ЖАЛҒАН ТАРИХ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ немесе Геродоттың Томириске (Тұмаарыс) неге бүйрегі бұрды?

  • 20.07.2015
  • 2551 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
ақын

Уақыт желбесігінде тербеліп туған төл тарихымыз тұлпарлар тұяғымен ғана емес ел мен жер үшін басын бәйгеге тігіп еңіреп өткен ата-бабалардың қаны­мен де жазылды. Солай болса да, біз науқаншылықтан қашан құтыламыз? Бізде бәрі де науқан. Ең аржағы сайлау да. Күлеміз бе? Жоқ, жылаймыз ба? Қашанғыдағыдай елімізде тарихты таразылау іскерлік, кәсіптіліктен гөрі қып-қызыл науқан туғызып, кім болса соған жарыса жазу кәдімгідей сәнге айналып барады. Әркім шолтиған қысқа көрпені өз ыңғайына қарай тартып қызу додаға түсіп жатқандай. Ілгері, кейінгі қазақ тарихында ақтаңдақ – тылсым тұстар аз емес екеніне ешкімнің де дауы жоқ. Маман тарихшыларының тұқшыңдаған тышқан тіршілігіне қарап қарын ашады. Неде болса Клио тәңірияның (муза) оларға өкпесі қара қазандай шығар. Әйтпесе, қайдағы бір тарихшысымақ Гога Хидаятов көпке топырақ шашып сандырақтағаны несі? «Қазақстан тарихшыларының барлығы жалған айтады, тарихта болмаған оқиғаларды ойлап шығаруда. Мәселен, Астана қаласында Керей мен Жәнібек хандарға ескерткіш орнатылып, оларды қазақ ұлты мемлекетінің негізін қалаушы ретінде дәріптейді, шын мәнінде олай болған жоқ». Бұл көкіп, ар-намысқа тиіп, көпе-көрнеу абыройды айрандай төгіп, жалпақ жалғанды шулатып жатқанда мәу деуге жарамай, жөндеп тойтарыс бермегендерден не үміт, не қайыр? Бұдан артық ары қарай ол қалай-қалай сүмірейтеді: «Қазақ тарихшылары эпос­тар негізінде тарих жазып жүр, ежелгі араб-парсы тілдеріндегі қолжазбаларды пайдалана алмайды, тек археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, сол арқылы тұжырым жасайды». Көлденең көк атты бүйтіп нығарлағанда қайтіп үнсіз қалуға болады? Әй, ұдайы кешігіп жүретініміз-ай!


Орыс саясаткері А.Крутов та отқа май құя түсіп, тағы да жанды сыздатады: «Алақаннан қалдықтарды жалап үй­ренгендер енді сол қолды тістегісі келеді».  Және жым-жырт. Сырттан шоқ-шоқ деп үсті-үстіне тоқпақтаса жонарқамызды тосып мәңгүрт адамдай қалғып-мүлгіп отыра беру бізге лайықты қылық па? Бала­панын қауіптен қорғайтын құс екеш құстай болмағанымыз ба сонда? Африка түйеқұсы да әлдеқалай қауіп-қатер төнгенде қам жасап басын құмға тығып қорғанбай ма? Бәлкім, әлгі секілді жүгенсіздерге бірден шоқпар мен гүрзі ала жүгіру керек емес болар. Бірақ, қашанғы есеміз кете береді? Мал да құрбандыққа шаларда тұяғын серіппей ме? Айналаға айбар көрсетіп, анда-санда қайрат-жігер жасытпай шындық шамшырағын кім жағады?!. Мен тыр­нақ астынан кір іздеп, ұрынарға қара таппай жүрген жан емеспін. Шындықты айтып шырылдағанда әркім ар мен ақиқат алдында дар ағашында тұрған­дай сезінуі перзенттік парыз. Алашорда абыз ақылманы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөздің ең ұлысы – тарихты» айтқанда нені меңзеді? Арнайы кәсіптік мамандығы болмаса да теміржолшы Мұхамеджан Тынышбаев, дәрігер Санжар Аспендияров ұлт тарихына неге барды? Халық алдындағы азаматтық парызы мен қарызын кім қалай өтеп жүр? Қарны қанша қаупиғанмен әлсіз тамыры қаңбаққа ызғар ықпалынан амал жоқ ықтасын іздетеді.
1
Санада сәуле жағатын тарих сан тарау: «Біздің Қазақстан тарихы сал ауруына шалдыққан адамның тарихына көбірек ұқсайды. Мәселен, бүгінгі жас ұрпақтың оқып жүрген Қазақстан оқулықтарында Қазақ хандығының пайда болғаны айтылады да, артынша ыдыраудың белгілері жазылады. Бұл дұрыс емес.  Сондықтан да, бізге дербес мемлекет ретінде, Ресейді қатыстырмай, тарихымызды өз алдына қайта жазуымыз керек. Ұлтты кемсіту – сол ұлттың шығармашылығын төмендету болып табылады» дейді бірде саясаттың сойылын соғып, енді бірде тарихшы болып тәлімситін Ә. Ғали, «Төл тарихымызды бұрмаламай, қайта жазуымыз керек» атты мақаласында. Басқалар одан қалыссын ба, әншейінде тау қозғалса да қозғалмайтын Қазақстан Халық әртісі Н.Нүсіпжанов та қолына амалсыз қалам алғандай: «Тарихтың тағылымын жоққа шығарып, өзім білемдікке салын­ған қоғамның алға басқаны жоқ. Санамызда, идеологиямызда ұлттық құн­ды­­лықтарымызды ту еткен нақты бағыт-бағдар болуы керек. Тіпті, қазір төл тарихымызды да көкпарға салып жібердік». Мәжіліс депутаты Б.Смағұлдың да бұл бас ауруына айналғандай: «Қазіргі «кәсіби» деп мақталып жүрген тарихшылар төбесінен төмен қарай алтын құйсаңыз да шынайы тарихты жазып шыға алмайды» дейді. Шынында, кімді болса да ой қажайтыны рас. Тарихымызды таразылағанда әлі безбен басы теңселіп тұр. Егер, осы салада тығырыққа тірелдік пе, одан шығатын шиыршық  жол қайсы? Бір кезде Марат Тәжин Мемлекеттік хатшы болып тұрғанда аталмыш тақырып бір дүркіреп басталды да артынан зым-зия болып, жым-жылас кетіп еді. Енді, оған қайта оралып, жапатармағай күш жұмсап жатқанымызға да шүкір. 
Әрине, шын тарих бізден басталып, бізбен аяқталмайды. Бұл жалғасын таба беретін ел-жұрт зердесінде жатқан жағдай. Оны кім, қалай оқиды? Біз тарихтан ащы сабақ алып жүрміз бе? Қазақ хандығының құрылуы хақында теміржолшы-тарихшы М.Тынышбаев: «Казахские ханы ханствовали в такой последовательности: 1)Джанибек (1456-1477), (М.Тынышбаев «История казахского народа» (стр.168) деп жазады. Неге екенін қайдам, кімге сүйеніп айтылғаны көмескі күйі қалды. Өзіне көпшік қоюды онша қаламай, биік азаматтық ұстанымнан мызғымай, айнымай мықтымын дейтін  жазушы-тарихшы М.Мағауин ойын сол төңіректе түйіндейді: «1456. Қазақ Ордасы құрылды. Ел бастаған Керей мен Жәнібек Шу, Талас алқабына ірге тепті.
1456-1470  шамасы. Керей хан билік құрды. Орда орнатты.
1465. Керей ханның туы астындағы жұрттың саны екі жүз мыңға жетті. 
1470. Керей мен Жәнібек Сыр бойына қайтып оралды. Түркістан өңірінің біраз аймағы Қазақ Ордасының құрамына қосылды.
1471-1480 шамасы Жәнібек хан билік құрды. Орда іргеленді. Сыр бойындағы кенттер үшін күрес басталды… Асанның шынында да ұзақ жасағанын байқаймыз. Жәнібек, Керейлермен бірге Шуға келерден бұрын, Ұлы Мұхаммедтің құзырында жүрген кезінің өзінде ол егде тартып қалған адам». С.Г. Кляшторный мен Т.И.Сұлтанов бұдан басқаша көзқараста: «…Керей мен Жәнібектің көшіп кеткен, дәлірек айтқанда, ұлыс адамдарымен бірге моғол ханы Есенбұғаның иелігіне көшіп келген уақытын 864/1459-1460 жылдармен белгілеу керек».Тарих ғылымдарының докторы Б.Кәрібаевтың ұстанымы: «Қазақтар туралы «Тарих-и Рашидиде» Мұхаммед Хайдар айтқан мәліметтер бойынша 860 жылдан 944 жылға дейінгі, яғни, 1456 жылдан 1537-38 жылға дейінгі кезеңді қамтиды… Жәнібек ханның билігі 6-7 жылға созылды. Оның тұсында хандық тарихында үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болды». Түгел түркі дүниесінің тұтастығын аңсап, шет ел асып, өткір ұстара жүзінде күн кешкен қажымас қайраткер Мұстафа Шоқай айтады: «Тарих рақымсыз. Ол ғұламаны да, білгірді де, өнер иесін де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердің бәрін езіп-жаншып жүре береді. Тарих заңдары кері қайтуды білмейді және оны жаратпайды». Б.Қойшыбай, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты: «Біз, қазақ ежелден… Өзіңді өзің тану тәжірибесінен» деген жұмысымызда мемлекетіміздің ірге­­тасы 1456 жылы қаланғанын дәйек­теу­ге едәуір көңіл бөлінген еді». Оның сы­ғындысы – «Елімізге – 555!» деген тақырыппен мерзімдік басылымдарда» жарияланды. Қазақ Кеңес энциклопедиясы: «1456-1457 жылдарда қалмақтардан ойсырай жеңілуге байланысты күшейе түскен бұқара наразылығын Әбілқайыр дұшпандары – Шыңғыс әулетінен шыққан сұлтандар, Ақорда билеушілері: Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей шебер пайдаланды». Нұрсұлтан Назарбаев, Елбасы: «Тарихсыз болашақ жоқ! Ұлы далада күллі Еуразия құрлығын уысында ұстаған талай алып мемлекеттер болған. Ұлан-ғайыр кеңістікті ен жайлап, еркін билеп төстеген айбарлы халықтар өмір сүрді. Бүгінгі Қазақстан сол бабалардың заңды мұрагері. Адамзат тарихында қазіргі қалыптағы мемлекет үлгісі тек соңғы бірнеше ғасырда ғана пайда болғанын білеміз. Бұл кез біздің халқымыздың  бостандықтан айырылып, бодандыққа түскен мезетіне тап келді. Көк түріктер мен Алтынорданың ай­барын айтпағанда, Қазақ хандығы – біздің елдігіміздің түп-тамыры!» З.Қи­­­наятұлы, тарих ғылымдарының докто­ры: «Сыртқы жаулары былай тұрсын, ішкі қақтығыстарын реттей алмай жатқан Әбілқайыр 1456-1457 жылдары Сығанақ (Сығнақ – А.Н.) түбінде болған шайқаста Өз-Темір тәйші қолынан жеңіліс тауып, Сығанақ қамалына қарай шегініп, Ойраттардың қойған шартын қабылдауға мәжбүр болды». Мұхаммед Хайдар Дулати 1541-46 жылдары, яғни, Қазақ хандығы құрылғаннан тоқсан жылдай кейін Қашмирде жазылған еңбегінде бұл оқиғалардың анық-қанығына өзі де күмілжіп жауап береді: «Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң Өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. 
Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдардан басталады. (Алла жақсы біледі) 940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді» («Тарих-и Рашиди» («Хақ жолындағылар тарихы»), Тұран, 2003 жыл, 110-бет).
Ендеше, Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазуларына барлығымыз сілтеме жаса­сақ, ол қазақ сұлтандарының Моғолстан ханы Есенбұғадан енші жер алғаны рас болса (1462 жылы өлді), қайтыс болған соң ынжық баласы Досмұхаммед таққа отырып, тек 1469 жылы Шағатай үрім-бұтағы Уәйістің үлкен баласы Жүністің ыдырай бастаған ел тізгінін ұстайды. Аңыз бойынша бұл уақытта Бәйдібектің кіші баласы Дулат бек  хандықтарда уәзір болып қызмет етті. Қазақ хандары достық, тату-тәтті  қарым-қатынас орнатты. Олай болса 1465 жылға дейін Керей мен Жәнібек ай қарап жүрді ме? Егер, М.Х.Дулатидің өзі «Хақ жолындағылар тарихында» күмән келтіріп, «Алла жақсы біледі» деп әрі-сәрі болып отырса, біздің оған да шүбәмен қарауға хақымыз бар. Сонымен, Қазақ хандығы қашан құрылды? 1456 жыл 1460 жыл. Әлде, 1465 жыл. Сонда қалай? Бонн университетінен   Нұрлан Кенжеахмет («Қазақ әдебиеті», 121.11.2014 ж.) келтіретін кейінгі тың деректерге сүйенсек, Еуропа елдеріне 1440 жылдан, Қытайдың Мин Шилу жазбаларында 1453 жылдан әлем саяси сахнасына шыға бастаған қазақ хандығы туралы мағлұматтар қайда қалады? Бүгінгі бар, бәрін саралағанда, қоғамдық-әлеуметтік пікірге құлақ аспай қазақ хандығының құрылуын белден басып, құйқылжытып, қолдан уақытын ары-бері жылжытқаннан пайда шамалы. Ол кісіге не үшін қажет екені ойға қонбайды (Ана бір жылы Түркістанның іргесі қалан­ғанына 2000 жыл бола тұрып, 1500 жыл толу мерейтойы асығыс-үсігіс атап өтіл­ді). Енді, ұлттық мемлекеттілігіміздің түп-тамырын нақты айқындап, қазақ хан­­­­дығының құрылғанына арнайы күн (Ата­заң, Тәуелсіздік, баспасөз күндері сы­қылды) белгілейтін күн келді. Бәрін саралай келгенде, Қазақ хандығының құры­луын 1460 жылы Тұл­парсазда  Керейді хан көтерген көктемнен бастаған жөн сы­қылды. Ешкімге де обал болмасын. Еті тірі Жәнібектің жөні басқа. «Бабырнамада» Әмір Темір туажатының (бір қарындасы Рукоия Сұлтан бегімнің Жәнібек сұлтанға ұзатылып, одан екі ұл туып, олардың ерте қайтыс болғаны туралы қызық мәлімет  бірнеше мәрте кездеседі. Сөйте тұра, өз замандасы Қасым ханның Шағатай әулетінен тағы бір Нигер ханымды алғаны туралы бір ауыз сөз жоқтығы (Заһир ад-Дин Мұхаммедтің шешесі – Құттық Нигар ханым мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің шешесі – Құб Нигар ханым – апалы-сіңлілер. Екеуі бөлелер) ойға қалдырады. Біз қазақ хандығының түп-төркінін түгел танып біттік пе? Жәнібек ханның жай-күйі әлгідей болса, Керей хан мүлде жұмбақ жан. Астанадағы тарих институтының директоры Б.Аяған оны Ақордадан жүз шақырым жерде жерленді (ешқандай қисынға кел­мейді), тағы бір танымал тарихшы оның сүйегі Хан тауының үстіне қойылды дегенді ұстанады. Егер, енжарлық сонша етек алып кетпесе екі хан да Созақта тегістеліп кеткен ескі қорымда жерленгенін білетін көнекөз қариялар табылып қалатынын айта кеткен абзал. Дегенмен, нақтылап, дәлелдеп бір тоқтамға келетін кез келді…
Солардың бәріне қарағанда анау айтқан тарихшы болмаса да ақиқат алдында тақ тұрып, орынсыз көлеңке-тасада қала беретін емші-дәрігер бар.  Ол – Өтебойдақ Тілеу- қабылұлы. Еңбегінде 1050 дәрі мен 4577 тапсырыс-ұстанымның таза тізімін келтіріп, қоғамдық-әлеуметтік оқи­ғаларға сипаттама береді. «Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым-иіртек (қазіргіше жылан), сексен беске келдім. Бойым ұзын, қараторы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды,  ұзын қасты, кем сөзді жанмын» деп өзін сыпайы таныстырып өтеді. Өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыратын оның мәліметтеріне ден қойсақ, ол 1397 жылы туып, 1465-1466 жылдары Жәнібек ханмен  жүздесуге келгенде пайғамбар жасынан асып жетпісті алқымдап қалған болып шығады. Әбусайдтың (Жәнібектің) тілек-жарлығымен «Шипагерлік баянды» жаза жүріп, өз өтінішімен қазақтар жеті атаға дейін қыз алыспауын жүзеге асырғызады. Оның тап бүгінгі нақты нәтижесі мен өмір тәжірибесіне тамаша арқа сүйенгені ғылыми ортаны дерек-дәйектілігімен қайран қалдырады. Өзін жарнамалағанда «жоғары білікті ұстаз» дейтін, тарихшы да емес, басқа да емес Айбол Битуғанов атты азамат «Алматы ақшамындағы» (9 маусым 2015 ж.) мақаласында ешқандай дәлел-дәйексіз «Ол кезде жасы үлкенді сыйлайтындықтан, алғашқы хан болып Керей Болат Сұлтанұлы таққа отырған. Өзі хандық құрған 1465-1474 жылдары ол қазақ сұлтандарын өзіне жақын тартып, жерін, елін біріктіріп, бір тудың астына жинауда көп еңбек сіңірген» деп келеді де: «Керей ханнан соң оның ағайын-туысы Жәнібек Барақұлы 1474-1480 жылдары хандық құрғанын» айтып жаңалық ашады. Бүйтіп сонша даңғазалап жұртты шатастырудың керегі не? Олардың Әбілқайырдан бөлініп, Моғолстан ханы Есенбұғадан (ол 1462 жылы өлді) Қозыбасыдан меншік жер алғаны оның тірі кезінде емес пе еді? Мәссаған. Бұл не? «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмай тұр ма? Даңғаза дүние шат-шәлекейге түсіп, жатқанда жақында екі жүзге тарта мемлекет тұрғындары арасында АҚШ жағрапия қоғамы жүргізген сараптамада 4,57 коэффициентпен қазақтар қан тазалығы мен жан сұлулығы бойынша көш бас­тап тұр. Бұдан соңғы орындарда ретімен бразилиялықтар, кубалықтар, итальялықтар мен испандықтар жайғасыпты. Бұдан бұ­рын қазақтардың хан тазалығы туралы тамсанып, Оңтүстік Корея оқымыстылары да айтқан болатын. Осындайда «Көрмес түйені де көрмейді» дейтін мәтел еске түседі. Құдай күпірлікті өзі кешірер, біздің тарихшылар, тіпті, аз оқып, түк іздемейді-ау дейтін дүдәмал ой беймазалық туғызады. Әйтпесе, осы «Шипагерлік баянда» тайға таңба басқандай етіп, Жәнібектің сұсты сұрағына Жиреншенің Айбар (Барыс) жылы туылып, жасы қырық беске келгені (яғни, 1420 жылдар шамасы) анық айтылмай ма? (Ел аузындағы Жиренше, Қарашаш және әз-Жәнібек әфсаналары да бұны айқындап тұрғандай). Бұл кезде көші-қон саябырсып, түтіні тіке көкке шаншылып, Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлаған сәттер әлдеқашан аяқталып, Жәнібектің таққа нық отырып, кемеліне келген кез. 1475 жылы Өтебойдақ Тілеуқабылұлы бітірген «Шипагерлік баянды» оқыс шапқыншылық салдарынан Жәнібектің өзіне көзбе-көз тапсыра алмайды. Олай болса жүз жылдай бұрын ғұмыр кешкен Алтынорда соңғы ханы Жәнібек пен Қазан хандығының ірге тасын қалаған Ұлы Мұхаммедтің тұстасы әйгілі Асанқайғы мен Жиреншені шатастырудың ешқандай жөні жоқ. Соншама жер жыртығын жасап, қанша ұзақ жасағанмен ол, Асанқайғы Керей мен Жәнібек құрған жаңа мемлекеттің ұраншысы, ақылшысы бола алмайды. Кей дерек көздеріне нанар болсақ, оның ұлы Абат пен Жәнібектің баласы Бердібектің жастары орайлас, құрдастар. 1334 жылы мезгеу (мамыр, басында Бестаудағы (Пятигорск) Өзбек ханның ордасында болған араб жиһанкез-саяхатшысы ибн Баттута: «Орасан шатыр ортасында алтынмен апталып, қымбат асыл тас­тармен әшекейленіп хан тағы орналасыпты. Оның аяқтары нақыра күмістен жасал­ғаны көрініп тұр. Өзбек-хан ортасында отыр да, оң жағында бәйбішесі Титиглі (Тәттігүл – А.Н.) ханша мен Кебек қатын, сол жағында – Баялун мен Арашы қатындар жайғасыпты. Тақ алдында Өзбек-ханның балалары: оңында – сүйіктісі әрі мұрагері Тыныбек, ортасында – қызы Иткүшік, сол қол жағында – Шейх ибн Әбді аль-Хамидтің шәкірті – Жәнібек» деп сүйсіне жазды. Алмағайып ол кезде билік басына келу үшін ағасы Тыныбек пен інісі Қыдырбекті өлтіртіп, әкесін арандатып ажалына араласқан Жәнібек әлі жасөспірім болатын. Өкінішке қарай, бұл жазбада Асан Сәбитұлы туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Жастайынан қулық-сұмдықты сауып, у төккен адам қалайша әз Жәнібек атала алады? Гаммерге сілтеме жасап, жазатайым жаза басқан М.Тынышбаев та, қазақ әдебиеті тарихының өткені, бүгіні мен болашағына немқұрайлы бей-жай қарай алмаған Сәкен Сейфуллин де 1931 жылғы жазған еңбегінде қатты қателесіп оған сілтеме жасап жүр. Төл тарихқа қатысты үш Жәнібек төбе көрсетеді: алғашқысы Алтынорда соңғы хандарының бірі болса, екіншісі Әбілғазы баһадүрдің «Түрік шежіресінде»: «…Әбілқайыр ханның екінші ұлының аты Қожа. Мұхаммед өзбек оны «Қожығым – тентегім»  дер еді. Оның ұлы Жәнібек хан, ол ақылсыз кісі еді» десе, үшіншісі Қазақ хандығының іргетасын қаласқандар қатарындағы – Жәнібек (Әбусайд). Бұларды өзара шатастырып, бір-біріндегі жақсы қасиеттерді әрқайсысына телитіні сол себепті. ІІІ Василийге бас иіп, Қажытархан мен Қырымда аз уақыт хан тағына отырып, кейіннен Ковнода қайтыс болатын осы Әбілқайыр немересі.
Жастарға қаншалықты сенгенмен саламатты санаға көр-жерді тықпалай беруге болмайтынын уақыт көрсетіп келеді.

2

Тарих кімдер үшін жазылады? Қараша халыққа ма, жоқ әлде патшалар, корольдер мен хандарға арналған жылнамалар жиынтығы, шежірелер шоғыры ма? Алып сары құрылық Азия біраз халықтарының маңдайынан шертіп шежіресін түзген Иранның әмбебап атақты оқымыстысы Рашид ад-Дин, Фазаллах ибн Абуль-Хайр Хамадани (лақап аты – ат-Табиб – дәрігер) өзі «Жами ат-Тауарихты» Шыңғысхан ұрпағы Абаға-ханның (1265-1282жж.) тұсында оның қолқалап тапсырысымен орындаған жоқ па еді? ХҮІІ ғасыр басында ханзада қасындағы қарашасы болған Қыдырғали (Қадырғали) Жалайри «Жылнамалар жинағын» Ресей билігі басындағы Борис Годуновқа: «Барлық христиандардың патшасы жоғары мәртебелі Борис Федорович ұлы Бек, ақ хан Сіз! Барлық отырған, мақтауға лайықсыз. Сенің қайырың таусылмас, қазынадағы малың түгесілмес, төрт тарапқа тарқатып берсең де еш кемімес. Кімде кім сенің шарапатыңа ұшыраса өлсе де өкінбес» деп көпшікті көп қойып, сыйлағаны шығыс шежірешілерінің үрдісін ойға оралтады. Он үш жыл ащы маңдай терін төгіп, көз майын тауысып «Орыс мемлекетінің тарихын» жазған жазушы Н.М.Карамзин: «Всемилостивейший Государь! С благоговением представляю Вашему императорскому Величеству плод усердных, двенадцатилетных трудов. Европа свободна, и глава Александрова сияет в лучезарном венце бессмертия. Государь! Если счастье вашего добродетельного сердца равно вашей славе, то Вы счастливее всех земнародных.
История народа пренадлежит Царю. 
Николай Карамзин. 8 декабря 1815 год» деген жағымпаздық  лебізін жазбаса көңілі көншімейтін бе еді? Арнаусөз неғұрлым жылы болса,  соғұрлым жұмыр басты пенденің жүрегін жібіте ме? Н.М.Карамзин кездейсоқ таңдалған жоқ. Таза орыс мүддесі мен ұлттық тұрғыда туған он екі томдық туындыны қауым жылы шыраймен қабылдады. Оның ішінде кімдер жоқ еді. А.С.Пушкин: «История государства Россиского» есть не только создания великого писателя, но и подвиг честного человека». Н.В.Гоголь: «Карамзин представляет, точно, явление необыкновенное. Вот о ком из наших писателей можно сказать, что вес исполнил долг, ничего не зарыл в землю. И на данные ему пять талантов истинно принес другие пять». Ізінше ол Еуропаның біраз тіліне тәржімеленді. Шығарма французша аударылғанда оған осқырып, Маркиз Астольф де Костин азар да безер болып, өре түрегелді: «Егер өздері соншалықты әспеттейтін тарихшының еңбегін оқуға қатаң тыйым салуды патшадан жалынып сұрар еді» десе, елші Мари Даниэль Корберон да тоқсан ауыз сөздің аяғын тобықтай етіп түйіндеп, тоқ етерін айтады: «Ресейде өмір жақсаратынына сенген адам қатты қателеседі». Бұлар жалғыз жарымның пікірі емес. 
Қай кезде де қалам иесі – шындық құлы. Адамзат тарихы атасының ерен еңбегі құрақ көрпедей құрастырылса да замана заңғарында аласармай мәңгілік тұғырында тұр. Өйткені, ол ақиқаттың  ала жібін аттаған жоқ. Сонысының өзімен Геродот ғылымға, соның ішінде Клиоға танытып, үздік үлгі мен өзекті өнеге  көрсетті. Тақырыпты бұрмаламай, оның Томириске (Тұмаарыс) сонша неге бүйрегі бұрды? Шалғы тасқа шабылып, жүзі майырылып, ұлы тарихшы қыңыр қоғамнан қанша қиянат көрсе де Құдайдан қорыққандай. Бірнеше жыл өздері тағы, жабайы санайтын көшпелілер арасында тұрып, олардың өмірін зерттеп, бассақтар (массагеттер) тұрмыс-тіршілігінің тынысын сүйіспеншілікпен баяндап, ұрпақтарға ұсынды. Ел мен жерге, оның түлегіне деген ана махаббатының қандай қарудан да күшті екенін алға тартты. Біздің базбір тарихшылар басын бәйгеге тігіп, ерлікке бара-бар еңбекке бара ала ма?
Бірде тым бейуақытта Ермұхан халық қаһарманы Баукеңе (Бауыржан Момышұлы) қоңырау шалып, шаруалар көтерілісінің көсемі Е.И.Пугачевтың қосағы қазақ қызы болғанына құжат тапқанын қуана хабарлапты. Ол түгілі бас көтеруге белсене қатысқан қазақтар мен башқұрттар туралы зейін қойып зерттелді ме? Жабулы қазан жабулы күйінде қалған қаншама тақырыптар күтіп тұр. Тарихнаманың қаншама беттері бізден бүркемеленіп жатыр. Орыс рухын көтеретін бір қолжаулық генералиссимус Александр Васильевич Суворов басқарған әскерилер аса қатыгез жауыздықпен қарусыз ноғайларды бала-шағасына қарамай қынадай қыр­ғаны неге айтылмайды? Тарих әр әуесқой естелікке алатын тәбәрік, та­ғатын бойтұмар емес. Оның өз суасты ағыстары мен тегеурінді толқындары жетіп артылады. Демек, қазақ хандығы мен кешегі күндей күркіреп өткен екінші дүниежүзілік соғыс жайындағы ақтаңдақтар аз ба әлі?..

3

Бұл өзі не болып барады? Бір шаруа тындыра алсақ үлкен іс бітіріп, жау бетін қайтарып қайтқандай күпінетін болыппыз. Тарих өзіне жеңіл-желпі ат-үсті қарауды кешірмейді. Қай салада болсын дақпырт (долбар), парықсыздық пен дарақылықтан алдымызға жан салмайтын болып барамыз. Жалған тарих жарға шығады. Тек хандар ғана емес, қалың қарашаның (халықтың) қамын жейтін кез жетті. Сүрең салып той тойлау жақсы, әлбетте, анда-санда ой ойлау да ғанибет. Микеланджело айтпай ма? «Ұйықтау жақсы, тас болу одан артық». Өз алаңғасар құнтсыздығымыздан көп қасиетті құндылықтарымыздан бірте-бірте айырылып бара жатқанымыз жанға батады. 
Ежелден әдебиет пен тарих егіз. Олар бірін-бірі толықтырып, қыранның қос қанатындай тұтасып, ел-жұрттың рухани қазынасына айналып келеді. «Илиада», «Одиссея» мен «Тарихты» бір-бірінен бөліп қарауға бола ма? Мұх­тар Әуезовтың «Хан Кене» драмасы, Е. Бекмахановтың «Кене-Наурызбай кө­те­­рілісінің  халықтық сипаты» мен И.Есенберлиннің «Қаһар» романы әр жанрда туса да шындық пен шеберлік туын желбіретті. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы, Тәкен Әлімқұловтың «Көкқаршыға» әңгімесі мен Сәкен Жүнісовтың «Ақансері» романдары бір-біріне көлеңке түсірмейді. Қожаберген жырау мен С. Сматаевтың «Елім-айы» қандай құбылыс! Оларда  өмір мен тарихи тақырып жымдасып шынайы шешіледі. Шабытты шығармалар бір дәуірден сыр шертсе де өзіне тартып тұратын не сиқыры бар? Сол бізде парықталды ма? Мақтанышпен айтуға болады. Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа туындылар  аз жазылған жоқ. Соларды әзірше көңілге тоқ санап, сараласа қандай! «Әттең, іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» деп жылайды екен бір пақыр ертеректе. Сол сықылды. Бізді алда әдеби, тарихи асулар алдарқатып шақырады. Құпия құздар мен жұмбақ жартастардың зәу биігіне екпіндей ұшып қыран да, ерінбей жылжып жылан да шығады. Бір шоқып, екі қарайтын кез көп. ЮНЕСКО мамандарының есептеуінше, қазіргі Қазақстан жер көлемін, әгәрки, игілікпен жөндеп игере алсақ, 1 миллиардқа дейін адамды асырап, бағып-қаға алатындай мүмкіндік туатын сыңайлы. Қисынды. 
Тәуелсіздік – Тәңірдің тарихи тарту-таралғысы. Тойлап жүріп, соны бар жан-тәнімізбен қорғай аламыз ба? Ертеңгі  күн бізді не күтіп тұр екен?!

Алдыңғы «
Келесі »