Қазақстан халқы Ассамблеясының мәдениет пен өркениеттер диалогын дамытудағы орны

  • 17.06.2015
  • 1259 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік Пірәлиев, 
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің 
ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі

Бүгінгі Қазақстан Республикасы – сан түрлі тілдер мен мәдениеттер тоғысқан көпұлтты, болашағынан үлкен үміт күт­ті­ретін, өркениетке қол созып отырған мемлекет. Оның басты себептерінің бірі – Қазақстан Республикасының тұ­рақ­ты дамуы, әлеуметтік өмірдегі, эконо­ми­кадағы, саясаттағы, ғылым мен мәде­ниет­тегі демократиялық өзгерістердің жар­­қын келешегі тек бейбітшілік пен ға­лам­­дық қауіпсіздік жағдайында ғана баянды болатындығында жатыр. Осы тұр­ғыда Ұлт көшбасшысы – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев аянбай тер төгуде.

Стра­те­гиялық бағдарламалармен қатар маңызды доктриналар қабылдануда. Сондай-ақ, Ел­­ба­сының әрбір Жолдауы бір-бірін то­лықтырып, сабақтастықтың үлгісін көр­сетіп отырады. Соның тағы бір дәлелі «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауымен тікелей сабақтасуында. Елбасы: «Біз тұрақтылықты бағалай біл­геніміздің арқасында бүгінгі табыс­тарға жеттік. Ешкімді кем­сіт­­­пей, ешкімнің тілі мен ділін ман­сұқ­тамай, барлық азамат­тарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең бас­ты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз», – деді. Сонымен қатар, биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы.  Осы жылдың 6 ақпанында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ресми түрде ашылу салтанаты болып өтті. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының өр­кениеттер диалогын дамытудағы орны жайлы сөз болды. Осыған орай, өркениеттер диалогы мәселесінің өзектілігі мен зама­науилығы күн тәртібінен түспейді.
Адамзат өзі жаралғалы бері өмір сүрудің мәні жайлы ойланып келеді. Кез келген тұлға (топ немесе халық) өзі өмір сүріп отырған өркениеттің өткені, бүгіні, болашағы жайлы ойлайтыны сөзсіз. Осыған орай ғылымның өркениет диалогына көңіл бөлуі заңды нәрсе. Жаһандану, «өркениеттер қақтығысы» туралы сөз болып тұрған қазіргі уақытта жалпы адамзатқа ортақ проблеманы – өркениеттердің диалогын зерттеу, оған баса көңіл бөлу аса маңызды. Әсіресе, адамдарды нәсіліне, ұлты мен дініне қарап алалап бөлу емес, керісінше, барынша біріктіру ең өткір мәселе болуға тиіс. Осы тұрғыда, Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасымыздың интеллектуалдық ұлт қалыптастыру бастамасын мемлекеттік міндет ретінде ерекше қолдап отыр. Сондықтан, әлем мемлекеттерінің арасында жетекші орынға ие болатын ел атану үшін отанымыздың интеллектуалды әлеуетін толық әрі тиімді пайдалану механизмдері мен жолдары қарастырылуда. Өйткені, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасында атап көрсеткендей, «Біз – өзіміздің белгілі тарихымыз бен өзіндік болашағымыз бар евразиялық елміз. Сондықтан, біздің моделіміз басқа ешкімнің моделіне ұқсамайтын болады. Ол өз бойына әр түрлі өркениеттердің жетістіктерін сіңіреді. Қазақстан Конституциясына сәйкес әлеуметтік-нарықтық экономика құрудамыз. Біздің моделіміз басқа модельдердің элементтерін сабақтастыра отырып, бірақ негізінен өзіміздің ерек­шеліктерімізге, тарихымызға, жаңа аза­мат­тығымызға және даму кезеңдерінің нақтылығын еске ала отырып, ұмтылыс­тарымызға сүйеніп, өзіміздің жеке даму жолымызды белгілейтін болады»  (Назарбаев Н.Ә. Қазақстан – 2030. Барлық қа­­зақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіп­­­сіз­дігі және әл-ауқатының артуы. -Ал­­маты: Білім, 1998. -256 б.).
«Қазақстан Республикасының 2020 жыл­­ға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында» бұл туралы: «Қазақстанның саясаты Шығыс пен Батыстың, Солтүс­тік пен Оңтүстіктің, ислам және христиан әлемдерімен көпір ретіндегі өз рөлін нығайтуға бағытталған өркениет­ара­лық және конфессияаралық диалог­ты нығайту бойынша күш-жігерін жалғастыратын болады. Төзімділіктің қазақ­стандық үлгісі халықаралық аренада кеңінен танылатын болады және басқа да елдердің тәжірибесінде қолда­нылатын болады», – деп тұжырымдалған. 
Біздің мемлекетіміз заң жүзінде ресми тіркелген діни бірлестіктердің бәрін билік тарапынан қыспаққа алынбауын қамтамасыз етеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының сол кездегі бас мүфтиі Әбсаттар-қажы Дербісәлі Астанадағы әлем діндері өкілдерінің ІІ съезінде былай деген болатын: «Осы форумның біздің елде болғанын мақтан етемін. Ол Қазақстан қоғамының гуманистік бағытта екен­дігінің, көп жақты саясатының өмір­шеңдігінің куәсі. Ол халықаралық қауіп­сіздікті әрі қарай нығайта берудегі, дінаралық диалогты кең әрі терең дамытып, мәдениеттер мен өркениеттердің діни лидерлерінің бітімгершілігінің кү­шеюіне әкеледі» (Қазақстан діндер ара­сындағы татулықтың үлгісін көрсете алады // Айқын. 19 қырқүйек 2006 жыл. – Б. 2.).
Бұл біздің Президентіміз Н.Ә. Назар­баевтың басшылығымен құрылған Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ең басты саяси қызметінің жемісі. Бұл идеалға жер бетіндегі  әрбір мемлекет ұмтылуы тиіс. Өйткені, бүгінде құрамында байырғы ұлтпен қатар түрлі ұлттық топтар мен этникалық азшылықтар мекендемейтін, халқы бір тілде сөйлеп, бір ортақ дінге сыйынатын, бір текті рухани-мәдени құндылықтарға негізделген әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді ұстанатын, түрлі әлеуметтік қабаттар мен топтарға жіктелмейтін мемлекет әлемде жоқтың қасы.
Қазақстандағы діни-этникалық ағарту­шы­лық тәуелсіздікпен бірге дамып, өткен күнмен салыстырғанда мәдениетті де өр­кениетті мәнге ие болып, әрбір әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарын қазақстандықтардың бойына сіңіруге ба­ғыт­талып отыр. Ал, енді, тарихқа назар аударсақ, XVIII ғасырдың  бірінші жартысында ресейлік мемлекеттік шекара оңтүстікке, Орал маңы мен Есіл маңындағы далаларға жылжыды. 1734-1744 жылдар аралығында еуропалық топтардың қоныстануы орын алды. Осылай ХХ ғасыр басына дейін славяндық этнотерриториялық қауымдастықтан кейінгі ірі топты татарлар, немістер мен поляктар құрады. Татарлар тер­ри­ториялық және конфессиялық ны­шан­дарымен ерекшеленді. Олардың басым көпшілігі сунниттік ағымдағы исламды ұстанса, Сібір татарлары негізінде шаманизм жатқан дәстүрлі діндерге сенді.
Революцияға дейінгі Ресейде неміс­тердің пайда болуы әртүрлі германдық мемлекеттерден (1871 ж. бері біртұтас Германия) Австро-Венгрия, Швеция, Польша, Даниядан және ресейлік Прибалтика қала халқының айрықша құқықты сословиесі өкілдерінің (ақсүйек-дворяндар, дін ие­лері мен бюргерлер), олардың бірнеше ұрпақтарының көшіп келуімен түсіндірілді. Олар неміс тілінің әртүрлі диалектілерінде сөйлеп, христиан дінінің әртүрлі конфессионалды ағымдарын ұстанды. Немістердің басым көпшілігі лютерандар, қалғандары – католиктер мен меннониттер болды. Бұл ресейлік диаспораның алғашқы авангардтық топтарының біздің аймақ­қа қоныстануы патша үкіметінің шешімі­мен жүзеге асырылған болатын.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қа­зақстан аумағына Ресей империясының басқа халықтарының өкілдері де қоныс ау­дарды. Бұл жерлерде славян, неміс, татарлардан өзге мордвалар, еврейлер, қал­мақ­тар, башқұрттар, черкестер және бас­қалар тұратын еді. Мұндағы этникалық топтардың саны жағынан ең көбін мордвалар құрады. 1887 жылғы санақ бойынша жалпы саны 11,9 мың мордва халқының көпшілігі Ақмола облысының Көкшетау уезіне, Торғай облысының Қостанай уезінде тұрақтанды. 1651 адам басынан тұратын еврей халқы барлық облыс­тардың қалалық орталықтарына, көп бөлігі Түркістан аймағының Ақмола және Сырдария облыстарына орналас­ты. Аталған жылы, Ақмола облысында өмір сүріп жатқан  эстондықтың саны 375 болды. Одан өзге, 1897 жылғы санақ бойынша Қазақстанда тұрып жатқан 29,5 мың өзбек, 2,8 мың түркімен, 2,6 мың башқұрт, 997 қалмақ, 987 тәжік тіркелді. Осылай ХІХ ғасырдың соңына дейін Қазақстанда кейбір еуропалық және азиялық халықтардың ірі диас­поралары қалыптасты, олар табиғи өсімінің жоғарылығымен, миграциялық икемділігімен ерекшеленді. Кейінгі он­жыл­дықтарда олардың санының артуы­мен бұл этникалық топтар аймақтың экономикалық және әлеуметтік-мәдени өмірінде елеулі рөл атқара бастады.
Бүгінгі Қазақстанды біздің елде өмір кешіп жатқан немістер, кәрістер, ингуштар мен басқа да көптеген халықтарсыз елестету мүмкін емес. Олар сол кездегі жүйенің езгісінде болса да, жергілікті ха­лықтың жан жылуын сезініп ғұмыр кешті, өздері жат жерде жүріп қазақтарды көп нәрсеге үйретті. Басқа халықтардан да өзге де құнды қасиеттерді бойымызға сіңірдік, сол халықтардың мәдениетінің жетістіктерімен алмасып байи түстік. Бүгінгі Қазақстанда 46 конфессия мен деноминация өкілдері бар, сондай-ақ, еліміз 130 ұлт пен этникалық топ өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан іргелі мемлекет. Қазақтардың ұлттық мәдени-этникалық дәстүрлерінен мұра болған рухани саладағы толеранттылық қазіргі уақыт пен келешекте азаматтық әлемді сақтаудың жақсы негізі болып табылады. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан барлық мұсылман, православиеліктер, католиктер, протестанттар, иудейлердің дін уағыздау еркіндігін қамтамасыз етті. Діни институттардың елеулі сандық және сапалық дамуы басталды. Бүгінгі күні діни қоғамдастықтар саны шамамен 4500 болды, ал, 1990 жылы олардың саны небәрі 670 болатын.
Елімізде Қазақстан халқы Ассамблея­сы құрылғанға дейін-ақ, мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қа­ты­­нас үлгісі діндарлардың құқығы мен ер­кін­дігін құрметтеудің демократтық қағи­даттарына, қоғамдық және діни мүд­делердің теңгеріміне, серіктестік пен өзара түсіністікке ұмтылу қатынастарына негіз­делді. Астана қаласында үш жылда бір өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі конфессиялар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтудағы  келелі бір қадам және Қа­­зақстанның өркениеттердің жаһан­дық келіссөзіне қосқан қомақты үлесі болды. Елбасының бастамасымен құ­рылған Мәдениеттер мен діндердің ха­лықаралық келісім үлгісін дәріптеуде, дін мәселелерін зерттеуде дәстүрлі съездер жұмыла жұмыс атқарып келеді. 1992 жылы Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен бірінші Дү­ниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын. Онда қабылданған манифестте конгреске қатысушылар 18 қазанды – Рухани келісім күні, дау-жанжалдар мен қақтығыстарға мораторий жариялау күні, ымыраласуды іздеу күні, қайырымдылық пен жақындарына көмек көрсету күні деп жариялауға шақырған. Содан бері Қазақстанда 18 қазан жыл сайын Рухани келісім күні ретінде атап өтіледі.
1995 жылы негізі қаланған Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі күні әлемдік қоғамдастық ХХІ ғасырдың ұлы жетіс­тіктерінің бірі деп баға берген таң­ға­жайып халықтар достығының институтына, өркениеттер институтына айналды. Елбасының сөзімен түйіндейтін болсақ, «Қазақстанның діни конфессиялардың бір-біріне деген өзара сыйластығы олар­дың маңызды ерекшелігі болып табылады. Қазақ жерінен барлық әлемдік діндер жүріп өтті, дегенмен бұл жерде еш­қашан фанатизм мен төзімсіздік болған емес. Көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан халқына қашанда айрықша толеранттылық, өзара сыйластық пен өзара жәрдемдесудің айрықша ру­хы тән еді. Бұл рухани дәстүр бүгінгі күні де сақталған». Қазақстан жерінде ұр­пақтарымыздың ұрпақтары өз заманында да Тұңғыш Президенттің салмақты сөз­дерінің өзектілігін сезінері хақ. Бүгінгі адам­зат өркениетінің даму кезеңіндегі басты ерекшелік – оның диалогқа ашық­тығы. Мәселе өркениеттердің диалогы, Шығыс пен Батыстың арасындағы диалог, мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік қарым-қатынас жайлы болып отыр. Ал, өркениеттер диалогына шақырушы мемлекет дамыған өркениеттің және бай мәдениеттің иесі болып табылады. Ондай бейбітшілік сүйгіш ел адамдар арасындағы қатынастарды күш­ке немесе зорлық-зом­бы­лыққа емес, саналы түсіністік пен диалогқа негізделетінін барша адамзатқа, әлемдік қауымдастыққа мүше барлық елдерге түсін­діруге тырысады. Осындай бірегей елге тәуелсіз Қазақстан Республикасы жатады. Өйткені, өркениеттер диа­логы мемлекеттер мен халықтардың теңдігін білдіреді. Дін әлемі мен өнер әлемі – бұл бүкіл адамзатқа тиесілі рухани құндылықтар.  Ғасырлар бойына Шығыс өркениеті адамның мәнінің «шығыстық қырын»  ашуға, Батыс болса «батыстық қы­рына» мән беріп келді. Алайда, іс жү­зінде әрбір адам Шығыстың жаны мен Батыс санасының түйіскен нүктесі сияқ­ты. Өркениеттер адамзаттың өзекті мәселелеріне жауап беріп, үнемі өзгерістегі адам қажеттіліктерін қаншалықты қам­та­масыз етсе ғана өміршең болмақ. Өр­кениеттер диалогы идеясы әлемдік тәр­тіптегі қарым-қатынастардың басты факторы ретінде осы мәселені естен шығармауы керек. Өркениеттер диалогын орнатудың бірден-бір жолы – өзара әрекеттесу. Яғни, өркениеттер мен мәдениеттер олардың өкіл­­дері арасындағы үнқатысу арқылы жү­зеге асады. Өркениеттер диалогы қазіргі әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақ­таудың бірден-бір мүмкін және қажет­ті тетігі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біз қоғамдық тұрақтылықты, ұлт­ара­­лық келісімді қамтамасыз етуде, қа­зақстандық біртұтастық пен жал­пықазақстандық патриотизмді қалып­тастыруда өз моделімізді жүзеге асыр­дық. Бұл – біз мақтануға құқылы және бәріміз ұқыптылықпен сақтауға мін­детті қазақстандық «ноу-хау», – деп аса мақтанышпен айтты.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблея­сының мәртебесі мен өкілеттігі өсті. Біздің көп ұлтты еліміздің барлық халқының мүдделерін бейнелей отырып, Ассамблеядан сайланған депутаттар Қазақстандағы этносаралық бітім мен келісімді нығайту үдерісінде айрықша рөл атқарып, өз үлес­терін қосып жүр. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті қазақстандықтар алдында әлем­дегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену міндетін қойғаны баршамызға мәлім. Оның өзі еліміздің экономикалық даму қарқынына сенгендіктен болып отыр. Осы қарышты даму қарқынына біздің халықтың рухани байлығы мен зияткерлік өресі де сай болуы керек. Қазақстан хал­қының 70 пайызын мұсылмандар құрай­тынын ескерсек, бізге түрлі діни сек­талардың артынан кетпей, өзіміздің діни біртұтастығымызды сақтаған жөн болады. Себебі, тарихта Хазар мемлекеті осы дін саласына немқұрайлы қара­ғаннан, яғни діннің біртұтастығын сақ­­тай алмауының кесірінен тарих сахнасынан мүлдем кетуге мәжбүр болды. Елбасы айтқандай: «Қазақстандықтар үшін толеранттық – академиялық ұғым емес, тәжірибелік ұғым. Құрмет, төзімділік пен бірлік Қазақстанның табысқа жетуі мен гүлденуін қамтамасыз ететін мықты негіз бола алады».              
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанды ме­кен­дейтін 130-ға жуық ұлт пен 40-тан астам діни конфессиялар арасында татулық, өзара келісім берік орнықты. Соның арқасында, біз дамудың қазақстандық моделін ойдағыдай жүзеге асырып, экономиканы реформалауда зор табыстарға қол жеткіздік. Кейбір мемлекеттерде әлеуметтік шиеленістің, тіпті кейде жанжалдардың себебі болып отырған жайлар біз үшін, керісінше күш-қуат пен табыс кепілі ретінде қызмет етуде. Елбасының дана және көреген саясаты арқасында біз татулық пен келісімге қол жеткізіп отырмыз. Олай болса, көпұлтты, көпконфессионалды қоғамымызды жалпыұлттық идеяға жұмыл­дыру мен өркениеттер арасындағы диалогты дамытуда әлемдік тәжірибеде сан мәрте сынақтан өткен, демократиялық үлгідегі бірліктегі көптүрлілік принципі анағұрлым ұтымдырақ болмақ. Оған Оңтүстік-Шығыс Азиядағы әлеуметтік-экономикалық жағы­нан дамыған, халқының құрамы көп ұлтты Сингапур мемлекетінің тәжірибесі дәлел. Сингапур шағын ғана «арал мемлекет» болып есептелгенімен, құрамында жиырмадан аса ұлт өкілі мекендейтін, халқының діни сенімі әркелкі (буддистер мен конфуциандықтар 29%, мұ­сылмандар 16%, христиандар 19%, басқалары діни-сектанттар) полиэтноконфессионалды мемлекет. Елдің ұлт­тық құрамы негізінен Азияның түрлі аймақтарынан келген иммигранттар нәтижесінде қатты шұбарланған. Сингапур халқының 77  пайызын құрайтындар Қытайдың түрлі аймақтарынан келгендер (олардың өзі алты тілдің диалектісінде сөйлейді), 15 пайызы малайлықтар, 7  пайызы Оңтүстік Индиядан шыққан тамильдер, сингальдықтар, пенджабтар мен бенгальдықтар құрайды. Қал­ған бөлігі метистер, еуропалықтар, арабтар және тағы басқалар. Соған қара­мастан, Сингапур үкіметі елдің халқын сингапурлық жалпыұлттық идеяға бі­рік­тіріп отыр. Яғни, ата-тегі қай ұлт, қай жерде туылғанына қарамастан барлық сингапурлықтардың тағдыры бір, олардың болашағы Сингапур мем­лекетінің келешегімен үзілмес байланыста. Осы аралда тұратын және Сингапур азаматтары болып табылатын барша халық өздерін қытайлықпын, ма­лайлықпын, үнділікпін деп бөліп-жар­май, сингапурлық жалпыұлттық идеяға біріккен. Сондай-ақ, олар өз ұлттарының ұлтжанды перзенттері де. 
Енді, осы салыстырудан Қазақстанға үлгі пішіндеп көрейік. Қазақстан да бұл тұр­ғыда тек өздерінің ұлттық мүдделерімен өзара жіктелген ұлттар мен ұлыстардың жиынтығы (конгломерат) ғана емес, жалпыға ортақ идеяның төңірегіне топтасып, ұйысқан ұлттық-мемлекеттік тұтастық болуға тиіс. Яғни, әрбір қазақстандық белгілі бір ұлт өкілі екендігімен қоса қазақстандық азамат екендігін сезінуі керек. Басқаша айтсақ, әр қазақстандықтың өз ұлтын құрметтеуі, оның өркендеуі үшін еңбек сіңіруі қазақстандық басқа ұлттардың кемсітілуіне, не болмаса өз ұлтынан төмен қойылуына соқтырмауы шарт. Осылайша, ол бір мезгілде ұлттық және жалпы қазақстандық идеялар кеңіс­тігінде өмір сүреді. Оның өз ұлтымен бай­ланысы болуы шындық және де бұл оның санасында ұлттық мүддені өз ана тіліне, төл мәдениетіне туындатып, ұлттық сана-сезімді қалыптастырады. Осы тұрғыдан ал­ғанда Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл шаруаға қомақты үлес қосуда. Ал, оның жалпықазақстандық шындықпен бай­­ланысы рухани, идеалды, яғни, белгілі бір идеяға негізделген (Қазақстан менің Отаным, туған жерім дейтін мемлекет, Отан­ға деген патриоттық сезімдер, т.б.). Де­мек, мемлекеттік жалпыұлттық идеяның негізінде әр ұлттың өзіндік ұлттық мүд­десінен гөрі кең ауқымды, әмбебап мәндегі құндылықтар жүйесінің болуы жатыр. 
Сан ғасырлар бойы қазақ даласының аумағы әр-алуан діндерді – тәңіршілдік, зороастризм, буддизм, христиандық, иудаизм, ислам және тағы басқаларды ұстан­ған көптеген халықтардың ықпалдаса бейбіт қатар өмір сүруімен ерекшеленді. Мысалы, Оңтүстік Қа­зақстан облысында Қойлық атты XIII ғасырдың қалашығы бар. Осы көне мекенде будда мінәжатханасы, ислам мешіті және христиан шіркеуі қатар орналасқан. Ежелден бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан сауда және мә­дени алмасу арқылы Азия мен Еуропа арасындағы өзіндік бір байланыс­тырушы буын қызметін атқарып келеді. Еліміз қазір де көптеген халықтар мен діни нанымдардың өкілдері үшін туған жұрт болып табылады. Ал, бүгінгі танда Қазақстанның жаңа Астанасы мен басқа да қалаларында мешіт, православиелік храм, католик костелі, иудей синагогасы, түрлі діни ағымдардың ғибадат үйлері бар. Осының өзі ғасырлар тұңғиығынан бастау алатын толеранттылықты, замананы жалғастырушы арқауды танытады. 
Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен конфессияаралық диалогты ынталан­ды­рып отыру мемлекеттік саясаттың ма­ңыз­ды бағыты болып табылады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде осы бағытта оқытушы-профессорлар, магистранттар мен докторанттар және студенттер арасында ауқымды шаралар жасалып жатыр. Атап айтар болсақ,  ұлтаралық келісім мен конфессияаралық диалог туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің қатысуымен ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйым­дас­тырылып жүр. Соңғы үш жылдан бе­рі университетте түрлі ұлт өкілдерінен тұра­тын студенттердің кіші Ассамблеясы белсенді қызмет жасауда. Ассамблея қоғамдық келісім институты ғана емес, бұл  – біртұтас қазақстандықтардың білім мен тәрбие алатын өмір мектебіне айналды.Осы мектепте күнделікті оқи жүріп, жастар бір-біріне және бүкіл әлемдік өркениетке жақындай түскендей. Бұл тәжірибеге Ресей федерациясының барлық субъектілері қызығушылық танытып, алғашында қо­ғам­дық институттар болып, кейіннен Ресей халықтары Ассамблеясы құрылды. Қыр­ғызстанда  осындай Ассамблея жұмыс істесе, Өзбекстан да оны зерттеп білуге және құруға үлкен қызығушылықтар танытуда. 
Қазақстан халқы Ассамблеясы қызме­тінің қорытындысы ретіндегі барлық қол жеткізген жетістіктеріміз, оның ішінде ұлтаралық келісім мен өркениеттік диа­логтың орталығына айналуымыз тек монументалды тұлға – Президентіміз Н. Ә. На­­зарбаевтың халықаралық дәрежедегі бе­де­лімен, абыройымен жүзеге асқаны анық. Елбасын феодалдық Түркиядан қа­зір­гі заманға сай мықты, демократиялы держава құрған тарихи тұлға Мұстафа Камал Ататүрікпен салыстыруға немесе соғыс салдарынан экономикасы әлсіреп, ұлттық рухы төмендеп кеткен Францияны көтеріп, әлемдегі ең мықты державалар санатына қосқан де Шарль де Голльмен қатар қоюға болады.

Алдыңғы «
Келесі »