Таба мен тоба

  • 20.08.2015
  • 730 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дилдар МамырбаеваДілдәр МАМЫРБАЕВА,
жазушы

Құйын соғып өтпейтін тағдыр, сірә, некен-саяқ шығар. Мына ала-құла өмір әр кезеңде әр кеудеге бір шеменін байлап кетері сөзсіз. Сондай өзек өртеніп тұрған бір шақ еді. Ауылдағы үйіне алыстағы қалада тұратын жігіттің сүйегін әкеле жатыр деген жаманат хабар жетісімен сонда жиналғанбыз. Мұндайда мұң шаққаннан басқа ішкі өртті өшіретін айла жоқ секілді…
– Кеудесіне нан пісіп, адам танымай кетіп еді, өліміне көрінген екен-ау, байғұстың.


Дауыстың ашық шыққаны сондай, жылау мен сықтаудан есі ауып отырған жігіттің туыстары да үрпиісіп-үрпиісіп қалды. Жұрттың бәрінің назары өзіне ауғанын сезген келіншек тағы да сөйлей бастады. Қаза болған жігітке деген, өкпесін айтып қоймады. Сүйреңдеп отырған аузын бұрап жұлып алса сауап-ақ болар еді, дегенмен қаралы топ көлденеңнен отырған кер қатынға суық қабақтан өзге ешнәрсе демеді.
– Мұны табалап айтып отырған жоқпын, тобам ғой, – деді әлгі келіншек тағы да тықақтап.
Денең дүр ете түседі екен мұндайда. Қаралы қайғы үстінде дау қуып, табасы мен  тобасын тықпаштаған жанды тұңғыш рет көруім. Қазіргі кезде бүлінбеген нәрсе жоқ шығар, дегенмен осындай өлім үстіндегі табалау өзегіңді өртеп жібереді екен. 
Жанымды күдік түрткілеп, бір беймаза күйге түстім. Ойланған адамға тоба мен табаның арасы бір-ақ қадам екен ғой. Бүгін өзгенің  басына түскен күн айналмай өзіңнің басыңа кепілдік бере аласың ба?! Жалпы, біреуді табалау үшін жүрегің мұздай болуы керек шығар.
Таба мен тоба. Бұл да өмірдің жа­зыл­маған заңдарының бірі шығар. Әлем сынақ  алаңы, адамзат сыналу үшін жақсылық пен жамандық, қайрымдылық пен зұлымдық, жомарт­тық пен сараңдық секілді мінездердің шарпысуынан, тайталасынан өтетін  болар. Содан келіп таба мен тоба, әділеттілік пен әділетсіздік туындай ма екен, әлде? Естіген құлаққа түрпідей тиіп, есіңді алғанымен өмірде кездесетін нәрседен қашып құтыла алмайтының тағы шындық. Қаһарымен халықты ықтырған хандар да, небір ділмар шешендер мен көсемдер де жолыққан бұл табаға. Шыңғысханның ұрпағы Батуды өз баласы Ұлақшы осындай бір өлім үстінде табалап кетпеп пе еді. Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» трилогиясындағы осы бір көріністі толық келтіріп көрейікші:
 «Көз ұшында шыр айналған дала бүркіті бір мезет кереге қанатын жинап алды да, төмен қарай құлаған тас тәрізді, құлдилай аға түсті. «Бері кел, бері кел!» деп Бараққа қарай жүгірген әке төрт-бес қадам аттады, бірақ, үл­герген жоқ, алып қыран төмен қарай шүйілген бойы зулап кеп, Батудың дәл көз алдында, Барақты іліп алып қаннен қаперсіз қанаттарын қайта жайып, көк аспанға қарай самғай жөнелді. 
Алыстап бара жатқан қара бүркіт пен қызыл шапанды баласынан көзін алмай көкке қарап тістеніп, Бату хан қатты да қалды. Тек қана құлағына Барақтың  шырылдаған дауысы жеткендей болды. 
Адам тіршілігін шыбын құрлы көрмеген, дүниеге келгелі жылауды, біреуді аяуды, қорқуды білмеген, қанды айқас, жан түршігерлік қырғындардан жүрегі әбден мүйіз боп қатып қалған  Бату хан,  өлімнің жан ауыртар керемет ауыр азап екенін жаңа ұқты… Баланы қалтқысыз жақсы көрудің не екенін түсіне бастағанда ажал қара бүркіт болып келіп, ең кенжесін алып кетті».
Жұрт табаламасын, хан атағына дақ түспесін, өсек тарамасын деп бұл оқиғаға куә болған жүзге тарта қа­рауылын өлтіреді. Өз қайғысын өз ішінде қал­дырдым деп ойлайды. Бір­де баласы Ұлақ­шымен әңгімелесіп отырғанда:
– Ұлақшы, – дейді ол, – біртүрлі қо­бал­жып, – Орда Барақ оғланның жоқ болып кеткені туралы не айтып жүр?
– Барақты бүркіт алып кетіпті дейді жұрт,-деді Ұлақшы осы сұрақты күтіп отырғандай бірден жауап қайтарып, әлемнің күші жетпеген Бату ханға бір қара күштің күші жетті, «көп асқанға – бір тосқан» деген осы дейді қауым …
Осы оқиғадан жиырма жыл бұрын Бату хан өзі күшпен ала алмаған бекініс тұрғындарын қулықпен алған. «Егер еріктеріңмен берілсеңдер балаларыңа тиіспейміз» деп елші жіберген. Балалары үшін сорлы аналар бекіністің есігін ашқан. Бірақ, Бату уәдесінде тұрмаған. Ызалы хан әскеріне әйел­дерді қатар тізіп қойғызып, көз алдарында балаларын маңғолдың имек жүзді қылыштарымен шапқылатып өлтірген. Аналардың сон­дағы жан түршігерлік айқайларына бұл бүлк етпеген.
Ханның жамандығы өзіне жамандық болып қайтып тұр. «Жақсылық қыл­саң –  өзіңе, жамандық қылсаң – өзіңе» деген осы болар, бәлкім.
Жеке адам басына түскен әр қиын­дықтың астарында өзгенің табалауы жататын болса, онда белгілі бір ұлт, мемлекет те  мұндай құбылыстан шет қалмайтыны тағы шындық. Онда американдықтарды  үндістердің, Гитлерді сан ұлттардың қаны жібермес. Бұл туралы осыдан 20 шақ­­ты жыл бұрын «Парасат» журналында Әкім Тарази мен марқұм Талаптан Ахметжанның сұхбатында: «Түрік қа­ға­­наты кезінде қытай, грек, парсы, елдеріне біздердің көрсеткен қорлығымыз қалмапты. Ел билеуде ешкімге есесін жібер­мейтін қытайдың өзі құлдықта болған екен. Соның жазасындай болып  қазақ еліне «Ақтабан щұбырынды, алқа көл сұлама», 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті, 1932 жылғы ашаршылық, 1937 жылғы репрессия, 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы жастар шеруін тағдырға жазыпты» – дейді.
Бұл құдайшылық іс пе, әлде адамзат қоғамындағы әділетсіздіктер туын­датқан оқиғалар ма? Семей полигоны, ондағы жарымжан балалар күнәсі кім­нің мойнында? Тағы да алдымыздан қа­зақтың «Құдайсыз қурай сынбайды», «Алланың рұқсатынсыз табанға ті­­кен кірмейді» деге қисыны  шығады.  Өмірдің өз заңы бар. Тіршілік осы заңға бағына отырып дамиды. Даму бар жерде қимыл бар. Адамдар – құдайдың роботы емес, мына тіршіліктегі жағдай­ларға жауап береді. Ендеше, ата-анадан мүгедек болып туған жандар үшін экологияны бұзған адамзат қоғамы жауапты.
1986 жығы оқиғадан кейін жазушы Бейбіт Қойшыбаев: «Моральдық тұрғыдан арылу» деген қозғалыс ұйымдастырайық, түптің түбінде жазықсыз төгілген қанды мойнына алып, халық алдында күнәсін мойындайтын адам табылар деген ұсыныс айтқан. Карма заңы бойынша жазалағысы келген. Дұрыс еді. Қазақстандағы билеу­ші топтардың да бір сәт дағдарыс пен қиыншылықтың жарты кінәсі біз­дің жұ­мыс­ты дұрыс ұйымдастыра алма­ғаны­мызда деп ағынан жарыла мойындаса, алдағы жолымыз жеңілдер ме еді деген мұсылмандық пікір ғой. Табадан тобаға келіп арылуға болады дегендік. Сөз басында әңгіме еткен Бату ханның өзі баласы Ұлақшыға елдің табасы негізсіз, мен басқа діндегі әйелден туған Барақты хан тағына отырғызғым келіп еді, соны құдай құп көрмей, әділеттілік орнатып кетті дейді. Хан болсын, қара болсын табалау деген сөзді жанына жолатқысы келмейді. «Досқа күлкі, дұшпанға таба ете көрме» деген тілектің астарында да осыдан аулақ болсам екен деген ниет жатады. Кімнің басына не келіп, не кетпейді. «Табалау – дұшпанның ісі» дегенімізбен тобамызды еске салып тұратын таба адамзат қоғамның жазылмаған заң­дылықтарының бірі екен­дігін мойындамасқа лаж жоқ.

Алдыңғы «
Келесі »