Уақытша қиындықтан қалай шығуға болады? немесе кәсіпкерлерге кеңес

  • 20.07.2015
  • 8290 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Құрманғали АШАНҰЛЫ,
кәсіпкер

Әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстан мемлекетіне әсерін тигізіп жатыр. Қазақ елін әлемнен бөліп-жаруға болмайды. Кешегі санақ бойынша, елімізде халықтың саны – 16 миллион 400 мыңнан асыпты. Алтын-валюта қорымыз – 50 миллиард АҚШ долларын құрады. Үкімет қаржы­лық дағдарысты тежеуге тоқтатуға ІЖӨ-нің 14 пайызын құрайтын 18 миллиард АҚШ долларын бөлді. Ең бастысы, нарықтық жүйе экономикамызда толық қалыптасып, кәсіпкерлер жұмыс істеудің тәжірибесін жинақтауда. Бюджеттен бөлінетін шығындар әлеуметтік салаларға қысқармай, ал, керісінше, мемлекеттік органдар өздерінің шығындарын азайтуда. Бабаларымыз «Көппен көрген ұлы той» демекші, дағдарыстар тарихта болып тұрады. Оны біліп, оқып осы уа­қыт­та отандық кәсіпкерлер бастарынан қиыншылықты өткізіп жатыр. Өмір қиын­дықсыз болмайды, оны жеңе білу керек.


1. Қаржы дағдарысы кезінде мыңдаған адам жұмыссыз қалып, қысқарады (Оларды жұмыспен қамту мемлекеттік органдардың құ­зырында. Мен бұл проблемаға тоқталмай-ақ қояйын. Әркім өз ісімен айналысуы тиіс).
2. Көптеген шағын және орта кәсіп­орындар банкротқа ұшырап, жалға алып отырған офистерін өткізіп, қаланың шет аймақтарына көшуде.
Кәсіпкерлер ұсыныс пен сұраныстың азаюына байланысты қаржылық тапшы­лыққа тіреліп, жергілікті салық бөліміне барып жағдайын айтып, жұмыс толық жү­ріп кеткенше демалыс алуға мәжбүр болуда. Мысалы, Алматы қаласында 2008 жылдың соңғы екі айында 595 салық төлеуші 7 миллиард теңге салық төлемепті. Алкоголь өнімдері 40 пайызға кеміпті. Қонақүй, мейрамхана, шаштараз, халыққа қызмет көрсететін басқа да орындардың клиенттері бұрынғыдай емес, өте аз немесе сирек баратын болыпты. Мысалы, автомобиль жөндейтін В. Шебердің айтуы бойынша, бұрын кәсіпкерлер келіп өз автомобильдерінің  ақауын бірден сөзге қарамай жөндететін. Ал, қазір олардың бар­лығы келіп, автомобильдердің ақауын зерттеткізіп, қанша айға дейін шыдайтынын білген соң көбісі жөндетпей кетіп қалады. Цехта бірігіп жұмыс істейтін С. мен салық бөліміне барып: пеш дәнекерлейтін 5 шеберді тауарға сұраныстың жоқтығынан уақытша демалысқа жіберіп отырмыз. Өзіңіз білесіз, шебер дәнекерлеушілер табу қиын, олардың 20 жылдық тәжірибесі бар деп жағдайымызды айтып едік, салық бөлімінің бастығы түсініп, біздерге жұмыс жүргенше уақытша демалыс берді. Түсінген адамға пештің артында халық тұр, қақаған қыс тұр…Егер, қыста пеш жарылып кетсе, С. екеуміз жауап береміз. Дана халқымыздың «Сабыр түбі сары алтын» дегеніндей қаржы дағдарысы кезінде кәсіпкерлерге төзім мен сабырлылық керек. Бұрын жұмысын оңды-солды жүріп, күнделікті мол ақша тауып отырып, алам деген затыңды сатып алуға ақшаң жетіп, бір уақытта дағдарыстың кесірінен жұмысың жүрмей қалса, кәсіпкердің жан дүниесіне бірден әсер етеді. Оны кәсіппен айналысқандықтан басқа да, кәсіпкерлермен кездескенде бір-бірімізге айтып, ойымызды бөлісеміз. Тауарың бұ­рын­ғыдай өтпей, жұмысың алға жылжымай, қаржылық қиындықтар туындап, жұмысшыларыңды уақытша демалысқа жіберу, кәсіпкерге оңайға тимейтінін сезетін шығарсыздар. Мәселен, осы кезде кәсіпкердің ұй­қысы бұзылып, «не болар екен?» деген күдік, үрей, құлазу сезіміне бой алдырады. Бұрынғыдай белсенділік азайып, таныстарға баруға, кездесуге құлқың соқпай, өзіңмен өзің отырғанды қалайсың. Кейде әртүрлі шығындарға төлем төлегенде жүйкеңе күшті әсер етіп қалатын уақыттар жиі-жиі болып тұрады. Әлемдік экономиканың өсімі төмендеуде. Қазақстан ІЖӨ биыл бақандай 3,2 пайызға қысқарды. Үкімет бюджеттің шығыс мөлшерін 321 миллиард теңгеге қысқартты. Осы мен кейбір жазғыштар мен ғалымдарға түсінбеймін. Олар өз еңбектерінде шетелдік ғалымдардың еңбектерін қолданып, мысалға келтіреді. Қазір бізде де дағдарыс жүріп жатқан жоқ па? Алматы қаласында 62169 шағын және орта кәсіпорын тіркеліпті. Қар­жылық дағдарысты өзіміздің отандық кә­сіп­керлер басынан өткізіп жатыр емес пе? Сонда деймін-ау, жоғарыда аталғандар қасында тұрғандардан сұрамай, неге шетелдіктерге үйір? Біздің өз қазақстандық менталитетіміз бар емес пе? Неге олар Қа­зақстан кә­сіп­керлерінің жырын жырламады? Бюджетке салық төлеп отырған қазақ кәсіпкерлері емес пе?
Енді, өзінен-өзі сұрақ туады. Қаржы дағдарысы кезінде  кәсіпкер өзін-өзі қалай ұстап, не істеуі керек?
1. Кәсіпкер  уақытша қиындық кезінде өмірден үмітін үзбей, өзіне нық сенімді болып, жан-жаққа қарап, кімнің не істеп жүргенін, олардың жіберген қатесін, істеп жатқан былықтарына сараптама жасап, салыстырып отырғаны жақсы. 
Тапқан табысы маңдай термен, күні-түні жұмыс істеп, адал еңбекпен келгенін жиі-жиі еске түсіруі керек. Сол кезде қорқыныш пен үрей сейіліп, көңіліңіз бір көтеріліп, қалыпты жағдайға түсіп, сізден бақытты адам жоқ екенін сезінесіз… Бір күш пайда болып, жұмысыңызға құлшына кірісесіз. Алланың нұрынан кейін күн шығатыны анық. Дауылдан кейін мамыражай орнайды.
2. Көрші кәсіпкерлермен күнде кездесіп, ой бөлісіп, шер тарқатқаныңыз өте дұрыс әрі пайдалы. Сізді кәсіпкерлер ғана түсінеді. Себебі ол да уақытша қиындықты өз басынан өткізіп жатыр. Басқа саладағылар сіздің жай-күйіңізді түсінбейді, олармен қысқаша сөйлескен дұрыс.
3. Үйдегі бала-шағаға қаржы дағда­рысының уақытша екенін түсіндіріп айт­қан жөн. Олар жұмсайтын шығындарын үнемдесе, ұтпасаңыз, ұтылмайсыз. Кейін әрі қарай үнемдеп өмір сүруге қалыптасады.
4. Қаржы дағдарысына кәсіпкер кінәлі емес екенін есіне ұстап, жергілікті салық бөліміне барып, уақытты созбай, жүріп алмай, тезірек демалыс алсаңыз, ұтасыз. Себебі, бір істі бітіріп, көңіліңіз орнына түсіп, кәсібіңізді әрі қарай дамытуға кірі­сесіз. Жұмыс жақсы жүріп кетсе, салық бөліміне барып ескертесіз.
5. Қаржы дағдарысы кезінде кәсіпкер өте сақ жүруі керек. Осы кезде ұрлық-қарлық, алаяқтар көбейеді. Өз басымда болған оқиғаны айтып кетсем, кәсіпкерлерге сабақ болады. Мысалы, банктің алдында тұрған машинаның дөңгелегін тесіп, алаяқтар соңымнан еріп «мен жөндеп берейін» деп, сөзге айналдырып машинаның ішіндегі  бағалы заттарымды ұрлап алып, біраз әбігерге салғаны бар. Осылардан кәсіпкердің сақ болғаны дұрыс.
6. Әр кезде бойыңызды тік ұстап, еңсеңізді көтеріп жүріңіз. Қиындықпен күресе білу қажет. Егер, кәсіпкер уақытша қиындықта өмірдің жүгін көтере алмаса, кәсібі банкротқа ұшырап, кәсіпті ұстап тұра алмай, еңбегі зая болып, кейін өкінеді. 
Шығыстың ғұламасы Хафиздің айтқаны қиыншылық кезде кәсіпкерлерге ой салады: шыдамдылық пен бақыт мәңгілік дос. Егер, сенде төзімділік болса, бақыттың өзі сені іздеп табады. Әлемдік қаржы дағ­дарысына ислам тағылымы не дейді? Соған қысқаша тоқталсақ, кәсіпкерлерге артық болмас. Ислам қиындық болатын кездерде кәсіп­керлерді сабырлылық пен төзімділікке шақырады.
Қасиетті Құран-Кәрімнің Бақара сүре­сінің 155-ші аятында: Кейде бір қорқыныш – үрей төндіру, таршылық жасау, мал-жандарыңа кемшілік келтіру, өнімдеріңді азайту арқылы Біз сендерді сынға аламыз.
Осындай тауқымет келген шақта:
«Біз Алланың пендесіміз және оның алдына қайта барамыз» депті.
Сабыр сақтаушыларды (ей, Мұхам­мед),
Сен қуандыр, – деген екен.
Қаржылық дағдарыс – кәсіпкерлерге осы өмірде сын. Алла адам баласына байлықты мол беріп сынаса, енді бірде байлықты алып, тағы сынайды. Кәсіпкер қиындық кезінде сабырлылық көрсете білсе, оның бағы жанады. Ал, кәсіпкер осы кезде са­быр­лылық пен төзімділік көрсете алмаса, оның ісі жүрмей, банкротқа ұшырап, кәсі­бінен айырылады. Кім сабыр сақтаса, сол кәсіпкер уақытша қиындықтардан аман-есен өтетінін нық сеніммен айта аламыз.  Бұл – Құран-Кәрімнің сөзі.

Қиыншылық кезінде адамның көзқарасы
Қазақстан  тәуелсіздік  алған соң жаңа­дан либералдық нарықтық экономикаға бет бұрды. Әлемдік дағдарысқа дейін ұлттық экономикада біраз жұмыстар іс­теліп, бірнеше экономикалық реформа қабылданды. Сол қабылданған реформалардың арқасында 2001 жылдан 2007 жылдың арасында Ішкі Жалпы Өнім 10 пайыздық өсіммен аяқтап отырды. Соңғы 7 жылда Қазақстан әлемдік экономикаға кіруі былай тұрсын, елдің ІЖӨ 8 есеге өсіп, аяғына нық тұрды. ІЖӨ жан басына шаққанда 8400 долларды құрады. Экономиканың өсуінің арқасында мәдени мұраларға көптеп ақша бөлініп, Еуразияның қақ ортасынан Астана қаласы салынды. Қазақстанның беделі артып, шетел мемлекеттері әріптестері ретінде санасатын болды. Орта Азиядағы экономикасы күшті мемлекетке айналды. Қазақстанда кәсіппен айналысып, жұмыс істеймін деген адамдарға жағдай жасалған. Инвесторларға жұмыс істеулері үшін шектеу қойылмаған. Бұрын тек салықты төлеп, әлеуметтік салаға ақша бөліп, жергілікті жерде аурухана, т.б. әлеуметтік құрылымдар салумен шектелетін. Қазір басқаша. Оған қоса материалдарды сырттан әкелмей, жергілікті кәсіпкерлерге тапсырма беріп, солардан сатып алады. Жұмыс істейтін жергілікті кадрларды 60-70 пайызға дейін көбейтіп, оларды өздерінде дайындап оқытуға үлкен қаржы бөлуде. Бүкіләлемдік банк сарапшылары ТМД аймағында Қазақстан экономикасында тұрақтылық белгісі байқалып, Үкімет қиындықтан шығудың жолдарын іздеп, қаржыны нақты секторға бағыттап отырғандығын айтуда. Дағдарысқа дейінгі соңғы 7 жылда халық пен шенеуніктер ақшаның құнын білген жоқ. Мұнай мен металдың бағасы әлемдік нарықта ұшып тұрды. Соған байланысты жеңіл ақшалар көптеп нарықтың айналымына түсіп, құрылыс материалдары, үйдің, пәтердің, жердің, жылжымайтын мүліктің, жеңіл автокөліктің бағасы шексіз түрде уақытша болса, да өсіп тұрды. Қарапайым халық нарықтың құйтырқы келеңсіз жайын түсінбей, қымбат бағаға несиелер алып, осы жағдай мәңгі болып тұрады деп ойлап, алданып қалғандар қаншама  десеңізші. Дәл қазір өкінуде. Банкирлер халыққа шексіз қымбат несиелер беріп отырды. Халық олардың  қымбат несие пайызының көлеміне қарамай, оның кейін ай сайын қалай төлейтінін ойламай, қандай мөлшерде болса, сондай алып, алған несиелеріне экономикалық есеп-қисап жасамай, пайда беретін нақты кәсіпке салмай, уақытша шығыны бар той жасауға, жер, қымбат жеңілкөлік, пәтер, тағы басқа пайда бермейтін шығысы бар нысандарға салды. Бұл – әрине, шындық. Сол кездегі баға мен осы  кездегі бағаны салыстырып көріңізші. Арасы жер мен көктей. Аталған заттар жоғары бағамен болып тұрғанда несие алғандардың көбісі қандастарымыз. Осы болған жағдайларды сараптап, қорыта келе, елімізде болып жатқан дағдарыстың бір бөлігі деп толық атауға болады. Нақтылап айтқанда, республикадағы өзге ұлт өкілдері банктен несие аларда алды-артын ойлап, «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, несиені тек шағын кәсібін ашуға немесе оны әрі қарай дамытуға алады. Ал, өз қандастарымыз болса ақша қай күні қажет болған кезде қайтарымын ойламай, банктен несие алып, оның пайызының көлеміне қарамай, алдын ала есептемей ала беретіндері қатты қынжылтады. Мысалы:
1. Алған несиелерін шағын кәсіпке салса, сөз жоқ. Шағын кәсіптің қоғамға да, адамға да пайдасы мол. Шағын кәсіпті ешқандай дағдарыс ала алмайды. 
2. Ата-ана несиені балаларының оқуын төлеуге алса, ол кейін ата-анаға  100 есе қайтарыммен келеді. Ақшаны білімнен аямасын.
3. Алған несиені төрт түлікке салса, мал алып көбейтсе, үйде ақ мол болып, береке болады. 
4. Үйді, пәтерді банктен несиеге алса, өзін ақтар, жалға берер.
5. Несиеге жер алса, бақша егіп, іске асырады.
6. Көлік алса, жолаушы тасып, өзін-өзі ақтар. Бір банктен несие алып, оны жабу үшін екінші банктен несие алатындар көптеп саналады өз қандастарымыздың арасында. Кезінде ойланбай бірнеше банктен несиелер алып, оны уақытында қайтара алмай, несиені алардағы жалға қойған үй, пәтерлерінен айырылып қалып, пәтер жалдап жүргендер қаншама десеңізші?! Банктің алдында жүріп, келген адамдарды әдейі торып, қолдарына үш-төрт ұялы телефон ұстап «несие алып беремін» деп үстіндегі ақшаларын алып тайып тұратын делдал алаяқтардан сақ болған жөн. Жеме-жемге келгенде әлгі ортада жүрген делдалдарды кейін іздеп таба алмаймыз. Одан да тынышы, несие алады екенсіз, бірден банк қызметкерлеріне шыққан дұрыс. Банк қызметкерлері сізді дұрыс жолға салып, ақыл-кеңес береді. Банктен несие алып, той жасайтындар көбейіп кетті. Дүркіретіп той жасап, артынан айрылысып кетіп жатқандар қаншама десеңізші. Сол тойға кеткен ақшаларға екі жасқа үй, жиһаз, машина алып беріп, неге жағдайын жасамасқа?! Той өтеді, кетеді, екі жас қалады өмір сүру үшін. Екі жасқа әрі қарай өмір сүруіне тойға кеткен қаражатты үнемдеп жұмсаса, жас отаудың босағасы берік болып, ажырасу да аз болар ма еді? Қазір заман басқа, жастар көбінесе бірінші ойлайтындары – материалдық жағы. Заманға байланысты олардың жан-дүниесі, көзқарастары өзгеріп отырады. Бабаларымыз айтпақшы, «Той – құдайдың қазынасы» деп бала шыр етіп жерге түскеннен бастап аяқтанғанға дейін азамат болып, жеке шаңырақ көтеріп, ата-ене болып жасалатын тойларды ретімен жасауға мен қарсы емеспін. Бірақ, халық айтпақшы: «Арсызға алты күн той» демекші, үлкен ақсақалдарымыз 18 жылда ес жиып, етек жинауымыздың орнына өздері бас болып, тойды үдетіп, бәсекеге айналдырып жібергенін ешкім жоққа шығара алмас. Жастарға ақыл айтып, үлгі-өнеге көрсетудің орнына саңырауқұлақтай қаптаған ұлттық болмысымызға, ислам дінімізге жат туған күн, күміс той, алтын той, гаухар той, юбилейлердің түрлері, Валентин күні, қыз-келіншектердің  толып жатқан халықтың тәрбиесіне де, ой-өрісіне де кері әсерін тигізетін дарақылық, ысырапшылдыққа, имансыздыққа, жалған намысшылдыққа апаратыны белгілі. Қазіргі ұрпақ айрықша тарихи кезеңде өмір сүріп жатыр. Отбасы, бала тәрбиесі қоғамда жіберілген қателіктер болашақта үлкен орны толмайтын зардабын тигізеді. Оны өмірден көріп жатырмыз. Халқымыздың бойындағы нарықтық сана мен сауаттылық толық қалыптаспағандығы. Қандастарымыз өздігінен нақты кәсіпке бармай, құлдық психологиядан арылмай, нарыққа бейімделмей жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. Енді, халқымыздың бойындағы осал тұстарын ислам құнды­лықтарында да қатаң сыналып, тыйым салынып, жол берілмейді екен. Қазіргі қиыншылық кезеңде халық асылып-шашылатын заман емес. Тек қажетті той, мерекелерді жасайды. Қасиетті Құран-Кәрімнің ӘҒРАФ сүресінің 31-аятында нақты айтылған: Жеңдер, ішіңдер, төгіп-шашпаңдар, ысырапқорларды Алла ақиқатында ұнатпайды. Мемлекет те бюджетті үнемдеуге көшті. Ретсіз шы­ғындар азайып, қысқартылуда. Шетелдерде шағын машиналарға отыруда. Қаржылық дағдарысқа байланысты бүкіл әлем үнемдеуге көшіп жатыр. Кез келген заттың бір шегі болуы керек қой, бар екен деп шаша беру тек біздің халқымызға тән бе деп қаламын. Қаржылық дағдарыстың пайдасы мен жақсы жағы адам сана-сезімін өзгертіп, үнемдеуге көшіріп, аста-төкке, ысырапшылдыққа жол бермеуінде. Бұдан тәуелсіз еліміз де, халқымыз да ұтпаса, ұтылмайды. Қиыншылық кезеңнен өтіп, жаңа кезеңге халық басқаша көзқараспен қарап, жаңа экономикалық құрылыммен жұмыс істеп, қалыптасатынына толық сенімдімін. 

Қиыншылық кезде нарықтан кімдер кетіп, кімдер қалады?
Бүкіл әлем экономикалық дағдарыс қыспағында тұр. Қиындықтан шығудың жолын іздеп, бастарын қатыруда. Микро-макро экономиканы тұрақтандырып, инфляция қарқынын бәсеңдетуге бар күштерін сарп етуде. Ипотека Үкімет тарапынан бақылаусыз беріліп, сыртқы тауар айналымының көлемінің көбейгендігі сонша, оған тағы көлеңкеде жүрген есепсіз қаржыларды қосыңыз (Есірткі саудасы, қару-жарақ, жезөкшелік, адам саудасы). Осы кезде есепсіз ақшалар триллиондап жиналып, әлемдік экономиканы қыздырды. Әлемдік экономикада тепе-теңдік бұзылып, қыза-қыза келіп, үрленген көбікке айналып, шегіне жетіп жарылды. Әлемдік өндірісте өндірілетін өнімнің көлемімен салыстырғанда, айналымда жүрген АҚШ долларының сальдосы есепсіз триллиондап көбейіп кетті. Адам Смиттің «көрінбейтін қолдары» осы кезде жұмыс істемейді. Нарық өзін-өзі реттемейді. Мемлекеттер нарықтық экономикада либералдық саясат ұстап, банктердің, ипотекалық компаниялардың ішкі ісіне араласпай, қаржыны қадағалау органдары дұрыс жұмыс істемей, дағдарыстың алдын алу мәселелерімен айналыспады. Мысалы: АҚШ конгресі жақында экономиканы дұрыстау үшін 787 миллиард АҚШ долларын бөлді. Мемлекет үлкен-кіші болсын, қиыншылық кездері жұмсайтын алтын-валюта қорынан басқа валюта резервтері болады. Көбінесе әлемдік барлық мемлекеттер өздерінің валюталық резервтерін АҚШ-тың долларымен ұстағанды жөн санайды. Әлемдік тауар айналымы сауда жасасқанда мемлекеттер тек АҚШ долларымен есептеседі. Қазақстан азаматтарының көбісі өздерінің жиған ақшаларын үйде банктің депозитінде сақтағанда АҚШ долларымен сақтайды. Әрине, бұл – шындық. Қаржы институттарын атап айтсақ, Халықаралық валюта қоры мен Бүкіләлемдік банк өз клиенттерімен АҚШ долларымен есеп айырысады. Мысалы, жақында Қазақстан Қытайдан 10 миллиард долларлық несие алды. Қазақстан әлемде инвестиция құюға неғұрлым тартымды 20 елдің қатарына қосылды. Қазақстан мен Қытай өткен жылғы арадағы сауда айналымы 17,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Қытай мемлекеті бүкіл әлемді өздерінің тауарларымен жаулап алғанын ешкім жоққа шығара алмас. Қытайдың 2007 жылғы сыртқы тауар айналымы 2 триллион АҚШ доллары көлемінен асып түсті. Ақшаның көптігінен ел экономикасын қыздырып жіберді. Мысалы, құрылыс тоқтап, Пекинде былтыр ашылады деген бес жұлдызды отельдің тапсырылуы кейінге шегеріліпті. Алып елде де үлкен проблема болып, аз ғана уақытта 20 миллион адам жұмыссыз қалып, қаржылық дағдарыс үдеу үстінде. Бұдан ұғарымыз, әлемдік қолданыста жүрген қаржы-экономика жүйесінің әлсіздігін білуге болады. Әлемдік өндірісте өндірілетін тауардың көлемі қолданыста айналымда жүрген АҚШ долларымен салыстырғанда, тепе-теңдігі бұзылғанынан болып отыр деп айтуға толық ақылымыз. Әлемде болып жатқан экономикалық өзгерістерді, елімізде болып жатқан қиындықтарды көзбен көріп, оларды сараптай келіп, осы кезде тың идеялар байқалып, кәсіпкерлікте жаңа бір серпіліс, өзгерістер болатыны анық. Дағдарыс кезінде кәсіпкерлердің іскерлік сапасы айқындалып, кімнің жұмыс істей алмайтыны бірден анық білінеді. Біз сөзбен айтқанда, кәсіпкерлер сұрыпталып, табиғи сынақтан өтеді. Көптеген кәсіпкерлер қиындықпен бетпе-бет келген кезде күрделі жағдайларда қалып қояды. Себебі, нарықтың заңы қатал, ол ешкімді аямайды. 
Енді, өзінен-өзі сұрақ туады, кім ұтады, кім ұтылады? Көгілдір экраннан кәсіпкерлік тақырыбы жөнінде сөйлескеннен кейін кәсіпкерлер келіп, өз мәселелерін, басындағы кездесетін кедергілерді айтып, өз ойларымен бөлісіп тұру соңғы 5-6 жылда дәстүрге айналды. Мен де оларды жылы қарсы алып, білмегенімді олардан үйреніп отырдым. Көбіне келетіндер шағын кәсіпкерлер өкілі. Мысалы, дағдарысқа дейін жер мен үйдің, пәтердің саудасы қызып тұрған кезде көптеген қандастарымыз уақытша кәсіппен айналысып, жағдайларын жақсартып, түзеп машина мініп, үй алды. Қомақты қаржы жинады. Жинаған қаржысын, алған несиесін нақты кәсіпке салмай, жер мен үйдің, пәтердің бағасы түсіп кеткен кезде ұтылып қалды. Қазіргі қиыншылық кезде өкінумен болуда. Неге мен ақша бар кезінде дүкен, мейрамхана алмадым екен деп. 
Нақты кәсіп дегеніміз не? Ол кез келген дағдарысқа шыдас беретін, шығыны аз, күнде ақша аздап түсіп тұратын жылжымайтын мүлік: дүкен, дәріхана, монша, дәмхана, шеберхананың түрлері, одан да басқа қарапайым халыққа қызмет көрсететін шағын кәсіпорындар. Ұлттық компаниялар, ірі холдингтер, банктер, құрылыс компанияларына Үкімет қолдау жасап, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы көмек көрсетсе, әрине, ұтады. Мысалы, Үкімет «Альянс банкті» капиталдандырып, өз қарауына алды. Оны қожайындары әр акциясын 100 теңгеге сатты. Егер, логикамен ойласақ, күлкілі жағдай туғызады. Банктің бұрынғы қожайындары банк жүйесін ұстап тұра алмайтынын алдын ала болжап, артын ойлап, өз клиенттерімен, салымшыларымен, халықтың ақшаларымен (депозиттер) тәуекел жасағысы келмеді. Оның үстіне бұрынғы алған қарыздарын қайтару керек. Бұрынғыдай шетел банктерінен 3-4 пайызбен несие ала алмайды. Қазіргідей дағдарыс жағдайында банктерді тек мемлекет ұстап қалады. Орта және шағын кәсіпорындардың төлейтін шығындары көп болса, ұтылады. Ал, ай сайын төлейтін шығындар аз болса, сол кәсіпкерлер ұстады. Үлкен кәсіпорынға қарағанда, шағын кәсіпорын тезірек икемделіп өмір сүргіш болады. Шағын кәсіпорындар нарықтың сұранысына қарай икемделіп, реттеліп отыруға өте қолайлы. Ал, алыпты қалай реттейсіз? Үлкен кәсіпорынның проблемасы да үлкен, шығыны да үлкен. Кез келген кәсіпорын ол үлкен бе, ол орташа ма, ол шағын ба, шығындары шаш етектен асады. Мысалы, салықтың бірнеше түрлері – жалақы төлеу, транспорт, күзет, кеңсе тауарлары, банк шығындары, көгалдандыру, қоқыс, жарнама, телефон, одан да басқа тағы да алдын ала болжалмайтын шығындар толып жатыр. Енді, ең көп төленетін төлемді атап айтсақ: жарық, суық, ыстық су, жылыту жүйесі, канализация тарифтерін монополистер кәсіпкерлерге көтеріңкі бағамен сатып отыр. Осылай кәсіпорын үлкен болған сайын төленетін ақы миллиондаған теңгеден асып кетеді. Осы кезде кәсіпкерлер шығыны көп кәсіпорыннан құтылуға ұмтылады. Кәсіпкердің жұмысы жүріп жатыр ма, тауары өтіп жатыр ма, онда монополистердің шаруасы жоқ, төле дейді. Уақытында төлей алмасаң, айыппұл мен үстеме ақыны қосып тағы төлетеді. Маусымдық кезеңде кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап, жүрмей де қалатын уақыттар болып тұрады. Енді, осы шығындарға қарап, өздеріңіз қорытынды шығарыңыздар. Кәсіпкерлерге үлкен кәсіпорын ұстаған тиімді ме, әлде шағыны дұрыс па? 
– Жылжымайтын мүлікті жалға алып, кәсіппен айналысатын кәсіп­керлер дағдарыс кезінде ұтылады. Кезінде жылжымайтын мүлікті басып қалғандар дағдарыс кезінде кәсіпкердің жұмысы жүріп жатыр ма, онда олардың шаруасы жоқ, кәсіпкер жалға алған кәсіпорынға бөлінген мөлшердегі ақшаны уақытында төлей алмаса, оны тастап, босатуға мәжбүр. Егер, жұ­мысың жақсы жүріп кетсе, қожайын жалға беру бағасын көбейте қояды. 18 жыл ішінде өндіріспен айналыспай, тек жалға беріп отырғандар шағын кәсіптің дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет 18 жыл ішінде өндіріспен айналыспай, тек жалға беретін жекеменшіктің иесіне қатысты мәселесін қайта қарау керек немесе кәсіпкерге де, жалға беретін қожайынға да ортақ қолайлы бір өзгермейтін жалға беру бағасын белгілесін. Сонда барып шағын кәсіп елімізде дамиды. Бұдан қорытынды: дағдарысқа кәсіпкердің кінәсі жоқ, кәсіпкер де 18 жыл күні-түні жұмыс істеп, кәсіппен айналысты, олар да тәуелсіз елімізге өз үлесін аз да болса қосты. Үкімет шағын кәсіпкерді дағдарыс кезінде қолдамаса, олар алға жылжып, ізденіске бармайды. Бұдан мемлекет те, халқымыз да ұтылады. Менің ойымша, қиындықтар кезінде дағдарысқа дейінгі жұмыс істеп келген шағын кәсіпкерлерді жоғалтып алмауға күш салу керек. Дана халқымыз айтпақшы; «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» дегендей, жоғарыда айтылған ойларыма Үкімет тарапынан Мәжіліс, Сенатта қарап, бір нәтиже шығарады деген үміттемін.  

Алдыңғы «
Келесі »