ЗАҢ ЗАҢҒАРЫ М. Дулатовпен тізе қосып, тегеурінділік танытқан, еліміздің тұңғыш әділет қайраткері Сейдәзім Қадырбаевтың туғанына – 130 жыл

  • 20.08.2015
  • 728 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кайсар Алим 2Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты

Тәуелсіздік таңы атқалы бері сонау сұрқия заманның кәрімен халық тағдырына қара бояу жағып, жазықсызды нақақтан күйдіріп, кінәсізді  өксіткен  «ақтаңдақтардың» тыңы айырылып, қызыл кеңес құрған рухани кіріптарлықтың тас қамал торы сетінеп, шырылдаған шындықтың үні үстем естіле бастағанына тәубе дескен жамиғат-жұрттың кеудесін қуаныш кернегенінің куәсі болудың өзі мың бақыт емес пе! Сондай жүрек сыздатқан зілмауыр жазаның күйдіргісі Алаш арысы, белгілі заңгер Сейдәзім Құлмағамбетұлы  Қадырбаевтың кейінгі ұрпақтарының жанын жегіқұрттай жеміріп, ойға ойран, ар-намысқа дақ, бетке шіркеу салып жұрт көзіне тіктеп қаратпай қойып еді. 


Тәуелсіздік тегеуріні соның бәрін сылып тастағандай. Бұрын именіп, жасқаншақтап, жалтақтап айта алмай келген шындықтан шідер алынды, әділдік  салтанат құрды. Мысалы, Алаш мүддесі жолындағы қайтпас күрескерлігі үшін Ішкі істер халық комиссариаты басқармасының 1938 жылғы 11 қазандағы бұйрығымен  ату жазасына кесілген Сәйдәзім Қадырбаевқа қатысты үкім алты күннен соң іле орындалғаны мәлім. Туған інісі Сейдахметтің жарғақ құлағы жастыққа тимей сұрау салуының нәтижесінде Қадырбаевтың Воронеж облыстық соты президиумының 1966 жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен ақталғаны белгілі бола тұра, бұл әділдік ақпараттық  айдында  ешбір көрініс таппай келгені мәлім. Қазақ кеңес энциклопедиясында да қағыс қалды. Бұл олқылық  тек тәуелсіздіктің елең-алаңында жарық көре бастаған  Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 5-томында түзетіліпті. Оның 187-бетінде былай нақтыланған: «(Қадырбаев Сейдәзім Құлмағамбетұлы 1885 жылы қазіргі Қостанай облысының  Жанкелдин ауд. – 1938, Ресей, Воронеж) – Торғай өңіріндегі Алашорда қозғалысы қайраткерлерінің бірі. Торғайдағы орыс-қазақ училище­сінде оқыған. 1913-1918 ж. Орынборда сот кеңселерінде түрлі қызметтер атқарған. 1918-20 ж. А.Байтұрсынов, М. Дулатов, т.б. бірге Алашорданың Торғайдағы әскери бөлімінің мүшесі болды. 1921-29ж. Қазақ АКСР-і юстиция халық комиссариатының  Заң шы­ғару бөлімінде жауапты қызметтер атқарған. А. Иманов өліміне себеп болған 1919 ж. Торғайдағы кикілжіңдерге байланысты 1929 ж. Алашорда қайраткер­лерімен бірге айыпталып, 1930 ж. Воронежге жер аударылды. 1937 ж. қайтадан ұсталып, ату жазасына кесілді. 1988 ж. 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен қылмыстық ісі қысқартылып, ақталды».     Осылайша ұрпақтар көңіліндегі күдік бұлты сейілген-тін, біржола. Дегенмен, Воронеждегі ақтау құжаты мен өз еліміздегі шындық әйгіленген екі ортада табаны күректей 22 жыл сұлап жатыпты. Жан күйзелтер ұзақ сарын-ау. Өзге не амал бар? Көнтерлілікпен күтіпті кіндіктестері. Ағасының алғашқы ақталған қағазын қолына алғаннан кейін Сейдахмет 12 жыл өмір сүрген екен. Жұмақтағыдай жылдарына жанын семіртіпті. Бұқпантай тірлікті талақ етіп, қалған өлшеулі ғұмырын бүгежіктімей, бөгелектемей бүкпесіз өткеріпті. Ағасының ар-ұяты аппақ жұмыртқадай аршылған. Құдай-ау, енді не арман бар! Ұрпақтың ұтылған  ұпайы да түгелденді. Ел алдында беті ашық бәрінің. Тек жүректің бітпей қалған бір сызаты жанын қинайтынын қалай жасырсын. Өз елінің билік органдары осынау әділдікті ықтияттап қашан жалпақ жұртқа жария етер екен? Бәймәлім сұрақ, мазасыздандыратын сауал. Осы күрмеу ағытылмаған қалпы жүрегіне шемен боп қатып, ерімеген күйі Сейдахметті күйдіріп жіберіпті. Ағасы аңсаған тәуелсіздікті көре алмай, 1978 жылы демі үзілді, оның. Туған республиканың С. Қадырбаевты ақтап алуы бұдан он жыл өткен соң ғана мүмкін болған еді…
Сонымен, ұлтжанды қазақ С. Қадыр­баев халқының жүрегіне өшпес ісімен, өміршең өнегесімен, өлшеусіз өрлігімен мәңгілікке ұя салды. Күткен күнін өзі емес, өзгелер күтіп алды. Толыққанды мемлекет толарсақтан саз кешкен Сейдәзім секілді серкелерінің бәрін де ұлықтап, қадірменділер қата­рына қосты. Бір қуаныш, бір өкініш… Қуанышы ұзағынан болсын. Ал, өкініші – Сейдәзімдей санаулы азамат­тың өмір, еңбек жолы туралы осы кезге дейін көңіл тұшытарлық дәйекті сөздің айтылып, жазылмауы дер едік. Көп деректің арасына ара-тұра есімі қыстырылғанымен, оған қатысты молынан қарпылған дерекнамалар көзге ілікпейді. Сейдәзімге қиянат-ау, біле білсек, тарихқа жасалған тарпаңдық емес пе? Бүгінгі ұрпақ өткеннің өр тұлғаларының тар жол, тайғақ кешулі тағдыр-талайынан мақұрым өссе елдік­тің де ертеңі бұлыңғырланбай ма? Тәуелсіздіктің бағасын кім жете тү­сі­нер десейші. Сақтансаң, бүгіншіл, қанағатшыл, кешегінің кешенді ісін таңбалап білуден  ажырап қалған енжар­лықтан сақтаншы!
Қарт Торғай Сейдәзім Қадырбаевтың білімге талпынған құштарлығын ұштап, орысша-қазақша телағыспен қос қанат­ын бекемдеп, алмағайып заманның қалтыл­даған қайығына тәуекелмен мінгізіп жібер­гендей еді. Аласапыранда алған бетіңді айқындаудың өзі қиямет-қайым. Бүгінгі діттегенің ертеңнің өлшеміне мүлде қабыспайтын қарадүрсін тіршілік нышаны болып қалуы әбден кәдік. Сондай тығырықта табан жолдан тайдырмайтын темірқазықтай жарық жұлдыздар табылып жатса, мың шүкіршілік, тәубә. Сейдәзімнің бұл жағынан аузы салымды болды. Дәл қазір қасында болмаса да, қаршадайынан бірге өсіп, бір өзеннің суын ішіп , балалық шағын құлын-тайдай тебісіп өткізген, бір жылдың төлі Міржақып Дулатұлы бірде Қарқаралы, бірде Орынбор, енді бірде Семей жақтан аракідік болса да хабарласып, есен-саулық сұрасудың астарындағы саяси көзқарастың пердесін шым-шымдап ашып, әлі күреске түсіп, шыңдала қоймаған сары уыз балапандай өзін әлдене мақсат-мұратқа бейімдей түсіп, жігерін жанып қоятын. Торғайға бір келгенінде Міржақып: «Сейдәзім сен, соны соқпаққа түсуге тырыс! Қарын тоқтық, көйлек көктік жараспайды саған. Сергек қара айналаңа. Серпіл. Сендей білімді жас өз еліне тигізер пайдасын жатпай-тұрмай ойлауы тиіс. Анау Ахмет ағамыз жортуылда жүр ғой. Неге жүр?  Түсінесің бе? Түсіндірейін саған…» – деп, ұзақ бір сөз бастаған. Түйсігіне тар келгені бар, жетесіне жеткені бар, әйтеуір, заман сойынан елім, жерім деп жүріп, анық жол табудан артық мүддені аңғармаған сол жолғы әңгімеден. Маужырап, мең-зең боп есінеп жүрген Сейдәзім ұйқысынан оянғандай болғанын сезгендей…
Күрес басталған. Күтпеген шешім күре жолға түсірген. Ой тереңінде  мұңды да зарлы, әсерлі де әуенді алмағайып бір арман, үкілі үміт, елшіл жүректің ыстық қайратына ысталған ықылас-пейіл, жаңашылдыққа суарылған дертті алаңдаушылық қалтқыдай боп дірілдеп тұрып алатын болды. Сөйтіп Сейдәзім дүбәрә дүрмекке атойлай ілесіп кеткенін аңғармады да… «Ақжол! Ақжол!»– дескен оның кестім-бітті пішініне таңдана да таңырқай қарасқан тілеулестері.
1917 жылдың көктемі де күзгі болар төңкерістің түп-төркінін ерте бас­тан аңғартқандай қара дауылды, қайғы-қасіретті күнібұрын болжағандай қорғасын бұлтты, еңсені басып екілене соққан дүлей құйынды боп онсыз да шатқаяқтанған елдің жанын бір шүберекке түйіп тұрғандай-тын. Сондай бір қабағы ашылмаған мамырдың 4-жұлдызында  Петроградқа, Ішкі істер министрлігіне, Леонтьевқа № 350 жеделхаты Торғай комиссары атынан жолданыпты (ҚР ОММ, 17-қор, 1-тізім, 4-іс, 66-парақ). Мәтіні мынандай: «923 ауылдық, поселкелік, болыстық, үйездік, азаматтық комитеттері және олардың басқармасының атқару органдары ұйымдасып, бірігіп іс жүргізу жағдайында тұр. Съездің облыстағы 350 делегаты сайлаған облыстық бас­қар­маның құрамын хабарлаймыз: Төр­ағасы – 86-Дон жүздігінің пра­порщигі, жоғары білімді заңгер Ткаченко; төрағаның орынбасары – қырғыз, Орынбор округтік сотының хатшысы Қадырбаев; Басқарма хатшысы – ауыл шаруашылығы нұсқаушысы Медведев; мүшелері – орыстар Лаванов, Словохотов, Казанцев, қырғыздар Байтұрсынов, Дулатов, Бегімбетов».
Бұл төтенше хабарламаның тұтқиылдан жасалуында да тылсым сыр жатқандай. Далалық өлкедегі ұлы дүбірдің сесінен сес­кену дейсіз бе, қара жонның қатпарларына бұққан дүлей күштің ызғарынан қорын­ғандық па, әйтеуір, зәре-құтыны алар ауыр күрсініс табы сезілер еді. Буырқанған табиғи лектің жолындағыны таптап тас­тар тасқынынан көңілдері шайлыққандай түрмен, түрлі биліктегі кадрлық өзгеріс­терден де мәлімдеме жасапты.  Абыр­жу бар алқымнан алған. Сақтықтың сағымынан сара жолды мезгегендей алабөтен дәрмен­сіздік. Жеделхаттың жөн-жосығы осы еді. Абайлыққа шақырған алқынған айқайдай кәрлі дауыс, тарылған тыныс.Үргедек үрей. Қамдануға қапысыз қайрау.
Иә, осылайша іштей қасарысқан қынулы іс-қимыл басталыпты. Ұлттық мүдденің ұлы мұратын рухани азық етіп, патшалық Ресейдің пәтуәсіз пәрменінен әбден ығыр болған сақара елінің сартап тірлігіне өзгеше жаңару, желпіну лебін жүгіртпекке ынты-шынтымен аңсары ауған көкірегі ояу марқасқа ұландар ұйыса түсіп, соны бір қимылға ұлпы-отанымен ұтырыла бекінгендей. «Әп, бәрекелді!» – дерлік әлеуетті де әлді ышқыныс-ау! Солардың белортасында Торғай облыстық уақытша басқарма төрағасының орынбасарлығына жеті дауыс берушінің бәрінің бірауызды қолдауына ие болып сайланған С. Қадырбаев жазық маңдайын бірер сипап қойып, отты жанарын алысқа қадады да қатулы қабақпен қажырлы қимылға басқан-тын.Төселе келе төскейден шауып төрге озды. Бауырын жазып, төрт аяғын тең алған Тайбурылдай көсіле шапты кермиығың. Тай қалпынан тарпаң мінез танытқан Сейдәзімдей сәйгүлігіңіз сарылып күткен бақытты күннің сөресіне ілігуге ышқына ытырылып, жойқын жосылып жұлдыздай аққан еді…
Торғай облыстық басқармасының 1917 жылдың 8 мамырдағы мәжілісінің протоколына зер салып отырмыз. Қатысқандардың ішінде М. Дулатов пен С. Қадырбаев есімі аталады. Қаралған мәселенің бірі Торғай үйездік милициясының бастығы Гарфтің жеделхатына сәйкес  Ырғыздан Торғайға дейінгі пошта трактын жалға алудың шарты туралы  екен. Бұл жөнінде анықтама жинап, алдағы  отырыста мән-жайын баяндау Қадырбаевқа тапсырылыпты. Келесі қаралған мәселеде қырғыз лазареті дәрігерінің мекемені жөндеуден өткізіп, қызметкерлерін демалысқа жіберу тұрғысындағы ұсынысы талқыланыпты. Осыған қатысты қаулы алынып, онда жөндеу жұмыстарының жай-жапсарын егжей-тегжейлі анықтап келу үшін Ақтөбе үйезіне Дулатов, Қадырбаев және Ткаченко үшеуін іссапарға жіберу ұйғарылыпты. Сондай-ақ, қаулының екінші пунктінде  лазареттің жұмысына тексеру жасау қамына кірісу үшін құрамына Дулатов,Төрмехамедов, Лобанов кіргізілген комиссия құрылып, оларға бұл іске есепші шақырту жүктелгені атап көрсетілген.
Ыждаһатпен ден қойылған бұл іс аяқсыз қалмай облыстық басқарманың 11 мамырдағы отырысында қайта қаралыпты. Аталған мәселе бойынша Қадырбаевтың баяндамасы тыңдалыпты. Жарыссөз қызып, бір жағы пошта трактын уақытша тоқтауды талап етсе, екінші жағы – Қадырбаев негіздемесіне сүйеніп, бұл бағыттағы пош­та байланысын үзуге болмайтындығына жиналғандарды сендіріп бақты. Шынтуайтына келгенде іс байыбы осы байламды күйттейтін еді. Қаулыда да осы тоқтаммен  түйін жасалды: «Министрлікке тракт жұмысы жөніндегі осы баяндама жіберіліп, Поповтың трактыны жою бойын­ша қозғалған істі тоқтату туралы сотқа түсірген түсінік хатын қол­дайтынымызды білдіре отырып, одан қозғалысты уақытша жалғастыра беруге рұқсат сұралсын. Пошта тасымалдағаны үшін Ырғыз және Торғай  үйездерінің қырғыздарына еңбек ақы  Торғай үйезі комитетінің есебі бойынша төленіп, Поповпен  іс жағдайын пісіріп, бір шешімге келгенше пошта земство аттарымен тасыла тұратындығы Ырғыз үйездік комитетінің назарына ұсынылсын». Міне, іске деген жанашырлық осындай көзқарастан айқын сезіледі. Әрине, өзіне жүктелген бұл істің нәтижелі тиянақталуына Қадырбаевтың аянбай тырысқанына былайғы құжаттардағы деректер еш күман туғызбайды.
Өзі туған  9- ауылында өрт шығып, оның себеп-салдарын шұғыл түрде қараған отрыста да Сейдәзімнің әділдігі, ортақ мүддені бәрінен жоғары қоюға негізделген  іскерлігі мен ұйымдастырушылығы, бәрін айт та бірін айт, ең бастысы – қызметтегі ар тазалығына кір келтірмеуі  былайғыларды тәнті еткен. Мұндайда қиянатқа жол жоқ. Сөйтіп, қырғыз Асауовтың   өрт шығынын толтыруды сұрап жазған өтінішіне орай арнаулы комиссия құрылып, нақты залал көлемі анықталғаннан соң ғана тиісті мөлшерде көмек  жасалған болатын. Қолында билігі бар ол, беделін сатса да өз ауылының қамын өзгеден ерек ойлаған боп іш тартып, әділдік безбенін бұрыңқырап, байыбына жетпей үстірт шешім шығарып, жедел түрде қаржы бөлгізіп жіберсе де, өзгелер қолын қаға қоймасын сезген еді. Бірақ, оның жасынан қалыптасқан көзқарасы  ауылын емес, ұлттық мүддені ойлауға жан-тәнімен жұмылдырғаны қашан!   
Азаматтық ұстаным әманда ұлттың ертеңін ойлау арқылы  салиқалы да салмақты мән-мазмұнмен байи түсетінін Сәйдәзім жадынан шығармайтын. Туған елінің қандай кәдесіне жарап жатқанын жіті саралап, істеген жақсылығын бұл­дайтын шолақ ойлы пендең емес бұл. Жатпай-тұрмай армандайтыны – елі сауаттанып, келешек ұрпақ шеңгелді шеңберден шығып, білім көгіне өрмелесе деген тәтті қиял. Ғылым тілін меңгеріп, техника сырына қанықса  екен дейді. Былайғы жұртпен терезесі теңелетін күнді көруге ынтазар. Мәдениет, әдебиет, өнер саласын өркендетсе ше? Құдай-ау, қай қазақпен шүйіркелесіп қалса, ағып тұрған шешен, күміс көмей әнші, ежелгі тұрмыс-салттың сырына қанық әмбебап өлкетанушы болып шыға келетінін сезіп-біліп жүр емес пе өзі. Осы қасиеттерін дамытса, өзді-өзімен оңашаланып қалмай, жаңалыққа икемделе түссе, қай халықтан кем қалар. «Жо-жоқ, менің халқымның болашағы зор, оның ерекше жаратылысы әлі талай сырт көзді тамсандыратынына сенемін. Тек оның иманды жүрегін білім-ілім нұрымен арайландырып, шапағатыңмен шұғылаландыра түсші, жаратқан ием!» – деп, Сейдәзім ой түбінен маржан тергендей жиі масаттанатын кейінгі кезде. Әйтсе де, көңіл тізгінін мүлдем алаңсыз, еркін жібере алмайды. Қауіп ойлауы да басым. Жағалай қаумалаған жадағай тірлік. Міржақып досының күңіренісінен де жұрт түгілі өзі де әлі толық сыр түйе алмай жүргенін қайтіп жасырады. Күткен қоғам қандай болады? Еркіндік аңсаймын деп, қабырғасы сөгіліп жатқан халық аз ба? Азаттық деп алысып, қансырап қалғандары қанша ма? Діттеген жерге шығынсыз жетіп алғанға не жетуші еді. Бірақ, оңайлықпен мақсат орындалып па? «Қане, орынсыз тыпырлашы, әуселеңді көріп алайын» деп , қаһарлы әуен құлағының түбінен үзіліссіз ызыңдайды. Зындан түбіне тартатын зымиян ызыл-ау! Ал, елі болса, әлі марғау, ұйқыдан оянбаған мең-зең қалпында жатыр. Бір-бірінен ілік іздеп, ұсақ кикілжіңмен күнін озғызады. Сондай бір келеңсіз жағдайға жуырда ғана өзі араласуға тура келген.
Желпіне түсіп, желді күнгі өрттей маңайын жайпауға шақ қалған бұл дауылдың алдын алу үшін Сейдәзім облыстық басқарманың  отырысын шұғыл түрде (1917 жылғы 25 маусым) шақыртты. Қаралған мәселенің төркіні мынадай. Торғай облысының Ақтөбе үйезіндегі №455 телімінің азаматтарынан басқарма атына келіп түскен шағымда Ілек болысына қарасты №2 ауылдың тарапынан болып отырған құқайды құрықтап беру талап етіліпті. Атап айтқанда ілектіктер малдарын бұлардың шабындығы мен егістігіне жайып, зықыларын кетіріп тұр екен (ҚР ОММ, 18-қор, 1-тізім,15-іс, 25-парақ). Шарасыз қалдырылмауы тиіс шалқақтау еді, бұл қылықтары. Алдымен, бұл жанжалдың зардабын көзбен көріп қайту үшін басқарма төрағасы Ткаченко екеуі жолға шықты. Арызданатын жөні бар екен. Жайқалған ша­бындық мал тұяғынан жапырылып қалған. Және де қара шегіртке қонып өткендей кей жері жым-жылас жалманған. Егістіктің көк өскіні тапталып, енді өнім береді-ау дегенге сену қиын. Болысқа қатты айтып, тәртіпсіздікті тыюды тапсырып, бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыда мән берілетінін ескертіп оралған бұлар. Соңыра сұрастырып байқаса, бәрібір дәнеңе шықпапты. Енді ғой амалсыздан басқарма мүшелерінің шұғыл түрде жиын құрып отырғаны. Талқылау қызу жүрді. Бір мәмілеге келу қиын болды. Ақырында мынадай қаулы қабылданды. Тұқым себілген әр десятина жер мемлекет меншігі ретінде қорғалатыны ескеріліп, халық арасында зор беделге ие облыстық комиссар Бөкейхановтың өзін бұл іске араласауын  сұрап, оның атына өтініш түсіруге ұйғарым жасады. Бәрі ойлағандай болды. Бөкейханов аталмыш ауылға нөкерлерімен шығып, өзінің қолындағы билікпен қоғамға жат қылықпен айналысушыларды  табандатып тұқыртып, тезге салып, ендігәрі қайталанса, істі сотқа тапсыратынын айтып, екі жақты сабасына түсіріп қайтып еді. Әйтпесе, жоқ жерден бүлік шығып, тыныш жатқан ел бір-бірімен өліспей беріспейтін қайғылы халге душар болар еді. Әрине, өмір болған соң тіршіліктің таусылмайтын түйткілдері де жетіп артылып жатады. Саяси бағыттағы көнтерлі мәселелер өз алдына толассыз туындайтыны тағы ақиқат. Соның бәріне халықтық тұрғыдан баға беріп, сараптан өткізіп отыру, тиісінше шешім жасау оңай міндет емес. Және «басқа салды, көнбей қайда барамыз» деп, ұзын арқау, кең тұсаулы шығарып салмамен елдік мүддеге тіпті де адал бола алмайтынын  Сейдәзім үнемі өз ортасында қайталап айтудан жалықпайтын. Себебі,  тек  сөзімен ғана іскер, халықшыл, қамқоршы болып көрінетін талай желбуаз зиялыларды жыға танитын. Ондайлар ел алдында берген уәдесін жұтып қоюды тіпті де ар көрмейді. Қайта мінезіндегі артықшылық санап, содан мархабатқа бөленіп, жалған бедел жинаумен өзінің қадірін еселеуді жатпай-тұрмай ойластыратын. Мұндай жасанды патриоттар, әсіресе, заманның құбылмалы тұсында құмырсқадай өріп жүретін болыпты. Бәрін ой елегінен өткізіп жүретін Сейдәзім әлгіндейлерге батыл тойтарыс беретін. «Ұлтқа адал қызмет еткілерің келсе, ең алдымен өздеріңді түзеңдер, хамельондай құбылмаңдар, таза кейіптеріңді сақтаңдар. Халық сөзіңнен де, көзіңнен де бәрін таниды, кімнің-кім екенін бағалайды. Ал, сөзі сырдаң,  ойы жалқау, ісі алдамшы, кісінің көзіне күпініп  ғана көрінетін адамның соңынан ешкім ермейді. Ермейді екен, елдің ертеңіне ешкімді де елеңдете алмаймыз!» – деп,  үзеңгілестеріне қатаң талап қоятын, ол.
Талап етудің де талғамы бар. Оған да жүйрік Сейдәзім.Мысалы, басқарманың бір отырысының күн тәртібіне жемқорлықтың нышаны байқалатын бір мәселені қой­ғызды. Торғай қаласында  салынуға тиісті жоғары бастауыш училищенің құрылы­сына қаржы жинастыру Прияткин деген біреуге жүктелген еді. Сол істің аяғы сиырқұйымшақтанып бара жатқандай. Талқылау барысында көп былықтың беті ашылып, кінәлі тезге салынды. Оның нақты есебі тыңдалып, жетіспейтін қаржы толықтырылып, жемқордың ісі сотқа жөнелтілді. 
– Тым қатты кеткен жоқпыз ба? – деп еді сол отырыста төралқада жайғасқан Ахмет Байтұрсынов ағасы көзілдірігін оң қолымен түзеңкіреп қойып.
– Қазір қатты кетсек, ертеңіміз жұмсақ болады, – деп Сейдәзім әз ағасының жүзіне байсалды қарады.     
Ағасы үнсіз ғана басын изегендей болды…
Торғай облыстық басқармасының атқар­ған істері тағылымдылығымен тарихта қалыпты. Мұрағат жәдігерлерінен ел игілігі жолында жасаған іс-қимылы бедерленіп көрінеді. Тәнті боласың. Халық мүддесінен туындайтын ірілі-ұсақты ешқандай іс оның назарынан қалыс қалмапты. Мынадай жанашырлыққа қалай сүйсінбессіз. 1917-жылдың 20 маусымында Қадырбаев бастамасымен Торғай облыстық баспаханасына қажетті 39 пұт мұсылман ғарпін сатып әкелу үшін Қазан қаласына Байтұрсыновты немесе Дулатовты іссапарға жіберуге қаулы алынады. Содан он төрт күн өткенде, яғни, 4 шілдедегі отырыста  Қазаннан оралған Дулатовтың  нендей іс тындырғаны талқыланыпты. Дулатов хабарлама жасапты. Өкінішке орай қолымыздағы құжатта «Принять доклад к сведению» дегеннен әрі қарайғы мәлімет жалғасы шорт үзіліп қалған… Қаралған кесек мәселелер осындай екен. Ал, тағы бір қаулыны оқып көрелікші: «Затребовать от С.А. Журина сведения о причинах столь позднего поступления в область сероуглерода, когда борьба с сусликами закончена», – деген алаңдаушылықты ұсақ мәселеге жатқызуға дәтіміз шыдар ма екен, сірә?
Дала өлкесінің өмір-ахуалына үлкен толқыныс әкелген ұлы төңкеріс жылының аяғында құрылған Торғай облысындағы Алашорда әскери кеңесінің қызметі де ұзаққа созылмай 1919 жылдың қыркүйегіне дейін жалғасқаны белгілі. Әскери кеңестің төрағасы М. Есполов болды. Мүшелері – М. Дулатов, А. Байтұрсынов және С. Қадырбаев. Осы екі жылға жетер-жетпес уақытта олар бастарынан не бір құйындатқан қатерді шімірікпестен өткере білді. Алға қаймықтырмай жетелеген қандай бұла күш еді. Халқының қамын ойлаған қайраткерлердің одан өзге таңдауы да болмайтынын тарих әлдеқашан мойындаған-тын. Әрқайсысы кесек тұлғаға айналудың кім көрінген көтере алмайтын алапат салмағына шыдас берді. Жүрек қалауы қайда жұмсаса, сонда жанын шүберекке түйіп, жасындай сорғалады. Олар қандай міндетті атқарса да елінің болашығын естерінен бір сәт шығармайтын. Қызмет қуған жоқ, оларды қызмет өздері тауып алатын. Қызметті өзіне емес, халқының қамына жұмсайтын.
Мына бір құжатқа көз салайықшы. «Въ Оренбургскіи Окружный Судъ. Препровождая при этомъ прошеніе Тургайского Мирового Судьи Кадырбаева объ увольненіи его отъ должности Мирового Судьи, прошу Окружный Судь возможно скорье освободить Кадырбаева, такъ какъ онъ долженъ срочно вступить въ исправленіи должности Областного Комиссара. Тургайскіи Областной Комиссаръ Букейханов. 18 желтоқсан 1917 жыл» Өзіне осындай үлкен сенім көрсеткен Бөкейханов басына ауыр күн туып, Мәскеуде үй тұтқыны болып отырған жылдары  тұрмысы қиындап күн көрудің тозағына қақталғанда осы Қадырбаев, Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Ғаббасов т.б. болып  200 сом қаржы жинап қатынаушы кісі Сұлтанбеков арқылы беріп жіберген болатын. Кейінгі жазған бір хатында Бөкейханов бұл көмектің ас-судан тарығып талықсыған шақта отбасының аман қалуына септігі тигенін асқан разылықпен жазып кеткен еді. 
Міне, Қадырбаев осылайша өзінің қызметтік ұстазы, жалпы қазақ халқы­ның қамын ойлаушы, біртуар арыс Ә. Бөкейхановтың сара бастауымен саясат­тың бас айналдырар аспанына шығып алып, қараңғы қазақ көгіне өзіндік сәулесін төкпекке  бекінген-тін. Тас-түйін бекінгенінен берекелі іс туындады. Кешегі белгісіздеу саясат сарбазы жүре келе сардарға айналыпты. Сейдәзім қызметте қатаң, талапшыл, бірбеткей, айтқанын орындататын іскер басшы бола білді. Кейде Міржақып құрдасы «Сендей бәріміз тәуекелшіл, өткір мінезді болсақ, мойымас жігерлі болсақ Алаштың бағы әлдеқашан жанар еді»,– деп оның бойындағы асыл қасиеттерін термелеп кететін. Өзі де кей сәтте Сейдәзімге ұқсап бағатынын жасырмайтын. Сенің заңгерлік біліміңнің ұшқындарымен жанымды жаңғырта алсам, менің де айтып, жазбағым одан бетер салмақты  бола түсер еді-ау деп, өзінің олқы тұсын одағайлап көрсетуден именбейтін. Ұлықтығы кішілігіне сыйып кетіп тұрған дарабоз екен-ау, Міржақып. Осы сөзімен-ақ зиялы жүректің сырын ашып тастапты.
Қызметтік мінез парқы әлгіндей болса, Сейдәзімнің, тұрмыстық тіршіліктегі жүрек жұмсақтығы өзгеше тәнті етеді екен. Дастарқаны жиылмайтын қолы ашық, ән-жырға бейім, өзі де шығарып салатын от ауызды, орақ тілді шешен, әңгіме-дүкенге шебер, күлкісі шайдай ашық, көңілденгенде балаша масайрап, шалқып кететін, қайырымды жүрек иесі болыпты. Ол қолындағысын қоғамдасып жұмсап, бөлісуге келгенде алдына жан салмайтын теңдессіз жомарт, аса қамқоршыл жан екен. Қайырымдылық жасағанда досы ма еді, қасы ма еді, қарайламайтын, тең көріп, тиынын үлестіретін береген. Осыған бір ғана мысал келтірейік. 1929 жылғы 5 наурыздағы М. Дулатовты тергеу хаттамасында атап көрсетілген мына бір жайтқа назар аударсақ та жетіп жатыр. «Сіздің тобыңыз бұрынғы алашордалықтардың Торғай ісіне қалай қарап жүрді?» – деген сауалға Дулатовтың қайтарған жауабы мынадай: «Торғай ісін тудырған тек қана жікшілдік болатын, айыпкер кісілердің арасында ол істі өрістеткен адам жоқ, шынын айтсақ, оларға жанымыз ашып кезінде көмек, жәрдем жасап тұрдық». «Бұл көмектің ұйымдастырушысы кім еді?» «Байтұрсынов, мен, Қадырбаев, Есболов болып кезектесіп абақтыға тамақ тасып тұрдық». Міржақыптың осы баян­дауынан-ақ Сейдәзімнің қысылғанға қол ұшын беруге құшырланып тұратын үлкен жүрегінің қайырымын аңдау қиынға соқпас. Бұл бірер мысал ғана ғой. Шұқшия термелесек, мұндай абзал қадам оның саналы күллі ғұмырында  сансыз тізбегімен мерейлендіре түседі. Көбіне біз алаштықтарды аласапыран үстінде танимыз да олардың пендешілік мінез-құлқынан мүлде хабарсыз екенбіз. Олар да ет пен сүйектен жаралғандар ғой, қызметтен тыс өмірде қуанып та, қайғырып та шынайы болмыстарын бүркемелемей тұрмыс тауқыметін қара нардай көтеріп жүріпті. Жаратылысынан дарақтай қалыптасқан жалқы тұлғалар екен-ау бәрі де. Аралас-құралас болған тұстастардың бір-бірі туралы жазып кеткен сөздерінің төрелігіне жүгінсек, бүгінгі егемен ел ұрпақтарының кешегі ата-бабалары шетінен өнегенің тұма бастаулары екендігіне қайран қаласыз.
Сөз жоқ, 1916 жылдың ойраны атанып кеткен ақ патшаның июнь жарлығы қара қазақтың қатарын селдірететін селкеулі әмір еді ғой. Ел ішін тартып, далада жатқан басы артық жанымыз жоқ деп, тымырайысты, қандай тәжікеден де тайынбайтын тегеурін танытты. Дүрбелең Торғай жерінің түндігін де желпілдете бастады. «Ақтөбе қаласына мың-мыңдаған қазақ жиналыпты,– деп жазады бұл алас-күлес өмірдің бір қалтарысы жөнінде Міржақып,–ар жағындағы Ырғыз уезінен де, мына жақтағы Орал облысының сыбайлас  уездерінен де халық көп келіпті дегенді естідік. Солардың үстіне вице-губернатор барғалы жатыр. Осыны білгеннен кейін Орынбордан Сейдазім (Кәдірбайұлы) екеуміз әдейі Ақтөбеге жүрдік…» 
Міржақып пен Сейдәзімді ел арасына үгіт жұмысымен жұмсап жіберген ғой. Елдің тыныштығын ойластырыңдар деген мойындарына жүктелген батпан жүк бар. Байқаса, ел іші асау тайдай бас бермейді. Жиылып жөн сұрасқанда бір молда орнынан ұшып түрекеліп, бұларға қарап жұлқынып сөйлеп кеп берсін: «Біз баяғыда түрікке қарап кететін ел едік, осы сендер орысқа бағындырып қойған, қазақты шен-шекпенге сатқан мына болыстар. Әлі де болса кетеміз, босаймыз, Қытайға ауамыз, Қырымға барамыз, орыстың құлдығында тұра алмаймыз, қырыламыз, өлеміз, солай ма, жұрт?!» – деуі мұң екен қаумаласып сөз тыңдап тұрғандар «солай,солай, сүйтеміз!» – деп ұлардай шулап қоя берсін. Әдейі Орынбордан сөз сөйлеу үшін келгендіктен Сейдәзім қасындағы түрі бұзылып, танауы қусырылып кеткен Міржақыпты түртіп қап «сөйлесеңші», – деп, оны ту сыртынан жеңіл итеріп, алға ығыс­тырды. Міржақыптың амалсыздан Орын­бор «үйреткен» сөздерді жүрегімен емес, жеңіл қалқып айтып шыққанын Сейдәзім сезбеді емес, сезіп тұрған…
Қазақ   мемлекеттігі туралы мәселе қараған жалпы қазақ-қырғыз съезі 1917 жылы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында ашылғаны белгілі. Онда  уақытша «Ұлт кеңесі» құрылып, өкімет құрамына  әр өңірден келген делегаттардан адамдар іріктеліп алынды. Мысалы, Торғайдан аталған құрамға Ахмет Бірімжанов енсе, оның орынбасары болып Сейдәзім Қа­дырбаев сайланды. Съезд қаулысында атты әскер полкін құруға маңыз берілген болатын. Сол міндеттерді жүзеге асыруға 1918 жыл­ғы қазанның аяғы мен қарашаның басында Орск  қаласында жүрген Алашорданың Торғай бөлімшесінің құрамында Есболов, Қадырбаев, Дулатов және Байтұрсынов бар өкілдері нақты іске кірісіп кеткен еді. Осы мақсатпен олар  ауылдық жерлерді жедел шолып, атты әскерге қарулы жігіттерді жинай бастады. Бұларға Кенжин мен Қаратілеуов те көмек қолын созды. Тез арада шамамен мың адам жиналып, оның 400-і Дутовтың әскери штабына берілді. Қол жию одан әрі өрістей түсіп, Торғай даласының терең түкпіріне қарай ойысты. Одан арғысы тарихтан белгілі болғандай, 250-дей атты әскер келесі жылдың наурыз айында Торғай қаласына екпіндеп енген еді. 
Бүгінгі іс-қимылыңның ертең немен аяқталатыны болжамсыз күрделі кезеңнің тосын кедергілері аяқ аттаған сайын  тобықтан қағатын. Сондай соқпақты жолда Сейдәзімнің де көрмеген құқайы қалмаған шығар. Ол 1919 жылдың ақпанында Есполовты Дутов штабының тұтқындағанының  куәсі болса, жазға салым, шілде ішінде  өзімен бірге ол Қостанай қаласында қай­тадан қамауға алынып, қапаста бірге тарыққан-тын. Араға уақыт салып екеуін қосақтап Троицк қаласының түрмесіне айдап тыққан. Сәті түсіп, бір аптадан соң Торғай облысының аймағынан әрі ұзамау жөніндегі қолхатпен бостандыққа шыққан. Мұндай рахымшылдықтың өзіндік  сезікті себебі бар екені кейін белгілі болады. Есполовқа айрықша тиым салынып, енді­гәрі оған әскери кеңесте қызмет етпеуі қатаң ескертілген. Және де шалғайдағы ауылды мекендеуі қажет еді. Бірақ ол бұл талапты орындаудан бас тартып, Алаш бөлімшесі таратылған қыркүйек айына дейін Торғай қаласында тұра берді. Сөйтіп бір минөт қарекетсіз отыра алмайтын тынымсыз әрі тындырымды Еспболовтың аласұрып шиыршық атқан қиналысты күндерін өз көзімен көрген еді, Сейдәзім досы. Басу айтып, сабасына түсіруге тырысқан. Бірақ ол торға қамалған арыстандай іштей жан-жүрегін жұлып, айбаттанып бағатын. Қолдан келер қайраны болмаса да келешек күндердің амалдарын ойлап, жоспар құратын, өзгелерді де қауымдасып, қимылдауға шақыратын.
Тар заманның  қасақана жоспарланған талай құқайын бастан өткеруге тура келген еді. Әсіресе, алашордалықтарға орталық атқару комитетінің тарапынан кешірім жасалуы бек мүмкін деген тұста Сейдәзімнің және оның идеялас серіктерінің үстінен орынсыз қаралау қардай борап кеткен еді. Сондай тырнақ астынан кір іздеушінің бірі, кеңес өкіметінің мінсіз де өнегелі қайраткері санатындағы Токаревтің 1920 жылдың 20 шілдесінде Орынбор қаласында өткен партиялық үлкен бір жиында жасаған баяндамасында негізінен Қадырбаев туралы үйіп-төкпе жала қоздырылып, оның амнистияға ілігіп, еркіндікке шығып кетуі мүмкіндігінен шоши үркіп, үстемелете  сойыл соғылған болатын. Біздің қолымызға жеткен сол жеті беттік қарадүрсін айыптау материалдында (ҚР ОММ, 14-қор, 3-тізім, 2-іс, 64-70 парақтар) Қадырбаевтан өткін қарабет, ары лас, ісі оңғақ, қимылы оғаш кесепат адамды  шырақ алып іздесең де табу қиын екен. Оның Байтұрсынов, Дулатов, Есболов т.б. бірігіп жасаған іс-қимылдары жаңа құрылыстың керегесін күйрететін кешірілмес күнә екендігін өзіндік байбалам байыппен дәлелдеуге тырысыпты. Олардың қолдарында 18 жазалау отряды болыпты. Бүлікшілер тыныш жатқан ел ішін ақтармен бірлесіп алатайдай бүлдіріпті. Қанішерлер қызылдардың көзін есепсіз құрытыпты. Ұры-барымташылар арам қолдарын сұқпаған дүние-мүлік қалмағандай. Идеялық ұстанымы орнықсыз Қадырбаев қаншама пұт алтын металын жымқырып кеткен. Соны қайтарып алудың іс-шарасын жасау керек. Міне, осы тектес жала жабылған екен баяндамада. Сондықтан, не істеу керек? Токаревтің ойынша, осы жақсы атты боп көрініп кеңес жағының тәуір қызметіне ілікпек ойдағы мұндай қадырбаевшылардың жолын кеспей болмайды екен. Ол өзінің жалынды сөзін: «Я так хоть сейчас меня убейте им не поверю»– деп ақырғы демі шығардай боп аяқтапты…
Үйіп төккен үйдей жаладан әзірге құрғақ шығып жүрген әділ жолдың үстіндегі алаш арыстары іште құндақтаулы  құндылықтарынан бір сәт ажырамай-ақ қиып түскелі тұрған қызыл қылышқа мойындарын төсеп, ажалдан тайсалмай алға жылжи беріпті. Күрескерлік рухпен шыңдалған Сейдәзімнің де шыңға өрмелеуі бір бәсеңсімей, өршелене түсіпті. 1921 жылдың орта тұсында  ол Орынборда Юстиция халық комиссариатының белді қызметкері атанып үлгерген-тін. Алдымен қатардағы заң қызметкері болып, көзге түсті де көп ұзамай бөлім меңге­рушілігіне жоғарылатылды. Баспал­дақтап өсе берді. Сөзіміздің нақты дәлелі мынау еді. Араға төрт жыл түскендегі құжат тілімен сөйлер болсақ, аса құпия белгісімен жолданған көшірмеде Дзержинскийдің қолымен мынадай мәлімдеме жасалғаны айқындалған. Қырғыз Өлкелік Комитетінің  РКП (б)  1925 жылғы 2 маусымдағы  бюро мәжілісінің №68  хаттамасында  Ежов  наркомюст коллегиясының құрамы туралы хабарлама жасап, нәтижесінде коллегия мүшелері болып Мәмбеев,Лызлов, Қадырбаев, Гришенков және Ибрагимходжаев бекітіліпті (ҚР ОММ,1380-қор, 1-тізім, 55-іс, 182-парақ).  Ал, 1926 жылғы 6 қазандағы бір құжатта Юстиция халық комиссарынан: «Учраспред Казкрайкома ВКП (б)»  просит не поздее 7  октября выслать персональную карточку на члена Коллегии – Зав. Отд. Судостройства НКЮ тов. Кадырбаева С.К.» – деген өтініш білдірілген. Бұл құжаттардан С. Қадыр­баевтың жоғары лауазымды қызмет­тер атқарғанын айқын аңғаруға болады. Тіпті оны «… сот ведомстволарында жинақтаған бай тәжірибесі бар қырғыз әрі бүгіндері Наркомюстің бөлім меңгерушісі ретінде әскери қызметке тартудан босату жөнінде, себебі мұндай білікті кадрлардың Наркомюстке аса қажет екендігі жөнінде» өтініш білдірілген. Бұдан да ерекше қорытынды жасауға болатын секілді. Кім көрінгеннің шашбауын көтеріп, сұраныс жасап, ешқайда жібермей өз орнында одан әрі қызмет істеуге мүмкіндік туғызу сирек кездесетін жағдай, айрықша қамқорлық. Сондай құрметке Сейдәзімнің өзінің ақадал еңбегімен, біліктілігімен, іскерлігімен ие болғанын байқаймыз. 
Оның заңгерлік аса жоғары қабілетін айғақтайтын бұдан басқа да құжаттарды молынан ұшыраттық. Кезінде Қазақстанның Юстиция халық комиссары – республика прокуроры Қанай Боранбаевтың өзі партиялық тазалау кезінде Алашордадағы бұрынғы қызметі үшін күдіктілер қатарына іліккен С. Қадырбаевқа: «Комиссариаттағы іс білетін санаулы қазақтардың бірі»,– деп батыл араша түскені аян. Боранбаевтың кадрларды бағалап, оларды таңдай да тани білгендігін жаңа астана Қызылордаға аттанатындарға жасаған тізімнен де көруге болады. Сондай біліктілердің жуан ортасында 1904 жылдан сот қызметінде мол тәжірибе жинақтаған комиссариаттың Сот құрылысы және бақылау бөлімінің меңгерушісі Сейдәзім Қадырбаевтың да есімі зор сеніммен әрі ілтипатпен аталуынан мол сыр ұққандаймыз. Демек оның мемлекет алдындағы қалтқысыз қызметі әрдайым  орынды әрі лайықты бағаланып отырған. 
Қайсыбірін айтайық, С. Қадырбаевтың республика сот құрылысы саласын  дамытуға қосқан үлесінің кең шеңберінде оның теңдессіз шығармашылық ізденісінің өшпес ізі сайрап жатқанын сезінудің өзі  қанағат сезіміне бөлейді. Халық комиссарының және оның қолымен барлық облыстық және губерниялық соттарға жолдаған циркулярлық бағыттама-ережелердің  сауатты да терең мазмұнды болып түзілуінің өзінен-ақ білімді кадрдың қайталанбас тегеуріні байқалады. Жуан бума ондай  құжаттардың орамын ашып, әрқайсысына байыппен зер салатын болсақ, ширыққан шындыққа кенелер едік.
Мемлекет өміріндегі елеулі  оқиғалардың бірі Қызыл Керуеннің ұйымдастырылып, кең байтақ елдің әлеуметтік-экономикалық жағдаяттарына тереңірек бойлауды мақсат тұтқан қырағылыққа бастаған пайдалы  қарекеті дер едік. Осы Қызыл Керуен саяси бөлімінің алғашқы мәжілісі 1922 жылдың 23 мамырында басталып, осы жылдың 18 шілдесі аралығында он отырысы өткізіліпті. Соның бәріне де Жанкелдин төрағалық етіп, Юстиция халық комиссариатынан өкіл ретінде Қадырбаев үнемі қатысып отырған. Қаралған мәселелер де әралуан. Оның бірінші мәжілісінің күн тәртібіне үш мәселе қойылған. Біріншісі – Керуеннің Орск ауданын зерттеу жөніндегі жалпы жұмыс бағыты туралы; екіншісі – зерттеу жоспары; үшіншісі – ағымдағы істер туралы. Ал, соңғы, №10 хаттамаға жүгінсек, халық комиссариаттарының өкілдері Ақмола үйездік болыстары мен кеңестік мекемелерін зерттеудің  нәтижелері бойынша хабарлама жасаған. Соның ішінде Қадырбаев Ақмола үйезінің  1-учаскесі халық тергеушісінің қызметі туралы баяндап беріпті. Талқылаудан кейін  бұл істі үйездік юстиция бюросының тиянақты тексеруіне беру туралы қаулы алыныпты.
Ел тарихындағы орны ерекше құрылымның тағы бірінің басы-қасында Қадырбаев жүріп, белсенді қызметімен көзге түсіпті. Атап айтқанда, 1923 жылдың 15 сәуірінде Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамы мүшелерінің  ұйымдастыру жиналысы өтіпті. Қоғамның жаңа мүшелерінің бірі болып  Қадырбаев та сайланған. Қаралған мәселелер өте ауқымды. Соның бірі – қоғам жарғысындағы өзгерістер жөнінде Қадырбаев тиянақты әңгімелеп берген. Қоғамда болып жатқан түрлі жаңалықтар мен өзгерістерге сергек қараудың үлгісін Қадырбаевтың жұмыс стилінен үнемі аңғаруға болады. Соның бір мысалы мынадай. 1924 жылдың 9 тамызында  Қазақ КССР Юстиция халық комиссариаты Сот құрылысы және бақылау бөлімінің меңгерушісі  Қадырбаевтың атынан Ақтөбе губерниялық сотының төрағасына жолданған жеделхаттың мазмұны көңіл аударарлықтай еді. Қырғыз газеті «Еңбекшіл қазақтың» 6 тамыз күнгі 232-санында «Ескі сарын» атты мақала жарияланып, онда Шалқар үйезі Ырғыз болыстық атқару комитетінің төрағасы  үйездік атқару  комитетіне  халық соты үшін халық заседательдерінің 100 адамнан тұратын тізімін бекітуге ұсыныс түсірген. Бұл тізімнің негізінен патша кезіндегі бұрынғы болыстық басқарушылардан, халық судьяларынан, сондай-ақ кулактардан тұратындығы  баса ескертіліпті. Мақаладағы тағы бір сорақылық  әлгілердің ішінен 25 фамилияның бұрынғы қоғамдық және әлеуметтік жағдайының сол күйінде бадырайтып көрсетілуі еді. Сол  себепті де Юстиция халық комиссариаты осының бәрін жедел түрде жан-жақты тексеріп, аталған адамдарды халық заседательдерінің тізімінен  алып тастауды ұсынған. Міне, осы мысалдан-ақ бұқаралық баспасөздегі әрбір жарияланымның  назардан тыс қалмайтынын көруге болады.
2000 жылдың 8 наурызында Алматыда, Гүлнәр Міржақыпқызының үйінде болдым. Апам сергек екен әлі. Жүрісі ширақ. Әңгімесін көңілденіп бастап еді, бірте-бірте тарих қойнауына қалай енгенін сезбей қалып, сөзі бұзылып, дауысы дірілдеп, көзіне орамалын жиі апара беретін болды. Әкесі туралы жазып та, айтып жүргендіктен бұл жолы мен апамнан Сейдәзім Қадырбаев туралы көбірек естігім келген еді. Сейдәзім мен Міржақып ажырағысыз тұлға ғой, естелігін сыңарламай, ол екеуін қосарлап, жұптап өрбітіп отырды. 
Білгенім, Сейдәзім бойы ортадан жоғары, аққұба, жалтырбас кісі екен. Асықпай, баппен сөйлейді, аңқау­лау. Міржақыппен Сарықопада бірге туып, бірге өскен түйдей құрдас болған­дықтан қатарлас оқып, зор білім иесі атанып, Алаш жолында жан пида деп қанаттаса қимылдап, халқының қамын жеп, өмірден өшпес із қалдырып өткен тау тұлғалар болған-ау. Апамыз 1915 жылы Орынборда дүниеге келгенде, шілдеханасында сыртта жүріп бола алмаған Сейдәзім өзін қырқынан шығарарда әйелі Жаңыл екеуі келіп әдейі қатысқанын шешесі Ғайнижамалдан естіген екен. Жаңыл әнді сызылтып салатын, қолының ісмерлігі бар шебер, қазақы ою-өрнектің кенен білгірі, мінезі жұмсақ әйел болыпты. Жер аударылған Сейдәзімнің соңынан ілесіп Воронежде бірге тұрған. Өзінен бала жоқ, күйеуі атылып кеткен соң жағалбайлының қызы еді, Ақтөбе жаққа барып  туыстарын паналады деген сыбыс бар.
Гүлнәр апам менен балаша қуанып алған гүлді іле сулы вазаға қойып, төгілте жайып жіберген еді, енді сол сұлулыққа жаны елтігендей болып, мынадай бір көңілді  сөз сабақтады.
– Сейдәзім ағаны мен папа, ал, Жаңыл жеңгемді мама дейтінмін. Ол кісі біз қайда жүрсек, сонда жүрді ғой. Торғайды былай қойғанда, Орынбор мен Қызылордада үй-ішіміз араласып тұрды. Екінші астанада көршілес болдық, – деп апам әңгімесінің күлкілі тұсын бастамай жатып-ақ өзі күлімдей бастады. – Ағам салынып жұмыс істеп отырғанда әріптесі тосынан осы сенің қыз балаңның аты кім еді деп сұрайды. «Некогда!» – дейді ағам. Анау кісі өтініп қоймайды. Сонда ағам «баламның есімін өзім де ұмытып отырмын», – деп жұмысына беріле түседі.Күлкілі ме? Әлде, ісін бар жан-тәнімен істейтін адамның таза кейпі ме? Ол жағын түсінуге болады ғой.─ Гүлнәр апамның енді қабағы сәл түйілгендей болды. – Қайсар-ау, біліп қой, Жаңыл жеңешемнің өз сіңлісі Жаңғақтан асырап алған қызының есімі Гуля болатын. Қазіргі тағдырынан хабарсызбын. Көп ойлаймын, өздерін, қайтейін! Жаңыл жеңешемізді Тәпіл дейтінбіз.
Қайран Жаңыл-Тәпіл… Гүлнәр апамның шешесі Ғайнижамалмен екеуі түрегеп түскен суретке тәтті мұңмен сүзіліп отыр­мын. Көркем пішінді қос келіншек жарасып қалыпты. Қосылып ән шырқағанда маңайын тамсандырады екен. Қос арыстың құйындатып өткен ғұмырына куә қажымас қай­рат иелерінің бітім-болмысынан өзге­ше  қарапайымдылық пен әсемдік сезі­летіндей… Сол  жайсаң Жаңылды Ахмет Бірімжановтың бәйбішесі Гүлжауһар Сей­далина Мәскеуден келе жатып Ақтөбе стансасында жолықтырыпты. Әрең таныпты. Әбден жүдеген. Ажары тайып, алақандай көзінің  нұры тайған. Киімі өте жұпыны. Құшақтасып, сәл ғана мауық басысады. «Жеңгей-ау, баяғыда өз пешімді жақпайтын басым, енді қазынаға жалданып пеш жағатын болдым»,– деп мұңын шағыпты Жаңыл байғұс… Содан әрі хабар үзілген… 
Сол жолы Гүлнәр апамнан Сейдәзім ағасы туралы көп жайттың сырын ұғып білдім. Міржақыпқа жазған Байтұрсынұлы мен Мурзиннің, Бөкейханов пен Тілеулиннің т.б.хаттарында Сейдәзімнің жай-күйі үнемі сұрастырылып жатады екен. Кейбір хаттарға қайтадан көз жүгіртіп өттім. «…Басқалары : Сейдәзім, Мұқамеджан Т., екі Дос, Ақбай ақсақ інісімен, Әшім, ұзын Мұхтар – бұлар Воронеж қаласында; аудандарында – Қошке, Жұмағали, Мұстафа Б., Әбдірахман, Нәшір, Күдері баласы – бәрі де қызметте – қатын-балаларымен тұрған көрінеді. Мен де қатын-балаларым мұнде келуге, мен де онда баруға рұқсат ет деп Мәскеуге арыз беріп едім хабар жоқ. Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз…» – деп жұмбақтап жазыпты әр сөзінің аяғын амалсыз жұтқан Байтұрсынұлы (26.02.1933).
Алмастың сансыз қыры қараған сайын көз арбайтыны секілді дара туған асқан білімді Сейдәзімнің кітап аударып бастырудағы еңбегі өзінше бөлек әңгіме. Тәржімалаған бірнеше еңбектері жатық шығып, сот саласының қажетіне кірігіп кеткен екен. Түсінікке жеңіл болғандықтан да қолданысқа ыңғайлы. Пайдалануға заңгерлердің  бәрі асық. Дегенмен, қолына қалам ұстағандардың бәрі аудармаға Сейдәзімдей  жорға бола бере ме? Өйте алмайды екен… Сөзіміздің дәлелі болсын енді М. Дулатовтың «Мадияр» бүркеншік есімімен 1924 жылы «Ақ жол» газетінің 436- санында жарияланған мақаласынан үзінді келтірейік. «Екінші – бұл кітап әуелден-ақ басылатын жөні жоқ еді. Өйткені, «Қылмыс заңы» Орынборда қазақшаға аударылып болып, басуға күздігүні берілгендігі «Ақ жолдың» 3 ноябрьде шыққан 265-санында жарияланған еді. Түркістан заң комиссариаты бұл кітаптың басылып шыққан соң 5000 данасын сұрағандығы да сонда айтылған еді. «Қылмыс Заңын» қазақшаға аударушы Қадірбайұлы Сейдәзім екендігі де сонда көрсетілген еді. Сейдәзім законның мәнісіне, рухына жақсы түсініп аудара алатындығын Түркістандағы азаматтардың бірсыпырасы білетін еді. «Қылмыс Заңы» Орынборда өткен 1923 жылда басылып та шығып еді. Енді, соның бәрінің артынан 1924 жылы мынадай «Жауыздық низамнамасы» шығып отыр. Сейдәзімнің кітабы мен мұның тәржімасын салыстырып, бұдан Сейдәзімдікі нашар болғанда ғана мұны басу керек еді. Қанша пұл, қанша қағаз, қанша еңбек босқа кетіп отыр. 
«Енді бұл кітапты не қылу керек?» деген сауал болар. – Бізден сұралатын болса, бұл «Жауыздық низамнамасы» қолдануға анық жарамайды. Бұл кітап сот-тергеу мекемелерін адастырады. Бұл кітап қазақтың тілін бұзады. Сондықтан, бұл кітапты доғару керек. Әсіресе, закон болғандықтан доғару керек».
 Міржақып аталған газеттің 463-санында жарияланған осы мақаласының жалғасында былайша түйін түйеді: «2) 9-статьядағы «взрывчатые вещества» дегенді «жарылатын нәрсе» деп қате аударған болса, енді ол туралы айтып отырғандары, бұған тура келетін қазақ сөзі жоқ дейді. Сөз ұзартпау үшін бұл статьяның қандайлық дұрыс аударылғанын Сейдәзім жазған «Қылмыс Заңынан» оқушылар көрсе екен деймін». 
Әділдік сөзі осылайша батыл айтылыпты… Біздің білетініміз – кейінгі пікір білдірушілер де шындық шырағының сөнбей жалындауына себін тигізгендей…
Небары 53 жыл жасын ғұмыр сүріп, елден ерек  ұлтжанды көзқарасы үшін атылып кеткен қазақ арысы Сейдәзім Құлмағамбетұлы Қадырбаевтың жарқын бейнесі тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында өшпестей жазылып қалуға әбден лайық. Тағдыр оның Сейдахмет, Асқарбек, Мейрамбек сынды бір кіндіктен тараған  інілерін де еркелеткен жоқ. «Алашорданың бұралқылары» атанған олардың екеуі түрме жазасын өтесе де сағы сынбай, ағаларын ақтауға шырақ алып түсіп, әділдік салтанатына тұшынып демін үзген… Бұлардан тараған ұрпақтардың арасында аталарына тартып сот жүйесінде істегендері де бар, басқа кәсіпте де жұлдызы жанғандары бар, өсе толысып, толыға шалқарланған келісті  әулет атанып қалыптасты.
… Сейдәзімнен қалған көп белгінің бірер өрімінен сыр суыртпақтадық осылай. Бұрын айтылмаған, жазылмаған сыр-десте. Алғашқы түрен түрілді. Түгесіліп бітер түрі жоқ. Тарих қалтарысында қалған  Ердің тағдыр, талайы енді бүгінгілердің  ар-ұятына сын дегіміз келеді! Ұлт қамын жеген тұлғаны ұлты жадында мықтап ескеріп жатса, қанеки!..     

 

 

Алдыңғы «
Келесі »