Мұхитдин Паттеев: Діни ала-құлалық билік назар аударғанда ғана шешіледі

  • 20.08.2015
  • 398 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі кезде әлеуметтік медиа дін мәселелеріне ерекше реңк беріп тұрған секілді. Себебі,  діни сауатты ашып шыңға шығаратын да, діни ағымдарға үгіттеп, шейіт болуға дейін апарып, шыңырауға түсіретін де әлеуметтік желілер болып отыр. Осы әлеуметтік медиа арқылы көпшіліктің көкейіндегі дін жайындағы сауалдарға жауап беріп, діни ағарту ісіне өз үлесін қосып жүрген Нұр Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректор кеңесшісі, теология ғылымдарының докторы Мұхитдин Исаұлы Паттеевпен facebook желісі арқылы пікір алмасқан едік…


– Тарихқа көз жіберсек, ата-баба­ларымыздың билік жүйесі дінмен етене байланыста болды.  Жарқын мысалы, территориямызда бой көтерген мұсылмандық ортағасырлық мемлекеттер. Бұдан біз қазақ халқы ежелден діни мемлекет болғанын байқаймыз.  Бұл негізімізден қалайша қол үздік? 
– Ықылым заманнан бері бір елдің ел болып қалуы үшін мынадай бес ұстаным сақталып қалуы қажет. Жанның сақталуы, тәннің сақталуы, сананың сақталуы, ұрпақтың сақталуы және соңғысы дін­нің сақталуы. Осының түбінде, әрине Отаныңды сақтау жатыр. Отан кетсе бәрі де кетеді. Сол себепті ерте заманда қазақ «қазақ» болмай тұрған сонау ежелгі тарихын біз білмейтін дәуірлерде ата-бабамыз «ар» деген сөзді осындай қасиетті ұғымға сиғызған. Иә, адамның ары кетсе адамдағы қасиеттің бәрі кетеді. Бірақ, сол заманда «ар» деген сөз қайдан және қалай шығып еді? «Ар» деп ертеде ата-бабамыздың байырғы жеріне жау шабар алдында арнайы бір адам сиятын орлар қаздырып, сол жерге әр бір жауынгер қаруын кезеніп, сол жерден жауды өткізбейтін көрінеді. Міне, сол бір адам сиярлық шұқыр, ор «ар» деп аталған. Шайқас кезінде сол арын тастап, бас сауғалап, жанын саудалап қашып кеткен жауынгерді арынан безіп кеткені үшін «арсыз» деп атаған деседі кейбір тіл зерттеуші ғалымдар. Одан талай сан ғасырлар өтіп, заманның көптеген жал толқындары мен белестері өтіп біздің ата-бабамыз мұсылмандыққа өтеді ғой. Міне, осы кезде «ар» деген сөзге «ождан» деген араб тілінен енген сөз қосылады. Мұның тілдік мәні – «табу» дегеннен келеді. Біздің атам қазақта қашаннан бері мұсылмансың деп сұраса, «әлімсақтан» бері мұсылманмын деген сөз бар. Ал, сол «әлімсақ» дегені рух әлемінде Аллаға берген серті бар. Міне, сол сертін жоғалтып Алладан безгенге мұсылман оның ішінде қазақ халқы «ар-ожданынан безген дінсіз неме» деп атайды. Ендеше, қосарланған екі сөздің мәні бір. Адам болып қалу. Иә, адамның адамдығы мансабы мен дүниесінде емес, адамның адамдығы адамдығында. Бұл күндері елімізде ара-кідік арынан безген анадан туғандай жалаңаш билер, ата-бабамыздың құндылығының тірегі болған күйлерді сайқымазаққа айналдырған ойын-сауықтар бас көтеріп, арам шөптей қылтиып жатса енді бір жағынан мұсылмандыққа бет бұрған жастар арасынан радикалдық қатты бағытты ұстанып: «Е, бұл елді қорғап не керек? Бұл ел – зайырлы ел, ендеше кәпір ел. Берекесіз ел. Ендеше, бұл елді қорғау үшін әскерге аттану орны толмас үлкен күнә. Барсаң күнәға батасың, елді қорғап өлсең тозақтың ұйығына жатасың» деген сықылды әңгіме де шығып қалғанын ел арасынан естіп қатты ойға батып жағамды ұстап отырған жайым бар, ағайын. Дінді ұстанбай, ата дінін білмей жалаңаштанғандарды түзеу оңай, меніңше. Өйткені, олар ата-бабасының діні мен ділін білмейді. Өткенде бір жас «мен осы күнге дейін өз-өзіне қол жұмсауды, жанын қиюды күнә екенін білмеппін. Мен оны намыстың бір түрі деп ойлап келіппін» дегенін естігенде тағы бір жағамды ұстағаным бар. «Сонда, сіздің бір кітабыңызды оқып, ақиқатты біліп аман қалдым» дегені де бар еді. Ендеше, дінсізді дін үйретіп түзерсің. Ал, мына өзін «діндар» санап дінді теріс үйренгендерді қалай түзерсің?! Өйткені, радикалдық ағымды ұстанғандарда «сана» деген болмайды. Адамның еркі мен санасы болмаған соң, оған бір нәрсе деу қиын, әрине. Олар тек өздерінің билерінің бұйрығын орындап, бұйығылықтан шыға алмайды. Солардың «елді қорғау күнә» дегеніне келейік. Әуелі біз қандай ел едік, және қазір қандай ел болдық? Біз мың екі жүз жылдан бері мұсылман болған халықпыз. Содан бері мыңдаған ғұламалар шығып Исламның әр түрлі саласында еңбектер жазып, күллі мұсылман жұртшылығына ұстаздық етті. Бергі жағы бізден кеткен Селжүк ағайындар сонау Конияға барып елдігінің туын тіккенде біздеге ата-жұртынан күдерін үзбеу үшін әрі қажетті болғандықтан талай ғұламаларды еліне алдырып құрмет, ұстаз тұтты. Одан кейін алты ғасыр Османлы халифалық мемлекет болғанда да біздің ата ғұламаларымызды пір тұтты. Өзіміздің аймаққа келетін болсақ, Тараздағы Қарақан мемлекеті Ислам мемлекеті еді. Алтынорда да солай мұсылман мемлекеті болды. Одан кейін біз «қазақ» болып хандық мемлекет құрдық. Бұл да мұсылман елі. Кейіннен, біз арғы жағы үш ғасыр, бергі жағы бір жарым ғасыр бодандық күй кештік. Енді ғана Алла нәсіп етіп егеменді ел болдық. Еліміз бізден діні мен ділі бөлек көптеген ұлттар болғандықтан және де басқа да көптеген хикметтерді ойлап ел болып келісіп «зайырлы» деген заңды бекіттік. Зайырлы деген – дінсіз ел деген сөз емес. Бұл елдің байырғы халқы – қазақ хандығынан қалған қазақ мұсылман халқы. Соның көрінісі әуелгісі осы елдің басшысы қазақ және Мекке-Мәдинаға барып еліміз үшін бата қылған мұсылман. Қайбір күндері осы ел арасында «Путин мұсылман болыпты» деген қауесет тарады. Сонда, біраз мұсылман соған имандай сеніп, шулаған қалың ормандай тербелді. Тіпті, кейбіреулері (әлгілер болса керек): «Онда бұдан былай оған бағыну парыз» деген сөзді де айтып қалды. Сонда, мен іштей қынжылып: «Қайдағы бір елдің патшасын «мұсылмандығын» көріп бұрынғысына кешіріммен қарайсың да, өз еліңде өз жұртыңнан, ата-бабасы да өзі де мұсылман өз ұлтыңнан шыққан патшаңды көрмейсің, қадірін білмейсің» деп кейідім. Қолда бар алтынның қадірі жоқ деген. Одан кейінгі біздің елдің мұсылман ел екендігіне дәлелім – үш мыңнан астам мешіттің бой көтеруі. Әрі Астананың төрінде алып ғимарат болып келген елдің көзін әуел тартқан Аясопия тәрізді Әзіретсұлтан мешіттің қасқайып тұруы. Сонымен қатар, Нұр-Мүбарактай әлемде жалғыз әл-Әзһардың филиалы болған университетті осы елдің басшысының өзі ашып, қолдау көрсетуі.
– Әлемдік тәжірибеде зайырлылық пен дін ұғымдарын біріктіріп отырған мемлекеттер жетерлік. Олардан үлгі алар тұсымыз қайсы? 
– Иә, әлемде зайырлы елдер көп. Бірақ, әрбірі өзінің қай дінді ұстанған байырғы ел екенін осылай көрсетеді. Мысалы, Франция, Түркия, тіпті, Мысыр елі де солай. Ендеше, ағайын, жастар осындай кешегі ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған асыл аманат – елімізді көзіміздің қарашығындай қорғау елдіктің белгісі, ерліктің төресі. Әз пайғамбар алайһиссаламның бұйрығы мен сүннеті. Мысалы, Түркия зайырлы ел. Бірақ, сол елде радикалдық ағымның не болмаса террордың қолынан бір мемлекет қызметкері не болмаса әскер қатарына алынған бір сарбаз қаза болатын болса күллі ел болып аза тұтып «шейіт» деп қастерлеп жерлейді. Мысыр елі де, Малазия елдері де нақ солай. Әз пайғамбар «екі көз қастерлі» дейді. Алладан қорқып жылаған көз, елін күзетіп, шекараны барлаған көз. Иә, тағы да қолда алтынның қадірі жоқ деген. Сол радикалдық теріс ойдағы жас­тар кешегі Кеңес заманында ғұмыр кешіп, бір намаз оқығаны үшін жиырма бес жыл ит жеккенге айдалғанда қазіргі бейбіт егеменділіктің қасиетін түсіне де, ұғына да алар еді. Тоқмейілсіген жас­тар осылай бөгденің жетегінде кетеді. Алланың нәсіп еткен елімізді қорғамау тек көрлік қана емес, дінсіздіктің белгісі. Ар-ожаданын сатқанының белгісі. Олардың ұғымынша қазақ елін қорғау көрлік күнә болады да ИГИЛ-ге барып от пен оқтың ортасына шиттей бала-шағасын тас­тау ерлік болғаны ма?! Отбасын, бала-шағасын қорғап өлген шейіт болады дейді, Әз пайғамбарымыз. Ал, бұлар болса өз қолдарымен бала-шағасын өлімге қиюда. Дегенмен, кең насихат елге жүретін болса, елдегі әлгіндей жастардың санасы қамал болса да алынады деген ойдамын. Иә, Алла елімізді мың бір пәледен сақтасын! Егемендігіміздің тұғыры мығым да асқақ болсын!
– Қазіргі діни қайшылықтар кезеңінде дін мемлекеттік және ұлттық қауіп тудырып тұрған жағдайда зайырлылық  ұғымы керек пе? Яғни, дінді мемлекеттен бөлек қарастыру қаншалықты орынды?
– Әрине, зайырлылық ауадай қажет. Егер, дінді мемлекетпен бір ететін болса, онда ел хаосқа кетуі мүмкін. Бұл бір жағынан елде немесе сырттай Иранның Хомедейлері бой көрсетеді деген сөз. Әуелі, біздің қазақ елі – тұтас қазақ елі емес жүздеген ұлттар мен діндер бар.Екінші, сол шақшадай қазақтың өзі толық мұсылман емес атеисттер де көп.Үшінші, сол мұсылман қазақтың өзі ішінен көпке бөлініп әлек болып жүр. Ал, бұл қиын жағдай.
– Діни ала-құлалыққа қалай тос­қауыл қоя аламыз?
– Діни ала-құлалық билік назар ау­дарғанда ғана шешіледі. Билік әлі көп мәселенің байыбына бармай отырған тәрізді. Діни түйткіл елде экономикадан және басқа да мәселеден кейінгі мәселе болып тұр. Елдегі кейбір радикалдық ағымдарға әлі күнге билік жағынан нақты баға қойылмай тұрған секілді. Иә, билікте қазіргі кезде бұрынғыдай емес, қырағылық бар. Бірақ, әлі де нақтылық қажет. Түріктерге қараңыз, ИШИМ-ге көп назар салмады, тіпті, оған кейбіреулер террор ұйым емес деп қарап келді. Ал,  енді олар көбейіп алған соң бір күнде елу адамды құрбан етуде. Біздің елде де ИШИМ емес, ел үшін болып көрінген теріс ағымдар болуы мүмкін. Оларды бүгін анықтамаса ертең кеш қалуы мүмкін. Алла елімізді мың бір бәледен сақтасын.

Сұхбаттасқан
 Жания Әбдібек

Алдыңғы «
Келесі »