Әкемдей болған Әбекем Ақын Әбу Сәрсенбаевтың туғанына – 110 жыл

  • 20.08.2015
  • 873 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының бас кезінде жоғарғы оқу орнына түспек ниетпен Алматыға келдім. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжаттарымды өткіздім. Арада бір апта өткенде ел қатарлы емтихан тапсырдым, бірақ, жолым болмады, ауылға қайттым.


Екі аралыққа бірер айды өткізіп барып, Райымбек ауданының (бұрынғы Нарынқол) Сарыжаз ауылындағы Республикалық деңгейдегі жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға жұмысқа тұрдым.  Біріне-бірі жалғасқан жадағай күндер өтіп жатты. Қолым қалт еткенде ауылдағы кітапханаға бас сұғып, газеттерді ақтаратынмын, жаңа түскен кітаптарды үйге әкеліп оқитынмын. Сондай күндердің бірінде атақты ақын Әбу Сәрсенбаевтың 1964 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жазылмаған дастан»дейтін кітабы қолыма түсті. Кітаптағы «Шие ағашы», «Ұлым туралы ой»атты поэмаларымен қатар, «Ақшабұлт», «Атырау толқындары», «Қиаш бойындағы толғаныс»деген жеке өлеңдері қатты ұнағанын ұмытқан емеспін.Әлгі кітаптың соңғы бетіне оқырманға арнап, «осы кітап туралы ойыңызды мына мекен-жайға жазып жіберіңіздер» деген ескертпеге орай авторға арнап хат жаздым. Шығармадан алған әсерімді баяндадым. Бірақ, даңқты жазушы маған жауап-хат жазады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ еді. Арада бірер ай өткенде Әбу ақыннан хат алдым. «Сен әдебиетке әуес бала көрінесің, ол үшін көп оқы, жаныңа жақын жақсы ақындардың жазғанын қадағалап қарап жүр. Алматыға жолың түссе келгін. Есігіміз ашық» деп ізгі ниетін таныта отырып үйіндегі телефон нөмірін де хатқа жазыпты. Ақын ағаның үйінің телефон нөмірі қолымда бола тұрса да, атақты адамды көрмей тұрып, сөйлесуге батылым бармады. Араға үш-төрт ай салып барып, Алматыға жолым түсті. Бұл 1965-жылғы ақпан айының алғашқы аптасы еді. Ақын ағаның құтханасында біршама уақыт болып, жазған өлеңдерімді тыңдатып, өзі ұнатқан төрт-бес өлеңімді  қалдырдым да, ауылыма қайттым.
Әбу ақын секілді ардақты адамның жасаған жақсылығын осы арада айтпай, қалай ғана қалтарыста қалдырайын. Әбекеңе қалдырып кеткен үш-төрт өлеңім Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 1965 жылғы 16-шы наурыздағы нөмірінде жарық көрді. Осындай қам­қорлығы мен қайырымдылығы үшін Әбекеңді туған әкемдей жақсы көріп кеттім. Дәл сол 65-жылғы жазда ҚазМУ-дың есігін қайта ашып, емтихан тапсыруға дайындала бастадым. Сондай күндердің бірінде мені Әбекең аталған оқу орнының  қазіргі Бөгенбай батыр (бұрынғы Киров) атындағы көше­нің бойындағы бас  ғимаратына ертіп апарды. Бірінші қабаттағы шағын бөлменің есігін ашқанымызда, көздері баданадай, қою қара шашты, ажарлы келген жігіт ағасы орнынан атып тұрып, Әбекеңе сәлем берді. Жайғасып отырған соң, негізгі бұйымтайына бұрылған Әбу аға жаңағы бейтаныс адамға менің жай-жапсарымды баяндады. Сөз арасында бұл ағаң атақты жазушы ғалым Зейнолла Қабдолов деп атап өтті. Жасырып, жабары жоқ, Зекеңнің қорғап, қолдауымен сол жылы ҚазМУ-ға оқуға түстім.
Оқып жүрген кезімде Зейнолла ағамен жиі кездесіп тұрдым. Ұшыраса қалғанда  «Әй, Әбекеңнің баласы емтиханнан құлап, жығылып-сүрініп жүрген жоқсың ба? Жағдайың қиындаса жасырма», – деп ағалық ақылын айтып, арқамнан қағып қоятын. Зекеңнің өзі де бізге сабақ берді. Майда қоңыр даусымен әдебиеттің арғы-бергі тарихы жайында сөйлей жөнелгенде аудитория толы адам сілтідей тынып қалатын еді. Зекеңнің алғыр ойлы, терең білімді ғалым, қарымды қаламгер екенін сол жылдардан бастап жақсы білдім. Зекең Әбу ағаның ақ дастарханы басында дәм татып, әңгіме-дүкен құрғанын талай мәрте көрдім. Әбу аға жайында Зекең бірнеше дүркін әдемі де, әсерлі мақалалар жазды. 
Бірде қазіргі көзі тірі ғалым, жазушы, ұстаз Тұрсынбек Кәкішовтың емтиханынан сүрінгенім бар. Мұны естіген Зекең ертесіне мені әріптесіне ертіп барды. Екеуі түйдей құрдас болатын, содан да болар, Зекең әріптесіне батыл сөйлеп, «Ей, Тұрсынбек, бұл бала атақты ақын Әбу Сәрсенбаевтың номенкулатурасында тұрады. Іздейтіні ірі адам», – деп әзілдегені бар. Мәселенің мән-жайын түсінген Тұрсынбек аға менен теріс айналған жоқ, көмек қолын созды. 1977 жылы қараша айының алғашқы аптасында Әбу аға ауылдағы маған телефон соқты. Мен ол кезде Райымбек аудандық (бұрынғы Нарынқол) «Советтік шекара»газетінде қыз­метте едім. Амандық-саулықтан соң, – Балам, – деді Әбу аға әдеттегідей жұмсақ үнмен. Сен бірсыпыра жылдан бері жыр жазып жүрсің. Өзің қатарлылардың қайсыбірі таңдамалы кітабын шығарып алды. Дегенмен, әлі де кеш емес, жазғандарыңды жиып, машинкаға бастырып алып кел. Жаңадан құрылған «Жалын» баспасына ұсынып көрелік, – деді.
Арада бір-екі апта өткенде Алматыға келдім. Әбу ағаның қасына ілесіп, «Жалын» баспасының босағасынан аттадым. Бізді аталған баспаның сол кездегі директоры, ақын Қабдікәрім Ыдырысов қабылдады. Әбекең арқылы менің жай-жапсарымды ұққан директор: – Әбеке, бұл жаңадан құрылған баспа. Кітаптардың тақырыптық жоспары бекіп кетті. Сондықтан, бұл жігіттің жинағын келесі жылдың қоржынына қосайық деп қоштаспақ ниетпен қолын ұсына бергенінде Әбекең : – Әй, Қабдікәрім, менің байқауымша қағаз да, қаржы да тапшы емес, маған деген көңілің тапшы болып тұр-ау, деп орнынан тұра бергені сол еді, директор ұшып, түрегеліп, – Әбеке, мына сөзіңіз арқылы мені аттан аударып тастағандай болдыңыз. Сәл отырыңызшы, – деді де, телефонмен бір адамды өзіне шақырды. Сәлден соң бөлмеге ақын Есләм Зікібаев келіп кірді. Ол қолындағы қағазды директордың алдына қойды. Әлден уақытта үстелдің үстіндегі қызыл қарындашты қолына алған Қабдікәрім аға бізге беймәлім біреудің атын сызып тастады да, маған қарап, аты-жөнімді сұрап, қағазға түсірді. Әбу ағаның жанашырлығы мен Қабдікәрім ақынның қайырымдылығының арқасында алғашқы жыр-жинағым «Тұңғыш» деген атпен 1978 жылы жарыққа шықты. Одан кейін де осы баспадан «Шалқия», «Жырға сапар» дейтін екі жинағым жарық көрді.
Әбекең жаны нұрлы, жүрегі жұмсақ, ардай таза адам еді. Оның бойындағы асыл қасиетті, таңғы шықтай тазалықты жазбай таныған тамаша ақын Хамит Ерғалиевтың:
Әбу ақ, шағала желкеннен де, 
Қуанғанда сүйеді ол желкеңнен де.
Ақша бұлтқа қарайды аспандағы,
Жердегі бір пасықтан жеркенгенде, – деп жырлауында терең мағына жатқанын көзі қарақты оқырман сезінер деп ойлаймыз. Ал, ақиық ақын Қадыр Мырзалиев:
Әбеке орның бөлек қой,
Бөлек қой орның әманда.
Құдайдай адам керек қой,
Құдайсыз мынау заманда! – деп өлеңмен өрілген ойын Әбекеңе арнауында ақын ағасының адал, турашыл адам екенін еске салып тұрғандай.
Әбекең қайырымды жан еді. Қолына қалам ұстаған қазақтың ұл-қызына көме­гін аямайтын. Олардың қайсыбірінің жаз­ған­дарына сәт-сапар тілеп, аталық ақ батасын беріп отыратын. Әбу ақынның сонау 1936 жылы шаңырақ көтерген қазіргі «Мектеп» баспасының тұңғыш директоры екенін бүгін біреу білсе, біреу білмейтін. Қан сапырған қасіретті соғысқа бастан-аяқ қатысып, Алматыға аман-сау оралған соң, «Көркем әдебиет» баспасын (осы күнгі «Жазушы») 12 жылдай басқарып, талай талантты қаламгердің жолын ашқанын атап кетсек артық болмайды. Менің жерлес ағам даңқты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың бірде: – Мен әдебиеттегі жолымды ақындықтан бастағанмын. Сонда қайырымды қаламгер Әбу Сәр­сенбаев өзі  басқарып отырған баспадан «Бұлақ»дейтін өлеңдер жинағымды шығарып беріп, еңбегімді жандырғаны жадымда жүр, – деген еді. Әбекең маған туған әкемдей жақсылық жасады. Жоғары білім алуыма, жыр-жинақтарымның жарық көруіне жәрдемдесті. Бір мен ғана емес, өзге де қалам иелеріне қайырымдылық көр­сетті. Әбекеңнің алдындағы қарызымды қаншалықты қайтарғанымды ашып айта алмаймын. 
Әбу ағаның жан жары Ләзиза Серға­зина апай қаламы қарымды журналист болатын. Ол кісі «Жетісу», «қазіргі Егемен Қазақстан» газеттерінде көп жыл еңбек етті. Өмірінің соңғы жылдарында «Қазақстан әйелдері» журналында жауапты хатшы болды. Әбекеңнің жан жары мен отбасындағы сыйластығы, тату-тәттілігі кісі қызығарлықтай еді. Ләзиза апамыз 76 жасында өмірден озды. Көзі тірісінде көптеген дәмді мақалалар жазған жан жарының еңбегін електен өткізген Әбекең «Түнгі жыландар биі»деген атпен Ләзекеңнің бір кітабын «Жазушы» баспасынан жарыққа шығар­ды. Бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығын осыдан ақ аңғаруға болады. Әбекең өз шығармалары жайында хат жазған оқырмандарын жауапсыз қалдырмайтын. Үйіне келген бейтаныс әдебиетке құмар жандарды жатырқамай, әңгіме-дүкен құратын.
Әбу ақын қысқа лирикалық өлеңдермен қатар, «Ақмаралдың жүрегі», «Шие ағашы», «Жазылмаған дастан», «Қасиетті махаббат»секілді шоқтығы биік поэмалар жазды. Әбекең проза саласында да ерен еңбек етті. «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері», «Офицер күнделігі», «Жауынгер монологі», «Батырлардың ізімен», «Ұстаздармен тұстастар» секілді құнарлы шығармалар дүниеге келді. Әбекеңнің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі лайықты бағаланды. Оған Қазақстанның Халық Жазушысы атағы берілді. 1-Дәрежелі отан соғысы, еңбек қызыл ту,Халықтар достығы, «Қызыл жұлдыз», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. 
Әбу ақынның кан майданда жүріп жазған атақты «Ақша бұлт» атты өлеңін үлкенді-кішілі қазақ оқырманы жақсы біледі. Аталған өлең туралы кезінде классик жазушы Ғабит Мүсірепов жоғары баға берген болатын.
Сұрапыл соғысты көзімен көрген ақынның 
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын!
Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын, – дейтін өлеңінен қанды қырғынның адам баласына қаншалықты қайғы-қасірет, ауыр азап әкелгенін аңғаруға болады. Бұл тақілеттес өлеңдер Әбу ақынның шығармасында көп кездеседі. Оны ойлы оқырман есінен шығармайтынына сенімдіміз.
Әбекең 90 жасқа толып барып, өмірден озды. Бүгінде Алматыда, Атырауда бір-бір көше, Құрманғазы ауданындағы бір мектеп ақынның есімімен аталады. Алматыдағы ұзақ жыл тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған. 
Үстіміздегі жылы ақынның туғанына 110 жыл толады. Осыған орай ақынның 7 томдық шығармалары жарық көрмек. Теңіз жағасында дүние есігін ашып, ес біліп, етек жапқанда әкесімен бірге теңізге шығып, балық аулап, көзін еңбекпен ашқан ақын ғұмыр бойы теңізді жырлап өтті. Атыраудың ақжал толқынындай буырқанған бұйра шашын желге желпіп, айналасын адам таңғалардай әсемдік әлеміне айналдырған ардай таза ақынды енді қайтып көре алмайтынымыз жанға батады. Дегенмен, әкемдей болған Әбекеңнің артында том-том шығармалары қалды. Сол шығармалардың қазақ халқымен бірге жасай беретініне сеніміміз берік. Шүкіршілік ететініміз де осы ғана.

Мінуар Әкімханов, 
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Алдыңғы «
Келесі »