ҚОҢЫР – ҚҰПИЯ ӨМІРДІҢ ҮНІ (Суретші Ғалымжан Қаржасовтың бір суреті туралы ой)

  • 21.05.2012
  • 591 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Суретші Ғалымжан Қаржасов өзінің «Қо­ңыр» туындысын 2004 жылы (кенеп/майлы бояу, көлемдері 90х120см), өзіндік көз қарасы және шеберлік тәсілдері толық қалыптасатын кезенде салды. Туындының сюжеті қарапайым екі қарт адамның отырысын бейнелейді. Композициялық құрылымы бойынша суреттің көрерменге айтары көп, бірақ тілдесу үнсіз, оны тек ішкі түйсік арқылы ұғыну керек. Ал туындының атауы сырт көзге «Қоңыр». Неліктен суретші осы жұмысын қоңыр деп атады? Қазақтың қоңыр деген ұғымы басқа тілдерге аударылмайды. Суретші қоңыр деген ұғымды осы жұмыспен толықтай ашқан. Өйткені қазақтың қоңыр деген сөзі үлкен философиялық ұғым екенін мәлім. Қоңыр сөзінің мағынасы көптеген өмірдің құбылыстарын қамтиды, яғни, қара­пайым тіршіліктен, философиялық және психологиялық тебіреністерге дейін жетеді.
Қаржасовтың «Қоңыр» туындысында жан-жақтың барлығы тыныштыққа бөлінген, оны көрген көрермен де сондай күйге бөленеді. Туындыны көріп отырып біз гармонияны сезінеміз, ол гармония көркем тілдің элементтерінің сәй­кестігінен туған. Сюжет, композиция, колорит, ырғақтық элементтердің өзара байланысы медитативты, қоңыр құбылысты тудырады. Туындыда ұлттық қысқы киім, бастарында бөрік, тымақ киген екі қарт адамды бейнелеген. Барлық заттардың пішіндері нақты, ал кескіндеме пластикасының шешімі мүсінге жақын болып келеді. Ондай «сюжетті» әр қазақтың үйіндегі қабырғасында ілініп тұрған аталар мен апалар портреттерінен байқаймыз. Екі қарттың отырыстары қимылсыз, жай, тыныштықта отыр. Аталардың бейнелері бір-бірін қайталайды, тек отырған отырыстарында айырмашылық бар. Бірақ жоғарыда айтып өткен портреттер мен «Қоңырдың» ұқсастығы тек сырттай ғана. Екі қарттардың қимылсыз отырысы фотодағы кейіпкерлердің қимылсыздығынан айрықша. «Қоңырдың» қарттары өзіне тереңнен үніліп, өзіне-өзі жол тапқанын көреміз. Сол жақтағы қарт жастау көрінеді, оның беш­пенті ашық, сақалы сәл ұзындау, басында бөрік, қолдары бір-біріне жақын қойылған. Ал, оң жағындағы қарт адам сол жақтағы отырған атамыздан жасы үлкенірек болуы тиіс, себебі оның бейнесі жинақы, сабырлы, әрі оның қолында жердің түсініксіз тесігіне бағытталған таяқшасы бар. Ал, орындықтың сол жақ аяғы таяққа дублер болып тұр, сол орындықтың аяғынан түскен көлеңке жастау келген атаның аяғына келіп сұғылғандай. Қайран өмірдің қызығы таусылып бара жатқанның белгісі, бірақ әлде де болса оның күші мен қайраты бар. Ұзын қонышты пима киген аяқтар жерді батыл басып тұр. Екі қарттың үнсіздігі мен тыныштығы дом­быраның қос шегіндей, кез келген уақытта күйді төгіп жіберетіндей. Бүкіл жан дүниелерін рухани азықпен, данышпандылық, көрегенділік, нұрландырып толтырып тұрған қарт аталарымызды қазіргі заманымыздың салқын тұрмысы қоршап тұрғандай. Беттеріне түскен көлеңкеден қарттардың көздері анық көрінбейді. Бірақ біреуі көзін қадап мұқият қарап отырғанын, ал екіншісі сабырлы, қоңыр көз қараста екенін сеземіз. Жастау келген қария қастарын түйіп, алға қарай ұмтылған. Жастау келген қарт «бақылаушы» болса, қарттау келген қария «сақтаушы», Одинның қасиетті екі қарғалары тәрізді. Мұндай қосарлы құбылыс қазақ мәдиниетіне тән. Оның түпкі тамыры түріктік мифологияда жатыр. Мысалы: түркімен және қазақ аңызындағы: Майқы би мен Сәбиан [4, с. 223]; Ақпан мен Алтын [4, с.354]; Еділ мен Жайық [4, с.119] өзендердің тауында; күй мен әндердің, зергерлік бұйымдардың атауында; орта жүздің таңбасында және Қорқыт атамыздың атында да кездеседі (Қор – қасырет, өлім, бақытсыздық, тағдыр ұғымда болса, Құт – тіршілік, бақыт, ақ бата [5,с.111]). Суретті қазақ мифологиясы тұрғысынан қарастыруды жалғастырсақ, екі қарттарымыз қос тостағандай, барлығын көре алатын күннің көзіндей немесе екі тауға ұқсайды.
Туындының күрделі композициясы үшке бөлінгенін байқаймыз. Заттардың симантикасында: 1) Жоғарғы жақ – Ұлытау тәрізді бас киімдері; 2) Ортанғы бөлік – қарттарымыздың белдіктері және сол белдіктерге жақын орналасқан қолдары бейнеленген; 3)Төменгі бөлікте қарттарымыздың пима киген аяқтары, калөштері, таяғы. Түстердің симантикасында: 1) Жоғарғы – жарық «Көк» қабырға; 2) ортасы – отырған орындықтың жарық түскен және көлеңкелік «Ала шұбар»; 3) жер асты – қара көленке және белгісіз тесік те оны айғақтайды. Суреттің сол жақ бұрышында жарықтың қыры мен қабырғаның көлеңкесі Көк (ерекше көрінетін көк түсті дақ) пен Жерді (қоңыр қошқыл көлеңке) арасын қосып тұрған бақан тәрізді болып тұр. Бұл дүниенің үш әлем­нен жоғарғы, ортанғы, жер асты әлемдерінен тұратындығын көрсетеді. Сырттай бейнелер ұқсас, әрі тыныш болып көрінгенмен іштей олар тек өздеріне тән тіршіліктің нәрі тәрізді. Қариялардың келбеттері бір біріне ұқсап тұрса да, арасындағы диссонансы бар екені көзіндей көрініп тұр. Жастау келген қарияның бейнесі толыққанды қызыл-қошқыл мен жасыл түс­терінің кон­трасында бей­­­неленген, екі құбыр сияқты аяқтары көзге қатты бай­қалады, аппақ са­қалы кара көй­­лектің кө­лең­кесінде көк­шіл көрінеді, жалпы оның бейнесі жасы үлкен шалға қарағанда нақты. Ал жасы үлкен ақсақалдың түстері де қарапайым қоңыр болып, бейнесі де жұмсақ болып тұр. Жастау келетін қарттың көлеңкесі суреттің тура ортасына түсіп композицияның кіндік-ортасы болып, көрерменнің назарын өзіне аударып тұр. Бұл жасырын үшінші адамның бейнесін байқатады. Ал, жасы үлкен қарттан түскен көлеңкесі адам бейнесінің силуэтін жоғалтып ерекше белгіге айналып, көкке бағыттап тұр және сол жаққа суреттің негізгі диоганальдары бағытталған. Бұл жағдай суреттегі статиканы бұзуға тырысады.
Суреттің кеңістігі абстрактлы, мұнда жабық, ауасы жоқ бетонды ғимараттың ішкі көрінісі байқалады. Заттар ештеңені білдірмейді, «жер» бетіне қиғаш құлаған көлеңкелердің сызықтары кеңістіктің перспективасын және қозғалысты білдіреді. Сурет кеңістігі тек тігінен үшке бөлінген емес, сонымен қатар көлденеңінен де үшке бөлінген. 1) суреттің оң жақтағы кіреберісі; 2) қариялардың отырған орны; 3) артқы кеңістік. Қоңыр деген ұғымды түсініп, білгеннен кейін, біз суреттің жарық және ашық түстермен боял­мағанына таң қалмаймыз. Суретші бір-біріне жақын көкшіл және кызғылт түстерді, туыс әрі қарама қарсы келетін, қоңыр және жасыл түстерді алма-кезек пайдаланған. Суретші туындысындағы барлық заттарға, бейнелерге бірдей түстерді қолданған.
«Қоңыр» туындысы өзінің атауына сәйкес түр-түске толы болып келгендігі заңды. Сондықтан, туындының түссіз көшірмесінде де тоналдық байлылығы сақталады. Туындының барлық түстерінің әсерінен оң жақтағы қартымыздың шалбары және кенептің сол жағындағы қабырға да бірдей қоңыр түсті болып көрінеді. Жылы түстермен шынайы салынған екі қарттың бейнелері салқын, абстрактлы кеңістікпен диссонанста болып тұр. Қоңыр салқын кеңістігінде тымақтың көк түсі ерекше жылы, көзге тартымды болып – тіршіліктің белгісіне айналған, ал қоңыр түсті тон құнарлы жердің белгісіне айналып тұр. Туындының тоналды түр-түстері де үш бөлікті болып келеді. Кенептің бүйір мен төменгі жақтары күңгірт, ал жоғарғы жағы ашық болып келеді. «Қоңыр» туындының композициясы қазақ ою-өрнегінің заңдылықтарына сай. Алдынғы план мен артқы кеңістіктің тепе-тең болғандығы көрерменнің көзін ұзақ уақыт тартады, медитация-қоңыр күйіне енгізеді. Бұл ерекшелік қазақи оюға тән, себебі ою мен фонның симметриясы толықтай сақталады. Туындысында суретші «бұл» және «о» дүниенің түйісуын көрсетті. Сондықтан да, біз туындыға қарап отырып «осы» дүниені көзбен көріп,«о» дүниені сезінеміз. Суретші сюжетке назар аудармаған, барлық заттарды нақты салды, ал кенептің фактурасын матаға ұқсатып жіберді. Бұл туынды кеңірдек матадан (плюш) тігілген құрақ көрпе сияқты. Қоңыр деген ұғымы нақты болмаса да, суретшінің туындыға тауып қойған атауы тура келгендігіне көзіміз жетеді. Қоңыр бұл құпия өмірдің үні, оны суретші әр түрлі бояулар мен шығармашылық тілмен көрсетті. Суретші туындысын салып отырған кезде өзі де қоңыр күйге түскеніне сенеміз. Бұл туынды қазақтың ойлау қабілеті музыкалық екендігінің дәлелі. Ғалымжан Қаржасов дәстүрлі мәдениетте тәрбиеленіп, ұлттық құндылықтарды сіңіріп өскен. Сондықтан да бұл суретті толықтай түсіну үшін қазақ философиясын білу қажет. Қоңыр мағынасы ән мен күйшілік дәстүрінде толықтай ашылған. Халқымызда қоңыр әуен, қоңыр ән, қоңыр күй деген ұғымдар қалыптасқан. Қоңыр күйге түсе білген халқымыздың Ақан, Естай, Жаяу Мұса, Мұхит сияқты сал серілері «Қоңыр», «Майда қоңыр», «Наз қоңыр», «Жайма қоңыр», «Жай қоңыр» деген әндерді дүниеге әкелді. Ал күйшілік өнерде Сүгір «Жолаушының қоңыр күйі», Хасенов Әбікен «Қоңыр», Қазанғап «Майда қоңыр», Әлекей «Қоңыр ала» күйлерін тудырды. Қоңыр категорияға жататын туындыларды, музыка танушыларға, бөлек қоңыр жанр ретінде қарастыруға қажет. Осы күйлерімізден, әндерімізден төгілетін қоңыр күй Ғалымжан Қаржасовтың туындысынан да естіліп тұр. Қоңыр деген ұғымды түсіне алған суретші ұстатпайтын дүние сырын, төгіліп бара жатқан сұлулықты бейнелей алды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Малбақов М., Оңғарбаева Н., Үдербаев А. Қазақ әдебиетінің сөздігі. Т. 10.Алматы: издательство «Арыс», 2009. – 752 с.
2. Жұмагелді Нәжімеденов. Журнал «Мәдениет» №8 (59) тамыз, 2011ж.
3. Аманов Б., Мухамбетова А. Казахская традиционная музыка и ХХ век. Алматы: Дайк-Пресс, 2002. – 544 с.
4. Қондыбай Серікбол. Казахская мифология. Краткий словарь. Эстетика ландшафтов Мангистау. Перспективы для развития туризма (монография). Алматы: издательство «Арыс», 2008. – 472 с.
5. Аязбекова С.Ш. Картина мира этно­са:Қорқут-ата и философия музыки казахов. Алматы: Компьютерно-издательский центр Института философии и политологии МОиН РК, 1999. – 285 с.

Artіcle іs devoted to creatіvіty of Kazakh paіnter Galym Karzhasov. Іt іs attemptіon of analyzіng the Kazakh paіntіng іn a context of the Kazakh phіlosophy, and also revealіng and the analysіs of the Kazakh cultural phіlosophіcal category «Konіr».

Анар ӘубӘкІрова.

Алдыңғы «
Келесі »