Ақын ұлын асқар тауы жоқтайды…

  • 20.07.2015
  • 446 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сағатбек Медеубекұлы,
филология ғылымдарының 
кандидаты, Қазақ ҰУ-і 
журналистика факультетінің деканы

Мұқатай Жылқайдарұлы  жоқшыла­ры­ның бірі, заңгер-зерттеуші Сайлау Ағы­баев екеуміз екі-үш жылдан бері Абай мұраларының шырақшысы, сыншы, ақын, жазушы, абайтанушы ғалым  Төкен Ибраги­мовпен хабарласып жүр едік. Телефонмен «Менде Мұқатайдың хаттары бар, өлең­дері бар, суреті бар» деген соң,  соларды көруге ынтық көңіл тыным бермей, Семейге әне-міне барамыз деп жүргенде етек-жеңі ел мұрасына толы шекпенін сүйретіп Төкен ақсақалдың өзі келді Алматыға. Азаматтық. Көргендік. Жанашырлық. Мәдениеттілік. Пара­саттылық. Ақсақалдық. Осының бәрі кездескен сәттен-ақ Төкен ағаның тұла бойынан нұр болып төгіліп тұрды. Сарғайған хаттарды қолымызға ұстата берді. Тайға таңба басқандай, бір әрпі бір әрпінен ажырамай, маржандай тізілген қолтаңба көзге оттай басылды. Тоза бастаған конверттер. Ақ-қара түсті фото. Мен көрген кейінгі Мұқатайдың бейнесін газет арқылы ел де көрген. Ал, енді, оның жас кезіндегі келісті келбетін көз көргендер болмаса, қазіргілер елестете алмайды да. Қолымызға тиген фотода Мұқатай жап-жас. Жанарынан мейірім ұшқын атады. Фотоның сыртына өз қолымен былай деп жазыпты:


Мен емеспін бөтенің,
Аяулы досым, Төкенім.
Достықты жырлап өтемін,
Мақсатқа кештей жетемін… 22/VIII-61 жыл. Қолы.
Фотоға қарап отырғанымда есіме өзі айтқан мына бір оқиға түсті:
Кешегі ғасырдың сексенінші жылда­рының аяғы бұл. Мұқаң Ұзынбұлақ ауы­лы­нан Кегенге бармақ болып жолға шығады. Алматы-Нарынқол күре жолына дейін жаяу келеді (оншақты шақырым!) Көртоғайдың шыға беріс қырындағы жол айырығында көрінген көлікке қол көтеріп тұрады. Ешбірі тоқтамайды. Бір мезеттер болғанда төменнен жоғары өрлеп «Волга» келе жатады. Ол кезде мұндай мәшинені жоғары басшылар ғана мінеді. «Дәу де болса, мынау аупартком хатшысы болар, ол болса, мені таныр, тоқтар, ала кетер» деп үміттеніп,  қол көтереді. Мәшине жақындағанда таниды, шындығында, сол – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Қуана қайтара қол көтереді ентелей. Хатшы жалғыз өзі артқы орындықта құлашын арқалыққа жайып жіберіп, қалғып отыр екен. Тізгінші мұны таниды да, тоқтамақ болады. Мұқатай тұра ұмтылады. Тоқтауға ыңғайланып, артқы қызыл-сары шамдарын жағып, сәл кібіртіктеген «Волга» кенет дүр сілкініп алға ытқып кетеді. Мұқатай аңтарылып қала береді. Қызығы сол, Мұқатай  аупартком хатшысынан бұрын барады аудан орталығы – Кегеніне. Осы оқиғадан соң жолда  туған өлеңін аудандық газетке береді де жөніне жүре береді. Екі-үш күн өткен соң мұны милиция қызметкерлері әкелеп-үкелеп жуындырып, киіндіріп, аупартком кеңсесіне алып келеді, бірінші хатшының қабылдауына. Бұрындар қай басшының есігі болса да тайсалмай тұтқасынан шірене тартып кіріп баратын әдетінен жаңылып, табалдырығын көңілсіздеу аттайды. Бұл кірісімен хатшы орнынан атып тұрып, құрақ ұша жөнеледі. «Үй берем» дейді… «Жұмыс берем»… дейді. «Қатын әперем» дейді. «Тек ана пәлеңді ұрттамасаң болды» дейді. Мынадай ултиматумға Мұқатай аң-таң. «Сый қылсаң, сыпыра қыл» қайда? Мейлі.., осындай аста-төк жақсылықтың тым болмаса бір мысқалын  бұрын, анау комсомол басқарып жүрген кезінен бері жасаса, қайда қалыпты? Не дерін білмей әрі-сәрі күй кешіп тұрғанда көзі хатшының алдында жатқан аудандық газетке, газет бетіндегі өзінің өлеңіне түседі. Тақырыбын «БҰЛ КЕГЕНДЕ…» деп, астына «Б»-ға деп өзгертпей беріпті. Мына өлең шықпаса, сол баяғыша жолға тастап жүре беретін «мансаптың құлы», «таққұмар» (Мұқатайдың өз сөзі) пендеге ашынып, орнынан атып тұрып: 
Бұ Кегенде сен қалмайсың, мен қалам,
Болашаққа сен бармайсың, мен 
                барам!
Ақын ұлын түбінде бір жоқтайды, 
Аман болса, асқар тауым, кең далам.
Асфальттарда жүрмесем де «Волгамен»,
Жалғыз-жаяу қалмаспын-ау жолда мен.
Келешекке сенен бұрын жетемін,
Желден жүйрік Өлең деген жорғамен.
Місе тұтып, қарға тышқан кеңсеңді,
Көтересің Ел алдында еңсеңді.
Елің сені балап еді дарынға,
Дарын шіркін түсіп кетті-ау қарынға! – деп бұрылып шығып кетіпті… 
Ақынның айтқаны келді. Мұқатайды асқар тауы да, кең даласы да, сол  дала төсіндегі бүкіл қазақ қапияда көз жазып қалғалы бері жоқтап келеді. Енді, Мұқатайды тереңірек білу үшін Төкен ақсақал отыз жыл сақтаған хаттарға да көз жүгіртелік…
Айтпақшы, осы хаттарды оқыған оқырмандардың есіне Мұқатай және оған қатысты деректер түсе қалса, арманда кеткен арлы ақынның жоқшысы- «Жас алаш» газетіне немесе әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  Журналистика факультеті Баспа ісі және дизайн кафедрасына, 217-кабинетке жіберер деп сенеміз.тел.: 3773338(1348); 87014908990.

Мұқатайдың Төкенге Сагат
жазған хаттары

Төкен! Қадірлі де, аяулы дос!
Көненің көзі, айнымас, жар дегенде жалғызымның өзі, сұрыпталып, сар­қылып шыққан сары алтындай адал досым! Мен бұдан былай саған мұндай  көпшік қойып көтерме сөзбен көбікезу хат жазбаймын, ал, бұл жолы бір рет кешір. Орынсыз жалпақтау, жағыну жаныма қас, жақтырмаймын әрі ыңғайсыз. Ал, жансүйер жалғызыңа жаныңда болмағандықтан, хат жазғанда сағыныш арасында сұлу сөздер еріксіз жазылып кетсе, оның несі айып? Ол кез келгенге емес, кезегінде кезегенге ғана, көзегенге ғана еріксіз ақтарылар жан сыры ғой. 
Мен сенің қадіріңе жетпегеніме кешір. Шын кешір.  Мен достықты да кезінде қадірлей білмеппін. Онда менің жолым да басқаша болар еді.  Сен сенесің бе? Егер, жақсы дос жанында болса, Мұқағали өлмес еді! Тым болмаса, сол кезде Алматыда болмағаныма өкінемін.  Мен оған көрші тұрдым. Арамызда бір-ақ үй болды.  Мен қайтыс болған белгілі партия қызметкері Ә.Мәлкеевтің үйінде пәтерде тұрдым. Қазір еңбегін, өмірін жаңа бастаған Г.Мәлкеева – пианистка – сол кісінің қызы. Семьясы, балалары түгел жақсы тәрбиеленген.
Көрші тұрып Мұқаңа бас сұқпай­тынмын. Әйелі ренжитін. Бірде кешкі­сінде звондасам, дауысы қарлығып, булы­ғып, қиналып: «Мені өлсін демесең, «дәрі» алып тез жет, маған шын жаның ашыса»,- деп шегелей айтты. Киініп едім, үй иесі: «Сен кешірек келіп мазаларсың, мен де барамын»,- деді. Себебі, атақты Мұқағалиды көргісі келді-ау деймін. Үйге жақын «Самалға» барып екі бөтелке «дәрі» алдым. Есікті өзі ашты. Күтіпті. Трусишаң. «Киін, қасымда адам бар»,- дедім.
Жас баладай қуанды. Қатты қинал­ғаны сондай… «Шын жаның ашиды екен» – деп әлденеше айтты. Шешініп, денесін көрсетті. Әр жері печать сияқты көгеріп кеткен. «Дене дәріні қабылдамайды, аллергияға айналды» – деді. Соңғы рет  шприцтерін лақтырып тастап Сов­миннің  ауруханасынан халатпен үйіне кетіп қалыпты. Менің қасымдағы әйел ақыл айтып келе жатыр еді, Мұқаң тура боқтап тастады.  Мен оны ертіп барып өз бөлмесінде төсекте жатқан Мұқаңның әйелі – Лашынмен таныстырдым. «Орының осында, жаны ауырған ашулы ақыннан басқа сөз естіме» – дегендей.
Ол: «Сен мені өлтірмесең ауылға жет­кіз. Мұнда өліп қалатын сұрым бар».
Мен: «Ауылға барғанда да ішіп, өзің ғана емес менің де әуремді кетіресің. Ешкімді тыңдамайсың ғой. Өлесің ғой. Қойсаңшы».
Ол: «Асқарларымды, аспандарымды – Хан тәңірін көргенше ішуге рұхсат ет. Әрі қарай тастаймын. Тастаймын. Қымызбен, ауамен емделемін».
Мен: «Уәде ғой. Онда ертемен кетеміз». Келістік. Ол екеуіміз бір жыл бірге, бір мектепте мұғалім болдық. Уәде бермейтін. Айтса, орындайтын. Машинасы бар бір жолдасқа барсақ, ертесі техосмотр екен. Үйге келіп портфель, плащты алдым. «Күтемін, есік ілінбейді», – деген Мұқаң. Түнімен  әңгімелестік. Таңертең әйеліне айтып, Мұқаңды жылылау киіндіріп, «бізді шығарып сал» деп үлкен баласын тұрғызып алдым. Автовокзалға кеттік. Лашын: «Екеуіңнің басың қосылды, автовокзалдан қайтасыңдар»,- деді. Автовокзалда Мұқаңның басын жазу, жолашарымен 2 вино алдым. Баласы да бірге ішті. Оған, «сен бізге жолда оқитын бүгінгі газеттерді түгел ал», – дедім. Әкелді. «Л. Жас» жарты бет Мұқаңның өлеңдерін басыпты.. «Енді мынаны жу», – деді. Жуылды. Таныстар, студенттер қаптап кетті. Дастархан бөтелкеге толды. Мен әйтеуір болмай билет алып, Мұқаң екеуі­міз кешігіп Кегеннің автобусына іліндік. Қаладан шыға берісте контролер т.б. Мұқаңды автобустан  түсіріп тастады. Мен де қалдым. «Осында отыра тұр. Мен мына пост. ГАИ-ден Талғарға звондайын, ағай преднарсуд, мына милиция Талғарға қарайды – қазір бұларға звондаса болды, кез-келген көлікпен ауылға тартамыз» – дедім. Звондап, айналып келсем Мұқаң жоқ. Бір сағат жоңышқа, шалғын, бақты шарладым, ұйықтап қалды ма деп. Табылмады. Қалаға қайттым. Бұдан кейін 76 ж. июньдегі сайлауда және мен бір рет литфондыдан ақша алғанда бірге болды. Әнуар Әлімжановқа жағдайды айтып едім, құптады, «дұрыс», – деді. – Ішкізбе, литфондыға ертіп кел, екеуіңе ақша бергізейін, елге барғаны, демалғаны жөн» – деді. Бірақ, басымыз қосылмады, Мұқаң қолыма түспеді.  Сол ел дегеніміз Алматыға тиіп тұрса да арман болып, көкейімді жеген құрт болып, өкініш болып қала берді. Әлі күнге жанымды жейді. Жақсы дос Мұқаңды елге әкетсе, ақсақалдарды сыйлайды, түзеліп, оңалып кетер еді. Өлгеннен соң өкінгенсіп, жоқ­тап, топтап оған өлең жазатын болдық. Егер, оны көзі тірісінде қадірлесе де ол ашынбас еді, ашынбаса тарта ішер еді – өмірі үзілмес еді. Ал, енді, тындырып алып, оны Абайдың қатарына қойдыңдар. «Жарық жұлдыз», «ХХ-ғасырдың ғажайып ақыны»» – Ә.Тәжібаев. «Лениншіл жас». Біздің сынның соқырлығы, сын емес сойыл, қолшоқпар екеніне Мұқаң тағдыры куә. Тіпті, өлген соң Мұқаңа әлікүнге өз бағасын бермеген сынға да, сыншыға да мен өлердей наразымын. Өспейтін ел­дің өлекшіндері осылай болады. Ал, сен сын­шысың. Ертең 21-ғасырдың аяғына таман біздің қазақтың қаншасы ана тілін ұмытады?.. Қазірдің өзіңде 20-30% қазақша басылымдарды тіл білме­гендіктен оқымайды. Сонда бізге өлең жазып не керек? Кімге арнап жазамыз? Оқушым қайда менің ертеңгі?.. Осыған жауап берші.
Төкен! Әңгіме достықтан туындап отыр. Әдейі жазып отырмын. Достықты қадірлейікші, сен маған ренжімеші. Мұқа­ғалиды бүгін Алматы емес Москва да жоқтай бастапты. Курганцевтің қалай аударып жатқанын білмеймін, ал, «Реквиемге» – Москва композиторы музыка жа­зып, Мұқаңды жоқтап, ол жайлы өкінішпен пікір айтуы жақсы нышанның басы, бастамасы сияқты маған. Газеттен оқыдым. Ал, өзіміздің белгілі ақын Мол­дағалиев:
«Айран ішкен шал тірі жүр,
Арақ ішкен сен өлдің, өкінемін, жылаймын» – деп былжырайды. 
Жалпы, Тұманбайдың ақындығына дау жоқ. Үйкүшіктігіне ыза боламын. Аясы тар, ауладан шықпас үйкүшік, ұсақ. Өте­жанды жазыпсың. «Лениншіл жастан» оқыдым. Көлемді, әділ баға. Кезінде шықты. Мұндайда қолұшын беріп қорғау да керек. Бірақ, біржақты болмау керек. Әшімбаев (Сағат. Ред.) солай еткен. Өтежан (Нұрғалиев. ред.) өте шебер, суреткер лирик. Сирек талант. Таласым жоқ. Бірақ, «Өткір қырғыш қазанның түбін теседі». Жалпы опат, қаралы кезең болса да сол жылдардың өзінен қуа­ныш, жылт еткен сәулелі сәттер табуға болады. Өмірдің терістерін қуа бермей, күнгейіне де үңіліп көңіл бөлесің. Өмір тек қайғымен, қара бояумен жасалмайды. Өтежан асқынып барады, осыны кезінде ескерту, тежеу керек, соны ескерт. Шындығында талас жоқ. Келесі кітаптарында соны ескерсін. Жауларына керегін оның өзі жасап беріп отыр.
Ал, Төкеш! Саған айтарым – қазір тек диссертация жайлы ойла, ертең трибунадан соның төңірегінде қойылар сұрақтарыңды ойла. Таяп тұрғанда басқа жұмысты доғара тұр. Расписанияң маған ұнамайды, бір уақыт тынығу керек. Қарауыңда қанша научный сотрудник бар? Мұны сұрап отырған себебім, мен саған 80-жылдың жазында барамын. Ақсуат, Алтай жағын көрсек, өзім болған Шұбартау, Абай аудандарына 2-3 күн болса да бір соғу керек. Онан әрі мен сенің сағынышыңды басып, Ертіспен төмен ағып, Сібірге түсіп кетсем, әкпем Айман (сен білетін, КазПи-де оқыған) сол жақта тұрмыста, көрмегеніме 15 жылдай болды. Ол ауылға мен жоқта келіп кетеді, кездесе алмай жаман сағынып жүрмін. 
Сол Ертіспен аққан бойда аманшылық болса теңізге, мұхитқа шығып кетсем. Қандай тамаша болар еді! Сенің де күткенің сол емес пе, аяулы досым! Шыда, келер жыл біздікі. Мен осы жылмен қызметті аяқтаймын. Өкіметке де біраз еңбегім сіңді. Егер, өзім күткен құпияның есігін аша қалсам әрі қарай қызмет істемей-ақ тек бірыңғай жазумен айналысамын. Ал, аша алмасам, жазуды тастап Алатаудың етегінде Өте­жан айтқандай «Сексендегі семіз балуан»  атанар тіршілікке көшемін. Әйел алып, оны еркелетіп, балаларымды ойнатып, шаруашылықпен өмір кешемін. Сен сияқты оқымыстыларға жеміс, ет-сүт керек.  Шыным да, сырым да осы.
Мен саған бірде-бір қуаныш әкеліп, жаныңды жадырата алмадым. Тек мұң сыйладым. 20 жылдай мерзімде 2-ақ рет кездестік. Сонда мені неге ұмытпайсың? Неге жек көріп кетпедің? Қолды неге бір-ақ сілтемедің? Мені неге жақсы көресің? Осының себебін айтшы. Өтінемін. Ал, досым, мен өзгерген адаммын. Қазір мұңлымын. Қуаныштың ізі де жоқ. Баяғы ақжарқын, тапқыр, әзілқой, адал жанды, өмірге ынтық Мұқатайға өзім де зармын. Ал, саған кездесерге дейін сол Мұқатайды мен де іздестіріп көремін. Қолыңа баяғы  Мұқатайдың өзі болмаса да көзін апарып табыстауға тырысамын.
Қал-жай амандықтарыңды хатың­нан естіп қуанып қалдым. Жауапты кешіктіргеніңе саналуан ойға кетіп, жаман жүдедім. Себебі, «ренжіген екен» дедім.
Ал, енді, өкпе-өтінішті тыңда. Хат жазғанда неге менің өткен хаттағы аманаттарымды ауызға алмайсың? Жоқ, мен еріккеннен жазды деп пе едің?  Төкен, өкпелеме, маған «Өмірдастан» өте керек. Қайта сұрап отырғаным сондықтан. Мұқағалимен Есіл бойында сырласайын, мұңдасайын, қалайда осы таңдамалыны тез жібер. Ал, өзіңе айтарым – кітаптың шыққан бойда 1-данасын маған жібер. Келесі кітабың (М.Т- жайлы «Телқоңыр») бітпесе мына жайды (Мұқағали жайлы) қатты ескер:
Роберт Бернстің өлеңдеріндегі, Мұқағалидағы қайталауларды салыстыра оқып көр;
Венгер халық поэзиясы – ХVІІІ-ХІХ ғ бізге өте ұқсас, әсіресе қайталау, қайырма;
Халық жыры.Тойдағы айтыс­тар – бұған  Мұқаңның «Қарасаздың шы­бығын…» – айқын дәлел. Ғасырлар бойы халық, бүкіл бір ұлт жасаған поэзияны Мұқаңның қандай биікке көтергенін жаңа қырларын, сырларын, мүмкіндіктерін ашқанына, жаңартқанына көңіл бөл. Мұқағали Абайдан кем емес – тең емес. Аудармаларына, әсіресе, Данте «Б. Комедиясына», Шекспирдің сонеттеріне ғана көңіл бөл.
Мұқағали баспасөз айтқандай, 20 емес, 15 жылдай ғана жазды. Алғашқы өлеңдерінен бастап білемін. «Ильичтен» бастап нақты, біржола кірісті. Сол кезде мен оқуға кетіп, ол менің орныма газетке қызметке орналасқан. Ол жайлы мен аз да болса білемін. Оқуға, ізденуге өте құштар, әлем классиктерінен қоймай оқитын, прозаға дейін. Саған Бернске, Венгер ха­лық жырларындағы т.б. поэзиядағы қай­талауларға  көңіл бөл деп отырғаным сол. Көп оқыған, ізденгіш, шебер аудармашы ақын қазақтың халық жырларындағы қайталаулармен шектелуі мүмкін емес, ескерсін дегенім. Ал, Мұқағалидағы қай­талау тек жай қайталау емес, үстеме толықтырғыш мағына беретін, сол ар­қылы өлеңнің интонациясы ғана емес бү­кіл динамикасына, мағынасына күш беріп, әрлеп көркейтетін қайталау. Әсіресе, қайталанар сөз екінші тіркеске қосылғанда басқа жаңа мағынамен құлпырып кетеді. Оның поэтикасында осыны ескер. Менікі пікір ғой.  Сынды бір белеске шығар да таста, тастай алмайсың ғой. Ойлан. Прозаңа сәттілік тілеймін! Поэзияға өзің біл. Түбі поэзия саған қол емес, газет, жур­налдардағы өлеңдеріңді оқыдым. Бұл онсыз да аз уақытыңды жейді, ысы­рап­қорлық дер едім. Мен жазуды мүлдем, еріксіз доғарғанмын. Өзімде бір құдірет барын білемін, соны ашу керек.  Өткен мартта (78ж.) Алматыда күнде ертемен Алатауға қарай көңіл, ой сүйреп, сілкініс, елегізу сияқты, ынта нышан беріп еді.  Жағдай жетелеп мойын жар бермеді. Солай бір, өмірге құлай, жылай берілсем бәлкім басталып кетер еді.  Ол үшін орта, уақыт керек. Мына тірлік мойын бұрғызбайды. Оқуға берілдім. Оқыған сайын шикілігімді аша беремін, тағы оқу керегін сеземін. Бірақ, қашанғы оқушы, шәкірт болып өтерсің. Мұны доғарып, ендігі жерде соңғы сілкініске дайындалу керек. Егер, ол мүмкін болса. Менің хаттарымды жауып таста, жауап жазба. Өтініштерімді ескергейсің, соған жауап бергейсің.
Өзің директор болсаң, саған кеңседе де жазып, кеште біраз қыдыруға болады ғой, таза ауада.
Сен Алматыға қашан барасың? Мен үйдің адресін жазайын, сен менің бауырыммен таныс. Талғарда преднарсуд. «Алматыға, облсудқа ауысады» деген сөз бар еді,  хат алыспаған соң білмеймін. Сен ол кісіні танисың. Нүкен де біледі. Ме­нің 20-дағы  кешімде бәріміз тойлап жатқанда Свердловскіден военный формамен әйелімен (кореянка) келіп, мен «мұндай жеңге керек емес, әйеліңді ерт те кет» деген  соң шығып кеткен. Енді есіңе түсті. Сол әйелін ауылға апармай Алматыдан қайырды. Қазіргі жеңгем Қостанайлық врач-терапевт. Ағай жақсы адам, мені айтып әдейлеп барып таныс, сыйлауға, сөйлесуге  сыпайы адам. Қалған әңгіме өзі-ақ жалғасады. Түбінде сен де Алматылық болсаң ғой. Қала сыртынан жақсы жерге үй саламыз. Жарайды, тағы ертегім басталып барады.  Менің туыстарымның біразы қалада. Бәрі де жақсы жандар. Ішіндегі үміт еткен данасы да, асыр салған баласы да, лауламаған шаласы да, көбінің ағасы да – өзім.
Төкен, темекі тартасың ба? Араққа жоғыңды білемін. Мен де арақ ішпеймін. Темекіні тастай алмай жүрмін. Ең зияны осы көрінеді. 
Енді өзіңе жауап. Мен айттым ғой, «С.Т.»-на («Семей таңы»ред.) бір рет бастырасың ба? Маған бұл қажет. Жә­не келер май-июнь айларынан бастап айы­на 15-20 өлең жіберіп тұрамын, егер де машинкаға үш дана етіп бастырып, ноябрь-декабрьде өзіме қайта салуға келіссең. Мен Алматыда январьға келісіп, тиісті адамның қолына тапсырып қояр едім. Оған жай бар.  Қайтсем де бұзып-жарып кіруге тырысамын ғой. Ең бастысы алғашқы  өлеңнен бастап маған әділ қазы өзің боласың. Достыққа тартпайсың. Жасырмайсың. Міне, осыған жауап алысымен мен саған алғашқы топтаманы жібере бастаймын.
Алматыға барғанда байқап жүргейсің.  Бөтен ортаға түсіп кетіп, кейін шыға алмай жүрме. Топ-топ болып ішу, стол басында жазушылар асханасындағы шүйір­келесуді жаным жақтырмайды. Іш­кілік араласқан жерде әңгіме әділдіктен ауытқиды. Біздің жазушылардың жауласып, оңбай жүргендері осы.  Араларынан Өтежанды  бірде-бір рет көрмедім. Сонан да шығар, бәрінікін бір-ақ ішеді. Және де бәрін бірақ тойғызады.  Сондықтан, оның осы өміріне разымын. Бар-жоғы 2-ақ рет көрдім. Бірде Одақта, екіншіде көшеде, аз амандықпен тайдық. Онымен де кейін табысармыз. Ол иттің жас­тықтағы мінезін аңсаймын, құдай біледі.  Сен оған мен айтқанды ескертсең-ай. Енді біраз күнгейге жайылсын, өзіне де жақсы, өзгеге де  қуаныш, жауларына да жауап, құм құяды. Дәл осылай тарта берсе, ертең оны ақтап ала  алмайтын дәрежеге жетеді.  Шындықтың да шегі бар. Енді саған не айтсам екен. Ақыр жаздым айды аспанға бірақ шығарайын. Ма­ған әйел болса да үйлену керек.  Өзіме тұщылық жаны ғана ашық, жарқын бір адам табылса екен деймін. Бұл да есте.  Сейітпен (Қасқабасов. Ред.)таныссың ба?  Таныспасаң мен таныстырайын, кластас жақсы жолдас. Қазір академияда академик-секретарь гуманитарных наук.  Жатсынбайды. Бірден шүйіркелесіп кетесің. Білмесең маған жаз, мен таныстырамын.  Ол да ішуге жоқ, адал, тамаша жігіт. Бастысы – менің бауырыммен танысуды ұмытпа. Менімен дос болған соң сөзсіз олармен болашақта араласуға тиіссің. Мен сені Алматыдағы, ауылдағы туыстарыммен түгел таныстырамын.  Ауылды аралатамын. Туғалы өзің көрмеген табиғат сұлулығына сұқтандырамын. Рас айтамын. Енді тек тағдырым денге саулық беріп, осы бір қалған азкүндік тірліктегі ойларды іске асырсақ екен. Маған  мінезді күштеп өзгерту керек екен. Салмақ­тылықтан ақын болмайды екен.  Елгезек, бала мінезбен, сергек жүрген адам ғана ұдайы ақындықта  болады екен. Данышпан болсаң да столға байланбай, күлмей, елмен жұғыспай ақындық жоқ екен. 
Ал, қымбатты, қадірлі досым!  Шыға­мын деген соң шығатын шығармын әде­биет­тің бір бұрышынан, мәселе қалай шығуда? Енді өзіңе, Нүкетайға, балаларға денсаулық бақытты өмір тілеймін. Нүкеңе сәлем айт, хатты оқыт, жүнжімей сергек жүрсін, ауырмасын. Ол да мені сағына ма екен-ай, сұрашы, ал мен сені ғана емес Нүкенді де сағынамын, құдай біледі сол арқылы Ағиісті, Мәрияны бәрін-бәрін сағынамын. Өмір сүю құштарлықта, ің­кәр­лікте, ақындықтың да бір қайнары, бастауы осындай сүйіспеншілікте шығар. Өткен хатпен бір-ақ жауап күтемін. Әдемі сөз қажетсіз, сүйкей бер, Төкеш. Сау бол! Мұқатың.

*** 
Қымбатты Төкен!
7-күнгі хатыңды алып, қуанып қал­дым. Авиа дұрыс көрінеді. Мөрі 8-апрель (Семейден) 13-апрельде қолға тиді. Ала-сала жауап жазып отырмын. Жағдай бірқалыпты. Қар жаңа еріп жатыр.  
Өзің Алматыға қашан барасың? Бұл – бір, Екінші, осы хатты алысыңмен «Өмірдастан» мен «Өмір-өзенді» салып жібер Асыға күтем. Күтемін!
Асқармен (Сүлейменов. Ред.) сәлемнен басқа жайым жоқ. Ол да өзін дұрыс кө­ретін жігіт, сырт байқауым солай. Бірақ, еңбектеріне қарап, білімділігін бағалаймын.
Ал Зейнолла (Серікқалиев. Ред.) жайлы сөз бөлек. Бұл мен білетін  таза да тамаша жігіт. Мен онымен алғаш 9-10 кл. жүргенде танысқанмын. Онда ол КазГУ-де студент еді. Адамгершілігі мен әдебиетке адалдығын, білімін, бәрін-бәрін сүйемін, сыйлаймын. Оның сыннан неге қашқанын да іштей топшылаймын… Жазса, қара қылды қақ жарар әділ төреміз де сол болар еді.
«… Мұқатай, бізді сөйлестірмеді, сені тыңдайды ғой, Мұқағалиды ертіп кетші»- деді, Одақта Зейнолла 4-5 жігітпен отыр екен. «Ақша болмай тұр, ертіп-ақ кетер едім» – деп едім, қолыма ұстата бер­ді. Әркімді мазалап жүрген Мұқаңды ертіп мен шығып кеттім. Кетіп бара жатқанда Зейнолланың «Рахметін!» – естіп қалдым… Жалпы Зекең достыққа таптырмас баладай адал жанды мен сүйетін азамат, ел сүйетін азамат! Әттең, сыннан шеттегеніне өкінемін. Ең соңғы рет Ілияс  Есенберлиннің романына жаз­ған сынын газеттен оқып, аса разы болып едім.
Ал, Төке,  өлең жайлы тұп-тура осылай жазарыңды білгемін. Бәлкім бұдан да ірі, маған ренжір деп едім.  Сен өлеңді ақындықтан жазбайсың. Сенің жаның нәзік, ақынжанды жаратылыстансың, мен мұны 1-курстан-ақ білемін. Сондықтан, сен ақын боламын деп емес, өзі келіп қалғанда бақсылығың ұстап, сүйкеп тас­тайсың. Ал, ақын болу ойыңда да жоқ. Сондықтан, бөгет болмас, түрте жүр. Диссертация тақырыбы не?
Сен мен үшін уақыт бөлердей көп өлең менде жоқ. Осы хаттың ізімен екін­ші конвертте 15-тей өлең саламын.  Алдымен оқып, ойланып-толғанып сол өлеңдерге пікір білдір. Хатты сонда бірақ жаз. Онан әрі мен көрейін, пікіріңе қарап. Бір ойдан, тек осыны қоя тұрып, алдағы жазар өлеңдермен ғана шықсам деп те ойлаймын Екіншіден, «іштен туған шұбар жылан» – дегендей, мынадай қолда барларын да көз қимайды. Қысқасы, сенің пікіріңді күтемін.
Ал, мен мақтаныш емес, алда бұдан жақсы жазатыныма сенемін. Кешігіп қалған соң кейбірін өңдеп, алғашқысын осы өлеңдермен беріп те жіберсем деген ойға қалай қарайсың?
Ал, маған бір рет посылка салсаңдар болды, әрі қарай қажет емес. Нүкен бір жолға ренжімесін. Бондероль салмағы бір кг. кез келген уақытта алдыра береді, бұған шек қоймайды. Посылкаға не керегін қосымшадан қара.
Өзіңнен сонымен өтініш мынау:
«Өмірдастан», «Өмірөзен» алысың­мен қағазға орап, почтаға сала сал.
Алматыға қашан барасың?
Маған «Жалын» баспасының адресі керек. Онда поэзия жағын кім бас­қа­рады?
Маған оқуға өте қажет-ау деген кітап­ты өзің ойлай жүр. Әсіресе өлең.
Әубәкірің кім? Өлеңі – өлең! Ашып жазшы. Басқа не айтамын. Мен басшылардан жұмыстан босатуды өтініп, ешнәрсе өндіре алмай жүрмін. Тек жазуға кіріссем осы жазда-ақ біраз іс тын­дырар едім. Әлде де құлақтарын  қажай беремін.
Төкен, мына хатты ашпай почтаға сала сал. Әлгі мен айтқан әйел осы, «кейін бір айналып келемін» деп ем оған. 1 маймен құттықтау ғой. Мына жердің адресімен білсе, «бұл құрыған екен, тағы да түсінікті» дер. Осы адреспен хат барсын. Ол қайыра хат жазбайды. Тек жалпылама құттықтау сияқты. Жолаушы жүргенде, оған да бір соғып, тағы да алдынан бір өтермін.  Басқа не айтайын. Амандықтарына тілектес Мұқатай. 14 апрель.

***
Қымбатты Төкен, Нүкен!
Қалдарың жақсы, үй-іштерің аман-есен, денсаулықтарың мықты болуына өмір­де өлгенше тілектес-ниеттес  Мұқа­тайларың.
Мен сендерді қатты сағындым.  Қа­мық­қанда жалғызсырағанда тек жан түсінер Төкенді аңсаймын. Ескі дос­тар көп болғанымен, еске түсері – жалғыз  Төкен. Жасандылықсыз, ағынан жары­лып  сырласар асыл досым, сені аң­саймын. «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан әйелдері» (басылымдарынан) өлеңдеріңді, «Жұлдыздан» Ролланға (жазғаныңды)  оқыдым. Толық адресің жоқ. Хат жаза алмай аласұрып жүргенде «Қазақстан әйелдерінен» музейде екендігіңді білдім. Журналдың өзі маған тимейді, кездейсоқ посылкамен 2-3 журнал келіп еді,  ішінен сенің мақалаң шықты. 
Төкен, хат қолыңа тисе, индекс, то­лық адрес жібер. Тез, күтемін. То­лық хатты сонда жазамын.  Аман сау­лы­ғыңа тілектеспін, бейкүнә албырт бозба­лалы­ғымның ортақ досы. Жазшы. Семейде екеніңді естігенмін, бірақ «басқаша қыз­мет деп естиміз» деп еді.
Нүкеңнің, балалардың денсаулығы жақ­сы ма? Нүкең семіріп, есіктен қырың­дай кіреді деп естіп едім, рас па? Онда тамаша болған екен.
Мен бірде ауру, бірде сау жүріп жат­қан жай бар. Жазуды доғарғамын. Өзің­нің өлеңдерің ұнамады. Сындарыңа қызы­ғамын. Күтемін. Сенен жақсы сыншы шығады, оған құдай да, адам да куә. Неге жазбайсың? Өлеңді ренжіме, «жазбай-ақ қой» деп айтпаймын, тәуекел десең, дәл бүгін дайын сыншысың. Бірақ, Ролланға (Сейсенбаев. Ред.) жазғандай рецензияң қанағатсыз. Көлемді батыл, жауапты дүние жақсы ғой. Ол қолыңнан келеді. Неден қорқасың, білмеймін? Жарайды, Төке­тай, мына қағазды жырт. Адресті жазып ал. Тез хат жаз, мен де жазайын.
Амандықтарыңа тілектес  
Мұқатай.
474581 Тургайская обл Есильский р-н 
Красногорск ул. 154/9
Жылкайдарову М.

***
Қадірлі дос! Қадірлі Төкен!
Қал қалай, бауырым? Үй-іштерің тегіс амандықта болуларыңа көптен-көп, мың мәртебе тілектесің – Мұқатай.
Төке, мен хабарласпай кеткенімді айтпасам да түсініп отырған шығарсың. 
Бұрынғыдан айырмасы сол – Семейден келісімен болды, өлім аузынан қалдым. Тістің жартысы жоқ, бет-ауызға тағы да өзгерістер кірді… Аяқты 7-8 рет  кескілеп, аман қалды.  Жылдан астам травмотология, хирургияда жаттым. Сол ауруханадан пижамымен үйге келгенімде, милиция алып кетіп, «строгий режим»  Жамбылдан бір-ақ шықтым. Жылға жақын онда, жылға жуық мұндамын (Қостанай обл., Рудный. Ред.). Келер жы­лы босаймын, жазға қарай. Бәрі сол, ең басындағы бір аварияның шатағы.
Ал, енді, сен мені кешір. Ренжитініңді айтпасаң да білемін. Тек кеше гөр, досым! Кешіре аласың ғой. Сенің жүрегің маған мәлім.
Ал, енді ренжімей хат жазшы. 
Мына дүниені Әбділдаға (Тәжібаев. Ред.)  жібергелі отырып, кілт бұрылыс жасадым. Себебін тағы да сезіп отырсың ғой. Сенімен ендігі жерде тек іспен қатысу, сөйлесу керек болды. Ең бастысы – осындай бір дүниесіз, сенсең, саған хат жазуға да батылым бармады.
Жағдайым жаман емес. Қартайып кеттім. Тән, жан жарасы қатар қажытты. Әбекеңнен күтер төрелікті өзіңе сілтедім. Шалды қажау енді жөнсіз шығар. Азулы да білімді өз досым – әділ қазым барда басқаға жүгінбей-ақ қойдым. Жаны қылдан нәзік Төкен берсін бағасын.
Сенен өтінішім, көңілге, достыққа қарамай әділін айт. Ал, бауырым, маған деген өкпеңді өлеңім жазсын, Нүкенге дауыстап оқып бер, қалған жайды есіте жатарсың. Үй-ішіне тегіс сәлем!
Бетіңнен сүйдім. Мына адресті дереу көшіріп ал: 459120 Кустанай обл. Рудный, УК 161-7, отр.: 5. Асыға хат күтуші Сәлеммен Мұқатай. 29/ХІ-82 ж.
***

Төкен! 
Осы хатыңды авиамен салшы, арада қанша жүрер екен, байқайын. Сонан кейін маған бір посылка салуға, бір бондероль салуға қалай  қарайсың?  Нүкенге айтшы, бұл өзіме қажеттен емес, менен басқа жігіттердің  бәрі посылка алады, дәм таттырады, солардан ұялып жүрмін. Мен тек өзіңнен, Зәбира деген бір қыздан ғана хат аламын. Басқа туыстарым да қайда екенімді білмейді. Егер салатын болсаңдар, өзіңнен хат алған соң  жауабын беремін. Осы салқындау кезде дұрыс болар еді. Саған шұбартаулық бір жігіт бара қалса, байқа. Үйге апарма, аты Болат. Мұнда бірге болған, Есілде билетін алып зорға шығарып салдым. Ішсе нашар екен. Әбден кетерінде бірақ біліп қалғаным. Үйдің адресін бергемін жоқ, музейге бара қалса, «Мұқаңды ұмыттым, нашар жігіт екен» деп шығарып саларсың. Жай жақсы еді, ішсе 100 % бұрылыс жасайды екен. «Семейлік қой» деп сен жайлы айтып, «жолың түссе музейден жолығарсың» деп едім…

Алдыңғы «
Келесі »