Көзбояуы жоқ көріністер

  • 21.05.2012
  • 398 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы

«Мир» телеарнасын жиі көрем, Дос­тастық жаңалықтарына құмартам.
Қашан көрсең де Армениядан армянша, Грузиядан грузинше, қасымыздағы Қырғызстаннан қырғызша сөйлеп, аударып беріп жатады. Біздің елде, Нұр Отан партиясының кезектен тыс құрылтайы өткен екен, репортаж сарындас көрініс түгел орысша. Баяндамашы да, пікір білдірушілер де ана тілінде емес, ұлтаралық тілде арқалары қозып, микрофонға ұм­тылып-ұмтылып қояды.
«Мир»-де өз тілінде сөйлемейтін біз ғана. Біздің тілімізді де шет-жұртта ау­дарып берсе деп армандайтын болдық.

***
Теледидардағы 31-арнаның кешкі қорытынды жаңалықтары Алматыда 120 шақырымдық жылдамдықпен келе жатқан жүргізушінің жол сақшысын қағып кету оқиғасымен басталды. Онан кейінгі хабар да жол ережесін бұзған бір жүргізушіге арналды. СТВ-ны ашып едім, онда да Қазақстан қалаларында жол ережесін бұз­ғандар туралы қайғыра хабарлап жатыр. «Хабар» мен «Қазақстан»-ды, қай арнаны ашып қалсаң да көретінің – мілитса. Соттан репортаж, прокурордың наразылығы, т.б. толып жатқан қылмыс хикаялары. Өмір тек қылмыс жасап, одан құтылудан, жол ережесін сақтаудан тұратын секілді.
Адамды өмір сүруге шақыратын роман­тикалық хабарлар қайда?
Арнаны ашсаң мілитса (бізде полиция) алып кететіндей хауіптеніп отыратын болдық.
***
Алматыдағы «Қазақфильм» ықшам ауданының соңғы аялдамасын кесіп өтетін жіңішке арық жаз бойы күл-қоқыс пен сары қағаз, бос шөлмекке толып жатты. Жұртым осы арықтан сылдырлап су ақса ғой деп жүргенде қоңыр күз түсті, себелеп жаңбыр жауып, арты қарға ұласты. Қара жаңбырдан кейін қара су арыққа симай, Жер-дүние көл-көсір боп жатқан бір күні екі қазақ пен бір орыс әлгі арықты тазартуға кірісті.
– Жаз бойы неге тазартпадыңдар, осыны? – деп бір кейуана шыдай алмай сауал қойып еді, белі бүгілген сары шаш нақты жауабын берді.
– Елбасы тазарту керек дегесін тазартып жатырмыз, алдымызда 20 жылдық…
Бұл не? Юмор ма, сарказм ба?
Сайқымазақ сөзді әдебиет теориясында сарказм демей ме?

***
«Қазақфильм» ықшам ауданында жек­сенбі сайын жәрмеңке өтетін болды. Ұйымдастырушылары – «Ақниет» кәсіп­керлігі. Қуанышта шек жоқ. Тағы бір демеушісі бар екен, оның атауы «Ақниет ұміт мүгедектер қоғамы» (сірә, үміт болар) боп жазылыпты.
Қуанып келген көңілі жарымдарды аяп кеттім.
Үміт үзілмесе екен.
***
Зулап келе жатқан автобус үстінде қасымдағы кейуана шаңқ ете қалды. Қарсы алдындағы орнынан көтеріле берген бойжеткеннің джинсиінің белбеуі бос болса керек, шалбары белінен сыпырыла бергенде шоп-шолақ жейдесі шолтаң ете қап, боқтышарының жартысына дейін жарқырай көрінді.
– Мынау енді қайтіп бала туады?!
Кейуананың сөзін даланың ызғырығы іліп әкетіп, құйындай ирелеңдетіп бара­ды.
Кемпірдің жан даусын шығарған жас қыздың құйрығының көркі емес, болашақ тағдыры.
2030-ға дейін өмірге келер перзент тағдыры.

***
– Осы Хасен Қожа-Ахмет деген кісі бұрын сотталған ба? – дейді үй түбіндегі жеміс-жидек сататын тықырбас жігіт.
– Желтоқсанда төрт жылға сотталған, одан бұрын да диссидент боп төрт жыл отырған. Ертең кездесу болады. Барам десең, есік ашық.
– Қай жерде? – деп қопаңдап қалды сидам жігіт.
– Көне аспаптар мұражайында. Бұрынғы Офицерлер үйі.
– Көне аспаптар дейсіз бе?
– Иә, Панфилов паркінің ішінде.
– Панфилов паркі қай жерде?
– Саған енді қалай түсіндірсем екен. Мәңгілік Алауды білесің бе?
– Мәңгілік Алау?..
Мен бітеу дүниемен сөйлесіп тұрған­даймын.
Машинаның түр-түрін мінетін жаңашыл жігіт қолы қалт еткенде «таксовайт» етіп жолаушы тасиды. Жақында ғана жаңа көлік алдым деп мақтанып еді, енді, сол темір серігімен тіл табысса, іздеген жерін тауып берер.
Менің төзімім таусылды.

***
«Ұлтымыздың атын ұлықтаған Алаш арысы «Мұстафа Шоқай» атты көркем фильм «Қазақстан» Ұлттық арнасында 17 желтоқсан күні 01 сағат 20 минутта». Бұл – «Қазақстан» телеарнасының жарнамасы.
Ұлт мақтанышы туралы фильмді тәуелсіздік алған күні ел-жұртты ұйықта­тып тастап көрсетпекші ме?
Ұлттық арнада ұлт үшін ұтымды уақыт көп емес пе?
Тәуелсіздік мейрамының жалғасындай 18 желтоқсан күні «Еларна» осы фильмді 23.50. сағатқа қойыпты.
Алаш арысы туралы киноны күндіз көруге болмай ма, екен?!

***
«Шалқар» бағдарламасы таңғы 8-ге бес минөт қалғанда (20.12.2011) таңқаларлық жарнама жасады. «Құрметті тыңдарман, сіз «Казахстанская правда» газетіне жа­зылуды ұмытқан жоқсыз ба? Ол – сіздің шежіреңіз, бүгінгі өміріңіз, яғни, бүгінгі көзі ашық оқырман оқитын бірден-бір басылым» сынды мадаққа толы жарнама жанымды толқытып жіберді.
«Шалқар» «Егемен Қазақстанды» неге осылай жарнамаламайды екен?
«Егеменді» Қазақ радиосының орысша бағдарламасы осылай басына көтере ме?
«Казправданың» дүбірі шалқар далада шаңдатып келе жатқан бәйгеторының тұяқ дүрсіліндей боп естілді.
Р.S. Бұл жарнаманы Қазақ радиосынан Ұлу жылында да естідім.

***
«Жас Алаштан» филология ғылымының докторы, профессор Гүлзия Прәлиеваның «Намыстан өлген қазақтың қыздары көп, қарағым…» деген мақаласын оқыдым (15.12.2011). Міне, былай дейді:
«1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл болып енгізілгені белгілі.
Бірақ, заң әлі күнге дейін толық жүзеге асырылмай отыр. Неге? Орыс тілін ресми тіл деген сылтау – біздің ата заңымызда алтын әріппен жазылған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің» қолдану аясын шектеп отыр. Әрине, бұған жалғыз Президент кінәлі емес, оның бекітіп берген заңын жүзеге асыра алмаған өзіміз және әртүрлі бұлтаққа салған заң орындары кінәлі. Елдің алдына түсіп, өзіміз орысша сайрап кетсек, өзгелер қайтсін сенің тіліңді. «Өз қадірін білмеген кісі қадірін білуші ме еді?!».
Мұндай нәрселер аз жазылған жоқ. Бірақ, осы жолғы Гүлзияның бұлқынысы бөлекше. Аржағынан жан айқайы көрініп, өзегі от боп өртеніп жатыр.
Өз қадірімізді өзіміз қашан білер екенбіз?

***
Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ тілін білмейтін қазақ бар ма еді?
Бұл – «Көкжиек» хабарында лекция-сабақ оқыған ұстаздың сауалы.
Жиырма бірінші ғасырда орыс тілін білмейтін қазақ бар ма?
Бұл – көрермен боп отырған менің сауалым.
Бұл нендей жетістік? – деп Қоғам-Ата сықсиып тағы да сауал қояды.
«Бұл – алғырлық пен босбелбеуліктің жетістігі», – деп, оқу өтіп кеткен қасқабастар жамырап жауап беріп жатыр.

***
«Автобус ішінде жоғалған құнды зат­тарға автопарк әкімшілігі жауап бермейтіндігін ескертеміз.
Әкімшілік».
Ар-ұяттың алдын алғанын қарашы.
Жарнама да сұғанақтар жағында тұр.
Жарнама – қоғамның келбеті емес пе?!
Бізден 1945 жылы тырқырай қашқан Жапонияда мұндай жарнама-хабарландыру ілінсе, қоғамның бетіне қара күйе жаққанмен бірдей.
Біз кешеге дейін өзімізді «самурайлардан» артық санап келдік қой.
Осындай қасиеттерімізбен олардан әлі де артықпыз.

***
12 қаңтар – Д.А.Қонаевтың 100 жыл­дығы. Сол күнге арналған телебағдарламаны қарасам, «Қазақстан» мен «Хабар»-да ғана бір-бірден хабар тұр (оларды да көре алсақ, оның себебін төменде айтам). Ал, «Алматы», «Еларна», «Астана», «7 канал», «31 канал», «Таң», «СТВ», «НТК», «КТК» арналарында ештеңе жоқ.
Тәуелсіз арналар тәуелсіздікке қызмет етпей ме?
9 қаңтар, дүйсенбі күні «Мәдениет» арнасынан бағдарлама бойынша сағат 18.55-те «Д.А.Қонаевтың 100 жылдығына арналған «Құмсағат» хабарын тағатсыздана күтіп едік, оның орнына орыс тілінде «Православное Рождество» деген хабарды беріп, халықты Иисус Христостың келе жатқан туған күнімен құттықтап, телеарнаның беті мәз-мәйрамға бөленді. Жаңа ашылған «Мәдениет» арнасының мәдениетсіздігіне жолына сәт сапар тілеп отырған жанашыр көрермендерінің қатты қарны ашты.
Бұл не? Шектен шығу ма?
Халық енді кімге сенеді?
Қарапайым жұртшылық: «Сендер не бітіріп жүрсіңдер?» деп жазушыларға қарайды.
Жазушы да сол хабарды жұртпен бірге көргісі келген бір пенде.
Бірақ, «Құмсағаттың» тық-тық етіп теріс қарап айналған тіліне олар да таң.
Жұрт аузын ашқан жазушы да баспа­сөзде өз үнін күйініп айтып, «Құмса­ғат»-қа қарап жігері құм болған біреу емес пе?
Р.S.9 қаңтар күнгі «Қазақстан» теле­арнасындағы 21.05 сағатта берілетін «ХХ ғасырдың алыбы. Арнайы тележо­ба (Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаев туралы деректі-танымдық жоба) тағы да көрсетілмеді. Оның орнын балалар спортына арналған хабар жапты. Ал, келесі 10 қаңтар күнгі «Мәдениет» арнасының Д.А.Қонаевқа арналған «ХХ ғасырдың алыбы» тележобасы тағы да көрсетілмеді. Оның орнын «Келбет» айдарымен Мыңжасар Маңғытаев басты.
Бағдарламаға бағынбаған көгілдір экраннан көрермен осылай алыстай береді де.

***
15 қаңтар – Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың сайлауы күні. Оған 7-сінен бастап шетелдік бақы­лау­шылар келе бастады. 1167 шетелдік бақылаушы кеп жұмыс істейді, деп шаттана хабарлады Қазақ радиосы таңғы ақпаратында.
Таңмен таласа тұрған адамның жанына ләззат сыйлар жағымды ақпарат емес.
Қазақ (Қазақстан) өз сайлауын өзі өткізе алмай ма?
Біз шет ел бақылауындағы сенімсіз елміз бе?
Ал, әуелі сайлаудан шеттетілген Жаңа­өзендегі үш жүз мыңдай халық ше? Олар неге бір күнде дауыс беру құқынан айырылуы керек?
Солардың тұрмыс-тіршілігін неге шетелдіктер бақылауға алмасқа? Көтері­лістің басты себебі – нағыз жанашыр шетелдік достарымыз араласып, шынайы шындыққа көз жеткізіп, назар аударатын мәселе емес пе?
Басқа республикалардың сайлауы да шетелдіктердің сыни көзі арқылы өте ме екен?
Сенім үшін де біреуге ақы төлей ме, екен?

***
Сайлау алдындағы баспасөз сұрғылт түске еніп, газеттер тек плакат-жарнамалық күйге енді. Бір досжар редакторға телефон шалып, «бұның қалай?» десем, «Сайлауалды науқан ғой», – дейді.
Осы да өсетін елдің тірлігі ме?
Сайлау алдындағы баспасөз халықтың сенген құралы болмай ма? Халықтың көңіл-күйін көрсететін айна үлкейтіп, зорайтып көрсетіп, «аузың қисық болса айнаға өкпелеме» деп тұрмай ма?
Әке-шешелеріміз: «Сайлау алдында арзаншылық болып, ет пен майға қарық боп қалатынбыз» деп, Сталин заманын айтып, тамсанып отыратын.
Қазіргі науқан тек болашақ депутаттың жеке басы мен оның болашағы бұлыңғыр бағдарламасын насихаттап, өзі түсініксіз хал кешкен халықты әрі-сәрі ғып сансыратып қойды.
«Баспасөз – халықтың көзі мен құлағы» дейміз.
Сайлау алдындағы баспасөз Адам үшін екі есе жұмыс істейтін көзі көргіш, құлағы естігіш баспасөз болса дейміз.

***
ІІ-Алматы темір жол вокзалында пойыздан түскен бетте «Қазақ әдебиетін» алайын деп жайма газеттер тұрған жерге келсем, мұнда тек «Караванның» жолын қуған баспасөз екен. Оған қарсыдағы жаймаға барсам, ол да осындай, бірақ, сатушы әйел иманжүзді екен, сұраған газетім жолаушылар залындағы «Дауыс» дүңгіршегінде болады, деп жөнін айтты. Газеттің бар екенін жылтыр әйнектен көрдім, бірақ сатушысы жоқ, есігі тарс жабық, уақыт болса сәскеге тақау, қайнаған қызу еңбектің кезі. Тысқа шықсам, «Газеты-журналы» деген қарама-қарсы екі дүңгіршек, олар да жеңіл-желпі жарнамалық баспасөздің ұясы. Қайтып «Дауысқа» келсем, әлі жабық. Менің қипақтап тұрғанымды байқап қалған полисай жігіт: «Сізге не керек?!» деді күдіктеніп. «Сатушы керек». «Ол не үшін керек?». «Газет алу үшін керек». «Ол анау тұр», – деп қуыршақ сататын ашық дүңгіршектің алдында біреумен емен-жарқын әңгімелескен қазақ келіншекті нұсқады.
– Жұмыс уақтысында неге ашық тұрмайды? – дедім соңынан еріп келе жатып.
– Бізде көбі қазақша газеттер. Оны ешкім алмайды.
– Мен алайын деп сізді іздедім ғой.
– Сіз сияқтылар дефицит қой…
– Алмаса да ашып қой. Пойызға мінген екі адамның біреуі алады.
– Олар көбіне орысша алады, – деп келіншек те қайтар емес.
Кішкентай вокзалда 4 орысша баспасөз сататын орын, қазақшасы басым жалғыз-ақ «Дауыс» дүңгіршегі тұр.
«Дауыстың» дауысы мынау.
Біз өзімізді-өзіміз неге алға шығар­маймыз?
Дүңгіршекке дейін қазаққа артын беріп тұр…

***
Бұрындары қылмыс атаулымен күресуші едік, қазір экономикалық қылмыспен жеке күресетін болдық. Тіпті, экономикалық қылмыс және жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік те құрылды.
«Ұрлықтың атасы бір» демекші, қылмыстың түбі бір. Соны бөліп алғанда экономикамыз бөлекше дами ма екен?
Онан да экономиканы дамыту агенттігін неге құрмасқа?

***
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен заң жүзінде Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласы болып бекітілді.
Қала атауы мемлекеттік тілде Өскемен болып аталады. Ал, Алматы телеарнасы орысша хабарларында әлі күнге Уст-Каме­но­горск деп айтып та, жазып та жүр.
Егер, қазақ телеарналары орыс тіліндегі осындай мемлекеттік атауларды бүлдіріп айтса, өзіміз бастап өретүрегелер едік.
Олар Қазақстан Республикасының Заңына бағынбай ма?
«Қаулы неге орындалмайды» деп қобалжитын бізден басқа ешкім жоқ па?

***
Бұрын үй түбіндегі пошта бөлімшелері жеделхат қабылдай беруші еді, енді бұл міндетті тек телеком атқаратын болыпты. Алматыдай алып қалада бұл мекеменің бес-алты-ақ бөлімшесі бар екен.
Сонымен, Шығыс – 2 телеком бөлім­шесінде тұрмын. Бұл – Бостандық ауданын қамтитын мекеме көрінеді. Халық деген қарақұрым. Пәтер ақысын төлеушілер мен басқа да қаделерді сұраған қала адамынан көз тұнады.
– Пошта неге жеделхат қабылдамайтын болды? – деп шыдамы таусылған адамның сыңайымен кезекте тұрып сауал тастадым.
– Телеграмманы тендер бойынша телеком жеңіп алды. Поштада қала бергені де дұрыс еді, – деді қабылдаушы келіншек естілер-естілмес.
Түсінікті. Тендер деген ешкім жеңе алмайтын Қара Дәу шықты. Оның тілін қарапайым адамдар таба алмайды, өзі, сірә, мемлекеттік тілде сөйлемесе керек.
Тендердің тасасында халық деген нөпір қалып бара жатқанын кім білер екен?
Халық дегенің Қара Дәу мойын бұрмайтын нөпір.
Сол шүпірлеген нөпірдің өзін тендерге түсірсе қайтер еді?

***
Қазақ радиосы таңғы ақпаратында: «Бүгін Батыс Қазақстанда аяздар сақта­лады» деп хабарлады.
Батыстың аязы аздай-ақ, көптік жалғауын жалғап қойғанын қарашы.

***
– Осы Тұңғышбай Жаманқұлов әнші ме ед, әртіс пе ед, біз жақта тұрады, «Ланкрузер-200» -бен шығады, – дейді үй жанында жеміс-жидек сататын отыздың мол ішіндегі пысық жігіт.
– Өзің қалай ойлайсың, әнші ме, актер ме?
– Білмеймін, әйтеуір үй жақтан «Лан­крузер-200»-бен шығады ғой.
– Ал, айтып тұрған мәшинең қай елдікі?
– Негізі Жапониянікі. Басқа елдер де араластырып шығара береді.
Оның көз алдында Әуезов театры жоқ, «Ланкрузер-200» тұр.
Рөлде отырған Тұңғышбай екенін танығанына тәуба!

***
Үй жанындағы дүңгіршекте жеміс-жидек сатып отырған он тоғыздағы өрімдей қызға «Үркер» журналын беріп едім, бас алмай оқи бастады. Ертеңіне тағы бір барғанда: «Ағай, журналыңыз қызық екен, кешелі бері оқып жатырмын» дей бергенде, жалаң аяқ-жалаң бас сыптығырдай сылыңғыр қыз кіріп келіп еді, жұқанақтай журналды майыстырып, үстелдің астына тыға салды.
– Не тығып жатсың?! – деп бассалды әлгі қыз.
– Әшейін… оқи сап едім…
– Кітап оқып, адам болайын деген екенсің, – деп, кескен теректей сыптығыр қыз бір кілә қызанақ алып шыға бергенде:
– Қызым, – дедім оны тоқтатып. – Кітап оқығанның не айыбы бар?
– Біздің қыздар кітап дегенді оқымайды, – ол жақтырмай қарап, дүңгіршектің лыпа болған есігін дір еткізіп тарс жапты.
– Олар барғасын мені мазақтайтын болды. Машина маркасын білуден менен асатыны жоқ еді. «Енді кітап оқиын дедің бе?» дейтін болды.
«Үркер» үйітілген бастай боп, қазанға түсер сәтін күтіп үстел астында жатыр.
– Машина да кітап оқитындардың ақылынан шыққан өнім. Ол егер кітапқа үңілмесе, машина ойлап шығара алмас еді.
– Ой-й, аға, біздің қыздар ондайды түсінбейді.
Бір үйде пәтер жалдап тұрып, ұялы телефон сатып күн көріп жүрген жеті қазақ қызының көзқарасы осындай. Жер жүзін жаулаған ұялы телефон қазақ елінің бір түкпірінде тұратын қаракөздердің жүрегін де аяусыз жаулап алыпты.
Оның «сотовойы» шыр етті.
Мен шығып кеттім.
– Замолчи, шмо? – деген өктем үн естілді.
Терезесінде үп-үшкір банан салбыраған дүңгіршек дір ете қалды.
Сәтін сап шығып кеткенімді қарашы.

***
Бүгінгі жастарда әзіл-оспақ жоқ, құй­тырқы сөз айтсаң әсерсіз аңтарылып тұра береді.
Бақа да иненің ұшынан тітіркенбеуші ме еді?
Қожанасырдың әрекетін айтсаң, «Неге олай?» деп қайтара сұрайды. Біз бала күнімізде кітаптан оқыған Қожанасыр мен Алдар Көсенің қылықтарын одан әрі өрбітіп, өмірлік қағидаға айналдырушы едік. Әлі күнге сол екі әдеби кейіпкер өмірдегі бағдаршамымыз секілді.
– Мынау қай мәшине?
– «Мерседес».
– Мынау ше?
– «Фольсфаген».
– Мынау?
– «Ланкрузер».
Темірді сұрасаң, аузы аузына жұқ­пайды.
– Осы мәшинені Қожанасыр айдаса не болар еді? – деймін қасымдағы жауаптан жаңылмаған жігітке қара байталдай нән мәшинені нұсқап.
– Қожанасыр өліп қалған жоқ па?! – деп, бір дүңгіршекті иемденіп, шәпкесін қисайта киген жігіт жер мен көктің арасында әрең тұр.
Қожанасыр мен Алдар Көсені біл­мейтін адамның қолынан бәрі келеді.
Жеміс-жидектің қасындағы газет-журналдың «Дауыс» дүңгіршегі болса, ақпараттан иіні түсіп иіліп тұр.
Екі дүңгіршектің арасы дүрдараз.

Алдыңғы «
Келесі »