Ә. Бөкейхан мемлекет пен дін туралы

  • 20.08.2015
  • 680 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Амангелді  Айталы,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе 
өңірлік мемлекеттік университетінің 
профессоры

Ә. Бөкейхан дін мен мемлекет ара­қатынасының тарихта талай мемле­кеттердің тағдырына, бүгінгісі мен ер­тең­гісіне ықпал еткендігін  терең түсін­ген ойшыл-ғалым. Мемлекет пен дін арасындағы байланыстарды ақылға сыйымды ізгілік жолына салу күрделі мәселе болып келген. Қай заманда да дінді ноқталап, саяси мақсатқа икемдеуге тырысатындар мен мемлекетті шектеп, дінге бағындыруға да ұмтылатын күштер болған, тіпті, олар талай қақ­ты­ғыстарға, қантөгістерге, нәубетке шалдықтырған. Қайғылы жағдайлар Еуропа, шығыс және мұсылман елдері  халықтарының басынан өткен. Бар­лық елдердің ақылды, парасатты ойшылдары осы жалпыадамзаттық мәселенің шешуін іздеген. Соның бірі – Әлихан Бөкейхан. 


ХХ ғ. басында Ресейде отарланған ұлттар арасында  ислам дініне терең бетбұрыс байқалды. Ресей мұсыл­ман­дарының 30-ға жуық газет пен жур­налдары шыға бастады. Патша үкі­метінің орыстану саясатына қарсы күреске ислам діні күш-қуат беріп, ұлтты сақтаудың тірегіне айналды. Ислам діні ұлт-азаттық қозғалыстың  ру­хани қолдаушысы болды, имам-мол­далар көтерілісшілерге оң бата­сын беріп отырған.
Ә. Бөкейхан ауыл мектебінде мұ­сыл­манша сауатын ашқан. «Кир­гизы» («Казахи»), «Дін таласы», «Қ. Оязындағы моллалардың бая­ны», «Рамазан айы жақындаған та­қы­рыпты», «Қазақша муфтилік мәсе­лесі (рухани істер басқару)», басқа да қазақ және орыс тілдеріндегі еңбектерінде дін және мемлекет, діннің қоғамдағы қызметі, ислам дініндегі кісілік пен адамгершілік, ғылым мен білімнің қисынды үйлесімдігі туралы мәселелерге терең мән береді. Кейбір мақалалары «мусульманин» деген бүркеме атпен де шыққан. Ұлт көсемі, бір жағынан, патша үкіметінің орыс­тандыру, шоқындыру саясатын сынаса, екінші жағынан, имам-мол­­лалардың надандығын сынға алып, қазақтарды фанатизмнен, бір­беткейлік соқыр сенімге бой ал­ды­ру­дан сақтандырады. Қазақ­тар­дың ислам дініне бетбұрысы патша билігінің мазасыздығын ту­ғызды, отарлаушылар әртүрлі тос­қауылдар мен кедергілер жасады: қазақтардың қажылық парызын өтеуіне, мектеп, медреселерде қазақ тілінде білім алуына, мінареттер салуына тыйым салды; жетім-жесір қазақ балаларын шоқындыруға тырысты. Бұл саясат қазақтардың да ашу-ызасын ту­ғызды.           
Орыстандыру саясаты кейбір қазақ интеллигенциясы мен дін өкілдерінің арасында жалпы батыс, орыс мәде­ниетіне, қазақ жастарын орыс тілінде зайырлы білім алуына қарсылық туғызатын ағымдар әкеледі. Прогресшіл Ә.Бөкейхан сияқты  зиялы топ өкіл­дерін айыптаушылар да табылды. Дін саяси сипат ала бастады. «Коран и Шариат не стоят в противоречии со всеми разумными реформами, признанными потребностями вре­мени, и что науке и просвещение не чужды учению Магомета», – деп, ол діни догматика шеңберінде ғана ойлайтындарды сынға алды. Қазақ даласындағы діни бірбеткейліктің басты себебін айта келіп, Ә.Бөкейхан елдің діни сауатсыздығының себептерін де талдайды. Қазақ даласында ұнамды моллалар болған, бірақ, елді бұзатын шала мұсылманша оқу білетін қазақ, қашқын ноғай, сарт, тәжік моллалары еді. Ал, надан қазақ оларды діннің қуаты деп мойындап, қарсы келгендерді күнәһар деп есептейді. Қазақ ақындары халықты қорғап, Әлихан сөзімен айтсақ, жүлік моллаларды сынап өлеңдер де шығарған. Ең өкініштісі, кейбір дін өкілдері ел арасында діни алауыздықты қоздырады, мұсылман дініндегілерді кінәлі болса да қарсыласы орыс иә еврей болса, ақтауға болады; бөтен діндегілердің нәрсесін алған қылмыс емес деп халықты адас­тырады. Олардың арасында сайлау кезінде болысқа түскендерді қолдап пайда тапқандар да, болысқа сайланып халыққа талай зәбір де жаса­ғандар да болған. Қазақ, дейді ел қамқоршысы, кімді қолдайтынын, кімнен сыйластық табатынын, со­ны­мен бірге кімнен пәле келетінін, кім­нің кіріптар қылатынын айыра білуі керек.  «Жақсыға ерсең, жетерсің мұратқа, жаманға ерсең, қаларсың ұятқа» деген қазақ мақалын еске сала­ды.  Молланың міндеті халықты таза мінезге тәрбиелеу. Шариғат ғы­лымы мен білім жақсы адамдарға  тән қасиеттерге  үйретеді. Ә.Бөкейхан үшін ислам тек наным-сенім, Жаратушыға құлшылық, діни парыздарды орындау ғана емес, ол ғибраты мен жақсылығы мол, сабыр мен тағатшылық, кеңдік пен кісілікке бастайтын дін.
Әлихан Бөкейханның 1916 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған «Рамазан айы жақындаған тақырыпты» деген мақаласы назар аудартады. Оразаға тек, ауыз бекіту, харам істерден, оразаны бұзатын қылықтардан сақтану, оның шарттарын мүлтіксіз орындаумен шек­телмейді, бұл айға «адамшылық, ұлт­шылық істері жағынан қарап, біраз тексеріп көрейік», – дейді.  Осылай дін мен ұлт мәселесі үйлесім, жарасым табатын жолдарын жанашырлықпен көрсетеді. Ә.Бөкейхан рамазан айының алдымен жалпы адамзаттық мәніне зор мән береді. Бүгін де Қазақстанда діни қызметкерлер уағыздар айтудан, ал зайырлы азаматтар дінді тек сырттай білгеннен әрі аса алмай жүрген жағ­дайда, оның дінді күнделікті өмір талабымен, мұқтажымен байланыстыру туралы ойы өткір мәселе болып отыр. Басқа айда өз қалауынша ішіп-жеп үйренген пенде, ендігі жерде судың бір тамшысын, тамақтың бір түйірін аузына салу үшін Ұлы Иесінің «азан» атты бұйрығын күтеді. Ендігі жерде ол нәпсінің жетегінде емес, нәпсісі оның жетегінде жүрмек. Дәулетті адамдар кейде шала тойып, кейде аш жүретін жетім-жесір, кедей-кеп­шіктердің хал-ахуалын ұғынып, аш­тықтың, жоқтықтың не екенін жән-тәнімен сезінеді. Сөйтіп, оның қатая бастаған жүрегі мейлінше жібіп, оларға деген мейірімі оянады. Бұдан былай ол жетім көрсе жебеп, кедей көрсе демеп жіберуді өзінің ұмытылмас борышы деп біледі. «Жалғыз-ақ  рамазан айы, – дейді гуманист-ойшыл», әр жердегі халықтардың бастарын қосып, бір-бірінің халдерімен танысуға, па­­қыр­лардың халдерін ескеріп, оларға жәрдем беруге, жұртқа тең­дік-құрдастық, ынтымақ-бірлік, сау­лық-тазалық һәм құлшылық-құдай­шылық сияқты істерді үйретуге басқа айлардан гөрі көп артық». Бұл айда адамдар дініне, ұлтына, кәсібіне қарамастан бір-бірін жатсынбайды, бауырмалдыққа, кісілікке жақын бо­лады, сондықтан, оның қадірі де, құрметі де зор. Тек бұл қымбат айды немен өткізбек? Ислам дініндегі халық, оның ішінде біздің қазақтар, қадірлі қызметтерін кімге көрсетпек және кімге бермек, артықша шат көңілмен бұл айды қалай өткізеді деген сауалдар төңірегінде ол ой толғайды және ұлтқа ақыл-парасатты жол сілтейді. 
Маңдай терін төгіп тапқан зекетке шығарған малын, пітір садақасын молдаға апарып беріп, олардың батасын алады, басқа айлардан гөрі артықша құрмет етеді, олардың тұрмысына жеңілдік жасайды. Дүниеден озған туған-туыстарын да еске алады. Бұл қажеттік істер. Бірақ, түптеп қарасақ, зекет, пітір садақа, басқа да уәжіп садақалардың жалғыз молдалар ғана болмасын дейді ел қамқоршысы. Пақыр, мұқтаж жалғыз бұлар ғана емес, аузы қолына жетпей, қысқа жіп күрмеуіне келмей, мұң-мұқтаж көп, «ұлттығын сақтау үшін тіршілік ре­тіндегі ғылымға сусыған халық пақыр мұқтаж», – дейді автор.
Мұқтаждық, тапшылық тек бір молданың басында ғана емес, бүтін халықтың – ұлттың басында. Әсіресе, қазақ сияқты өнер білімнен құр алақан, ал, білім аларлық қаржыға зәру халықтың жастарын оқу-білімге тартуға қызмет еткендер құдайшылық та, адамшылық та парыздарын өтеген, екі дүниеде де зор сауап та болады. Ә.Бөкейхан Құран Кәрімде баян етілген садақа орындарын қазақ тұрмысына бейімдеп таратады. «Пақыр» – бір кісінің де, болмаса көптің де, ұлттың да мұқтаждығы. Ұлтқа не керек? Алла тағала «садақаларыңды мұқтаж болған адамдарға беріңдер» деп көптің қамын ойлап отыр. «Ибн Ассубилге» беріңдер дегені –  мұқтаждық халдегі жолаушылар мен некесіз туған шаһарлы жерлерде асыраушы болмағандықтан тастап кеткен балалар. Ұлт мұқтаждығын көздеуде бұл ақылды жол. Бұл бүгінгі Қазақстан  үшін де өткір – тастанды балалар мәселесі. «Фәл субил-аллаға» дегені- оқу жолындағы барша шәкірттері мен ұлт мұқтаждығын өтейтін орындарға байланысты. Мысалы, бүгін де ол денсаулық сақтау, ақын, жазушылар мен мәдениет қызметкерлері мен мәдениет мекемелерін қолдау деуге болады. «Уа алғараминге» беріңдер дегені – қиындық көріп, сасып сергелдеңге түскен, жаны қиналған адамды қолдап жіберу. Қалай болғанда  да, садақа беру зәрулік көрген адамды тапшылықтан құтылдыру. Халық та сол талай-талай тапшылықты сезінеді және қолдауға мұқтаж. Адамдар, – дейді ұлт лидері, Құран Кәрімде айтылғандай, пайдалы орынға  өздерінің сүйген, қимас нәрсе­лері мен малын шығармай тұрып, ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жете алмайды дейді. Сонымен, Ә.Бөкейхан үшін Рамазан айы дін мен ұлт мүдделерінің үйлесім табатын, елге шын көңілмен қызмет істеуге қызықтыратын ай. Садақа бір кісіге емес, тұтастай ұлт қамы, бүтін ұлттың пайдасына, біліміне арналған қамқорлық.  
Ұлт көсемінің дін ісі туралы пікір­лері «Алаш партиясының бағ­дар­ламасының жобасында» толық көрі­ніс алды: «Дін ісі мемлекет ісінен айы­рылуы болды. Дін біткенге тең құқық. Дін жаюға ерік. Кіру-шығу жағына бостандық. Муфтилік өз алдына болуы. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болуы, жесір дауы сотта қаралуы». «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мәлімдемесінде осы пікірін толықтырып, дәлірек нақтылап таратады. «Француз, орыс, һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді, – дейді ол, – молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді, рухани іс аяқасты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекші болып еріп кетеді». Оның бұл идеялары бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мен заңдарына негіз болды.

Алдыңғы «
Келесі »