БИЛІК ПЕН БИЗНЕС АЛМАСТЫРЫП МІНЕТІН АТ ЕМЕС

  • 20.08.2015
  • 341 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
«Ақиқат» журналының
Бас редакторы

Соңғы кездердегі теледидар мен мерзімді басылымдардағы өздерін жаңа олигархтар санайтындар мен биліктің қай саласындағы болмасын құрылымдар арасындағы мылтықсыз майданды көріп, оқып біліп отырып, коғамымыздағы МЕМЛЕКЕТ пен БИЗНЕС, БИЛІКТІҢ мақсат-мүдде, бағыт-бағдарларында қайтып қалыпқа келуі екі талай көзқарастар қайшылығы қалыптасып қалыпты-ау деген ойға еріксіз беріледі екенсің.

Әйтпесе Президент пен Үкімет, сондай-ақ қылмысқа қарсы күресетін тиісті органдар коррупциямен күресті қайта, сосын оның басқа қырын барынша қолға алмас еді ғой. Біздіңше кейінгі жеті-сегіз жылда қанаты қатайып, тісі беки бастаған БИЗНЕС-ЭЛИТА: «Біз билікті сатып аламыз, сондықтан ол бізге қызмет етуі тиіс» дейтін сыңайлы. Ал Елбасымыз бен Үкіметіміз: «Жоқ, кешіріңіздер, Сіздер сол өздеріңіздің бизнестеріңізбен айналысыңыздар. Сая­сатта шаруаларыңыз болмасын. Сосын мемлекеттің ісіне араласпаңыздар» деген талап-тілек қояды. Біздің бизнес және демократиялық жолдағы элита бір кездегі С. Есениннің «Бей коммунис­тов – спасай Россию» дегенінен бас­тап бүгінгі КСРО-ны таратуға белсене атсалысқан Ресей демократтары мен интеллигенциясы және кейбір қалыптасқан бизнес-элитаның «целились коммунизм, а попали в Россию» деген өкініш-өксігін кайталамауы тиіс. Қазақ тәуелсіздігі мен Қазақстан егемендігі кез-келгеи бизнес пен демократиядан артық. Әрі кірпияз, кінәмшіл.
Соған қарамай олигарх-элитаның лидерлері мен идеологтары өздерінің бақылаудан тыс мемлекеттік, қоғамдық, ұлттық жауапкершіліктен ада еркіндіктеріне шаң тигізгісі келмейді. Тіпті коррупцияға қарсы күрестен тауы шағылған олардың алдыңғылары Қажыгелдин шет ел асып, енді біреулері қазір құрықа түсіп, заң алдында жауап беріп жатыр. Әйтсе де олардың жан­ашырлары демократияны алға тар­тып, кәдуілгі қылмысты саясатқа айналдыра республикамыздың ел-жұр­тын дүрліктіруде. Сонда бізге халық мақ­­сат-мүддесін қолдап-қорғайтын заң, әлде сан алуан құйтырқылықпен өт­­пелі, әрі аяқ астынан келген қиын-кыс­тау кезеңде байып алған БИЗНЕС-ЭЛИТА керек пе? Міне, дәл осы тұста Қазақстанның қалың жұртшылығы БИЗНЕС пен САЯСАТТЫҢ арасында адаспай, өздерінің мемлекет, қоғам, ұлт мүддесіндегі талап-тілектерін олардың қай-қайсысына да қоя білулері керек. Әйтпесе, ХАЛЫҚ, БИЗНЕС және ҮКІМЕТ өз қоғамына, өзінің мемлекеттік құрылымына қызмет етуі тиіс. Ана бір жылы алған несиені қайтаруға негізделген заңдар солқылдақ кезде байып алып «жаңа қазақ» атанып жүргендер өздерін бүгінде олигарх санайды.
Қош, сонымен естеріңізде ме, тәуелсіздікпен бірге өмірге, яғни қоғамымызға БИЗНЕС келген еді ғой. Оған мемлекет жеке меншік ретінде, оны қолдап қорғайтын заңдар шығарып беріп, олардан өздерінің әскери, саяси, экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, сосын халқы алдындағы міндетін орындау үшін салық және әр саладағы тиісті қаржысын алып тұрды. Бірақ біздіңше соңғы кездері сол БИЗНЕС-ЭЛИТА өкілдері өздерінің міндеттері мен мақсаттарын, сондай-ақ бағдарламаларын ұмытып, саясатпен бірге мемлекет ісіне де араласа бастаған сияқты. Бизнес жүген-құрықсыз кетті дегенше, оны эгоистік категория санағына жатқыза беріңіз. Онымен айналысып, әлдеқайда байлыққа қолын жеткізген ынсапсыз адам енді билікті қолға алсам дейді де мемлекеттік іске араласып, қаржы қазанының бір құлағын, не өзін ұстағысы келеді емес пе. Арлы-бергілі түсініктеме сөздікке қарасақ, ОЛИГАРХИЯНЫҢ қазақша баламасы «азшылық билігі» дегенге саятын ұғым көрінеді. Олар аз, бірақ бай. Міне мәселе қайда жатыр. Оның эгоистігі де сонда. Ол мемлекет пен халық, қоғам игілігіне «меншік көзімен» қарайды. Сөйтіп қоғамда бай мен кедей ұғымы қалыптасады. Ал, жалпы олигархиялық қаржы, яғни капитал белгілі бір билік басындағы немесе Парламенттегі лоббизммен айналысатын адамдардың көмегі арқылы жасалады. Сондықтан да табиғи демократия және елді демократиялық (халықтық) нарық жолына түсіремін деген БИЛІК алдымен сол олигархиялық капитализмге қарсы тұра білуі керек. Бүгінде ол Путин бастаған жолдан анық байқалады. Оның бірден бір мысалы Березовский, Гусинский, Ходорковский, Невзлин секілді олигархтардың елден қол үзулері мен бұрынғы байлықтарынан айырылуы. Яғни билік арқылы сыртқа шеттетілуі. Олигархиялық капиталдың ең қауіптісі ол орта және шағын бизнеспен жұмыс істеуге жол бермейтіндігі. Сөйтіп қазір біздің қоғамымызда саяси-қаржылық кландар пайда болды. Олар өз байлықтарын сақтап қалу үшін мемлекетіміздің қалыпты дамуына мейлінше кедергі келтіретіні тағы да анық.
Оларда қоғамдық сана-сезімге қарағанда қауымдық сана-сезім басым.
Егер мәселені анықтап нақтылай айтсақ, біздегі БИЗНЕС тексіз, сырттан телінген. Өйткені, ол әзірше мемлекетке, қоғамға, ұлтқа қызмет етіп жатқан жоқ. Олай дейтініміз оның кейбір өкілдері ұрлап-жырлағанының кызығын шет елде көргісі келеді, көріп те жүр. Оның бір-ақ мысалы, тағы сол Қажыгелдин. Осы тұста оларға кәсіпкер еркіндігі елден безу немесе жаны қиналғанда демократияны жамылып, жасаған қылмыстарын шапан алмастырғандай саясатпен бүркемелеу еместігін қайта-қайта айтып ескерте бергің келеді. Әрине оны тыңдар құлақ, ұғар сана, түйер көңіл болса ғой, шіркін.
Осындайда есіңе атақты философ Николай Бердяевтің: «Господство демократии (жағымсыз кейіптегі демократияны меңзеп отыр – А.Ә.) означает господство интересов разных общественных групп и их борьбу за власть» дегені түседі. Оның тағы бір себебі ана бір кезде, яғни «Республика» газеті өзін БИЗНЕС-ЭЛИТА өкілі санайтын Болат Әбілов туралы: «Не бедный человек, но и олигархом его не назовешь. Говорит на русском и казахском языках. Прост в общении, деятелен. Чем не кандидат на роль президента?» деп жазды. Ал енді ол журналистің егер Сіз Президент болсаңыз елімізде алғашқы рет нені колға алар едіңіз дегенге саятын сауалына: «И я считаю, что можно было бы изменить Конституции» дей келіп: «Я считаю, сегодня важно обеспечить полные конституционные права и свободы, которые записаны даже в сегодняшней Конституции. Тот же плюрализм мнений. То же получение объективной информации, та же независимость СМИ» дейді де сұхбатының соңында: «Наличие политической воли у руководства страны – и через три месяца мы будем жить в другой, свободной стране» деген ой түйеді. Бұл не деген «жесть!». Шіркін-ай, осындайда демократия мен құқықтық мемлекетті ғасырдан орналастырған Батыстың өркениеті мен мәдениеті, демократиясы ілгері кеткен ел тәжірибесіне қарап отырып, Әбілов сияқты мырзалар солардың өсіп-өру эволюциясына бір көз жүгіртсе ғой дейсің. Со мырза бір кезде, яғни 1994 жылы 22 желтоқсан айындағы «Казахстанская правда» газетінің №202 санындағы 150 фирма өкілі қол қойған Президент пен Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне жасаған үндеуінде де Үкіметтің қоғам мен халық, Отан алдындағы міндетін тиісті деңгейде атқара алмай жатқандығын айта келіп: «Однако конструктивного решения важнейших вопросов общественно-политической жизни общества всеми ветвями власти и различными партиями и движениями не получается. Подтверждением этому стало недавнее отклонение Верховным Советом в результате рейтингового голосования предложении Президента по вопросам государственного двуязычия, введения частной собственности на землю и характера государственность судьбой нашей Родины, мы обращаемся к Президенту и Верховному Совету со следующими предложениями:
1. Провести в ближайшее время всенародный референдум по вопросам:
частной собственности на землю;
государственного двуязычия;
характера государственности;
2. В связи с введением с 01.01.95 г. новых паспортов исключить графу «национальность», так как мы, многонациональный народ Казахстана, являемся одним народом и нацией казахстанцами.
3. Начать Конституцию Республики Казахстан со следующих слов «Мы, народ Казахстана, объединенный общностью исторической судьбы, территорией, взаимным уважением к нашим этническим, культурным, языковым и религиозным различиям, решили основать для нас и наших потомков на этой земле единое, свободное и независимое государство» деген, содан соң тағы да басқа тармақтардан тұратын ұсыныстармен шыққан еді. Міне солардың көбісі бүгінде еліміздің саяси өмірінің бел ортасында жүрген БИЗНЕС-ЭЛИТА өкілдері болып саналады. Аталған азаматтардың жоғарыдағыдай ой-пікірлері мен тұжырымдарынан соң, оларға мемлекеттік билікті, айта берді ел тағдырына байланысты басқа да билік салаларын қалай сеніп тапсыруға болады. Бұлар демократиялық принциптерді бүркене отырып, қазақстандықтарды, айта берді республикамыздың негізгі темірқазығы болып саналатын кіндік ұлт қазақтарды космополиттік бағыт-бағдарға шақырса, олардан не үміт, не қайыр. Иә, олар сонымен бірге әлемдік өркениет пен мәдениет туралы жақсы да әдемі сөйлей алады. Бірақ сол жаңа олигархтардың біліп, түсінгісі келмейтін жағдайы әр түрлі құйтырқылықпен байлыққа ие болу әлі мемлекеттік биліктің қай саласына болмасын әзір деген сөз емес.
Байқағандарыңыздай аталған БИЗ­НЕС-ЭЛИТА өкілі секілділердің сонау 1994 жылдан бергі жыры сол бір жыр, ол мемлекетті, үкіметті, қоғамды сынау, сосын олардың ісіне қанағаттанбау. Сол арқылы өздерін өздері насихаттап байлыққа қол жеткізген адам, билікке де қол жеткізе алады деген ұғымды қалыптастыру. Олар үшін мемлекет, қоғам, ұлт, оны қорғаушы заңдар мүддесінен әрі ар-ождан мен моральдан «еркіндігін» алған бизнес қымбат. Яғни Хаос керек. Жалпы БИЗНЕС өзінің коғамның, мемлекеттің, ұлттың алдындағы жауапкершілігін ұмытпай, ол сол бағыт-бағдар, мақсат-мүдделерде жүргізілуі тиіс. Оған куә мың жылдық тарихы бар батыстық бір жүйеге қойылған БИЗНЕС. Әйтпесе неге ілгері кеткен елде БИЗНЕС мемлекет ісіне қол сұқпайды. Сондай-ақ мемлекет те оған қызмет істеуге мол мүмкіндік береді. Өйткені БИЗНЕС әр түрлі, әр саладағы салық жүйелерімен мемлекеттің бюджетін толтырып, елінің жағдайын жасауға атсалысып отырады. Ал бізде керісінше. Олар өзіміз болып-толдық деп ойлайтын болуы керек. Әрине олай емес. Олардың жадынан шықса, естеріне салайық. Тағы да сонау бір жылы жазда Қазақстанның өзін БИЗНЕС-ЭЛИТА өкілдері санайтын жаңа байлары, сосын солардай жарым-жартылай молшылықта жүргендері Президентпен кездесуінде өздерін: «Біз сіздің перзенттеріңізбіз» дей келіп: «Сіз біздің папамызсыз» дегенге де саятын ой мен тұжырым айтқандары әлі есімізден шыға қойған жоқ.
Жалпы тобырды жолдан тайдырып, орға жығу оңай. Оған әлемдік, іргеміздегі Ресей тарихынан көптеп мысал келтіруге болады. Соның бірі 1905 жылғы қанды жексенбі. Саяси сауаттан ада, көкірек көзі тұмшаланған, оң-солын әлі танып үлгермеген халықтың кім көрінгеннің жетегінде кеткендігі де сонда. Олардың аяр жанашырлыққа сеніп, маңдайын тасқа соққан кездері де аз емес. Соған қарамай бір қызығы тарихтан сабақ алып, одан қорытынды шығармайтынымызда. Халықты алаңға алып шығатын Гапон қайдан да табылады, ал оның мақсат-мұратын, көздеген мүдде аяр әрекетін со халыққа түсіндіретіндер некен-саяқ. Демократияны демогогияға, заңды талап пен талғамды жалпақшешейлікке, сындарлы саясатты желөкпе-желауыздыққа айналдырғандар сан түрлі айла-шарғымен халық сеніміне кіріп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтағансып, оны басты мақсат – ұлт болып ұю, мемлекет болып тұтасу, отаншыл болып ормандай ел күйінде отырсам деген ниетінен, ой-санасынан айныту. Сан ғасырлық тарих салған сансырастан кейін ұлт болып әлі де қайта қалыптаспаған, саяси сауаты тайыз халықтың сана-сабырына қарағанда, ұшпа сезімінің ең осал да жанды жерін білетін олар оның оңтайлы тұсымен ойнап, отқа итермелейді. Мұнымен айтарымыз, басына күн туғанда негізгі бағыт-бағдарынан тайып шыға келетін кейбір БИЗНЕС-ЭЛИТА өкілдері оппозицияның кетік-кемшілікті көзге шұқып, бетке салық етуші немесе көзқарастар қайшылығынан от шығарып, халықты орға итеру еместігін білмейтіндігі. Сосын демократия жеке адамның мүддесі үшін беттен алып, төске шап шәлкез-шалдуарлық, қараспанды су алдырып, түнек төндіру болмаған. Ол менің, сенің, оның, біздің сыйластығымызды арттырып, ұлттық демократияны қалыптастыру. Сондай-ақ сол арқылы төл топырағымызда өсіп-өнген демократия нысандары ұлт­­тық құндылықтарды қолданысқа енгізіп, яғни, нағыз мемлекеттің негізін қалау. Сөз бостандығы, демократия демекші, қазақ үшін сөз бостандығы – жүйелі сөзге тоқтап, дуалы ауыздан шыққан сөзге жүгіну болса, ал демократия – ерік-еркіндігі, жақсы мағынадағы желдей еркін ескендігі емес пе еді. Яки халық билігі – демократия да содан өретін. Осыдан артық сөз бостандығы, осыдан артық демократия болған ба?
Сонау күндері «Жас демократтар», яғни, жаңа БИЗНЕС-ЭЛИТА өкілдерінің баспасөз мәслихатында болғаным бар. Онда сөйлегендерді былай қойғанда, ұзын-ырғасы не көп, не тым аз деуге келмейтін жиналған үлкен-кішінің айтуынша, Қазақстанда демократиялық кайта құру немесе жаңару жүрмей жатқан көрінеді. Тәуелсіздік пен демократияға қол жеткізген он-он бес жыл ішінде түк те, айта берді ешқандай да жетістікке жетпеппіз. Сондай-ақ әлгілерді облыстық әкімдерді тағайындау емес, сайлау арқылы орын-орнына қойғандары толғандырады екен. Бұдан шығатын қорытынды олар БИЗНЕСПЕН айналысу керек пе, әлде САЯСАТПЕН айналысуы керек пе? Міне, осындайда менің есіме тағы бір философ Иван Ильиннің: «…государственное дело ищет единого, общего, всенародного интереса, а не частных вожделений; и демагог, разжигающий страсти именно в сторону частных вожделений, открыто свидетельствует о своей политической негодности: он является фальсификатором в политике; он подобен цыгану, выхваляющему подменно-поддельную лошадь; по отношению к наивному и доверчивому народу он выступает в качестве развратителя детей, строящего свое благополучие на подтасовке и лжи.
«…потому, что самая его демагогия свидетельствует о его качественной несостоятельности: он разжигает страсти, чтобы выдвинуться и погубить государственное дело, превращая его в лучшем случае в дело частного вожделения, а в худшем случае – в дело своей личной корысти» дегені түседі. Бұнымен біздің айтарымыз БИЗНЕС пен МЕМЛЕКЕТ, БИЗНЕС-ЭЛИТА өкілдерінің заңсыз іс-әрекеттері мен саясат сонан соң демократияны жаңылыстырмасақ екен деген сөз. Өйткені, олардың қай-қайсысы да мемлекетіміздегі заңдылыққа сүйеніп, ондағы қоғам, әрі қоғамдық құрылыс, ұлтқа қызмет істеуі тиіс.
Қазақстанның тәуелсіздігіне он-он бес жыл толған кезең-кезеңде артымызға үңіле бір қарасақ, бүгінде өзге ТМД елдерімен салыстырғанда «Құдайға шүкір» дейтіндей дәрежеге жетіппіз. Қазақстан сол бір жылдар аралығындағы әлемдік аренадағы мемлекет болып қалыптасып, өзін нарықтық экономика талап-тілектеріне сай ел екенін де дәлелдеп үлгеріп отыр емес пе?! Ендеше, бүгінде оған күдікпен қарайтындардың қандай себеп-салдарға сүйенетінін біз де түсінбейміз. Тіпті, кейбір өзін демократ санайтындардың айтуынша біз неге өзімізді Франция не Англия, АҚШ-пен салыстыруға тиіспіз. Күні туып, уақыты келсе біз де солардай ел, мемлекет боламыз. Әзірге о деңгейге көтерілу үшін ұлтымыздың, оның ішінде жеке адамдарымыздың сонымен бірге олармен қоян-қолтық еңбек етіп жатқан жұрттың саяси, әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық, сосын психологиялық наным-сенімін жақсы жолға қоюға тиіспіз. Яғни біз қауымдық сана-сезімге қарағанда қоғамдық сана-сезімге қол жеткізуіміз керек. Әйтпесе ұлы Абай:
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын, – деп айтып, жазып қалдырғандай күй кешуіміз анық. Байлыққа қолы жеткендердің билікке қол жеткізу үшін ел арасына іріткі салып, бізге демократиялық бағыттағы сайлау керек дейтін болса, Крылов сын-сықағындағы акқу, шортан, шаянның өз ырық-жағдайларына бейімдей, арбаны тұс-тұсқа тартқаны сияқты жағдайды да бастан өткіземіз. Осы тұста бізге «мені халық сайлады» деп көзі төбесіне шығып кететін әкімдер не мемлекеттің басқа саласындағы құрылымындағы қызметкерлер емес, бір орталыққа бағынған мемлекет тұтастығын қалыптастыра түсетін әкімшілік аппарат жүйесі керек.
Сондықтан мен қырыққа бөлініп, қырық құрау болған Қазақстанды көріп-білгім келмейді. Және оны кім көрінген, оның ішінде келім-кетімді, көші-қонға жүгін буып-түйіп отырғандардың елімді басқарғанын қаламаймын. Ал, сайлау соған баратын бірден бір жол. Оған, сабақ ала алсақ көз алдымызда өтіп жатқан Ресей тәжірибесі-ақ жетіп жатыр емес пе? Мұны айтып отырғанымыз, айбарлы да алымды деген Путиннің өзі бір кезде Ельцин мырза бұзып алған Ресейдің аппараттық-басқару жүйесін қайта қалпына келтіріп, құрап ала алмай жүрген жоқ па? Губернатордан губернатор болып бөлініп жатқан Ресей шашырандылығы бізге кажет пе. Бұл да сол ұлы Абай айтқан «Бас басына би болған өңкей қиқым» деген данышпандық толғам тұжырымға жатады. Біздің жаңа БИЗНЕС-ЭЛИТА өкілдері неге содан сабақ алмайды. Ал олар болса елімізді тұтастыққа, бірлікке, бір биліктің негізінде дамып-өркендеуге шақырудың орнына біздің мемлекеттілігімізге, ұлт­ты­лығымызға, коғамшылдығымызға нұқ­­сан келтіретін идея мен идеологияны алға тартады. Біз қашаннан бері айтып, жазып келеміз, қандай да бір демократия болмасын алдымен жергілікті ұлт менталитетінен өріп, солардың әдет-ғұрып, салт-санасы арқылы қалыптасуы керек. Сондықтан да мұндай мәселеде «у ішсең руыңмен» деген мақал жүрмейді. Қазақстанда билік пен ұлт арасына сына қағылғалы қашан. Сенбесеңіз осынау 70 жылдан астам уақыт арасында республикамызды қанша қазақ билеп, қаншама ұлт өкілі жоғары лауазымдық қызмет істегенін көз алдымызға келтіріп көрейікші. Оның соңғы көрсеткіші Колбин. Олардың әрқайсысы әр түрлі жолдармен ұлтымызды өз Отанында азшылыққа ұрындырды. Біз қазір соның «жемісін» татып жатырмыз. Ендеше бізге ел басшыларын сайлау керек пе, әлде тағайындау керек пе? Оған ойланған жөн. Мысалы ол туралы Никита Михалков «Москва» журналында: «… мы выбираем из того, что имеем, у нас не из чего больше выбирать, у нас есть один-другой, третий-пятый – кто из них лучше? А может быть, никто. А выбираем из них – других нет. Выбираем, в глубине души зная, что это калифы на час» дейді. Көрдіңіздер ме, орыстың ең озық интеллигенцияларының бірі саналатын азаматтың өзі орыс сайлауындағы талғамсыздықты сынай отырып, уақытша өздерін «калифы» басқаратынын айтады.
Ендеше біз мемлекетіміз бен қоғамымызды, оны құрайтын кіндік ұлт – қазақты қырыққа бөліп, қырық құрау болғанын каламайтын болсақ, онда бізге сайлауға асығудың әлі де жөні жоқ секілді. Сондықтан да мақаламызға арқау болып отырған мәселе БИЗНЕС-ЭЛИТА өкілдері аз ғана топ олигархтар мен Үкімет, қоғам және Президент, халық арасындағы карым-қатынас пен көзқарас жөніндегі жайларға тағы да қайта сан оралатын шығармыз. Өйткені бұл бүгінгі күннің ең өзекті де, күрделі мәселесі болып отыр.

«Заң» газеті, 11 сәуір 2006 жыл.

 

Алдыңғы «
Келесі »