Қайта құру қазаққа не берді?

  • 17.06.2015
  • 2262 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жания ӘБДІБЕК,
журналист

1985 жылы 17-18 мамырда Ленинград қаласында болған үлкен кездесуде КОКП  Орталық комитетінің  Бас хатшысы М.С.Горбачев: «Видимо, товарищи, всем надо перестраиваться, всем!» деген болатын. Сөйтіп, алғаш рет «қайта құру» термині КСРО-ның қоғамдық-саяси өмірінде айналымға түсті.  Оның мақсаты елдегі әлеуметтік-экономикалық дамуды жылдамдатуға деген ниет еді. Алайда, «қайта құру» саясатынан кейін жағдай керісінше болып, соңы Кеңес Одағының ыдырауына алып келді. Биыл «қайта құру» саясатына –25 жыл. Ширек ғасыр өтсе де, ол Ресейдің зиялылары арасында әлі күнге дейін сын тезіне алынып келеді. Мұның мәнісі неде? Ал, қазақ зиялыларының бұл мәселеге көзқарасы қандай? 


Осы мәселеге байланысты журнал редакциясында «Келелі кеңес» өткізілген еді. Кеңеске философ Әбдірашит Бәкірұлы, әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ Халықаралық  қатынастар  факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор,  «Қазіргі  заманғы Қытайды  зерттеу  орталығының» директоры  Нәбижан  Мұхаметханұлы, «Ұлт азаттығы» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім,  заң ғылымдарының докторы, профессор Зайлағи Кенжалиев, Қазақ мемлекеттік ҚызПУ магистранты,  әлеуметтанушы Дина Имамбаева қатысып, «қайта құру саясаты» туралы жан-жақты ой-тұжырымдарын ортаға салды…  
 – «Қайта құру» саясаты қазаққа не берді? Қазіргі қазақ қоғамының «қайта құру» саясатына деген көзқарасы қандай болуы керек? 
АбдрашитӘбдірашит Бәкір­ұлы: – 1986 жылы рес­публикада «Білім қо­ғамы» деген ұйымға «Социальная политика М.С. Горбачева в условиях перестройки» деген тақырып ұсынған едім. Сол тақырып өте өзекті болып, осы мәселені зерттеу үшін бүкіл Қазақстанды аралап шықтым. Сондықтан, қайта құру тақырыбына келген кезде маған сол кездегі халық алдында оқылған дәрістер мен қойылған сұрақтар еске түседі. Әрине, бірінші кезекте мәселенің барлығы алдымен экономикаға келіп тірелетіні анық. Өйткені, Кеңес үкіметі жоспарлы экономиканы дамыта отырып, КОКП-ға топтасқан билік назарынан алып мемлекеттің тыныс-тіршілігінің ешбір қалтарысы  тысқары қала алмайды деп сенген еді. Шын мәнінде, жергілікті жерлердегі экономикалық даму съездегіде ай­тылған жоспарды  орындау болғанмен, жер­­­гілікті  аймақтарда трайбализм, коррупция қатты өршіп тұрған еді. Оның үстіне, КСРО экономикасы әскери-өндірістік бағытта дамыды. Халықтың сұранысы екінші орында тұрды. Сондықтан, ондай экономиканың әсері  бұқара тұрмысын жетілдіруге тигізер оң әсері өте төмен болды. Бұл әрине, ха­лық санасында күйзелістер туғызды, шет ел­дегі «жұмақ өмір» арманға айнала бас­тады… Себебі, КСРО жабық мемлекет бол­ғанмен де, небір жолдармен келіп жатқан импорттық тауарлар таңдай қақтыратын. Осының бәрі де, жинақтала келе биліктің саясатындағы қателіктерді айқын көрсетті. Сондықтан,  М.Горбачевтің әуелгі саясатында Ке­ңес Одағын ыдырату бағытын емес, бұ­рынғы  саясатты жалғастыра оты­рып, экономикалық тұрғыдан жетістікке жетуді көздеді. Бірақ, «қайта құрумен» енген либерализм 70 жылдардың басында З.Бзежинский айтқан «Кеңес үкіметі болашақта күйрейді» деген болжамын жеделдетті. Бзежинский ыдырау қалай жүзеге асатыны туралы да айтып,  бірінші қатарға ұлттық қарым-қатынас мәселесін алға қойға болатын.  Себебі, КСРО-ның мемлекеттік ұлттық қарым-қатынас саясатында мынадай принциптер басым болды, ол – «әр ұлттың дамуы және ұлттардың бір-бірімен бірігуі». Мұнда «ұлттардың дамуы» түсінікті жайт. Ал, бірақ, «ұлттардың бірігуі»  дегенде барлық ұлттардың қай ұлтпен «бірігу қажеттігі» түсініксіз қорқынышты жайт болды. Бірақ ол «бірігу» нені  меңзеп отырғанын аңғару қиын емес еді. Осы қайшылықты жұмсарту  үшін КОКП идеологтары «Кеңес халқы» деген терминді өмірге кел­тірді. Бірақ ол «халық» сыртқы формасы жағынан «кеңестік» те, бүтін болмысы «орыстану» саясаты еді. Сөйтіп, шын мәнінде бұл бірігу орыс ұлтына бірігуден (ассимиляциянудан) көрініс тапты.  Соның нәтижесінде одақтас республикаларда ана тілінде оқытылатын мектептердің саны қысқарды. Орыс мәдениеті барлық салаға дендеп ене бастады. Тіпті, «ұлт­тық иммунитеті» күшті Балтық жа­ғалауы елдерінің өзі де «орыстана» бас­тады. Ал, Орта Азия мемлекеттерінің ішінде орыстану саясатының алғашқы соққысына ұшыраған қазақ пен қырғыз ұлты болды. Керісінше, халықтар ұйысып орналасқан Грузия, Әзірбайжан, Армения, Тәжікстан мен Түрікменстанда бұл мәселе біздегідей  шиеленісте бола қойған жоқ… Міне, ұлтаралық қарым-қатынасты бір орталықтан жоспарлы түрде, бір ұлттың мүддесі үшін жүргізу  – КСРО-ның барлық уақыттағы және Горбачевтің қайта құру кезіндегі саясаттың басты ерекшелігі дер едім. Дегенмен, Горбачев дәнін сепкен «либерализм» өсе келе қоғамдық козғалыстарды дамытып,  халық еркіндіктің дәмін сезінген кезде − ұлтаралық шиеленістер бұрқ ете қалды. Оның ең алғашқы көрінісі − 1986 жылдың желтоқсанындағы Алматы көтерілісі. Көтеріліс «әр ұлттың өз басшысы болуы керек!» деген ұранды көтерді. Сөйтіп, біз қайта құрудың нәтижесінде ұлтаралық қатынастардың барлық проблемаларды артқа ығыстырып тастап, алдыңғы қатарға «ұлттық мәселені» шығарғанының куәсі болдық.  Ыдыраудың басы осыдан шықты. Одан кейінгі М.Горбачевтің «жұмсақ саясаты» сол ыдырау процесіне тоқтау қоя алмай қалды. Нәтижесінде «Алматы көтерілісі» Кавказ елдері астаналары Баку мен Тбилисиде, Балтық жағалауы елдерінің бәрінде жалғасын тапты. Ресеймен одақтас Украина жағдайда бейтарап қалды. Сөйтіп, Ресей ұлт­аралық  мәселеде  жалғыз қалды десе болады. Бұл тез арада империяның ыдырауына алып келді. Осындайда «М.Горбачевтің осы саясатын түзеп, бұрынғыны орнына келтіру мүмкін бе» деген сұрақ туындайды. Біреудің өкінішіне, біреудің қуанышына орай – ол мүмкін емес еді. Оны Б.Ельцин бірден сезді де, ыдырау процесін өзінің билікке келу тетігі ретінде  пайдаланды. Ельцин «Қалағандарыңша тәуелсіздікті алыңдар» деген принципті өмірге әкелді. Кейін ол «үштік қол қойған тәуелсіздік шарты» болып, Кеңес үкіметі ыдырады. Кеңес үкіметі өмірінің соңғы жылдарында, әсіресе Брежневтен кейінгі жылдары ішкі қайшылықтардың әсерінен  тоталитарлы басқару тетігінен ажырай бастады. Бірақ, бәрібір,  М.Горбачевтің «қай­та құруы» ыдырауды көздеген жоқ.  Егер оның әуелгі мақсаты КСРО-ны қирату болса, ол кейін Кеңес Одағының ыдырап кеткеніне қайғырып мәлімдеме жасамас еді. Ол оған әлі күнге дейін өкінішпен қарайды. Бірақ, су астындағы айсбергтің алып күшін қозғалысқа келтірген де оның өзі еді…Ол оны болжай алмады! 
Дос КошимДос Көшім: – М. Гор­ба­чев «қайта құру» саясатын жариялаған кезде қандай мақсат қойды, онысы дұрыс па, бұрыс па – бұл жағын талдау саясаттанушылардың міндеті. Кім біледі, мүм­кін ол шынымен Кеңес Одағын ыдыратқысы келген де шығар. Одан да біз қайта құрудың неліктен қажет болғанын және оның қандай салдары қайда апарғаны туралы айтқанымыз жөн деп ойлаймын.  
Сол кезде идеологияландырылған мем­лекеттің баратын жолы екеу ғана болатын  – біріншісі  роботтар мемлекеті, бұған Кеңес үкіметі жақындап та қалған еді. Екін­шісі қайта құрудың қажеттігі. Қайта құ­руды М.Горбачев жарияламаса да, сол кездегі билікке келген басқа біреу жүргізетін еді. Себебі, бұл кездегі ең басты мәселе – қоғамның барлық саласын әділетсіздік жайлауы.  Содан кейін  М.Горбачевтің батылдығы жетіп, қайта құру саясатын жариялады. Екіншіден, авторитарлық немесе тоталитарлық мемлекет болсын, міндетті түрде бір адам бастай алатындай жағдай еді.  Сол кезде  М.Горбачев КСРО-ның бас хатшысы болғандықтан, «қайта құру» саясатын айналымға енгізе білді. Үшіншіден, қайта құрудың алдында осындай жұмсақ жылдар өтті. Ол 60 жылдардағы  Хрущевтің «жылымығы».  Бірақ ол кезде саяси бағыт ретінде немесе науқан есебінде емес, білдірмей жүргізілді. Алғашқы Сталиннің жеке басына табынушылық туралы баян­дамасынан кейін барлық жерде босаңсу байқалды. «Қайта құру» саясаты да осыған ұқсас бір бағыт. «Қайта құру» кезеңін партияның өзі бастады. 
Мен бұл саясатты қолдаймын! Бұл «қайта құрудың» қазақ ұлтына үлкен пайдасы болғанын айтуымыз керек. Себебі, осы саясаттың арқасында біз тарихи ақтаңдақтарды, ұлтшылдарды қайта таптық, ұлттық және егемендік идеологиялары пайда болды.  Шындығында, егер «қайта құру» саясаты болмаса, осының бәрі мүмкін 20-30 жылға кейінге қалар ма еді?! Және тағы үлкен бір жемісі – ұлттық және мемлекеттік тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Сондықтан, Ресей метрополия есебінде империялық-шовинистік саясаттары әлі күнге дейін «қайта құруды» жақтырмайды. Мәселен, орыс зиялылары бұл саясатты Кеңес Одағының ең үлкен «апаты» деп бағалайды. Ал, біз тәуелсіздігімізді тойлаймыз. 
Менің ойымша, қайта құру бізді 1984 жылдан құтқарды, оған Горбачевке рахмет! Сол кезде партиялық мықты жүйенің болғаны да осы саясатты жүзеге асырушы тетігі болды. Өйткені, демократиялық жүйе болса, бұл саясатты Горбачев жүзеге асыра алмай, Ресейдің ұлтшыл шовинистері қарсы шығар еді. Әрине, сол кезде қарсылықтар болғанмен, Горбачев «процесс пошел» деген болатын.  
Ұлттық мәселеге келер болсақ, менің ойымша, егер бұл қайта құру болмаса, кешегі Терасполь, Украинадағы жағдай бәрімізде болар еді.  Бұл жаңағы Кеңес Одағының ішіндегі егемендік үшін соғыс, ұлт-азаттық қозғалыс, көтерілістер міндетті түрде болатын. Жалпы, сол 80-90 жылдардың бір ерекшелігі бар. Бұл жерде демократия, әділетті қоғамға деген құлшыныс, талап, тілек ұлт-азаттық көтеріліс пен тәуелсіздік ұғымдары бірігіп жүрді. Сондықтан, ұлт-азаттық қозғалыстың басты бағыты демократиямен бірге жүргізілді. «Қайта құру» саясаты болмай, КСРО билігін сақтап қалған күннің өзінде көтерілістер көбейіп, күшпен бағындыру саясаты жүргізілер еді. 25 жыл өтсе де, сол сценарийдің бір бөлімі Украинада қайталануда. Қайта құру осыдан сақтап қалды және үлкен ұлт-азаттық көтерілістердің алдын алды. 
Тағы бір мәселе, «қайта құру» саясаты неге өз деңгейінде жүргізілмеді? 
Жоғарыда айтқанымдай, қарсы идеология­ны ұстанғандар болды. Алайда, партияның айтқанына бағынды. Сонымен бірге, «қайта құру» саясаты жүктеген мақсаттарды орындауға биліктің де, мемлекеттің де күші жетпейтін еді. Әкімшіл-әмір­шіл жүйеде жұмыс істеген адамдар, де­мо­кратияға жақын «қайта құруды» жүзеге асыра алмады. Сондықтан, бұл  «коммунизмнің адамның бейнесі» деген секілді бір үрдіс болды. Яғни, қайта құру сая­саты демократияға жақын  болға­нымен, оны жүргізіп отырғандардың барлығы коммунистер. 
Бірақ, ол одан кейінгі процестерге жол ашып берді. Одақтас мемлекеттер өз тәуел­сіздіктеріне ұмтылды, күресудің жолын үйрендік. Қысқасы, қайта құру қазақ еліне және басқа елдерге үлкен жетістік алып келді деп ойлаймын. Сондықтан да, Ресей осы саясатты ұнатпайды, сынайды, М.Горбачевті жек көреді. Бірақ, мен Горбачевті «қайта құру» саясатын жүргізгені үшін емес, әлем­дегі ақылды саясаткер ретінде білемін, тарихтағы орны ерекше деп бағалар едім. 
МұхамедханұлыНәбижан Мұха­мет­­ханұлы: – Өт­кен ғасырдың соңғы ши­ре­гінде жүргізілген «қай­­та құру» саясатын қа­зіргі Ресей ғалымдары мен зиялыларының тал­­қылап жатқаны жай­дан-жай емес. Бұл мәсе­лені әлемдік масштабта қарастыру керек. Бірінші, кезекте ІІ Дүниежүзі соғысынан кейінгі қалыптасқан қырғи-қабақ соғыс, яғни социалистік лагерь мен капиталистік лагерьдің өзара бәсекелестігі. Ал, бұл соғыстың жеңімпазы кім деген сұрақ туындаса, қоғамдық жүйе жеңілді деп жауап беруге болады. Бірінші кезекте, кеңестік социалистік жүйе адамзат қоғамының дамуына қайшы келетін кереғар жүйе еді. Бұл ерте ме, кеш пе, билікке Горбачев келе ме, басқасы бола ма, бәрібір сыртқа шығатын еді. Сондықтан, бұл социалистік жүйе тек қана Кеңес Одағында ғана  емес,  Шығыс Еуропада, Азияда кең көлемде тарады. Мысалы, социалистік жүйеге реформа жүргізу Кеңес Одағынан емес,  Қытайдан басталды. 1978 жылы Қытай компартиясының мүшелері партияның 3-пленумында реформа жасау туралы саясатын қабылдады. Дин Сяо Пиньнің саясаты реформа жүргізуді ауыл шаруашылық саласынан бастап, экономиканың барлық саласын реформалаудан бастады.  Реформалау қазірге дейін жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, Қытай социалистік жүйесін біртіндеп өзгертіп, қазіргі замандағы нарықтық экономикаға бейімдеп алды. Қытайдың реформасы төмен­нен жоғары қарай жүрсе, КСРО-ның реформасы жоғарыдан төмен жүрді. Ал, Кеңестік социалистік жүйенің жоспарлы экономикасы дұрыс жүргізілмеді. Өйткені, ол кезде полициялық диктатураның дәу­рені жүрді. Екіншіден, одақтас мем­­ле­кеттердің ұлттары бір-біріне ұқ­са­майды. 
80-жылдары жалпы дүниежүзіндегі социалистік жүйе дағдарысқа ұшырады. Социалистік жүйемен жүретін мемлекеттер ары қарай дами алмайтынына көз жетті. Ал, М.Горбачев КСРО-ның билік басына келгеннен кейін оның «қайта құру» саясатын жариялауы  осы социалистік жүйені қайта құру арқылы белсенді күшке айналдыруға деген ниет болды. Бірақ, саяси жүйеге ие бола алмады. Өйткені, ие болу мүмкін емес еді. Қоғамның ішкі даму заңдылығы Кеңес Одағының ыдырауына алып келетін еді. Бұл заңды үдеріс болатын. 
Социалистік  Кеңес Одағының қоғам­дық жүйесіндегі ішкі қарама-қайшы­лықтардың болуы үлкен жарылысқа алып келді. Сол кездегі Кеңес Одағының ат­қарушы билігінің өзі социалистік жүйе­нің өміршеңдігіне күмәнмен қара­ды. Неліктен Горбачевтің реформасы жалпыхалықтық қолдауға ие болды. Өйткені, социалистік жүйе дағдарысқа тіреліп тұрды. Тұрмыстық тапшылық, ұлтаралық қайшылық, социалистік жүйе құқықтық, нарықтық мемлекет  құра алмады. Ол адамның жеке қабілеттерін жаншып, мемлекеттік күш арқылы ұстап тұрған мемлекет болды. Социалистік режим қоғамдық дамуға кепілдік бере алмады. Сондықтан да, Горбачевтің қайта құруы халықтың қолдауына ие болды. Біз мұны кезінде «Горбачевтің жаңаша ойлауы» деген материалынан оқығанбыз. 
Қазіргі  Ресей элитасының  ақылы бар болса,  Кеңес Одағының ыдырауын жеке адамнан емес, қоғамдық жүйеден көру керек еді. Қоғамдық жүйенің соңғы заңдылығы және нәтижесін көрсететін еді. Қайта құрудың Қазақстан және қазақ халқы үшін жетістіктің бастамасы болды. «Қайта құру» халықты оятты. Догмалық сенім мен көзқарастарын, дүниетанымын өзгертті. Жалпы, Кеңес Одағының интеллигенциясын оятты. Қазақ халқы да ойлана бастады. Ұлттық сананың оянуына, тәуелсіздік идеясын әкелуге, өзін-өзі тануда серпіліс алып келді. Ал, соның нәтижесі Алаш қозғалысы зерттелуі, ұлттық идеологияның көтерілуі, ұлт­тық тарихқа бет алуы, ұлттық тарихты жаңғыртуы мемлекетшілдік, тәуел­сіздікке деген ұмтылыспен жалғасып кет­ті. Мәселен, 1986 жылғы Желтоқсан кө­те­рілісі орын алды. Бұл көтеріліс бүкіл Ке­ңес Одағын оятты. Кеңес Одағы қанша жерден дамыған социалистік қоғам бол­ғанымен, әлі де тоталитарлық жүйе үс­темдік құрып тұрғандығын, ал, одақтас мемлекеттердің әлі де отар ел екендігін көр­сетті. Капиталистік елдерде заңдық жүйе арқылы қоғамдық қайшылықтарды реттеп отырса, ал, Кеңес Одағының өзін-өзі реттейтін ішкі механизмі жоқ еді. Сондықтан, мұндай қоғамның болашағы жоқ. Ал, Қытай социализмнің қытайлық жолын тапты. Саяси  билігі – тоталитаризм, экономика саласында – либерализм. Мұны батыстың классикалық теориясымен түсіндіруге болмайды, бірақ тәжірибе жүзіндегі шындық осы. «Қайта құрудың» теріс жағы – қоғамды коррупция жайлады. Ал, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, іріп-шіріген, коррупция белең алған, экономикасы құлдыраған, саясаты былыққа толы елден біз тәуелсіз мемлекет құрдық. Ал,  М.Горбачев бір жүйені аяқтаған ұлы тұлға ретінде тарих бетінде қалды деп ойлаймын. 
Әбдірашит Бәкірұлы: – «Қайта құ­ру» саясаты әлемдік дүмпу алып келген оқиға ретінде тарихта қалды. Ал, оны қазіргі жағдаймен байланыстыру үшін «тәуелсіздік коэффициенті» деген терминді ұсынамын. Егер «тәуелсіздік коэффициентін» географиялық тұрғыдан саралап шығар болсақ,  онда мына мәселелерге тап боламыз: 1) Кеңес Одағының 15 республикасының барлығы формальді түрде өз алдына мемлекет еді: әр қайсысында өз Конституциясы, үкіметі, мемлекеттік құрылымы болды. Әр республика өз дамуын жоспарлап, оны орталықпен үйлестіріп отырды. Міне, сол кездегі «тәуелсіздік коэффициенті» жо­ғары республикалармен Мәскеу санас­ты. Ал «тәуелсіздік коэффициенті» төмен елдерге қатаң, мейірімсіз саясат ұстанды. Менің ойымша, ең төменгі «тәуелсіздік коэф­фи­циенті» біздің Қазақстанда болды. Одан кейін – Қырғызстанды ығында ұстады.  «Тәу­елсіздік коэффициенті» төмен болған мем­лекеттердің тағы бірі – Белоруссия еді. Қазір қарап отырсақ Қазақстан, Қырғызстан, Бе­лоруссия қайтадан Ресеймен одаққа бірігіп отыр. Армения «тәуелсіздік коэффициентін» жоғары болғанымен, ислам әлемімен шекараласып жатқан провославие дініндегі мемлекет болғандықтан ғана  Ресеймен діни тұрғыда бірігетін болғандықтан, шекара күзетшісі ретінде Ресейге үнемі арқа сүйеп, жаңа одаққа енді. 
Жалпы, Қазақстан ислам әлемі мен хрис­тиан әлемінің арасындағы шекаралық мем­лекет. Сондықтан, біз неше түрлі діндерді сіңіру арқылы «тәуелсіздік коэффициенті» жоғары мемлекеттер үшін амортизаторлық қызмет атқарамыз. Қазақстанның мұндай рөлінен пайда көрген ел − Өзбекстан. Біз «орыстанудың» серпінді соққысын өзімізге қабылдап  отырдық. Соның арқасында өзбектер, тәжік пен түркімендер өздерінің  төл мәдениетін бізге қарағанда күштірек сақтап қала алды. Кезінде «Қайратты» «Пахтакор» жеңсе өзбектер оны «ұлттық мықтылық» деп түсінетін. Сонымен мақтанатын. Ал, шын мәнісінде, олар өзбек ұлтының сақталуына қазақтар да қызмет еткенін ескермеді. «Тәуелсіздік коэффициенті» өте жоғары мемлекеттер – Еуропамен шектесетін Балтық жағалауы мемлекеттер еді. Сон­дықтан, тәуелсіздікке ұмтылу барысында, Қазақстан ұлтшылдары да балтық ұлтшылдарынан үлгі алып, солар секілді қимылдауға тырысып отырды. Ол астыртын жүргізілді. Кеңес үкіметі қазақтарды өндіріске жолатпауының себебі де содан − қазақтарды резервуарда ұстау арқылы, олардың ұлттық санасының өрлеп кетпеуіне қатты назар аударды. Ауыл қазақтарының КСРО-ға қауіп төндіретіндей қауқары жоқ болғандықтан, қазақтың мәдениетін дамытуға Кеңес үкіметі кедергі қоймады: кітап басу, газет шығару, телерадиохабарларын таратуға тосқауыл болған жоқ. Ақыр соңында сол рух одақтың ыдырауына себепкер болып шықты. Оны «есебі түгел» өзгелер емес, «есесі кеткен» қазақтардың бастауы − тарихи заңдылық болып саналады. Бірақ, қалаға келген қазақтардың әбден  орыстанғаны соншалық −  оның зардабын әлі де тартудамыз. 
Дос Көшім: – Социалистік қоғамның бірнеше бағыттары бар. Мысалы, кеңестік социализм, қытайлық социализм деген се­кілді. Бірақ, дүниежүзінің тануы бойынша классикалық социализм Еуропадағы социализм. Еуропаның кейбір елдеріндегі бұл жүйе дағдарысқа ұшыраған, әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Ал, Кеңес кезіндегі со­циалистік қоғамдық құрылыс мүлде бөлек сияқты. Бұл тоталитарлық социа­лизм еді, аты бар, заты бөлек жүйе еді. Қытайдың социализміне таң қаламын, ол жақта барлық белгілері сақталған ба, жоқ па белгісіз. Бірақ, аты бар. 
Нәбижан Мұха­мет­­ханұлы: – Ме­нің айтып отырғаным, компартияның басшы­лығындағы социализмнен коммунизмге өтетін қоғам ғой. Дамыған социализм деген атақ берді. Онда бір партияның же­тек­шілігіндегі, тоталитарлық жүйедегі социализм. Жалпы алғанда, әлеуметтендіру басқа жүйе. Мұндай бағыт та, партия да, билік те ұқсамайды.  Қоғам азаматтарына міндетті деген ұстаным саясаттың ұстанымы бар.
Әбдірашит Бәкірұлы: –  Социализм тұсында мынадай екіұшты мәселе болған. Біз дамыған социализмді қалай атауымыз керек: «Развитой социализм» немесе «развитый социализм». «Развитой социализм»  дегеніміз өзін-өзі қамтамасыз ететін, барлығы бір-бірімен байланыс­ты, бір жерде болып жатқан оқиғаның әсерін сезіне алатындай, біртұтас эконо­микалық жүйе құру болатын. Бірақ, ой­­­лап қарасақ, әр республика Мәскеуде өз мүддесін қорғап, жоспары мен бағытын бюджетке енгізуге тырысатын. Қай елдің «тәуелсіздік коэффициенті» төмен болса, сол мемлекетті басынуға тырысты. Грузия, Балтық елдерінің сөзі өтімді болатын. Ал, біз секілді елдер қолбала күйінде жүрдік. Біздің мемлекетке деген қатынас сондай болды. Мұндай қарым-қатынасқа төзім таусылып, нәтижесі 1986 жылы көрінді. 
Дина ИмамбаеваДина Имамбаева: – Қоғам деген тірі организм сияқты, тұтас бір әлеуметтік жүйе. Ол үнемі қозғалыста, өзгерісте болып, дамып отырады. Мұндағы мәселе, оның даму ба­ғытына байланыс­ты болып отыр. Тарихқа зер салсақ, қоғам дамуы бірде революциялық, ал бірде эволюциялық жолмен дамып келді. «Қайта құру» реформасының өзі саяси-әлеуметтік төңкеріске де ұқсайды. Алайда, мұның әлеуметтік-экономикалық дамуға жеткізбеуінің бір себебі, оның теориялық жақтары айқын тұжырымдалмаған еді. Сондықтан, тәжірибе жағынан да нақты жүзеге асырылмай қалды.  Бірақ, «қайта құру» саясатына біздің өкпеміз жоқ. Өйткені, Қазақстан секілді КСРО-ның шикізат қоры болған мемлекетке бостандық алып келді. Кеңес халқы ешуақытта естіп көрмеген демократия, плюрализм мен ұлттық үрдістерге жол ашылды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де соның бір айғағы. Бұл жағдай барлық кеңестік республикалардың ұлттық үрдістерге қарай қозғалуына серпін берді. Сонымен қатар, қазақ тілінің де мәртебесі көтерілді. «Қос тілділік» саясаты орыс тілімен қатар қазақ тілі туралы да сөз қозғап, оның аясын кеңейтуге мүмкіндік берді.  
Әбдірашит Бәкірұлы: – Қазақстанды бір нәрсе қорғап тұрса, табиғи ресурстарының молдығы. Соның арқасында ғана Д.Қонаев Мәскеуде өзінің сөзін өткізе алатын. Әсі­ресе, әскери саласы үшін Қазақстанның стратегиялық маңызы үлкен болды. Әскери азық-түліктердің көпшілігі Қазақстанда өндірілді. Космонавтика, ракета-техника саласында қолданылатын сирек металдардың барлығы Қазақстанда өндірілді. Сондықтан, Қазақстанды уысынан шығарып алмауға  Ресей әлі күнге дейін мүдделі. 
Дина Имамбаева: – М.Горбачевтің «қайта құру» реформасына алғыс айта отырып, сабақ алуымыз керек. Мәселен, сол кездегі Кеңес халқы деген ортақ ұлттың болашағы болмады. Соған орай  қазіргі «Қазақстан халқы» деген біртұтас ұлттық атаудың да болашағы күмәнді екенін байқауға болады. 
Зайгали КенжалиевЗайлағи Кенжа­лиев: – М. Гор­ба­­чевтің «Қайта құ­ру» сая­сатының мақ­­саты әлеуметтік-экономикалық да­муды жылдамда­ту еді. Бірақ, бұл саясат өз мақсатын іске асыра алмады, керісінше, эконо­микалық тоқырау нәтижесінде әлеуметтік жағдай күрт шиеленісіп, ақыры КСРО-ның күйреуіне әкеліп соқты. Бұл тарихи оқиғадан шығатын басты түйіндердің бірі мынау – мемлекет тарихы, ұлт және ұлттар тарихы мемлекет басында тұратын билік иелерінің саясатына бағына бермейді. Кез-келген мемлекеттің, ұлттың өзіне ғана тән объективті тарихы бар. Мемлекеттің және ұлттың мұндай тарихы жеке адам үшін оған сырттан таңылған «әлеуметтік тағдыр» есебінде көрініс табады. Себебі, жеке адам өз ата-анасын өзі таңдамайтыны сияқты, өз ұлтын, өз мемлекетін, өз Отанын да өзі таңдамайды. Соған сай өзінің қоғамының тарихын да өзі таңдамайды. Мемлекет және ұлт тарихы жеке адамға сырттан танылады. Енді, осы сырттан таңылған тарихқа қалай қарау керек? Тек шүкіршілікпен қарап, имандық тұрғысынан бағалау керек. Сонда ғана біз «қайта құрудың» қазаққа берген жемісін және жетістігін көре аламыз. Ол жетістік – қазақ ұлтының өзінің ақиқат және бейбітшіл ислам дінімен қайта қауышуы, имани зайырлылықты ту еткен бейбітшіл егемен мемлекетке қол жеткізуі және осы мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы өзіне сай лайықты орнын анықтай білуі.
Бұл жердегі басты мәселенің бірі – тарихты қалай  зерттеу керек деген, ғылыми тілмен айтқанда, методологиялық ғылыми-зерттеу мәселесі. Қазір біздің байқайтынымыз, тарихи құбылыстар, оқи­ғалар негізінен, белгілі бір мүдде тұрғысынан қара­лып зерттеледі екен. Және осы мүдде­лердің ішіндегі ең белдісі – саяси мүдделер екен, ал оның ішіндегі ең жетекшісі – мемлекет басында отырған билік иелерінің мүддесі. Мемлекет басындағы билік иелері тарихты және тарихи оқиғаларды өз мүдделеріне сай зерттейді және бағалайды, сөйтіп, тарихты өз мүдделерін қамтамасыз ету үшін – яғни, биліктерін сақтап қалу үшін және өздерінің тарихтағы орнын асыра бағалау үшін – пайдалануға тырысады және пайдаланады. Путин «Қазақтарда бұған дейін мемлекет болған жоқ» деуі немесе «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің басы иегері АҚШ, Батыс елдері» деген пікірлердің пайда болуы осының айғағы. Екінші мүдде, тарихты зерттеудегі, ол тарихты қызықты оқиғалар қойнауы деп қарастыруға ба­ғыт­­талған, сөйтіп оны шоу-бизнестің пайда табар саласына айналдыруға тырысатын экономикалық пайдакүнемдік мүдде. Мұны қазіргі бұқа­ралық ақпарат құралдарының, интернеттің іс-қимылынан көруге болады. Ал, енді, үшінші мүдде – ол тарихқа ақиқат көзқарас қалыптастыру мүддесі, тарихты шын ғылыми ақиқат есебінде танып-білу мүддесі. Бұл мүддені іске асыру үшін  қарапайым адами естілік (вменяемость) пен тарих ғы­лымының та­нымдық мүмкіндіктерін (та­рихи оқиға­лар­ды тіркеу, баяндау, жүйе­леу, болжау) ислам ғылымының дүние­­танымдық мүм­кін­­діктерімен (ақи­қат­тарымен) толық­ты­ра білу керек, бай­ла­ныстыра білу қажет, сөй­тіп тарихи танымды адамды «құ­дай­ландыруға» алып баратын барлық өзге дү­ние­танымдық көз­қа­растардан арашалап алу керек. Осы жер­де байқайтынымыз – ислам ғылымын меңгермей, исламның ақиқат ғылым, ғы­лыми көзқарас және бі­лім­дер жинағы екендігін мойындамай бұл мүддені іске асыру мүмкін емес. Се­бебі, адамның танымдық мүмкіндіктері, соның ішінде тарихты тану мүмкіндіктері қаншама кең болса да, ол – шектеулі. Адами эмпирикалық және экспериментальды ғылыми-зерттеу әді­сі адам тарихының  түп мақсатын танып-біле алмайды.
Жоғарыда көрсетілген саяси, пайдакү­немдік және ермек үшін қызықтау мүд­делері эмпирикалық тарих ғылымы же­тістіктерін өз пайдалары мақсатында пай­даланып, «бұр­малауға» салады, сөй­тіп тарихи фак­тілерді «шолақ» және ақи­қаттан алыс мүдделер негізінде қарап, жалпы тарихи оқиғаларға, тұтас тарихи кезеңдерге қиянат жасаудан тайынбайды және жасап та жатыр.
Мәселе – тарих ғалымының тарихи фак­­тілерге және оқиғаларға, тұтастай тарихи кезендерге баға берудегі мүмкіндігінің шектеулі екендігінде. Тарих ғылымы және оның өкілдері негізінен тарихи фактілерді ашумен, тарихи оқиғалар тізбесін жасаумен айналысады, ал, оларға «баға беру» мәселесіне келсек, бұл жерде кәсіби тарих­шылардың «билігі» шектеулі. Бұл мәселеде жоғарыда айтылған мүдде ие­лерінің бел­сенділігі күрт артады да, ал, кәсіби тарих ғылымымен айналысушылар тарихи оқи­ғаларды бағалаудағы «мүдделер тайталасынан» шеттетіледі, не олар өздері мұндай тайталастан бойларын аулақ ұстайды. Ал, егер олар да тарихты бағалаудағы осындай мүдделер тайталасына араласқысы келсе, онда олар амал жоқ, жоғарыда атал­ған негізгі мүдделердің бірінің иегері болып қана бұл процеске (тарихты бағалау процесіне) қатыса алады. Басқа жолы жоқ – тарихи процестерді бағалаудың. Мінеки, осы жерден біздің байқайтынымыз тарихқа имандылық тұрғысынан қарай білген адам және маман ғана оны шүкір­шілікпен то­лық байыптылықпен және сабырлықпен, бола­шаққа деген үмітіне қаяу түсірмей, кері­сінше, оны бекіте және асқақтата жел­бі­ретіп қабылдай және бағалай алады. Ал, жоғарыда аталып өткен дүниеауилық мүд­делер тұрғысынан тарихқа қарағандар және бағалағандар тарих туралы теріс тү­сінікке ие болады, сонымен бірге өздері-өздерін берекетсіз белсенділікке, тойымсыз қанағатсыздыққа, сабырдан жұрдай дег­бір­сіздікке ұрындырады. Ар-ұяттан ада, иманға қас берекетсіз білім иесі болу деген осы. Мұндай білім өзінің иегерін жарға жығары айпаса да түсінікті. 
«Дін идеясы коммунизм идеясы, діни  тұрғыдан келіп зерттеу шындықты ашпайды. Себебі, бұл тарихи әрекетсіздікке алып барады, біз зайырлыққа ұм­ты­луы­мыз керек» – деген уәж айтылды. Шынында да, коммунизм идеясы – атеистік дінге негізделген діни идея. Атеизм  «адам жұмақты бұл дүниеде-ақ өзіне-өзі орната алады» деген жалған діни идеологияны негізге алады, сөйтіп, адамды жалған құдайға айналдырғанын өзі де байқамай қалады. Атеизмнің дін екен­дігін қазіргі таңда белгілі дін танушылардың және қоғамдық ғылым өкілдерінің барлығы дер­­лік мойындауда. Біз қазір тарихты негізінен осы атеистік діни дүниетаным тұрғысынан зерттеп жүрміз. Әсіресе, батыс европалық тарихи таным атеизмді методологиялық ғылыми тұғыр етіп ал­ды. Мінеки, тарихты осы атеистік дү­ниетаным тұрғысынан қа­­рау, шын мә­нінде, адамның тарихи танымын то­қырауға, бейберекетсіздікке алып келді. Ал, жеке адамның өмірін берекетсіз белсенділікке және белсенді дегбірсіздікке жетелеуде. Сол сияқты, ислам діні де атеизм тұр­ғы­сынан бұрмалау және осындай «бұр­маланған исламды» басшылыққа алу да мұндай көзқарастардың иегерлерін тоқы­рау­ға, бейберекетсіздікке алып келеді. Ме­нің айтып отырғаным – адамның табиғи ес­тілігі мен эмпирикалық тарих ғылымы мүмкіндіктерін имани ислам ғылымының дүниетанымдық ақиқаттарымен біріктіру  керек. Сонда біз тарихты тек дүниедегі оқиғалар тізбегі  ретінде емес, жеке адам­ның түпкі мақсатының іске асуы аясында қарастыра аламыз. Әлемде қанша мемле­кеттер, ұлттар болды. Бірақ, солардың кө­бісі тарих қойнауына кетті. Олардың сырын ашу мүмкін емес, ашылмайды да. Ме­нің айтарым, мемлекет және ұлт тарихы жеке адамның өмірлік мақсатымен және өмі­рімен, тарихымен тығыз бай­ланыс­та қарау керек. Ал, мұндай мүм­кіндікті тек ислам ғылымы ғана береді. Мен, «зайыр­лыққа ұмтылуымыз керек» деген ойды қоштаймын. Бірақ, зайырлылықты дұрыс түсінуіміз керек. Зайырлық дегеніміз –  ді­ни зайырлылық деген сөз. Зайырлылық діннен тыс, діннен бөлек, оның сыртындағы құ­былыс емес. Зайырлылық – діннің ішін­де. Әлемде христиандық зайырлы мемлекеттер, атеис­тік зайырлы мемлекеттер, ис­лам­дық зайырлы мемлекеттер бар. Қазақ ұлты – имандылыққа негізделген зайырлы мемлекет болуға ұмтылыс жасап жатыр. Тарихты эмпирикалық тарих ғылымының жетістіктері негізінде имани тұрғыдан келіп зерттеу оның шын ақиқатын танудың басты шарттарының бірі, тек имани білім, соның ішінде, шүкіршілікке негізделген тарихи білім ғана, берекелі білім болып табылады. Тек осындай білім ғана қазақ ұлтының тарихын адамзат тарихының ажырамас бір бөлігі ретінде қарастыруға жол ашады, ұлт тарихын асыра да сілтемей және кемсітпей де өзінің шынайы бейнесінде көруге мүмкіндік береді, адамзатты «табиғаттың жалғыз саналы туындысы» деп есептейтін, сол арқылы оны тәңірге айналдыруға жол ашатын атеистік жалған түсініктен құтылуымызға жағдай жасайды. Ал, имандылыққа жат не қас білім, берекетсіздікке алып барады, оның арты өнегеден ада, орны тол­мас өкінішке алып соғары белгілі. Се­бебі, мұн­дай білімді таратушылар тарихты өтірік өнеге мен жалған жарнама құралы есебінде пайдалануға тырысады, сөйтіп, билік иеле­рінің даң­ғаза мақтаншақтығына май құйып, өзде­рінің жарамсақ жағымпаздық мінез-құлық­тарын қоғамға үлгі-өнеге ретінде жаяды. 
Имандылық ұғымы және құбылысы – біздің Конституцияның 12 және 39 баптарында конституциялық-құқықтық құн­дылықтар есебінде бекітілген. Сон­дықтан, Қазақстан мемлекетінің және қоға­мының имандылық негіздерін мойын­дамауға болмайды. 

Алдыңғы «
Келесі »