Жас өспірімдер бұзақылығының алдын алу

  • 21.05.2012
  • 772 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Тәтті өмірге қызығушылық» пен жаман сөздерге әуестік, жігерсіздік пен жалаң еліктеушілік көптеген жас өспірімдерді есірткі шегуге итермелеуде. Біз жүргізілген сауалнама сұрақтарына жауап қайтарған жас респонденттердің пікірінше жалаң еліктеушілік жас өспірімдердің 29,4 пайызын есіркі шегуге итермелеуде. Жалаң еліктеушілік қасиеттер баспасөзде, теледидарда, бейнефильмдерде нашақорлар туралы материалдар мен хабарлардың көп берілуіне қызығушылықтан туындайтындығын сұралған жас респонденттердің 15,3 пайызы мойындаса, 22,5 пайызы модадан қалмау үшін үйрендік дейді. Ең қорқыныштысы кейбір жастар үшін апиынға үйірлік мәнге айналып үлгерген. Ал, апиын шегілген жердің бәрінде қылмыс жасалатыны сөзсіз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның оң­түстік өңірінде заң бұзушы жас өспірімдер ұрлықты топтасып жасаған. Ал, ұрлық жасап жауапқа тартылған қызметкерлердің 39,6 пайызы бір рет ұрлық жасап жауапқа тартылса, қалғандары, яғни, 1/3 пайызы бұрындары бірнеше рет қылмыс жасап, үлгерген. Егер бір аптаның ішінде 3-4 ұрлық жасалса, оның 7,5 пайызын жас өспірімдер жасаған болып шығады.Ал бір айда 8-9 ұрлық жасалса, оның 17 пайызы жас өспірімдердің үлесіне тиесілі болып келеді, ал үш айда 10 ұрлық жасалса, оның 20,7 пайызы ауылдық жас өспірімдер үлесінде. Міне, сондықтан да жас өспірімдер тәртібі бүгінгі таңда да қоғамдық өміріндегі негізгі проблемалардың бірі болып қалып отыр. Зерттеу мәліметтері көрсетіп отырғандай жас өспірімдердің құралған қылмыстық топ жетекшілерінің 40 пайызы дене құрылымдары мығым, күшті, шыныққандар болып келсе, 47 пайызы қару қолдана біледі, ал 13 пайызы ұрлық жасарда оның орындалу жоспарын дұрыс құруға ұста. Бұл мәліметтер жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан сұрыпталған фактілерден алынды.
Сонымен қатар жастар арасында жасалып жүрген қылмыстық әрекеттердің ішкі түрткілік (мотивациялық) механизмін түсіну мақсатымен қылмыстық топтарға қатысушы немесе оларға еліктеушілер арасында республикалық ішкі істер минис­трлігінің Түркістан қаласы тәртіп сақтау басқармасы насихат жұмыстары бөлімі тапсырмасымен ауыл жастары арасында нақты – социологиялық зерттеулер жүргіздік. Сауалнамаға барлығы 345 респондент жауап қайтарды.
Сұрақ-жауапқа тартылғандардың дені ауылдық жерлерден келген жастар. Элек­тронды-есептеу машинесіне дұрыс толты­рылған 316 анкета салынды. Алынған мәлі­меттер жастары арасында кеңінен тараған қылмыстық істердің, жасалған ұрлықтың, зорлық-зомбылықтың, бұзақылықтың, күш көрсетулердің, жезөкшеліктің,т.с.с. пайда болуы мен дамуы себептерін анықтауға себебін тигізді.
Сауалнама сұрақтары дискотека, клуб, кафелерде көп жүретін жас өспірімдер арасында таратылды. Жауап беруші респонденттердің араларында сенімділік туындаған кезде ғана анкеталар толтырыла бастады. Жауап беруші респонденттер саны 4-5 адамнан 25-30 адамға дейін ауытқыды. Олардың 21 пайызы мектеп оқушылары, 36,3 пайызы мектеп бітіріп кеткендер, бірақ әзірге еш жерде жұмыс істемейді, 10 пайызы колледждер мен техникум оқушылары. 6 пайызы ЖОО студенттері, 26,7 пайызы әр жерлерде уақытша жұмыс жасайтындар. Жалпы сұралғандардың 11 пайызы Түркістан қаласының тұрғылықты тұрғындары, 84,8 пайызы ауылдық жерлерден келгендер, 4,2 пайызы оралмандар. Сұралған респонденттердің 15,2 пайызы өз үйлерінде, 12,4 пайызы жатақханаларда тұрады, қалғандары қала айналасындағы ауыл,село тұрғындары,қалаға қатынап не жұмыс істейді, не оқиды, тіпті болмаса жәй қыдыруға, ойын-сауыққа келеді. Адамгершіліктік-құқықтық мәселелер сұралғандардың ойында қарама-қайшы пікірлерге толы. Сауалнама сұрақтарына жауап қайтарғандардың «ақшаның қайдан келетініне мән бермей, әйтеуір болса болды» дегендері – 44 пайызды құрады, екінші орында адамгершілікті өз пікірлеріне азда болса арқау еткендер, яғни «өзіңе ыңғайсыз жағдайды, екінші адамға жасама» дегендер – 41 пайызды құраса, мансұқ тұтқандар 39 пайызды дауыс жинақтады. «Біздің заманымызда күшің болмаса, еш нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес» деп есептейтін қол күші мықтылар төртінші орынды қанағат тұтты – 28 пайыз. Тұтас алғанда барлық сұралғандардың 17 пайызы заңды білу және құрметтеу өз құқығыңды қорғау үшін қажет деген пікір ұстанып, заң талаптарын құрметтеушілік сезімдерін білдірді. 31 пайызы заң талаптарын орындауға асықпаймыз деген пікірлер айтты. Сұралғандар арасында қылмыстық кодекс пен істеген залалды істері үшін жауапкершілік берулері керектігін түсінетіндері де шамалы болды. Олардың 44 пайызы қылмыстық кодекс баптарынан аз-маз хабардармыз десе, 38 пайызы ешнәрсе білмейміз деген жауаптар қайтарды. Тұтас алғанда сауалнама сұрақтарына жауап бергендердің 39 пайызы кез келген қылмыстық істі жасауға дайын екендіктерін білдірсе, 21 пайызы ондай қылықтардан бас тарту керек деп есептейді,ал қалған 35 пайызы қылмыстық әрекеттерге бармауға тырысады. «Апиын, есірткі немесе басқа да организмдерге залалды заттар қолдандың ба?» – деген сұраққа жауап бергендердің 35 пайызы «жоқ» деп жауап берсе, қолданғандары туралы сұралғандардың 60 пайызы мойындады. Сауалнама сұрақтарына қайтарылған жауаптан байқап отырғандығымыздай көбінесе ішімдік ішуге немесе есірткі шегуге үйір жастар қылмыс жасауға бір табан болса да жақын болады. Жастар арасында орныққан келесі бір маңызды фактор – олардың өз құрбы-құрдастары арасында зорлық-зомбылық жасауға әзір тұратындықтары. Сауалнама сұрақтарына жауап бергендердің 33 пайызының пікірлеріне қарағанда қазіргі кезде күш көрсетпей ешнәрсеге қол жеткізу мүмкін емес болса, сұралғандардың 14 пайызы адамгершілік жасау әлсіздік белгісі деп санайды. Мысалы, сұралғандардың ішінен «Топтың көсемі болу үшін қандай ерекшелік қажет?» деген сұраққа 42 пайызы төбелесе білу керек десе, 53 пайызы өз артықшылығымен, ал 20 пайызы басқалай жауаптар қайтарған. Өз намысына тигендерге күшпен жауап қайтаруға сұралғандардың 45 пайызы дайын тұрса, 12 пайызы байқамаған сыңай таныту керек дейді, 16 пайызы басқаша әрекет жасайды, бірақ айтқанды түсінбесе, күш қолдануға мәжбүр боламын деген жауаптар берген. Күш қолдану көбінесе жас өспірімдердің өз тобы арасындағы мәр­­тебесіне байланысты. Қылмыстық топтардың күш қолдануы көбінесе олардың алдарында туындаған қиындықты бейбіт жолмен шеше алмайтындықтарына байланысты. Осы арада өзінен-өзі «Жастар көбіне көп қандай қылмыстар жасайды?» – деген сұрақ туындайды. Қазіргі таңда жастар тарапынан жасалатын қылмыстар өзінің алуан түрлілігімен, ластығымен, тіптен қала берді, қатыгездігімен және жастар арасына тез жайылып бара жатқандығымен қоғамдық пікірді алаңдатып отыр. Жасалған қылмыстарына орай қылмыстық жауапқа тартылған жастардың жас ерекшеліктері әр түрлі.
Демек, Қазақстан Республикасының арналған Құқықтық саясат тұжырым­да­масында нақтыланғандай, жастардың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін құқықтық насихат жүргізу барынша жандыру қажет. Себебі, құқықтық насихат жұмыстарының жастар арасында тұрақты жүргізілуі олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жауапкершілік сезімдерін қалыптастырады. Жастарды қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғауға, басқалардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтей білуге, заңдылықты сақтай білетін әрі отансүйгіштік патриоттық бағдар ұстанатын азамат етіп тәрбиелеуге жәрдемдеседі. Оларды адамгершілік-құқықтық тұрғыдан әлеуметтендіру үрдісінде заңға сүйенетін, заңды құрметтейтін, заңның құқық берумен қатар міндетте жүктейтіндігін сезі­нетін азаматтар етіп сомдаумен қатар, олар­ға қоғамдық тәртіпті реттейтін заңдар мен заңдық күші бар нормалар туралы мәліметтерді береді.
Ал, өз кезегінде жастардың бойына сіңдірілген адамгершілік-құқықтық сапалық қасиеттер олардың алдағы өмірлерінде адамгершілік құқықтары мен құқықтық мәдениеттерінің мазмұнын құрайды. Демек, жастар арасында құқықтық насихатты жандандырудың жаңа иннновациялық тәсілдерін анықтаудың терең қажеттілік мәні бар. Олай болса, жастардың құқықтық хабардарлықтарын арттыру үшін, олардың бойына құқықтық мінез-құлықты, құқықтық мәдениетті және құқықтық сананы қалып­тастыру үшін құқық қорғау институттары мен құқықты оқыту ұйымдарының қызметін, құқықтық насихаттың мазмұны мен ұцымдастырылуын жетілдіру тиімділігін арттыру мәселелерін зерделеу күн тәртібінде тұрғын мәселе. Заңдылықтың сақталуына және заң норма­ларының мүлтіксіз орындалуына қатысты жастардың көзқарастарын саралау арқылы олардың құқықтық білімділіктерінің деңгейін тұрақты анықтап отырған дұрыс.
Қоғамды заң билеуі тиіс. Демек, заңды білу ондағы құқықтық нормалардың мәнін түсі­ну, оларды күнделікті өмірде пайдалана білу уақыт талабы. Олай болса Қазақстанда құқықтық мемлекетті құру, әрбір азаматтың өз құқықтарын біліп, соған сай өмір сүру, іс-әрекеттерінде құқықтық нормаларды басшылыққа алуы дағдыға айналуы тиіс. Ол үшін: – жастардың құқықтық білімі мен құқықтық тәрбиесін бірлікте жүргізу қажет; – олардың бойына қылмыс жасаушылықтың кез-келген түріне жиіркенішпен қарап төзбеушілік сезімін қалыптастыру қажет.
Бүгінгі күні есірткіге әуестік жастар арасында аз да болса орын алып отыр. Сондықтан оның алдын алу шараларын қолға алған жөн. Ол үшін жастар арасында есірткіге әуестіктің арты ауруға ұшырататындығы жан-жақты нақты фактілік материалдар негізінде түсіндірілгендігі дұрыс. Ем алумен есірткіге әуестің алдын алу жұмыстарды оған беріліп нашақорлығымен емес, дені сау жас өспірімдер арасында жүргізілуі тиіс. Барлық өңірлерде жұмыс істейтін алдын алу мекемесін ұйымдастығымен, олар тек насихаттық және медициналық көмек көрсету мамандарымен де толықтырылғаны жөн. Есірткіге тәуелділерді емдеудің, алдын алудың диагностикалық-клиникалық стандарттық жасақталып, наркологиялық көмек көрсетудің әр түрлі режимдік (деспенсерден тыс, амбулаториялық, жартылай тұрақты, мамандандырылған тұрақты, рецидивтікке қарсы т.с.с.) варианттары іс жүзінде жұмыс істеу керек. Нашақорларда медициналық-әлеуметтік оңалтудың әр түрлі тиімді әдістері мен амалдары қамтылуы тиіс (2. 37-38б).
Есірткіге әуестікті алдын алу мен оңал­ту жұмыстарын үйлестіру мақсатында әлеуметтік-экономикалық сала нысаңдары мен ресурстарын (материалдық, техникалық, кадрлық, ақиқаттық және т.б) топтасып қызметтенуге жұмылдыра білу керек. Есірткіге әуестікті емдеуге жанама болса да қатысы бар медициналық, психологиялық және тәрбиелік орталықтардың да жұмысын негізгі емдеу мекемелерінен үйлестіре жұмыс істеудің де берері көп.

Е. Нұсқабаев,
заң ғылымдарының кандидаты,
А. Сқақова,
социология ғылымдарының
кандидаты.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасынның 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық тұжырымдамасы . –Астана 2009-17-бет.
2. Иванова Е. Как помочь Наркоману.-М. Бек.- 2005-45 с.

Thіs artіcle dіscusses the types and ways of spread of devіant behavіor, and theіr negatіve consequences, as well as the legal notіce of devіant behavіor of young people.

Алдыңғы «
Келесі »