Қазақтың ғана мүддесі

  • 04.09.2015
  • 414 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кәмел Жүністегі, 
жазушы, ҚР мәдениет қайраткері

Тіршілікті ілгері сүйреуші, қайнары, әркімнің алдына қойған мақсаты, үміт оның жетекшісі емес пе. Мақсатың түзу болса, өмір соқпағың да жөн. Қисық соқпақты салып алатын да, тағы, пенденің өзі. Сол қисық жолға түсірмейтін де ата-бабаның салт-дәстүр, тәлім-тәрбиесі. Ата-бабасын ұлық тұтпайтын қазақтың баласы кем де кем. Мақтана білудің де жөні бар шығар, шегі болар. Өз әкем керемет екен деп, халық мойындаған басқаның  елге пана болған азаматының жолын кесу, қасақана жарамсыз пікір тарату үлгіге жата қояр ма екен. Қызыл орыс алған заманда Красная Поляна деп Жәңгір ауылын ешкімнен сұрамай-ақ өзгерте салған еді. Жәңгір атауын қайта бере алмай әлекпіз. Аяқтан шалып жүрген тағы өзіміз, қазақтармыз. Сонау 1991 жылы музейдің атын Шортанбай жырауға берген едік. Соны «Олай деп, бұлай деп» алып тастап жүрген де өзіміз. Тіпті, ол кезде музей деген болмапты-мыс. Жыраудың 175 жылдық мерейтойына сонау Алматыдан М.Мағауин бастаған ондаған жазушылар мен Қ.Сұлтановқа ерген депутаттар келіп, музейді екінші рет ресми ашпапты-мыс. Қисын қайда? Әркімнің өзінікі ғана жөн болса, елдіктен не қалмақ. 


Орыстың отарлауы салған қалып бү­гінде жаһандануға ұласып, әркімнің көңілін тәкәппар менмендік билеген. Сол менмендік билеп өз қазағыңды өзекке теуіп, тіпті, туған аға-ініңді, кейбіреулердің ғұмыры қазақта болмаған мінез, әке-шешесін менсінбеген, дүние үшін солармен соттасқан рухани аштыққа әкелген жағдай кәзір жасырын жәй емес. Үлкенде де үлкендік қалмағандай. Бауырымен, баласымен соттасып жүрген үлкен ентелеп өсіп келе жатқан жастарға не үлгі айтпақ. Айтса да оның таза көңілінен шықпаған, іркіттей бұзылған ойдан туған сөзі әсерлі боп, басқаның санасына жетпесі хақ. Оны ғылым баяғыда дәлелдеген. 
Отарлаушылардың әзәзіл саясаты талай адамды түсі ғана қазаққа келетін орыстың ксерокопиясы етіп жіберген. Қосымша соққы болып теледидар, телефон, айфондар да жас ұрпақтың санасы мен жүрегіне кенедей жабысуда. Көретіндері (қазақ малдың малға артылғанын көргісі келмейтін еді) жиіркенішті жалаңаш денелер, анайы істер, қырғын төбелес, кісі өлтірудің қинаудың тәсілдері. Адамдық қасиет, ар-ұят дегенннің жұрнағы да жоқ. Жастар газет оқудан, кітаптан ада қалған. Пәлен жүз қойы бар біреудің осы жиырма жыл ішінде газет-журнал көрмедік дегенін естігенде денеміз түршікті. Сонда оның балалары… Оны айтуға ауыз бармайды. Теледидардан көргенімен шектелген ұрпақтың ата жолын тыңдауға ықылас-ниеті де жоққа тән. Ырду-дырду, даңғаза шуға мәз. Ақыл айтуға аталардың да бейімі аз.
Даңғаза шудың көкесі тойларда. Шекеңнен тоқпақпен ұрған музыкадан есеңгіреп отырған жұрт. Соған елірген жастар. Қазақтың қырыққа келген әйелі әр нәрседен бой тартушы еді, кәзір жас­тау кемпір, кемпір (аяғы жүрсе болды) сол жастардың арасында селтеңдеуде. Той сегіз не он сағатқа созылады. Мына көрші өзбектің тойы екі сағаттан аспайды екен. Шақырылған топ дәл уақытында келеді екен де жарты сағаттан соң жаңадан келген топқа орын босатады. Бізде сіресіп отырған үстелден тұруға шамасы келмей, үзіліс сұрап шал-шауқан үздігеді. 
Қалталылар тойға миллиондап ақша шашып әлек, кедей кредит алып той жасап, енді сонысын өтей алмай әлек. Байға атақ керек. Сол шашқан қаржысына тұралап жатқан ауылға талай жақсы іс жасап беруге болар еді, оған оны менмендігі жібермейді. Әлемдегі ең бай адам Билл Гейтс бар байлығының жартысын кем-кетік, кедей-кепшікпен бөлісуге даяр екенін айтып жар салды. Біздің байдың түрі анау. Қазақ ауылы қаңсып отыр.
Жүрсе көлігі, не өзінің маңдайы ұшы көк тіреген мелшиген тас қабырғаларға соғылған қаланың жұрты кең әлемнің кеңдігінен тар­шылық көріп, «ауыл-ауыл» деп үздігеді. Қолы жеткені демалыс-дема­лыста ауылға жөңкіледі. Сол ауыл қазақты мәңгі сақтаушы генофонд.  Беті жойқын мына цивилизацияның сұмдығынан әзірше рухы таза, бірен-саран есі түзу ақсақалдардың әңгімесін естіп, қазақы қалыпты көрген қазақ баласын өсіріп, отырған да осы ауыл. «Есі түзу ақсақалдардан» дегенім де жан шыңғырған шындық. Мына отыз күн оразада қарқылдап күліп, бір шенеунікке жармасып, арақ сұрап ішіп жүрген алды сексен, соңы жетпістен асып кеткен шалдардың тырқылдасып сайтан суын жұтып жүргенін естігенде азғындыққа бой алдырғандардан түңі­лесің. Қазақты сақтаушы ауыл туралы «келешегі жоқ ауыл» деген ұғым адасып кіріп кетті. Керісінше, қазақы қалыпты сақтап отырған ауылға, оның халқының осы заманға сай өмір сүруіне барынша жағдай жасау керек. Қыстақ-қыстақтың мал баққан жұрты сығырайған білтемен отыратын бұл ХІХ ғасыр емес қой.
Кезінде осы елдің ең озат совхоз­дарының бірі болып есептелген Қызылтау «келешегі жоқ» ауыл қатарына ілігіп кетіпті. Сол ауылдың бір ғана Дулат Қожамберлинінде мың жарым жылқы бар. Ауылдың қай-қайсы болмасын мыңғыраған мал асырап отыр. «Келешегі жоқ» деген адасқан ұғымның салдарынан Қызылтауда оқушылары апта оқып, мектеп жабылып қалған. Бұл қалай деген жан болсайшы. Барды жоқ етпес бұрын «қандай көмек керек » дегенді не оқу бөлімі, не әкімдік ойламаған. Бір-екі бала жетпеген мектепті сақтаудың жолы жетерлік. Қазақстанда пәленше мың жетім бала барын газеттер жазып жатыр. Сол балалар детдомда. Сол балаларды ауылдарға асырауға берсе, сол балалар жетімдік көрмей өседі дегенді депутаттар айтып қалған. Талай ауылдың азаматтарының патронаждық жолмен бала асырап алып жатқанын газеттер тағы жазған. Тек жетімдерді асырап алушылардың сол игілікті істі атқаруына тезірек қолы жетуіне әкімдік мейлінше көмек етуі қажет. Мектепті сақтаудың бір жолы осы. Мектепті сақтау – ауылды сақтау, елді мекенінде тұрақтандыру.
Елді ата-баба қонысынан еріксіз аударып, Ұлы даланы тек ұлыған бөрі жортқан иесіз мекен етіп тастау көрегендік болмас. Қыр астынан сығалап қытай да, орысы да, басқасы да отыр. «Ауыл қайтып күн көрер» деген менің мақалама Б.Жұмкин «мен К.Жүністегіне қарсымын » депті. Бірақ, неге қарсы екенін ашып жазбайды. Мен «ауылда мектеп сақталса екен» деймін. Әлде соған қарсы ма? Ауылда электр жарығы болса деймін, ауыл қазағының қыста жүрер жолы күрелсе екен деймін, ауыл қазағы баяғыдай моншаға түсіп, газет-журналдар алса екен, өнерпаздар ел аралап, шошайып отырған жалғыз үй болса да ән салып, күй тыңдатса екен деймін, ауыл асырап өсірген малын өз құнына өткізіп, пайда тапса екен деймін. Сонда Б.Жұмкин мырза осыған қарсы болғаны ғой. Өзі жақсы өмір сүріп жатқан адам басқаның да хал-жағдайына көз жүгірткені дұрыс шығар.
Ауыл малымен күн көріп отыр. Сол малын тиісті құнына өткізу шешілмеген жұмбақ. Сол Қызылтаулық Дулат Қожам­берлин мыңдаған жылқының да, сиыр мен қойдың да иесі. Шүкір, байлығы жетеді. Мал алуға келген әлде өзбек, әлде шала қазақ төрт жасар әр бұқасын 60 мың теңгеге алмақ болыпты. Бұл кәдімгі ірі қошқардың құны. «Бермедім – дейді Дүкең. – Мазағы ма? Не пәле? Пәлен жыл асырадым ғой сол малды.» Дүкең бермеді, басқалар ше? Мектепке баратын баласына киім-кешек, тұздай қымбат оқулықтар алып беру үшін, қаладағы қызына қарайласу үшін  ауылдың ақшадан әбден тарыққан азаматтары сол 60 мыңға төрт-бес жасар бұқаларын беріп-беріп жіберген. Қысылған халықтың көрген күні осы. Қалмақ найзасын, орыс мылтығын сүйретпей-ақ, халықты тал-түсте тонап алды деген де осы болар.
Азаматтың басқа тіршілік иелерінен артықшылығы тек қорекпен ғана өмір сүрмейді. Адам ұрпағына рухани байлық керек. Рухани әлемімізді дамыту үшін тағы жағдай қажет. Осы жерде біздің елдегі әр адамның табысының жұм­салу жағына көз жүгіртсең есеңгіреп қаласың. Күйіп тұрған қымбатшылық. Бізде әр азаматтың ай сайынғы тапқан табысының 60 проценті азық-түлікке, 15 проценті коммуналдық төлемге кететіні сан жазылды. Сонда дем алу, мәдени орындарға бару, кітап сатып алу дегенге қаржы жетпейді. Дамыған елдерде бәрі керісінше. Дамыған елдерде тамақтану, азық-түлікке табыстың 10-15 проценті ғана кетеді. Мысалы Англияда 9,1, Швецияда 9,6, Данияда 10,7, Германияда 12,1 проценті тамақ, азық-түлікке жұмсалады. Біз, осы дамыған 50 елдің қатарына кірген едік қой. Тамақтану үшін ғана ғұмыр кешіп жатқандайлығымыз түсініксіздеу.
Әлем халқы бір-бірімен тығыз бай­ланыста. Бұл үрдіс күн сайын үсте­мелете өрбіп келеді. Сонымен қоса, жаһанданудың қатерлі жағдайлары да есік пен тесіктен сығалауда. Бірақ, біз жаһанданудан бұрын-ақ ақ патша мен қызыл патшаның тұсында-ақ қазақы халыққа қайталанбас нұқсан келтірген халықпыз. Соның бастысы еркек пен әйелді теңестіру деген саясат арқылы оларды бітіспес жау етіп, бір-біріне қарсы қою. Соның нәтижесінде есік көрген әйел түгілі қыздардың өзінен ұят азайған. Қазақы мінез қызда ең әуелі иман жүзділік болушы еді. Халық «Мына қыз иманды» екен дейтін. Иман – ұяттан тұрады. Қыз балалардың көпшілік орында тұрпайы мінезі, қарқылдап күліп, саңқылдап сойлеуі, именбеуі жиі көзге түседі. Мәнсіз қылжақ та, құрдасым екен деп бір жігіттің мойнына асылып тұруы, не екі құлақты телефонмен тарс бекітіп меңіреу адамдай жүруін қай жетістікке балар едіңіз.
Қызыл Орыстың «равноправие» – теңестіру қасақана саясат. Ол әйелдің әйелдік қасиетін жою, адамзат ұрпағына Алла орнатқан табиғи балансты әдейі бұзу. Қызыл империя заманында қазақ әйелдерінің мұсылмандық кейпін кетіру үшін арнайы жоспар жасалып, ол үздіксіз іске асырылып жатты. Басты мәселе әйелден ар-ұятты кетіру. Бұл деген «ә» десе «мә» деген ұрыс-жанжал, бетіне қараған еркекпен сүйіскен, тұрақсыз жыныстық қатынас, жезөкшелік. Бір отбасының ішіндегі еркек пен әйелдің теке-тіресте болуы. Сол сұрқия саясат бүгін де халқымызды етектен тартып отыр. Имансыздық етек алған соң некелеспей-ақ, «уақытша семья» құру, ажырасу деген шектен шықты. Біздің елде отбасын құрғандардың ажырасуы 36 процентке жеткені жан түршігерлік жағдай. Ал, мұсылман елдерінде бұл 1,2 процентке зорға жетеді. Бар үлгісі теледидар болып мәңгірген мәнжубас жігітте әкелік міндет оянбай, айфонның елтең-селтеңіне елігіп үріккен ешкідей еліріп өскен қыз-келіншекте махаббат тұрақтылығы да, балаға деген аналық сезім де оянбай талай отбасы ажырасудың сазайын тартуда. Кәзір бір не екі баласы болған соң ажырасып, күйеуінің табысының жарымын «алимент» деп кестіріп алып, өз табысына қосып, жеткілікті қаржы тауып, «еркін өмір» сүріп, еркін «махаббатқа» батып өмір сүруді мақсат еткендер де табылып жатыр. Ажырасуға болмашы сылтау, оны өрбіту, оны өзінің әке-шешесіне мақұлдату жағдайы өріс­теген. «Қайтесің ол күйеуіңді» деп «подруга » болғандардың «ақыл» айтатыны да естіледі. Бұл пәлелі жағдайдан құтылудың  жолы не? Қазақ қазақ болған заманда ажырасқан әйелге бала бермеген. Өзіне ғана рұқсат етілген. Ендеше, қазақтың осы ұстанымы қал­пына келуі керек. Тіпті, екі бала болса да біреуі әкесінде қалдырылып жатса ажырасудың күрт азайатынына сене беріңіз. Мәселе біреудің құқығын бұзуда емес, мәселенің негізі отбасын сақтау. Отбасын сақтау – мемлекеттің іргесін сақтауда.
Некесіз бала табу ұлттық діни тәрбиенің негізі бұзылып, оған Л.Толстой айтпақшы «сайтани жолға» түскен Евро­паның жалаңаш қатындарын әсірелеп кинодан көрсетіп, албастының ісін насихаттаудан тапқан «табыс». Некесіз бала табуды қостайтындар да көрініп қалды. Сонда, ол «білгіш»,  сол «мәртебелі» өз қызының келешегін ойлайды ма екен? Өз перзентінің жезөкше болуын қалай ма? Әлде, басқаның басына келген пәлекет өзіне жуымайды дей ме. Ата дәстүрден, әзиз дінімізден алыстап, жүрдім-бардым қарау неше қилы сорақылыққа, жантүршігерлік уақиғаларға соқты­рып отыр. Көрші кенттегі бір әйелдің өз баласын өлтіруі қазақы ауылдың да бүліне бастауының бастамасы болмаса игі. Жезөкшелік ұлттың тамырына балта шабу. Оны қазақ ерте заманнан жақсы түсінген. Қазақта «құтырған к…тен қағынған бала туады, ол өскенде қолын қанмен жуады» деген сөз бар. Әлемді қанға бояп жүргендер сол «қағынған балалар». Шата бала алып-қашпа сөзді естіп, әр түрлі түртпекті көріп өседі. Оның психологиясында өзгеге деген қарсы қыжыл, өшпенділік, кек алу деген пікір ерте қалыптасады. Мұны қазақ ерте заманда-ақ білген. Ел басына күн туса сондай санамен жетілген азаматты сатқын боп, теріс айналып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмас. ХІХ ғ. Ресей дегеніне жету үшін қазақты қазаққа қарсы қою саясатын ұстанған тұста осыны көре білген Шортанбай жырау:
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын,
Қазы, болыс қояды,
Некесіз туған шатасын, – деп дәл басып айтқан.
Кей азаматтар қазақ балаларын шетелдік біреудің асырап алып жат­қанына мәз. Ал, мені солардың бізге кім болып оралатыны ойландырады. Иә, оған «сен қазақсың» дейді ол жақта. Ал, беріліп жатқан тәрбиесі біздің ата-жолымызбен тіпті қабыспайды ғой. Ол азаматтың түрі ғана қазақ, ішкі дүниесі бізге жат пиғылмен толтырылған. Жат пиғыл-кезегін күткен мына, Елдің бірлігіне, тұтастығына қауіп пе деп шо­шынасың. Онсызда бізде қазақтың Клара, Владимир, Света, Сергейлері толып жүр ғой. 
Қазақты іштей үңгігісі келетін сырттан келген  ауру бар. Бұл жұқпалы дерттің емі – Отанын, халқын, дінін қадірлеген  патриотизм. Нағыз патриотизм – ұлтшылдық. Ұлтшылдық әрі-сәрі заманда ұлттың өмір сүруінің қорғаны мен дұшпанға тосар қалқаны. Ұлт сақталса ұлттық идея да туындайды. Мемлекеттік идеология ұлттық идеяның негізінде туындаса ғана өмір­шең. Өткен ғасырдың 80-жылдары жалындап келе жатқан  ұлттық патриотизм «жаппай байыңдар» деген жалған ұранның жартасына соғылып, іштей ірітудің салдарынан қарқын-күшінен айырылды. Жемқорлыққа жол ашылып, сәл-пәл билікке отырғанда да онан биіктегілер де жебірліктің қаһар­маны болып шыға келді. Әлі де болса ел сеніп отырған билік басындағы азаматтардың жемқорлықпен ұсталуы халықтың мем­лекеттік  билік жүйесіне сенбей қа­рауы­на әкеледі. Англияның премьер-минис­трі болған атақты У.Черчилл «Ұлы Британияның қасы да жоқ, досы да жоқ, ұлттық мүддесі ғана бар» деген екен. Ұлттық мүдде – Ұлттық рухтың аса биік көрінісі. Қазақтың әр азаматы ұлттық мүд­дені көздесе екен дейсің.

Алдыңғы «
Келесі »