ҚАЙТСЕК ҚАЗАҚ БОЛЫП ҚАЛАМЫЗ немесе Абай және кешегі қазақ қоғамы

  • 20.08.2015
  • 472 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдижалел БакирӘбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдарының докторы,
ҚазГЗУ профессоры

«Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры. 1995 және 1999 жылдары шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір бірнеше кітап, монография және 200-ге тарта әдеби, ғылыми-публицистикалық мақалалардың иесі. 75 жасқа келген авторды торқалы тойымен құттықтай отырып, мына еңбегін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 


Ұлы ақын, ағартушы және қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың өмірі Ресей империясының 1868 жылы қабылдаған «Уақытша ере­жесінен» туындаған Қазақстанды отарлау саясатының тереңдей түскен кезінде өтті. Қазақтың елі де, жері де өзгенің қолына көшіп, түрлі әкімшілік-басқару реформалар қоғамның ішкі ерекшеліктері мен рухани сұраныстарын ескермей, жоғарыдан зорлықпен таңылды. Сөйтіп, өзі де жалпы демократиялық үрдістер мен мәдени құндылықтар жағынан Батыс өркениетінен әлдеқайда артта қалған Ресей империясының отары болуының зардабынан қазақ халқы рухани дербестігінен айырылуға бет алып еді.
Өз қайшылығы мен қиыншылығы өзіне жететін, оның үстіне  отаршылдықтан елеулі өзгеріске ұшыраған, түрлі жағым­сыз қасиеттерге ие болған замандастарын көрген Абай 1889 жылы жазған «Ішім өлген, сыртым сау» атты өлеңіндегі: «Кісі алдында кірбеңдеп, Шабан, шардақ (дәрменсіз – Ә.Б.) және шау (тосырқап, тоқырап қалу – Ә.Б.) Мұндай  ма едің ана күн, Мұның қалай, батыр-ау?» деуі де, осыдан үш жыл кейін жазған «Тоғызыншы сөзінде»: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі» деп тебіренуі де, өзін «бір жүрген қуыс кеудемін» деуі де негізсіз емес болатын. Осындай себептерден де Абайдың өз кезіндегі қазақ қоғамы туралы ой-тұжырымдары ащы да шындық, әрі аса тағылымды. Ол бұрын-сонды қазақ ойшылдарының ішінде қоғамды қоршаған әлеммен салыстыра отырып, даланың  дана перзенті ретінде таныды. Оның топшылауында дүниеде, оның ішінде қоғамда қозғалмайтын, өзгермейтін еш нәрсе жоқ. Бұған «Жиырмасыншы сөзінде»: «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адам­ның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұр­майды. Әрбір мақұлыққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қай­дан бірқалыпты тұра алады?» дегені дәлел бола алады. Бұл арада Абай қоғам мен табиғатты тұтас алып, олардың дамуында бір қалыптылық жоқ, бұл заңды­лық деген ой жатыр. 
Абай қоғамды тарихи құбылыс ре­тінде тани отырып, адамның тағдыры соған байланысты, әркім өзортасының туындысы,  адам  баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасы кінәлі деді. Сол себепті «Жетінші сөзінде» ол: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» деп дүниені білуге, тануға болатындығын, адам баласының жануарлар дүниесінен айырмасын атап көрсетеді. Мұнымен шектелмей Абай Құдай тағала адам жанын хайуанның жанынан ірі жаратқан деп адам баласының жаратылысының бөлек екенін ескертеді. Сондықтан, ол объективтік дүниенің көрінбей тұрған сырын адамның бес сезімі арқылы қабылдауға болатынын, алайда, ол үшін көкіректе сәуле, көңілде сенім болуын ұсынады. Санасыз, сезімсіз құр көзбен көргендіктің хайуан малдан несі артық, алайда «осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бер­мей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырай­тып кетеміз» деп жазды. «Қырық үшін­ші сөзінде» Абай адам сыртқы дүниені танығанда «Көзбенен көріп, кұ­лақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады» деп алғашқы ойын сабақтай түседі. Ал, хабарлардың «ұнамдысы ұнамды қалпымен, ұнам­сызы ұнамсыз қалыппен әрнешік өз суретімен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен (көз, құлақ, қол, тіл, мұрын – Ә.Б.) өткен соң, оларды жалғастырып, көңілде суреттемек» деп ойшыл қоршаған ортаны танып, білуді – адамның парасатты парызы санаумен бірге оның адамның тәрбиеленуі мен  қалыптасуындағы рөліне ерекше назар аударады. Ол «Он тоғызыншы сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан біл­гені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп, әлеуметтанулық тілмен айтқанда, адамның әлеуметтену үдерісін аңғартады. Абайдың әлеуметтану ғылымынан хабардар екенін өзінің әрі інісі, әрі ең сүйікті шәкірті Шәкәрім Құдайбердиевке ағылшынның атақты әлеуметтанушысы Герберт Спенсердің шығармаларын оқу­ды ұсынуынан байқауға болады.
Қазақ қоғамының қайшылықты көрі­ніс­терін барынша таныған, заман­дас­­тарының артық-кемін де тамаша білген Абай әлеуметтік ортадағы келеңсіз көрі­­­ністерді тіл құдіреті жеткенше әш­керелейді. Адамдардың ішкі жан дүниесін, оның қатпар-қатпар астарын, қысқа ақыл, жай көзге таныта бермейтін жұмбақ сырларын шебер сөзбен өрнектеді. Мысал үшін «Сегіз аяқ» («Алыстан сермеп») атты өлеңін алайық:
Тасыса өсек,
Ысқыртса кесек,
Құмардан әбден шыққаны.
Күпілдек мақтан.
Табытын қаққан,
Андығаны, баққаны.
Ынсап, ұят, терең ой,
Ойлаған жан жоқ, жауып қой, –  деп «жарым адамның»  әлеуметтік келбетін барынша шеберлікпен бере алды.
Өз ұлтын бұрын-соңды Абайша сүйе білген де, қиыншылығына күйіне білген де ешкім болмағанына дау жоқ. Ірінің қуанышы да, реніші де ұсақ болмайды. Сондай-ақ, ұлы адам ұлттық деңгейде де қала алмайды. Олай болса, ол ұлы бола алмас еді. Сондықтан, Абай адамның сергектігін, көкірек көзінің ояу­лығын ойлады. Онсыз өмір сүрудің қиын­дығын, мал табудың ауырлығын түсін­дірді. «Алтыншы сөзінде»: «Кө­кірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың» дейді. Ондай «кеселді жалқау, қылжақбастың», «сырты – пысық, іші – нас» адамның ар­тын ойлап ұялмайтынына қынжылды. Тіпті, осылай «жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық» деп қатал, бірақ әділ кесім жасайды. Жалпы, адамзат қоғамының тағдырын ойлай отырып, Абай өз ортасының әлемдік өркениеттен қалып отырғанының себептерін нақты атап көрсетті. «Отыз сегізінші сөзінде»: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» дей отырып, бұ­лар­дың да ішкі себеп-салдарларын ашып береді. «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны» деп білімсіздік пен залымдықтың адамды әлеуметтік топтан айырып, хайуандар, тіпті, жыртқыштар әлеміне қосатынын айтады. Бұдан ащы айту мүмкін емес. Ғұлама пікірінше, бұлардың бірден-бірі емі қайратты, тұрлаулы, әділет істің алды-артын бай­қарлық білім, ғылым  болмақ. Тарих талай рет дәлелдегендей, дүниедегі болмысты жетілдіруші, қиынды жеңілдетуші, құбылыстың құпиясына үңіліп, сырын ашушы – ғылым. Сонан соң надандық, еріншектік пен залымдықты жеңбек адамның ізгілікке ұмтылысында жатыр дейді. 
«Жиырма төртінші сөзінде» Абай: «Біздің қазақтың достығы, дұш­пандығы, мақтаны, мықтылығы, мал із­деуі, өнер іздеуі, жұрт тануы еш­бір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз»  болмаса «Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?» деп күйіне отырып, «Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?» деп армандайды, терең толғанады. Осымен байланысты Абай өзінің «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде адам баласына «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп бес дұшпаннан алшақ болуды,  «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – ойлап қой» деп оған «бес асыл іске» жақын болуды, жаманнан жиренуді, жақсыдан үйренуді ұсынды.  
Абайдың сан салалы, бірақ, жүйелі ойларында талаптың рөлі ерекше. «Он алтыншы сөзінде» ол қазақтың құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жей қоймайтынын, тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейтінін, тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайтынын, білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын дейтін талапсыздарды аяусыз сынға алады. Ал, «Қырық төртінші сөзінде» ол: «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деп, талап қылушылардың да, талаптың өзінің де түрлі-түрлі болатынын, олардың «қайсысының да соңына түссең, бірінен-бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді» дейді. «Отыз сегізінші сөзінде» «Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әл­гі айтылған үшеуінен  (адамдық, ақыл, ғылым –  Ә.Б.) болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деп талап туралы ойын осылай түйіндейді. Абай бес асыл істің ішінде талапты жайдан-жай бірінші қойып отырған жоқ. Ол – еңбек, терең ой, қанағат, рақым сияқты әлеуметтік әрекет пен адами қасиеттерге ие болудың, адам баласын алға жетелеудің туы, пәрменді әлеуметтік күші. Өмірде адам баласы үшін  қажетті қасиеттер мол-ақ. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі. …Бұл ғаділет, махаббат, сезім кімде көбірек болса, ол кісі ғалым, сол ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» деп Абай «Қырық бесінші сөзінде» осы қасиеттерді тану жолын нақтылай түседі. Ол мұнымен шектелмей «Он жетінші сөзінде» ғылымның жолы тек тазалықта жатқандығын, жаны пәк, ізгілігі мол жан ғана ғылымды игере алатынын, сонымен қатар оның жолының ауыр екенін, оған «Ынсап – ұят, ар-намыс, сабыр, талаптың» қажет екенін өсиет етті. Сол сияқты ғылым-білімді игерудің құдіретті кілтін «Он жетінші сөзінде» қайрат, ақыл және жүрек деп, осы үш бірлік  адамзатты білім шыңына шығаратынын атап көрсетеді. Бұлардың барлығы – ғылым жолын таңдағандар үшін тамаша тағылым.
Адам баласына тән қажетті қасиеттерді атағанда  Абай олардың қазақ қоғамының тұтастығына игі ықпал ететінін, сол қасиеттер негізіндегі қалыптасқан бірлік­тің беріктігіне сенді. Ол: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», – деп, ұлттық бірлікке, ішкі татуластыққа, ынтымақтастыққа үндеді. Оның ойынша, елдің жақсы, жаман болуы оның ынтымақ берекесіне байланысты, ел берекелі болса – жақсы жайлау, ол бір – көл. «Алтыншы сөзінде» халықтың бірлігі туралы құнды-құнды ойларға жетелеп, бірліктің қандай елде болатынын, қайтсе тату болатындықты ашып айта отырып, Абай халық арасында «бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен» дейтіндерді сынады. «Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» дейді. Сондай-ақ, ол ел ішінде кейбіреулердің әуелі біріне-бірі пәле іздеп, «не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын» іздейтіндердің қай жерінен бірлік шығатынын, ағайынның алмай бірлікте болуын, әркім несібесін құдайдан тілеуін, бірліктің ақылға негізделуін, сонда ғана оның берік болатынын атап көрсетеді.
Абай қазақ қоғамы өзінің рухани дамуында түбегейлі өзгерісті қажет етіп отырғанын терең түсінді және сондай өзгеріс жасауға ынта қойды. Сон­дықтан, дамудың табиғи еркін жолына түсе алмаған өз халқының көрші елдерден кенже қалғандығына қынжылады. «Екінші сөзінде»  ол өз елін көрші жатқан аймақтармен, көрші халықтармен салыстыра отырып, олардың артықшылықтары өнерлерінде, кәсібінде,  сауда-саттықпен айналысуында  екенін айтады. «Еңбек етіп, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда» деп өзге ел­дердің өнегесін үлгі ете отырып, «Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері» екенін атап көрсетеді. Ал, «Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз» деп налиды. Өз заманының бар қайшылығын терең түсініп қана қоймай, Абай оның даму жолындағы қозғаушы әлеуметтік-экономикалық амал­дарға да тоқталады. Ол қоғамда болатын өзгерістерді адам еңбегімен байланыс­та қарады.Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретінінің мәнді бір себебін оның жұмысының жоқтығынан көрген, адамды-адам еткен еңбек екенін жақсы білген ойшыл адамның тәрбиесінде, оның қалыптасуында еңбектің маңызына ерек­ше көңіл бөлді. «Төртінші сөзінде» «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп адал еңбекке үндеді, еңбек сүюшілік қасиеттерді кеңінен насихаттады. «Жиырма тоғызыншы сөзінде» қазақтың не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтын, іске татырлығы жоқ мақалдары барын айта отырып,  Абай «Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер, онысы жалға жүргенінде жаныңды қинап, еңбекпен мал тап деген сөз болса,  ол ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» екенін атап көрсетті. Ал, «Отыз жетінші сөзде» «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деп кесе айтып, «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек кылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың» деп еңбек еткен адам айрық­ша бағаланды. Сөйтіп, еңбектің биік мәртебесі, оның адамгершілік қасиеттің көрінісі екенін атап көрсетіледі. 
Абай қоғам өміріндегі игілік пен дәулет біткеннің бәрін жасаған адам еңбегі, ал, барлық жаманшылық, тіпті, халықтың артта қалушылығы еңбексіздіктен деп санады. Оның пайымдауынша, ел еңбекпен көркейеді, елдің шырқын бұзатындар еңбек етпейтін арамтамақтар, еңбексіз жатып ішу адам баласын аздырады. «Сегіз аяқ» деген өлеңінде «Тамағы жоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей» дей отырып, ұлы ойшыл білуді, тіпті, ілгері басу, жоғары өрлеу, жетілу сықылды әлеуметтік қасиеттерді жетілдіруде еңбектің рөлін айрықша бағалады. «Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім ал­ған», – деп Абай еңбек туралы ойын түйін­деп, адал еңбегін сауған қолөнер иесін  қазақтың әулиесі деп жоғары бағалады. Осы жерде бір мәселеге тоқтай кетсек. Кейбір тарихты зерттеушілер Абайдың еңбек етуді, кәсіп, сауда жасауды насихаттағаны үшін оны бүгінгі нарық заманының экономисі еткен. «Қазақстан тарихының» үшінші томының 539 бетінде жазылған  «Еңбекші бұқараның өмірін жақсарту жолдарын Абай ең алдымен қоғамның экономикалық негізін өзгертуде деп білді», «Қоғамның  экономикалық дамуындағы қолөнердің маңызы мен орны туралы Абай былай деді» болмаса «Абай Қазақстан экономикасының гүлденуі үшін сауданы  одан әрі дамыту қажет деп санады» деген субъективтік демдеулерді түсіне алмадық.  Бұлай Абайды кәсіпқой экономист етудің керегі жоқ еді. Онсыз Абай ұлы, халқының мүддесін, қамын ойлаған данышпан.
Ойшыл Абай адам болмысының өте күрделі екенін,  оның еңбекпен бірге білім мен ғылымның арқасында ғана адамгершілік пен имандылық қасиет­терді өз бойларына жұғысты етуге мүм­кіндік алатынын өз замандастарының қайсысынан болса да жақсы білді, терең түсінді. Сондықтан, ол адам білім арқылы өз ақыл-ойын, дарын-қабілетін, таным-түсінігін, рухани өресін үнемі, тоқтаусыз жетілдіре түсуі, оған бойындағы бар күш-жігерін  мақсатты түрде жұмсап отыруы қажет деп санады. Оның «Ғылым таппай мақтанба» деуі де, жасы қырықтарға келгенде «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім» деп өкінуі де әсте жайданжай емес еді. Осылай қазақ қоғамының қараңғылықтан шығар жолын Абай ғы­лымнан да іздеді. Ал, түгелдей дерлік ғылым-танымға бағышталған 1896 жылы жазылған «Отыз сегізінші сөзінде» Абай: «Әуелі, адамның адамдығы ға­қыл, ғылым деген нәрселермен» деп бастап, шынайы ғалым жайлы ойларын ортаға салып, ғылымның мәні мен мағынасын, адамзат өміріндегі маңызын толғаулы пайымдаулар арқылы ашып береді. Осы сөзінде  «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді»,  бүкіл адам баласы ісінің негізі «осы хакімдердің жасаған, таратқан істері» деп атап көрсетеді. Абайдың «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» деген сөзінде де үлкен мән бар. Осы ойларын жалғастыра келе Абай «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан (жақсылық). Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға (діни заң) муафих (үйлесімді) болсын. Адамға хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес» деп жазды. Бұл осыдан төрт жыл бұрын жазылған «Оныншы сөзіндегі» «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж ешбір ғибадат орнына бармайды» деген ойдың  заңды жалғасы болатын. Ал, өнер, ғылымды қайдан үйренуге, білуге болады деген сұраққа  да Абай өзінің «Жиырма бесінші сөзінде»: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек. …Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деп орыстан оқығандардың басқалардан артық, жақсы кісі болып шығып жатқанын, сондықтан «барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес» деп баланы оқытуды, одан малды аямауды насихаттады. 
Абайдың ұлылығы сол – орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста дей отырып, орыстың тілін, оқуын, ғылымын біле отырып, оның «залалынан қашық болуды» үйретеді, ойсыз бас шұлғи беруден сақтандырды. Абайдың осы ойы бүгінгі жаһандану заманында шетелдік ғылым-білімді үйретуде, еуропалық үлгілерді қабылдауда оның қайсысы бізге пайдалы, қайсысы зиян деген мәселелерде табылмас тағылымды-ақ. Абай ғылым-білімді насихаттаумен шектелген жоқ, оның жолының қиын, соқпақты екенін кім-кімнен болса да терең ұғынды. Өзінің «Отыз екінші сөзінде» ғылым қолға түсу үшін оған шын берілу керектігін, оны игерудің жолын жан-жақты әрі санамалап отырып, шегелеп тұрып жеткізген. Абайша, ғылым-білімді үйренуге талап қылушыларға қойылатын біраз шарттар бар, соларды білмек керек, онсыз іздеген табылмайды, оқыған жұқпайды. Ұлы ойшыл әуелі білім-ғылым табылса, оны іске жаратар едім, дүниенің бір нәрсесіне керек болар деп ойлауды, сол үшін ғылым-білімнің өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет деп білсең және әр білмегенді  білген уақытта  көңілде бір рахат нәтиже деп түсінуді ұсынады. Одан әрі Абай: «Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бір-ақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешенің мейірімі секілді болады…. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейір­леніп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды» деп ықылас пен ын­таның ерекше екенін атап көрсетеді. Сонан соң «Екінші – ғылымды үй­рен­генде, ақиқат мақсатпен біл­мек үшін үйренбек керек. Бахасқа (бақ­таластық) бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады» деп ғылым-білімді тек бақталастық мақсатта үй­рен­сең, оның адам баласын жолдан шығаратынын ескертеді. Абай осы­лардың барлығын сақтау үшін адамда ақылды, арды ұстарлық беріктік, қайрат керектігін айтып бар ойын түйіндейді. Бұл – ғалымдыққа ғана емес, «үйретуден жалықпау» қағидасын  ұстанған ұстаздың адамның асыл қасиеттерін тәрбиелеуге ұсынған таптырмас тағылымы. Ал «Он бесінші сөзде»: «Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше белгілі бір парқын көрдім. Әуелі  – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды, сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді» дей отырып, ал, егер,  кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болса, ол өмірінің қызықты, қым­батты шағын ит қорлықпен өткізіп алады деп сақтандырады. Сондықтан да, ол «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір өзіңнен өзің есеп ал!», – деп түйіндейді. Ал, «Отыз жетінші сөзінде»: «Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дү­ние­де ешнәрседе  баян жоқ екені рас, жамандық тақайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жазкелмеуші ме еді!» деп жамандықтың да өзгеретініне, жақсылықтың да ауы­лы­ның алыс емес екеніне сеніммен қарайды. 
Ұлы Абай заманынан бері талай уақыт өтті. Көп нәрсе өзгерді. Бүгінгі ұрпақ тәуел­сіздік дәуірінде өмір сүруде. Алайда, осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын айтылған қоғам дамуының қозғаушы әлеуметтік-экономикалық амалдары – еңбек, бірлік, кәсіп, сауда, өнер-білім туралы ой-тұжырымдары қазіргі Қазақстанның жаңаруының да аса маңызды факторларына айналып отырғаны шындық. Мұнсыз тәу­елсіз мемлекетімізді тұғырлы ете алмай­мыз. Бұл Мәңгілік ел төріне шығарар нұрлы жолымыздың да ажырағысыз асыл атрибуттары.

 

Алдыңғы «
Келесі »