А. В. Затаевич және қазақ операсы

  • 04.09.2015
  • 2358 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Александр Викторович Затаевич қазақ-кеңес музыка тарихына тек әйгілі этнограф ретінде ғана емес, сондай-ақ дарынды композитор, қазақтың камералық музыкасының негізін қалаушыларының бірі», – деп жазылған сазгер-зерттеуші туралы бұдан жарты ғасыр бұрын жарық көрген жинақта. Содан бері бұл пікір ресми басылымдарда, энциклопедиялық сөздіктерде өзгеріссіз басылып келеді.
Дегенмен, А. Затаевичтің қазақ музыкасын дамы­тудағы еңбегі әділ және жоғары баға­лан­ғанымен, ұлттық мәдениеттегі жаңа (жазба) дәстүрдің қалыптасу үрдісіне композитор ретіндегі  әсері анық айқындалмаған. Осыған орай талантты сазгер, әрі зерттеушінің шығармашылық жолына қысқаша болса да үңілгенді жөн көрдік.


А. В. Затаевич 1926 жылы Р. Ролланға жаз­ған хатында: «Мен қырғыз тақырыбына жаз­ған фортепианоға арналған өзімнің шағын миниатюраларымның бірінші сериясын өзіңізге ұсынамын. Мен олардың 100-ге жуығын жазыппын. Жақын арада басқа да сериялары жарық көреді деп сенемін» [4] – деп жазыпты. Осы орайда еске салатын болсақ: «отыз жыл бойы қал­пына келтіруге келмейді деп есептелген оның шығармалары библиографиялық тапшылыққа айналды» [4].
Композитордың алғашқы өңдеген 50 әні, зерт­теушілердің пікірінше, «композиторлық ше­­­бер­­ліктің керемет үлгісін, сезімталдық тал­ғамын және биік поэзияны көрсетеді». Бұл 1921ж. күзде, нақтырақ айтқанда этнографиялық қызметінен бір жыл бұрын (1920 ж.) шығарылған болатын. Бұған қарап, Затаевичтің қазақ әндерін өңдеу бағытында пионер болғанын, өз күшімен және тұңғыш рет халық әуендеріне арналған қазақ хал­қының көпдауысты фактураны жасауда күрделі міндеттерді шешкенін байқаймыз. Мұндағы «көптің бірі» деген шектеудің енгізілуі сыртқы жағдайға байланысты болды. Дегенмен оның 1957 жылы тірнектеп жиған еңбегі жарық көргенде, ноталық басылымдардың басым көпшілігі ком­позиторлардың ортасында күрделі жұмыс та­лап­тарын қоятынын дәлелдеді. Өйткені А. В. За­таевичтің айтулы еңбегін қайта шығарудан бес жыл бұрын  Д. Мацуциннің, Е. Брусиловскийдің, бір жылдан кейін – А. Жұбановтың, Б. Ерзаковичтің фортепианолық жи­нағы жарық көрген болатын. Оның үстіне А. В. Затаевичтің қазақ тақырыбында жазыл­ған фортепианолық пьесасымен бірге Б. Бай­қа­дамовтың, Е. Брусиловскийдің, А. Жұба­новтың, Қ. Қожамьяровтың, Л. Хамидидің және т. б. камералық-вокалдық шығармалары жарық көрген еді. Мұның ішінде Б. Ерзакович пен Л. Хамидидің авторлық жинақтары музыкалық ортада қоғамдық ойды қалыптастыруға өз әсерін тигізді деп айтуымызға болады.
Бұған В. П. Дернованың мақаласындағы тағы бір тұжырым көрсеткіш болады: Ол: «Қа­зақ­­станның жас композиторлары Затаевичті қа­зақ әндері жинағының екі басылымы мен бір қолжазбасының авторы ретінде таниды. Бірақ, оның1920-1936 жылдар аралығында – он алты жыл бойы талантты әрі өресі биік музыканттың және өте дарынды композитордың қазақ халық әндеріне лайықтаған ұлттық гармонияны және ұлттық аспаптық фактураны қалыптастыруда көп және қажырлы да жанкешті жұмысын мүлдем білмейді» [4], – деп жазады.
Осыған қарап көрнекті этнографтың жаз­баларының Қазақстанның кәсіби компо­зитор­лық мектебінің қалыптасуына  ауқымды әсері болғанын байқаймыз. Б. Г. Ерзакович оны «қазақ­тың ка­ме­ралық музыкасының негізін қалау­шылардың бірі» ретінде қабылдап: «…А. В. Затаевич еңбек­те­рінің ерекше үлкен ма­ңызы бар. Қазақ композиторлары опе­ра­лық, симфониялық, камералық және балет­тік шығар­маларды жазғанда Затаевич шығар­мала­рындағы халықтың музыкалық тіл бай­лы­ғына үнемі сусындайтын сарқылмас бұлақ болып табылады» [1], – деп ерекше бағалаған. Ол бұған дәлел Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» опералары және «Сарыарқа»  симфониясында, В.В.Великановтың «Қазақ симфониясы» мен «Қамбар мен Назым» балетінде, Л. А. Хамиди мен А. Жұбановтың «Абай» операсында осы жинаққа енген қазақ музыкасының асыл мұралары алынғанын жазады.
1959 жылы В. П. Дернова: «Затаевич жазып алған халық әуендерін кеңес композиторлары қазақ және қырғыз операларын жазу барысында кеңінен пайдаланып, негізге алды» [5] – деп баспасөз беттерінде жазған болатын.
Е. Г. Брусиловский өзінің мақалаларының бі­рінде: «Мен   «Қыз Жібектің» музыкасын жазғанда көбінесе Қазмузтехникумның ғылы­ми-зерттеу кабинетінде сақталған, халық әуендері мен халық әндерін жинаған композитор Затаевичтің материалдарын пайдаландым», – де­се, ал, бұдан он жыл өт­кеннен кейінгі сұх­батында: «Мен «Қыз Жібекті» жазар алдында екі жүз елуге жуық күй мен әнді жазып алып үлгірдім, оларды «ұстап көріп», яғни, «байқап көрдім»дей келіп, – олардың маған пайдасы тиді» [6]–деп қызметінің басқа қырын түрткен. Осы тұрғыдан алғанда, шығармашылық үрдістің жаңа тұсын көрсететін оның өзге естеліктері де қызығушылықты танытады:
«…Жұмат, Қаныбек және мен А. В. Затае­вичтің екі жинағын қолға алып, Елубаймен кеңесе «Қыз Жібек» қойылымы үшін әндерді таңдаумен айналыстық. (Қаз.АСР халық әртістері  Ж. Шанин, Қ. Байсейітов, Е. Өмірзақов, Қ. Қуанышбаев  – төртеуі  әр түрлі уақытта А. В. Затаевичке ақпарат берген, сонымен қатар Қ. Байсейітовтан басқалары 1927 жылы А. В. Затаевич Мәскеуде ұйымдастырған концертке қатысып, ән салған.  Бұл туралы Затаевич өзінің музыкалық-этнографиялық жинақтарында мінездеме жазған (1925, 1931): 1000/298 түсін., 500/221түсін. мен 500/342 түсін. Қара).
Біз назар аударған әрбір үлгіге, Қалибек пен Қаныбек дереу түсініктеме беріп отырды, бұл әннің «олай» жазылмағанын нұсқап. «Алқарай көк» бұлай айтылмайды, оны осылай айту керек» – деп Қаныбек, оған дұрыс болып есептелетін нұсқасын айта жөнелетін. Бірақ Қалибек сол тұста оны түзетіп: «Қаныбек, сен басқаша айтып тұрсың. Бас жағы дұрыс, ал ары қарай былай айтылады», деп Қалибек өз нұсқасын жарты дауыспен әдемі шырқайтын. Елубай «Алқарай көкті» ести салысымен лезде пікірталасқа қызу кірісіп, өзінің көмеймен орындайтынын көрсете (Өмірзақов сияқты ешкім айтпайтын) «Ал қарай көктің» дұрысын айтқан. Пікірталастың соңында Затаевичтің жазбасынан екі-үш интервал ғана қалғаны байқалатын еді. 
Нәтижесінде шешуші сөзді спектакльде бұл әнді кім орындайды соның пікірі негізге алынатын. Өйткені Төлегеннің партиясын Қанабек айтатын болғандықтан, соңғы сөзді сол айтушы еді. Ол, әрине, өзінің нұсқасында қалған, бірақ жеке иірімдерінде ол Қалибек пен Елубайдан алған. Мен барлық нұсқаларды жазып отырдым, кейін Қанабекпен әннің орындалуында егжей-тегжейін анықтадық: люфт-пауза, фермата, жылдамдату, екпін, шарықтау нотасының ұзақтығы, пауза, соңында қайталанатын екі тактты және т.б.» [7]. 
А. В. Затаевичтің жинағындағы «Алқарай көк» пен Е. Брусиловскийдің операсындағы осы үзін­дінің клавирден салыстырып көргенде [8, 9] олардың сәл ғана өзгешелігімен дәлме-дәл сәйкестігі айқындалады: интонациялық және екпінді-ырғақтық тұрғыдан музыкалық үлгілер жалпы бірдей, оның үстіне олардың тіпті сыртқы безендірілуі де ұқсас екен (графикалық бейнесі).
«Қыз Жібек»  алғашқы мәтінінің жасалу үр­дісін назарға алып қарағанда, оның бірнеше нұсқасының болғанын (кемінде үшеуі), композитор шешімінің жылдар өте келе өзгерткенін болжауға болады. Онымен қоса «500 ән-күй­дегі»нұсқасымен соншалық жақындығы есте­лікте жазылғандарға қарама-қарсы келіп қана қоймай, оның үстіне мұндай келіспеушіліктің себебіне үңіліп, ойлануға да итермелейді. Компо­зитордың шығармашылық үрдісін сурет­тейтін тап осы үзінді әдебиеттерде бұрын дәйексөз ретінде келтірілгенін қосамыз. Өйткені ұсынылған дерек­терді анықтау мақсатында объективті фак­то­логия мен субъективті құмарлықтың ара­сындағы айырмашылықты ұғынуда бірнеше акцентті қоюға әкелді.
А. В. Затаевичтің жазбаларында құнды деректер… және қызықты мінездемелер жазылған. Бұл туралы Е. Г. Брусиловский: «Өз басыма және менің жұмысым үшін бұл түсініктемелер маңызды рөл атқарды», – дейді.Сондай-ақ опера жанрының жеке формалары ұқсас мазмұнды үзінділер ұсынылған. Бұған қарап А. В. Затаевичтің композиторлық қыз­метіндегі және сыни-музыкалық контексіндегі мұндай үзінділердің жоғарғы «үлес салмағының» үйлесімділігін ерек­ше­лейміз.
1934 жылғы өмірбаянынан келесі абзацтарға назар аударайық: 
«[…] Орталық әкімшілікке менің өнер­паз­дығым (музыкальность) қажет болды және мен сондықтан Варшава Генерал-Губер­натордың ке­ңе­сінде болдым, оның үстіне маған артылған «тапсырмалар» келесі болды 1) жергілікті мер­зімдік басылымдарды тіркеу; 2) «Беседа» және «Просвещение»атты екі ғылыми-ағар­тушылық журналдарды редак­циялау; 3) жергілікті консер­ваторияның бақы­лаушы комитетінде жұмыс істеу 4) «Варшавский Дневник» опералық-музы­калық бөлімнің меңгерушісі ретінде қызмет атқару.
Әсіресе мені күнделікті жасалатын соң­ғы жұмыс қызықтырды, 11 жыл бойы, яғни 1915 жылдың жазына дейін Варшаваны біз эва­куациялағанда, аталған газетте көп­теген әр­тістердің арасында танымал болған музы­ка туралы 1000-ға жуық пікір, мақала және фельетондар шығардым» [4].
Аса күрделі есте сақтау «байлығы», «музыка сыншысы және консерватория басшылығының мүшесі» ретінде көпжылғы қабылдау және опера шығармаларын бағалау тәжірибесі белгіленген ассоциация және параллельдер, сөзсіз, жаңаша қарастырғанды талап етеді. 
А. В. Затаевичтің нақты композиторлық қыз­метін алғанда, опера дәстүрімен қандай да бір байланысын сипаттайтын және фортепианолық өң­деулерге таңдалған музыкалық үлгілерді салыс­тырудың нәтижесінде анықталған. 
А. В. Затаевичтің қазақтың музыкалық-сах­налық шығармалардың негізінде айтылған мынадай пікірлері ерекше қызығушылықты танытады:
А. В. Затаевичтің академик Б. В. Асафьевке жазған хаттарында: «өз басым әр қайсысына он шақты тақырыптарды белгілемекшімін, олардан керемет симфониялар, поэмалар, сюиталар және тіпті опералар шығаруға болады! Екеуміз кездескенше мысал ретінде келтірмеймін, себебі бұл менің арқамды ұзаққа қоздырады» [12] – деген сөздері сақталған.
Осыған байланысты Б. В. Асафьевке «Ақан мен Зайра» туралы тапсырыс берілген қазақша сюжетте қосарымыз:«тақырып бойын­ша» музы­калық жинақтардан және түсінік­темелерде бе­рілген материалдар ауқымы, либретисттердің авторлық ремаркасын ескергенде (М. Әуезов және С. Мұқанов) өзіндік таңдау жасауға жеткілікті болды. Мысалы, «Сырымбет» әнінің енгізілуі, либретто мәтінінде айтылғандай [13], қалай «1000» болса, солай «500»-дің «Бірдей аталған әндер мен авторлар көрсеткішінде» қосымша ақпаратпенен жабдықталған болатын (әр түрлі нұсқасын ескермегенде). 
А.В.Затаевичтің жинаған материалдары қазақ композиторлары үшін шығармашылығына кең мүм­кіндіктер ашты және олар дер кезінде баға­ланды. Оның үстіне мұны тек музыканттар ғана пайдаланбағанын байқаймыз. 
«Қырғыз халқының ағартушы комиссариаты ұсынған концерт туралы есепте, қазақ әндерінің негізінде келешекте күрделі музыкалық туындылар, мүмкін тіпті қырғыз операсы да шығарылады деп күмәнданбауға болады деп айтылған» [4].
«Ағартушы Халықком да жазды. «… «Қозы Көрпеш және Баян-сұлу» туралы кітапты Сізге жіберемін, менің ойымша, Сіздің «1000 песен ка­захского народа» кітабіңіздің негізінде енді композиторларға опера жазуға мүмкіндік туды. Бұған қалай қарайсыз? Мүмкін өз ойыңызды айтарсыз?» [12].
Сол жылдардың шығармашылық тәжіри­бесінде бұл мүмкіндіктер белсенді жүзеге асырылды. Мысалы, қазақ драма театрдың қойы­лымдарындағы музыкалық безендірулер А.В. Затаевичтің тек бір жинағынан ғана алынды («500»): «Хан Кене» (1934) – №№2, 15, 45, 265, 300, 350; «Түнгі сарын» (1935) – №№ 7, 18, 20, 28, 44, 54, 476; «Біздің жігіттер» (1935) – №№ 99, 359, 418, 473 және т.б.
Сол уақыт баспасөзінде: «…Коцык жол­дас «Шұға» музыкалық пьесаның негізіне кей­бір музыкалық импровизация мен қыстыр­малар жасалған қазақтың халық әндерін алған. «Шұ­ғаның» барлық 47 музыкалық нөмірі » [14].
«Шұға» клавиріндегі жеке нөмірлердің нота мәтінін А.В.Затаевичтің жинағындағы лайықты үлгілермен салыстырмалы қарастырғанда құры­лымы жағынан әр түрлі болғандығы және онымен қоса олардың кең пайдаланылғаны дәлелденеді. Мысалы шығармашылық тұрғыда сәй­кес келетін материал ретінде негізгі кейіпкер Шұғаның му­зыкалық партиясындағы үзінді көрсеткіш бола алады – II акт №6 «Жеңеше-ай» әні «1000» бастапқы жазбасымен сәйкестігі (№524). 
Музыкалық драманың мәтінінде мысалдар мазмұндалған және өздігінше безендірілген түпнұсқалық-дәйексөздердің аз еместігін де қоса айтамыз. Мұндайларға «1000» жинағынан пайда­ланылған нөмірлерді жатқызуға болады, №239 «Терісқақпай» (I акт №8), №860 «Шөлдедім» (II акт №4), №№843 және 845 «Бақсы» (IV акт №1) және т.б. А.В.Затаевичтің фортепианолық өңдеулердің жарияланған мәтіні де белсенді қолданылған.
«Екі алғашқы «Қыз Жібек» және «Жалбыр» опералардың әрқайсысында елуге жуық халық тақырыбы пайдаланылған, «Ер Тарғында» оның саны сексенге жетеді» [15] – деген бұл ұйғарым дәйексөздік материалдың нақты дәлелі болатынын, А.В.Затаевичтің жазбаларымен байланысты анықтамай-ақ көрінеді.
…Жылдар өте Е. Г. Брусиловский: «[…] Егер де А. В. Затаевич болмағанда, сол бір ер­іксіз жағдайда Орынборда болған, еріксіз этно­графиялық ерлікке дайын болған, айдаланы үрейсіз кезген, оған дейін бейтаныс болған қазақ халық музыкасының есте мәңгі сақталуы үшін, оның сұлулығымен байлығын бағалау үшінриясыз қызмет атқарған, және өмірінің соңына дейін соны ойлаумен сыр­қаттанбағанда не болар еді?» [7] – деп өзінің аға әріп­тесін және із ашарын мойындаған.
Алайда, А.В. Затаевичтің мұрасы онжыл­­дықтар­дан кейін де Қазақстан композитор­лары­ның кәсіби шығармашылығына әсері нақ­­тылы дәлелдемелерге сүйеніп жазылған ғылыми тұр­ғыдан гөрі эмоционалдық-психоло­гия­лық жа­ғы­нан ғана бағаланғаны байқалады.
«Затаевич қазақтың операсын және симфониясын жазбаған. Ол үшін оның кезінде шы­найы тарихи мүмкіндік болмады. Кеңестік Қа­зақ­станның экономикасы мен мәдениеті даму нәти­жесінде мұндай мүмкіндікті тудырған сәтте, Затаевич өмірінің ақыры еді […]. Енді Затаевичтің композиторлық жұмысына лайықты бағасын бе­рудің уақыты келді…» [4]. Шынында, жазған емес, бірақ шексіз көпті белгілеген, дайындаған, шын мәнінде анықтаған. Қосарымыз, мүмкін­діктер туғанда оның жазбаларын және өңдеулерін пай­далану тәжірибесі белсенді қалыптасты, ал оның өзі әдеттегідей музыкалық-этнографиялық жұмыстан қолы босамады. 
«Затаевичтің композиторлық жұмысына лайық­­ты бағасын берудің кезі келді» – деген тұ­жы­­рым­ды жарты ғасыр өтсе де қайталап тұру қа­жет екендігін көреміз.

Ақлима Омарова,
өнертану ғылымдарының кандидаты, 
доцент, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 Ерзакович Б.Г. Выдающийся собиратель казахских песен и кюйев // Музыкальная культура Казахстана. – Алма-Ата: Казгосиздат, 1955. – Б.131-132.
 Ерзакович Б.Г. Затаевич А.В. // Музыкальная энциклопедия. Т.2. – М.: «Сов.энциклопедия», 1974. – Б.439.
 Музыкальный энциклопедический словарь. – М.: Сов.энциклопедия», 1990. – Б.199.
 Затаевич А.В. Исследования. Воспоминания. Письма и документы. – Алма-Ата: КГИХЛ, 1958. – 304 б.
 Дернова В.П. Первый народный артист Казахской ССР // Казахстанская правда. 1959. 21 марта. 
 Казахстанская правда. 1934. №225; Культура и жизнь. 1970. № 9. – Б. 33-35.
 Простор. 1997. № 9. – Б.67.
 Затаевич А. 500 казахских песен и кюйев. Адаевских, Букеевских, Семипалатинских и Уральских. (Продолжение «1000 песен КАЗАХСКОГО НАРОДА» того же собирателя). – Алма-Ата: Наркомпрос Казахской АССР, 1931. – 313 б.
 Брусиловский Е.Г.КызЖибек. Клавир (на каз.яз.). – Алма-Ата: Өнер, 1981. – 168 б.
Затаевич А. Қазақ музыкасы жайында Қа­зақ әдебиеті. 1935. № 30 (60).

Алдыңғы «
Келесі »