Рухани кемелділік

  • 20.08.2015
  • 861 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ДарибаеваЖадыра Дәрібаева,  

«Алаш» әдеби  сыйлығының 
иегері

Әрбір жаны жайсаң, рухы биік адам Жаратушының ақиқаты мен жомарт­тығының бір көрінісінің элементі  іспет­тес.
Кешаб Чандер Сен – үнді діни 
қай­раткері,  философ.

Көрнекті жазушы Мемлекеттік сый­лықтың иегері Оразбек Сәрсенбайдың халқымыздың әдебиеті мен руханиятына сіңірген еңбегі молынан.  Көркем проза жанрында 30-ға жуық кітабы жарық көрген.Оразбек Сәрсенбайдың  «Шамшырақ» (1990), «Шеңбер» (1998), «Өмірнама»  (2005) романдарында өмір шындығы мен көркемдік шындықты тұтас қараудың, философиялық, психологиялық терең иірімдерінің, ұлт өмірінің, ел тұрмысының айшықты, айқын суреттері оқырман көңілінен шығып, кезінде өз оң бағасын алған.  Қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан, белгілі жазушы Оразбек Сәрсенбай ағамыздың  өзіндік  дүниетанымын менің тереңірек ұғуыма арқау болған 2012 жылы жарық көрген оның «Адамның құны қанша?» атты рисалар кітабы болды. Бұл рисалардың біразын мен «Жас Алаш» газетінің бетінен де сүйсініп оқыған болатынмын. Ал, кітапты толығымен оқып шыққандағы алған ерекше әсеріммен осы мақалам арқылы оқырманмен  бөліскім келді.  

   
Фәлсафалық, мағыналы оймен пайымдалып, көркем сөзбен зерделенген бұл рисаларында Оразбек Сәрсенбай данышпан Абайдың  «Ғақлия сөздерін» әрі қарай жалғастыра отырып, жаратылыстанудың  көптеген ғылыми зерттеулерінің, физика заңдылықтарының, адамзаттық  рухани,  діни қазыналарының үлгілерін арқау етіп, өз дүниетанымын айшықтаған екен. Осы шағын әңгімелердегі көркем ой иірімдері мен салиқалы көзқарас   Шығыс ойшылдарының біртұтас қа­рай­тын өлшемдері: Сана, Жан, Рух атты тылсым жаратылыстың ға­жайып­тары мен үндестіктерінің сыр­шыл әлеміне деген оқырманның құш­тарлығын арттыра түседі. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Құдіреттің құпиясын ешбір жұмыр басты жан иесі аша алмайтыны белгілі. Ұлы Абай айтқандай: «Алла тағала өлшеусіз, біздің санамыз өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге бола ма?» Адам баласының маңдайына Жаратушының міндеттерін орындап, ақ жолынан ауытқымай жүру ғана жазылған екен. Бірақ, Алла тағала ерекше ықыласы түскен, сүйген құлдарына жаратылыстың құпияларының кейбір сырынан хабардар ететін сияқты. Олар кімдер, қандай қасиеттерімен, іс-әрекетімен  Құдіреттің назарына  ілікті екен?  Адамзаттың  руханият саласындағы ізденістеріне сүйене отырып, жазушы Оразбек Сәрсенбай бұл сауалдарға да өзіндік  көзқараспен орамды пікірлерін  өрбітіпті. «Адамның құны қанша?», «Әл-Фараби формуласы», «Сопылар салты», «Керемет пен сиқыр, немесе Алланың жүзінші есімі», «Баракат иелері», «Табыну мен тағұттың арасында», «Әулиелер  әулеті», «Махаббат пен ғадауат», «Қанағат қағидалары», «Қандастар», т.б атты бұл рисалар санасының сәулесі бар жанды тылсым әлемнің бір бөлшегі – адамның жаратылыс сырын пайымдауға құлшындыра түсері хақ. 
Кітаптың   бас кейіпкері – жазушының әкесі Сәрсенбай, қарапайым дала адамы, біздің қазіргі ақсақалдарымыз сияқты жоғарғы білімі жоқ, бірақ, халықтың да­на­­лығымен сусындап, өзінің әкесі Бай­кен­же сопыдан тәлім алған. Байкенже ескі заманда Бұхарай Шәріптің оқуын тәмамдаған,таза тақуалық мұсылмандық ілімді бойында ұштастырған зор дамулла, пірәдар кісі болған екен. Кейін Кеңес үкіметі қудалап қоймаған соң бала-шағасымен Сырдарияның арғы бетіне өтіп, Қызылқұмға кетеді, сол жақта пайғамбар жасына келгенде көз жұмыпты. Ал, оның ұлы Сәрсенбай да Сталин заманында сотталып, түрмеде жүріп те, қарауыл кезеген мылтықтың астында тұрып-ақ бес мезгіл намазын қаза етпепті.  Түрмеден шыққан соң біржола тақуалық жолды таңдаған әкесінің ислам ғұламаларымен ақындарының әр­қилы рауаят, ғибратты мысалдар мен аңыз-әфсаналарын, фәлсафалық ойларын тыңдап отырып, әкесімен көп әңгіме-сұхбат құрып, өз ой-пікірін дамытқан жазушының бұл кітабының  бас кейіпкері Тақуа әке. Әке мен баласының дүниетаным кеңістігіне, астарлы да қатпар-қатпар сана, жан әлеміне ой салып, ұғынуға деген құштарлықтан туған бұл әңгімелердің салмағы небір фәлсафалық трактаттардан кем түспейді.  «Көке, адамның құны қалай анықталады, – деген баласының сұрағына, тақуа әке:  – Құдай жаратқан пенденің үлкен-кішісі жоқ, ол тек амалына қарай бөлінеді де, адамның құны бұл дүниеде істеген жақсы, жаман амалдарымен өлшенеді ғой, балам!» – дейді. Бұл аксиома-ойдың астарында тұңғиық ғұмырнама жатқаны саналы жанды ойлантары сөзсіз. «Амал – ниет пен әрекеттің бірлігі. Адам не істесе де, әуелі ниет қылады, содан соң әрекетке барады. Ең зор күнә кісі ақысын жеу және біреуге қиянат жасау! Біреуге ақың кетсе кетсін, өзгенің ақысын жеме, ешкімге қиянат жасама!» – деген Сәрсенбай ақсақал сияқты халқымыздың  ұлағатты ата-әкелерінің ықылым заманнан бері айтылып келе жатқан  қатаң ескертпесі бала кезден әрбір түйсікте сақталып қалуға тиіс адамгершіліктің кодексі болуы керек қой, бірақ, өкінішке орай, бұл тағылым барлық баста сақтала бермейді-ау. «Кісі көз жасы жібермейді» деген қазақтың мақалының  астарында, әрбір адам – саналы жан, ал, Жаратушы шексіз сана иесі, адам оның бір бөлшегі, «адамға жасалған қиянат, Алланы ренжіткенмен бірдей»  деген қағида жатқан болуы керек.     
Жазушы Оразбек Сәрсенбай  тағы да кемеңгер Абайға жүгінеді: «Ұлықтар алып берем деп – даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр… Мен сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны да ананы да жеп жүр». (Он бірінші сөз). «Сондағы бәрінің жеп жүргендері – сол  бәз баяғы  кісі ақысы, еңбексіз табылған арам пайда, тегін табыс, Карл Марксше айтсақ, «қосымша құн»,  астары – «төленбеген өтемақы» немесе, жекеменшік қожайынның тарапынан қарауындағы жұмыскер қауымның еңбегі үшін төленбей қалған ақысы. Кісі ақысы ғой. Ауыр күнәға бату деген  міне, осы!» – деп қаламгер ағамыз сөзін, Абайдың мына ойымен қорытады: «Білместіктен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады». Қай заманда болмасын адамның жаратылысы өзгермейтінінің дәлеліндей емес пе Абай атамыздың бұл жанайқайы?!  «Адамның құны қанша?» – атты рисаладағы кемеңгер Абай, Сәрсенбай тақуа, Оразбек жазушының ой үйлесімдеріне қарап, санасының сәулесі, жүрегінің оты бар, жаны нұрлы,  ізгі ой иелерінің  бұл өмірге адамзаттың көкірек көзін ашып, жақсылықтың дәнін себу үшін келетіндігіне тағы да көзің жетеді.  Ал, парасаты биік, жаны жомарт жандардың, көбінесе, қара ниеттілерден азап шегетіні жайлы ғасырлар бойы бүкіл өмірнамаларда  айтылып,  небір тұжырымдар  жасалып та келеді. Мұның ұғылмайтын қандай сыры бар? Сонда аларын алып тынбайтын  алаяқ, арам пейіл несімен күшті, оларды ауыздықтайтын кім?  Ал,  ешкімнің ала жібін аттамай, шүкіршілікпен өмір сүріп жүргендер неге әрекетсіз, қамсыз, сондайлардан опық жей береді? Бұл мәңгі сұраққа  жазушы ағамыз да жауап іздеп, көптеген философ, діни ғұла­малардың, психолог-ғалымдардың, эзо­териктердің еңбектеріне  үңілген екен.  «Атам заманғы ақылмандардан бастап бүгінгі білімпаздарымызға шейін адам табиғатындағы қарама-қайшылықтарды зерттеуге, түсінуге тырысса, небір заңғар жазушылар мен даңғайыр ақындар бәрі­нен асып-түсіп ғалам көлеміндегі ең күр­делі, ең ғажайып жаратындыға жататын осы құбылыстың нелер қыртыстары мен тереңдерін ашып-ақтарып, өшпес, көнер­мес бейнелерін жасады. Бірақ, бәрібір осы уақытқа шейін адам өзін-өзі толық танып үлгірген жоқ. Оның себебі түсінікті де: қанша мадақтағанмен, адам – бәрібір жаратынды, демек, өзге де жаратынды сияқты ғаламның бір бөлшегі, бәлкім, бірден бір жаны бар, тірі санасы да бар тіршілік иесі. Жаратынды болғандықтан, біздің ұлық Жаратушымыз бар екені хақ. Ендеше, біздің толық сыр-сипатымызды білетін  Сол  ғана», – деп келе, қаламгер бағзы заманда өмір сүрген Ислам ғұламасы  әл-Ғазалидің  «Амал өлшемдері» атты кітабындағы «кәміл адам» деген ұғымға тоқталады: – Бұл ғұламаның кәміл адамды тануда оның амал-әрекеттерімен қатар, ақыл-парасат пен білімділігіне ай­рықша назар аударғанын аңғару қиын емес. Сонымен  қатар, әл-Ғазали діл, жүрек, рух тазалығын айрықша бағалап, солардың әрқайсысына жеке-жеке талдаулар жасайды, тазарудың жолдарын көрсетеді. «Адам ұрпағының қандай болуы керек екенін түсіну – оның бұл өмірдегі жүрер жолын анықтау деген сөз», – деген Оразбек ағамыз әрі қарай адам танудағы батыстық-шығыстық ұғымдардың ой тізгінін  жинақтап: «Ең жоғарғы дәреже иелері үш топқа бөлінеді екен, олар мыналар: кәміл адам (әл- Ғазали), пассионарлар (Л. Гумилев), үстем адам (сверхчеловек) Ф. Ницше» – деп енді осы үш топқа жататын адамдардың болмыс-бітіміне, психологиялық, саналық, рухани ерекшеліктеріне, қоғамдағы ала­тын орындарына тоқталып, тарих сах­­насындағы, біздің қазақ жеріндегі  адамзаттың айтулы тұлғаларының  жер бетіне, еліне, әлеуметтің дамуына жа­саған ықпалы, өзгерістері жайлы салыс­тырмалы түрде зерттеп, өзінше жауап іздеген.
Оразбек Сәрсенбайдың физика саласына құмартуына  мектептегі математика мен физика пәнінің мұғалімі, Қалиолла Әбдіқазғанов деген дарынды ұстаз себепкер болыпты. Ол кісі шәкіртін физиканың бір саласы ядролық физикадан да біраз хабардар еткен екен. Кейін Оразбек Сәрсенбай  КазМу-дің филология факультетінде оқып жүріп те жаратылыстану ғылымдары сала­сындағы ізденістерін өзінше жалғастыра берген. Бұл кісінің алғашқы шыққан «Даңқ» атты повесінің бас кейіпкері – физик. Сондықтан болар, қаламгер ағамыз барлық ой-болжамдарын жүйелі тарқатып, салыс­тырмалы түрде, физикалық, биологиялық, психологиялық, тарихи зерттеулерге сүйене отырып түйіндейді.  «Мәселен, желкілдеп өсіп тұрған жасыл желектің мезгілінен бұрын қурап, құрып кетпес үшін, күн көзінен алатын, қажетінен тыс артық қуатын энтропия әдісімен өзі реттеп отыруы – таңқаларлық қызық құбылыс екені анық. Ал, сонда дейміз-ау: қажеттен тыс  «энтропиясы» – көпшілік есебінен, қоғамға қиянат жасау жолымен шектен тыс көбейіп кеткен арам құлқынды адамдардың болашағы қандай болмақ?  Бұл екінші термодинамика заңы: әрбір жүйенің,  (соның ішінде тірі организмдердің) энергетикалық қуатындағы өзгерістер мөлшері белгілі бір дәрежеде сақталмаса, онда оның энтропиясы ең жоғарғы шегіне жетеді де, атом ядросындағы күрделі құбылыстар өзгеріп, мұның аяғы құруға, жойылуға әкеліп соғады. Энтропияның шексіз ұлғайып кетуі – қуат көздерін пайдалануға тікелей тәуелді. Ал, әрбір тірі организм мезгілінен бұрын жоғалып кетпес үшін қуат көздерін өзі реттеп (энтропиясын азайтып), өмірін жалғастырып отырады екен, түптің түбінде, құны бітетіндер құрдымға кетеді, бұл біз ойлап тапқан құбылыс емес, жаратылыс заңы, – деп ойын   қорытады Оразбек ағамыз.      Енді, «Шындықтың шырайы қандай?» атты рисаладағы мына  дәйекке сүйенсек: «Қасиетті  Құранда «жақсылық» («хайр») деген сөз жеке мағынасында 176 мәрте, ал, «жамандық» («шарр») деген сөз жеке мағынасында 31 мәрте қайталанады екен. Ал, Құранның әрбір аятында, оның әрбір харпінде, харіптер тізбегінде, математикалық жүйесінде әсте бір кез­дейсоқтық жоқ – бәрі-бәрі ерекше мағынаға лайық. Сонда, Құдіреттің кітабында неге жақсылық жамандықтан артық көрсетілген деген сұрақ туады. Адам өміріндегі жақсылықтың алатын орнын, мағынасын ерекше үстемелеп көрсету үшін бе? Әлде жамандыққа қарағанда жақсылық шыныменен көп болғаны ма? Мүмкін жақсылық бірден көзге түсе бермейтін шығар, шындық неге  жалғандықтың тасасында қалып қоя береді?» – деген сауалдарға баласы жауап іздеп, тағы да тақуа әкені әңгімеге тартып, пікірталасқа жетелейді: «Өмірде ауызша айтылатын шындық бар, ауызша айтылып қана қоймай, әрекет-амалға ұласатын шындық бар. Мұның екеуі де маңызды,  – деп тақуа әке ойын салмақтай түседі, –  өйткені, мұның екеуі де екінің бірінің қолынан келмейтін құбылыс. «Аузы күйген үрлеп ішеді» емес пе, балам?  Біз әне бір үндемес мекеменің індегіштері билеп -төстеген заманда, дым білмегендей, дыбысымызды шығармауға үйрендік. Кейде сол үндемей қоюдың өзі де әжептеуір әрекетке жататын күндер болған. «Көргем жоқ, білгем жоқ, естігем жоқ, – деп   талайларды қиянаттан құтқарғандар бар. Әр нәрсенің аңысын аңдып, ақырын күтіп жататын да уақыттары болады. Ондай тәсіл, кейде, көңілің сенген нәрсені алдын ала отқа апарып түсіріп, күйдіріп алмас үшін, піспегенді шикілей солдырмас үшін қажет», – деп әдетте өз пікірін ашық айта бермейтін әке, бұл жолы өз ойын бүкпелемейді.
Осы көзқараста Кеңес заманында небір зұлматтарды бастан кешірген, ешкімнің обалына қалмауды, ұрпағына кесірін тигізбеуді ойлаған саналы азаматтарымыздың психологиясы жатыр. Іште қайнап жатқан аласапыран сезім тасқындарын сана қуатына бағындыра білу, көкіректі кернеп тұрған ашу-ызаны сабырмен ауыздықтау, сөйтіп, алды-артын ойлап, салиқалы шешім қабылдау бұл – жан сақтау тәсілі де шығар, бірақ қорқақтық емес, ақылдылық, көрегенділік, обал-сауапты білгендік.
Алла тағаланың: «Мені сүйсең, ең алдымен менің пендемді сүй» деген ескертуін мүлтіксіз орындап, ешкімге де титтей қиянат жасамай, адамзаттың, халықтың, елдің тілеуқоры, жанашыры болып, Жаратушы сілтеген ізгі жолдан таймай, пәктіктің, зор сенімнің, биік саналық өлшемдердің қуатынан нәр алып, Шығыс діни руханиятын жан азығы етіп, тақуалық жолдан айнымай ғұмыр кешкен Сәрсенбай қарияның да ғұмыры – биік Сана  жолы. Әр пендеге өзі көтере алатын жүк артылады.  Адамзатқа Жаратушы әр ғасырда қажетті рухани ұстаздарды, бағыт-бағдар сілтеп тұратын тұлғаларды жіберіп тұратын болуы керек. Осы жерде Оразбек ағамыздың пассионар тұлғалар жайлы және бір рисаласына тоқталайық.  Әйгілі орыс евразияшыл тарихшы-ғалымы Лев Гумилевтың «пассионарлар теориясын» көзі ашық жұртшылықтың бәрі біледі.  Атақты ғалым, академик В.И. Вернадский «Учение о биосфере и ее эволюции в ноосферу» деген еңбегінде: «Биосфера –это живое вещество, чья энергия и составляет содержание земной оболочки. Превращение биосферы в ноосферу – в пространство разума –  по силе воздействия на жизнь человечества равнозначно геологическим процессам, преображающим землю», – дей келе ғалымның осы биосфералық қуаттың жер бетіне, этностарға әсерін зерттегенде байқағаны: бір бастаудан қуат алып тұрған жер бетіндегі этностың жалпылай этногенездің заңына бағынғанымен, әрқайсысы  өзінше бірден бір, қайталанбас құбылыс екенін және бұл әсердің салдарынан небір тарихи маңызды кезеңде, әр елде жаңа пассионар тұлғалардың пайда болатынын зерттеп, көз жеткізген. Мұндай пассионар тұлғалар елдің тарихын жасайтынын,  әрбір дәуірді өзіндік ерекше сипатқа бөлейтінін, олардың адамзатқа үлгі болып қала беретінін Л.Гумилев өзінің  «Этногенез» атты  еңбегінде жалғастырып, дамыта түседі: «Мұндай  «сәуле жарқылына» тап  болғандар өз пайдасы мен жер бетіндегі рахаттан бас тартады, олар үшін қорқыныш пен тыныштық деген мүлдем жат ұғым», – деген бұл ғалымның зерттеуін зерделеп келе,  Оразбек ағамыз «Қазақта пассионар тұлғалар бар ма?»  атты рисаласында Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы мына ойын келтіреді: «Все это могло быть интересно, если бы мы признавали божественную власть, основанную на самой себе и всегда одинаковую, управляющего своими народами через Наполеонов, Людовиков и писателей».  «Кемеңгер Л. Толстой жер бетінде Құдайдың қалауын жүзеге асырушы тұлғалар қатарына жазушыларды текке қосып отырған жоқ шығар. Лев Гумилев те пассионарлар тізімінде ерте дүниедегі атақты шешендерді атап кетеді. Сол шешендерің біздің қазақтың орақ ауыз, от тілді ескі билерін еске түсірмей ме? Демек, саяси-әлеуметтік пассионаризммен қоса қабат рухани пас­сионаризм де өмір сүретіні шындық. Әрбір өзгерістермен құбылыстар әуелде рухани пассионаризмде көрініс табады емес пе? – деп келе ол, араб халифатының құрылуы мен мұсылман әлемінің пайда болу негізі – Мұхаммед (с.ғ.с.) бастаған діни, рухани пассионаризм екенін айтады. Сондай-ақ, қазақ тарихындағы жасампаз тұлғалардың жанынан табылған атақты жырауларымыздың көпшілікке ықпал еткен көсемдері нағыз пассионарлар болғанын, ал, Кеңес дәуірінде саяси пассионаризмге жол берілмегенін жазған екен қаламгер ағамыз.  Бірақ сол рух пен сана қыспаққа түскен кездің өзінде Бауыржан Момышұлы сияқты «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» – деп халқына рух берген, елінің, халқының бақыты жолында өздерінің жанын құрбан еткен, осы жолдан таймай, қаншама өр тұлғаларымыз өтті дүниеден! Оның ішінде «Алаш» зиялыларының алар орны ерекше.  Бұл ойларын Оразбек ағамыз өзі араласып жүріп  таныған жас саясаткер болса да, тәуелсіз еліміздің  айтулы тұлғасына айналған Алтынбек Сәрсенбаевтың да азаматтық ірілігі мен адамгершілік биік­тігі жайлы жүрекжарды тебіреніспен  толықтырған. 
Сопылық ілімнің құпияға толы ғажайыптарынан сыр шертетін «Сопылар салты немесе тақуалықтың тура жолы» атты рисалада Оразбек ағамыз осы ерекше ілімнің қай жақтан бастау алатынын, оның қағидалары мен ішкі сыр-құпиялары, ағымдары мен салалары, тақуалық жайлы ауқымды да терең ой-тұжырымдарын кеңінен қозғаған.     
«1960 жылдары Қызылорда облысы Шиелі ауданында ұзын саны жиырмаға жуықтап қалған тақуалық жолға түскендер бар болатын. Олардың негізгі ұйытқысы, ұстазы болған кісі Әбдіқайым ишан еді. Бұл кісі де Сталин заманында талай қуғын-сүргінді бастан өткізіп, Өзбекстанда бой тасалап, елуінші жылдарда шиелі жеріне келіп, тұрақтап қалған екен. Ол біздің атамыздың көзін көріп, талай мәрте табақтас болған екен. Мен ел ішіндегі қарапайым сопы-тақуалардың өмірімен осылай ертерек таныстым», – дей келе, қаламгер аға тұтастай қарағанда сопылық ілімнің Шығыстағы эзотерикалық дүниетаным ретінде қарастырылатынын, сопы-тақуалар әлемінің руханият саласында ең күрделі, қызық құбылыстардың бірі екенін,  қасиетті Құраннан бастау алған сопылар ілімі келе-келе әртүрлі ағымдарға бөлініп кеткенін, олардың арасынан адамзаттың руханиятын байытқан ойшыл ақындар да ғұламалар да шыққанын айта келе, Омар Хаямның, Хафиздің шынайы сопылық болмысын ашады. Жалпы, сопылық тілдің ерекше күрделілігіне, құпиялылығына тоқталады. «Бұл ілім жолында жүргендер адам бойындағы Алла дарытқан ең үздік қасиет-қабілетті әрі қарай жетілдіруге болады деп есептейді, осы жолда әркім қоршаған ортаны, жанды-жансыз жаратылысты танып, игеру арқылы ерекше күш-қуатқа ие бола алады, мұның бәріне шын   таза ниет пен кіршіксіз сүйіс­пеншілік сезімдері – махаббат жеткізеді деп біледі. Осы қағидалар негізінде сопылардың діни, адамгершілік, космо­логиялық ұғымдары қалыптасқан. Екі дүниелік болмыстың тылсым  сырларын түсіну үшін олар философияның (поэзияны олар философиядан бөліп қарамаған) сан-саласын, адамның ішкі жан дүниесін, психологиясын зерттеп, космология, астрономия, математика, химия, медицина ғылымдарының дамуына өлшеусіз үлес қосқандары бүгіндері белгілі болып отыр. Дінді, дүниетанымды, адамгершілік қағидаларды тұтас бірлікте қарау – сопылар ілімінің түпқазығы болса керек. Мұның ең айқын мысалы, түркілерге ең түсінікті өнегесі – біздің туған топырағымыздың түлегі Қожа Ахмет Йассауи бабамыздың «Хикмет» атты кітабы екені белгілі», – деп қаламгер аға өзінің сопылық ілім жайлы көп зерттеп, білгенін танытады.
Сопылар арасынан әр заманда шыққан әулие-әмбиелер мен қасиетті кісілердің кейбір жағдайларда көрсеткен таңғажайып кереметтері жайлы да жазушының бұл рисаласынан таң қалып оқисыз. Бізге аңыз сияқты болып келген бұл кереметтерді сопылар уақыт пен кеңістікті игеру арқылы емін еркін қозғалу, әуеде ұшып жүру, дария суларын жаяу кешіп өту, аяқ астынан ғайып болып кету т.б. әрекеттерді игергенін, бірақ олар бұл жайында жар салмайтынын, ондай тылсым құпияларды игерген сопыларға қарақан басының пайдасы үшін мүмкіндіктерін пайдалануға қатаң тыйым салынатынын айта келе, автор бұл ілімнің ішкі құрылымын айшықтайды: – Сопылар керемет көрсетуді екі тарапқа бөліп қарайды. Біріншісі – қарама; ол Алланың көмегімен, жаратылыс заңдылықтарына сүйене отырып жасалатындары. Екіншісі – сиқыр; ол жын-шайтанның көмегімен жасалатындары. Нағыз шын әулие сопылар бірінші жолды таңдап алады. Олардың екінші жолмен жүрушілерге (бақсы, балгерлерге) жұлдызы қарсы. Сопылар әдетте кереметтерін құпия ұстайды. Кереметтердің өздігінен тумайтынын, бұл жолда талай тер төгіліп, қыруар еңбек жұмсалатынын, сопылық ілім жолын қуушылардың астрология, алхимия, математика, космология, магия саласындағы ежелгі еңбектерді мұқият пайдаланатынын аңғару қиын еместігін жазған. «Шын сопылар таза тақуа болып қана қоймай, екі дүниедегі ақиқатқа қызмет етеді. Махаббат – сопылық философиясының негізгі ұстыны, қазығы. Алланы сүю, махаббат арқылы құлшылық ету ләзім саналады», – деген қаламгер, сопылық  ілім жайлы толғауында  күрделі жаратылыстың сырынан шертіп, көкірегі мен санасы ояу жандарға ой салады. Ал, енді халқымыздың дүниетанымына жақын «әулиелік» – киелі ұғым жайлы  Оразбек ағамыздың кеңінен зерделеген «Әулиелер әулеті» атты рисаласына тоқталайық. Мұнда әулиелік қасиет негізінен адамның ішкі рухани бітіміне қатысты екенін, діни таным бойынша рух пен жан – екі түрлі құбылыстар болып табылатынын, рух – адам дүниеге келмей тұрып, әлденеше мыңдаған жылдар бұрын жаратылса,  жан – адам жарық дүниеге келген соң барып денеге кіретіні жайлы оқығанын айта келе Оразбек аға: «Еуропалық сәуегейлердің кейбіреуі жалпы адам атаулы алдымен астральдық (эфирлік) әлемде пайда болады, кейін ана құрсағынан шыққан соң сол астральдық өмірде өткенін жер бетінде қайталап шығады екен» деп жазатынын, мұндай болжамның исламдық дүниетаныммен үндестік табатынын алға тартады. «Егер, адамның рухы алдын ала жаратылатын болса, ол әрі ондаған, жүздеген мың жылдар бойы әлемнің тұңғиық бір түкпірінде нұрдай жарқырап жанып тұрары рас болса, онда ұлық жаратылыстың өзі адам бойындағы күш-қуат көзін, қазіргі тілмен айтсақ, космостық энергияны әуел бастан өлшеп-пішіп қойғаны ма? Бұл, әрине, физикалық дене қуат жайлы емес, рух пен жанға  жазмыштан дарыған, оның генетикалық кодына кірген ерекше қасиеттер туралы. Әйтеуір, әр адамның бойында болмысына шақталып берілген «космостық» көзі бар екені анық. Бәлкім, әулие атанған бабаларымыз осы космостық (немесе ноосфералық) қуат-күшін өмір-тірлікте емін-еркін пайдалана білген бе екен деген ой туады. Мұның анық-қанығын біз білмейміз. Біздің қарапайым түсінігімізше, көзге көрінетін болмыстардың барлығы қандай анық болса, көзге көрінбейтін болмыстардың бар екеніне күмән жоқ. Әулиелік қа­сиеттер, сірә, көзге көрінбейтін болмыс­пен қоректеніп, көзге көрінетін тіршілік аясында өмір сүрмек болар», – деп Оразбек ағамыз адам жаратылысы ішіндегі осы әулиелік қасиеттің болмысы туралы ежелден қазіргі күнге дейін зерттелген әр түрлі ғылыми, діни дәйекті тәжірибелерге сүйене отырып, көптеген өмірден алынған мысалдар келтіреді.
Ислам дүниетанымы бойынша адам бойында үш түрлі көз болатынын,  олар:1. Кәдімгі көз, 2. Заһир көз,  3. Батин көз – бұл шын әулиелерге тән қасиет екенін, бұл көз әулиелердің қолтығының астында болатынын. Мұндай керемет иесі өткен-кеткенді, алыс-жақынды түгел көріп отыратындығын, бірақ Ислам дәстүрі бойынша, олар, әдетте, келешекке болжам жасамайтынын, біле тұрса да, осы қағиданы бұлжытпай сақтауы керек екендігін, өйткені, болашақ – әуелден Алланың өз ықтиярында, ал, Алланың еркіне араласу – зор күнәға жататынын айта келе Оразбек ағамыз, – Әулиелер өз кереметтерін көзінің тірісінде ғана жасай алатынын, өлген соң – ол да Құдайдың құлына, әруаққа айналып, артынан оқылатын дұғаға мұқтаж болып Алланың рахымын күтушілер қатарына кіретінін ескертеді. «Біздің қазақтың әулиелік туралы ұғымында қияли қоспалар көп. Көш бастаған көсем де, топ жарған шешен де, ел қорғаған батыр да – бұл дүниеден өтіп, уақыт ұзаған сайын бірте-бірте киелі әруақтарға, әулиелерге айналып кете барады. Ал, шын мәнісінде, әулиелік пен әруақ сыйлау – екі басқа ұғым. Әруақ – жанның жоғалып кетпейтіндігін, өлмейтіндігін білдіретін ұғым. Оның басқадай сипаты жоқ. Әруақ тірілерге көмекке келе алмайды, кедергі де жасай алмайды. Әруақтарды кие тұту, әулиелерге сиынып, жалбарыну – шынында шамандық сенімнің қалдықтары», – деп, Оразбек аға­мыз бұл әңгімесін қорытындылайды.   
«Керемет пен сиқыр немесе Алланың жүзінші есімі» атты рисаласын автор: «Базбір Шығыс ғұламаларының пікірінше, Адам Ата мен Хауа Ана заманынан ақырет күніне дейін адам баласы төрт түрлі дәуірді басынан өткермекші екен. Осы уақытқа шейін соның екеуі артта қалса керек, олар жер апаты мен су апатымен аяқталыпты. Осы екі дәуірде де адамзат қоғамы айрықша өркениет жайып, көктегі және жердегі дүние құпияларын игере бастаған, ғылым-білімнің дамығаны соншалық, адамдар табиғатты аттай ерттеп мініп, қажетіне жаратқан, ойына келгенін істеген.Сол кездің өзінде-ақ  олар айнала жаратылыс­та кездесетін энергия қуаттың барлық түрлеріне (физикалық, биологиялық, психологиялық, космостық т.б.) құрық салып игерген болса керек-ті. Бірақ, жаратылысты еркін тұтына бастаған Адам Ата ұрпақтары бірте-бірте сол жаратылыстың шын иесі кім екенін де естен шығаруға айналады. Жер бетін имансыздық пен зұлымдық жайлайды. Содан мүлдем шектен шыққан тұстарда Құдіреттің қаһарына ұшырап жер бетіндегі саналы тірлік иелері екі мәрте харап болған екен. Бұдан бұлай адамзатты от апаты, жел апаты күтіп тұрса керек. Бірақ, ол сұмдықтардың алыстауы мен жақындауы – бүгінгі пенделердің құлқы-пейіліне тәуелді көрінеді», – деген ой-болжамдары арқылы жазушы адам­затқа ой салады. Әрмен қарай қаламгер  адамның мүмкіндіктерін, пайғамбарлардың көрсеткен ғажайыптары – мұғжизаларынан, өзге де    ерекше жаратылған пенделердің аңыз сияқты көрінетін кереметтерінен не­бір көріністерді мысалға келтіреді. «ХХ ғасырда ашылған А.Эйнштейннің салыс­тырмалы теориясына жүгінсек, космостағы уақыт пен күн жүйесінде қалыптасқан уақыттың арасы ақыл жетпестей алшақ өлшемде жатады. Ендеше, қас-қағым мезгіл ішінде әлемдік кеңістіктің бір бұрышын аралап қайту – астрономиялық өлшем жағынан қарағанда әбден мүмкін оқиға. Бүгінгі дүниетану ғылымы «уақыт, кеңістік, материя» атты үш құрамнан тұратын физикалық-философиялық ғылы­ми категориялар арақатынасын түгел ашпақ  түгіл, әл-әзір маңына маңайлап барып жүр емес пе? Космостық кеңістіктің галактикалар арасындағы бос қуыс емес, тұтылған жібек перде секілді, әрлі-берлі жылжытуға келетін, әлемдік тартылыс заңына бағынатын «материалдық» өлшем екенін енді-енді ғана түсіне бастаған жоқпыз ба?» – дейді жазушы аға  Оразбек Сәр­сенбай.  Мұндай қорытынды ойды айту үшін наным-сенім ғана емес, салыстырмалы жүйелі ғылыми білім керек екенінің дәлелі ретінде автордың  ой ағымынан осы үзінділер келтірілді. Бұл рисалада өткен-кеткен ғана емес, қазіргі заманымыздың өзінде болып жатқан адам таңқаларлық оқиғаларда жеткілікті, соның бірінде  Ауған соғысына қатысқан алматылық Олег  Рубецтің айтуы бойынша, қолына Құран ұстап шыққан ауғандық жауынгер кеңес солдаттарының қарсы алдына, бір шоқының басына шығып алып, тұра береді, оған әскерлер жан-жақтан оқ жаудырады, анау сонда да «мыңқ» етпей, біраздан кейін аман-есен кейін бұрылып кете барады. Тура осыған ұқсас жәйт Грозный қаласында да орыстардың оғы­ның астында тапжылмай тұрған шешен терроршысы жайында Мәскеудің  НТВ арнасында  емханада жатқан бір орыс офицерінің сұхбатында айтылған екен. «Мұны зерттеушілердің айтуы бойынша, – дейді  автор, – бұл екеуі де  қазіргі ғылымның әзірше толық қолы жетпей тұрған голографиялық бейне әдістерін меңгерген деген болжамға саяды. Осы теорияны шындыққа жақын деп есептесек, жаңағы ауған да, шешен де – екеуі де адамның өзі емес, голографиялық сурет көшірмесі болып шығады. Ал, сонда олар голографиялық көшірме суретті қалай жасайды, оны қандай әдіспен қозғалысқа келтіреді, қандай энергия, қуат-көздерін пайдаланады? Мұндай сұрақтың ешқайсысына әзір тиянақты жауап жоқ», – деп түйіндейді ізденіске толы ой-болжамдарын іңкәр жүректі ғұлама- жазушы Оразбек Сәрсенбай. Шығармашылық еңбегімен қатар жұртымыздың  діни-имани сауатын ашуды өзінің парызы деп біле­тін, жастайынан тақуа Әкенің жанында жүріп, имандылықтың мөлдір бастауынан сусын­даған парасатты дарын иесі Оразбек Сәрсенбайдың адам болмысындағы  ғаламдық  тылсым сырлары жайлы ізденіс пен толғаныстарға толы  жүректен шыққан рисаларының оқырманның жүрегіне жетері сөзсіз.  Кейбір имам мен діни қайраткерлер халықтың сана сезіміне бойлата алмай жүр­ген құбылыстар мен жаратылыс  ілімінің қырлары мен бағыт-бағдарын  қалам иесі  өзіне Жаратушы сыйлаған көркем сөз, сәулелі ой мен көкірек көзінің көрегенділігі  арқылы жеткізетінінің айғағындай бұл рисалар – кемелді қаламгер Оразбек Сәрсенбайдың  адамгершілік философиясына қосқан қазынасы  деп білеміз.  

Алдыңғы «
Келесі »