ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ӘДЕБИЕТКЕ КЕЛУ ЖОЛЫ

  • 21.05.2012
  • 2819 рет оқылды
  • 1

Ұлттық әдебиетімізде әр суреткер өзгеше көркемдік форма табуымен ерекшеленеді, өзгелерге ұқсамайтын соны сүрлеуімен дараланады. Сөйтіп әдебиет тарихынан орын алады. Әйтпесе, оны зорлықпен оқырманға таныту мүмкін емес. Бұл орайда жазушы шығармашылығында көзге көрінбейтін өзгеше тін – фольклор. Осы тін арқылы жазушы оқырманмен біте қайнасып, оның жүрегіне жол таба біледі. Себебі әр қазақы оқырманның бойында ана сүтімен бірге дарыған, ұлттық сана, ұлттық діл бар. Соны дамытатын, жарыққа шығаратын бір жол – сөз өнері десек, сол өнердің шектеусіз мүмкіншілігін дұрыс пайдалана білген суреткер ғана классикалық дәрежеге жете алмақ. Міне, осындай биік белестерден көріне білген жазушыларымыздың бірі – Ғабит Мүсірепов.
Ғ. Мүсірепов өз шығармасында халықтық тақырыпты басты орынға қойды. Халықты ең ұқыпты оқырман санай отырып, ол өз шығармаларының алдымен сол қарапайым халыққа жетімділігіне баса назар аударды. Дәл осы мақсатта халықтың күшті рухын, сарабдал ақылын, орасан шығармашылық қуатын, тума таланты мен бостандыққа деген ерекше ұмтылысын көрсетуге тырысты. Жазушы фольклоризмін анықтаудағы басты нәрсе оның әдебиетке келу сапарын саралап, фольклорға бет бұрудағы себептерін айқындау боп табылады. Алдымен, бала Ғабиттің әдебиетке құмарлығының қалай басталғанын оның «Автобиографиялық әңгімесіндегі» деректерге сүйене отырып зерде­лейміз. Жазушы аталған әңгімесінде Ботбай деген жақын ағасын жылылықпен әңгімелейді. Ботбай әрі қобызшы, әрі домбырашы, әрі әнші, жүйрік ат пен қыран құсқа құмар, бір сөзбен айтқанда, серілеу адам болса керек. Сол Ботбай айналасы домбыра, қобыз үйренуге құмар жастарға толып жүреді екен. Ғабиттің бала кезінде Орта Азия елдері арқылы тарай бастаған шығыстық дастандардан да осы Ботбай ағасы арқылы ел-жұрт құлақтанады. «..Біздің сол жас бала кезімізде Қазан, Ташкент, Бұхар арқылы тараған «қиссалар» тасқыны басталды. Қараңғы ауыл үшін «Сал-сал» да қисса, «Қыз жібек» те қисса. Бірақ Ботбай «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш», «Көрұғылыны» жаттап алыпты, өзгелерін жаттамаған» [1.302], – деп басталатын әңгімесінен аңғаратынымыз Ботбайдың бала Ғабит көкірегінде жырға деген құмарлықты оята алғандығы. Ғ. Мүсіреповтің қазақ әдебиеті тарихына сарабдал суреткер ретінде енуіне ықпал еткен шешуші факторлардың бірі, сөз жоқ, оның нағашысының ауылындағы кезеңі дер едік. Осында ол ең алғаш мектеп табалдырығын аттап, қазақтың біртуар азаматы, жазушы Бекет Өтетілеуовтен білім алып, оның тікелей басшылығымен әдебиетке деген құмарлығын шыңдай түсті. Бекет Өтетілеуов, бір жағынан, Абай салған реалистік жолдың, екінші жағынан, Алтынсариннің педагогикалық ұстанымдарының жалғастырушысы ағартушылық ағымның көрнекті өкілдерінің бірі болды. Ол бала Ғабиттің әдебиетке деген ыңғайын байқап, талабын ұштаған ағартушы-педагог қазақ әдебиетін заңғар биікке көтерген ұлы суреткердің қалыптасуында орасан рөл атқарды десе де болады. «Бекет менің қиссаға құмарлығымды білгеннен кейін, мені әдебиетке тарта бастады. Әуелі «Жиған-терген» деген өзі шығарған өлеңін берді. «Жиған-терген» маған өте ұнады. Бірақ «кәне, несі ұнады?» деп сұрағанда, мен оған жауап айта алмадым. Содан соң ол маған бір жетіге «Шаһымаран» қиссасын беріп, кейін ертегі ретінде түгел айтқызып шықты. Желілі әңгіме есте қалған екен, мен сүрінбей айтып бердім. Бір кеште, Бекеттің өз үйінде он шақты адамға тағы бір тыңдатты» [1.305] деп алғаш оқыған шығармасының өзін несімен ұнап, несімен ұнамағанын айтып беру үшін әдеби-теориялық білімнің қажет екенін ұғындыра білген терең психолог-педагогтың баланың көкірегіндегі титтей талантты ұштаудағы әдісін аңғарамыз. Осылайша, жазушының өз сөзінен байқағанымыздай, оның бала кезінен-ақ қисса оқуға құмартқандығы, халық ауыз әдебиеті мұраларын сүйіп оқығандығы көрініп тұр. Бұл да – жазушы шығармаларындағы фольклорлық дәстүрлердің қайнар көзінің неден бастау алғандығына дәлел болатын бір фактор. Мүсіреповтің әдебиетпен тікелей айналысуына түрткі болған адам – Сәбит Мұқанов. XX ғасырда өмір сүрген қос қаламгер өмірде де, әдебиетте де үзеңгілес болды, ұлттық әдебиетіміздің негізін салысқан саусақпен санарлық алыптар тобының бірегей тұлғалары болды. «Менің кітапқа құмарлығымды, азды-көпті сынай алатындығымды аңғарып, Сәбит маған – «жазуға кіріс» деп мазалап жүрді» [1.313] деп Ғабит «Автобиографиялық әңгімесінде» өзін жазуға алғаш итермелеген Сәбит екенін айтады. Міне, осы Сәбитпен бірге Орынбор рабфагында оқып жүргенде Ғабит алғашқы «Тулаған толқында» әңгімесін жазады. Жалпы, Ғабиттің әдебиетке келу жолын саралағанда оған игі ықпал еткен адамдардың бірі – ұлы Би-ағаң, Бейімбет Майлин екенін аңғарамыз. Ол туралы Ғ. Мүсірепов өзінің «Біздің Би-аға» әңгімесінде баяндайды. Мұның бәрін термелеудегі мақсатымыз – Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық жолының қалыптасуында кездескен ұлылардың шығармашылық дәстүрінің ықпалы, оның жазушылық позициясының да мақсатын айқындап бергенін айту. Ботбай, Бекет-сынды аға-ұстаздар Ғабиттің халық мұраларына деген қызығушылығын оятқан, таныған адамдар болса, Сәбит, Бейімбет сынды заңғар жазушылар – өздерінің шығармашылығын халық мұраларынан бөліп қарамаған суреткерлер. Фольклорлық мұраларды шығармаларының игілігіне жарата білген жазушылар. Ендеше, солардың игі ықпалы Ғабит шығармашылығындағы дәстүр жалғастығына әсерін тигізері ақиқат.
Ең алғашқы «Тулаған толқында» повесін жазғанда, Ғабит 25 жаста екен. Оның сөз өнеріне қызығушылығының ерте басталғанын жоғарыда атап кеттік. Бұл туралы ғалым Н. Ғабдуллин былай деп баяндайды: «Ғабит әдебиетке бала кезінен іңкәр болады, халықтың сан ғасырлар бойы сақталған асыл қазынасы – ауыз әдебиетін еліге тыңдап, көкейге ұялата береді. Егделерден естіген, қиял тербетер ғажайып ертегілерді, қызық оқиғалы қисса-жырларды жадына тоқып, жұртқа қызыға әңгімелеп беруді дағды етеді» [2.5]. Алғашқы әңгімесінен бастап қаламы шыңдала түскен жазушының шын таланты драматургия саласындағы еңбектерінен анық танылды. Ғабиттің фольклорға деген ерекше көзқарасы, сүйіспеншілігі оның осы жанрдағы қадамын халықтың төл туындыларын драмаға айналдырудан бастауынан байқалды. Сөйтіп, классикалық эпосты классикалық драмаға айналдырды. Әрине, драмаға аяқ баспас бұрын, жазушы проза жанрында қаламын ұштап алды. Сол прозалық шығармаларының өзінен драматургияға тән шиеленіскен тартыс, қимыл-әрекет, кейіпкерлердің түрлі диалогы, т. б. белгілердің болуынан оның сол жанрға икемділігі байқалып та қалды. 1934 жылы халықтық жырдың негізінде әуелі музыкалы драма деген атпен туып, кейін операның либреттосына айналған «Қыз Жібек» пьесасы, одан кейін, 1939 жылы нағыз классикалық драмаға айналған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясы жазылды. Мүсіреповтің драматургиясын ғалым Н. Ғабдуллин терең зерттеді. Ауыз әдебиеті шығар­маларының негізінде туған пьесаларды ол драмалық құрылысы мен жазылу мәнері тұрғысынан қарағанда .екі жікке ажыратып көрсетеді: «Негізгі өзегі ауыз әдебиетінде жатқанмен, драматургияның биік талабына сай жаңаша бітім, өрнек тауып, түпкі төркінге – драмалық оқиғаны ширата түсетін, дәуір келбетін танытатын соны әрекеттер қосылып, жаңа сапада туған шығармаларды бір топқа жатқызар едік; ал, ауыз әдебиетіндегі үлгіні драматургиялық қалыпқа ғана түсіріп, түпкі төркінді жөнді өзгеріске ұшыратпай, оқиғалардың фольклордегі желісін қуалай жазылған шығармаларды екінші топқа қосар ек» [2.21] дейді де, «Қозы Қөрпешті» бірінші топқа, «Қыз Жібекті» екінші топқа жатқызады.
Мүсірепов шығармаларындағы фольклор – жазушының көркемдік әлемінің тұтас бір жүйесі. Оның туындылары – автордың жеке өзінің фольклорлық теориясының өзіндік тәжірибесі іспетті. Ол үшін Мүсіреповтің көркемдік әлемінің тереңіне бойлап, оның тілінің «сыйқырына», яғни, тілдік стихиясына дендеп ену керек. Жазушы шығармашылығын зерттеген Н. Ғабдуллин, М. Бекбергенов, Ж. Смағұлов, С. Жұмабеков, Х. Әдібаев, т.б. зерттеушілер өз зерттеулерінде жазушы фольклоризмін оның дүниетанымының құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырып, өз зерттеу объектілерінің мақсат-міндеті түрғысынан атап өтті. Әдебиет дамуының әр кезеңінде фольклор толыққанды маңызды өнерді қалыптастыруда ең өміршең құрал ретінде қабылданды. Осы мұраны өз елегінен екшей қабылдаған әдебиет фольклорлық дәстүр арқылы, бүгінгі ғана емес, өткеннің де тамаша суретін аша білді. Белгілі бір ұлттық ортада өскен, өз халқының өмірін, тарихын, фольклорын жақсы білетін, туған табиғатын сүйетін әр суреткер халық творчествосының бай поэтикалық ауқымынан бөліне алмайды. Көркем сөздің тамаша зергері Ғабит Мүсірепов туралы да дәл осылай айта аламыз. Өз халқының рухани тағдыры туралы ойлардан бір сәт те ажырамайтын жазушының артына қалдырған әдеби мұрасы, ой-толғамдары, публицистикасы бұған дәлел. Суреткер өз шығармаларында фольклорлық амал-құралдарды, фольклорлық сюжеттер мен сарындарды, фольклорлық кейіпкерлерді аса шеберлікпен пайдаланған. Бұл әдіс – әрбір дамыған әдебиетке тән құбылыс. Белгілі фольклоршы-ғалым У. Б. Далгаттың: «…Имеют место индивидуально-творческой обработки, переработки, переложения фольклорных образцов, стилизация под народно-поэтические формы, когда писатель или поэт решает от себя заговорить на языке фольклора, создавая свои произведения в духе фольклорной традиции. При всем этом доминирующей формой системных отношений остается идейно-эстетическая, сюжетно-композиционная, эмоционально-семантическая трансформация фольклорных средств и явлений» [2.15] – деп жалғасатын жазушы фольклоризміне берген анықтамасында олардың фольклорға саналы түрде баруының әдеби-эстетикалық маңызы түсіндіріледі.
Ақын-жазушылар творчествосында фоль­клорлық мұралардың маңызды орын алуы, әдетте, олардың тәрбиеленген ортасына байланысты. Халықтың асыл мұраларының бастау көзінен сусындаған әр суреткер еріктен тыс фольклорға сүйенетіні әбден белгілі. Міне, Ғ. Мүсірепов фольклоризмі де, оның өмірбаяндық әңгімесінде баяндалатын бала кезден құмар болған қисса, ертегі, жырлардан бастау алып жатыр. Жазушы фольклорға сюжет құруда, образдар жасауда, жанрлар мен көркемдік құралдарды қолдану аясында иек артты. Сюжет – күрделі ұғым. Ол көркем шығарманың жанды өзегі, бүтіндігінің негізі десек, сол жазба әдебиеттің арқауы болған фольклорлық сюжет-өмірлік шындықты көрсетудің бірден-бір көркемдік тәсілі. Халық прозасының аңыздық, ертегілік, мифтік, батырлық сюжеттері, жекелеген фольклорлық сарындар Ғ. Мүсіреповтің көлемді прозасында сан салалы қолданыс тапқан. Қазіргі кезеңде прозаның өн бойында желі тартып жататын фольклорлық сюжеттер мен кейіпкерлердің бой көрсетуі оның проблематикасын ғана емес, көркем суреттеу мүмкіндігін де байытатын өміршең тәсіл болып отыр. Халық әдебиетінің сол мүмкіндігін терең түсінген жазушы прозасында бұл тәсіл бірде көзге анық байқалса, кейде шығарманың поэтикалық жігімен астасып бірден аңғарылмай да жатады. Бұл, әрине, өзіндік стилі қалыптасқан қаламгердің шеберлігіне байланысты болса керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мүсірепов.Ғ. Таңдамалы. Үш томдық. – Алматы: Жазушы, 1980. Т. 1.–542б.
2. Ғабдуллин.Н. Ғабит Мүсірепов – драматург. – Алматы: Өнер,1982. –192 б.
3. Далгат.У.Б. Фольклор и литература народов Дагестана. –М.,1962.
4. Пропп.В.Я. Фольклор и действительность. – Москва, 1976.

Гүлнар ОБАЕВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушысы

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. бейімбек майлин айт күндері әңгімесі реферат

Пікірлерге тыйым салынады.