«ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОҒЫС» ПЕН «МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫНДА» МҮЛТ КЕТПЕУІМІЗ КЕРЕК…

  • 20.07.2015
  • 672 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейілбек Мұсатаев, 
саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 
Саясаттану кафедрасының 
профессоры

2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Еу­ра­­зиялық экономикалық одақ нақты шы­найы­лыққа айналып, қызметіне кірісті. Осылайша, Елбасымыздың жиырма жыл бұрын ұсынған интеграциялық идеясы іс жүзіне асты. Бастапқыда Қазақстан, Ресей, Беларусь бірлесіп құрған экономикалық одаққа жыл басында Армения, мамыр айында Қырғызстан қосылды. Посткеңестік кеңістіктегі ықпалдасу процесі жаңаша сипатқа еніп, ерекше қарқын ала бастады. Алайда, Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істегелі бергі жарты жыл уақыт ішінде өзара тиімді шаруа-экономикалық байланыстар дамуымен қатар, одақтас елдерге жат кейбір түсініксіз жағдайлар да орын алғаны жасырын емес. Бұл негізінен одаққа мүше елдердің әрқайсының өзіндік ұлттық мүдделерін қорғауы, серіктесудің орнына бір-бірімен бәсекелесуі, эко­номикалық ықпалдасуды терең­детудің орнына түрлі шектеулер мен тыйымдарды қолдану сияқты әрекеттер арқылы көрініс беріп отыр. Мұндай экономикалық теке-тіресу мен өзара бәсекелесу бұдан бұрын Кедендік одақ кезеңінде де болғаны белгілі. Ресей тарапынан болған кейбір шектеулер Белоруссия мен Қазақстан тауарларын ресейлік нарыққа жібермеуге бағытталды. Ресей бастапқыда бе­лорус­тық ауыл шаруашылық техника­ларын өз аумағында сатуға тыйым салса, 2014 жылдың соңында Россельхознадзор Белорусь жерінде өндірілген ет, сүт, шұжық, ірімшік сияқты ауыл шаруашылық өнімдері мен балық санитарлық-эпидемиологиялық норма­ларға сай емес деген желеумен ресейлік нарыққа жібермей қойды.Тура осындай шектеулерді Ресей Қазақстан тауарларына да қатысты қолданды. Алайда, ресейлік рубльдің құнсыздануы әсерінен экспорт-импорт керісінше өрбіп, 2014 жылдың аяғы мен 2015 жылдың басында Қазақстанға Ресейден енетін импорт күрт өсіп, отандық экспортымыз құлдырап кетті. Енді, ресейлік тауарларға шектеуді Қазақстан қоя бастады, ауыл шаруашылық өнімдерінен бастап, көлік пен жанар-жағар майға дейінгі аралықта түрлі шектеулер қойылып отыр. Одақтас елдер арасында ортақ істен гөрі жеке-дара ұлттық мүддені қорғау басым, нәтижесінде «экономикалық соғыс» пен «мүдделер қақтығысына» арқау боларлық түрлі түсініспеушіліктер орын алуда. Белоруссия Президенті А. Лу­кашенко, тіптен, Ресей Президенті В. Путинге өзінің өкпесін ашық білдіріп, Ресей өзара саудаға кесірін тигізетін шек­теулерді жоймаса, Белоруссия өздеріне экономикалық тиімсіз одақтан шығатынын мәлімдеп, «қорқытқанын» ұмыта қойған жоқпыз. Сол сияқты, Қазақстан Президенті Н. Назарбаев та Кеден Одағы кезінде де, Еуразиялық экономикалық одақ тұсында да олардың қызметін талай рет сынға алып, кемшіліктерін көрсеткен болатын.


Жоғарыда айтылғандардан қан­дай ой түюге болады? Ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ құры­лып, іске кіріскенімен, одақтық сана-сезім қалыптаса қоймағаны байқалады. Одақтас мемлекеттердің әрқайсы өзде­рінің ұлттық мүдделерін қорғауға тырысып, өз пайдасын жібермеуге тырысып бағуда. Яғни, ұлттық өзін-өзі айқындау (идентификация) басым, одақ­тастық бірегейлену толыққанды емес. Бұған «одақ» деген ұғымға қатыс­ты қалыптасқан жағымсыз пікірі мен стереотиптері басым, Кеңестік Со­­­циа­листік Республикалар Одағы (КСРО) кезінде коммунистік партия­ның «кемел» саясатын көрген халықтың пси­­­хологиялық ұстанымдары да кері әсер етуде. Бұрын КСРО құрамында өмір сүр­гендеріне қарамастан, тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырға тақау уақыт ішінде кешегі «бауырлас елдер» оң-солын танып, нарықтық қатынастардың дәмін татып, ұлттық мүдде деген ұғымның қадір-қасиетін түсініп қалғаны байқалады. Әсіресе, Ресей Федерациясы ешкімге өзінің есе­сін жібермейтінін, ұлы державалық пиғылы да бар екенін жасырмай көр­сетіп отыр. Еуразиялық кеңістіктегі терезесі тең тәуелсіз мемлекеттердің ер­кін экономикалық одағы қағидасын қолынан келгенше өзінің ыңғайына қарай бұрып, консенсустық шешім қа­былдау процесінде басымдық таны­туға тырысып бағуда. Әрине, бұл Елбасымыздың ұсынған еуразиялық инте­грацияның жасампаз идеясына кере­ғар келетін қылық. 
«Ортақ өгізден оңаша бұзау жақсы» демекші, тоталитарлық жүйеден зәрезап болған посткеңестік елдерде «одақтасуға» сақтықпен қарау басым. Оған ТМД, ЕурАзЭҚ, Кедендік одақ, Еуразиялық эко­номи­калық одақ сияқты бірлестіктердің тәжірибесі дәлел. Посткеңестік мемлекет­тердің көпшілігі «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» қарағанда тиіп-қашып, бұра тартып, пайда ойлайтын саяси ойыншыларға ұқсайды. Қазақстан ғана ықпалдасу мен серіктестікті дамытуға қатысты ұстанымын өзгерткен емес. Ал, Елбасымыз ғаламдық ауқымдағы бейбіт­шілік пен ынтымақтың, әріптестік пен ықпалдасудың тұрақты идеялық генераторы іспетті. Қазақстан Президенті Н. Назарбаев ұсынып, бүгінде іске асып жатқан интеграциялық идеяларының бірі Еуразиялық экономикалық одақ екені даусыз. Бұл бірлестіктің құрылуы мен қызмет етуі жолында қыруар жұмыс атқарылды. Оның жемісіне бүгін бүкіл әлем куә болып отыр. Ендігі мәселе жаңадан құрылып, жұмысын енді бастаған бірлестікті одан әрі нығайту. Шынайы экономикалық одақты дамытып, оның толыққанды жұмыс істеуі үшін одақтық бірегейлік қажет екені даусыз. Ал, одақтық бірегейлік пен ұлттық бірегейлік бір-біріне кереғар келмей ме? Идентификацияның ұлттық және одақтық деңгейлері Еу­разиялық экономикалық одақ жағ­дайында өзіндік үйлесім таба ала ма? Бұл саяси психологиялық құбылыс қазіргі кезеңдегі өзекті мәселеге айналып отыр. Мұндай проблемамен бетпе-бет кездескен интеграциялық бірлестікке Еуроодақты жатқызуға болады. Ондаған ғасырлар бойы бір-бірімен соғысып келген еуропалық елдер ХХ ғасырдың екінші жартысында одақтасуға бел буды. Еуроодақ елдері үшін одақтық идентификацияға қол жеткізуге жарты ғасырлық уақыт қажет болды. Соған қарамастан, европалықтарда одақтық бірегейлік толыққанды емес, евро­с­кептицизм мен дезинтеграциялық кө­ңіл-күй әлі күнге дейін белең алып отыр. Алдыңғы жылдары экономикалық дағда­рыстан титықтаған Грекия, Португалия, Ирландия, Шотландия, Испания сияқты бір­қатар еуропалық елдер Еуропалық Одақ құрамынан шығып, жеке отау тігуге ниет білдірген болатын. Сонымен қатар, Афри­кадан ағылған заңсыз мигранттар мәселесін шешуде Еуроодақ елдері арасында ауызбіршілік жоқ. Заңсыз миграцияның ағынынан қатты зардап шегіп отырған Италияның «Еуроодаққа мүше елдер экономикалық әлеуеті мен халық санына қарай босқындарды квоталап бөліп алуы тиіс» деген ұсынысын одақтастардың наразылығын тудырды. Испания «әркім өз қотырын өзі қасысын» дегендей жауап берсе, Германия үндемей құтылды, Франция «өзіміздің мигранттарымыз да жетіп артылады» дегендей кейіп танытты. Ресейге қарсы қабылданған экономикалық санкцияларға қатысты да Еуроодақ елдері ішінде қарама-қайшы ұстанымдар бар. Әсіресе, Ресейге жақын орналасқан Шығыс еуропалық елдер саясаттың кесірінен экономикалық пайдадан қағылғандарына разы емес. 
Жақында Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Еуроодақ құра­мынан шығу туралы референдум өткізу идеясын парламент талқысына ұсынды. Ағылшын парламентінде референдум өткізуді билеуші консерваторлар партиясы да, оппозициялық лейбористер де толық қолдады [http://ru.euronews.com/2015/06/10/britain-eu-membership-comes-into-shape/]. Ал, Д. Кэмерон болса, Ұлыбританияның Еуроодақ құрамында қалайтынын, бірақ, бұл одақты түбегейлі реформалау қажет екендігін айтады. Көріп отырғанымыздай, жарты ғасыр өтсе де, Еуроодақ ауқымында одақтық идентификация толық қалыптаспаған, оның құрамындағы елдер де ұлттық мүдде үшін күресіп бағуда. Егер, осылай жалғаса берсе, Еуроодақ та КСРО сияқты ыдырап кетпесіне кім кепіл? Әрине, Еуроодақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың бір-бірінен айырмашылықтары көп. Еуроодақ экономикалық қана емес, 28 мемлекетті біріктіретін аймақтық саяси сипаттағы бірлестік. Орталық басқару институттары – Европарламенті, Еврокомиссиясы, Еуропалық соты,  Еуро­палық Одақ Кеңесі, Еуропалық Есеп палатасы, Еуропалық Орталық банкі бар. Ортақ валютасы – евро болғанымен, мүше мемлекеттердің жеке ұлттық валютасы болуына құқығы бар. Сол сияқты ортақ паспорттық режимге мүмкіндік берген Шенген келісім-шарты бар, бірақ оған Еуроодаққа мүше емес еуропалық мемлекеттер де қатысуға құқылы. Ал, Еуразиялық экономикалық одақтың атауынан көрініп тұрғандай, бұл таза экономикалық ұйым, ешбір саяси мақсат-мүддені көздемеуі тиіс. Яғни, таза шаруа-экономикалық, өзара еркін сауда, қаржы және бизнесті дамыту мақсатында құрылған одақ. Бірақ, іс жүзінде одақтасу қалай өрбуде? Саясаттың ықпалы шынымен де жоқ па?Егер де, саясаттың ықпалы болмаса экономикалық одақ ішінде нарықтық жолмен реттелуі тиіс қарым-қатынастар неге саясаткерлердің ұстанымына тәуелді? Әсіресе, Ресей билігі тарапынан көптеген саяси ықпал ету орын алуда. Украинадағы саяси жағдайдың ушығуы, Қырымды Ресейдің аннекциялап алуы, Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистердің ДНР, ЛНР сияқты «жаңа мемлекеттердің» туындауы сияқты мәселелерге Ресей жауапты деген АҚШ және Еуроодақ Ресейге қатысты экономикалық санкциялар жариялағалы бері оның зардаптары Еуразиялық одақ мүшелеріне де тиюде. Ресей батыстың санкцияларына қарсы жауап беріп, экономикалық дағдарысқа түскеніне қарамастан қасарысып бағуда. Ресей рублі екі есеге жуық құнсызданды, батыс елдерімен екіарада бұрыннан қалыптасқан көптеген шаруа-экономикалық байланыстар үзілді. Тіптен, Еуразиялық экономикалық одақтың өзге мүшелері арқылы америкалық немесе еуропалық тауарлардың транзитпен Ресейге енуіне дейін толық тосқауыл қойылды. Сол сияқты Ресей батысқа қарай тауар экспорттауды да барынша шектеп отыр. Экономикалық тұрғыда қиын жағдайға ұшыраған ресейлік билік енді өздерінің тауар өндірушілерін қорғау үшін, экономикалық дағдарыстан туындайтын жұмыссыздық, қылмыстың артуы, маскүнемдік, нашақорлық сияқ­ты толып жатқан әлеуметтік зардаптарын азайту үшін протекционистік экономикалық саясатқа бет бұрды. Жалпы, мемлекеттік экономикалық саясатта дәстүрлі саналатын негізгі екі ұстаным бар: бірі – протекционизм, екіншісі – фритредерлік. Протекционизм (protection – қорғау) жергілікті, яғни, отандық тауар  өндірушілерді қорғау мақсатында шетелден импортталатын тауарларға шектеу қою, кедендік баж салықтарын салу, қысқасы, шетел тауарларының бағасын қымбаттатуға ықпал ететін әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы импорттың бәсекелестік қабілетін төмендету. Сонымен қатар, отандық өнім өндіруді арттыру арқылы импорттың орнын алмастыруға барынша тырысады. Әрбір егеменді ел өзінің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында протекционистік бағыт ұстанады. Ал, бір одаққа біріккен елдердің бір-біріне протекционистік экономикалық саясаттың құйтырқы айла-шарғыларын қолдануын қалай түсіндіруге болады? Өкі­нішке орай, Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасында мұндай құбылыс орын алып отыр. Бастапқыдан-ақ, Ресей тарапынан протекционизмге бой ұрушылық анық байқалады. Бұл өз кезегінде өзге одақ мүшелерінің жауап реакциясын туындатып, шектеуге шектеумен жауап беруге апарып соқты. Егер де, одақтас елдер бір-біріне протекционистік экономикалық саясат ұстануды жалғастыра беретін болса, онда Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы қандай болмақ? Мүшелері бір одақтың ішінде бір-бірімен күндес болып, өзара шектеу қоюмен айналысатын болса, онда одақтасудың керегі қанша? Егер, одақтық бірегейлік болмаса, ынтымақ та, береке-бірлік те болмайды. Одақтық бірегейлік (идентификация) дегеннің аты қорқынышты болар, бірақ Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі онсыз мүмкін емес.
Фритредерлік экономикалық саясат (free trade  – еркін сауда) еркін сауда, кәсіпкерлік пен бизнес саласына мемлекеттің араласпауын, сұраныс пен ұсынысқа сай нарықтың өзін-өзі рет­теуіне негізделеді. Экономикалық одақ­тың дамуы үшін оның мүшелері арасында фритредерлік қарым-қатынас болғаны ұтымды, экономикалық одақ құрыларда алға қойылған басты мақсат та осы емес пе? Яғни, экономикалық одақтың ауқымында қаржы, тауар, қызмет түрлерінің еркін алмасуына қол жеткізу, ортақ кедендік шекара, ортақ салық саясаты т.б. арқылы өзара сауданы дамыту көзделді. Солай бола тұра, Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері ара-тұра бір-біріне санкция қолданып, тауарларға тосқауыл қоюы  орын алып отыр. Бұл экономикалық одақтың дамуына кедергі келтіретін жағдай болып табылады.
Еркін сауда мен шаруа-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған Еу­разиялық экономикалық одақ осы жылдың басынан бастап жұмысын бастады. Оның тиімді-тиімсіздігін, ұлттық мүддемізге қаншалықты сай екендігін уақыт көрсетер. Алайда, қызметін енді бастаған Еуразия­лық одақ аясында қазақстандық тауар өндірушілер, автодилерлер, фермерлер, сау­да-саттықпен  айналысушы кәсіпкерлер ел билі­гіне: «Ресейден енетін тауарлар арзан, бәсекелестікке төтеп бере алмай жатырмыз! Банкрот боламыз, көмектесіңіздер! Шекараны жабыңыздар… импортты шектеңіздер!» – деп, ұлардай шулауда. Еу­разиялық одақ енді жұмыс істей баста­ғанда шекараны жабатын болсақ, ондай экономикалық одақты құрып не керек еді? Энергетика министрі В. Школьник те «ресейлік жанар-жағар майдың бағасы бізден төмен, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары тұралап қалатын болды» десе, осыған ұқсас пікірлерді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ауыл шаруашылық министрлігі сияқты салалық құзырлы органдар да айтуда. Кәсіпкерлердің ұсынысы: «Ресейден тек ресми делдалдар ғана тауар әкелсін, жеке азаматтар, қатардағы тұтынушылар тауар әкелуді тоқтатсын»… Яғни, «Менің атым шаба тұрсын, сенің атың тұра тұрсын» дегеннің кері келіп тұр. Сонда қалай, алыпсатар бизнесменге ресейлік тауар әкелуге болады екен де, қатардағы қазақ елінің азаматы табан ақы, маңдай терімен тапқан өз ақшасына одақтас елден өзіне қажетті тауар сатып ала алмай ма? Кәсіпкердің пайда тауып, баюы үшін тұтынушының құқығы аяққа тапталуы тиіс пе? Экономикалық одақ құрғанда, оның ішінде еркін сауда-саттық, ашық алыс-беріс, бизнестің қарым-қатынасы да, жеке адамның жүріс-тұрысы да емін-еркін болады демеп пе едік? Қа­зақстандық кәсіпкерлер ұсынғандай, мем­лекеттік шекараны жауып, халықтың алыс-берісін, өзара сауда-саттығын шектеу проблеманың шешімі емес. Бұл ауруды емдемей, тек жансыздандыратын дәрі ішіп, уақытша өзіңді-өзің алдаумен тең. Бәсекелестікке шыдамай, импортқа шектеу қою – «құмға басын тыққан страустың» тірлігі. Біздің кәсіпкерлеріміз одан да өздерінің бәсекелестікке неге қабілетсіз болып отырғандарына ойланбай ма екен? Неге қазақстандық тауарлардың өзіндік құны қымбат? Еліміздегі қызмет ақысы, коммуналдық тарифтер, салық-несие, айыппұл, жанар-жағар май неге аспанға шарықтап тұр? Алып-сатумен айналысатын саудагерлеріміз сататын тауар бағасының өте қымбат болуына не себеп? Жалпы, Қазақстандағы баға саясаты әлемдік қалыптарға неге сай емес? Осы сияқты, бәсекелестіктің аяғына тұсау болатын факторлар мен себептерді айқындап, тиісті шаралар қолданылса, қазақ тауары орыстың ғана емес, шетелдің де тауарларымен бәсекеге түсуге қабілетті болары сөзсіз. Мұның барлығы Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер.
Қазақстандық тауарлардың бәсекеге төтеп бере алмауында жоғарыда айтыл­ғандардан басқа да түсініксіз жәйттер көп. Мысалы, Ресейде қосымша құн салығының (НДС) көлемі 18 %, Белоруссияда – 20 %, ал, Қазақстанда бұл салық түрі 12 % болса да, қазақстандық тауарлар қымбат. Мұны қалай түсінуге болады? Сапа өз алдына, бірақ, бағасы кө­теріңкі болғандықтан, біздің заттардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі төмен. Биыл 5 мамыр күні Елбасымыз Ақордада Үкімет мәжілісінде қосымша құн салығын тоқтатып, оның орнына сатылған заттарға төменгі пайызбен салық салуды ендіруді ұсынды. Тағы бір айта кетерлік мәселе, Қазақстанның кейбір отандық тауар өн­дірушілерге  жасап жатқан қамқорлығы көпшілікті ойландырады. Мәселен, Ресейден енетін автокөліктерге бәсекелесе алмаған отандық авто құрастыру зауыттары да 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін қосымша құн салығынан босатылды. Бұған қоса, отандық автомашина сатып алушыларға мемлекеттік бюджеттен 20 млрд теңге  қаржы бөлініп, жеңілдетілген несиелер де берілді. Қыс­қасы, қазақ­стандық машина жасау саласында «Жетектеп салған тазы түлкі алмайды» дейтін жағдай қалыптасып отыр. Осыдан келіп, өзін-өзі ақтай алмаса, бәсекеге қабілетсіз болса, онда бізге автомобиль жасаудың қаншалықты қажеттілігі бар деген күмән де туындайды. Бұл бір жағы­нан қыруар қаржы-қаражат жұмсалып, қаншама қолдау жасалса да оңбай келе жат­қан қазақстандық футболды еске салады.
Алайда, жоғарыда көрсетілген жеңіл­­дік жасау шаралары отандық тауар өн­дірушілердің белгілі бір саласына қолдау жасағанымен, жалпы проб­леманы түпкі­лікті шеше  алмайды. Ре­сейлік  және  белорус­сия­лық тауарлар арзан әрі өтімділігі әлі де жоғары. Қазір  Еуразиялық экономикалық одақ ауқымындағы бәсекелестікке төтеп бере алмасақ, Қазақстан биыл үміт­те­ніп отырғандай, жыл соңына дейін Дүниежізілік сауда ұйымына мүше бол­ғанда қайтпекпіз? Қазақстандық тау­ар­дың өзіндік құны неге қымбат деген сұраққа ойланып, оның шешімін таппай жағдай түзелмесі анық. Қазақ­стан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың баршаға бірдей, осы за­ман­ғы мемлекет құруға бағытталған бес институционалдық реформасының бір тар­мағы индустрияландыру жəне эконо­микалық өсім болып табылады. Осы 100 нақты қадамдардың ішінде 35-тен бастап 85-ші қадамға дейінгі аралықта өндірістік-инновациялық даму мен экономикалық өркендеуге септігін тигізетін,жедел атқа­ры­луы тиіс іс-жоспарлар тұжырым­далған. Әсіресе, Елбасымыз салық саласына, та­риф­терді реттеуге, ауыл шаруашылығы мен құрылысқа қатысты көптеген оң нәтиже бе­­рерлік қадамдарды айқындап берген. Егер олар нақты іске асатын болса қазақстандық тауарлардың өзіндік құны төмендеп, сапасы жақсарып, бәсекеге қабілеттігі артатын болады.

 

Алдыңғы «
Келесі »