ТЕКТІЛІК ФЕНОМЕНІ

  • 21.05.2012
  • 989 рет оқылды
  • 1

Үмбетхан Сәрсембин,
философия ғылымдарының
кандидаты

Ұлт тұлғаларының тектілігі халыққа үлгі, ұрпаққа өнеге. Қазақ ұғымында тұлға тектілігі – адамның бойындағы бар мүмкіндіктерін халық игілігіне ортақ күрделі істерімен шектейтін адам қасиеті. Ондай адамдар дү­ниеде сирек болса да, тұлғалығы мәңгілікке халыққа рухани азық болып қала бермек.
Тектіліктің жауапкершілігін жүктеген тарих заңының әділеттілігі, ақиқатты өмір шындығы негізінде көрсетіп, оның шешімін тарихи өмірдің негізінде дәлелдеп, оған қол жеткізудегі тәжірибелерді тұлғаның өзіне жүктеп отыруында. Сол себептен, батырлар ел мүддесінің мәңгілігі үшін тектіліктің заңдылығын тереңнен ұғына білді. Абылай және Кенесары хандардың тағдыры осы шындықтың куәсі. Қазақ руханиятында Абылай бейнесі осы тұрғыда көрсетілген:
Үлгілі өткен Абылай қазақ ханы,
Үш жүз түгіл алты алаш білді.
Рахаттан қазақ үшін безіп кеткен,
Алла әмірімен артықша туған жаны.
Хан еді қазақтағы қолы жеткен,
Үш жүздің баласына еңбек еткен [1. 21 б.].
Тектілік тұлғалық қасиет, оның мәні жеке адамның тарихи тағдыр өрісінде бойындағы рухани қасиеттерін сақтап отыруында. Абылайдың тектілігі ұлт руханиятында оның тағдырымен зерделенген:
Атасы Абылайдың Уәліхан
Өкпелеп хандық үшін ауып кеткен.
Үргенішке жол тартып кеткен ауып,
Нағашым Ғайып хан деп соны тауып.
Жетім-жесір болып қалды сонда жүріп,
Елдерін Ғайып ханның қалмақ шауып [1.21 б.].
Тұлға тағдырынан байқағанымыздай тектілік батырды кісіліктің, батырлықтың негізінде ұлт рухын әлемге танытып отыратын ұлы тұлға биігіне жетеледі. Қазақ батырлары рухани қасиеттерімен өмір мектебінен өтіп, ұлт игілігі үшін елге қызмет етті.
Абылай хан билік құрған дәуірдегі қазақ философиясынан байқап отырғанымыздай, қоғамға, мемлекетке қажет әрбір нәрсе билер тарапынан даналықтың біліміне салынып, халыққа жеткізілген. Елдің бірлігі ата-баба дәстүрін бағалаудан басталады. Тарих тағылымы негізінде түйін­десек, тағдырдың сынын көз алдында өткізген қазақ батырының бойындағы елдік сананың рухы оның рухани өмірімен де тығыз байланысты. Осы себептен халық жырында батыр бейнесі оның тағдырынан бастап сомдалады. Абылай жырындағы ханның тағдыры тұлғаны мадақтау мақсатында емес, тұлға өмірінің философиялық шешімдерін толықтай тарихта сақтап қалуға бағытталған. Тарихи өмірдің барлық кезеңі философия, ал оның шешімі даналық. Жас Абылайдың Төле биге келуінің де нақты себебі осы. Өмір адамды сынаса, сол өмір болмысының өрісінде жүрген тектінің рухын сынайтын даналар. Себебі, нақты да күрделі өмір заңы ойшылдан жалпылықты, сезімталдықты талап етсе де, сезімге берілуді талап етпейді, ақиқатты аршып, жалған мен шындықты ажыратудың қисынын талап етеді. Осы бағытта билердің тағылымы ұлт мүддесі үшін нағыз тұлғалықты зерделеп, зерттеп оты­руымен айқын. Жас Абылай мен Төле бидің арасындағы кісілік осылайша даналықтың философиясы негізінде басталады.
Төле би алдына келген баланың бойында бар тектілікті неден байқағандығын жыр бейнелейді. Жыр тағылымына зер салсақ тектіліктің рухы – ақылдылық. Тектілігімен бидің сеніміне ие болған жас Абылайдың бойындағы ерекше қасиет табандылық, беріктілік, бұл қазақ ұғымында тектіліктің басты нышаны деп есептелген. Жастың бойындағы жігердің, табандылықтың күшін байқаған қазақ билерінің кейінгі буынды тұлғалық құндылықтарға бағыттаудағы ұстаздығы, қазақ поэзиясында халықтың мәдени әлеуметтенілуінің феномені ретінде көрсетіледі. Адам тумысынан би-шешен немесе батыр, ғалым болып жаралмаған, бірақ адам бойында бар тектілік ол адам өзін неге бағыттай білсе, адамның қолын сол деңгейге жеткізбей қоймасы анық. Хандарымыздың мемлекет билігін тектілікпен басқаруының мәні осында, себебі уақыт талабы, дала заңы зиялылардан шынайы табиғатты талап етті. Бір сөзбен айтқанда, тарихи уақыт нағыз тұлғаларды тарих сахнасына шығарып қана қойған жоқ, тұлғалықтың мәнін көрсетіп отырды. Осы себепті ұлт зиялыларының арасында шынайылық жүрді. Шынайылықтың мәнін қазақ баласының ерте түсінуіне елдің тарихи өмірі ықпал етті. Сол үшін жастарымыз ерте ақыл тоқтатып, әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын саралаған. Қоғам өмірінің болмысын кеңінен зерделеудің негізінде елдік сақталып, ол кісіліктің дәстүріне айналды. Бұл деңгейдегі кісілік жеке адамның дара болмысын емес, тұтас әлеуметтің тұлғасын сомдайтын ұғымға, ерекше мәдени құбылысқа айналды. Төле бидің Абылайдың бойынан ең алғаш көргенде байқаған қасиеті, табандылық пен ұстамдылық. Табандылық тұлғаның жауынгерлік рухының белгісі болса, ұстамдылығы даналықтың белгісі. Ханның халық алдындағы ең басты қа­сиеті өзінің мемлекет, ел туралы ойын сақтау, тұлға ойын халық оның ісі арқылы көріп отырған, халық игілігіне қажеті де сол, елдің дамуын идея емес, сол идеяның орындалуы жүзеге асырады. «Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде – деп жазады Ш. Уәлиханов, Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр дастандардың арқауына айналған. Домбыра мен қобызда орындалатын небір күйлер соның дәуірінде дүниеге келген және көбі сол кезеңді сипаттайды» [2.19б.]. Билер тағылымынан байқап отырғанымыздай тұлғаға қойылған міндет, оның ішкі талғамының тереңдігі мен беріктігі. Хан баласы Абылайдың бойындағы ерекше мінезді Төле бидің сынауы, бұл халық тағдырымен байланысты тарих. Ол бидің хан тағдырына ара түсуінде емес, адам бойындағы тектілікті танып, сол қасиеттің түбінде елге игілік әкелетін жолын зерделеуінде. Тұлғасыз елдің тұрақты дамуы жоқ, тұрақтылықтың өзегі тұлғалық іс, ал оған адам асыл қасиеттерімен ғана қол жеткізбек. Адам бойындағы асыл қасиет­тердің рухын бағалау, алдымен адам болмысына сын көзбен қараудан басталады. Бидің сыны даналық, ол қазақ руханиятының түп-тамыры. Абылайдың бала кезінде-ақ бойынан биге байқалған тектіліктің халық руханиятында сақталып қалуы, тұлғалар тағдырының, сол тарихи өмір айдынындағы болмысының ұлттық құндылыққа айналуында. Тектілер өмірден қалмайды, тағдырдан қайыспайды, арға сүйенеді, барға қанағат етеді, қиыншылықтан әлсіремейді, азға ренжімейді, сондықтан да тектілерді шың­дайтын өмір, сынайтын тағдыр, осы екі нәрсенің сынымен өтетін ұлт зиялыларының өмірі халық ұғымында мәңгі сақталады. Сонымен қатар тектілердің бойындағы қасиет жақсылықтың қадір-қасиетін бағалау, содан алған әсерін үнемі есте сақтап отыру, адамгершілік тектіліктің негізгі қазығы.
Мемлекет тұлғасы, сол мемлекеттің қара­­пайым өмірінен бастап, саяси өміріне дейінгі жағдайын жетік білетін адам. Абылай – хан баласы, бірақ, ол қазақ өмірінің жағдайын білген, тарихи өмірдің соққысы хан тағдырына тисе де, ол сол ауыртпалықты біліктілігімен жеңіп шыққан. Әсіресе, Абылайдың жаугершілік соғыста халық пен зиялылар сеніміне батырлығымен ие болуы тұлға өміріне тән батырлықтың рухы биік, мағынасы терең қырларын негіздейді. Хандар мен Батырларымыздың мемлекетті басқарудағы қызметінің тереңдігі ел қорғауда батырлықтың рухын қалыптастыруында. Қазақ зиялыларының саяси әрекеттері, идеялары, ел басқару тәжірибесі уақыт талабына сай жүзеге асып отырған. Абылай хан дәуіріндегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік философиялық проблемалар зиялылар тарапынан жүзеге асуда қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуына қажетті құндылықтарды қалыптастырды.
Қазақ хандарының билік құрған дәуірі қазақ елінің тарихи өмірінде ғана емес, мәдениетінің қалыптасып, сақталуында, мемлекеттік мәдени өркендеуінде тарихи маңызы бар дүние. Абылай хан идеясы, кейінгі уақытта да қазақ топырағында қазақ мемлекеттілігін сақтаудың негізгі тәжірибесіне айналды. Қасым хан мен Кенесары ханның тарихы осы Абылай идеясының заңды жалғасы. Кенесары хан билігі дәстүрлі қазақ қоғамын басқарудағы хандар билігін қалпына келтірудің жаңа бір тарихи кезеңдегі бастамасы деп айтуымызға болады. Қазақ хандары билік құрған қазақ қоғамының саяси өмірін, мәдени өрісін, экономикалық даму бағытын зерттеу үшін, алдымен мемлекет билігін жүзеге асырып отырған хандар мен батырлардың саяси ұстанымын, ұлттық идеяларының негіздерін зерделеу қажет. Олар басқарған қазақ қоғамындағы ұлттық идея елдің мүддесіне тегістей қызмет еткен, тұлғаларымыздың мемлекетті басқарудағы және оның мүддесіне қызмет етудегі тәжірибелері мемлекеттің билігін, дәстүрлі мәдениетінің сақталуын қамтамасыз етіп отырған.
Жер – мемлекет байлығы, жер байлығы­ның негізінде қоғам дамиды, бұл қазақ зиялыларының негізгі идеясы. Осы тұрғыдан пайымдайтын болсақ, хандар билігінің рухы сонау түркілік дәуірдегі мемлекет билігін жүзеге асырудағы тұлғалардың елдік түсінігімен ұқсастығы, тіпті жерді азат ету жолындағы идеяларының сабақтастығы тарихи шындық негізінде айқындала түспек. Отанға деген елдік түсініктің қасиеті осы батырлықтың тарихи қалыптасу себептері негізінде тереңдейді.
Тұлғаны қалыптастыратын тарих, тұл­ға саясатты қалыптастырса да, саясат тұлғаны жасай алмайды, тұлға бейнесін қалыптастыратын тұлғаның рухы, тұлғаның рухы тарихта немесе қоғамның жаңа бір тарихи кезеңінде де өмір сүру үшін тектілік қажет, жоғарыда айтып өткеніміздей тектілік адам болмысының бойындағы ерекше қасиет болса, тектіліктің қадір-қасиетін бағалау үшін ел тарихындағы зиялылар рухы мен іс-әрекетінің тәжірибелері ұрпаққа тегістей жетіп отыруы қажет. Кенесары заманында және алаш зиялыларының уақытында да олардың мемлекет мүддесінің тағдыры үшін күресуіне ұлттық идеяның ықпал еткендігін байқаймыз. Себебі адам билік үшін әрекет етсе, оның бар мақсат-міндеті жеке басының шеңберінде ғана орындалып отырады, ал елдің тарихи өмірінде орын алып, әлем тарихының өрісінде қалған хандар мен батырлардың іс-әрекеті тек қана ұлт азаттығы жолында қалыптасқандығын алдымен дәлелдейтін тарих.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақ тарихи жырлары (хрестоматия). / (Құраст. Б.С. Рахымов). – Қарағанды: Болашақ-баспа, 2009. – 458 б.
2. Уәлиханов Ш. Шығармалары. – Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2010. – 320 бет.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Армысыз,бір терінің пұшпағын бірге илеген Үмбетхан аға!Сіздің “Тектілік феномені” еңбегіңізден көңіл көзі нұрланды.Ұлт рухын серпілтетін сәттеріңіз (еңбектеріңіз) үшін шын жүрегіммен алғыс айтамын.Сізге қарындастық бір өтініш болып тұр, осы мақалаңыздан 2-3 сөйлем бересіз бе?Нәрлі сөз керегіп тұр.

Пікірлерге тыйым салынады.