ТРАНЗИТОЛОГИЯ – ЖАҢА САЯСИ ІЛІМ

  • 20.07.2015
  • 8715 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Раушанбек Әбсаттаров,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 
саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедасының меңгерушісі, профессор

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғы­лыми еңбектерінде және Қазақстан хал­қына Жолдауларында елдердің тота­литаризм мен авторитаризмнің саяси жүйесінен демократия жүйесіне  өткендерін және өтетіндерін атап көрсеткен еді. Осы тұрғыдан транзитология мәселесін зерттеу өте өзекті және маңызды.  Бұл мәселе саяси ғылымда жете зерттелмегендігін айта кеткен жөн. Әрине, бір мақалада бұл мәселені жан-жақты толық қарастыру мүмкін емес. Сондықтан, осы мақалада транзитология проблемасының кейбір саясаттанулық аспектілері қарастырылады. 


Транзитология – тоталитарлық және авторитарлық саяси жүйелерден демократияға ауысуды жүзеге асырып жатқан елдердегі саяси үдерістерді зерттейтін жаңа саяси ілім.  Транзитология саяси жаңғырту теориясымен тығыз байланысты. Олар теориялық-әдістемелік жағынан өзара жақын. «Транзитология» термині – латынның «transitus» деген сөзінен шыққан, «өту», «жүріп өту» дегенді  және грек тілінде «logos», «ілім» дегенді білдіреді, яғни, екеуін сөзбе-сөз қосып айтқанда транзитология (транзиттану) ілімі болып шығады. Демек, транзитологияның өзіндік ерекше пәні бар. Бұл пән әр түрлі ғылымдардың аясында  пайда болғанмен, оларды қайталамай-ақ, транзитология ілімін оқып-үйренуге әбден болады. Транзитология ерекше ғылыми бағыт ретінде екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы демократизациялау үдерістерін зерттеу нәтижесінде қалыптасты. Бұрын да демократиялық режимдер болған елдерді демократияландыру мәселелері алғаш рет Германия мен Италиядағы тоталитарлық фашистік режимдердің қал­дықтарын реттеуге, Жапониядағы авторитаризм мен милитаризмнің салдарларын жоюға байланыс­ты соғыстан кейінгі жылдарда пайда болды.  Бұл елдер бұрыннан индустриалды тұрғыда дамыған,  сонымен қатар Германия мен Италияда фашистер билікке келгенге дейін бірнеше онжылдар бойы демократиялық типтегі саяси режимдер болған болатын. Кейінірек осыған ұқсас мәселелер Оңтүстік Еуропа елдерінде – Испания, Португалия мен Грецияда авторитарлық басқару кезеңінен кейін демократиялық ұстанымдарға қайта оралу басталған кезеңде туындады. Осы мезгілде    Латын  Америка елдерінде де дәл сондай өзгерістер болып жатқан.  Ол елдерде әскери диктатуралардың орнын сайланған демократиялық үкімет басқан болатын.  Бұнда да мәселе афро-азия елдерінің басым бөлігіндегідей  демократияны жаңадан қалыптастыру туралы емес, оған  қайта оралу туралы болды.
Саяси ғылымда қалыптасқан түсі­нік­терге сәйкес авторитаризмнен демо­кратияға өтудің негізгі формалары     мы­нан­дай болуы мүмкін: эволюция, революция, күш қолдану арқылы басып алу. Эволюция басқарушы элитаны шұғыл түрде ауыстырмай, демократиялық реформаларды бірте-бірте жүзеге асыруды көздейді. Революция дегеніміз  саяси режимді тез және түбегейлі түрде өзгерту. Күш қолдану арқылы әскери жаулап алу жағдайында тоталитарлы немесе авторитарлы режимнің жеңіліс табуынан кейінгі  кезеңге демократияны сырттан «енгізу» тән. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Жапония мен Германияда осылай болған болатын. Ол елдерде саяси демократияның негіздері соғыстан кейінгі жаулап алу жағдайында қалыптасқан еді. Транзитологияға бай­ланысты ғылыми еңбектерде демокра­тияға өтуге қолайлы жағдайлар мен алғышарттарға, оның қозғаушы күштеріне, жолдары мен кезеңдеріне өтудің әртүрлі үлгілеріне (модельдеріне) ерекше көңіл бөлінген. Транзитологияға байланысты мәселелерді қарастыруға А. Пшеворский, Ф.Шлиттер, Х.Линц, С.Хантигтон және т.б. ғалымдар үлкен үлес қосқан. Сонымен қатар, транзитология саяси ілім ретінде өз дамуында үш кезеңнен өткенін айта кету керек. Бірінші кезең барысында (1950-60-ы жж.) ғалымдар тұрақты демократияның  фундаменталды негіздері, өтудің механизмдері секілді мәселелерді қарастырған болатын.  Бірінші мәселеге байланысты дәйекті жауаптар құрылымдық мектеп (жаңғырту мектебі) ауқымында қалыптасты (С.Липсет, Г.Альмонд, С.Вебер, Б.Мур, Р.Даль және т.б.).  Бұл мектеп өкілдері тұрақты демокра­тияның төрт құрылымдық факторы болатынын айқындады.   
Тұрақты демократияның бірінші құрылымдық факторы – әлеуметтік-экономикалық даму. С.Липсет өте көп, ауқымды  мәліметтер негізінде экономикалық әл-ауқат  пен тұрақты демократия және нашар экономика мен тұрақты диктатура арасындағы тығыз байланысты анықтаған болатын. Әдетте ұлттық байлықты бөлудегі үлкен алшақтық қоғамдағы тұрақсыздықтың басты себебі болып табылады. Алшақтық үлкен болған сайын, кедейлердің байларға, элитаға қоятын талаптары да радикалды болады, элитаның кедейлерге деген қатынасы да қатал бола түседі. Табысты экономикалық дамудың өнімі болып табылатын орта тап – демократияны жақтаушы негізгі күш болып табылады. 
Тұрақты демократияның екінші құрылымдық факторы – азаматтық мә­дениет.  Г.Альмонд пен С.Верба тұ­рақты демократияның осы маңызды алғышартының болу қажеттілігін негіз­­деген болатын. Олар азаматтық мәде­ниеттің негізін қоғам мүшелерінің жоғары деңгейдегі өзара сенімі, келісімге деген ұмтылыс пен төзімділік құрайды деп атап көрсетеді. Тұрақты демокра­тия­ның үшінші құрылымдық факторы – саяси күштердің арақатынасы. Б.Мур Ұлыбритания, Франция, Қытай, Жапония мен Үндістандағы жаңғыртуды зерттей отырып, саяси формалардың  антифеодалдық революциялардың сипаты мен «жер иеленуші аристократия – шаруалар – буржуазия»  үштігі ара­сындағы    күш­тердің арақатынасына тәуелді болға­нын көрсеткен. Шаруалар табының күші көп жағдайда тоталитарлық және авторитарлық режимдердің (фашистік және коммунистік), буржуазия мен буржуазияға айнала бастаған ақсүйектердің одағы  демократияның орнығуына (Ұлыбритания) мүмкіндік береді. Тұрақты демократияның  төртінші құрылымдық факторы – дамыған коммуникативті жүйе. Р.Даль полиархияға арналған өз еңбектерінде демократияның алдында адамдарды саясатқа «тарту» үдерісі іске асатын болса, оның  орнығу және нығаю мүмкіндіктері жоғары болады деп  дәлелдеген.  Адамдардың саяси өмірге қатысуы демократияның ор­нығу мүмкіндіктерін арттырады. Егер, авторитарлық режим саяси өмірге қатысуды алдын-ала қамтамасыз етпей, демократия енгізуге ұмтылса, онда демократияның мүмкіндігі күрт төмендейді.   Тағы бір  нұсқа – бір мезгілде демократияға өту және бұқара халықты саясатқа тарту да полиархия үшін қолайлы емес. 
Құрылымдық мектепті демократияландыру үдерісінің динамикасы мен ондағы саяси айнымалылардың рөліне көніл бөлмегені үшін көп сынаған болатын. Бұл мәселелермен акторлық мектеп немесе транзитологияның өзі айналысты (кейін бұл атау жалпы ғылыми бағытқа айналды). Кейде бұл мектепті «шешім қабылдау жолдарын талдау», «волюнтаризм» деп те атайды. Г.О’ Доннелл, Ф. Шмиттер, Т. Карл, Л. Даймонд, Х. Линц, А. Пшеворский, С. Хантингтон секілді және т.б. танымал  зерттеушілер осы мектеп өкілдері болып табылады. Осы авторлар демократияға өту кезеңін саяси дамудың дербес кезеңі ретінде бөліп қарастыру қажеттілігін негіздеді, оның динамикасы мен консолидациясын, нығаюын зерттеуге өте көлемді әдіснама қолданды.
1970-1990-шы жылдар транзитология ілімінің дамуының екінші кезеңі болып табылады.  Бұл кезең 1971 жылы Йель университетінде (АҚШ) өткен семинардан бастау алады. Ол семинар кезекті әскери-саяси режим (1968-1974)  кезінде экономикалық дамудың жоғары қарқынын көрсеткен Бразилияның даму мәселелерін қарастыруға арналған болатын. Осы кезең барысында Латын Америкасы елдеріне арналған, сонымен қатар жалпы дамушы елдердегі демократиялау үдерісі туралы зерттеулерді жинақтайтын  көптеген еңбектер пайда болды (мысалы, А.Степанның редакциялауымен дайындалған «Авторитарлы Бразилия» (1973); бюрократиялық авторитаризм тұжырымдамасы қорытындыланған Г.О’Доннеллдің «Жаңғырту және бюрокра­тиялық авторитаризм» (1973) еңбегі). Кейбір ғалымдар демократиялық транзит факторларын жете қарастыра отырып, демократияның пайда болуы жеке елдердің дамуының нақты траекториясына немесе бағытына тәуелді болғанына ерекше мән бергеніне назар аудару қажет екеніне көңіл аударды.  Бағыт теориясының негізгі идеясы мынандай: қандай да бір шешімді қабылдағаннан кейін одан айнуға және оның күшін жоюға болмайды, бәрібір даму үдерісі белгіленген бағытпен жүзеге асады: тарихи траекториялар бағыты, ұзақ тарихи жол, «тарихи жазымыш» (Б.Мур, П.Андерсон, С.Роккан); демократиялық алға басуға сәйкес келетін ажырау стратегиясы (Р.Даль, Д.Растоу, А.Степан). Екінші кезең шеңберінде көптеген жаңа мәселелер кешендері айқындалып, зерделенген болатын, мысалы, контекстуализм (мәдени-өркениеттік констекст) мен универсализм (ортақ заңдылықтар); глобализм мен локализм (ішкі және сыртқы ықпал), өзіндік легитимация мен легитимация және т.б. 
Транзитологияның дамуының үшінші кезеңі (1990-шы жылдардан бастап) ұсы­нылған бағыттардың көп түрлілігі және әр тектілігімен сипатталады.  Осы орайда, консолидология секілді дербес субдисциплинаның негізін қалаушы болып саналатын саясаттанушы Ф.Шмиттердің транзитология теориясына үлкен үлес қосқаны бәріне мәлім.  Консолидология демократиялық саяси жүйе­нің реттелу, нығаю үдерісін зерттейді. Ф.Шмиттер  демократияға өтудің бірнеше нұсқасын қарастырды. «Мәжбүрлеген өту» барысында режимнің басшы тобы бүкіл қоғамға өтудің нақты бір үлгісін зорлап міндеттейді. «Пактіленген» (келісілген) өту жағдайында саяси топтар өтудің үлгілері мен жағдайлары туралы келіседі және  бұ­қара халықпен кеңесуге тырысады. Ф. Шмиттер бұндай нұсқа сирек кездеседі деп есептейді. Жаңғыртудың реформалық нұсқасы демократияға өтуді төменнен бас­тап, жаппай жаңғыртуды ұйғарады. Реформалар тек төменнен қысым көрсету арқылы жүзеге асырылады. Ф.Шмиттер жаңғырту нұсқаларының бірі – демократияға өту ре­тінде революцияны қарастырады. Ол жоғарыдағылар мен төмендегілердің диалог  пен реформаларға, ұйымдасқан іс-әре­кетке қабілетсіз болуының нәтижесінде орын алады.   
Консолидология ауқымында бірнеше бағыттар қалыптасқан. Элитистік бағыттың өкілдері (Д. Хигли, Р.Гантер, М. Бартон) демократияның нығаю сипатына элитаішілік өзара әрекеттің ықпалын айқындайды.   Элиталық консолидацияның төмендегідей формалары қарастырылған болатын: «эли­талардың қосылуы» (Ұлыбритания) және «элиталар қауымдастығы» (Испания). Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі демократиялық транзиттің табысты болуын «элиталар қауымдастығының» қалып­­тасуымен байланыстырады. Инсти­туционалдық бағыт демократияның ны­ғаюына  институционалдық таңдаудың әртүрлі аспектілерінің ықпалын талдаумен айналысады. Мысалы, Х. Линц, А. Валенсуэла, А. Степан секілді авторлар жас демократиялар үшін басқарудың парламенттік формасы ең қолайлы деп санаған. Президенттік үлгіні таңдау саяси тұрақсыздықтың өсуіне, билік тармақтарының өзара қарсы тұруына әкеледі. Бірқатар авторлар, керісінше, дәл осы президенттік үлгі ең тиімді деп есептейді.  С.Липсет басқарудың қандай да бір фор­масының тиімділігін елдердің дамуының алдында орын алған саяси мәдениеттің ерекшеліктерімен байланыстырады. 
Транзитологияда өту үдерістерінің ақырғы нәтижелерін талдау кең тарағанын айта кету керек. Бұл «авторитаризм» – «демократия» полюстерінің арасында пайда болған, дәстүрлі режимдер элементтерінің үйлесуінің әртүрлі мөлшерлері мен формаларын көрсететін саяси режимдердің көптүрлі нұсқаларын зерттеу, сипаттау және классификациялау  қажеттілігімен байланысты. Олар, Ф.Шмиттер гибридті режимдерді төмендегідей жіктеуді ұсынды: диктабландтар (жұмсақ диктатуралар, демократиясыз жүзеге асатын либерализация, билік аппаратының өзгеруінсіз азаматтық еркіндіктердің институттануы) және демократуралар (демократиялық диктатуралар, либерализациясыз іске асатын демократизация, авторитарлық режимді бөлшектеу (демонтаж), құқықтардың институттануынсыз саяси биліктің құрылымын алмас­тыру). Г.О’Доннелл делегативті демократия тұжырымдамасын қалыптастырды. Ол да өтпелі форма болып табылады, өйткені демократиялық рәсімдер формальды түрде билік басындағы бір тұлғаның еркіне тәуелді. Демократиялық  транзитті зерттеу нәтижесінде посткеңестік елдерде «әкімшілік демократия» (C.Фиш); «авторитарлық демократия» (Р. Саква) ұғымдары енгізілді. Ф.Редер посткеңестік елдерінің өтпелі режимдерінің үш  идеалды типін айқындайды: билік  шағын топтың қолында шоғырланған автократия (Ресей, Қазақстан); билік институттар ауқымында әрекет ететін туысқандар тобының қолында шоғырланған олигархия (Тәжікстан); билік тұрғындардың бір бөлігіне бағынышты болатын, бірақ басқа бөлігінің құқықтары шектелген эксклюзивті республика (Эстония).
Қазіргі кездегі транзитологияда саяси трансформацияның үлгілері мен фазалары белсенді түрде қарастырылатынын айта кету қажет.  Күтілетін нәтижелерге байланыс­ты үлгілер жиынтығын шартты түрде үш топқа бөлуге болады: оптимистер  (Д.Растоу, С.Хантингтон) демократияға өту мүмкін деп есептейді және  оның теориясын дайындайды;  пессимистер (X.Линц) демократиялық режимдердің ыдырау теориясын қалыптас­тырады; ұстамды пессимистер (Г.О’ Доннелл) делегативті демократия теориясымен аралық орынға ие болады.  Транзиттің кең талқыланған бірнеше теориялық үлгілерін қарастырып өтейік.
Д. Растоудың үлгісі. Д. Растоудың үлгісі демократияға өтудің кезкелген түрі сыртқы ықпалдың әсерімен (соғыстар, байланыстар және т.б.)  деген идеяға негізделген.  Демо­кратиялық транзит елдің ұлттық бірлік пен ұлттық бірегейлікке қол жеткізгенінен кейін ғана басталады.  Демократияға өту мынандай кезеңдерден тұрады: дайындық кезеңі (мүдделердің поляризациясы, тұр­ғындардың бұрын жәбір көріп келген топтарын батыл әрекеттерге көтеретін жаңа элитаның пайда болуы); шешім қабылдау кезеңі (демократия пайдасына таңдау жасау бірнеше күштердің бірлескен әрекетінен туындайды); дағдылану ке­зеңі (демократия құндылықтарын ор­нық­тыру). А.Пшеворскийдің үлгісі. А.Пше­ворскийдің үлгісі демократияға өтуді және демократияның өзін «белгісіздік патшалығы» деп сипаттайды. Демократия – өтудің мүмкін болатын жалғыз ғана нәтижесі емес. Ол үдеріс кепілсіз диктатурамен де және кепілді демократиямен де аяқталуы мүмкін, яғни «авторитарлық реставрациядан» «де­мократиялық эманси­пацияға» дейінгі үлгілердің кең шоғы­рын қамтуы мүмкін. Нұсқалар ойын теориясы мен рационалды таңдауды пайдалану арқылы қарастырылады. С. Хан­тингтонның үлгілері. Хантингтон  демократияландырудың жалпы тарихи бес үлгісін тұжырымдаған: циклдық үлгі – авторитарлық және демократиялық режимдердің кезеңді түрде ауысуы (Бразилия);  «екінші талпыныс» үлгісі – авторитарлық режимнің орнығу нәтижесінде тоқтап қалған бірінші талпыныстан кейінгі екінші рет демократияландыру (Испания); «үзілген демократия үлгісі» – бұрын тұрақты болған, бірақ авторитарлық режимнің орнығуы нәтижесінде тоқтап қалған демократияны қалпына келтіру (Чили); тікелей өту үлгісі – бұрын демократиялық даму тәжірибесі болмаған мемлекеттерде демократияны орнату (1989 ж. кейінгі Болгария); отарсыздандыру үлгісі – демократияны тәуелсіздік алғаннан кейін орнату  (Кариб бассейні елдері). Сонымен қатар, С.Хантингтон үшінші толқын елдеріндегі демократияландырудың үш нұсқасын айқындайды. Трансформация – үкімет оппозициядан күшті болуы керек және бес кезеңнен (фазадан), яғни,  реформаторлардың пайда болуы, олардың билікке келуі, либерализация, кері легитимділік – реформаторларды консерваторлармен ауыстыру, демо­кра­тияландырудың өзінен тұратын өту үдерісінде негізгі рөлді атқаруы тиіс. Ауыс­тыру – өткеннен толық бас тарту. Өту үдерісінде үш фазаны бөліп қарастырады: оппозицияның күресі, бұрынғы режимнің  ыдырауы,  ыдыраудан кейінгі   күрес. Трансорналастыру (босату-высвобождение) – элита мен оппозицияның бірлескен әрекеті нәтижесінде жүзеге асатын транзиттің аралас үлгісі.
Р.Кортарелоның үлгісі. Бұл үлгі қазір классикалық болып есептелінетін Ис­паниядағы демократияландыру тәжі­ри­бесін қорытындылау нәтижесінде қалып­тасқан. Ол испандық саяси ғажайып деген атқа бекер ие болған жоқ. Аталмыш үлгіге сәйкес өту үдерісі алты кезеңнен тұрады: диктатураның дағдарысы – ішкі және сыртқы себептерден туындайды; тұлға мен мемлекеттің өзара қатынасының ізгілікті-құқықтық негіздерінің түбегейлі түрленуі– диктатураның лигитимділігінің орнына  демократиялық құндылықтарды мойындау келеді; бұрынғы кадрларды басқару ісінен аластату және бұрынғы режимнің рәміздерін ауыстыру; бірінші консенсус – өткенге байланысты келісім, диктатураның қылмыстарына қатысты тұлғаларды жазаға тарту мәселесіне шынайы қарау кезіндегі  ұлттық келісім; екінші консенсус – болашаққа байланысты келісім – жаңа саяси жағдайда ойын ережесін анықтау мақсатында барлық мүдделі күштердің арасындағы демократиялық диалог; үшінші консенсус – демократияға байланысты азаматтық келісімді орнықтыру.  Осыған орай алты кезеңнің барлығында да  баламалы шешімдерді қабылдау мүмкін болуы салдарынан реставрациялауға бет бұру қаупі жоққа шығарылмайтынын айту қажет. Сонымен, демократиялық транзиттің, саяси жаңғыртудың көптеген теориялары нақты болмыстағы, әртүрлі мәдени-саяси ерекшеліктері бар  түрлі елдердегі осы үдерістердің сан алуан формалары мен нұсқаларының бар болуын бейнелейді. Жетілген, толыққанды демократия бірден пайда болмайды, бір-екі ұрпақ ауысқаннан кейін, саяси мәдениетте маңызды өзгерістер жүзеге асып, қақтығыстарды реттеудің демократиялық тәсілін қолдау дәстүрге айналған кезде  қалыптасады. Тарихи алғышарттарды, қолданыстағы әлеуметтік-экономикалық құрылымды, субмәдениеттер плюрализмінің деңгейін, қоғамдағы әртүрлі топтардың саяси мәдениетін ескерусіз реформаларды іске асыруға талпыныс үкіметтің беделін түсіреді және демократияның лигитимді болуын қиындатады.    
Негізгі мүдделі топтардың ниеттес болуын қамтамасыз ету  және ниеттес саяси оппозицияның пайда болуы демократияның орнығуы кезеңінде қалыптасқан демокра­тиялық механизмді іске қосуға, демократия институттарының қызметін нақты мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік береді. Әртүрлі елдер мен аймақтарда демо­кратияға өтудің тәжірибесін жинақтау негі­зінде саясаттанушылар осындай өтудің заңдылықтары туралы мынандай тұжы­рымдар жасады: нарықтық экономика мен саяси демократия арасында табиғи және берік байланыс бар; демократияға өту үшін технологиялық, әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-экономикалық  дамудың нақты деңгейі қажет; қоғамда жетекші орын алатын орта тап демократиялаудың әлеуметтік базасын құрайды; азаматтық қоғамды құрусыз демократияның қалыптасуы мүмкін емес. Постсоциалистік қоғамды трансформациялау үдерісіндегі экономика мен саясаттың арақатынасы мәселесі көптеген батыстық транзитологтардың қызы­ғушылығын тудырды. Пікірталастар «екіжақты өту» – нарықтық  экономикаға да, демократияға да өтудің қайшылықты болуы төңірегінде өрбуде.  Бірқатар зерттеушілер адамдардың басым бөлігі коммунистік режимнен бас тартқанда идеялық немесе саяси сипаттағы емес,  әлеуметтік-экономикалық себептерді басшылыққа алған болатын деп есептейді. Сондықтан, тұрғындардың көпшілігінің өмір деңгейінің төмендеуі,  материалдық жағдайының тұрақсыздығы постком­мунистік қоғамдарда саяси жүйе ре­тінде демократиядан түңілуге әкелді. Бұл түңілу қауіпті, біріншіден, оңшыл және солшыл бағыттағы жүйеге қарсы оппозицияның күрт күшеюі, екіншіден, халықтың жаппай қарсы шығуы мүмкін болғандықтан билік басындағылар тарапынан демократиялық еркіндіктердің шектелуі; үшіншіден, жаңа авторитарлы режимнің билік басына келуімен қауіпті. Бұны болдырмау үшін экономикалық қиындықтар кезеңін жеделдету үшін есеңгірету терапиясы әдісін қолдану  немесе керісінше, өндірістің құлдырауы ең төменгі деңгейге жеткенге дейін экономикалық реформаларды кейінге қалдыру ұсынылады. Басқа бағыт тіпті бір мезгілде саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырудан бас тартуды ұсынады. Бұны төмендегі сценарийлердің біреуін таңдау арқылы орындауға болады: бірінші – экономикалық реформалар демократизациялаудан бұрын болады; екінші – алдымен кешенді саяси реформалар іске асырылады және олардың институцианалды тұрғыда бекуінен кейін ғана нарықтық қайта құрулар басталынады. Бірінші сценарийді жақтаушылар экономикалық реформалар күшті авторитарлық билік тарапынан бірізді, батыл және көпшілік қабылдамайтын әрекеттерді талап етеді деген тұжырымға сүйенеді. Бұндай тұжырым ХХ ғасырдың 70-ші жылдарындағы саяси жаңғырту теориясының консервативті бағытының  түсініктеріне сәйкес. Бірақ, бүгінгі таңда ол маңызды ғылыми сынға ұшыраған. Экономиканы авторитарлы әдістермен либерализациялау стратегиясына қарсы негізгі пікірлер төмендегідей: біріншіден, көптеген авторитарлы үкіметтер іс жүзінде экономиканы либерализа­циялауды жүзеге асыруға қабілетті емес; екіншіден, либерализациялауды жүзеге асыруға қабілетті үкіметтер ең аз дегенде қыс­қа мерзім ішінде демократияландыруға деген ұмтылыстарынан айрылады.  
Еуропа, Латын Америкасы мен Азияның әртүрлі елдерінің тәжірибесін салыстырмалы түрде зерттеу экономикалық жаңғыртудың авторитарлық жолының тиімділігі туралы сұраққа бірмәнді жауап бермейді.  Авторитарлы режим кезінде нарықтық қайта құруларды табысты, бірізді  жүзеге асыруды, ал, одан кейін сол режимді либерализациялау және демократияландыру мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.  Кейбір беделді ғалымдар коммунистік режимнен бас тартқан, бірақ, маңызды экономикалық та­быс­тарға қол жеткізе алмаған мемлекеттерге қарағанда нарықтық экономиканы құру­дың табысты болуын көрсетіп отырған коммунистік Қытайдың ұзақ мерзімді келешекте демократиялық саяси жүйе құру мүмкіндігі мол деп есептейді. Осы тұрғыда экономика саласында басталған құлдырау және нарықтық реформалардың қандай да бір ойластырылған жоспарының болмауы жағдайында  коммунистік режимді либерализациялауды бастаған  М.Горбачевтің іс-әрекеті  жеткілікті деңгейде негізделмеген болып көрінеді. Көптеген батыстық танымал саясаттанушылар мен экономистер саяси қайта құрулар жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтудің маңызды шарты болуы керек деп есептейді. Олардың пікірінше, 1991 жылдың күзінде Б.Ельцин және оның жақтаушылары маңызды саяси өзгерістердің уақытын өткізіп алды. Өзінің саяси партиясын құрудың, кеңес конституциясына өзгерістер енгізудің және жаңа парламенттік сайлау өткізудің  орнына Ресей мемлекетінің басшылары қажетті саяси және идеологиялық дайындықсыз түбегейлі экономикалық реформаларды жүзеге асыруға кірісті. Транзитология саласындағы әйгілі мамандар Х.Линц пен А.Штепанның ойынша, саяси сипаттағы міндеттерге қарағанда экономикалық өзге­рістерге басымдылық беріп, Б.Ельцин үлкен қателік жасады. Нәтижесінде ол өзінің әре­кет­терімен мемлекетті де, демократияны да, экономиканы да әлсіретті. Қазіргі кездегі Ресейдің посткоммунистік кезеңнен кейінгі дамуындағы көптеген дағдарыстар ұзақ мерзімді мақсаттарды емес,  жеткілікті саяси тәжірибелері мен білімдері жоқ жас экономистердің қысқа мерзімді жоспарларын басшылыққа алғандықтан туындады.
Транзитология саяси жаңғыртудың бұрынғы тұжырымдамаларына қара­ғанда демократияландыруды бір бағыт­ты үдеріс деп қарастырмайды. Ол әртүрлі сценарийлерді, соның ішінде пессимистік сипаттағы сценарийлерді де зерделейді. Бүгінгі таңда постком­мунистік мемлекеттердің басым бөлігінің демократиялық болашағын бағалауда пессимизм көбірек болып тұр. Көбінесе демократиялық бағдардан бас тарту қаупін болашақта коммунистік режимді қайта қал­пына келтірумен байланыстырмайды. Ұлт­тық диктатураның орнығуы немесе ұзақ мерзімге авторитарлық сипаттағы элементтері бар саяси режимдердің орын алу мүмкіндігі басымырақ деп таниды. Ф.Шмиттердің пі­кірінше, поставторитарлы өту кезеңінде тұр­ған елдердің алдында автократия мен демократия арасындағы таңдаудан басқа да нұсқа бар: автократия мен демократияның  элементтерінен тұратын гибридтік режим­дердің пайда болуы немесе «күшті, бірақ, орнықпаған демократияның» болуы. Ком­мунизм күйрегеннен кейін, бұрынғы социа­листік мемлекеттер әртүрлі бағытта дамыды. Сондықтан, бүгінгі таңда оларды қандай да бір бөлінбеген топ деп қарастыруға болмайды. Саясаттанушы Ч.Гатидің ойынша, тек Орталық Еуропаның бұрынғы коммунистік мемлекеттерінің шағын тобы мен пост­кеңестік Балтия республикаларының ғана демо­кратиялық қайта құрулар мен эконо­микалық реформаларды табысты аяқтау мүмкіндіктері бар. Ч.Гати посткоммунистік жағдайда гибридтік режимдердің болуы мүмкін деп санайды. Американдық саясаттанушы  жоғарыда аталған Шығыс Еуропа мемлекеттерінің тобына кірмегендерді және Ресей, Украина, Белоруссия мен Молдавияны жартылай авторитарлы режимдер орын алған мемлекеттер тобына жатқызады. Бұл елдерде орташа деңгейдегі нарықтық реформалар жүзеге асуда, билік баспасөз еркіндігінің болуын мойындайды, сырттай еркін, ал шындығында өз мақсаттарына сәйкес бұрмаланған сайлаулар өткізеді. Бұл топтағы бірнеше мемлекет үшін транзитологияда қолданылатын «делегативті демократия» ұғымы сай келеді, басқаша айтсақ, билік бір орталықта, мысалы, президенттің қолында шоғырланған демократиялық жүйе сәйкес келеді. Үшінші топқа Закавказье мен Орталық Азияның бұрынғы кеңестік сегіз республикасы кіреді. Ч.Гати бұл мемлекеттерді «жеңілген» мемлекеттер деп атайды. Өйт­кені оның ойынша, бұл мемлекеттерде тота­литаризмнің орнын авторитаризм басты, ал келешекте демократиялық жүйе құру және қазіргі заманғы нарықтық экономика қалыптастыру мүмкіндігі жоқ. Бұндай классификация, топтастыру субъективті болу мүмкін екенін атап өту қажет. Мысалы, демо­­кратияландыру үдерісінде неғұрлым табысты болған елдердің қатарына Балтия мем­лекеттерін жатқызады. Алайда, олар ЕО пен НАТО-ның құрамына кіргеннен кейін де тұрғылықты емес тұрғындардың құқықтары мәселесін шешкен жоқ.  Батыстық саясаттанушылар посткеңестік мемлекеттердегі саяси үдерістерді, мысалы, Грузия мен Украинадағы «түсті революцияларды» субъективті түрде бағалайды. Соңғы жылдарда бұл мемлекеттерде адамдардың құқығы мен еркіндіктері сала­сында, мемлекеттік институттардың әрекет етуінің тиімділігі, саяси өмірдің демократиялық нормаларын ұстануда еш­қандай нақты алға басу байқалмаса да, батыстық эксперттер  оларды демократияның үлгісі деп атайды. М.Саакашвилидің кезін­дегі Грузияның саяси дамуынан ел ішінде авторитарлық үрдістердің орын алғаны және ұлтаралық мәселелерді шешуде агрессивті бағыт орныққаны айқын білінеді. 2008 жылы тамыз айында Оңтүстік Осетияда болған  оқиға бұған дәлел. Ал Украина болса, «сарғыш революция» мен «майдан революциясынан» кейін әлеуметтік-мәдени және аймақтық белгілерге сәйкес бөлініп кетті. Бұл әрдайым саяси дағдарыстарға  әкелуде. 
Транзитологиялық тұжырым­дама­лар­­дың көпшілігінің  ең әлсіз тұсы баға­лаудың субъективті болуы – көңіл аударатын мәселе.  Әсіресе, бұл ғасырлар тоғысында, Орталық және Шығыс Еуропа елдері мен бұрынғы КСРО-ның рес­публикаларының посткоммунистік дамуының қорытындысын шыға­ратын кезде айқын білінді. Көпте­ген пост­авторитарлық және постто­та­литарлық елдердің саяси жүйелеріне «электоралды демократия», «процедуралық демократия» категориялары сәйкес келеді. Бұл категориялар саяси болмыста нормалық идеалдардың жүзеге асу деңгейін көр­сетеді. Осыған орай, Қазақстандық саяси жүйе демократия ауқымында өзгеруде және кейін де өзгереді.  Алайда, әлемнің неғұрлым дамыған бір де бір елінде демократиялық идеалдың  толық, жүз пайыз  жүзеге асуы болмаса да, ондай идеалға жетуге ұмтылу қажет. Бірақ ондай мақсатқа жету үлкен тарихи мерзімді қажет етеді, сондықтан ол бүгінгі күннің емес, болашақтың міндеті. Соңғы онжылдықтар ішінде Қазақстанның саяси дамуы оның әлеуметтік-экономикалық трансформациясы мәселелерімен тығыз байланысты болды. 
Экономика және басқа салалардағы бар­лық мәселелерді шешу және мемлекет пен қоғамның ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанға жоғары қарқынды, тұрақты экономикалық өсудің ұзақ кезеңі қажет болды. Ал ол үшін сәйкес әлеуметтік-саяси жағдайлар: Қазақстанның одан әрі дамуының ойластырылған стратегиясы мен осы стратегияны жүзеге асыру үшін саяси ерік  қажет еді. Бұл жағдайлар Қазақстанда қалыптастырылды. Қазіргі кез­дегі Қазақстандағы саяси тұрақтылық туралы да айтуға болады. Өйткені, саяси жаңғырту мен транзитология тұрғысынан және жаһандық дағдарыс жағдайында бұл маңызды болып табылады. Бірақ әлеумет­тік-экономикалық дамудың бағыты мен жыл­дамдығы қабылданатын шешімдерге байланысты. Ал, ол шешімдер қоғамда қалыптасқан жағдайларға сәйкес және барабар болуы, сонымен бірге ел мен оның азаматтарының ұлттық-мемлекеттік мүд­делеріне сай келуі тиіс.
Жоғарыда айтылғандарды қорытын­дылай келе, транзитология – авторитаризм мен тоталитаризмнен демократияға өтуді саяси дамудың дербес кезеңі ретінде зерттейтін жаңа саяси ілім деген тұжырым жасауға болады. Әлемнің көптеген елдерінің демократияға өту тәжірибесін жинақтау демократия – халық пен оның өкілдеріне басқару функцияларын тікелей жүзеге асыруға мүм­кіндік беретін мемлекеттік құрылымның формасы деуге негіз болады. 

 

 

Алдыңғы «
Келесі »