«ШАМАИЛ ҚАЗЫНАСЫ» РОМАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ

  • 21.05.2012
  • 348 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Египет жазушысы, белгілі қоғам қайраткері, Салах Маата 2005 жылы Әбдел Құддус сыйлы­ғына ие болған «Шамаил қазынасы» деген шығар­масын 2002 жылы жазды. Шығармаға мәмлүктер кезіндегі шынайы өмір арқа болған.
ХІІІ ғасырдағы Мысыр әскерінің басым бөлігі мәмлүктер болды. 1250 жылы соңғы аййуби Туран-Шахтың өлімінен кейін билік басына мәмлүктер келіп, үлкен Бахри немесе түріктер (1250-1390) және Буржи немесе черкестер (1390-1517) әулетін құрады. Бірінші әулеттің атауы Алтын Орданың құрамына кірген Қара теңіздің жағалауында көшіп-қонып жүрген түркі халқынан шыққан сұлтандардың билі­гімен байланысты. Моңғол шапқыншылығы кезінде тұтқынға түскен құлдар ита­лия­лықтарға сатылады, кейін олар теңіз (арабша бахр) арқылы Египет сұлтан­дарына жеткізілді. Сонымен қатар, моңғол шапқыншылығы кезінде Солтүстік Батыс Кавказдың халық­тары да қырғынға ұшырап, құлдыққа алынып, басқа елдерге сатылған бола­тын. Буржи кавказдық мәмлүк­терден тұратын сұлтан Қалаун құрған алғашқы әскери құрам Каир қамалындағы мұнараларда орналасып, оның екінші әулеттің атауы осы жерден шықса керек.
1250-1390 жылдар аралығында билік құрған Бахри сұлтандарының тұсында Египеттің әлеу­меттік жағдайында айтарлықтай өзгерістер болды. Феодалдық жер иелену формасы мен әскери құрамалар күшейе түсті. Әскердің саны екі есе өсіп, моңғолдық әскери тәртіптің кейбір тәсілдері қолда­ныл­ды. Көптеген жер феодалдардың қолына өтіп, жалға берілді. Бірақ шаруалардың негізгі бөлігі хараж салығы арқылы қатты қаналды.
1390-1517 жыл аралығында билік еткен черкес мәмлүктердің тұсында шаруалардың еркіндігі мен бостандығына қатты шек қойылды. Бұл туралы ХV ғасырдың екінші жартысында мысырлық тарихшы әрі географ әл-Мақризи былай деп жазды: «Ауылдық жерлерде тұратын шаруалар (фәллах қарари) осы аймақтың қожасы – иқта иегерінің құлы болып санал­ды. Ол өзінің еркіндік алуына немесе басқа біреуге сатылуына еш үміт­тенбейтін, керісінше өзі де, оның балалары да мәңгілік құл болып қалуға тиісті болды». Өз еріктерімен тұрған жерлерін тастап кеткен шаруалар күшпен кері қайтарылып, жазаға тартылған [12].
Бұл тарихи шындықтар Салах Маатаның «Шамаил қазынасы» романында да өте көр­кем суреттелген. Сол дәуірдегі халықтың әл-ауқаты мен елде орын алған қоғамдық жағдайларды романның бас кейіпкерлері Жәләл ад-Дин мен оның әйелі Фатиманың тағдырынан, олардың балалары Хасан, Салих Шахаби мен қарапайым халықтың күнделікті тіршілігінен көрсек, елдің саяси жағ­дайы туралы Сұлтан Бурқуқ пен Жәмәл ад-Диннің және Шамдағы әмір­лер Жакам, Шайх Махмуди, Науруз бен оның айналасындағылардың тағды­рынан, сонымен қатар Шамаил қазына­сындағы тұтқындардың іс-әрекетінен біле аламыз.
Бахрилердің соңғы сұлтаны Салах Хажиді тақтан тайдырып, алғаш рет 135 жыл билік еткен черкес мәмлүктері әулетінің негізін салушы Бурқуқ сұлтан болады. 1398 жылы Сұлтан Заһир Бурқуқтың өлімінен кейін әмірлер оның он жас шамасындағы баласы Фаражды сұлтан етіп сайлайды. Сұлтан Наср Зин ад-Дин Абу ас-Саадат Фараж ибн Бурқуқ Буржи мәмлүктері әулетінің екінші (1398-1405) және төртінші (1406-1412) сұлтаны болады. Ол Каир қаласында әмірлердің арасындағы алауыздық пен талас-тартыс өршіп тұрған сәтте, 1388 жылы дүниеге келген. Малик Наср деген лақап атқа ие болған Фараждың билік еткен тұсында елдің қоғамдық-әлеуметтік жағдайы өте ауыр болатын. Бір жағынан Мысырда сұлтандыққа ұмтылған әмірлердің арасындағы қақтығыстар, екінші жағынан Шам жеріндегі әмірлердің оларға көмек көрсетуі жағдайды ушықтыра түсті. Дәл осы кезде Темірлан бастаған моңғолдардың шапқыншылығы да белең алады [4].
Екінші рет таққа келген кезде де Шамдағы мәселелер өз жалғасын тауып, Насыр Фаражға Халеб қаласының әмірі Абдуллаһ Жакамның тарапы­нан үлкен қауіп төнеді. Ол Мысырдағы сұлтандыққа ие болу үшін әл-Адил атты лақап аты­мен өзін Шамның сұлтаны ретінде жариялайды. Шейх пен Шамның әмірі Наурузд­ан басқа әмірлердің барлығы оған қолдау көрсетеді. Бірақ арада көп уақыт өтпей Жакам жорықтардың бірінде қаза табады. Черкес Шейх әл-Махмуди бастаған Триполи мен Дамаск қалаларындағы әмірлердің қарсылығы сұлтан Фараж үшін ауыр соққы болады. 1412 ж. Сұлтан Фараж қақтығыстардың бірінде қаза тауып, Шейх әл-Махмуди әл-Муайад есімімен сұлтандыққа келеді [7].
Жазушы Салах Маата шы­ғар­ма­­сын­да тарихи айғақ­тарды дәл жеткізумен ғана шектелмей, осы тарихи оқиғалар мен сұлтан Бурқуқ, Жакам, Шейх әл-Махмуди сияқты тарихи тұлғалар арқылы қазіргі заманда орын алған шынайы оқиғаларды да астарлы әрі бейнелі түрде жеткізеді.
Шейх әл-Махмуди (1358-1421) Мысырға құл ретінде келіп, жас кезінде өзінің батылдығымен көзге түсті. Оны сұлтан Бурқуқ сатып алып, кейін Шам жеріне әмір етіп тағайындады. Шейх әл-Махмуди сұлтан Фараж ибн Бурқуққа қастандық ұйымдастырғаны үшін Шамаил қазынасы түрмесіне қамауға алынып, үлкен азапты бастан кешіреді. Азап шегіп жатып, осы жер­ден шықса, Шамаил қазынасының орнына үлкен мешіт салуға уәде береді. Бірнеше жылдан кейін түрмеден қашып шыққаннан ол Дамаск қаласының әмірі Наурузбен біріге отырып Сұлтанға қарсы шығады да, Фараждың өлімінен кейін 1412-1421 жылдар аралығында Сұлтан болады.
Шейх әл-Махмуди сұлтан болғаннан кейін өзінің берген уәдесінде тұрып, азапқа толы Шамаил қазынасын қиратып, оның орнына жаңа мешіттің құры­лысын бастап, оған көп қаржы бөледі.
Шамаил қазынасы Баб Зуейланың солтүстігінде орналасқан. Бұл түрмені Малик Камил Мұхаммад ибн әл-Адил Абу Бакр ибн Аййубтың тұсында Каир қаласында уәли болған әмір Алам ад-Дин Шамаил салғызған. Оған тек өлім жазасы мен ауыр жазаға тартыл­ған­дар, аты шулы қылмыскерлер немесе Сұлтанға қарсы шығып, оған қастандық ұйым­дас­тырғандар қамалатын. Бұл жағдай Фараж ибн Бурқуқтың тұсында шегінен шығып, түрмеге қамалғандар ауыр азапқа ұшырап, сыртқы әлеммен байланыстары үзілетін болған. Тек сұлтан Шейх әл-Махмуди таққа отырғаннан кейін Шамаил қазынасы Каир қаласындағы үлкен мешіттердің біріне айналады [14].
Міне, жоғарыда келтірілген тарихи шындықтар Салах Маатаның «Шамаил қазынасы» атты тарихи романында ойдан шығарылған кейіпкер Жәләл ад-Дин Жумдардың тағдыры арқылы шебер тізбектеледі. Онда тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар екінші орынға шығады да, шығарманың негізгі идеясын құрайды. Жазушының бұл шығармасы туралы араб тіліндегі дерек­терде оның тарихи маңыз­дылығы ерекше аталады. Мысалы, Абуд Мұста­фа әл-Абуд өзінің «Шамаил қазынасы… Тарихи роман қалай жазы­лады?» атты мақаласында былай деп жазады:
Жазушы әрқашан өзінің айтқысы келген нәрсесін тікелей айта салмайды. Қаламгер ол үшін символикалық әдістерді қолданады не болмаса басқа уақыт аралығы мен басқа жерді сипаттауға жүгінеді. Егер романды оқи отырып көз алдымызға өткен дәуір келетін болса (жазушы өткен тарих пен қазіргі заманды байланыстырғысы келсе де, келмесе де), онда бұл шығарма тарихи роман болып табылады. Жазушы Салах Маатаның «Шамаил қазынасы» атты шығармасын оқып, терең ойланған адам жазушының араб әлемінде болып жатқан түрлі күрес­тер мен заңсыздықтардың, әсересе Ирак пен Америка арасындағы соғыс­тардың себебінен қайғыға батып, көз ілмейтінін аңғаруға болады. Жазу­шының Сұлтан Насыр Зин ад-Дин Абу ас-Суадат Фараж ибн Бурқуқтың билік еткен кезеңіндегі оқиғаны суреттеу арқылы нені меңзегенін түсіну қиын емес. Мүмкін, осы кезең арқылы араб қоғамының жан-жаққа ыдырап, араб елдерінің басшылары арасындағы талас-тартыстарды көруге болар. Темірланның бастауымен болған моңғолдар­дың шапқыншылығы арқылы араб елдерінің барлығына қауіп төніп тұрған үлкен қатерді көрсетпекші шығар. Бұл кезеңнің қазіргі заманмен айтарлықтай ұқсас­тығы бар. Егер бұл ұқсастықты қазіргі кездегі араб әлемімен жоғары дәрежедегі сәйкестік деп айтсақ та асыра сілтемеген болар едік. Сионистердің бағындыру саясаты арабтардың денесіне ауыр тікен қадағандай болса, америкалық басшылар жоғары дәрежеде барлық жерде ішкі заңсыздықтар мен қатыгездіктер тарата оты­рып, араб әлемінің байлықтары мен құндылықтарын иеленуде. Мүмкін, жазушы шынайы түсініктер қалыптастыру үшін өткен тарихқа жүгі­ну арқылы қазіргі заманда қалыптасқан саяси жағдайларды жаңа арнаға бұрғыз­ғысы келген болар. Роман Жәләл ад-Диннің Шамаил қазынасына қамауға алыну­мен басталады. Ол ішіне кіргендердің барлығы қиындыққа ұшырайтын үлкен азапқа толы жер болатын. Жазушы түрмені былайша сурет­тейді: «Оның күлгін сары қабырғалары тегіс емес, сырты түсіп, ылғалдылық қаптаған, біраз жері шешек ауруына ұшырағандай шұрық-тесік… Қап-қара, биік төбесінің бұрыш-бұрышына өрмекшілер ұялаған, оған қоса ағаш арқалықтың бірінде жарқанат­тар аяқтарымен жабысып, зынданның кеңістігінде денелері мен қанаттары салбырап тұр. Тек көздері тас қараңғылық басқан бұл мақұлықтар түрмедегі­лерді қарауылдап жатқан шайтандай көрінді…». Жазушының Шамаил қазынасы атты бұл түрмеге берген сипаттама­сы­нан және ондағы қылмыскердің: «Неліктен оны тозақ не қасірет, болма­са, тамұқ не жаһаннам деп атамай, қазына деп атағанын түсінбедім» деген сұрағына қылмыс­кер­лердің бірі кекесін дауыспен: «Әрине, қазына деп атайды, себебі оның ішінде өте бағалы заттар сақталынған… Жер бетінде бізден бағалы жан бар ма осы?» деген және романдағы бас кейіпкерлердің бірі Алә ад-Дин «Оны тұрғызған Камил Мұхаммад әл-Аййуби билеушінің уәзірі болған Алам ад-Дин Шамаилды Алланың қарғысы атсын» деген сөздерінен оның мағынасын аңғаруға болады.
Жазушының сипаттамасы мен Шамаил қазынасының мағынасын түсінгеннен кейін Ирактағы «Абу Грейб» атты түрмеде орын алған және қазірде болып жатқан азаптар оқырманның көз алдына келеді. Бұл шығар­ма­ны оқығаннан кейін жазу­шы­ның тарихи романдарды жазуда қазіргі заманды көрсету үшін өткен тарихты қайта жаңғыртқанын байқай аламыз [8]. «Абу Грейб» – Ирактың астанасы Бағдат қаласынан 20 шақырым жерде орна­ласқан Абу Грейб қаласындағы әлемдегі ең қорқынышты, азапқа толы атышулы түремелердің бірі. Бұл түрме 1970 жылдан бастап, Саддам Хусейннің тұсында белгілі болған. Бұл кезде түрме жалпы қауіпсіздік басқармасы Амин әл-Аминнің қарамағында болатын. Тек, 1984 жыл­дың өзінде 4000 қылмыскер өлім жазасына тартылған. Арнайы қауіпсіздік ұйымы­ның басшысы Саддам Камелдің өзі саяси тұтқын­дарды дарға асу мен азаптау шараларына қатысып отырған. Батыс­тағы баспасөз беттерінде бұл түрме «Саддамның азаптау орталығы» ретінде көрсе­тілген. Америкалықтардың Иракқа басып кіргеннен кейін Абу Грейб түрмесі олардың қолына көшіп, онда Батыс одақ­тарының күшіне қарсы тәртіпсіз­діктер мен қылмыс жасаған ирактықтар қамауға алынған. Түрменің саяси тұтқындар отыратын бөлігі «ашық» және «жа­бық» қанат деп екіге бөлінген. «Жабық» қанатқа сыртқы әлеммен байланысы үзіл­ген тек шииттер ғана қамалған. Парсы шығанағындағы соғыс кезінде Абу Грейб түрмесінде америкалық тұтқындар ұсталған болатын [10].
2004 жылы түрмедегі америкалық солдаттардың ирактық тұтқындарды азапқа салып, оларды қинауы туралы бірнеше айғақтар ашылып, осы мәселе әлем­дік деңгейде үлкен жанжал тудырып, бұл атышулы түрме 2006 жылы 9 наурызда уақытша жұмысын тоқтатты. Америкалық солдаттар қатыгездік пен асқан жауыздық танытып түрмеге алынған ирактық тұтқындарды түрлі жолдар­мен азаптап, суретке түсіріп, достарына үлкен мақтанышпен жіберген [11]. Олар мұнымен ғана шектелмей, тіпті өлген адамның денесіне қатыгез­дікпен түрлі тәжірибелер жүргізген. Осы іске қатысты 12 америкалық сотқа тартылып, бас бос­тандығынан айрылу, қызметінен төмендетілу секілді жазаларға тартылған. 2009 жылы түрме жөндеуден өтіп, заман талабы­на сай жабдықталып, өз жұмы­сын қайта жалғастырады. Қазіргі таңда бұл жер Орталық Бағдат түрмесі деп ата­лып, 12 мың адамға есептелінген үлкен кешенді құрайды [15]. Міне, жазушы өзінің «Шамаил қазынасы» атты шығармасы арқылы көр­сеткісі келген басты мәселе де осы болар. Романда Шамаил қазынасы қандай жантүршігерлік көріністер арқылы суреттелсе, тарихта да Абу Грейб түрмесі сондай азапқа толы болып отыр. Автордың өзі айтқандай, бұл роман мәмлүктер кезіндегі тарихты баян­даса да, оны осы заманмен тығыз байланысын да аңғару қиын емес. Жазу­шы өткен тарих арқылы, яғни мәмлүктер кезіндегі сұлтанның озбырлығы мен қатыгездігі, сонымен қатар әмірлердің арасындағы алауыздық пен өзара талас-тартыстар арқылы қазіргі кездегі араб елдерінің арасындағы өзара түсініспеушілік пен алауыздықты, ал Сұлтан Наср Зин ад-Дин Аби ас-Суадат Фараж ибн Бурқуқтың билігі тұсындағы Темірланның жорығы мен қатыгездігі арқылы Америка мен Еуропадағы ірі елдердің, сионистердің араб елдеріне деген қатынасын көрсеткісі келсе керек [9].
Салах Маата өзінің «Шамаил қазынасы» атты туындысында өткен тарих арқылы тек қазіргі кезде араб әлемінде орын алған жағдайларды жеткізумен ғана шектелмей, осы шығармасы арқылы қоғамға өзгеріс әкеліп, халық санасына белгілі бір дәрежеде әсер етуді қаласа керек. Себебі, жазушы өзінің романында бірнеше рет өзгеріс қажет, қоғамға да, билік басына да өзгеріс керек деген сөздерді жиі айтады. Ол өмірге шынайы көзбен қарап, мистикалық көріністерден бас тартады. Оның авторлық ұстанымы – қоғамда шынайы орын алған надан­дық, зұлымдық, қаталдық, әділетсіздік сияқты жағымсыз сипаттарды көрсету болып табылады. Мәмлүктер кезеңінде болған оқиғаны баяндай отырып, бір ғана кейіпкерге үлкен көңіл бөліп, оның психологиялық жағ­дайына, ішкі әлемі мен оны қоршаған әлеміне басты назар аударса да, ондағы тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғалар арқылы қазіргі таңда орын алған шынайы өмір мен ащы шындықты көрсетеді. Оның ағылшын, француз тілдеріне аударылып, үлкен жетістікке жеткен романдарының бірі ретінде мәмлүктер кезіндегі тарих баяндалатын «Шамаил қазынасы» атты романы араб әдебиетінде ерекше орынға ие. Мысырда әмір болған Алам ад-Дин Шамаилдің1 Каир қаласында өзінің атын тарихта қалдыру мақсатымен әл-Камил Мухаммад ибн әл-Аділ Абу Бакр ибн Аййубтің тұсында салдырған Шамаил қазынасы2 атты Шейх әл-Махмуди қама­лып, бұл жерден шықса Шамаил қазынасын бұзып, орнына үлкен мешіт тұрғызуға ант бергенін жоғарыда айтқан болатынбыз [1]. Түрмеден шыққан Шейх әл-Махмуди өзінің уәдесін орындап, сұлтандыққа қол жеткізген соң Шамаил қазынасын бұзып орнына Каирдегі үлкен мешіттердің бірі әл-Муайяд мешітін тұрғызады. 1425 жылдан басталған мешіттің құрылысы бес жылға созылады. Әл-Муайяд деп аталатын бұл мешіт Каир қаласының оңтүстігінде орналасқан3. Қола пластинадан жасалған үлкен есігінің ұзындығы – 5,8 метр. Оның кең алаңы су бүркегіштер мен жасыл желектер арқылы көмкеріле түседі. Шейх әл-Махмуди мешітте түрлі ғылым саласындағы мыңдаған кітаптан тұратын үлкен кітапхана мен білім беретін медресе де салдырған. Ол туралы тарихшы әл-Мақризи де өз еңбектерінде атап өткен [13].
Салах Маата шынында да тарихи шындық арқылы қазіргі араб әлемінде орын алған әлеуметтік шындықты, адамдардың тарихы мен олардың өмір жолын көрсе­туде үлкен жетістікке жетті [8]. Қаншама әдебиет өкілдері түрлі кезеңдерде тәуелділік пен еріксіздік сияқты ұғымдардан арылуға тырысып, осы тақырыптарда өшпес шығармалар жазып, бүкіл қаламгерлік ғұмырын арнап, түрлі жағдайларда жеке адам тағдырының құрбандыққа шалынуы мен әділетсіздікке ұшы­рауын басты орынға ала отырып, халықтың сана­сын ояту үшін аянбай еңбек етіп, бақытты ұрпақ тәрбиелеудің жолын көрсетуді мақсат еткен. Әлем әдебие­тіндегі өзекті тақырыптардың бірі – белгілі бір халықтың бейне­сін, оның жан-дүниесін, жан-жақты ашу мен жалпы адамзаттық құндылықтарды бағалау болып табылса, Салах Маата да өз шығармаларында 80 жылдардан бастап араб әде­биетінде алға қойылған осы мәселені тілге тиек етіп, оны ұлттық ерекше­ліктер арқылы әрлендіре түседі. Ол өзінің «Шамаил қазынасы» атты романының бас кейіпкері Жәләл ад-Дин Жумдардың бейшара халге түсіп, бір сәтте өмірінің тас-тал­қаны шығып, бақытынан айрылуы, ең алдымен, араб халқының ұлттық дүниетанымы мен діни-философиялық көзқарастарынан бастау алып жатқа­нын аңғару қиын емес. Сол секілді Жәләл ад-Дин сынды араб қоғамындағы әділетсіздік пен қатыгездіктің құрбаны болып отырған мыңдаған адамның тағдырын шынайы көрсете білді. Салах Маата – аса нәтижелі, білімді және ойшыл араб жазушыларының бірі. Оның шығармаларының басқа шығыс зерттеушіле­рінің еңбек­те­рінен негізгі айыр­ма­шылығы тарихи шындық арқылы, әсіресе Египеттің өткен тарихын басты назарға ала отырып, басқа шығыс авторларында кездесе бермейтін көптеген дәлелдермен құнарлан­дыра қазіргі кезде қоғамда орын алған жағдайларды шебер әрі әсерлі көрсете алуында. Негізінен, Маатаның романдарына жалпылама немесе, әрқайсысына бөлек-бөлек баға беру үшін арнайы зерттеу жүргізу керек, себебі бұл роман­дар, көркем өнер шығармалары ретінде де тарихи иллюстрация ретінде де зерттеуге тұрарлық туындылар.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Салах Маата. Хизанат Шамаил. – Каир, 2008. – 246 б.
Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. – Алматы: Мектеп, 1988. – 163 б.
Әлібекұлы А. Мәмлүктер кезіндегі түркі-қыпшақ әдебиеті (дамуы, әдеби өкілдері, өлең өлшемі). Автореферат. – Алматы, 2005.-26 б.
Шильтбергер Иоганн, Путешествие по Европе, Азии, Африке. С 1394 года
Наталья Басовская, профессор РГГУ. Эхо Москвы (13 февраля 2010 г.).
Руи Гонсалес де Клавихо. Дневник путешествия в Самарканд ко двору Тимура (1403-1406).
Олдридж Джеймс. Каир. Биография города. Перевод с английского О.Орестова. – Москва, 1970, – 85-86 сс.
Абуд Мұстафа Абуд. Хизанат Шамаил… Тарихи роман қалай жызылады?// әл-Уафд, 23.08.2008.
Сами Фарид. Маза йабқа? Мин Хизанат Шамаил йахруж ат-Тарих// әл-Аһрам, 22.05.2008.
www. stepanstep.ru/news
www.news.ru,
www.gumіlevіca.kulіchkі.net/works
www.venіvіdі.ru
http://www.coptіchіstory.org/new_page_1994.htm
www.rіan.ru/docs/about

***
The artіcle consіders contemporary Egyptіan wrіter Salah Maata’s novel «Hіzanat Shamaіl» and Hіstorіcal events whіch have found reflectіon іn hіs novel and correspond to excіtements of these day

Т. Көптілеуова,
Қ. Әубәкірова.

Алдыңғы «
Келесі »