Бұл «құлдық сана» емес «сақтық сана» болуы мүмкін…

  • 20.07.2015
  • 420 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит Бәкірұлы,
публицист, философ

– Жылда Жеңіс  күні  қарсаңында сары-қара түсті  георгий  баулары  сәнге айналады. Сән дегеннен гөрі,  арнайы  науқан десе  де  болғандай. «Георгий лентасы»   шындап келгенде  империяшыл көр­шіміздің идеологиялық  қаруына айналып  бара  жатыр» дейді қоғам  бел­сенділері. Ал, Оралдағы автошеру бұдан да сорақы. Сіздің ойыңызша,  георгий лентасын  жандандыру –  Ресей идеологиясын  санаға сіңірудің  бір көрінісі ме?


– Әрине, ол лента қыздар тағатын бантик емес – ел аузында «колорада қоңызы» деген атпен әйгілі болды. Мен оған емес, Ресейде 2005 жылы ғана пайда болған «георгий лентасын» кеудеге тағушылардың пиғылына назар аударсақ деймін. Неге десеңіз, Қазақстан үкіметі жұртшылық наразылығын байқап, Жеңіс күніне орай ұлттық нақыштағы, туымыз түстес белгібау ұсынды. Бірақ, қазақстандықтардың біраз бөлігі оны мойындамай, «георгий лентасын» тағып жүр. Сөйтіп, олар осы әрекетімен әлі де Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігін  мойындамай отырғанын көрсетті.  Негізінде, олар Қазақстан азаматтары ретінде қолға қару алып, Отан қорғауға құқылы. Алайда,  ертең Украинадағыдай күн туа қалса не болады? Олар қолдағы қаруды кімге кезенбек?  Осы мәселе бізді ойландыруы тиіс. Сөйтіп, 9 май – соғыс құрбандарын еске алу күндері – арамызда қаншама «жансыздар» жүргені анықталды. Оларды  Ресейдің барлау қызметі назардан тыс қалдырмасы анық. Өйткені, Украинадағы жағдай көрсеткендей, олар көршілес елдерді Ресей қыспағында ұстаудың сценарийлерін алдын ала даярлап, қағазға қаттап қоюға машықтанған. Ендеше, ондай қауіптің алдын алушы Қазақстанның «Сырбар» қызметі мына «лента» мәселесіне қалай жауап берер екен? Ол жағы құпия, мүмкін, бір ойлағандары бар шығар… Алайда, әдеттегідей үнсіз қалмаса екен деп үміттенемін…
Енді, «идеология» мәселесіне келейік: Украинадағы оқиғалар басталар алдында Ресей саясатында «орыс әлемі» деген термин пайда бола кетті. Барлық ақпарат құралдары «Ресей орыс әлемін қорғайды» деп жар салды.  Қызды-қыздымен Дума «орыс әлемін» қорғау үшін президент Путинге әскер қолдануға рұқсат деген шешімді қолма-қол шығарып берді. Бірақ, қандай «орыс әлемі» туралы сөз болып отыр? Егер, орыстардың да әлемге тарыдай шашылған,  Америкада,  Австралияда, Азияда, Еуропада өмір сүріп жатқан халықтың бірі екенін ескерсек, онда бұл  − «Путин әскері әлемге қарсы тұрады» деген сөз бе?  Оның үстіне, әккі чекистке кез келген нүктеде «орыс әлемін қорғауды» ұйымдастыра салу соншалықты қиын шаруа ма?.. Ал, бұрынғы посткеңестік республикалардың бірқатарында «орыс факторы» әлі де күшінде.  Ендеше, «орыс әлемін қорғау» саясаты өзінің мазмұны жағынан «агрессиялық» болып табылады және де, ол жақын көршілермен шектелмеуі мүмкін. Сондықтан, әлем Путинге «неоагрессор» ретінде қарай бастады.  Ол аз болғандай, Ресейдің кейбір саясаткерлері «ядролық соғысты» «еске алып» – Путиннің  «орыс әлемі» саясатына тұздық құйып қойды. Бірақ, қазіргі заманда бір-бірін қорқытып-үркіту мен елдер арасындағы ашық конфронтация ешкімге жеңіс әкелмейді. Оның үстіне, өздерінде ядролық қаруы бар елдерді ешқандай «ядролық соғыс» деген қоқан-лоқымен қорқыта алмайсың… 
Енді, лентаның «екінші идеологиясына» тоқталайық:  бүгінде  «орыс әлеміне» жауап ретінде «ағылшын», «үнді», «қытай», «неміс» және т.б «әлемдер» пайда бола кетпесіне кім кепіл бола алады?  Былай қарасаң − ол да мүмкін нәрсе. Ұлттық сезім тек орыстарға ғана тән емес шығар? Сондықтан, «георгий лентасы» баспасөзде біздің кейбір ұлтшылдар айтатындай «жәй шүберек» емес, ол − Қазақстанды бөлшектеудің астыртын құралы. Ал, шегаралас облыстарда, ол − сепаратизмнің қайнар көзі болып табылады. Мәселен, біз діни негіздегі терроризмді заңмен қалай қудаласақ, мұнда да солай болуы керек. Ол «терроризм» мен «бұл терроризмнің» аса көп айырмашылығы жоқ. Яғни, біз «лента идеологиясын» мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан бағалауға тиістіміз. Оған Тәуелсіз мемлекет ретіндегі статусымыз толық мүмкіндік береді.
– Сіз бір мақалаңызда демократиялық және авторитарлық қоғам туралы ой қозғайсыз. Оның сыры неде?
– Жалпы, бұл өзі айта-айта жауыр болған тақырып қой. Иә, мен солай ойлаймын. Авторитаризм қалай пайда  болады? Біріншіден, ұлттық факторды атаймыз. Біздің халықтың иерархиялық санасына сай ең жоғарда «Жаратушы», «Құдай», «Тәңір» идеялары тұр. Одан төменгі сатыда «Әруақ» тұр. Одан кейінгі сатыда – «Ақсақал» тұр. Бұдан байқайтынымыз, қазақ жұрты ежелден өз менталитеті жағынан авторитарлы жүйені қабыл­дауға рухани-мәдени тұрғыдан дайын екендігін көреміз. Бірақ, халықтың бұл ерекше қасиетін «авторитаризмді тудырушы тікелей себеп» деп айтуға негіз жоқ. Өйткені, бұл қасиеттер, ең алдымен, адами қатынас иерархиясын бейнелейді. Әрине, егер, авторитаризмнің бар әлеуеті мемлекетті нығайтуға жұмсалса, онда ол сирек жағдайда оңды құбылысқа айналуы да мүмкін. Тарихта ондай ел билеушісі болған, ол – неміс ұлты мен өміршең мемлекеттілігінің негізін қалаған Бисмарк! Биліктің қандай түрі болмасын «әділеттілік» принципі негізінде құрылмаса − билік мағынасы кері сипатқа: пайдақұмарлық, ман­­сапқорлық, қулық, өтірік, аярлық және т.с.с. толып жатқан жағымсыз құбылыстарға ие болып шығады.  Ең өкініштісі, уақыт өте келе «әр халықтың билігі өзіне сай» деген принципке сүйене келе, ол жағымсыз мінездің бәрі «ұлт мінезі» ретінде қарас­тырыла бастайды… Оның қазіргі аты − «боратизм». Сондықтан, қоғам мен мемлекет арақатынасында шындық, әділдік, заңдылық секілді қасиеттер алға шығуы тиіс. Сонда ғана мемлекеттің күшеюіне, бүкіл халықтың бір мақсатқа жұмылуына оның билігі қызмет ететін болады. Ал, оған барудың жалғыз ғана тетігі – демократия! 
Қазіргі қазақ елінің арманы − күшті мемлекет құра отырып, аса қиындықпен келген тәуелсіздікті мәңгілік ету! Бірақ, оған кедергі көп. Ендеше, осы мақсатқа кедергінің бәрін «ұлт болашағына қарсылық» деп санап − ол халықтан моральдік бағасын алуы қажет. Авторитарлық басқару мынадай келеңсіз құбылыстарды тудырады: 1. Мемлекеттік қыз­меткерлердің жеке кәсіпкерлікпен жаппай айналысуы; 2. Мемлекет ресурстарын өздерінің коммерциялық мақсаттарына пайдалануы. 3. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекет пен халық алдындағы жауап­кершілігінің жойылуы. 4. Бірнеше рет жа­рия­ланған қаржы амнистияға қара­мастан, өздеріне коррупциялық жолмен түскен табысты мемлекетпен бөліс­кенді қаламауы. Яғни, шенеунік өз қалтасының қамын ойлайды. Сон­дықтан, ол әрбір мемлекеттік істі тек өз пайдасына кедергі келтірмесе ғана орын­дайтын болады. Егер, мемлекеттік іс қандай да бір себептермен шендінің қалтасына түсер пайданы шектейтін болса – ол ешқашан орындалмайды. Мінеки, ав­торитарлық билік осыған қарсы тұруға қауқарсыз. Ал, оған оның орындалуын қа­дағалайтын мемлекеттік механизмдердің әлсіздігі, коррупцияның өршіп кетуі мей­лінше көмектеседі. Нәтижесінде, мемле­кет пен қоғамда орын алып отырған келең­сіз құбылыстардың барлығы жалған ақпараттармен бүркемеленіп, мемлекет те іштен ыдырай бастайды…  Сондықтан, ав­то­­ри­тарлық билік туралы айтқанда, оны «өзін-өзі іштей жеп жатқан билік» деу − шындыққа мейлінше жақын! 
– Жаңа технологиялар мен заман ағы­мына орай «қара алтынның» дәуірі өтіп бара жатқаны белгілі. Бұл жағдайда ұтылатын ең әуелі біз сияқты шикізатқа қараған елдер емес пе!
–  Әрине, оның себептері өте көп. Біз соның біздің ойымызша маңызды деп есептелетін бірнеше себептеріне ға­на тоқталып кетейік: Бірінші себебі − мем­лекеттік идеологиядан туындайды. Нақтырақ айтсақ: кеңестік заманда қазақта жұмысшы табы болды дей алмаймыз. Ол кезде  (қазір де) ауылдарда мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар шашыраңқы күйде  болды.  Міне, оның зар­дабын индутриализацияны талап еткен қа­зіргі заманда көріп жатырмыз;  Екінші себеп − біздің ділімізде жұмыс адамына деген құрмет қалыптаспаған. Сөз жүзінде «жұмысшы − құрметті атақ» дейміз, бірақ, іс жүзінде әр қазақ өз баласының бастық болғанын қалайды. Бастық болғанда да «ақылымен ел басқаратын басшы» емес, «коррупционер бастық» болса деп дәмеленеді. Сон­дықтан, қазақтардың өз балаларын қалайда оқытып, «адам қата­рына» қо­суға ұмтылысы ерен. Әрине, оның еш өрескелдігі жоқ, алайда, біз осы ұм­ты­лысымызбен коррупцияға жем болып бара жатқанымызды ұқпаймыз. Мысалы, елімізде не көп заңгер, қаржы маманы, экономист көп. Бірақ, осыншама гуманитарлық мамандықты сидыра алатын экономика бар ма бізде? Ол жоқ. Ақыр соңында, жастар жұмыссыздар қатарын толтырады. Бірақ, осыны көре отырып, біз баланы қымбат оқуға беруді тоқтатпаймыз. Кейін, оны жұмысқа тұрғызу үшін мыңдаған доллар пара беріп – тағы да шығынға батамыз. Оның үстіне, қазақ көбіне көп балалы, сондықтан, бірін оқытсақ, екінші-үшіншілеріне шама жоқ… Ал, тәуелсіздіктен кейін бұрынғы білім беру жүйесі қирап, орнына басқа жүйе қалыптасты. Бірақ, жаңа жүйе іргелі ғы­лымның көсегесін көгертпеді. Керісінше, жалған «ғалымдар» қаулап шықты. Ол аз дегендей −  кеңестік заманнан келе жатқан білім берудегі коррупцияны студенттер мен оқушы деңгейіне жеткіздік. Енді − дипломды сатып алуға студент арланбайтын, ақша үшін өтірік баға қоюға мұғалім арланбайтын жағдайға тап болдық. Міне, қарасаңыз – осындай ортада өндірістің шарықтап кетуі мүмкін бе? Ешқашан! Құдайға шүкір, қазір жастар кәсіпкерлікке ден қоя бастады. Кезінде, «Болашақ» бағдарламасы бойынша байлардың балалары, одан соң ақырындап қабілетті жастар шет елдерге оқуға аттанды. Ал, енді, шет елдің озық технологиясын «қолмен ұстап, көзбен көріп» келетін, оны өз елімізде кәсіпке ұштастыратын жұмысшы жастарды шетелге жіберу болды ма? Болған жоқ, әлі де болмай тұр.. 
Үшінші себеп −  біздің билік, көп жағдайда, «нарықтың өндірісті табиғи түрде реттеу қабілетіне» шексіз сеніп қалды да,  кәсіпкерліктің дамуына ықпал ету жауапкершілігін өз мойындарына жүктеуден бас тартты. Алайда, бизнес пен өндіріске бөлінетін қаржыны бөлу тетіктерін өз қолында ұстап қалуды ұмытқан жоқ… Ал, бұған, ғасырға жуық «жоспарлы экономика» аясында үкіметтің қолына қарайлап «патернализм» дертіне шалдыққан қоғам қарсылық танытпады,  бастаманы өз қолына ала алмады. 
Төртінші себеп – өндірістің дамуы үшін «алғашқы капиталдың» болуы маңызды. Бізде жүріп өткен алғашқы жекешелендіруге қол жеткізгендер «жекешеленген кәсіпорын өз мақсатына сай жұмыс жасауы тиіс» деген «жекешелендіру талабын» орындамады. Оның орнына кәсіпорындарда сақталған жылжымайтын мүлік пен құрал саймандарды метал сынықтары ретінде Қытайға сатып, ғимараттарды жалға берумен ғана айналысты. Яғни, олар тез пайда табу жолын ғана көре білді. Ал, өз мақсаттарын − мемлекеттің стратегиялық дамуымен ұштастырмады. Оған олардың не − өрелері жетпеді, не оларды  «қалтаға түсіп тұрған көк қағаздың» (доллардың) мысы басып кетті. Менің ойымша – осы екеуі де болды. Сөйтіп, кенеттен пайда болған «ұлттық буржуазия» мен «қаржылық олгархия» формасы жағынан «заманауи» (ақшаны бейберекет шашу, шетелдерге қыдыру, ресторандар, ысырап- понт т.т.) болса да, өнеркәсіпті дамыту мен озық технологияны игеру жағынан – феодалдық заманда қалып қойғандарын көрсетті. Сондықтан, ол ортада «жаңа технология» тақырыбынан гөрі, әлі де «жас тоқал» тақырыбы маңыздырақ болуы жалғасып келеді… 
Бесінші себеп − технология үздіксіз дамып жатқан бүгінгі заманда кәсіпкерліктің қайнар көзі ғылым мен білімде. Бірақ, әзірге біз ондай жақсылықты көре алмай, жемісін жей алмай отырмыз. Неге? Себебі, бізде өндіріс пен ғылымның арасындағы алтын көпір қирап қалды. Басқаша айтсақ: «ғылым − күйреді, өндіріс – қирады, өндіріс – қирады, ғылым – күйреді». Енді ғана осы қателікті көре білген, бірақ, кезінде Ұлттық Ғылым академиясын таратып жіберген Үкімет мәселені реттеуге жанталасып жатыр. Қаншама уақыт текке кетті десеңші! Қазақстан өзінің табиғи жағдайына байланысты – әлемдегі озық ғылым мен замани тезнологияның авангардында тұратын ел еді ғой − сауатты халқы, қазына-толы байлығы жетіп артылады. Ал, әзірге біз өзге мемлекеттер өндірген тауарлардың тұтынушылары ғанамыз.
Алтыншы себеп – «коррупция астауынан жем жеп үйренген шенеуніктер». Ол туралы көп айтудың қажеті жоқ шығар… 
– Сіз ауыл мәселесі туралы көп жер­де айтып жүрсіз. Өзіңіз де «ауылдан шыққаныңызға» мақтанышпен қа­райтыныңызды интернеттегі жеке парақ­шаңыздан білдік.  Қазіргі ауыл туралы, ауыл шаруашылығы туралы не айтар едіңіз?     
– 11 ақпанда Елбасының бастамасымен «Қазақстанда жасалған» атты акцияның басталғанына да үш айдың жүзі өтті. Ол туралы BNews.kz агенттігі «5 мамырда Ас­танада бастаманы қолдаушы «Қазақстан – 2050» Қоғамдық ұйымының төрағасы Данат Жумин өз зерттеулері туралы мәлімдеме жасады» деп хабарлайды. Данаттың айтуы бойынша, олар үш ай бойы 222 супермаркеттер мен еліміздегі ірі сауда орындарының 60%-ға жуығында бақылау жасапты. Сауда орындарының 80%-ы «Қазақстанда жасалған»  атты арнайы сөрелер ашыпты. Алайда, сөрелерде тек қазақстандық тауарлар тұрмағанын айтады. Оның 30%-ын шет ел тауарлары толтырып тұр екен. «Неге бұлай»?» деген сұраққа Жуминнің бер­ген жауабы да қызық, оның ойынша − мұндай өрескелдік сауда орындарының акцияға салғырт қарағанынан туындап жатса керек… Шынында да солай ма? Сонда, қазақстандық тауардың болмағанына кінәлі сауда орталықтары болып шыққаны ма?  Бұл қаншалықты шындыққа сай? 
Елбасымыз Н. Назарбаев Үкіметтің ке­ңей­тілген отырысында алдағы бес жылда қазақстандық өтімді тауарлардың кемінде үш-төрт түрін әлемдік нарыққа шығару қажет деген тапсырма берді. Осыған дейін Қазақстан әлемдік нарыққа шикізаттан өзге астық сатып келді. Қазақстан бидайы сұранысқа ие. Себебі, климаттық ерекшеліктерге байланысты макорон өндірісінде пайдаланылатын қатты бидай сорттары Канада мен Қазақстанда өседі. Яғни, бізге бидайды бренд ретінде ұсынуға табиғаттың өзі ықпал еткен. Бірақ, біз табиғаттың берген бұл сыйын дұрыс пайдалана алдық па? Қазіргі жағдайымызға қарасақ – «пайдалана алмадық» десек болады. Шындығында да, біз бидай өсіру технологиясы  бойынша  Канаданың шаңына ілесе алмаймыз. Мысалы, әлі күнге дейін жауынды жылдары бітік өскен бидайды дер кезінде жинап, қамбаға салуға Қазақстанның техникалық әлеуеті жетпейді. Астық қар астында қалып қояды. Ал, керісінше, екі-үш жылда қайталанып отыратын қуаңшылық кезінде − шаруалар қарызға белшесінен батады. Яғни, Қазақстан жағдайында брендтік тауар өндіру оңай емес. Ол үшін, мысалы, астық өндірісінде, ең алдымен, Қазақстанда машина жасау саласын жолға қою қажет. Кеңестік кезде тың игерумен бірге ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын, күрделі жөндеуден өткізетін зауыттар бар болатын. Әсіресе, шынжыр табанды «Қазақстан» Павлодар трактор зауытының және атышулы «Кировец» тракторларын жасайтын зауыттың тигізген пайдасы көп еді. Олардың күйреуі ауыл шаруашылығын ондаған жылдарға артқа шегерді. Ал, қазір біз оның орнына шет елдерден өте қымбат бағаға комбайндер мен тракторлар сатып аламыз. Ол бидайдың және бүкіл ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын көтеріп жіберді де, ауыл шаруашылығы интенсивті даму жолына түсе алмауда. Сонымен бір мезетте, сұраныс азайған соң сорттарды жаңалап отыратын ауыл шаруашылығы ғылымы да тоқырауға ұшырады. Көптеген маңызды ғылыми-зерттеу институттары жойылып кетті. Мысалы, бұрынғы әлемдік брендке ие болған қаракөл елтірісі институты қаракөл терімен бірге жоқ болды. Тағы бір брендті тауар − Алматы апорты еді. Сол − апорт алма бақтарын Алатауды өрлей салған коттедж иелері балталап тастады. Одан өзге де ет комбинаттары, жүн-тері өңдеу фабрикалары, толығымен жұмыс жасап тұрған қант зауыттары, спирт зауыттары көзден бұл-бұл ұшты… Сонымен, біздің қазіргі әкімдер мен министрлер президенттің «брендтік тауар» туралы тапсырмасын орындау алдында «Неге бұлай?» деген сұрақты қоя ма? Оның себептеріне талдау жасай ма? Немесе тағы да сөз жүзінде дабыл қағып, ұрандатып, артын сыйырқұймышақтандырып жібере ме? Қалай десек те, әзірге біздің шенеуніктер мен министрліктердің бұл тапсырманың орындарына күмән көп. Енді, оның ауылға қатысы бар бірнеше себептеріне тоқталайық: 
1. Мұның басты себебі деп өндірісті ғана емес, ауылдарды жекешелендіруде де Қа­­­зақстанның ерекшелігі ескерілмей, өрес­кел қателіктер жіберілді. Оның тым асығыс жүргізілгенін де атап айту керек. Сол кезде, бейнебір, жекешелендіруді бүгін жасамаса ауылдар айға көшіп кетердей асықтық! Ал, ауылдың күңгірт  болашағын болжаған бір адам табылсашы! Басқаны қайдам, өзім әлі де ес жия алмай, бүйірін таянып есеңгіреп қалған бұрынғы «Мақпал» деген әдемі атқа ие ауылымды көргенде − осындай ойға келемін. Ауылда су жоқ, газ жоқ, жол жоқ және т.т. Соған қарамастан  ауылдың қара шаңырағын түсірмей, отын өшірмей отырған ауылдастарымды нағыз адамдар дер едім… Олар болмаса мына жер қаңырап бос қалар ма еді, кім білген…  Иә, бұрынғы ауылым қандай еді десеңші(!): тау бөктерінде орналасқан көркем табиғаты аясында 60 мыңнан аса қой өрбіткен, 6 жыл қатарынан Қазақстан КП ОК ауыспалы Қызыл туын қолдан бермеген, артезиан құдығы атқылап әр көшесіне бұлақ суы тартылған, клубы, кітапханасы, балабақшасы жұмыс істеген, аудандағы үлгілі мектебі,  құрылыс алаңы мен техникаға толы МТС-ы, мал бордақылау алаңы мен механикаландырылған қырманы, қоймалары, шағын комбикорм цехы бар, одан қалды − жайқалған 10 гектар алма бағы бар ауыл еді ғой. Қазір түк жоқ, тып-типыл… Ал­ма бақтың орнында әр жерде сойдаң өскен жабайы бұтақтан өзге түк  қалмаған…  Екі қолға бір жұмыс та қалмаған… 
2. Ауыл – мемлекеттің азық-түлік қауіп­сіздігінің бірден-бір кепілі болып табылады. Сондықтан, оны жеке меншікке бе­рер кезде басымдық ұжымға емес, сол кезде басшылыққа кездейсоқ келіп қалған, партияның нұсқауымен ойдан-қырдан жиналған адамдардың үлесіне берілді. Олар мүліктің 40 пайызына иелік етулері туралы үкімет қаулысын басшылыққа алып, қоғам мен мемлекет мүлкін толығымен иеленіп кетті. Себебі, жекешелендіру кезінде совхоз директоры бұл ауылдың тумасы, яғни, осы ауылдың патриоты емес еді. Ол 40 пайыз мүлікке ие болғанның өзінде, ол дүниені өз еліне тасып әкетуге, не қаладан мүлік сатып алып, өз бизнесін бастауға құлықты болды. Енді, совхоз тарағасын, оны бұл ауылда ұстап тұратын дәнеме қалмады… Сөйтіп, осы шаруашылықта өмір бойы еңбек етіп, ел байлығын еселеген қарапайым еңбек адамы бөліске түскен қалған-құтқанды: ескі техника мен бес-алты уақ малға малданып қала берді… Егерде, сол кезде ауылды «меншікке айналдыруды», яғни,  мемлекетке қиындық тудырған ауылға бөлінетін «дотацияны жоюды» ауыл шаруашылығы ұжымдарын толығымен «шаруашылық есепке» көшіру арқылы іске асырғанда – жағдай мүлдем басқаша болар еді. Олай жасағанда − ауыл өзінің өндірістік әлеуетін жоғалтпай, ұжымды таратпай, ортақ меншігіндегі мүлікті шашау шығармай сақтауға мәжбүр болар еді. Бұл, өз кезегінде, қаржыны мақсатты түрде өндірісті дамытуға жұмсауға мүмкіндік ашар еді. Ал, біз болсақ, дап-дайын шаруашылықты шашып алдық та, жылжымалы-жылжымайтын мүліктің қайда кеткенін, қаржының қай қалтаға түсіп кеткенін білмей де қалдық. Міне, енді қайтадан МТС, ұжымдастыру, фермаларды ірілендіру туралы айта бастадық. Мысалы, дәл осындай жағдайға тап болған Белоруссия мемлекеті мен оның «диктатор» атымен Еуропаға танылған президенті А.Лукашенко ауылдағы ұжымдық шаруашылықты сақтап қалды. Соның арқасында олардың деревнялары азық-түлік өндіру қарқынын жоғалтпай, елді толығымен қамтамасыз етіп отыр. Олардың өндірген азық-түлігін, шығаратын тракторлары мен басқа техникасын қазақ жұрты да қолданып жатыр.  Ал, ауылын талан-таражға түсіріп алған біздің еліміз азық-түліктің 50 пайыздан астамын сырттан тасиды. Өз техникамыз жоқ, ауылды жұмыссыздық жайлады, мал басы қысқарып кетті, жастар күнкөріс үшін еліміздің түкпір-түкпіріне шашырап, ата жұрттан кіндігін үзе бастады және т.т. күрделі мәселелерге тап болдық. Бұл – кез келген мемлекет үшін тек азық-түлік қауіпсіздігі қорғансыз қалғанын білдіретін қауіпті көрсеткіш қана емес, ол – мемлекетті демографиялық, әлеуметтік тұрақсыздыққа бастайтын құбылыс. Біз, сонымен қатар, ол «қателіктің» рухани-мәдени зардабын да болашақта  ұзақ уақыт бойы тартатын боламыз. Ол, енді, басқа әңгіме…         
3. Ауыл адамдары табиғи және әлеуметтік ерекшеліктерге байланысты барлық жұрт сияқты емес, ұжымдық өмірге қатты бейім­делген. Ол үшін оларды жазғыра алмаймын. Жалпы, қазақ жұрты ғасырлар бойы ұжым­дасып өмір сүрумен ғана өзін аман сақтап келді емес пе? Әсіресе, кеңестік кезде өмір сүрудің ол формасы ерекше қар­қынмен дамыды. Міне, еліміз енді ол форманы қиратып алған соң,  тәуелсіздіктен кейін ондай – «ұжымдасып өмір сүру мүмкіндігінен» бір күнде ажыраған ауыл адамдарына бүгінде «сен қарап отырма, іскер бол, шаруа жаса» деп уағыз айту – таза демагогия түрі. Біздің үкіметтің бұл әрекеті «суға жүзе алмайтын ауыл адамын теңізге тастап жіберіп, содан кейін ғана оған қалай малту керектігін үйреткендей» болып шықты. Қытайлар айтады: «Балық сұрап келген көршіңе балық берме, қармақ бер» деп. Мен айтар едім: «Сүт сұрап келген көршіңе сүт берме, сиыр сатып алып бер» деп. Осыны айтайын деп отырсам, оны тағы да Қытай жүзеге асырып қойыпты: олар малға икемі бар қазақтың алдына бір отар қой (500 қой) салып беріп: «Мына малға ие бол. Төлін ал, жүнін маған сат» дейді екен. Содан ондағы қазақ екі-үш жылда төл есебінен мал басын отарға жеткізіп, мемлекет малын өзіне қайтарады екен. Бұл – ауылды кредиттеудің «қытайша» бір түрі болса керек. Әрине, коррупцияға қарсы заңы қатал Қытай оған қорықпай барып отыр.  Ал, бүгінде біз жеке адам тұрғысынан алсақ − ауылдарда басында кредиті жоқ адам таппайсыз.   Бірақ ол ақша қайда кетіп жатыр? Тойға ма? Дәл солай!..   Бірақ, күнкөрісі төмен ауыл адамына «той жасама» деп қалай айтасың, қалай жазғырасың – мінез солай болғасын?!.  Ендеше, банкілердің ауылға қатысты ауыл шаруашылығы кредиттеу ретін мемлекет өз бақылауына алуы тиіс. Оның «сауда кредитімен» ара-жігін ажыратып, ауылды жеңілдікпен қаржыландыруын қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттің бақылау және реттеу әлеуеті оған жетеді.  Ал, қазіргі Қорлар ар­қылы беріліп жатқан қаржының көмегі болса да, оның өзі де  жер-жерде тамыр-таныстықпен ұштасып, коррупция көзіне айналып бара жатқаны жасырын емес. Олай болса, қытайлар сияқты, қажет болса шаруаға «ақша орнына мал беру» әдісін неге жер-жерде белсенді түрде жасамасқа! Қазақстандағы ауыл қазақтарының жағдайы­ның өзі соған сұранып тұр емес пе: «ақша берме, мал бер!» деп… Ал, әкім-қараларға ақшаны емес, мал басын түгендеп отыру – ол да жұмыс! Сонда оның  нәтижесі көп ұзамай-ақ көрінер еді… 
4. Қазір ауылдағы егістікке жарамды (айна­лымдағы) жерді жекешелендіру туралы қайта айтыла бастады. Осы мәсе­ленің болашақта көптеген ауылдарда нара­зылықтар тудыруы әбден мүмкін. Мысалы, өзім сөз етіп отырған менің ауылымның тұр­ғындары ЖШС «Қайыңды» ұжымына бірігіп, осыдан біраз жыл бұрын ауылға келіп, уәдені үйіп-төккен қалалық азаматқа сеніп, келісім-шартқа отырып, жерлерін өткізіпті. Бірақ, қалалық фирма шарт бойынша жерді пайдаланса да, жұртқа бір-екі қап ұн үлестіргеннен өзге пайданы өзіне ғана жарата берген. Содан одан күдер үзген наразы ауыл жұрты бүгінде онымен соттасып жатыр екен… Бірақ, қаладағы фирма ауыл адамдарының жер құжатын қайтармай отырған көрінеді. Сөйтіп,  көтеріліп жатқан «жерді жекешелендіру» мәселесіне ауыл адамдары елеңдеп отыр. Себебі, «жеріміз қайдағы бір кездейсоқ адамның қолына  өтіп кетпесе екен» дейді. Оның үстіне бұл сенімсіздікті жер бөлісі комитеттері мен әкімшіліктердегі коррупциялық ахуал да еселей түскен… Олар «жерді сырттан келген жаны ашымас біреу меншіктесе – ауылдың болашағы не болады?» деп алаңдайды. Сондықтан, мен жаңадан жекешелендіру туралы дайындалып жатқан бұл заңға, не болмаса, үкімет Қаулысына «Ата қоныс» туралы бап енгізу қажет деп санаймын. Бұл өте маңызды, себебі, қазіргі тоз-тоз болған ауылдарда қалғандарының барлығы дерлік «ата қоныс» деп қалғандар. Олай болса, жерді жекеменшікке алушының да қолында «Мемлекеттік шарттан» өзге, «Ата қонысы» деген статусы болуы тиіс. Сонда ғана, мүмкін, ауыл жағдайы түзеле бастайтын болар… Аман болсақ, оны да көретін күнге жетерміз! 
– Бір мақалаңызда «Құлдық са­на­ның қазаққа ең түсінікті бастапқы белгісі – «ләпбай» − депсіз. Сіз кейде ай­­­тылатын «қазақ құлдық санадағы ха­лық» дегенмен келісесіз бе, әлде қо­ғам­ның белсенсіздігі, үнсіздігі ұлттық идео­логияның жоқтығынан деп ойлайсыз ба?
– Өте қиын сұрақ. Бұған жауап беру үшін адам өзіне «мен өз ұлтымды қаншалықты танимын?» деген сұраққа жауап беруі тиіс. Сөйтіп, ұлттық танымына көзі жеткесін ғана – ұлт туралы ойлана бастаса болады. Әрине, өмір тәжірибе де маңызды. Жалпы, адамдар тіл, салт-дәстүр мен  әдет-ғұрып мәселелерімен үнемі бетпе-бет келіп отырады – одан ешкім де қаша алмайды. Мысалы, қазір Қазақстан халқының 70 пайызын қазақтар құрайтын болғандықтан, елімізде әркім де −  мейлі, қаласын, мейлі, қаламасын − күнделікті «қазақ мәселесіне» тап болады. Біреулер мұны түсініп, өз болашағын соған бейімдейді.  Ал, біреулер мұны түсінбей −  бұрынғы күйінен ажырамауға тырысады. Міне, ең алдымен сол ортаға қоғамның  «қазақтануы» маза бермей тұр. Ондай жағдайда ұлт төңіректе жағымсыз пікірлердің болуы әбден мүмкін… Мысалы, қазақ тілінің мемлекеттік статусын мойындамайтындар «қазақ тілі бизнес, банк, ғылым тілі бола алмайды» немесе «қазақ тілін үйрену қиын» немесе «қазақ мектептерінде білім беру сапасы нашар» және т.с.с. толып жатқан себептерді алға тартады. Әрине, бұл тек «қорғаныс» емес, кейде, «дерт» деуге болатын көрініс. Ол «дерттің» дәні кеңестік идеологиядан  өсіп-өнеді: кезінде ашық жүргізілген «орыстану» саясаты санада «аға ұлт», «кіші ұлт», «азшылық» деген ұғымдарды сіңдірді. Ол текке кетпей, − «кіші ұлттардың» өзі мұны «заңдылық» деуге шақ қалды… Бірақ бағымызға орай «ортақ Отан» қирап,   бұрынғы «аз ұлттар» өз Отанының егесіне айналды. Бұл − тарихи әділеттілік болатын. Бірақ, Қазақстан осы тарихи әділеттілікке әлі де толық қол жеткізе алмауда. Нәтижесінде, тарихи әділеттілікті талап етуші ұлтшылдар өз халқын «құлдық санадағы» деп айтуға көшті. Бірақ, саясатты жасайтын халық емес қой: саясат халық талабын ескерер, бірақ – үнемі олай емес. Сондықтан, «құлдық сана» туралы айтқанда – билік пен халық арасын ажыратып алу қажет. Оның өзінде − «орыс факторынан» ажырағысы келмейтін биліктің кейбір қадамы «құлдық сана» емес, «сақтық сана» болуы мүмкін. Мұны ескеруге тиіспіз.  Құлдық сана  өзіне деген сенімсіздіктен туындайды. Ендеше,  сенімсіздік – құлдық санаға апаратын төте жол, бірақ әлі құлдық сана емес… Бұл – бі­рін­ші себеп. 
Екінші себеп − мемлекеттік құрылым­нан туындайды. Біз төменнен бастап жоғарыға дейін сайланбалы билік жүйесін қалыптастыра алмай келеміз бе, қалай?! Барлық деңгей тағайын­далады. Ал, ол болса, қоғамды коррупция ықпалында қал­дырады. Қызметке орналасу адамның қарымына қарап емес, тамыр-таныстықпен, кейде, қызметті «сатып алу» немесе «лобби» арқылы жүзеге асады. Соның әсері­нен біздегі әр деңгейдегі кейбір мемлекеттік қыз­меткерлер (өкінішке орай, ол қатарға мұғалімдер де еніп тұр) біліктілік пен мемлекетшілдіктің орнына – жағымпаздық пен  көзсіз бағыныштылықты басшылыққа алуға үйренді. Өйткені, ол «мінез» өзде­рінің «тағдырын шешетін» жоғарыға ұнайды емес пе? Ал, мұның қазақша аты − «ләпбай». Міне, мен сондықтан да «құлдық сана» көрінісін «ләпбай» деп ата­ған едім. Әрине, «ләпбайшы» − құл емес, бірақ − оған даяр адам.  Дегенмен, билік «ләпбайшылармен» билігін баянды ете алмасын біледі. Сон­дықтан, уақыт өте келе, олар «ләпбай» прин­ципін шектеуге мәжбүр болады. Себебі, «ләпбай» жүрген жерде өтірік пен көз­бояушылық қатар жүреді. Үшінші себеп деп «діни факторды» алар едім. Қазіргі соқыр сенімге негізделген дін идеологиясы «құлдық сананы» туындатушы фактордың біріне айналып барады. Ол шексіз, көзсіз авторитаризмге ұласса – зардабы бұдан да артады. Ал, менің жаныма «жаратылыс» мағынасында айтылатын «Тәңірдің ұлы!», «Тәңірі жаратқан» деген көне қазақ дүниетанымы әлдеқайда жақын. Өйткені, Қазақ ұлты бүкіл қазаққа тән қазақы болмысын: қазақ ұлтының ділін құраушы «ер-батыр», «жігіт», «ақсақал», «ана», «бауыр-қарындас» және сол секілді көптеген асыл ұғымдар мен түсініктерді сол тарихи замандарда қалыптастырды. Өзіміз көріп отырғандай – онда «құлдық санаға» ешқашандай орын жоқ! Яғни, бұдан «Қазақ ұлттық намысы бар халық. Ол жетімі мен жесірін қорғай алған, тентегін тезге сала алған» деген қорытынды туады..  Мінеки, содан кейін қазақ халқын «құлдық санадағы» деуге кімнің аузы бара алады?!.
– Президент жемқорлықпен мықтап күре­су керектігін тапсырды. Біздегі күрес қаншалықты дұрыс жүргізіліп жатыр?
– Жемқорлық бізге бір мәселені жала­ңаш­тап берді: ол – жемқорлық жайлаған қоғамда бәріне бірдей ортақ мақсат жоқтығы. Мұнда әркім өз өзіне ғана жауапты, күнделікті тірлікте «сауысқаннан сақ» күймен тіршілік етеді – ешкім еш­кімге сырын ашпайды, бұйығы. Се­бебі, бүгінгі «достығың» ертең өзіңе «қас­тық» болып шықпайтынына сенім жоқ. Сондықтан, коррупцияға күй­рете соққы беруші бірден-бір күш – «мем­леке­тшілдіктің» мұндай ортада пайда болуы өте қиын. Сол себепті де, біздегі «кор­рупциямен күрес» дегеннің мазмұны өзгеше, ол  − «коррупция аясында қала оты­­рып, кор­рупциядан тысқары қалу үшін күрес» деген сипатқа ие болып шық­қан десем – көп қате­лесе қоймайтын шығармын. 
– «Үсенов синдромы», «Әліби оқи­ғасы» секілді ақшасы барлардың жазадан құтылып кетуі біздің қоғамда жиі кез­деседі. Осы жайттар туралы не айтасыз?
– Ол туралы жоғарыда жанама түрде біраз айтылған сыңайлы. Дегенмен, бұл мәселенің еліміздегі сот және құқық қорғау салаларына тікелей қатысы бар. Сот әділ болса, құқық қорғау заңмен қорғалса, Заң алдында барлық азаматтар тең болса – ондай құбылыстар бол­мас еді. Дегенмен, жағ­дай түзелетіндей сияқты, ондай үміт оянуда. Мысалы, өткен аптада мұғалімдердің мәселесін ашық көтерген Айман атты жас ұстазды бұрын жұмыстан қуатын болса, қазір мектеп директоры кешірім сұрап жатыр деген хабар тарады. Ал, Астанада жігітті аямай тепкілеген бай сері жігіт аға­сы байлығына сенген еді, үміті ақталмай түрмеде отыр. Кеше ғана құдыреті күштілер жемқорлықпен қолға түсіп жатыр… Сон­дықтан, теңіз тамшыдан тұратындай, қоғам да көзін ашып, ондай синдромнан қауым­дасып қорғана білсе – оны жеңуге болады.  
– Ел ішінде мемлекеттілікке күмән келтірген мәлімдемелер, шекара бол­маған деген «тың жаңалықтар» шулап басылды. Осы жайтқа  қазақта мардымды жауап беретін, пікір айтатын зиялы қауым табылмады.  Неліктен? 
– Оны айтушылар Ресей шовинистері мен имериялық пиғылдағы саясаткер­лері. Мен оларға қарсы сұрақ қояр едім: «Ресейдің шегарасы қай уақытта бел­гіленген?», «Оның мемлекеттілігі қай уақыттан анықталған?» деген. Тарихтан олардың шекарасын сызып берген де, мемлекетін  құрып берген де Алтын Орда екені белгілі ғой. Болмаса, оны оларға шведтер жасап берді ме екен? Қалай десек те, Ресей мемлекетінің құры­луына өзгелер көбірек әсер еткен де, орыстардың өзі олардан төмен тұр­ғаны рас.  Сондықтан, қазіргі «ұлы орыстық» шовинизмге еш негіз жоқ. Ондай «мінез» ұлы халықтарға тән болмауы тиіс. Ал, шолақ ойлы әрі мә­дениеті төмен орыс «саясаткерлерінің» ол сөзіне біз жауап бердік: 2000 жылдың басында Тараз қаласының 2000 жылдығын, Түркістанның 1500 жылдығын,  2013 жылы Абылайдың 300 жылдығын атап өттік. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отырған жоқпыз ба? Бұл да оларға берген жауаптың бір түрі.  Ең маңыздысы – ондайға көңіл бөліп, алаңдамай, біз өз мемлекетімізді нығайтып, мәдениетімізді оздыра беру қажет деп санаймын. 
– Бүкіл ақпарат кеңістігімізді жаулап алып, сананы улап жатқан Ресейдің ақпарат әлемін айтпағанда, мына өзі­міздің ақпарат құралдары неге ұлттық мүд­дені қорғаудың орнына, олардан асып түсіп, жабыла орыс тілінде ақпарат таратуын қалай түсінесіз? Біздегі ақпараттық қауіпсіздікті күшейту үшін не істеуіміз керек?
– Барлық деңгейде қазақ тіліне кө­шуіміз керек. Халықтың саяси, құ­қық­тық сауатын арттыруымыз қажет. Ол үшін билігіміз демократияны дамытып, халықты мемлекетті дамытушы субьектіге айналдыруға бет бұруы қажет. Яғни, барлық ақпарат құ­­ралдары ұлтымызды толыққанды ұлтқа айналдыруға қызмет етулері тиіс. Осындай жігерлі ұмтылыстың арқасында қазақ ұлты  белсенді және жауапкершілікті субьектіге айналса ғана – мемлекетіне де, өзіне де, билігіне де берік қорған, қаласа қалқан бола алады! Бұл сұрағыңа айтар жауабым – осы.  

Сұхбатты жүргізген Мәдина Жәлелқызы  

РЕДАКЦИЯДАН: Журналымыздың белсенді авторы, философ Әбдірашит Бәкірұлының  кезекті сұхбатын назарларыңызға ұсына отырып, оны оқырмандарымыздың атынан 60 жасқа толған  мерейлі мерекесімен құттықтаймыз.Еңбекте шығармашылық  табыс, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына бақыт тілейміз!  

Алдыңғы «
Келесі »