы дегеніміз – бұл ұрысты шығынсыз жеңіп шығу, ал ұрыс өнері дегеніміз бұл ұрысты азырақ шығынмен жеңіп шығу деген сөз дегенім еді. 
…Немістер біздің ротаға жүз метрдей жер қалған кезде бір жауынгер қырындай түрегеліп, автоматын алға кезей ұстап «Ура!» деп айқай салды. Бұл – Төлеген Тоқтаров еді. Ротаның қимыл-әрекетсіз қалғанына ашынған ол өзінің төрт жолдасына: «Жауға аттанайық!» деп үн қатты. Оның соңын ала бес жауынгер «уралап» жауға ұмтылды, олардың артынан тағы да бес адам, сөйтіп бүкіл рота тұтас көтерілді, немістер кейін шегіне бастады.
Полк командирі ретінде мен бұл ұрысқа басшылық жасай алдым ба? Жоқ! Мен өзім сасып абдырап қалдым, жағдайымыз шын құрыған екен деп санадым. Полкты тығырықтан кім алып шықты: командир мен бе, болмаса мына 10 ержүректерді бастап шыққан екі қыран ба?! Бұл жерде, ұрыстың сол сәтінде мен командир ретінде дәрменсіз күйде қалдым. Ал, ұрыста мұндай сәт ең қауіпті еді. Бірақ, батыр ерлер өз істерін істеді, қауіп жойылды. Операцияның екінші кезеңінде, осы қарсы шабуылға шығу уақытында мен жалғыз өзім ғана емес, барлық полк пен бүкіл дивизия осы 10 батыл жауынгерлерге қауіптен аман алып қалғаны үшін қарыздар, олар көтерілгеннен кейін барып қана пулеметтер іске қосылды, автоматтар мен винтовкалардан оқ жаудырыла бастады. Алайда, бұл ең батыл жауынгерлерді көтерген, олардың сана-сезіміне түрткі жасаған кім? Міне, осы жерде ерлікті ажырата білген жөн.
Тоқтаров пен Ғабдуллиннің және басқалардың ерлігінің мәні осында, олардың жауынгерлерді бастауында жатса керек. 
Қорытынды жасайын: Бородино ұрысының нәтижесінде 1200 дұшпанның көзі жойылды, біз 157 адамымыздан айырылдық. Неміс командованиесінің түбірден соқпақ болған жоспары тас-талқан етіліп, күлін көкке ұшырдық». 
Көріп отырғандарыңыздай, осы қиян-кескі ұрыстарда көзсіз ерлік көрсеткен жауынгерлер Төлеген мен Мәлікті мойындап, алдымен өзі бас иіп отырған Баукеңді «ұлы» демеске шара жоқ. Баукең сынды шебер тәлімгер, үлкен ұстазды ұлық тұтқан шәкірттерін де «батыр» демеске әсте әддің қалмайды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында жүз­деген, тіпті, мыңдаған қазақ жігіттері мен қыздары зұлым жауға қарсы жан аямай күресіп, халқымыздың даңқын асқақтатты. Халықтың бірлігі мен ынтымағы соғыс жылдарында айрықша көрінді. Қа­зақ­стан­­дықтар әскери бөлімдерде, құра­маларда, әскердің барлық түрлерінде қыз­мет етіп, сан түрлі әрекеттегі майдандарда шайқасты. Қазақстандық металл мен құрыш танкілерде, артиллериялық зеңбірек, пулемет, мылтықтардың оқпанында, әскери кемелер мен ұшақтардың құрылысында толассыз пайдаланылды. 1941-1945 жылдар аралығында майданға бір миллион екі жүз мың қазақстандық жұмылдырылды. Алты жүз мыңнан астам жерлесіміз шайқас алаңдарында қаза тапты. 
Қазақстандық жазушылар да Ұлы Жеңіске маңызды үлестерін қосты. Олар жалынды отаншылдық тақырыптардағы шығармалар жазумен шектелмей, басым көпшілігі қолдарына қару алып, Отан қорғаушылардың қатарына қосылды. Осылайша, олар жауды тек қаламмен ғана емес, қарумен де жеңуге қабілетті екендерін дәлелдеді. Ұлы Отан соғысына Қазақстанның 76 жазушысы қатысты. Олардың көпшілігі Қызыл Жұлдыз орденімен, Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталды. Бұлардың он бірі, атап айтқанда, Мәлік Ғабдуллин, Әди Шәріпов, Белгібай Шалабаев, Қажымұрат Сыздықов, Шона Смаханұлы, Сағынғали Сейітов, Қапан Қамбаров, Қалижан Бекхожин, Тахауи Ахтанов, Хасен Әдібаев, Төкен Әбдірахманов Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының түлектері еді. Ресми деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы кезінде бес жүздей қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, солардың 105-і тек қазақ ұлтының өкілдері екен. Солардың ішінде аға мен інідей болған Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің аттары аңызға айналып, есімдері ел есінде қалды. 
Жазушы Мамытбек Қалдыбаевтың 1990 жылғы «Рухыңнан айналайын» деген естелігінде қазақтың қос батырының бірін-бірі қатты сыйлап, құрметтеп өткені әр қырынан сөз болады:
– «Мәлік жан-дүниесімен де, сырт келбетімен де сұлу еді, – деп бастады Баукең сөзін. – Біз Панфилов дивизиясында қарапайым өмір сүрдік. Шабуылға бірге аттанып, бірге оралдық. Осы достық маған барлық кезде көмектесті.  
Ол әр кездесуі жаңалық ашқанмен тең адамдар қатарына жататын. Ол адал, әзіл-қалжыңға шексіз бай еді. Жасым үлкен болса да, мен одан кішілік пен кісілікті үйрендім. Тіршілік жолында Батыр даңқына дақ түсірмей өту оңай емес. Ол осы қатал сыннан сүрінбей өтті. Мәлік еш жерде, ешқашан алған бетінен қайтқан емес, ешкімнің атақ-беделіне жығылған емес…
– Қарағым, мен бұларды неге айтып отырмын? – деді жеңіл күрсініп. 
– Біздің мәдениетіміз әлі төмен. Ойланып-толғана білмейміз. Ең өкі­ніштісі, көп дүрмектің ағысына еріп, өткенімізге, жан-жағымызға көз салмаймыз. Кімді қастерлеу керек дегенге мән бермейміз.
Мәліктің ғалымдық, педагогтік еңбегі өз алдына, ол кешегі қан майданда ел қорғаған ер, батыр емес пе?! Ол – Халық Батыры. Ал, оған көрсеткен құрметіміз қандай? Түсінсеңдер, марқұм Мәлікті сыйлау ол үшін емес, ұрпақ үшін керек. Оның өмірі жастарымызға патриоттық, интернационалдық тәрбие берудің өзінше бір мектебі…» 
Батыр дұрыс айтады. Біз осыны ескеруіміз керек.
Белгілі бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов Баукең мен Мәлікке байланысты ғаламтор бетінде Жадыра Нармахановаға берген сұхбатында былай дейді: «…Соғыста Мәлікке Герой атағын алып беруге еңбек сіңірген Баукең екенін кейін білдім. Ол кісінің мінезінің жұмсақтығына таңданып, Баукеңнен «Ондай кісі қалай батыр атанып жүр!» – деп сұрадым. «Олардың жасаған ерлігі сұмдық… сойқан еді ғой… Өрімдей болып өте батыл еді… 
Мәлікті екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсындым. Бірақ, менің ұсынысым жоғарыға жетпей, жарым жолда қалып қояды екен. Бір күні біздің батальонға әйгілі Кутузовтың генерал немересі дайындығымызды тексеруге келетін болды. Тамақты керемет жасайтын Жан деген өзбек солдатым бар еді. Соған «Бар өнеріңді салып дастарқан жаса, қонақ шақырамыз»,– деп тапсырдым. Сөйтіп, Кутузовтың немересін риза етіп едік. Ол бізге қайыра сұрақ қойып: «Майданда жүріп мынадай дастарқанды қалай жайнатып жібергенсіңдер!» деп әзілдеді. Соңында кетер кезде «Не бұйымтайларың бар?» – деп сұрады. «Ештеңе сұрамаймын, тек мына пакетті тиісті орнына жеткізсеңіз болды», – деп, қолына Мәлік пен Төлегенді батырлыққа ұсынған өтінішімді бердім. Үш күннен соң екеуі батыр атанып, даңқтары асқақтады», – деді Баукең». Бұл сұхбатта жаппай ерлік үлгісін көрсеткен генерал Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің ішіндегі жеке дара шыққан қазақ батырларының алғашқылары – Төлеген Тоқтаров пен оның ұстазы болған саяси жетекші Мәлік Ғабдуллиннің осы аса жоғары атақты алуын тікелей өз міндетіне алып, қадағалап, жеріне жеткізген – Бауыржан Момышұлы екені айтылады.     Мәлік те өз естелігінде Баукең туралы: «Жауынгерлік ар-намысым менен осында, жауынгер жолдастарымның қаны төгілген дивизияда қалуымды талап етеді. Өлген жолдастарымның аруағы қашан қатардан шыққанымша осы дивизия туының астында болуымды талап етеді. Егер, мен бұл жерден кетіп қалсам, онда мені өлген солдаттарымның рухы қарғайтын болады! Мен солдатпын! Солдатша соғыса білуге де міндеттімін. Солдаттың жүрегіндегі сөзді айтуға да тиістімін. Менің сөзім осы, жолдас комиссар», – дейді Бауыржан комиссар Егоровқа. 
Олай дейтінім, сол жолы Бауыржан сөйлемесе, бәріміз: «Е, жоғарғы жақтың бұйрығы солай болса, онда не шара деп Алматыға аттанып кетсек, 8-ші гвардиялық дивизия бүкіл дүниежүзілік даңққа ие болар ма еді, болмас па еді? …Әй, болмас еді деп ойлаймын. 
Панфилов – 8-ші гвардиялық диви­зияның даналығы болса, Бауыржан – дивизияның ар-намысы болды. Панфилов – дивизияның жүрегіндегі лаулаған оты болса, Бауыржан – оның лапылдаған жалыны болды», – деп жазады.
Бауыржан Момышұлының жоғарыдағы келтірілген естеліктегі «Ол адал, әзіл-қалжыңға бай.., кішілік пен кісілікті үйрен­дім» дегенінен шығады, оның бойын­дағы сыпайылық пен төзімділіктің, астарлы әжуаның бір көрінісін 1944 жылғы 16 сәуірдегі жазған мына хатынан да аңғарамыз:
 «…Көп тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды» дейтін еді Бауыржан. Мен саған бір қызық нәрсе айтайын. 
Жақын арада біздің майданға делегат болып келген бір наркомсымақ қазақпен жолығып сөйлестім.
Алыстағы майданда жүрген адам жас бала секілді әр нәрсені аңсағыш келеді ғой. Мен үш жылдай майданда жүргендіктен, елді сағынып қалсам керек. Сондықтан, жаңағы наркомсымақтан ел әңгімелерін сұрай бастадым. Ол ел жайын, шаруашылық жөнін, күнделікті жоспарлардың қалай орындалып жатқанын көп сөзбен айтып берді. Онысына разы болдым. Сонан кейін:
– Әдебиет, искусство жақтарында қандай жаңалықтар бар? Жазушылар нендей шығармалар жазып жатыр? – дедім.
Ол менің сұрағыма мүдіріп қалды.
– Соңғы жылдары, – деді ол, – театр­ларда «Абай» пьесасы қойылып жүр. «Ақан сері-Ақтоқты» деген пьеса сахнаға шықты. Бұлар соңғы жылдары, соғыс кезінде жазылған нәрселер. Ал, Сәбит «Абай» туралы роман жазды, Мұхтар «Балуан Шолақ» деген поэма жазды… Міне, осындай шығармалар басылып шықты.
– Бұл үлкен табыс екен… Мұхтардың… жаңағы өзіңіз айтқан поэмасында не нәрсе айтылады екен…
– Қарағым, Мәлік, мен оларды оқыған емеспін, қолым тимейді. Жұрттың айтуына қарағанда, Мұхтардың поэмасы мына өздеріңнің ерліктерің туралы болса керек… 
Бұдан ары ешнәрсе сұрамадым», – дейді Мәкең. 
Әрине, сыпайы Мәкең тоғышар, топас наркомнан әдебиет пен мәдениет  жайлы сұрағанда да қарық болмайтынын біліп, оның да, өзінің де жанын қинағысы келмегені белгілі. Мұндай сабаздар осы күнгі ХХІ ғасырдағы қазақ басшысымақтарының арасында да кездесетіні жасырын емес.
Мәкең 1943 жылы елге демалысқа келгенде Бауыржан Момышұлының Алматыдағы зайыбы Жамал Мәлік ағаның жанына көп адамды қосып, қонаққа шақырады. Сонда, Мәкең Баукеңнің баласы Бақытжанның жақсы болып өсіп келе жатқанына, қазақша сөйлеуіне және де олардың жайсыз үйде тұрып жатқандарына ерекше назар аударады. Бұл туралы Мәлік аға 1943 жылғы қазан айының 26 жұлдызында Баукеңе жазған хатында:
«…Жамал Бақытты қазақша сөйлеуге үйретеді, онысы орынды және дұрыс. Жас бала орысшаны қашан да болса тез үйренеді, ана тілін білмесе ол ұят болады ғой. Сіздің үйге квартира бермегеніне наразылық білдіріп, горкомға, Оңдасынов пен Шаяхметовке айтып: «Қазақ халқынан шыққан бір батыр командирдің семьясына квартира тауып бере алмағандарың ұят емес пе?» дедім. Олар: «Қайтсе де жақын арада квартира берелік», десіп қалған», – дейді. Өзі де оқ пен оттың өтінде – қан майданда соғысып жүрген Мәлік аға Баукеңнің отбасына осылайша қамқорлық, жанашырлық білдіріпті. 
Бауыржан Момышұлына жазған хатын Мәкең «Құрметті Бауке» деп бастаса, Бауыржан аға: «Мәлігім» деп бастайды екен. Осы бір сөздерден-ақ олардың арасындағы үлкен ілтипатты, ерекше сыйластықты көруге болады. Ал, кейбір хаттарында ол «Жалбағай ініңіз Мәлік» деп те жазады. Мұндағы «жалбағай» деген сөздің мағынасына көп адамның бірден мән бере қоймасы анық. Бұл сөз Баукең сияқты аса айбынды батырдың жанында өзін өте «кіші» санап, жанында жалбырап, шашбауын көтеріп, желбіреп жүрген жасы да, жолы да кіші-іні әрі өзін шәкірт ретінде көрсету мағынасында қолданылып тұрғаны байқалады. 
Баукең мен Мәлік жазысқан хаттардың мазмұны былай болып келеді:
«Бауке, сіз сырқаттанып жүрген көрінесіз. Біраз уақытқа емделіп, дем алған жақсы ғой. Осы жөнінде «ходатайство жаса» деп ЦК-ның Шаяхметовына хат жазсам қалай болар еді? Бұған не ақыл бересіз? Бұл әңгімені айтуға тартына беретініңізді білемін. Тағы хат жазам. Хат жазып, амандық білдіріп тұрыңыз. 
Сізді қадірлеуші ініңіз Мәлік.
V-43 ж.
Қадірлі Бауке!
Аман-саусыз ба?
Мен де аман-саумын. Біраз жайды бұ­дан бұрынғы хатымда жазғам, оны алған боларсыз. Мен Мәскеуге келіп жатырмын. (Награданы майданның өзінде Пуркаев тапсырған 5/ІІ-43 күні).
Жаңалықтар мынау – Қазақстан басшылары Щербаков жолдастың алдына мәселе қойып, мені біраз уақытқа Қазақстанға демалысқа шақырып жатыр. Бұл әңгімені Скворцовқа айтып, телеграмма бергем, ол кісі жауап берді: «Возбудили ходатайство о предоставлении Вам отпуска», деп жауап қайырды. Нәтижесі не боларын білмеймін. Бұл арадағылар арқылы сіз бен Балтабекке атақ беру мәселесін естідім. Материалдар Верховный Советте жатыр, жақында бірдеме болар дегенді айтты.
Мен осы арада «Қазақ мақалының күші» деген мақала жазып, «Социалистік Қазақстанға» жібердім. Ондағы әңгіме сіз және сіздің ерлігіңіз туралы. Бауыржанның мәдениеті, адамгершілігі, ерлігі деген әңгімені баса айттым. Толық хат жазам. Бұл арада біраз күн болмақпын. Биылғы «Қазақ баласы» дегенді жөндедім, осындағы қазақтарға оқып ем, ауыздарынан суы құрып тыңдады. Егер, Алматы жағына бара қалсам, бір мықты жазушыға «Сәбитке, не Мұқаңа» берген жөн деп ойлаймын. 
Хабарыңызды күтем. 1485 полевая поч­та, часть 66. Сәлеммен, Сізді шын жүректен қадірлеуші Мәлік. 15.ІІ.43 ж. 
Р.S. Издательствода болдым. Каримо­ваңыз майданға кетіпті, сонда армияда дейді.

Баукеш!
Аманшылық болар. Мен де аман-сау­мын. Біраз жайды бұрынғы хатымда жазғам. Алған боларсыз.
Мен Мәскеуден кеше келдім. Айтпақ­шы, Мәскеуден шығарда Союз писателейде болдым. Олар президиумында Сіздің Қазақстан жазушыларына жазған хатыңызды қарағалы жатыр еді. Қандай қаулы аларын білмеймін. Оны Сізге айрықша хабарлауы керек. Оны жазарсыз. Сіздің хатты барлық жазушы білетін көрінеді, просто восхищаются. Они спросили меня «Неужели Баурджан не писатель, а мы думали что он критик или писатель-поэт. Я ответил как это следует.
Құрманбек қайда? Ол маған айтқан еді: «Өзім хат жазам, оған дейін хат жазба, өйткені, менің адресім тұрақсыз» деген болатын. Ответа от него все еще нет, жду. Бауке! Дайте мне совет – что делать? Здесь предлагают поехать в военную академию. Сами знаете, что из меня военного человека не хера не получится. Я – работник просвещения, науки. Соғыс бітіп, одан қалатын күн болса, әскерге қалдырамыз деуі мүмкін ғой. Осы ой мені көп толғандырады. Ақыл беріңіз, жду.
Ел жаққа март айында барамын деп ойлаймын. Ол жаққа барар болсам, сізге барып қайтам. 
Хатыңызды күтем. Ініңіз Мәлік. 21.ІІ.43 ж.
Полевая почта, 21475 К.

Ардақты Баукеш!
Ақыл-ойдың арнасынан шыққан асыл сөздеріңізбен шын жүректен құтты болсын айтып жазған ашық хатыңызды алдым. Бар жан-тәніммен риза болып отырмын.
Ұяңда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деген ғой. Тар жол, тайғақ кешу кезінде, тас қамалды бұзып, темір қоршауды қирата шыққан кездерде біздің үлгі алған адамымыз, ақыл-адамгершілігіне, қайраты мен өсиетіне сенген адамымыз да Сіз едіңіз. Сіз – басшы, біз – қосшы болдық. 
Атақ үшін емес, ар-намыс үшін халық алдындағы борышты өтеу жөнінде де Сізден үлгі алдық, Бауке. Тек аман-сау болайық. «Өзге қызық тамаша бола жатар соңынан» дейтін де өлең бар емес пе?
Қазақ халқының қадірлісі де, арда өскен атағыңыз, соңына мыңды ертіп, қаһарлы жаудың тас қамалын бұзуға, ержүрек ұлы Бауке, Сіздің дәрежеңіз артып, мәртебеңіз үстем бола беруіне шын көңілден тілектеспін. Ақыл мен қайраттың, адамшылық пен батыр­лықтың тұлғасы болған Баукеш, хал­қы­ңыздың рахаты мен болашағы үшін жасаңыз.
Інілік сәлеммен еркелеп, қолыңызды қысып, мойныңыздан құшақтап, беті­ңізден сүйдім, ініңіз Мәлік.
P.S. 1-майыңыз құтты болсын. Жайнаған жаздай жарқын болуы-ңызға тілектеспін». 
18.ІІІ. 43жыл, Ғабдуллин».

Бірде Мәкеңнің сүйікті шәкірті, бүгінгі абыз ақсақалымыз, менің қадірменді ұс­тазым Серағаң (академик Серік Қирабаев) мынадай естелік-әңгіме айтып еді.
Майданнан оралған соң Мәлік, Сәр­сен (Аманжолов) Мәскеуде Бас саяси басқар­мада қызмет етеді. Мұнда оларды жұмысқа И. Сталиннің тікелей нұсқауымен орналастырыпты. Ал, Баукең бастаған кейбір майдандас достары майданда қалыпты. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Сонан, біраз уақыт өткен соң елге келген Баукең біраз қызметсіз отырыпты. Сөйтіп, бірде өзінің қаржысыз қалғанын Мәлікке телефонмен хабарлап айтса керек. «Батыр аңғал келеді» демекші, ойында ештеңе жоқ Мәлік батыр екі үлкен сөмкемен Алматының көк базарын аралап жүріп, азық-түлікті мол етіп алыпты да арқаланып, терлеп-тепшіп дос-ағасының есігін қағыпты. Есікті ашқан батыр Баукең ашу шақырып:
– Мына жүрісің не сенің, сөмке арқалап…Батыр басыңмен ұят емес пе?! Одан гөрі бір уыс ақша әкелсең жетпей ме?! Кейін өзім алар едім ғой, – депті риясыз көңілмен іні-досын аяп, жанашырлық танытып.
Баукеңе байланысты тағы бір мысал. 1975 жылы қараша айында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты Мәкеңнің 60 жылдық мерейтойын атап өтеді. Оған бір топ ғалым, көркемөнер, әдебиет қайраткерлері қатысады. Сонда, Баукең өзі отырған орынға шақыру билетін әдейі қалдырып қойып кеткен көрінеді. Онда қаһарман Мәлік туралы: «Ол – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер еді… 1. Азамат, 2. Батыр, 3. Білімпаз, 4. Ұстаз, 5. Жазушы, 6. Ақын, 7. Аудармашы, 8. Қоғам қайраткері», – деп жазып кетіпті. Бұл – Бауыржан Момышұлының Мәкең бойындағы асыл қасиеттерге, игілікті ерекшеліктерге берген жоғары бағасы еді.                                                              
Баукең – қазақ батырларының бәріне үлгі болған, әрі ұстаз болған ерекше тұлға, жаужүрек баһадүр. Қазақ жауынгерлері оның теңдесі жоқ қолбасшылығы, көзсіз батырлығы, «түкті» жүрегі мен кесек тұлғасы туралы аңызды сырттай естіп, кейбірі бетпе-бет жүздескен. Үлкен Ұстазға жан-тәндерімен еліктеген қазақ жауынгерлері Баукең­нің даңқын аспандатқысы әрі оны қуандырғысы келіп, ерліктерін оған «сыйға» тартуға құмар болған. Ұлы ұстаз, ғажап қолбасшы Баукеңнің шәкірттері ерлігінің бәрін «ел» есебіне жатқызып отырған. Даңқты батыр өзі арқылы қазақ деген қаһарман ұлтқа «ұпай» қосып отырған. Бауыржанның  мақсаты – өз басының Батыр атағын алуы емес, қазақ деген халықты батыр ретінде таныту болды. Ол кешегі Алаш қайраткерлерінің артында қалған заңды мұрагері ретінде, солардың мүддесін жалғастырушы, жоғын жоқтаушы, іздеушісі ретінде танылған. Оның мойнында сол кезеңде ұлт үшін «халық жауы» болған барлық «құрбандардың» аманаты тұрды. Нағыз сыналар шақта қазақ деген ұлтты «көрсетіп», өзге түгілі өзін аямаған Сталиндей қолбасшыға «Көзіңді ашып қара, қазақ деген осындай халық! Қанша қырсаң да, қырық жаны бар халық! Ол жан – батырлықта!» деген ойын іс жүзінде дәлелдегені, сес көрсетіп, қарымтасын қайтарғаны да анық. Айтулы батыр «қазақ» деген халықтың өзгеге кеткен есесін бейбіт күндері қайтаруға да күш салып өмірден озды. 
«Қара қылды қақ жарып тұңғыш шыққан жеке-дара қазақ батырларының бірі – Төлегеннің ұстазы Мәлік болыпты, ал, Мәліктің ұстазы Бауыржан болды» немесе «Ол керемет қолбасшы болды» деген Баукең туралы тұжырымдардың аясынан асып түскен айрықша мінезді адам болғаны кезінде ашық айтыла да бермеген. Тіпті, кейбіреулер оны толық түсіне де бермеген. Сондықтан да, Баукең «саяқ» ғұмыр кешкен, ішкі сыры құпия жан болған. Ол – бүкіл майдан барысында кең-байтақ КСРО көлеміне дарынды қолбасшы ретінде танылып, иісі қазақтың даңқын Төлеген, Мәлік бастаған «батырлар шеруі» арқылы, ең алдымен, халқымыздың жасып қалған жауынгерлік рухын көтеріп, одан кейін «соғыста тек орыс солдатының арқасында жеңіске жеттік» деп орынсыз кеуде соққан «ұлы халықты» еріксіз мойындатқан, қазақты әрі әлемге паш еткен «екеудің – бірі, біреу болса – соның өзі» дерлік дара жаратылыс иесі, ерен ержүрек тұлға. Ал, біздің басты кейіпкеріміз, оның іні-досы Мәлік – Баукеңнің алдында мәңгі «кіші» болып қалған ұлағатты шәкірті. Шәкіртімен бірге Баукең сынды ұлы тұлға бірге бой көтеріп, бірге биіктеп, бірге аспандайды. Одан әрі олар шырқау көкке шарықтаған қыран бүркіттің қос қанатындай қалықтайды. Өйткені, Баукеңді Мәліктен, Мәлікті Баукеңнен бөліп-жарып қарау еш мүмкін емес. Уақыт деген «құмсағат» қанша сусыса да, осы «тандем» – домбыраның қос ішегіндей егіз ұғым ретінде барған сайын көмескі тартудың орнына тым жарқырай түсуде. Олар – бізден алыстаған сайын асқақтай түсетін мұзарт шыңдар секілді алып тұлғалар. Қазіргі кезде екеуінің арасындағы бұрындары байқала бермеген жан жақындығы мен болмыс ұқсастықтарының кейбір иірімдері барынша айқындала түсуде. Бұл – жалғасын таба беретін мәңгілік тақырыптардың бірі, тарихтың нақ ортасында иықтасып қатар тұрған қос батыр тұлға – басты кейіпкерлер болып, әманда, қала бермек!
Иә, аңызға айналған қос тұлға халқына тек көзсіз батырлықтарын паш етіп қалдырған жоқ, екеуі біріне-бірі мәңгі тозбас «сөз қамалын» да соғып қалдырды. Қос батыр – қос қаламгердің бұл туындылары – халқымыздың ұлттық құндылығының алтын қорына қосылған өлшеусіз жәдігерлер. Екеуі туралы мұндай естеліктерді болашақ ұрпақ көздің қарашығындай сақтап, пәрменді тәлім-тәрбие құралы ретінде мәңгі пайдалана беретіндігіне еш күман болмаса керек.

Алдыңғы «
Келесі »