ҚАЙТА ҚҰРУ САЯСАТЫ ҚАЗАҚҚА НЕ БЕРДІ?

  • 20.07.2015
  • 9850 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Үмбетхан Сәрсембин,
 философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі

Қайта құру жылдары деген тарихи атауды иеленген 1980 жылдардың ортасы мен 1990 жылдардың басындағы уақыт қазақ ұлтының өміріне де зор ықпалын тигізді. 1970-1980 жылдары Кеңестік саяси-экономикалық жүйе тоқырауға ұшырады. Нәтижесінде, саяси-экономикалық реформалар жүргізу қажеттілігі туындады. М.С. Горбачев КОКП ОК 1985 жылғы сәуір пленумында қайта құру саясатын жариялады. Ресей тарихшылары қайта құру жылдарын келесідей кезеңдерге бөліп қарастырады: 1985-1986 жж., 1987-1988 жж., 1989-1991 жж. Қайта құру жылдары туралы алуан -түрлі пікірлер де бар.  «Қайта құру» ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта тұсында пайда болған саяси-экономикалық атау.  Тарихшылар жазып жүргендей қайта құрудың мақсаты КСРО-дағы әміршіл жүйені реформалау болды. 


Қайта құру туралы сөз бастамас бұрын, ең алдымен Кеңестік үлгідегі тоталитарлық қоғамның адами дамуға жат болмысын зерделеуіміз қажет. Өйткені, қайта құру кеңестік жүйені дағдарыстан шығаруға жасалған талпыныс. Қайта құру саясаты Кеңестік жүйенің төл баласы. Қайта құру деген атау сол жылдары халыққа жақсы естіліп, үміт отын жаққанымен, мемлекеттің құлауына әкеліп соқтыруы заңдылық еді. Адами, ұлттық құндылықтарды аяқ асты еткен кеңестік жүйе іштей құлдырай бастады. КСРО Конституциясы іс жүзінде адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете алмады. Конституциядағы барлық халықтар тең деген сөз жүзінде қалды. Сөз бен істің қайшылығы, бюрократизм, конформизм секілді көптеген адам дамуына жат қасиеттер тамырын тереңге жайды. 70 жыл бойы орыс тілі ғана мәртебелі болды. Одақтас республикалардың барлығы шикізат көзі ғана болып, Ресейдің индустриялық алып империяға айналуына амалсыз қызмет етті.  Қазақ тілі қазақтар көп шоғырланған аудандарда ғана қолданыста болып, билік қазақ тілін керек етпеді. Қазақ болғаны үшін «ұялатын» ұрпақ қалыптаса бастады. Сөйтіп, орыстандыру саясаты қарқынды жүргізіліп, ұлт тарихы, ұлт мәдениетіне қарсы жойқын шабуыл жасалды. Бауыржан ағамыз «мен қазақ пен қазақтың орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын» – деп айтқаны өмір шындығынан туындады.  
Қазақ елінің әлеуметтік жағдайы да төмен болды. ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық  табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12% артта қалды. Сондай-ақ, рес­публикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болмаған. Мәселен, 1980-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69, Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, елімізде тек 352 дәрігерден келген. 1987 жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды. Экологиялық жағдай өте ауыр болды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шеккен аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті. Осындай ауыр жағдайда тұрған елімізге қайта құру саясаты не әкелді деген заңды сауал да туындайды? 
Қайта құру жылдарында да Қазақ­станның жоғарғы билік органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу өз жалғасын тапты. Мәселен, 1986 жылы 16 желтоқсан күні 18 минутқа созылған пленумда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев орнынан алынып, оның орнына Мәскеуден жіберілген Г.В. Колбин сайланды. Жергілікті халықтың пікірін ескеріп көрмеген өктем саясат қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған қазақ жастарының наразылығын туғызды. Желтоқсан көтерілісі қазақ тарихында ұлттық сананың серпілісі ретінде мәңгілікке қалды. Желтоқсан көтерілісінен соң кадрлық тазалау жүзеге асырылып, мәдениет пен баспасөз қатаң бақыланып, жоғарғы оқу орындарына студенттер Қазақстандағы ұлттардың алатын проценттік үлесіне сай қабылданды. «Қайта құрудың» алғашқы кезеңінде қазақ жастарының ұлттық рухының серпілісі өзге одақтас республикаларға үлгі болды. 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан көтерілісінен кейін Тбилисиде, Бакуде, Вильнюсте бірінен соң бірі баскөтерулер орын алды. 1989-90 ж. Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінің (ГДР, Польша, Чехословакия, Болгария, Венгрия, Румыния, т.б.) социалистік даму жолынан бас тартып, нарықтық қатынастарға көшкені белгілі. 
1986-1988 жылдары кеңес қоғамын жаңартуға бағытталған реформаларды енгізу әдістері алдымен жасырын басталғанымен, кейін ашық сипат ала бастады. Балама, көп мандатты сайлаулар бірінші кезекте ұлттық, аймақтық мәселелер мен мүдделерді ұсынды. М.С. Горбачев және оның айналасындағылар өз ұстанымдарын нығайту мақсатында партия органдарына да, кеңестерге де балама сайлау енгізеді. XX ғасырдың 80-жылдарынан кеңес қоғамында бұрын – соңды болмаған жаңаша ойлау, коғамдық-саяси өмірді қайта құру реформасы басталды. Қоғамды «демократияландыру» шаралары нәтижесінде,  1988 жылдан бастап Коммунистік партия тарапына сындар айтылып, жаңа қоғамдық ұйымдар құрылады. 1987 жылы тамызда тұңғыш тәуелсіз ұйым – әлеуметтік-экологиялық «инициатива» бірлестігі құрылып, рухани серпіліске жол ашылды. Тарихшылар сараптағандай қайта құру жағдайында бұқаралық ақпарат құралдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ашық айтып отырған. Себебі, жариялылық қайта құрудың ажырамас бір бөлігі деп қабылданған еді. Жариялылықтың арқасында халықтың азаматтық және ұлттық сана-сезімі жоғарылады. Қоғамда орын алған жұмыссыздық және өзге де әлеуметтік мәселелер төңірегінде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық жарияланған. Сөйтіп, халықтың саяси-әлеуметтік белсенділігі артты. Қайта құру жылдарында халқымыз өзінің төл тарихы, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу туралы мәселелерін қоя бастады.
1988 жылғы шілде-тамыз айларында өткен Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясында Кеңес қоғамының саяси жүйесіне реформа жүргізу қажеттігі айтылып, ең басты мәселе – халық депутаттары Кеңестерінің толыққанды өкіметін барлық жерлерде қайтадан қалпына келтіру көзделді. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 1930-40-жылдары және 50-жылдардың бас кезінде жазықсыз жазаланған ұлт зиялылары есімдері халқына қайтарылды. Әсіресе, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатов сынды алаш зиялыларының еңбектері халқына жетіп, ұлттық сананың өрлеуіне зор ықпал етті. 1989 жылы наурыз айында өткен КСРО халық депутаттарының І съезінде Г.В. Колбин одақтық халық бақылау комитетінің төрағасына  тағайындалып, Мәскеуге кетіп, оның орнына Н.Ә. Назарбаев сайланады. Сөйтіп, саяси өмірде болған өзгерістер ұлттық сананың серпілісіне одан әрі жандандырды. 1989 жылы қыркүйекте Республика парламенті «Қазақ КСР-нің тіл туралы заңын» қабылдап, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі беріледі. Осылайша, елімізде жүзеге асырылған демократиялық өзгерістер саяси партиялардың құрылуына ықпал етті. Мәселен, 1990 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы, «Азат» азаматтық қозғалысы, сонымен қатар «Алаш», «Желтоқсан» және т.б. саяси қозғалыстар өмірге келді. Қазақстанда көппартиялық жүйе қалыптаса бастады. 
1989 жылы КСРО Ауғанстаннан өз әскерін алып шығып, қазақ елі де үлкен қуанышқа бөленді. Себебі, аман қалған қазақ жігіттері де ауған соғысынан еліне оралды. Айта берсек, қайта құру­дың қазаққа әкелген пайдасы көп деген пікірдеміз. Қайта құру саясатының арқасында КСРО құлады. Қайта құру саясаты адамдардың көз жасымен құрылған КСРО-ның ыдырауына әкеліп соқтырды. КСРО тұсында қазақ елі көп қасірет шекті. Біз айтып отырған қайта құру жылдарында да бойларын ұлттық намыс кернеген қазақ жастары көп қиянат көрді. Қайта құру саясаты болмаса да ұлттық сананың серпілісі орын алар еді. Себебі, әділетсіз саясаттың халықтың ашу-ызасының шегіне жетуі, билік пен халықтың арасындағы алшақтықтың әлеуметтік бұлқынысты туындатуы заң­дылық еді. Қайта құру саясаты іштен іріп-шіріген жүйенің құлауын жылдамдатты. Алайда, КСРО қайта құру саясаты болмаса да құлайтын ба еді?! 
Қайта құру саясатының қазақ халқына әкелген жаман жақтары қандай деген сауал тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Қайта құру саясаты да қызыл империя саясатының жалғасы болғандықтан, қазақ мүддесін басты орынға қоймағандығы белгілі. Қайта құру саясаты КСРО-ның өзін-өзі сақтау үшін жасалынған саясаты екендігі белгілі.  

 

Алдыңғы «
Келесі »