Көбей, қазақ!

  • 04.09.2015
  • 390 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ата-бабаларымыздың  көз жасын көл қылып, қасіретті заманның зардабынан көздің жасы қанға ұласып, Құдайдан тілеп алған тәуелсіздігіміздің таңын аттырғалы, міне, он жылдан астам уақыт та өтті.
«Ерінбей еңбек етсең,
Етек жеңің кеңейер. 
Етек-жеңің кеңейсе,
Терезең жұртпен теңейер» дегендей, бүгінде оң-солымызды танып, тереземіз өзге жұртпен теңесер деп, ерінбей еңбек етіп те келеміз. Жөніне қарасақ, қазақ халқы көп ұлттың ұйтқысы болуы керек еді. Бұл бізге деген үлкен сын, әрі зор міндет. Ең өкініштісі, біз осы мақсатты алға ұстасақ та басқаға өнеге-үлгі боларлықтай қырымыз аз. Олай дейтініміз – бүгінгі қазақ ұрпақ ойын өрістетіп, жарқын жол іздемейді. Ұлтым деп қанаттанбайды. Ойсыздыққа душар болдық, Намыссыздық, басын көтеріп, түпкір-түпкірімізге дейін  жайылып, басып-жаншып барады. Теріс тәрбиенің нәтижесі сол, намыссыздыққа әкеліп тіреді. Қай газет бетін ақтарсаңыз да, ақ сақалды аталарымыз бен ақ самайлы апаларымыздың жастарға деген реніштері, сол реніштің салдарынан туындаған ойтүрткілеріне еріксіз көзіміз түседі.


Қатерлі дерттің алдып алу үшін және оның нәтижесін жою үшін басты мақсат бесігімізді  түзеу және бесік жырын жаттау болмақ. Ойымыз түсінікті болуы үшін, яғни, қазіргі хал-жағдайымызға үңілу үшін, күйзелген күйімізді сезіну үшін, алдарыңызға ұсынып отырған тақырып – демография. Бұл бүгін жазып, ертең жауып тастайтын тақырып емес. Бұл осы ғасырдағы қазақтың идеологиясы, философиясы, өмірінің мұрат-мақсаты болуы керек. Айналаға сұсымыз болуы үшін, экономикамыз қарыштап дамуы үшін саны молаймаса қазақ өркениеттер бәйгесінде тиісті үлесін алып, өрнегін  қоспай, осы жасық, жасқаншақ күйі кете бармақ.
Жауға  қарсы шапқанда бабалардың ерлікті қайдан алғандарын қайдам, әйтеуір, бүгін шеті-шегіне жетіп болмайтын кең байтақ да­ланы жайлап отырмыз. Отырмыз дегенде, әзірге дүние тым дүлей берекетсіз соқтығу дәуіріне кірген жоқ. Өйтпесе бізді бұлай отырғызбайтын еді. Бірақ, ол кезде қазақ басқаға еріп азбаған, арақ ішіп тозбаған еді. Ол кездегі қазақ соғысқа жараған, алқымдаған бөрісін алмай тынбайтын сырттан еді. Ел ішінде береке-бірлік болатын. 15 жаста жауға кірген ердің артында ізін басар шаңырақ иесі, найзаның ұшын көтерер ұл, шаңырақ киесі болуға жарар қыз қалған. 13-те отау иесі. Заман талабы сол, ұрпақ берер жасқа келген ұл мен қызды бала өндірісіне қосып, үй ғып кетеріп жіберу еді. Өйткені, бетпе-бет қарпысқан екі қолдан сытылып аман шығатындар тек жартысы ғана. Қалғаны елдің батасы үшін, артынан қалар «батыр» деген бір ауыз лебізі үшін және елім, жерім деп жер құшатын.
 Сол кездегі жұрт, қызы 12-ге тол­ғасын киіз үйдің оң жақ босағасына шығарып, көрпе төсегін көлегейлеп  шымылдықпен орын берген. Көп ұзамай қызға үкі тағылып, сырға салынған, яғни, тұлымшағын жаңа қидырып, азамат қатарына өткен жас жі­гіттің әкесі қыз үйінің тебесіне қамшысын іліп, «қызының қарғыбауына» деп бір жорға байлайды. Үкі тағылған қыз ерте тұрып, кеш жатып, өз алдына қазан-ошақ ұстап, қонақ қабылдап, отбасылық тіршілікке үйрене бастаған. 6 айдан соң жасауын ырғалтып қыз үйінен ұзайды. Яғни, сол кезде де дүрілдеп тұрған демографиялық соғыстың жауынгері болып сапқа тұратын. Қысқасы іргелі жұртқа салтанатпен келін болып түскен. Қазақ ұлға ертеңгі аламан, яғни, батыр деп, ал қызға батырдың анасы ретінде қараған. Бір бала дүниеге келсе жауға шабар әскердің сабына сап, қатарына қатар қосылды деп қуанатын. Сондықтан, бала туу, оны өсіру, өсірместен бұрын оған дұрыс тәрбие беру қазақ тұрмысының негізгі мәні болып табылатын. Біз үшін осы «көп балалы отбасы» деген ұлттық идеологиямызды  сақтап қалу үлкен абырой, намыс және де орасан зор міндет.
Бір ауылдың келіні жүкті болса, бүкіл ел боп, жұрт боп қуанған. Келін жерік болса, кішігірім той жасаған. Келіннің көңілін көтеруге жастар жиналып, көңілді кеш өткізген. Тіпті бала кіндігіне оралып  қалмас үшін, бүкіл ауыл арқан есуді тоқтатады. Келінді күту жас-кәріге бірдей жүктеледі. Уақыт тақағанда алдын-ала дайындалған кіндік шеше, жүкті болған әйелді жеке күтімге алады. Толғақ жақындағанда жеке үй тігіліп, от жағып, су жылытады. Үйдің  іші-сырты мұнтаздай тазаланады. Кіндікті қазақ айбалтамен кескен. Ер баланың кіндігін үйкүшік, елжуаз болмасын деп, қырдан асырып лақтырады. Немесе ат құлағында ойнасын деп, аттың жалына байлаған. Қыз баланың кіндігін «қай үйге түссе де босағаның құты болсын» деп, отбасы ошақ қасына көмген. Келін аман-есен босанған күні кешқұрым ауыл аймақ, бәрі  шілдеханаға жиылған. Шілдехана 3 күнге дейін созылады. Бұл тойға өнерлі жұрт шақыртпай келуге міндетті. Және тағы да үлкен міндет ауыл қарияларына жүктелген. Бұл міндеттің шарттары мынада еді.
Келін толғақ үстінде жатқанда ауыл адамдары бүкіл малдарын алдарына салып, иттерін ертіп ауылды тастап кеткен, не болмаса келіннің босанар шаңырағын ауылдан алыстау жерге  көтерген. Сәби дүниеге келісі­мен-ақ оң құлағына азан,  сол құлағына қамат айтып, балаға батырдың не болмаса данышпандардың атын қойған. Өсе келе солардай батыр, иә болмаса дана болсын деп ырымдаған.
Тағы бір міндет, ол ауыл қариялары, молдалары жиылып, бесікке қымтаулы сәбиді қастарына жайластырып, мінез-құлықты тәрбиелеуге маңызы зор уағыз, насихат-сөз айтылатын. Және де осы тақырыпқа сай әндетпеген өлең, жырланбаған жыр, адам­ның жанын тебірентер термелердің айтылмай ұмыт қалғаны болмаған. Өйт­кені, бала мінезі алғашқы күннен-ақ қалып­тасатынын ата-бабамыз ежелден білген. Сөйтіп бала бесікке белі тигеннен бастап-ақ, қауымдық санамен, елдің батасымен, көптің дұғасымен, бесік жырымен тәрбиеге алынатын. Көктемдегі күннің нұрынан нәр алған, соның салдарынан көгеріп, қуаттанған табиғатқа ұқсап, сәби де өз қауымынан осындай үлес алған. Баланың, алар үлесінің бірі, яғни, «Бесік жыры» былай басталған: 
Өс-өс балам, өсе бер, 
Батыр бол, балуан білекті. 
Батыр бол, таймас жүректі, 
Жылама, балам, жылама.
Қарағым менің қандай-ды.
Мойнына садақ байлайды.
Шапқан жаудың жылқысын,
Дүркіретіп айдайды.
Жылама, балам, жылама,
Айыр калпақ киісіп…
Ақырып жауға тиісіп,
 Батыр  да болар ма екенсің.
Қарағай найза қолға алып, 
Жауға да тиер ма екенсің. 
Қашқан жаудың артынан, 
Түре де қуар ма екенсің.
Мұны 15-16-сында ерге шыққан, қазіргі түсінікпен мектеп жасындағы қаршадай қыз айтады. Қазіргінің қыз­дары 25-ке келіп алып жаспын дейді, 30-ға шыққанда жар іздейді. Табылмаса көлденеңнен бала тауып, жетесіз ұл, қылықсыз қыз өсіреді.  «Әке көр­ген оқ жонар» дегендей, әкелі тәрбие көрмеген «ер» елін жаудан қалай аман алып қалмақ? Бесік жырын тыңдамаған, ұнтақ сүт ішіп,  ынтасыз өскен бала қайдан оңсын. Содан болар, қазіргі қыз бен жігіттің санасында отбасы күндылығы, бала қызығы елдіктің негізі болған салмақты ойлар конбай-ақ жүргені.
Бүгінде дүниеге келген 100 балаға 62 түсіктен келеді. Түсікті әрине, қолдан жасайды. Жаудың қаһарлы қолынан аман қалған сәби үшін Аллаға шүкір айтып, бүтіндей бір ру, ел, халық аман қалды деп қуанған қазағымыздың қуанышы алысқа бармаған екен. Жүкті қыздың бойындағы аламаннан айырылу үшін, қыздың өзі дәрігерге барады немесе  жігіті еркіне көнбесе  ата-анасының  өзі жетектеп бармақ. Бұрынғы киелі ырым, қасиетті  жоралғы адыра қалған.
Денсаулық  сақтау министрлігінің мәліметі бойынша босанған әйелдердің 60%-ның жаны толғақ кезінде әрең қалады. Өйткені,  секекпен өткен жастық шақ бар, жалаңаш жүрген қыстың ызғары бар. 60-жылдары АҚШ-та басталған сексуалды революциядан алған үлгі тағы бар. Етегін қырқып, қа­қаған аязда бір қабат шалбармен, тіпті, болмаса қысқа етекпен жүрген жү­рі­сінен көтерген бөпесін туа алмай кетуі әбден мүмкін. Туғандардың аз-мазы ғана жеңіл босанады. Қағынған жүріспен ден­саулығын бүлдірген келіндерден туатын 100 баланың 11-і ғана есен- сау туады екен. Қалғаны ауру-сырқау, жарымжан. Сөйтіп, мәліметке сүйенсек, жаңадан 5 жұп қосылса оның бірі баласыз қалады. 1000 баланың 30-ы туа біткен кемтар, дімкәс. Еркектің 25%-ның  ғана белінде қуат қалған. Ұлтымыздың  азғаны, тозғаны  азайып барып алыстап,  көмескі тартып біткені, түгесілгені, жоқ болуға айналғаны осы шығар.
Бұл неге? Бұл үйленбей, келін боп түс­пей 30-ға дейін жүріп алудан. Баланың жасы 12-ге толысымен тәні ұрпақ жасауға қалыптаса бастайды. 15-16-да олар отбасы құруға, ұрпақ өрбітуге толық дайын болады. Гармондар көбейіп зат алмасу процесінде сұраныс күшейеді. Дәл осы жаста олар қолды-аяққа тұрмайтын жанып-күйген, алмастың жүзіндей қылшылдаған кезге келеді. Өмірден өздеріне деген орнын таппай ізденістері де көбейеді. Бұл уақытта олар жақсыны да, сонымен қатар жаманды да таңдауы мүмкін. Міне, осы кезден бастап ұлға ойын толыстырып, мінезін салмақтандыратын дін керек! Қызға санасын оятып, жүрісін шектейтін тыйым керек! Дәл қазіргі уақытта дерек бойынша 16 жасар қыздардың 30%-ы жыныстық қатынасқа түсіп үлгерген. Өздерінен жүкті болған қыздарға үйленбек тұрмақ, оларға күдікпен қарау жігіттер арасында «жұқпалы ауруға» айналды. Ақырында жеткен жеріміз осы болды. Егемендігімізді алып тәуелсіз ел болғанымызды қайтейік, ұлан- ғайыр даланы толтыра алмай, көрші біткеннің бәрінен қорқып, елімізге келген шетел қонақтарының бәріне күдікпен қарап отырмыз, қайсысы жері­мізге таласар екен деп.
Шаңырақ көтеріп  үй  болуды жас­тар қияметтің азабы санайды. «Неге үйлен­бейсің?» – деген сауалға олар, шімірікпестен, «Ерте емес пе,  қызық көре тұрмаймын ба деп кслісіп алғандай  бәрі  дерлік осылай бір ауыздан жауап береді. Қандай  «қызыққа»  батын жүрендерін және қандай қызықтан құр қалып бара жатқандарын сезсейші, шіркіндер. Шаршап-шалдығып, отбасына орал­ғанда, «Бала тілі – бал» дегендей балпылдап сөйлеп жүрген бөпенңің мандайынан бір иіскеп, сыңғырлаған күлкісі құлақтан кіріп бойды алғанда, пәк, таза, әрі нұрлы назармен өзіңді бір шолып өткенде, түннің қараңғылығын жеңген күннің сәулесі ұқсап, бойыңдағы қайғының бәрін ұмытып, дүниеге жаңа туылғандай, бақытқа қарай нық қадам басатын қызықты ойлап па екен, өздері.
Жастардың  сүйенер тағы бір сылтауы «Әуелі машина мінейін, үй алайын, жақсы жерге қызметке тұрайын». Бір сөзбен жеткізгенде, байып алайын дейді. Сөйтіп, ата-ананың зарыға күткен тойын жылжытпалатып жүре бермек. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегенге сенбейді. Осылайша маужырап, мауығып жүргенде талай қыздың жатырын жаралап, болашақ аламанның басын шауып түсіреді. Бұдан аман өтсе, туған баланың жартысынан  көбі әлжуаз-ауру болмақ. Жас өтіп, қан суыған соң дүниеге келген себидің көзінде от, нұр, болмайды. Былтырғы зерттеу бойынша мектеп оқушыларының  54% түрлі патологиялық ауру болып шыққан. Бұл да сол Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі. Бұған қалыптасқанбыз, қалыптаспақ түгілі бойымызды үйретіп, санамызға сіңіріп, сүйегімізге дейін уланғанбыз. Бұны жақсы түсінсек те емделуге бір баспаймыз.
Бала туған соң, күтімге керек ақшаны биыл бекіттік. 13000 теңге дейміз, бұнымен сәбидің қай-жыртығын жамаймыз. «Уызға жарымаған күшік бөрі баспайды». Жүкті болған келіннің жұмыс орнын сақтауға ешкімнің құлқы жоқ. Бұл тек мемлекеттік мекемеде ғана зордың күшімен орындалады.   Әрбір мекеменің басшысы жас келінге өзінің туған келініндей қарау керек. Бір қазақ көбейсе айбыны артып, арқаланып, отырған креслосында жөткірініп, рухтанып алса керек. Ауырған әйелді емдеу бүгін құстың сүтінен қымбат. Мемлекет мұны толық құзырына алса, қанекей.
Өткен жолы Қытайдың сыртқы істер министрі Ақ ордаға алшаңдай кіріп: «Мына жердің иен жатқан даласына қарап ғажаптандым. Ұлы Қытай сығылып, қысы­лысып отырғанда, қазақтың ұлан-ғайыр кең даласына қарап, мұндай әділетсіздікке қайран қалдым», – десе керек. Бір айтып дәндеген қытайдың екінші рет айтып, басынып алмасқа неге ниеті болмасын.
Бүгін еліңнің шетіне көз алартқандар, ертеңгі күні Тарбағатай мен қара Ертісті, Жетісуді тұтас сұраса қайтесің. Сонда көрерсің үйленбей, дүниеге бала әкелмей, халыққа күш қоспай, бейқам жүріп селтендегеніңді. «Қорадағы қой егіз туса, даладағы шөптің басы айыр шығады». Қатарымызды көбейтейік, халық санын арттырайық, ағайын.

Ержан МАҚСҰТХАНҰЛЫ,
журналист 
«Мысты өңір» газеті, 
2003 жыл, 17 қазан. 
Жезқазған.

Алдыңғы «
Келесі »