ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ

  • 20.08.2015
  • 3824 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М. Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті

ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясының бүгінгі қазақ әдебиетімен ұқсастықтары біршама тұстарда айқын аңғарылады. Мысалы, жыраулар поэзиясында тәуелсіздікті аңсап, оған жететін күнді күтумен болса, бүгінгі қазақ ақындары ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікті көзімен көріп, көк байрағы желбіреген сол бір ғажайып сәтті жыр өзегіне айналдырды. Елдің қамын, мемлекеттің нығайғанын қалаған жыраулардың ой-арманын кейінгі ұрпақтары  ХХ ғасырда іске асырып, егемендіктің дәмін татып, қуанышын өлең жолдарына қосуда.


Жыраулар поэзиясындағы елдің бүтін­дігін сақтау, мемлекет болып қалыптасу идеясы – ерекше тақырып ретінде көрінді. Алтын Орда ыдырап, түркі халықтарының өз алдына жеке ұлт ретінде қалыптасу тұсына дәл келетін жыраулар шығармашылығында ел мен жерді қорғау, біртұтас мемлекеттің іргесін қалау, ешкімге тәуелді болмай, жеке, дербес болу мәселелері тереңнен баяндалады. Сонымен қатар жаңадан ел болып қалыптасу кезеңінде сыртқы жаулардың тұтқиылдан шабуыл жасауы ел билеушілері мен оның маңайындағыларға, қарапайым халыққа қатты соққы болды. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін елді біріктіріп, күш жинау арқылы сыртқы жауға тойтарыс беру қоғамның алдында тұрған өмірлік мәні зор күрделі мәселе болды. Осындай мәселелер жыраулар шығармашылығындағы елдік, мемлекеттік мәселелерді жырлауды басты орынға қойылуына әсер еткен. «Жеке отау тігіп, өз мемлекетін құрған қазақ елі үшін ХV-ХVІ ғасырларда ең басты мәселе – жаңа құрылған мемлекетті күшейту мен қорғау болды»28, – деп жазған академик С.Қасқабасов тұңғыш мемлекеттің іргесін тіктеп, нығайту барысында жыраулардың ерекше еңбек сіңіргенін атайды. 
Жыраулар сол уақытта мемлекеттің бас идеологы болған, сондықтан олардың қо­ғамдағы орны, қызметі мен ролі өте жоғары деп бағаланады. Асан Қайғы бастаған жыраулар – халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтағандар, елінің келешегіне алаңдап, ұрпақтарының болашағы жарқын болуын қалаған, ел басқару саясатына араласып отырған елжанды ерен тұлғалар. Сонымен қатар олар хан мен халықтың арасын жалғастырушы міндетін де атқарды. Кейде ханға көпшіліктің арман-тілегін жеткізетін дәнекерші де болды. Мысалы, Шәлгез жырау Би Темірге көпшіліктің ойын жеткізіп, оны хажылық сапардан тоқтатады: «Темірдің хажылыққа бармақ сапарын айналасындағы қауым мақұлдамайды, бірақ бұл ойын Темірге айту және оны тоқтату тек Шәлгездің қолынан ғана келеді деген тоқтамға бекиді де, Темірге ренжіп елден кетіп қалған Шәлгезді іздеп тауып әкеп, Темірге жұмсайды»29. Бұл болған оқиға жыраудың қоғамдағы орнын, халықтың оған деген сенімін көрсетеді. Ел ертеңін болжаған сәуегей жыраулар қиын-қыстау кезде хан-сұлтандарға ақыл беріп, күрмеуі қиын мәселелерді шешіп отырған.
Ерекше атап өтерлік бір мәселе, Қазақ хандығы тұсында туған шығармалар түркі әдебиетінің орта ғасырдағы әдеби жәдігерлерінде кездесетін дидактикалық мәселелерді кеңінен қамтып, адамдық, иман, елдік пен ерлік тақырыбын дамыта жырлаған. Демек, арғы Қарахандар дәуіріндегі шығармаларда жырланған мемлекетшілдік, дидактика мәселелері жыраулар поэзиясында да лайықты орын алғанын көреміз.
Көне түркі шығармаларында елдің жеке мемлекет болу үшін жүргізген әр алуан шайқастары, батырлардың көзсіз ерліктері жырланып келсе,30 орта ғасыр шығармаларында адамгершілік, адамдардың бір-бірімен қарым-қаты­настары, мораль, этика мәселелері ақын­дардың басты та­қырыбына айналған. Ал, жыраулар поэ­зиясында өзіне дейінгі туындылардағы дидактикалық мазмұн-сипаттары сақталып, сонымен қатар за­ман шындығы мен дәуір сырын да жыр жолдарына қосады. Қазақ хандығы тұсындағы туындыларда жаңа құрылған мемлекеттің іргесін мықтап, оны сыртқы жаулардан қорғау, халықты біріктіру идеясы дәріптеледі. Себебі, сол кездегі жағ­дайлар заманның шындығын бейнелеуді талап еткен.
Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі көркем шығар­малардың көне түркі дәуіріндегі тас жазбалар, Қарахан дәуірі мен Алтын Орда тұсындағы әдеби жәдігерлер, Қазақ хандығы кезіндегі жыраулардың шығармаларымен ұқсас, мазмұндас болып келетін тұстары біршама. Атап айтар болсақ, әр дәуірде өмір сүрген қай ақынның шығармаларын алып қарасақ та, өзі өмір сүрген уақыттағы дәуір келбетін өлеңдеріне арқау етеді. Мұндай жағдай қазіргі қазақ поэзиясын да аттап өтпеді. Жиырмасыншы, жиырма бірінші ғасырдағы қазақ әдебиеті тәуелсіздік алған соң жаңаша арнаға түсіп, ұлттық поэзияға айналды. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы егемен ел болуды күткен арман-тілегі қабыл болып, өшкені жанды, жоғалғаны табылды. 
Қазақ хандығы тұсында жыраулар жеке ұлт болып, ел амандығы мен сырт жаудан қорғану сарынын толғаса, арада екі-үш ғасыр өткенде қазақ поэзиясында отаршылдықтан құтылып, тәуелсіз мемлекет болғанын жар сала жырлаған көркем шығармалар көптеп жазылды. Ақындар өлең табиғатын жаңаша түлетіп, биік сатыға көтерді. Мысалы, ақын Т.Медетбек «Қапалы ой» атты өлеңінде:
Күндердің күні болғанда
Айым мен күнім толғанда, –
Жарқырап жұлдыз көктегі,
Құйылып нұрдың төккені!
Ашылып тірлік көктемі,
Қара нар келіп шөккені!
Көріктей керіп өкпені
Гүлдердің қаптап кеткені!
Бостандық келіп жеткені31 –деп «Тәу­ел­сіз ел» екенін барша дүниеге жар салады. Шемен болып қатып қалған үнінің шешілуіне бұл еркіндік өз әсерін тигізіп, бойына қуат бергендей сезіледі. 
«Ежелгі түркі дастандарының ту етіп көтерген негізгі идеясы – елдің тәуелсіздігі үшін жан аямай күреске шығу, өзінің ел-жұртын сыртқы жаудан сақтап қалу, халық үшін қанды айқасқа шыққан батырлардың ерлік істерін мадақтау, бұқара халықты үндеу»,32 – дейді ежелгі-жыр аңыздарды зерттеген ғалым Н.Келімбетов. Мұндай идея ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясын да аттап өтпеді. Онда жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттің іргесін нығайту, сыртқы жаулардан қорғау тақырыптары кеңінен қамтылған. Бұл кезеңде өмір сүрген ақын-жыраулар шығар­маларында өмір шындығын терең­нен толғайды. «Бұрынғы дәуірлерде туған әдебиет үлгілері – біздің халқымыз ғасырлар бойы жасаған мәдени мұраның ажырамас бөлігі… Сонымен бірге халықтың өз тіршілігіне көзқарасын, арман-мұңын да бізге әдебиет шығармалары жеткізеді. Әр дәуірдің көркем туындысы халықтың сөз өнерінің өз кезіне тән ерекшеліктерін, ізденістерін танытады»,33 – деп С.Қирабаев айтқандай, осынау әдеби туындылар халықтың арман-тілектерінен, қуаныш-қайғыларынан, ұлт басынан кешірген тарихи жағдайлардан хабар береді. Демек жыраулар поэзиясының басты тақырыбы – жеке мемлекет болып қалыптасып келе жатқан елдің бірлігі мен тұтастығын қалыптастыру, жауынгерлік рухты ояту. Бұл идеяны іске асыру барысында хандармен қатар жыраулардың да тарихта алар орны ерекше. 
Ел басқарған Жәнібек хан, Тәуекел хан, Би Темір, Есім хан, Абылай хандармен қатар жүрген, оларға ақыл-кеңес беріп, жауға қарсы қол бастаған жыраулар өз мүддесін қарапайым халықтың тағдырынан жоғары қояды. Сөз болып отырған дәуірдегі жыраулар тек хандардың жанында ақылшы болып, айналасындағы оқиғаларды сырттай бақылап, алаңсыз сарайда өмір сүрген жоқ. Олар елінің, жерінің амандығы үшін қауіп төнген сәттерде ұрыстарға қатысқан, сол жорықтарда батырлық көрсеткен жауынгерлер де бола білді. Мысалы, Қазтуған, Доспамбет, Жиембет, Марғасқа жыраулар − жыраулық өнерді батырлықпен ұштастырған үлкен тұлғалар. Әсіресе, Доспамбет жыраудың толғауларында майдан алаңындағы айқас, оның нәтижесі сол қалпында шынайы бейнеленген. «Кірмембес ауыр қолға бас болып» деген жолдар жыраудың соғысқа қатысып, басшы болғанын айғақтайды. Сонымен қатар жаралы жанның қайғы-қасіретін әсерлі сипаттаған жолдар кездеседі:
Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма.
Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.34
Демек, ханның да, қарапайым халықтың да ой-арманын ұштастыра білетін, қиын кезде жанынан табыла білетін, соғыс кезінде қалың қолды бастап шығатын жыраудың орны бөлек. Мұндай бір туар тұлғалар еліміздің болашағы үшін қай кезде де қажет болған. 
Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет деп аталатын бұл дәуірдегі ақын-жыраулар мұрасы толығымен жетпеген. Олар туралы мәліметтерді тарихи оқиғалар мен қолымыздағы шығармалары арқылы нақтылауға болады. Мысалы, ХVІІ ғасырда өмір сүрген Марғасқа жыраудың өмірі мен шығармашылығы сол тұстағы қазақ ханы Еңсегей бойлы Ер Есіммен байланыстыра қарастыруға негіз бар. Жыраудың туған, қайтыс болған жылдары туралы нақты деректер жоқ. Бүгінгі күнге жыраудың «Ей, Қатағанның хан Тұрсын…» деген жалғыз өлеңі жеткен.
Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шал­киіз толғауларында дербес ел, ұлт болып қалыптасу тұсындағы жағдайлар үнемі назарда болды. Ал, Марғасқа мен Жиембет өмір сүрген дәуір – жеке мемлекет болып қалыптаса бастаған тұстағы қазақ халқының сыртқы жауға қарсы күрес кезеңі. 
Демек, ежелгі жазба жәдігерліктер мен орта ғасырлық әдеби туындыларда қылаң беріп, тамырлана бастаған тәуелсіздік идеясы орта ғасыр жырауларының дауылпаз жырларымен сабақтаса келіп, бүгінгі ұлттық поэзияның өзегіне айналып отыр. Бұл туралы С.Қасқабасов:«Жалпы, қазақ жыраулары тарихи, қоғамдық және рухани тұрғыдан алғанда сонау Түркі қағанаты заманына меңзейді. Әйгілі Йоллығ-тегіннің жазбалары оның Күлтегін, Білге қаған мен Тоныкөк уақытында елдің бірлігін, бек пен қағанның атақ-абыройын ардақтаған жырау екенін дәлелдейді. Қазақ жыраулары ежелгі ұстаздарының дәстүрін толық сақтап, дамыта әрі өз дәуірлерінің талап-талғамына, болмысына сәйкес өз заманындағы сөз өнерін тақырып пен мазмұн, идея мен түр жағынан байыта түсті»,35 – деп тұжырымдайды. 
Сөйтіп, жыраулар өз шығармаларында идеалды әміршінің бейнесін жасады. Сонымен қатар адамдар жоқшылық көрмей бақытқа кенелген утопиялық қоғамды суреттеді. Өздерінің монолог түрінде айтылатын толғауларында жыраулар маңызды мемлекеттік мәселелермен қатар заман мен адам, заман мен қоғам, тұлға мен тобыр, сондай-ақ имандылық пен қайырымдылық, өмірдің өткіншілігі мен адамның опасыздығы, өлім мен өмірдің қайшылығы сияқты моральдық, этикалық, фәлсафалық проблемаларды көтеріп, қоғаммен байланыстыра жырлап отырды.
Ғалым пікірлерінде жазылғандай, жыраулар қазақ хандарына – өз билеушілеріне біресе жақтас болып сарай, орда маңында, бірде олармен қырбай, араз ұлысбегі не адуын батыр, қолбасы әрі жырау  әрі тайпа көсемі, би тұлғасында – қалың бұхара арасында бой көрсетсе  де, олардың басты мақсаты біреу: ол – Қазақ жұртының азаттығы мен жерінің бүтіндігі, халықтың бірлігі мен елінің амандығы. Сол себептен де туған халқы олардың даңқын көкке көтере дәріптеп, асыл сөздерін ауыздарынан қағып алып, қастерлі заттай, киелі дұғадай қадірлеп, көкейлерінде жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен.
Ұлттық әдебиет тарихындағы жыраулық поэзияның бастауын сонау түркі қағанаты кезеңіне меңзейтін әр түрлі жазба-ескерт­кіштер, Орхон Енисей, Күлтегін мен То­ныкөк жазбаларынан бастасақ, ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ хандығының құрылып, халық мәдениетінің өзіндік келбеті айқындала бастаған тұсы – жыраулық поэзияның нағыз дамыған кезі болды. Қазақ әдебиеті тарихындағы жыраулық поэзияның генезисі сонау Орхон, Енисей жазбаларынан бастау алғанымен, анық дамыған кезеңі ХV ғасырда Қазақ хандығының шаңырақ көтеріп, еліміздің тарих мәресіне көтерілген кезіне тұспа тұс келеді. Себебі, дәл осы кезеңде болып жатқан тарихи оқиғалар, дәлірек айтқанда Қазақстан мен Орта Азия елдерінің болашақ өмірінде шешуші рөл атқарған қалыптасу процестері сияқты қоғамдық өзгерістер ақын-жыраулар шығармашылығына айрықша шабыт алып келді. Сондай-ақ, Хандық дәуірдің тірлік-тынысын сөз етуге қоғамда өз орны бар сұңғыла сөз иесінің ғана батылы баратын. Өйткені, ол дәуірдегі бітіп бермейтін шапқыншылық жорықтардың болуы, түйіп айтқанда этностық мағынасы орныға қоймаған халықтар өмірінде тарихи тұрақтылықтың болмауы сияқты себептерден келіп, жоғарғы талаптарды көтере алатын сергек ойлы әдебиет өкілі болуы шарт еді. Осы талаптардың барлығы дуалы ауыз жыраулардың бойынан табылды. Сол себепті ақын-жыраулардан ұлы хандардың өзі қаймығып, дүйім жұрт аузына қараған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәттерде қарасы бар, ханы бар, жырау ақылына құлақ түрген. Осы тұрғыдан қарағанда жыраулар бірінші кезекте ел қамын ойлаған саясаткер бола алды, қоғам қайраткері қызметін атқарды. Сонымен қатар жыраулар елдің оқ пен от шалған мазасыз кезеңінде ұрыс даласында жаумен айқасып батырлықпен көзге түскен тұлғалар қатарын құрады. Олардың көпшілігі жауынгерлікпен бірге жаугершіліктің ащы-тұщы дәмін қолбасшы болып татты деуге болады. Мысалы, Дос­памбет сынды жыраулар ел тәуелсіздігі жолында ерлік мұраттарды бірінші орынға қоя отырып: 
Екі арыстап жау шапса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес!36 – деп жауға қарсы жорықта жортуылдап жүріп өшпес, жалынды жолдар қалдырса, Ақтамберді жырау атақты «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екеміз?!» атты толғауында өзінің топ бастаған қолбасшы екенін:
Құлаты тауға қол салып,
Садақтың оғын мол салып,
Бетпақтың ен бір шөлінен
Төтелеп жүріп жол салып,
Қолды бір бастар ма екеміз?!37 – деп ек­піндей жырлады. Әрине, Хандық дәуір күрессіз күн өтпейтін мазасыз заман бол­ған­дықтан да ұдайы ат жалында жүріп  жорықпен күн өткізу – сол заманның өмір сүру салты болатын. Тіпті, бұдан бір ғасыр өткеннен кейін де елдің жарқын өмірі жолын­дағы соғыс жырларының үлгісі Махам­беттің: 
Беркініп садақ асынбай,
Біртіндеп жауды қашырмай,
Білтеліге доп салмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жауырын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
…Ерлердің ісі бітер ме?!38 – деп келетін өр рұхты, жалынды  жырларында жалғасын тауып жатты. Осыдан көріп отырғанымыздай, Доспамбет, Ақтамберді, Махамбет, т.б. сынды поэзия өкілдерінің шығармашылығында жеке басының жайын ғана күйттемейтін, керісінше ерлік пен елдік мұраларды бірінші орынға қоятын автопсихологиялық кейіпкер бейнесінің сомдалуы үрдіске айналды. 
Бұқарашыл жыраулық поэзия халықтың ұлылық үрдісін талғаммен таныта отырып, ұлт негізінің шынайылығын, жақсы мен жаман жақтарын қалт жібермей қадағалап көрсететін бірден бір құрал болды. Жыраулар өз заманының асқаралы биігіне айналған ұлы тұлғалардың бейнесін сомдауда олардың сыртқы тұлғасы, іс-әрекеттерімен ғана шек­телмей, заманауи өзгерістерге қарсы сын­шылдық-аналитикалық ұстанымдарды күшейтті. Сол арқылы қоғамдық үдерістерді терең қамтыды. 
Алтын Орданың ыдырауы барысында өз алдына жеке ел болып қалыптасқан қазақ хандығы кезеңімен тұспа-тұс келген жыраулар поэзиясында ел бірлігін сақтау мен елді сыртқы жаудан қорғау мәселелері батыл жырланды. Бұл орайда, жыраулар поэзиясын зерттеуші ғалым Х.Сүйіншәлиевтің: «ХVІІІ ғасыр әдебиетінде, ең алдымен, сыртқы жауаға қарсы ерлік күреске үндеу, ел бірлігін сақтайтын батыл басшыны жырлау сияқты сарындар күшейді»,39 – деген сөзінің салмағы зор. 
Жаугершілік заманында ақындық өнерді батырлық, ерлік әрі өрлік қасиеттермен ұштастыра білген жыраулардың бірі – Ақтамбердінің әйгілі «Күмбір-күмбір кісі­нетіп» деп басталатын толғауында ұлт тәуелсіздігін аңсап, ерлікті дәріптеген ақынның батырларға тән өрлік келбеті мен кесек бітімі сомдала түскен. Жырау:
Күмбір-күмбір кісінетіп, 
Күреңді мінер ме екенбіз.
Күдерінен бау тағып,
Күреуке тон киер ме екенбіз.
Жағасы алтын, жеңі кез,
Шығыршығы торғай көз,
Сауыт киер ме екенбіз.
Сырттан сауыт киген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол қашырар ма екенбіз,40 – деп, елге тиген жаудан елін қорғап, еліне, жеріне қорған болып, еркіндікке ұмтылған қолбасшы ретінде көрінеді. Мұндай жыр жолдары Ақтамбердіге дейін де болған. ХVІІІ ғасыр ақыны Доспамбет жырау:
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда,
Күмбір, күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда,
Толғамалы ақ балта,
Толғап ұстар күн қайда,
Алты құлаш ақ найза,
Ұсынып шаншар күн қайда,
Садақ толған сайгез оқ,
Созып тартар күн қайда?!41 – сарынында жазылған толғауы арқылы күрес майданын өз көзімен көріп, шайқастың қақ ортасында жаумен айқасқан хас батырдың тұлғасын сомдайды. Екі ақын толғауларындағы олардың ерліктерімен қоса суреткерлік шеберлігін шыңдай түсіп, өрлік пен қайсарлық, төзімділік пен батырлықты асқақтата бейнелеудің салмағын арттырып тұрған «күрең ат», «кіреуке тон», «жез сауыт», «ақ балта», «ақ найзаға», «сайгез оқ» сынды бояуы қанық бейнелеуіш сөздер, тұрақты тіркестер, ұқсас сарындар мен көркемдік тәсілдер бұдан бір ғасыр өткеннен кейін Махамбет жырларынан да көрініс беріп, ұлттық поэзияның дәстүрлі желісінен жаңылмай, керісінше, көркемдік тәсіл жағынан байи түскендігін дәлелдеді. Бұл туралы Ә.Дербісәлин былай дейді: «Толғаудың дамуы ХVІІІ ғасырмен аяқталған жоқ, ХІХ ғасырда, әсіресе, Махамбет шығармашылығында ол идеялық-көркемдік жағынан ұсынса қол жеткісіз биік белеске көтерілді»42. Махамбет:
Желп-желп еткен ала ту,
Жиырып алар күн қайда?!
Орама мылтық тарс ұрып,
Жауға аттанар күн қайда?!
Арғымақтан туған асылды,
Баптап мінер күн қайда?!
Жалаулы найза қолға алып,
Жау тоқтатар күн қайда?!,43 – деп, батыр­ларға тән өршіл рухта толғаса, Бұқар жырау:
Елдің болат ерлері,
Ердің алып күштері,
Ердің құнын алуға,
Ердің кегін жоқтауға…44 – деп келетін толғауында ерлік поэзиясына тән рухты оятатын үндеу тастайды халқына.
Қазақ халқының төл тарихында орын алған қилы-қилы тарихи оқиғалар, оқи­ға кейіпкерлері мен батырлар, ел басқарған хан-төрелер, олардың ерлік, өрлік сипаттары мен бұқара халықтың мұң-мұқтажы, арман-тілегі ұлттық әдебиетте бұрмаланбай, дәлме-дәл, шынайы көрініс табуында жыраулар поэзиясының алар орны ерекше.
Жыраулар өздері өмір кешкен кезеңде орын алған әрбір тарихи салмағы бар оқиғаға араласып, олардың барысын, себеп-салдарын дер кезінде жыр-туындыларына қосып, ұшқыр ой, қанатты сөздермен шебер сөйлете білген. «Олардың бұл туындылары сол болған оқиғаның ізін суытпай, оқиға өткен жердің, сонда қатынасқан адамдардың атын, қылығын ұмытпай тұрып бейнелеуімен бағалы, әрбір автордың сол оқиғалар мен тарихи адамдарға жалпы қатынасын білдірумен қатар осы орайдағы көркемдік ізденуін, өзін­дік ой түзеуі дәрежесін танытумен қымбат»45. 
Сыпыра жырау өз дәуірінде өмір кешкен Тоқтамыс хан мен Едіге би арасындағы жанжалды тоқтату мақсатында хан жағының жақтаушысы болады. Едіге бидің дегеніне жетіп, Тоқтамыс ханның тақтан тайған мезгіліндегі оқиғаларды жырау былайша суреттейді:
Сап-сап жүре, сап жүре,
Сай азамат қосылып,
Жауды жайқай ала алман,
Асылдан саба толтырып,
Әзелде қымыз іше алман.
 Ханның тақтан таюы, басынан бақтың ұшуы мен базары тарқаған дәуренін аңсау сарынында жазылған толғаулар қазақ әдебиеті тарихында (әсіресе, зар заман әдебиетінде) көптеп кездеседі. Солардың бірі орыс хан шөпшегі Кіші Мұхамедтен тізе бүккен Орманбет ханның Ордадан шыққан мезгілін суреттейтін толғауында Құдабай ақын:
Тегінде ноғай, қазақ түбіміз бір,
Орманбет хан ордадан шыққан күнде,
Асан ата қайғырып, айтыпты жыр, – деп толғаса, Шалкиіз жырау бұл оқиғаны:
Балпаң-балпаң басқан күн,
Бай ұлынан асқан күн,
Орманбет би өлген күн,
Он сан ноғай бүлген күн, – деп, жырлайды. Жыраулар ел іргесінің сөгіліп, хан басына қара бұлт үйірілген заманның жет­кенін айтып, сары уайымға салынады. Бұдан заманның қалпы көрінеді. Және тарихи дерек ретіндегі ауызша тарихымыздың құндылығын пайымдаймыз. 
Қазақ халқының тарихында тәуелсіздік үшін күрестердің ең күрделісі – жоңғар шапқыншылығына қарсы көтеріліс екендігі тарихтан белгілі. Қазақстан пен Орта Азия территориясына көз алартқан жоңғарлар ішкі алауыздықпен бас-басына би болып, бөлек-бөлек өмір кешіп отырған қазақ руларын бірінен соң бірін басып алып отырды. Тарихта «Қаратаудың басынан көш келеді» сынды мұңды жырларды тудырған «Ақтабан шұбырынды» қатарлы тарихи оқиғалар қазақ халқын бас көтертпестей жаншып, ауыр күйзеліс жағдайына түсірді. Сол кездерде пайда болған халық аузындағы:
Жылау, жылау, жылау күй,
Жылаған зарлы мынау күй. 
Қара орнынан айырылды,
Ел қанаты қайырылды ,– деген жыр жолдары айтулы тарихи оқиғадан хабар беріп, теперіш көріп, елін, жерін тастап, бөтен елге қоныс аударуға мәжбүр болған халықтың күйінішін суреттейді. 
Бұл дәуірде қазақ халқына қысым көрсеткен тек жоңғарлар ғана болмады. Бір жағынан Еділ қалмақтары шабуылды күшейтсе, екінші жағынан Қоқандықтар бас көтере бастады. Осындай ауыр жағдайды басынан өткеріп отырған қазақ халқы үшін қандай да бір алып күштің көмегіне жүгінуі қажет болды. Әбілқайыр бастаған қазақ хандары Ресеймен бірлесе отырып, сыртқы жаудың соққысынан аман қалуға әрекет ете бастады. 
Осы сынды тарихи оқиғалар ұлттық әдебиетке де әсер етіп, жыраулардың кейде күңірене, кейде асқақтата толғайтын басты тақырыптарына айналды. Халық мұңын ханға жеткізуші от тілді, орақ ауызды жыраулар жерін тастап, үдере көшкен халықтың мұң-мұқтажын жырларына қосып, тарихи сәттерді халық жадында қалдырды.
Хан-төренің саясатына қасқая қарсы тұрып, наразы үнмен тіл қата білгендердің бірі – Асан Қайғы. Жырау үшін туған жер бәрінен де ыстық. Данагөй жырау қазақ хандығының құрылғандығын қолдағанмен, Ноғай ордасынан біржола бөлініп кетуін құптамайды. Атамекеннен айырылған елдің ендігі тағдырының бұлыңғырлығын сезген жырау «нәлет біздің жүріске» деп налиды:
Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың,
Алтын менен күміске,46 – десе, енді бірде:
Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің,47 – деп, замана сынынан бейхабар ханның саясатын ащы сынға алады. Елінің болашақтағы тағдырының қауіп-қатерге толы бола­тындығын сәуе­гейлікпен жырлайды. Бұл туралы М.Әуезов: «Алғашқы рет келешек заманның құбыжығын сезіп, тұспалмен белгі беріп, болжал айтқан Асан Қайғы»,48 – дейді. 
Асан Қайғы толғауларынан бастау алған осы тектес оқшау ойлы сарындар Бұқар, Тәтіқара, Марқасқа, Махамбет сынды ақын-жыраулардың заманындағы әдебиеттің туына айналды. Бұқар жыраудың жоңғарлар шапқыншылығынан кейін әлсіреген халықтың келесі бір ұрысқа қарсы тұрар қауқарының жоқтығын, елге тек тыныштық керек екендігін естіртіп, Абылай ханға наразы үн қатуы келесі шумақтарда айқын бейнеленген. Жырау: 
Ашуланба, Абылай…
Өтіңменен жарылма,
Өкпеңменен қабынба
Орыспенен соғысып,49 – деп, хан қаһа­рынан сек­сенбей, өз ойын еркін айтып, ел мүддесі тұр­ғысынан сөйлеп, ханға ескерту жасайды.
Ш.Уәлихановтың айтуынша, Абылай хан «….өз тұсындағы қазақ хандарының ешбірінде жоқ шексіз билікті иеленген»50. Ал, елдің бірлігін аңсап, ел басқарған басшының шалыс қадамдарын көтере алмаған халық ханға қарсы көтеріледі. Сол кездері шыққан Көтеш ақын:
Абылай Ботақанды сен өлтірдің,
Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң?
Жанайды бұл күнде босатпасаң,
Болады ертең жесір қатын-балаң,51 – деп халыққа сүйеніп, ханға сес көрсетеді. 
Абылай ханның атына қатысты айтыл­ған наразылық толғаулар Тәтіқарада да кездеседі:
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен шалғанда,
Ұрыстан ерлер ығысты,
Абылай да жылысты,52 – дейді. 
Тәтіқара ақын айбарлы Абылайдай ел азаматының жаумен ұрыс кезіндегі жау әскерінен тайсалғандығын сынға алса, Марқасқа жырау:
Ей, Қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын!
Хан емессің қасқырсың,
Қара албасты басқырсың,53 – деп, Тұр­сын ханның опасыз ісіне қарсы тепсіне сөйлейді. 
Бұл не деген сөз? Әрине, ақын ең алдымен халық өкілі, ел қорғаны, сөз қорғаны екенінің дәлелі.
Бұқар жыраудың ел бірлігін көксеген көп толғауларының арасында «Керей, қайда барасың…» атты белгілі туындысының орны бөлек. Бөліне көшіп бара жатқан елді тоқтатып, қалың жұрттың қабырғасы сетінемеуін ойлап, қайғырған қарт жыраудың мына бір сөздері соның айғағындай:
Керей, қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп.
Сен қашсаң да мен қойман,
Арғымақпен жебелеп.
Азаматым барында
Алысқалы келгенмін.
Жақсы болсаң, сенімен
Табысқалы келгенмін.
…Мен – арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын.
Сен бұзау терісі шөншіксің,
Мен – өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең,
Құдандалы таныспын.
Егер Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын! − деп толғанады. (Бұқар жырау шығ.-ы, Қарағанды, 1913, 25-бет.)
(Осынау ірі, кесек мінездері арқылы, Абылай секілді ханды да қараша халықты да татулыққа үндейтін Бұқар сөздері аз емес. Жырау өлеңдері қашанда қазақ елінің еркіндігі мен ертеңін толғауымен құнды.
ХV-ХVІІІ ғасырдағы барлық жыраулар шығармашылығының өн бойынан осы сарындас толғауларды молынан кездестіруге болады. Бұл ойымызды Ж.Тілеповтің: «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қай жырауды алсаңыз да, олардың елі үшін жанын отқа тоспайтыны кемде кем. Бұлардың көпшілігі халқының қамына бола ханмен де, қарамен де айқасудан тайынбаған»,54 – деген тұжырымы нақтылай түседі. Демек, жыраулардың басты мақсаты – халықтың басын біріктіріп, қазақ жұртын қабырғалы мемлекет қатарына қосу болды. Осы жолда олар талай қиындықтарды бастан кешірді. Олардың алдаспан жырлары ханды да, қараны да аямады.
Жыраулар өмір шындығын ашып бейнелеуде ел басқарған хан-сұлтандардың кемшіліктерін аямай сынға алып, шындықты ащы болса да ашып айту арқылы ұлттық поэзиядағы Даттау түрін ұтымды пайдаланса, сонымен қатар, жыраулық поэзиядағы жауға қасқая қарсы тұра білген батыл басшының ерлігін жырлау, мадақтау үлгісін де көркемдік құрал ретінде пайдалануды дәстүрге айналдырған. Осыған қатысты бірнеше мысал келтіріп көрелік.Үмбетей жыраудың:
Жиырма жасқа толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Шарыштың басын қаққанда.
Абылайлап шапқанда..,55 – деген толғауы Абылай ханның айбынды келбетін көз алдымызға әкелсе, келесі:
Қалмақты қуып қашырдың,
Қалмаққа ойран салдырдың,
Қабанбай мен Бөгембай,56 –  жыры арқылы елді жаудан азат еткен хас батырлардың ерлігін паш етеді. Ал, Бөгембайдың қалмаққа қарсы тәуелсіздік күрес жолында мерт болған мезгілінде айтқан көңіл айту жырында ақын батырды «Алатауға», «Ордаға», «болатқа», «қорғасынға», «бүркітке» балайды. Ақын үшін батырдың биіктігі жәй ғана биіктік емес – Алатаудай биік, тартқан оғы жай ғана оқ емес – қорғасындай оқ, тегеуріні де бүркіттей екендігі әдемі суреттеліп, толғау­дағы теңеулер жарасымды үйлесім тапқан. 
Осы іспеттес мадақ толғаулары Бұқар жырауда да кездеседі. Бұқар Абылайдың бойынан кереметтей ел басқарушылық қасиеттерін тани отырып, жырға қосады:        
Ай, Абылай, Абылай,
Ақ сұңқар құстай түледің,
Қылышыңды тасқа біледің57 – деген  жолдарда Абылайды сұңқар құсқа теңеп, жаудан қаймықпайтын әрі жеңбей қоймайтын ер азаматтың өр келбетін сомдауға ұмтылса, Бөгембай ерлігін тіпті асқақтата толғайды:
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған.
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған.58
Осы ретте белгілі ғалым Ж.Тілеповтің «Бұ­қар мен Үмбетей мұрасы айрықша еңсе­лігімен көзге түседі. Әсіресе олардың Бөгембай мен Абылай қатынасқан істерді тізбелеп көрсету арқылы ХVІІІ ғасыр әдебиеті дәрежесінде адам образын жасағанын, соған талпыныс қылғанын ескеру керек»,59 – деген пікіріне ден қою орынды. 
Тәтіқара шығармаларының негізгі идеялық тұғыры тек ел тәуелсіздігі мен ел тұтастығы мәселесіне, азаттық жолындағы ерлік мұраттарға арналды. Олай болуы заңды да еді. Себебі, ақын өмір сүрген кезең – қазақ  халқының тағдыры қыл ұшы, қылыш жүзінде тұрған нағыз жаугершілік мазасыз уақытқа, нақтылап айтқанда бір жағынан жоңғар шапса, бір жағынан қара қытай қыспаққа алып, енді бір тұстан орыс отарлауға бел шешіп кіріскен аласапыран заманға сай келді. Осындай жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқан қиын-қыстау кезеңдегі ел тағдыры ұлы хандардың көреген саясатынан кейін, ержүрек батырлардың қолында болатын. Алты алашқа аты аян тұлғалы батырлармен бірге жау шебінде күн кешіп, не бір қырғын шайқастардың куәсі болған Тәтіқара ақынның ерлік мұраттарды жырына арқау етпеуі тіптен мүмкін емес еді. Сондай бір сәтте жауынгерлерге ерік, жігер беріп, намысын ояту мақсатында шығарған ақынның: 
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау                          қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда.
Бөкейді айт Сағыр менен дулаттағы,
Дәріпсәлі, Маңдайды айт                     қыпшақтағы,
Өзге батыр қайтса да бір                     қайтпайтын
Сары менен Баянды айт уақтағы»60 деген жыр жолдары қазақ елінің нағыз ерлік ұранына айналды. Осы өлеңнің дүниеге келу тарихына тоқталатын болсақ, «Тәтіқара Бөгембай қолымен қалмаққа қарсы шабуылдарға  қатысып, өзінің жалынды жырларымен күреске аттанған. …Мысалы оның «Қамыстың басы майда»  деп басталатын өлеңінің шығу тарихы осындай»61 деп, Х.Сүйіншәлиев  өлеңнің шығу тарихы қалмақтармен ұрыс кезінде дүниеге келгендігін алға тартады. Дегенмен, өлең 1756 жылы Цин басқыншылары қазақ жеріне басып кірген шақта туған.62 Қытайдың Чжао Хой бастаған әскерінің тасыған өзеннің «Күркіреуік» деген тұсына таман қазақ жауынгерлерін тығырыққа тіреген қысылтаяң сәтте шығарылған бұл өлең Тәтіқараның шұғыл әрекет қыла білген тапқырлығы мен батылдығы ғана емес, оның шын мәніндегі суырыпсалмалық өнерінің нәтижесі еді. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи туындысында осы оқиға былайша көркем бейнеленеді: «..Ақ көбік атқан толқындар гүрілдей өкіріп, адамның қарадай зәре-құтын алады. Қалың қол долы өзенмен жау әскерінің арасында қалып, қатты қысылды. Міне, осы кезде Тәтіқара алға қарай суырыла шығып, домбырасын безектете, саңқылдап қоя берді… Қоянды қамыс, ерді намыс өлтірген. Аты аталған батырлар тасып жат­қан өзенге түсуге ыңғайлана бастады»63. Тә­ті­қараның осы өлеңіндегі аты аталған ер есімдерінің барлығы дерлік тарихта аты мәш­һүр қазақтың қайтпас батырлары бо­латын.
Демек, заман талабына сай үнемі хан қасынан табылып, жыраулығымен қоса көрегендігін де мойындата білген жыр сүлейлері Сыпыра, Асан Қайғы, Жәнібек, Шалкиіз, Жиембет, Үмбетей, Бұқарлардың туындылары тарихи салмағы зор тұлғалар Тоқтамыс, Әз-Жәнібек, Би Темір, Есім хан, Абылай хандардың ұлттық әдебиеттегі шынайы бейнесін ұсына білуімен құнды болмақ.  
ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бас кезеңі – қазақ әдебиеті тарихындағы жыраулық дәстүр кезеңінің саябыр тартып, ақындық өнердің алға шыға бастауымен ерекшеленеді. Әдебиеттанушы ғалым С.Қирабаевтың сөзімен айтсақ, бұл кезеңде «Жыраулық поэзияның қалыптасқан дағдылы сөз саптауы, ел тағдырын ту қып ұстап, ерлікті асқақтата мадақтаған биік пафосты үні сабасына түсіп, жаңа ақындық өнер арқылы күнделікті тіршіліктің сан-саласына, жека адам өміріне, оның ісі мен қылығына қоғамдағы орны мен қызметіне үңілу»64 басымдық алды.  Тарихқа үңіле көз салғанда бұл дәуірде хандық дәуірдің азып-тозғанын, бір кездегі асаудай еркін қазақ деген халықтың бодандық қамытына бойұсынып, біржола ресей отарына айналғанын көреміз. Сол хандық дәуірмен бірге жыраулардың да дәурені озып, ендігі жерде Шал, Көтеш, Арыстанбай, Орынбай, Шөже, Жанақ сынды жаңа кезең ақындары бой көрсетеді. Әрине олардың да өлеңдерінде өздері өмір сүрген уақыт пен қазақ қоғамының басынан өткен сан-қилы тарихи өзгерістер мен оқиғалардың шындығы айқын суреттелді. Заман сұлбасы, адам тағдыры, айтулы тұлғалардың асқақ образдары ақындардың шығармаларынан да мол көрініс тапты. Осының бәрін саралай келгенде қазақ әдебиетінде, оның ішінде ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясында ұлттық тарихымыздың бірқатар бел-белестері шынайы бейнеленгеніне куә боламыз. Ал, қазақ әдебиеті тарихын зерделеу арқылы қазақ елі төл тарихын тануға дереккөз ретінде пайдалануға болады. Себебі, мәңгілікке бет алған елдің әдебиеті мен мәдениеті де, тарихы да мәңгілік боларына кәміл сенемін! Өйткені, қазақтың ауызша тарихы академик А.Сейдімбек айтқандай, ұлт рухын тануға жол ашады. 
Қазақ әдебиеті тарихы сөз болғанда атақты Сүйінбайды аттап өту мүмкін емес. Ердің ерлігін, елдің елдігін жырлауда одан асқан ақынды табу да қиын. Сүйінбайдың 1847 жылғы жазда қырғыздың қырғи тілді шоң ақыны Қатағанды тізе бүктіріп, ойсырата жеңуі ел мерейін көтерген зор мәдени оқиға болды. Ақиық ақынның жырында қазақ халқының барлық ру-тайпалары, елдің бүтіндігі мен бірлігі, азаматтардың ірілігі асқақтай сипатталады. Сүйінбайдың Қарасай, Наурызбай, Өтеген сынды сайыпқыран ерлерді жырлай отырып, ел рухын көтеріп, қазақ тарихына тағы тәу еткізер шағы қандай ғанибет!
Бөрілі байрақ астында –
Бөгеліп көрген жан емен!
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен!
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым, − (Сүйінбай. Таңд. Шығ-ры, Алматы, 1996, 125-б.) – дейтін Сүйінбайдың сөздері де ақындық, батырлық ұранға айналып кетті. Бөрілі байрақтың астарында қазақтың ғана емес, барша түркі жұртының көпғасырлық көне тарихы жатқан жоқ па! Мұны таратып айта берсек, қазақ әдебиеті мен ұлт тарихының байланысты тұстары жарқырап ашыла түседі.
Осыдан 550 жыл бұрын бабаларымыз қазақ хандығының іргетасын қалады. Осы ғасырларда халқымыз талай ауыр тарихи сыннан өтті. Қырылды, үдере көшті. Бірақ елтұтқасын ұстап қалды. ХХ ғасырдың соңында Егемендігін, Тәуелсіздігін жариялады. Ұлт болып ұйысты, әлемдік өркениеттен өз орнын ойып алды. Өзінің шекарасын рәсімдеді. АҚШ, Ресей, Қытай сынды ядролық елдермен стратегиялық әріптестікке қол жеткізді. Әнұраны, Көк байрағы, Елтаңбасы, Президенті бар толыққанды қазақ елі тарих сахнасына шықты. Ұзағынан сүйіндіргей!
(Соңы. Басы өткен сандарда)

Алдыңғы «
Келесі »