Қобыз дәстүрі

  • 21.05.2012
  • 1179 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Күлзада Оразалиева,
өнертану ғылымының
кандидаты, доцент

Көнеден келе жатқан қобыз дәстүрі қазақтың аспаптық музыка мәдениетінде ерекше орын алады. Қобыздың көнелігі мен жетекші аспап ретінде алдымен ауызға алынатындығы, қасиетін жан-жақты суреттейтін көптеген археологиялық қазба жұмыстары мен жазба мұраларында көрініс тапқан. Мұндай байырғы қыл қобыз сияқты синкреттік аспаптар түр­кітілдес Орта Азия, Сібір, Кавказ, Орта және Шығыс халықтарында сақталған. Қобыз дәстүрі шаман дінінің және осы дін өкілдері – бақсылардың пайда болу процесімен тығыз байланысты. Жалпы, қобыз өнері бақсы-шамандардың ажырамас аспабына айналған, ал, бақсылық өнер Орта Азиялық көшпенді елдерінің ең байырғы дін түрі (формасы) болғаны хақ. Төлтума қобыз дәстүрі синкреттік түрде бақсылардың ем-дом беруші, жырау, ақын және музыкант сияқты функцияларында қалыптасқан.
Халқымыз қобыз өнерін Қорқыт есі­мімен байланыстырады. Қорқыт Ата энциклопедиялық жинағына сілтеме жаса­сақ, қобызды аспап ретінде және онда ойнау дәстүрін Қорқыт тудырып, өзі ойнаған деген болжам бар. Қорқыт музыкасын да көшпенді елде ғасырлар бойы сақтап келген бақсы-жыраулар. Олардың істеген кәсібі, әдеті, дағдысы – музыканы жан күйімен сүюі. Бақсылар, ақын-жыраулар Қорқыттың қобызына қосып сарын айтатын, қобызбен боздатып күй тартатын [1-99]. Сондықтан, ерте заманда қазақ бақсылары Ә. Марғұланның пайымдауы бойынша өзінің білімінен керемет ой иесі атанған, ол жәй адамнан анағұрлым биік тұрған. Олар – әрі ақын, әрі сазгер, әрі сәуегей, оның үстіне емші. Елдің көбі ақын бола алмайтын тәрізді қазақтың бәрі бірдей бақсы бола алмаған [1-100].
Ғалым Ә. Қоңыратбаевтың пікірі бойынша: «Бақсылар сарында магия, шаман, ислам ұғымдары араласып жатады. Соның ішінде, ата-баба, батырлар әруағына сыйыну сарыны күшті. Бақсылар сал, сары ауру кеселдерін емдегенде өздері сары жирен атқа мінген, барлық киелі күштердің тілін білетін адамдар ретінде ұстаған. Бақсылық сарындардың тілі де халық поэзиясына жақын» [1-5].
Ал, ішекті ыспалы аспаптардың отаны Орта Азия және еуропалық скрипка аспабы қобыздан бастау алған деген пікір музыкатанушы А. Мұхамбетованың ғылыми жұмыстарында кездеседі.
Қобызға көшпенді елі киелі аспап ретінде қараған, өйткені, оның емдеу функциясымен қатар аруақтармен, космоспен (ғарышпен) байланыстырып, аспапты босағаға іліп, тіл-көзден, бәле-жаладан сақтайды деген сенім болған. Мұнымен қатар, қобыз өнері эпикалық дәстүрмен де тығыз байланысты. Қобыз аспабының тарихы тек қана бақсылық дәстүрмен шектелмеген. Ол бақсы дәстүрмен қатар жыраулар шығармашылығында да үлкен орын алған. Жыршы-жыраулар өздерінің ауызша ақындық өнерін батырлар шайқасын қобызбен жырлап жеткізген. Мұндай болжамдар көптеген музыка зертеушілердің еңбектерінде: Ә. Марғұлан, А. Сейдімбек, Е. Тұрсынов, А. Мұхамбетова, Г. Омарова, т. б.көрініс тапқан.
Қобыз дәстүрінің тарихы өте күр­делі. Тарихқа шолу жасасақ, жыраулар XVІІІ ғасырда бірте-бірте қалып, эпикалық жыр­ларды қобыздың көмегіменен емес, домбырамен айтатын болған. Сондықтан, қобыз дәстүрін сақтап қалған бақсы-балгерлер болды. Өкінішке орай, XІX ғасырда әр салада жүргізілген алуан түрлі жаңа бастамалар өзінің кері әсерін бақсы-шамандардың өнері мен қобызға кері әсерін тигізді. Әртүрлі ауруды емдейтін, қобыз аспабынсыз жүрмейтін бақсылық процес сол кездерде терең дағдарысқа ұшырады. Соның салдарынан XX ғасырдың басында бақсылық өнер мен қобызда тартылатын сарындар мен күйлер жойылып кете жаздады. Солардың ішінде, Қорқыт пен Ықыластың (1843-1916) санаулы ғана шығармалары біздің дәуірге жеткен.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының ортасында академик, музыкатанушы А. Жұбановтың басшылығымен күй­ші­лер мен аспапта орындаушыларды жинауға мүмкіндіктері туды. Осы ұйымдастырған іс-шаралар арқылы елдің түкпір-түкпірінен жиналған музыка шеберлері, аспапшылары өз өнерлерін қалың жұртқа таныстырып, Қорқыт пен Ықылас Дүкенұлының бай қобыз күйлерін біздің дәуірге жеткізді. Осы салада қобыз дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап келген санаулы қобызшылар Ж. Қаламбаев (1909-1969) пен Д. Мықтыбаевтың (1905-1976) еңбектері орасан зор. Олар осы уақытқа дейін қыл қобызда ойнаудың әдіс-тәсілдерін, техникалық мүмкіндіктерін күрделендіре дамытып келді. Қыл қобыз өнері өз жалғасын 60-шы жылдары тапты. Сол жылдары белгілі композитор, халық әртісі Е. Рахмадиевтың басшылығымен Құрманғазы атындағы консерваторияда қыл қобыз класы ашылды. Дәстүрлі аспап қайта жаңғыртылып, даму жолдарына түсті. Нота сауатын білмесе де Ж. Қаламбаев пен Д. Мықтыбаев кон­сер­ваторияға ша­қырылып, шәкірттер тәр­биелей бастады. Атап айтсақ олар: Б. Қосбасаров, Ә. Жұ­мабеков, Ә. Әжімұратов, т. б. Аталмыш 30-шы жылдары қыл қобыз­дың үлгісімен үш ішекті, кейіннен төрт ішекті сым қобыздар жасала бастады. Музыкатанушылардың пікірінше осы басталған іс-шара қыл қобыздың дамуына кері әсерін тигізді деген пікірлер де болды. Бұл шараның мақсаты көне қыл қобыздың орнын ауыстыру емес, керісінше мәдениетімізде жаңа аспап сым қобыз пайда болуына септігін тигізу еді. Мұны ұлт мәдениетінің үлкен бір тапқырлығы немесе жаңалығы деп қарауы­мыз керек. Көне қобызды тарту өнерінің тек ұлттық шеңберде қалып қоймай, Еуропалық мәдениеттің жақсы жақтарын бойына сіңіріп, жан-жақты жетілуіне ықпал етіп, дәстүрлі музыка қызметінің жаңа түрлерінің пайда болуына жол ашты.
Музыка қайраткері академик А. Жұ­банов халық аспаптардың тынысын ке­ңейтіп тек қана ауылдағы киіз үйде немесе шағын жұрттың алдына ғана ойнайтын аспап емес, кең зәулім сарайларда, үлкен сахнада ойнайтын аспапқа айналдырып, жаңадан құрылған оркестр ұжымын алыс-жақын шетелдерге таныстыру жолдарын қарастырды. Осы жылдары мәдениетімізде жасалған іс-шараларды екі бағытта көрсетуге болады. Біріншіден, көненің көзі – қыл қобыз ұмытылып қалмай өз жалғасын тапты, екіншіден – қобыздың тағы бір түрі сым қобыз пайда болуы. Одан ұлт мәдениетіміз ұтылмай, керісінше ұтымды болды деуге болады. Сондағы жүргізілген шаралардың мақсаттары – дәстүрлі музыканың үлгілерін белгілеу, аспаптық орындаушылықты жаңа оркестрлік формаға енгізіп, концерттерге қатыстыру арқылы дарынды өнер қайраткерлерін тәрбиелеуге бағытталды. Бұл жағдай дәстүрлі өнердің идеологиялық шырмауға түскенін және оның өз заманына сай жаңа көзқарасқа ие болғанын көрсетті. Сым қобыз оркестрдің сұранысы бойынша құрылып, өзінің сазды дыбысымен оркестрдің бояуын әсерлей түсіп, тыңдаушылардың ойынан шықты. 1952-56-шы жылдары сым қобыз аспабының диапазоны мен әуен аясын одан ары кеңейтуге бар күш-жігерін жұмсаған республикаға еңбек сіңірген ұстаз, үлкен орындаушылық тәжірибесі бар Д. Тезекбаевтың жасаған еңбегін ерекше айтып кетуге болады. Жаңартылған сым қобыз, альт қобыз, бас, контрабас қобыздар оркестрлердің құрамында негізгі музыкалық аспаптарының қатарынан орын алып, маңызды рөл атқарып келді. Сондықтан халық аспаптар оркестрінде ішекті, яғни қобыз тобы негізгі құрал болып саналып, оркестрдің кең ауқымын қамтыды.
Б. Ғизатов «Казахский оркестр им. Курмангазы» атты еңбегінде қобыздың оркестрдегі маңызды рөлі туралы былай жазады: «Прима қобыз ішекті-ыспалы аспаптарының бірі болып табылады. Халық арасындағы дәстүрлі қобыз екі қыл ішегінен тұрады да, құлақ бұрауы квинта және кварта. Оркестрде қолданылғаннан бері бұл аспаптың дыбыс бояуы кеңейтіліп, құрылысы өзгерді. Қобыздың ерекшелігі оның әуенінде. Шебер орындаушының қолында қобыз қоңыр дыбыс іспеттес болып оның тембрі де жұмсарып өзгерді. Оркестрде бұл аспаптың күрделі шығар­маларды орындауға мүмкіндіктері туды. Қазақ халық аспаптар оркестрінде басты аспап ретінде қобызға жеке дауыстар берілді» [25, 41б.]. Осылайша – дауысы жоғары, дыбыс бояуы қобызбен скрипканың үн аралығындағы жаңа аспап – сым (прима) қобыз сахналық өмірге келді. Өзгертіліп жетілдірілген қобызда ең бірінші болып, белгілі қыл қобызшы Ж. Қаламбаев ойнады. Ол көптеген дарынды қобызшыларды да дайындады. Олардың ішінде: Г. Баязитова, Ф. Балғаева, А. Жаманшалова, З. Бей­сембаева, Д. Тезек­баев, т. б. болды. Алғашқыда оның оқыту әдісі, оқушының есту қабілетіне және ұстаздың нақты қолына қарап, есту арқылы қабылдауына байланысты болды. Оркестр құрамындағы бастаушы орындаушылар сол кезде нота сауатын білмегендіктен, көбісі дирижёрдің қолына қарап үйренген. Қазіргі уақытта көптеген оқу орындарында, музыка колледждерінде, консерватория мен музыка академиясында қобыз сыныптары ашылып, шәкірттерді рухани байлығымыз – қазақтың музыкалық дәстүрін сақтап қалып ары қарай дамы­туға үлкен мән бөлуде. Халықтың және кәсіби музыканттардың арасында қобыз­да орындаушылық ерекшеліктерінің сақталуы, бұл аспаптың өмір ағымының өзгерістеріне бейімділігінің арқасы ретінде бағаланады. Еліміз егемендік алғалы халық бұрын-соңды бағдарына байыпты қарай бастады. Ұмыт бола бастаған тарихи мұраларды жаңғыртуға бет бұрды. Елбасымыз негізін қалаған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында музыка өнері құнды деректермен зерттеліп толықтырылды. Болашақ ұрпаққа атадан қалған мұраны жеткізуге мүмкіндіктер туды.

Алдыңғы «
Келесі »